Жарық нұрдың сәулесі

Əзілхан Ишан

Сыр бойының оңтүстік-батысындағы Қазалы ауданы – дін ғұламалары әулие, ишан, абыз, ахундар көп шыққан киелі мекен. Солардың ішінде Әзілхан ишанның шоқтығы биік. Ол кісі Ишан атағын Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін бітіргенде алған. Ислам дінін насихаттаушы, ұстаз – Әзілхан ишан халықты үнемі имандылыққа, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеп отырған. Абыз Баба жайлы деректер онша көп сақталмаған. Біздің естіп-білгеніміз, бұл кісі үш ағайынды болған. Сол кісілерден тараған ұрпақтың көпшілігі – қасиетті жандар. Бұл мақалада көп адам біле бермейтін Әзілхан ишанның кереметтері, өз бауырынан тараған Шахым қожа жайлы және Әзілхан ишанмен бірге туған Әзмәмбет қожадан тарайтын Мақаш қожаның емшілік қасиеттері жөнінде немерелерінің айтқан әңгімелері баян етіледі.

Сыр бойында атағы елге тараған, аты жалпақ жұртқа кеңінен мәшһүр болған, болмысын киелі, пір тұтатын Абыз Бабалар мен Ислам дінін насихаттаушы, озық ойлы ишандар, көріпкел, шипалы емімен ел құрметіне бөленген емші-бақсылар көп болған. Қазақ топырағында өткен дін ғұламалары бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткен жиырма жыл белесінде дәріптеліп, оз заманындағы атқарған қызметтеріне баға беріліп, игі істері кейінгі ұрпаққа кеңінен насихатталып келеді.
Әсіресе, Сыр еліндегі Қазалы ауданынан аруақты әулиелер мен көріпкел-көрегендер көп шыққан. Солардың бірегейі – Мүсірәлі Жәдікұлы абыз Баба. Қазақ халқының жалпыхалықтық құрылтай жиналысы шамамен ХVII ғасырдың аяғында «Күлтөбе» деген жерде ашылады. Онда Ұлы жүзден Төле би, Орта жүзден Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке би қатысады. Пір сайлауы мәселесіне кіріскен кезде бұл шиеленісті өтеді. Пір сайлауына Төле – Мағзаманды, Қазыбек – Ер Сейітпембетті, Әйтеке Мүсірәліні ұсынады. Тәртіп бойынша алдымен әрбір ғұламаның кереметі сыналып, ең мықты дегенін ғана ұсынады екен. Үш үміткер бірнеше сынақтан өтуге тура келеді.
Соның бірі – туғалы тұрған қара сиырдың ішіндегі бұзаудың түр-түсін, жынысын анық айту. Мүсірәлінің екі әріптесі қара сиырдың ішіндегі бұзаудың ақ төбелі бар ұрғашы, қызыл түсті екенін айтқан. Ал Мүсірәлі бұзаудың ұрғашы екенін қостап, бірақ ақ төбелі емес, құйрығының ұшы қызыл бұзау депті. «Сіздердің ақ төбелі деп отырғандарыңыз – құрсақтағы бұзаудың маңдайына оратылып жатқан құйрығының ұшындағы ағы» дейді. Сиырды сойып қарағанда, Мүсірәлінің айтқаны келеді.
Осындай шарт пен сұрақтан мү­дірмей өткен Мүсірәлі өзінің дарыны мен табиғи қабілеті, ақыл-парасатының арқасында Тәуке ханның тұсында қырық жылға жуық Бас Әзірет міндетін абыроймен атқарған. Жеті өлікке жан берген әулие Мүсірәлінің халық қадірлеген қасиеті «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» атты кітапта осылай жазылады. Одан әрі Мүсірәлінің кенже баласы Қосым қожа, Жалаңтөс Баһадүрдің немересі Дәулет әулиенің кереметтеріне тәнті боласың.
