Жарық нұрдың сәулесі

Ахун Ибраһим әулие

Абдусаттар Нуралиев

Осы тақырыппен әңгімемізді жалғастырудағы мақсат – «қазақтар ислам дініне берік болмаған» деген жаңсақ пікірдің қаншалықты орынсыз екендігін Тәжікстанда тұратын қазақтардың өмірінен алынған кейбір мысалдармен айта кету. Бұл ретте де біз Қожамқұлдың бізге берген деректеріне сүйенеміз.

Қилы заманда түрлі оқиғаларды басынан кешірген, жергілікті әкімдерден қысым көрген зиялы қазақтардың үлкен бір тобының Тәжікстанға қоныс аударуының тарихы әлі күнге дейін толық зерттелмеген дедік. Ал сол тауқыметті көші-қон кезінде 20-жылдардың басында өз елінде молда, ишан, діндар деп қудаланған адамдар көп болған көрінеді. Олардың ішінде ой-санасы биік, халық сыйлайтындай ғұлама адамдар да бар екен. Тәжікстан жерін мекендеген қазақтардың ішінде дін жолын ұстанған адамдар да бар болғанын, олардың бірен-саранын ғана білеміз, ал білмейтініміз қаншама. Біздің жолбасшымыз Қожамқұлдың да дін жағынан сауатты, молдалығы бар, тақуалы кісі екендігін айтып өттік. Әкесінен, ауыл қарттарынан естіген әңгімелер ол кісінің жадында жақсы сақталып қалған, құйма құлақ жан.

Хақ жолына бүкіл ғұмырын арнаған тақуа адамдардың аса ірілерін, ел таныған тұлғаларын әулие деп атау әмбеге мәлім болса керек. Осындай әулиелігі бар, тариқат жолының пірі, ислам дінінің білгірі Ахун Ибраһим өзінің біраз мүридтерімен Тәжікстанға ауа көшіп келген екен. Ол кісінің ата-тегі Әзірет Әлінің ұрпақтарына барып тірелетін сейіттерден еді. Ақиқат жолын ұстанған бұл данышпан пір сол аласапыран заманның тауқыметін көріп, кейбір большевик белсенділердің шаш ал десе бас алатын қыспағына түскен, содан қалайда Ауғанстанға өтіп кетпек болып өзінің жолын қуушылармен бірге Тәжікстанға қарай аттанады. Содан олар Санглох тауының етегіндегі шағын ауылдардың біріне ат басын тірейді де біраз уақыт осы жерде аялдайды. Шәкірттерімен бірге сол жерде малын бағып, егін салып, адал еңбегімен несібесін тауып жүретін болған. Олардың тұрмыс-тіршілігі, бейбіт өмірі өзгелер үшін ғибрат болған екен. Сол 20-жылдардың ортасынан бастап ауылдан шағын діни мектеп ашып, мешіт салып, мазаратына шырақшы тағайындап, Аллаға құлшылық етіп жүруінің өзі олардың тақуалы, нысапты адамдар екендігін көпке танытқан. Сол жердегі қазақ мазары деп аталатын киелі бейітті мұсылмандар бүгін де қастерлеп, зиярат етеді.

Алайда кездейсоқ бір оқиғаның салдарынан бұл иманы ұйыған ауыл ойрандалып, адамдары қанға боялып, көбісі опат болады. Бұл оқиғаның мән-жайын кейінірек баяндай жатармыз. Әуелі осы қанды оқиғадан қаша көшкен қазақтардың басқа жерге барып қоныс тепкеннен соңғы ахуалының қалай болғанын айта кетуді жөн деп білдік.

Осындай шытырман оқиғалардан соң, Алланың жолындағы бұл әулие кісі бір топ достары және мүридтерімен бірге уақытша әр жерді паналап жүреді де, ақыры Ауғанстанға өтіп кетпек болады. Сапарға қажетті жабдықтарын дайындап, көшін артып, Даңғара ауданының Гумсу деген ауылынан Қорғантөбеге қарай бет алады. Сол кезде Қорғантөбенің айналасында қазақтар көп тұрады екен. Олардың көпшілігі мал бағып, кейбіреулері егін егіп, мақта өндіріп, бау-бақшамен айналысқан. Осы өңірдегі Вахш, Боктар, Колхозабад, тағы басқа аудандарда әлгі әулие кісінің шәкірттері мен мүридтері болған еді.

