Ясауи мұрасы

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар қазіргі Түркістан қаласы ХІІ ғасырда Йасы деген атаумен белгілі болды. Бастапқыда бұл Сырдария аңғарында орналасқан қатардағы шаһарлардың бірі еді. Қожа Ахмет Ясауи осы елді мекенде өмір сүріп дүние салған соң Йасы қаласының мәртебесі өсі түсті. Бір қызығы Сырдария өңіріндегі қалаларда жиі болған Джамал ал-Қарши «ал-Мулхақат би-с-сурах» (1302-1303 ж. жазған) шығармасында Қожа Ахмет Ясауидің есімі мүлде аталмайды. Ал XIV ғасырдың соңғы ширегіндежазылған Қожа Ысқақ ибн Исма‘ил Ата ал-Қазықүрти ат-Түркістанидің «Хадиқат ал-‘а- рифин» шығармасында Қожа Ахмет Ясауи халық мойындаған тұлға ретінде көрсетіледі. ХІІІ ғасырдың басында Йасы қаласын Хорезмшахтар мемлекеті өзіне қаратты. Йасы қаласында Хорезмшах Ануштегіндік Мұхаммед ибн Текеш (1200-1220) атынан күміс теңгелер соғылды. Бұл теңгені соғу экономикалық қажеттіліктен гөрі, Йасыда танымал әулие қабірінің бары есепке алынып таза саяси, діни-идеологиялық мақсаттарды көздеген акция деп бағалаған пікір бар.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізімінде лайықты орын алған архитектуралық өнердің ғажап туындысы. Сәулеткерлік-декоративтік көркемделу тұрғыдан болсын, тарихи тұрғыдан болсын аса бағалы ғимараттың ерекшеліктеріне, Қожа Ахмет Ясауидың өмірбаяны мен оның рухани мұрасының рөліне тарихшылармен географтар, саяхатшылар мен шығыстанушылар, археологтар мен сәулет өнерінтанушылар назар аударып көптеген еңбектер арнады. Құрылысты көп жағдайда сәулеткерлік кешен деп атайды. Шеберлер көлемі әртүрлі 35 бөлмені біртұтас кешен етіп біріктіре білген. Ғимараттың биіктігі 39 м [6, б. 39], бұл қазіргі он қабат үйдің биіктігімен пара пар. Кесененің ғажап архитектурасымен қатар мұнда ХІV–ХV ғасырлардың шеберлері сомдаған аса көркем алып тайқазан, қола шырағдандар, алып ту, өрнекті есіктер, қабір-жапқыш, т.б. байырғы бұйымдар сақталған. Сәулеткерлік кешенді зерттеу барысында ұлы шайқының бұл дүниеден қайтқан уақытын айғақтайтын Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесінен қалған құрылыс бөліктері табылды. Алғашқы кесенеден жеткен қабырға бөлігінің қалану тәсілі және оны нақыштау тәсілдері өнертанушы Л.Ю. Маньковскаяға Қожа Ахмет Ясауидің байырғы мазары ХІІ ғасырдың екінші жартысында тұрғызылғанын анықтауға мүмкіншілік берді.

1994 жылғы реставрациялық жұмыстар барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі төбесінен ұзын саны алпыстай үлкенді-кішілі өрнекті терракота бөліктері табылды. Олардың арасында екі деңгейде ойылған бұрыш және жалпақ қыш тақталардың бөлшектері кездеседі. Алғашқы кесенеге қатысты жинақталған мәліметтерді талдаған археолог доктор Ерболат Смағұлов келесі тұжырым жасады: Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесі сол дәуірдегі көркемделу деңгейі аса бай және жетілген үлгідегі ғимараттар қатарында болды. Жалпы алғанда Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесінің өрнектелуін өсімдік-геометриялық композициялардың дамыған үлгісі деуге негіз бар, бұл алдымен ХІІ ғасырдың екінші жартысында тұрғызылған ескерткіштерге тән. Және Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесі ең алдымен қарахандықтар дәуірінің бетке тұтар ескерткіштері – Өзгент кесенелері, Ибраһим ибн ал-Хусейн кесенесі, Самарқандағы Шах-и Зиндакешеніндегі «Д» деп белгіленген кесенеге ұқсас болған. Профессор Мұхтар Қожа Қожа Ахмет Ясауи кесенесі төбесінен табылған кейбір қаптама қыштардың ішкі бетінде құрылысшылардың ангобпен түсірген жазулары барын көрсетті.

1397 жылды Қожа Ахмет Ясауидің жаңа кесенесінің құрылысы басталған жыл деп санауға негіз жоқ. Себебі, Шараф ад-дин ‘Али Йазди жазып кеткен оқиғалардың куәсі болған жоқ және өз еңбегін 1425 жылы, яғни, «Әмір Темір» (1370-1405) қайтыс болған соң 20 жыл өткен соң бастаған. Тарихи мәліметтерді талдау негізінде кесене құрылысының ХІV ғасырдың 90-шы жылдары басталғаны көрініп тұр. 1405 жылдың басында «ӘмірТемірдің» дүние салуына орай кесененің қасбеті бітпей қалады. Сонымен біздің көзалдымыздағы кесененің құрылысы 15 жыл шамасында жүрген. Л.Ю.Маньковская кесене құрылысының келесі кезеңдерден атқарылғанын анықтады. Жаңа құрылыс жұмыстары басталмай тұрып осы жерде тұрған ХІІ–ХІV ғасырлардың кесенелері бұзылды. Құрылыстың алғашқы кезеңі 1389-1391 жылдары басталып, ХІVғасырдың 90-шы жылдарының ортасында аяқталады. Бұл жұмысты жергілікті ортаазиялық ұсталар жүргізген. Шамамен 1397 жылы басталған құрылыстың екінші кезеңінде бас порталдың тегіс биік бөліктері, қазандық пен қабырхана күмбездері тұрғызылған, ғимараттың солтүстік-батыс бұрышындағы бөлме мешіт болып жасақталған. Ғимараттың өрнектелуі күшейтілген: бас бөлмелердің күмбездері іш жағынан сталактитармен нақышталған, көршібөлмелер сыланған. Құрылыстың екінші кезеңінде, әсіресе, өрнектеу-нақыштау жұмыстарға Иран шеберлері қатысқан.

Әшірбек МҮМИНОВ, тарих ғылымдарының докторы,

Мұхтар Қожа БАХАДЫРҰЛЫ тарих ғылымдарының докторы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button