Осындай аттары аңызға айналған әз бабалардың жалғасы, аруақты Әзілхан ишан жайлы онша көп жазбалар кездесе бермейді. Абыз Ишан жайлы мол деректер де жоқ. Қазалы ауданының сексен жылдығына орай баспадан шыққан «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» кітабында көптеген әулие бабалардың өмір деректерінен сыр шерткен кезде де Әзілхан ишан, оның кесенесі жайлы қысқаша мағлұмат келтіріледі. Біздің естуімізше, Абыз Ишанның халық үшін қолынан келгенше ерен қызмет жасағаны тегін емес. Елде жүргенде, аузы дуалы ақсақалдар басы қосылғанда әңгімеге арқау етіп, атын атағанда беттерін сипап, іштерінен дұға жасап отыратындарын көргенбіз. Жасыратыны жоқ, ол кезде сол кісілерден екшеп, жіктеп сұрауға батылымыз бара бермейтін. Себебі ол уақытта атеистік тәрбие деген өршіп тұрды. Дін жөнінде сұрақ бола қалса, үлкендер кәдімгідей үрейлене қалатын. Өйткені кеңестік заманда талай ғұлама Ислам дінін таратушылар абақтыға жабылып, Сібірге айдалып жатты, қиянатқа көп ұшырасады. Содан зәрезап болғандардың ұрпағын түсінуге болатын еді…
Тәуелсіздік таңы атып, ел еркіндігі қайта оралды. Басты жаңалықтың бірі – төл дінімізбен қайта табысқанымыз болды. Әр қазақ өз ата-бабасының тарихын зерттей бастады. Сонау қилы заманда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар ұрпағы ата-әкелерін іздестіріп, талайы атылып кеткен жерін тауып, заң аясында ақталғандығының куәсі болды. Репрессия құрбандарына мәңгілік ескерткіш орнатып, оны тағзым ететін қасиетті орынға айналдырды.
Міне, ел еңсесін көтеріп, көк туымыз көкке көтерілгенде өткен ғасырларда өмір кешіп, Ислам діні жолында тер төккен, халқын имандылыққа шақырып, әдептілік пен тәрбиелілікке баулыған әмбебап абзал әулиелер, ишандар, ахун­дар аз болмаған. Жоғарыда айтып өткендей, әулие абыздарымыздың бұ­рын салынған мешіттері мен кесенелері жаңартылып жатса, осы кезеңге дейін Қазақстанда бес мыңға жуық жаңа мешіттер салынып, ел игілігіне берілді. Мешіт – Алла үйі. Оған күллі мұсылман Аллаға құлшылық жасап, дұға оқуға барады. Жастарымыз дәріс алады. Ұрпақ келешегіне жол ашады. Талай өмірден опық жегендер райынан қайтса, бойы тазарып, Алланың мейірім шапағатына бөленеді.
Осындай игілікті іске бастайтын, тарыққанда, қиналғанда аян беретін киелі, науқастарға ем жасайтын емші, аруақты адам болған Ишанның немересі Махтым Шахизадаұлы атасы Әзілхан ишан жөніндегі айтқан төмендегі өмірдерегінен көп жайды аңғаруға болады.
– Заман өзгеріп, тәуелсіздігіміздің туы желбірегеннен бері өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жандырып тарих көшінде тек аңызға айналып бара жатқан, өмірдегі көмескі тартқан киелі адамдарымызды, ата-бабалар өмірін, қызметін халыққа таныту, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі тұту дәстүрі жалғасып келеді.
Менің жұмысыма өзек болған киелі, аруақты адамның бірі – Әзілхан ишан ата. Әзілхан ишан ата 1803 жылы Қазалы уезінің Көларық елді мекенінде Домақ ауылында дүниеге келген. Қазіргі Ақ­тан батыр ауылы. Руы – қожа. Мұзапбар Жантөре қожалар тарихын зерттеген еңбегінде:
– Арал, Қазалы өңірінде Саид қожа, Қорасан қожа, Әлім қожа әулетінің ұрпақтары тұрады. Саид қожа әулеттері өздерін Әлімдердің Құрманай және Құттық руының, ал Қорасан қожа әулеттері өздерін Жақайым руының қожасымыз деп атайды. Олай дейтін себебі – олардың ежелгі ата-бабалары алғаш дін тарату кезінде жоғарыда аталған рулар арасына қоныстанып қалғаны.