Пірі өз аяғымен мұнда келгенін есітіп, Ауғанстанға кетіп бара жатқан оны кие тұтып, қоштасу үшін көп адам келіп-кетіп, жұрт аяғы үзілмей жатады. Осындай ел-жұрт көп жиналған күндердің бірінде әулие көпшілікті жинап, өзінің үгіт-насихаттарын айтады. Сол сұхбатқа жиылған жамағатқа: «Жаратушы иемізді, Пайғамбарымызды, дінімізді ұмытпаңыздар», – деп қайта-қайта айтады. «Бұл дүние адам үшін тек сын майданы ғана, оның Алласыз және ислам дінінсіз ешқандай мағынасы жоқ. Естеріңізде болсын, мұның бәрі көп ұзамай, өтер-кетер, тағы да жарқын күндер туатын болады, сондықтан біз дінімізге, имандылығымызға берік болуымыз керек», – дейді.

Әулие Ишан 1933 жылдың желтоқсанында отбасы және бірнеше мүридтерімен көшін түйелеріне артып, өзі атқа мініп, Ауғанстан шекарасына қарай жүріп кетеді. Батырабад деген жерден шығып, Ақгазаға жеткенде бесін намазы уақыты болады. Ол кезде Батырабад пен Ақгаза жерінде ешкім тұрмайтын елсіз дала екен. Жұрт бұл жерді мал жайылымы үшін ғана пайдаланатын болған.

Әулие баба бесін намазын оқу үшін сол жерге аялдап, әйел-балаларын түйелерден түсіреді. Намазын оқып болған соң, егіл-тегіл еңіреп жылай бастайды. Әйел, балаларына түйелері мен аттарына мініп, Құмсангир ауданы орталығына қарай жүре беруін бұйырады да өзі сол жерді құшақтаған бойда тағы да жылаумен болады. Ол кісі сол жерде бесіннен намаздыгерге дейін Аллаға ғибадат етіп дұға оқумен болады. Намазын сол жерде оқып, кешкі намаз (намазшам) уақытында отбасы аялдаған жерге жетіп келеді. Жүктерін сол жерге түсіріп, барлығын жамағат намазын оқуға шақырады.

Намаздан кейін кешкі ас үстінде қызу әңгіме басталып кетеді. Ол кісінің бір ұл, бір қызы бар екен. Дастарқан үстінде ұлы әдеппен: «Әкетай, сіз неге сол төбеде бесін намазын оқығаннан кейін жерді құшақтап сүйіп, жыладыңыз?» – деп сұрайды. Әулие біраз ойланып, көз жасын ағызып, баласына былай жауап береді: «Сол жерде екі жасөспірім діндар бала шаһид болған екен. Шамасы, әрі-бері жүрген жолаушылар ол екеуінің мәйітін көріп, жерлегенге ұқсайды. Олар осы маңдағы үлкен бір діндар ғұлама адамның баласы болса керек. Тағдырдың тауқыметімен Қызыл әскерлердің қолынан қаза тапқан көрінеді. Діндар адамның басқа балалары мен әйелі де осы өңірде қайтыс болыпты. Құдай жолындағы шаһид болған пенделер өлмейді, олар Алланың шапағатымен жұмақтан ризықтарын тауып отырады. Олар Құранды жатқа білетін қари жігіттер еді. Мені өздерімен бірге намаз оқуымды өтінді. Сондықтан мен кідіріп, олармен қосылып намаз оқу үшін аялдадым. Бұл жер тегінде қасиетті жер. Егер мен өлетін болсам, мені осы жерге, қари балалардың бейітінің жанына жерлеңіздер», – деп өсиетін айтумен әңгімесін аяқтайды қарт.

Ишанның ұлы Сұлтан Ахмет әкесінің бұл өсиеті туралы мынадай әңгіме айтады: «Мен ол кезде 17-18 жаста болатынмын, өзімше ойлап, біз Ауғанстанға көшіп бара жатырмыз, әкем өлген соң ол кісінің мәйітін бұл жерге қалай жеткізе аламын деп мен бұл ойымның ақырына жете алмай, аң-таң болсам да әкеме ештеңе айтпадым. Осылайша таң да атты. Тағы да жүктерді түйелерге артып, Құмсангирге қарай бет алдық. Осылайша екі күн жүріп Ауғанстан шекарасына жақын Құмсангирге жеттік. Сол жердегі қазақтар әкемнен: «Ишан баба, сіз қайда барасыз?» – деп сұрай бастады. Сонда әкем: «Мен Сарайкемерге барып, ағайын-туыстарымды көріп келмекшімін», – деп жауап берді. Сарайкемер біз осы келіп түскен мекеннің бұрынғы аты болатын, қазір ол «Панж» деп аталады. Осы Сарайкемерде бір ай бойы тіршілік еттік».

Олардың негізгі мақсаты – Ауғанстан шекарасынан өту болатын. Тиісті адамдармен келісіп, өзеннен кешіп өтуге дайындалып жүретін. Сол кезде жолбасшылардың бір тобы келіп: «Керекті заттарыңызды алып, мына тоғайдың ішіне кіріңіздер, сіздерді түнде дариядан өткіземіз. Сол өткелде кездесетін боламыз», – деп жүріп кетісті.

