БІТСЕЙШІ ДӘУЛЕТ ТАЛАПҚА
Жарасар ер кемде-кем,
Егес болса қабатқа.
Әншейінде әр кім-ақ,
Өтіп жүрер санатқа.
Баяны жоқ дүние-ай,
Бітсейші дәулет талапқа!
Жаманнан жолдас ертсеңіз,
Болмайды, сірә, амалы.
Басыңа меһнат күш болар,
Дос деп болған жаманы.
Ой жіберіп көрейін,
Көңілді қозғап шамалы.
Алдымдағы жақсылар,
Осындай кезім келгенде,
«Қожеке, сөйле!» дегенде,
Тартынбай айтып өлеңін,
Ақының әнге салады.
Жаман-жақсы Алланың
Болады ісі қалаған.
Дәулет көшіп біреуден,
Біреуге қонар жаңадан.
«Боламын» дейді әр адам,
Жеткізбейді Құдайым
Әркім асса шамадан.
Қарыздар болсаң жаманға,
Тар жерде алар жағадан.
Уәжге көнбес түсініп,
Көп ішінде ісініп,
Құтырар иттей қабаған.
Атамыздың белінен
Бір тамшы жалқақ су қылды.
Ерлі-зайыпты қосылып,
Әйелден бала тудырды.
Бағзыларды патша қып,
Алтыннан байтақ міндірді.
Біреулерді бай қылып,
Дүниенің малын жиғызды.
Біреулерді палуан қып,
Дүниенің жүзін білдірді.
Біреулерді жынды ғып,
Адамзатқа күлдірді.
Ақты-қара аралас,
Біреулер сұлу нұр жүзді.
Біреулер соқыр, біреу таз,
Біреулер сараң, біреу мәрт,
Біреулер алым, базы ауам,
Адамзат емес бір құрбы!
Опасы келте сұм дүние,
Шалдырмастан шаршатып,
Талайдың артын дым қылды.
Анадан жан ғып туғызды,
Дүниеге сауда қылдырып,
Өлтіріп жерге кіргізді.
Маһшарда және жан беріп,
Бұл пендені тіргізді.
Артық пен кемді теңгеріп,
Таразы таңда құрғызды.
«Елу жылда ел жаңа,
Қазан, – деп, – айтар жүз жылды».
«Жанашыр дос» деп біз жүрміз,
Алдамшы дүние құзғынды.
Бұл адамзат – саудагер,
Біткеннен соң саудасы,
«Қош, қош!» деп салар сүргінді.
Ажал тұр алда дәйекшің,
Жазғы шапқан бәйге аттай,
Береміз бір күн шылбырды.
Қашан шылбыр бергенше,
Сайратайын бұлбұлды.
Дүние – бір түлкі, нәпсі – ит,
Әуреге салып қудырды.
Аңғарғанға сөзімді,
Бауға қонған бұлбұл-ды.
Сөз парқын білмес наданға,
Айқайлап жүрген бір жынды.
ТОҚТАЛАЙЫН МЕН НЕДЕН
«Сөйлеп бер, жырау!» деген соң,
Тоқталайын мен неден.
Адаспайтын адам жоқ,
Басы жұмыр пендеден.
Тыңдаған жақсы, жамағат,
Алдын қазып орласа,
Ақбөкен сорға жолығар.
Білекке сенген балуан
Өзінен зорға жолығар.
Өтіріктің шыны бар,
Түкіріктің дымы бар,
Биік таудың қары бар,
Баспаналар бауыры бар,
Керуеннің нарына
Артатын жүктің ауыры бар.
Тұйғын қара сұңқардың
Тұғырда қара бауы бар.
Көңілі майдан ерлердің,
Жамалқасыз ауылы бар.
Қара бұлт қамаласа,
Қаптай да жаңбыр төгілер.
Рәуәж баһар ашылса,
Көгеріп дала көрінер.
Табиғат иіп бергенде,
Тұл далалар желігер.
Жерден болған әсілдер,
Ақыры жерге себілер.
Көлденеңдеп жел соқса,
Көктегі бұлт сөгілер.
Арғымақтан жал кетсе,
Аяқты баспай ерінер.
Азаматтан мал кетсе,
Ажарсыз болып көрінер.
Тәуекел қылсаң, жігіттер,
Қиындық та жеңілер.
Ерте жатып, кеш тұрсаң,
Ен дәулетің кемілер.
Ерте тұрып, кеш жатсаң,
Кең қазына келінер.
Шырын бір туған балаға,
Іші де-бауырың елжірер.
«Қатын-бала» деп жүріп,
Қара басың келжірер.
Момын кісі тек жүрер,
Залымдарда кек жүрер,
Тек жүрмеген кісінің
Еңбегі зая боп жүрер.
Асығыстық қамы бар,
Бейсабырлар тарынар.
Бір параны көрсеңіз,
Өкпе де, бауыр, жалы бар.
Бір параны көрсеңіз,
Шығар да-шықпас жаны бар.
Талапты ердің алдынан
Іздегені табылар.
«Тумақ – сүннет адамға, –
Парыз, – дейді, – өлмегі».
Дүниеден өткен соң,
Екі өмір жоқ келмегі.
Алымдардың ілгергі,
«Өлмейді» деп адамға,
Жоқ екен жауап бергені.
Сол себептен нұсқа қып,
Айтамын арқау термені.
Қараңғы басқан көңілін,
Парасат істі көрмейді.
Бұл дүние екі парық,
Екеуін бірдей бермейді.
Жүрмеңіздер қапы қап,
Өткізіп алып деңгейді.
ЗАМАННЫҢ ҚАРА КІРЛІГІН
Заманның қара кірлігін,
Кірлентті халықттың тірлігін.
Шөбін жатыр шалғыштап,
Шойынға байлап жүйрігін.
Хан сайлады қарғадан,
Қаршыға, тастап тұйғынын.
Шаң түбіне қарарсың,
Шабанның созсаң құрығын.
Сайлау өтіп кеткен соң,
Өзіне тізгін жеткен соң,
Бар старшын түлкідей
Бұлаңдатар құйрығын.
Бас-аяқты жеркентер,
Батутия қылып ұрлығын.
Тағы сайлау келгенде,
Тасырайтып пішкен сәуріктей,
Таба алмай қалар …[1]
Амалы әуре бұл күннің,
Амалдан әулетің лағынның.
Айдай ғалым дос тұтар,
Алланың қылсаң құлдығын.
Алдыңнан тосар тұзақтап,
Дүние үшін қылған сұмдығың.
Біреулер ойлар жылдығын,
Біреулер ойлар арлығын.
Біреудің ақылы апталық,
Біреулер ойлар күндігін.
Адамның нәсілі бір Адам,
Айырар ұрық қып кімді-кім.
Неше түрлі халық қылды,
Бір кісінің кіндігін.
Көрге басы келсе де,
Бейғам жандар білмейді,
Өзіне қосар мұңлығын.
Өлмегінің шындығын.
Өте шығар бес күндік,
Жігітшілік теңлігің.
Түтіні шығып тұр ма деп,
Қомағай адам аңдиды,
Асы бар үйдің түңлігін.
Біреудің ақылы сабақта,
Біреудің ақылы саулықта.
Біреудің басында,
Біреудің ақылы кеуде де,
Өз ойына әр кімнің,
Өз ақылы дана да.
[1] Қолжазбада сия жайылып кеткен, түсініксіз