Енді Көларық жерін мекен еткен Домақ руының таралуын марқұм Рах­метов Уайсбай ата былайша жік­теп түсіндірген болатын: «Алты ата Әлімнің бір баласы Әйдербектің сүт кенжесі – Ардана. Арданадан Кі­шей мен Балтық туа­ды. Кішейден – Алдажар, Қожамжар. Балтықтан – Есенәлі, Дәулет. Есенәліден – Палуан және Кішкене туған. Кішкененің бәй­бішесінен Жиеней, Жолшара, Асан, Үсен. Тоқалынан – Құрманай, Құттық туады. Құттықтан – Майдан, Қайдауыл, Алдияр, Кенжеғұл және Домақ дүниеге келген. Әзілхан ишан осы Домақ руының жерінде дүние есігін ашады. Саид қожалардың ұрпағы.
Саид қожа аталығы былайша жіктеледі:
– Саид қожадан – Сейітжамал қожа, одан үш бала – Әжісейіт қожа, Мақтымсейіт қожа, Құрбансейіт қожа. Мақтымсейіттен – Уәлисейіт қожа, одан Қынабай, Қошақан. Қошақаннан – Құтты қожа мен Әзілхан ишан және Әзмәмбет өмірге келеді.
Әзілхан ишаннан – Шахым, Нарымбет қожалар туады. Нарымбеттен – Әбжәми. Одан Қайырлы, Әбдеш болып тарайды.
Саид қожалар басына көгілдір түсті сәлде орайтын болған. Бұл түс оларды өзге рулардағы қожалардан ажыратып тұру үшін қажет болған. Егер бүгінгі заман тұрғысынан қарасақ, аспан түстес желбіреген көк туымызға дәлме-дәл ұқсайды.
Ишан деген сөз – Ислам дінінің білгірі әрі жетекшісі. Ишан – ұстаз, тәрбиеші. Ишан дұға оқиды. Дұғасы қара қылды қақ жарып, дүлей дауылдар мен ақбас толқындарды кесіп өтеді. Дұғасы қабыл болған Алланың құлы. Ишан шәкірттерін ахун деп атайды. Одан кейінгілер молда және имам болып тармақтанады.
«…Мұсылман қауымының басшы және дін ғұламасы… Қажылыққа барып, діни білім дәрежесін таныта білген мұсылмандар Ишан атағын алып отырады». Ишандар адамдарды емдеп, науқасынан жазып отырған.
Әзілхан атаның ишандығын дәлел­дейтін Шатырхаты сақталмаған.
Алайда Мақаш Әбдікәрімовтің «Қо­жаназар ишан және Ислам тағылымы» атты зерттеу еңбегінде Қожаназар ишан он алты жасында бір топ балалармен бірге Бұхараға оқуға аттанады. Бұхарадағы «Көкілташ» медресесін Тілеулес және Әзілхан ишандармен бірге оқып, бітіріп шығады делінген. Олай болса, ишан атағы – Әзілхан атаға халық берген атау емес, «Көкілташ» медресесін бітіріп шығып алған атағы.
«Көкілташ» медресесі Бұхарада 1568-1569 жылы ашылған. Әзілхан ишан осы медреседе жеті жыл оқыған. «Көкілташ» медресесінің тарихы туралы қазақтың аяулы ұлдарының бірі Халел Досмұхамедұлының естіген аңызы мынадай: «…Бұхара шаһарында Шәмсі Мұхаммед есімді молда өмір сүріпті. Осы молда ханға келіп, «сахарада көшіп-қонып жүрген қазақ деген халық Мұхаммед с.ғ.с. дінін шала біледі. Шариғат заңын дұрыс орындамайды. Сондықтан бұл халықты дінсіз деп танып, шетінен ұстап базарға құл қылып сатуға жарлық беріңіз» дейді.
Хан кеңесі болып, «қазақ ханының бір өкілінен шариғат заңынан емтихан алайық. Одан өте алмаса, құл етіп сатуға жарлық береміз» дейді. Шабармандардан хабарды естіп, қазақтар жиналып кеңеседі. Ортаға Көге есімді жігіт шығып: «Бұхараға барып сауалдарына жауап беріп, елімді құлдықтан құтқарамын» дейді.
