Аққудың сыңары
Фарида БЕКЖАНҚЫЗЫ: «Мың бір түнді» аударуға 20 жылын сарп етті
Қалтай Мұхамеджанов – қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қаламы қарымды һәм қабырғалы қаламгер. Оның қаламынан «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек», «Көктөбедегі кездесу», «Біз періште емеспіз» атты драмалық шығармалар туындады. «Шыңдағы шынар», «Айман – Шолпан» киносценарийлерінің де авторы. Горькийдің «Тоғышарлар», Айбектің «Киелі қан», С. Айнидің «Құлагер», Ш. Айтматовтың «Ана – Жер – Ана», «Арманым, Әселім», «Ақ кеме», сонымен бірге Шығыс классикасының «Мың бір түн» ертегісінің 8 томын қазақ тілінде сөйлетті. Ол Мәдениет министрлігінде жауапты қызмет атқарып, Жазушылар және Киноматографистер одағын басқарды. «Ара – Шмель» журналында, халықаралық «Заман – Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде бас редактор болды. Оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, мемлекет тарапынан «Құрмет белгісі», «Халықтар Достығы», «Парасат» ордендерімен, сонымен қатар бірқатар жоғары наградалармен марапатталды. Қазақстанның халық жазушысы атағы берілді.
Таяуда біз көрнекті жазушының қасиетті де киелі шаңырағында болып, оның зайыбы Фарида апаймен әңгіме-дүкен құрған едік. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды абзал санадық.
– Әңгіменің әлқиссасын дәстүрлі сұрақтан бастағым келіп отыр. Қалтай аға екеуіңіз қалай таныстыңыздар? Кім себепкер болды?
– 1954 жылдың күзі болатын. Құрбым екеуміз Абай атындағы опера және балет театрында қойылып жатқан бір спектакльді көруге келдік. Ол кезде дәрігер болып жұмыс істеп жүрген кезім. Біздің орнымыз бірінші қатарда еді. Орнымызға жайғасып жатып қарасам, соңымызда бір топ жігіттер отыр екен. Олардың ішінен бір бейтаныс жігіттен басқасын танушы едім. Сол жігіт достарына қарап: «Мына қыздың шашына тұншығып өлген адамның арманы бар ма екен?» деп күлді. Қасындағы құрдастары қосыла күліп, бізді таныстырды. Бейтаныс жігіттің аты Қалтай екен. Ол кезде оның өмірлік жарым боларын білгенім жоқ. Бірақ бір көргеннен-ақ, көрікті де келбетті, сауатты да салмақты, ақылды да адал азамат екенін аңғардым. Сол күннен бастап, ол мені үйден жұмысқа дейін, жұмыстан үйге дейін шығарып салып, күтіп алып жүрді. 1955 жылы дәм-тұзымыз жарасып, отау құрдық. 1956 жылы тұңғыш перзентіміз дүниеге келді. Қалтайдың қуанышында шек болмады. Оның есімін Алтай деп қойдық.
Ал 1959 жылы Жәмила есімді қызымыз дүние есігін ашты. Қалтайдан тағы да ес кетті. Ел-жұрттан сүйінші сұрап, ұланасыр той жасады. Негізі, Қалтай өте балажан еді. Ұл-қыздарын мәпелеп өсірді. Төбелерінен құс ұшырмады. Екеуін де оқытты, шоқытты. Қатарынан кем қылмады.
– Олардың мамандығы не? Қай жерде жұмыс істейді?
– Алтай – заңгер. Белді де беделді қызметкер. Үлгілі отбасының отағасы. Ал Жәмила қызым әке жолын қуып, Қалтай оқыған Мәскеудегі Луначарский атындағы театр өнері институтында жоғары білім алды. Кейін Америкада еңбек ете жүріп, өндірістен қол үзбей, тағы бір университетті бітіріп алды. Қазір Астанада тұрып жатыр. «ҚазМұнайГазда» жұмыс істейді.
– Қалтай ағамыз көзі тірісінде неше немере көрді?
– «Бала – балдан тәтті», «Бала – бауыр етің» деген қазақтың ұрпағымыз ғой. Сол айтқандай, Қалекең де балажанды адам еді, жарықтық. Ал немерелерін ерекше жақсы көретін. Оларды аялаудан жалықпайтын. «Шіркін, енді шөбере көріп кетсем ғой» деп армандайтын. Кейде маған әзілдеп: «Шөберенің қолынан май жалаған адамға жұмақтың есігі ашық екен. Үш бөлмелі пәтер де береді дейді» деп айналасындағыларға көзін қысып, кеңкілдеп күліп алатын. «Арманыңа жет» деуші едім бар ықыласыммен. Бірақ ажалға араша бар ма?! Сол арманына жете алмай кетті. Бір шүкіршілік етерім, Қалекең көзі тірі кезінде 4 немере сүйді. Ал қазір 2 шөбересі бар.
– Алматыда тұрғысы келген қазақ баласының «Жетім бұрышты» жағаламағаны кемде-кем. Құдды бір ата-бабамыздан қалған ежелгі дәстүр секілді. Бұл түйткілдің түйінін сіздер қалай шештіңіздер?