Елдің батасын алып, жолға шығады. Көге Бұхараға бесін кезінде келіп, Шәмсі Мұхаммед қызмет ететін мешітке кіріп, жұртпен бірге намазға жығылады. Намаз аяқталып, соңғы бата берілген кезде Көге қолын жеңінен шығармай бетін сипайды. Осыны байқаған Шәмсі Мұхаммед жендетіне «Ана адамды шариғат заңын бұзғаны үшін сазайын бер» деп бұйырады.
– Молдеке, тұра тұрыңыз, – дейді Көге. – Құдайға құлшылық еткен кезде қолымызды ашық қалдырып, басқа денемізге киім кимейміз бе? Қасиетті Құранда «Алла Тағала тек киім киіп құлшылық еткендерге құлақ асады» деген емес пе. Сол себепті қолымды жеңіме жасырып едім. Қате десеңіз, ханға барып төрелік сұрайық.
Ханға келіп мән-жайды түсіндіріп, қазақ халқының мұсылман екендігін дәлелдеу үшін Бұхарада бес-алты жыл тұруға рұқсат сұрайды. Хан келіседі. Көге астындағы атын, азық-түлігін, киім-кешегін қайыршыларға таратып береді де, өзі жарлыларға қосылып, зығыр жинап, сыпырғыш жасап, базарға әкеп сатады. Тойып тамақ ішпей, тапқан ақшасына тауық ала бастайды. Көп ұзамай Көгенің есепсіз көп тауығы болады. Содан ол кірпіш кұюға кіріседі. Кірпіш дайын болған соң мешіт салуға рұқсат сұрайды. Көге ханға екінші бұйымтайын айтып, мешіт салатын шебер беруін және оларға қоятын бірнеше шарттары бар екендігін жеткізеді. Хан шаһардағы барлық шеберлерді жинап, шарттарыңды айт дейді. Көгенің қойған талабы:
1. Өмір бойы бес уақыт намазын қаза жібермеген;
2. Дәретсіз жер баспаған, ешкімге ешқашан зұлымдық ойламаған;
3. Ешқандай зинақорлық жасамаған, ғұмыр бойы тақуашылығынан айны­маған;
4. Есігінен қараған қайыршының меселін қайтармаған;
5. Мұсылмандық парызды бұлжыт­пай орындаған;
6. Үйіне келген қонақты қайдан келгенін сұрамай қонақасы берген;
7. Ешкімнің атақ-дәрежесіне қара­мастан шындықты бетке айтқан;
8.Ешқашан Құдайдан басқаға құлдық ұрмаған адамға ғана мешіт құрылысын бастауға рұқсат етемін.
Осы сегіз шартқа лайықты деп ант бере алатын шеберлер ортаға шықсын дегенде Бұхарада бұл шартты орындай алатын бірде-бір адам шықпайтынына көзі жетіп, бұл шартқа өзім жауап бере аламын деп мешіт құрылысын өзі бастайды. Мешітті жалғыз өзі тұрғызып, бітуге таянғанда шеберлерге сырлауға рұқсат береді. Мұнарасы аспанмен тілдескен, бояуы қырық құбылып, көз ұялатқан салтанатты мешітті көріп, Бұхара халқы таң-тамаша қалады. Жиналған халық Бұхара жерінде шариғатты бұзып көрмеген адам тақуа Көге болғандықтан, бұл қасиетті мешітті оның құрметіне «Көге тас» деп атайды».
Осы «Көкілташ» медресесінде Қо­жаназар, Тілеулес және Әзілхан ишандар үшеуі бірге дәріс алады. Ұстаздары – Қасым, Ибн Әбубәкір, Саид Карим, Имам-Жағфар, Саид қожа Әбдухалил медресесінде жеті жыл оқыған Әзілхан ишанның Бұхарада білім алған уақыты – шамамен 1870-1877 жылдар аралығы. Әзілхан ишан Қожаназар ишан секілді Ишан атағын және Тариқат, Мағрифат ілімін игеріп елге оралады. Тариқат, Мағрифат дегеніміз – сопылық ілімде хақ жолына шын берілу. Яғни Құдайды танудың сатылары болып табылады. Одан бөлек, емшілік қасиетпен бірге көріпкелдік, жан-жануарлар тілін біліп игеру деген сөз.
Міне, біліп отырғанымыздай, Әзілхан ишан – сопылық жолмен бірге емшілік қасиеттерді терең меңгерген абзал, киелі адам. Елге келгеннен соң Әзілхан ата рухани-адамгершілік бағытта жұмыс жүргізіп, халыққа Ислам дінін уағыздап, бала оқытып, ауру-сырқауларды, жанына шипа іздеген жандарды, бір перзентке зар болған пенделерді емдеп жазып отырған. Халықты имандылыққа тәрбиелей білген қасиетті де қадірлі ишан.
Әзілхан ишан, немерелері Махтым мен Пернегүлдің айтуларына қарағанда, ірі тұлғалы, сұлу жаратылған, қалың қасты, байсалды кісі болған. Кішіпейіл, көпшіл, қайырымы мол иманды жан екен. Ол заманда ауырған науқасты емдейтін дәрігер тапшы. Ел ішінде емші-балгерлер көп. Олардың асқынған науқастарға онша емі жүрмей жатады. Бірден-бірге хабарласып, осы Әзілхан ишанға келіп, дұғасын алып, қандай бір науқас болса да жанына шипа та­уып жатқаны бүкіл Сыр бойына тарайды. Бір перзентке зар болған мүскіндер Ишан дұғасынан сәби сүйіп, ұрпақты болғандары әлденешеу. Абыз ишанның осындай қасиеттері дүниеден өткеніне ғасыр толса да бүгінге дейін ел аузында жүр.
Әзілхан ишанның кенжесі Шахым қожаның қызы, яғни ишан немересі Нағима апайға жолығып, атасы жайлы әңгімеге тартқан едік. Ол кісі Арал ауданында тұрады. Жасы сексен бестен асып барады. Нағима апай әңгімесінде былай деді: «Мен атам дүниеден өткенде өмірге келмеген едім. Әкем атасына тартқан ірі денелі, қалың қасты, әдемі адам еді» дейтін анамыз. Кейде әкем атамызды есіне алып, есінде қалған деректі әңгімені айтып отыратын. Әкеміз үш ағайынды кісілер болған. Бізді ел ішінде Саид қожалар ұрпағы дейді. Атамыздың емшілік, көріпкелдік қасиеті әкемізге молынан дарыған. Әкеміз 98 жас өмір сүрді. 1963 жылы дүниеден озды. Осы жасқа дейін аруағы арқасында талай науқастарға, перзент сүймегендерге Алланың берген табиғи қасиеті арқылы шипасын тигізді. Кешеге дейін, әкеміз дүние салғанша босағадан адам арылған емес. Шипа іздеген кісілерді көбіне әкесі Әзілхан ишан қабіріндегі Тілеуханаға барып келуді ұсынатын. Содан әрі қарай сырқатына байланысты ем-дом жасайтын.
Бірде Әзілхан атамыз төсек тартып жатса керек. Әкем жанына келіп, Нарымбеттің баласы, немересі Қадірге құда түсіп келгендігін жеткізеді. Ишан ата ақ батасын береді. Келер жылы құда­ға қыз алуға жібереді. Құда жағы қызы­ның еншісі деп нашарлау бір ат береді. Бұған әкем Шахым ренжіп, әкесіне келіп айтады. Ишан киіз үйдің жабығын ашқызып, келген атты алдынан жүргізіп көреді. «Балам, еш ренжіме, мына атты жақсылап баққыз. Сейіс тауып, жарат. Келер жылы үлкен астағы аламанға да­йындал» дейді. Әке сөзін тыңдаған Шахым айтқанындай құдасы берген атты бағып күтеді. Ат бұрынғыдай емес, айлап түлейді. Екі құлағы қайшыланып, құлагердей құлпыра түседі. Келер жылы үлкен аста бәйгеге қосқан Әзілхан ишанның көк аты жүзден аса жүйріктен озып келіп, бас бәйгені олжалайды. Сөйтіп, көріпкелдігі болар, Әзілхан ишанның арғымақ көк аты көпке дейін астарда аламанның алдын бермей, ишан әулетінің мол дүниеге молығуына дара септігін тигізеді.