– Менің әкем Тері өңдеу зауытының бастығы болатын. Ол өте беделді де бақуатты адам еді. Қазақтың қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлерімен араласып, сыйласып тұратын. Сол кезде Үкімет 8 март көшесіндегі бір көпестің үйін берген екен. Әкем өмірден жастай кетті. Артында 8 перзенті қалдық. Ең үлкені мен едім. Қалтай екеуміз шаңырақ көтерген соң, сол үйде тұрдық. Кейін Мәдениет министрлігінде істеп жүрген кезде пәтер берді. Кейін тағы бір пәтер алдық. Қазір Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыйлаған үйде тұрып жатырмыз.
– Қалтай ағамыздың туып-өскен жері, шыққан әулеті туралы да айта кетсеңіз?
– Қалтай Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданына қарасты Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Мұхамеджан – діни сауатты болған адам. Араб тілін еркін меңгерген. Медресе, мешіт ұстаған. Сондықтан да ел-жұрт оны «Қарамолда» атап кеткен. 1937 жылы «Халық жауы» деген жала жабылып, 19 адамды өз қабірлерін өздеріне қазғызып, атып тастаған.
Қалтай екеуміз атамыздың қабірін іздеп, бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз қалмады. Бірақ нәтиже болмады. Қалтайдың өмірдегі ең үлкен өкініші де осы еді.
– Қалекеңдер неше ағайынды еді?
– Атамыздың 3 ұл, 2 қызы болған екен. Әбибулла, Қалиулла (Қалтайдың азан шақырып қойған аты), Ибрагим. Інісі Қырғызстанда туғандықтан, оны бәрі «Қырғызбек» деп атап кетіпті. Сосын екі қыз болатын. Олар жастай қайтыс болды. Құдайға шүкір, арттарында ұрпақтары қалды. Қырғызбек менің қолымда өсіп, осы Алматыда оқыды. Тағдырдың жазуын көрмейсің бе?! Ең алдымен, Қырғызбек қайтыс болды. Одан соң, Қалтай дүние салды. Араға 2 жыл салып, қайын ағам Әбибулла о дүниелік болды. Бұл өмірдің жалған екені рас екен.
– Қалекең кімдермен жиі араласушы еді?
– Әңгімемнің басында әкемнің қазақ қаламгерлерімен жақсы араласқанын айттым. Әсіресе, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, тағы сол сияқты әдебиетіміздің алыптарымен сыйласып өтті. Оның үстіне, көрнекті ақын Жұмағали Саин – менің нағашым. Анамның немере інісі болып келетін. Ал Әбділда Тәжібаев – жездем. Негізі, мен ақын-жазушылардың ортасында өстім. Ал Қалтай қаламгердің бәрімен жақын араласты десем, артық айтпағандығым болар. Әсіресе, Шыңғыс Айтматовпен туған бауырдай болып кетті. Екеуі тығыз шығармашылық байланыста болды. Қалекең, бірнеше туындыларын қазақ тіліне аударды. Шыңғыс ағаның баласы Санжар біздің үйде жатып оқыды. Кейін Мәскеуге кетті.
– Қалекеңнің «Мың бір түнді» аударуына Ғабит Мүсірепов себепкер болған деп естиміз…
– Бір күні Ғабең: «Қалтай, сен қазақ тілі мен араб тілін жақсы білесің. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Мың бір түнді» аударуға кіріс. Әйтпесе, біздің ұрпақ ол шығарманы басқа тілде оқитын болады. Оған сенің талантың да, талабың да жетеді» деп ақыл-кеңесін айтты. Сөйтіп, Қалекең осы шырайлы да шұрайлы шығарманы тәржімалауға 20 жыл уақытын сарп етті. Көзінің тірісінде 3 томы жарық көрді. Ғұмырының соңында қалған томдарының тасқа басылғанын көре алмағанына қатты налыды. Қалекеңнің осы аманатын Мұхтар, Рақымғали Құл-Мұхаммедтер мен Иманғали Тасмағамбетов жерге тастамай, «Мың бір түннің» 8 томдығын және Қалтайдың 5 томдық шығармалар жинағын шығарып берді. Оларға Алланың нұры жаусын!
– Қалекеңнің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асты. Алдағы уақытта атқарылар қандай жоба-жоспарлар бар?
– Құдайға шүкір, Қалекеңнің есімі ескерусіз қалған жоқ. Кезінде Қызылорда қаласындағы өзі оқыған №2 мектеп – Қалтайдың атында. Алматыда Қалекеңнің атында көше бар. Енді Астанадан да көше атын берсе, артықтық етпес еді. Өйткені ол ел тәуелсіздігі үшін аз еңбек сіңірген жоқ. Осы мәселемен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке кіріп шықсам ба деп жүрмін. Сосын, Қалекеңнің өте бай кітапханасы бар. Егер Үкімет соған лайық ғимарат берсе, сол 14 мыңнан тұратын әлем әдебиетінің інжу-маржандарын сыйға тартар едім.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
«Айқын» газеті. 2011 жыл