Әзілхан атамыз 1910 жылы жүз жеті жасында қайтыс болады. Дүниеден қайтқанда қазасына есепсіз көп халық жиналыпты. Атамызды қабірге жеткізу аса қиын болыпты. Ишаннан тәбәрік дәметкендер қоршап, кимелеп, есік аштырмай қойған. Түркістан, Самарқан, Бұхара мен Үргеніш, арғысы Түрікменстаннан келген ғұлама ша­йыр, Ислам дінін таратушыларда есеп болмаған. Содан, ойласа келе, Ишанды бес табытпен шығаруға уағдаласады. Өйткені табыттан табытқа салмаса, табытқа қол тигізіп қалушылардың көптігінен осылай аттандырған екен. Ол кезде халық ұлылардан тәбәрік алуға шын ықылас танытқан заман еді. Атамыздың қазасында халықтың соншалық мол жиналуы, жаяу жүріп теңге тарату мүмкін болмағандықтан аттың үстінде жүріп, қоржын-қоржын теңгелер шашылыпты. Әкем айтып оты­ратын. Сонда бір қоржын теңге түсіп қалыпты. Іздегенмен табылмаған екен.
Атамыздың жаназасына жиналған халық тұрған жердегі табыттар орнына түгелдей ақ шеңгел қаптап шыққан. Шеңгелді Кеңес үкіметі кезінде ел асып келген кәрістерге шаптырып жатса, одан көп кәріс қаза болып, көпшілігі айықпас ауруға шалдыққан деседі.
Атамыз Әзілхан ишанның үш рет Мекке, Мәдинеге барып келгенін әкем аузынан тастамай айтып отыратын. Ол уақытта қазіргідей тіке баратын ұшақ жоқ. Бірақ ол кісінің аралықта қанша жыл жүргені, қалай барғаны, әрине, бізге жұмбақ. Әкем біздің сұрағымызға «дүлдүлмен барған еді» деп қысқа ғана жауап қататын».
Шахым қожаның кенже қызы Әмина сөзге араласып, әңгімені былай жалғады: «Біздің әкеміз де Мекке, Мәдинеге барып келді. 1954 жылы әкемнің Меккеден келгеніне құдайы садақа бергенін анам Айқоңыр айтып отыратын. Меккеден әкелген зәмзәм суын келген адамдарға бір ұрттамнан үлестіріп, баталарын алып­ты. Ол жақта апама құман беріп жі­берген. Әкеме асатаяқ ұстатыпты. Аса­таяғы кешеге дейін сақтаулы жүрді» дейді.
Нағима апай сөзін одан әрі жалғады: «Көларық елді мекенінде атамыздың көзі тірісінде салынған мешіт көп уақыт ел игілігіне пайдаланылды. Әзілхан бабамыздан кейін мешітті үлкен баласы Құтты қожа ұстаған. Сол мешітке жақын үш үй қатар отыратынбыз. Кешегі аласапыран заманда мешітті ұстаған Құтты қожа атамыздың ізіне түсе бастады. Кәмпескеге ұшыратты. Малдарының құйрығын кесіп, дүние-мүлкін тәркіледі. Содан Құтты қожа атамыз Қарақұмға жанұясымен қашып барып, қалың сексеуілді паналайды. «Атама еріп мен кеттім, – деді Нағима апай. – Атам намаз оқиды, мені сыртта қарауылдатып қояды. Түйелі немесе аттылы біреулер келе жатса, дереу хабар берем. Неше намаз оқыса да қасында болдым. Бір күні хабар келді: «Елде қалған Шахизада мен Нарымбетті Қазалының түрмесіне қамап тастады» деген. «Екі інісіне ағаң Құтты қожаны тауып бермесең, өздеріңді соттаймыз» – депті. Құтты қожа атам «екі бауырымды соттатқанша өзім сотталайын» деп үкіметке беріледі. Екі інісін түрмеден босатады. Кейін Құтты қожа атамыздың соты болып, Магнитогорскіге айдалады. Қасында Төребай ақын және атын ұмыттым, бір кісі болды. Шахизада мен Нарымбет інілері Қазалы станциясынан кездесе алмай, көлікпен қуып барып Бекбауыл станциясынан қоштасып қалыпты. Сол кеткеннен ол атамыз қайтып оралмады. Есіткеніміз, қасында бірге сотталған Төребай ақын атаға: «Менің екі бауырыма арнайы сәлем айтарсың. Менің топырағымды осы жерде бұйыртқан шығар. Балаларыма қамқор болар» депті. Сол атамыздан хабар келгеннен кейін Нарымбет атамыз да із-түзсіз жоғалып кетеді. Қанша іздеу салынғанмен, табылмайды. Бұлардың бойында сол Әзілхан бабамыздан дарыған қасиеттер осындай еді…
Бұлардан кейін өкімет әкеміз Шахым қожаның ізіне түсе бастады. Қайта-қайта шақырып мазасын кетіреді. Бірде руы қарасақал Көшербай деген тергеуші жауап алып жатады. Әкемді түрегелтіп қойған екен. Есіктен Көшербайдан шені жоғары бір кісі кіріп келеді. Түрегеп тұрған Шахым қожаны көріп, ол тергеуші Көшербай отырған орындықты әкеліп отырғызыпты. Содан кейін көп ұзатпай әкемді жауаптан босатып жіберген. Одан кейін дүниеден қайтқанша әкемді ешкім мазаламапты. Кейін сол кісі кездескенде, «жас кезімде сіздің маған шипаңыз тиген еді» депті».
Қошақаннан Әзілхан ишан, Әз­мәмбет өмірге келсе, Әзмәмбет бабадан – Мақаш (шын аты Мұхамедкәрім) қожа туады. Бұл кісі де бабаларынан қонған киелі бақсы болған. Арал ауданына қарасты Аралқұм станциясында ұзақ уақыт қоныс тебеді. Қазалы ауданында­ғы ағасы Әзілхан ишан мешітіне жиі барып дұға жасап тұрған. Мақаш қожа­дан ел-жұрт көрген жақсылығын, талай ауруы асқынып кеткендер ол кісінің қасиетінен кейін құлан-таза сауығып, айыққандарын керемет суреттейді. Бұл кісілердің әулетін Алла қолдап, өздері өмірден озғанша халыққа шипасы тиген игі жандар ретінде ерекше бағалайды. Киелі қасиеттерін қадірлейді.
Мақаш қожаның қызы Пернегүл қазір Алматыда тұрады. Көп балалы, «Батыр ана». Сүйіп қосылған жұбайы – Сыр өңіріне танымал, Қазақстанға еңбегі сіңген құрметті дәрігер Файзырахман Жұмағұлов. Еліне еңбегі сіңген, іскерлігі мен кішіпейілділігі арқасында таныла білген мейірімді азамат. Өзі дәрігер болса да күрделі операцияға түсіп, осы киелі аруақ қонған аталарының қолдауымен аман қалған азамат.
«Әкем өмірден озарында бізді жанына шақырып, аталық сөзін, арман-тілегін жеткізе отырып, Аралқұмдағы мекенжайын қараусыз қалдырмауын өтінген еді» дейді қызы Пернегүл. Екіншіден, өзін Қазалы ауданындағы Әзілхан ишан атасының қасына жерлеуін тапсырады.
Әке тілегі орындалады. Көп уақыттан кейін әкесі тұрған үйін, қора-қопсысын сатуға тура келеді. Бірде сол үйді меншігіне алған кісі қайта салғысы келген бе, кей жерлеріне қол тигізіп, бұза бастағаннан әлдебір күш оның қолын ілгері жүргізбей қойыпты. Ақыры, сол мекенжай бұзылмай қалды. Қазір ол үй қоршалып, қамқорлыққа алынған. Келешек сол жерде отырған ағайындардың мешіт салу жоба-жоспары бар көрінеді.
– Әкеміз дүниеден қайтып, дұға бағыштағаннан кейін, сол үйде ұзақ жылдан келе жатқан бір шүген-қазан болатын. Сол шүгенді әкемнің ас пісіріп ішкен қасиетті мүлкі ретінде осы Алматыға алып келдім, – деді Пернегүл.
– Келгеннен соң атадан қалған мұра ретінде қызыма бере салдым. Сол шүген қазір де бар. Қастерлеп, қадірлеп ұстаймыз. Бір күні қызым: «Мама, шүгеннен бір әдемі әуез естіледі. Жан-жағыма құлақ түрем. Қайдан шыққан әуез екен деп іздесем, сол шүгеннен шығып тұр» демесі бар ма. Содан кейін әке аруағына бағыштап дұға жасадық. Одан соң, немерелер шүгенге бір теңгелік тиынды мол ғып салған ғой. Сол теңгелер біраздан кейін аза­йып қалыпты. Ол қайда кетеді? Оны ешкім түсіне бермейтін жұмбақ. Міне, әкеміздің сонау Әзілхан ишаннан жалғасқан керемет қасиеттері осындай көзге көрініп, бізге демеу болып келеді.
Қызылордада екі-үш жыл бұрын үлкен мешіт ашылды. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ ірі мешіт десе де жарасады. Мешітке қажетті құрылыс материалы түгелдей Самарқаннан жеткізілген. Аумағы бес гектар жерді алып жатыр. Бұл – Саид қожалар ұрпағы, Әзіл­хан ишанмен немере Қожабайдан тараған Өтемұрат қожаның ұрпақта­ры салдырған мешіт. Бұл – осымен біздің әулеттегі Сыр бойындағы екінші мешіт. Өткенге оралып айтар болсақ, 1913 жылы Қазалы уезінде атақты бес мешіт болған. Майдаларын қоспағанда, олар: Ноғай мешіті, Сарт мешіті, Әзіл­хан ишан мешіті, Сайғондыда Тілеулес ишан мешіті, Бөгендегі Тәжімбет, Дария бойындағы Қожаназар ишан мешіті. Қазалыда Кеңес заманына дейін 57 мұсылман мектебінің бірі – осы Әзілхан ишан мешітіне орналасқан. 1910 жылы Әзілхан ишан қайтыс болады. Ишан атаға сиынып, ниет білдірген халық қабір басына Тілеухана салады. Ерекше тоқталатын жай: мешіт жанында бір қарағай талдың өсіп тұрғанына ғасырдан асты. Қарағай ағашы көктемде жапырақ жаяды, жазда көлеңке түсіреді. Сонау заманда ағаш көлеңкесіне бүкіл ишандар жиналып, бас қосады екен. Қазірге дейін бұл ағашқа ауылда ешкім тиісіп көрмеген. Бір бұтағына да қол тигізбейді. Қастерлейді, оған жақындап дұға жасайды. Бұған тиіскен талай адам ауруға шалдығып, техникалар морт сынған.
«Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы» кітабында Әзілхан ишан ме­шітін Ишанның тапсырмасымен 1924 жылы жергілікті шебер Н.Әбілбаев салған деп көрсетеді. Бұл жазылған дерекке Әзілхан ишанның немересі Махтым Шахизадаұлы еш келіспейді. Себебі мешіт құрылысын Әзілхан ишан көзі тірісінде 1904 жылы бастап, 1909 жылы аяқтаған. Мешіттің кірпіші Бұхарадан жеткізілген. Кір­піш арасындағы лайы және сылағы жылқының құйрық-жалдары мен ешкінің қылдарын қосып илеп, құ­рылысқа пайдаланған. Содан да болар, ғасыр өтсе де бүгінге дейін мешіттің сол қалпы сақталып келгені.
– Бірде, – дейді Махтым, – Са­марқанға іссапармен барып, таңертең тұрып айналаға көз жүгірттім. Осында салынған мешіттің сәулет құрылысы, терезелері менің атамның салған мешітіне дәл келіп тұрғаны көз алдыма елестеп кетті. Сол 1997 жылы атам басына барып Құран бағыштап, мешіт үйін қайта күрделі жөндеуден өткіздім. Мешітті сол кісінің атында қалдыру үшін талай алтын уақытты жоғалтуға тура келді. Шүкір, бәрі орнына келтірілді. Бұл менің өмірімдегі қызметімнің алға басуына, жанұямыз бен әулетіміздің амандықта болып, немерелердің өмірге келуіне, бірден-бір жолымыздың ашылуына септігін тигізді.
Тіршілікте жүрген соң, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұмытпаған жөн. «Қазір біз киелі ишан Әзілхан атадан тараған бір шаһарлы әулет болғанымызды мақтан тұтамыз» дейді немерелері.
Лайым соған жазсын!

Киікбай Ізетұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button