Түйелердің бәрін тастап, аттарды ғана алып, намаздыгерді оқыған соң, күтіп отырған адамдарды қызыл әскер сақшыларының бір тобы көріп қалып, қайда баратынын сұрап тексере бастайды. Біз ешқайда бармаймыз деген сөздеріне иланбай, олардың ниеттерінен байқап қалып, барлық мал мен заттарын тәркілеп алады. Ат, түйе, жылы киім, ақшаларын алып, таң ата жаяудан жаяу оларды Сарайкемерден Құмсангирге алып келеді. Сол күндері қолға түскен басқа кісілер де көп екен. Олардың түрлі ұлттардан екендігіне қарамастан, барлығын Құмсангирден Колхозабадқа (осы аудан орталығы) қарай күштеп жібереді. Олар екі күндей жол жүріп, Колхозабадқа келеді. Бұл жерден де оларды облыс орталығы Қорғантөбеге қарай алып барады. Қысқасы, олардың барлығын да бұрынғы қоныс тепкен жеріне қайта әкеп тастайды. Сонымен бұл топтың Ауғанстанға өтіп кетпек болған әрекеті іске аспай қалады, себебі шекара күзеті күшейтіліп қойған еді.

Бұл оқиға 1933 жылы болған. Қариялардың айтуына қарағанда, әулие көбінесе жылап отырады екен. Намаз оқыған кезде де, тамақтанғанда да, әңгіме айтып отырғанда да көздерінен жас парлап тұрады.

Содан бұл діндар әулие кісі 1934 жылдың наурыз айында науқастанып, көп ұзамай дүниеден озады. Ақтық демін алып жатып елдің қамын ойлап, үгіт-насихат, аманатын айтып кетеді: «Әрқашанда иманды болыңдар, біле-тұра өздеріңізді отқа тастамаңдар, бұл аласапыран заман өтер-кетер, мен сіздерді бір Аллаға тапсырдым», – деп соңғы лебізін айтып, жүріп кетіпті.

Қорғантөбе уәлаятындағы бүкіл қазақ, тәжігі бар әулие бабаның қазасын естіп жиналады. Ақсақалдарының әрқайсысы өздерінің ата-бабаларының сүйегі жатқан мазаратқа жерлегісі келіп, бір пікірге келе алмайды. Сонда ишанның мүридтері мен достары Сұлтан Ахметтен: «Әкеңіз Хазіреттің өзі мына жерге жерлеңдер деп айтқан өсиеті бар ма еді?» – деп сұрайды. Алайда баласы әкесінің өсиет еткен жерін бірден есіне түсіре алмайды. Сонда әулие кісінің қызметінде болған тақуа кісілердің бірі: «Інім, Сұлтан Ахмет, ишан өзін қай жерге жерлеу керектігі туралы өсиет айтқан болатын, бірақ сен оны есіңе түсіре алмай отырсың. Орныңнан тұрып мұнда кел де, әкеңнің аяқ жағына басыңды қойып, көзіңді жұм. Алла қаласа есіңе түсер», – дейді.

Осы оқиғаға байланысты кейінірек Сұлтан Ахмет былай деп еске алыпты: «Мен қадірлі әкемнің аяқ жағына басымды қойып, сәлден соң қалғып кеткендей болдым. Ауғанстанға қарай бара жатқан кез, сол бұрынғы әкеммен бірге намаз оқыған жер менің көз алдыма елестей берді. Әкемнің жерді құшақтап сүйіп жылағаны қаз қалпында ойыма оралды. Сол жерде тігілген екі ақ отаудың біріне – әкем, екіншісіне шешем кіріп бара жатқаны аян етілді. Мен өзіме аян етілген жайды жиналғандарға айтып бердім. Әкем өсиетін айтқан кезде оның мағынасына жете алмай, өзге елден бұл жерге әкемнің мәйітін қалай жеткізер екенмін деп уайымдағанымды да жасырмадым. Сөйтсем, әулие әкеміз Ауғанстанға бара алмайтынын білген екен ғой».

Сол жерді іздеп тауып, қабірін қазып, жаназасын шығарады. Жиналған халықтың көптігі сондай, 4-5 шақырым жердегі қабірге ишанның табытын көтерген жігіттер тез-ақ қолдан қолға өткізіп жеткізеді. Әулие кісінің таңдаған жері – сол қари мәйіттерінің жанына жерлейді.

Сұлтан Ахмет дін ислам жолындағы әке дәстүрін жалғастырады. 1943 жылы шешесі қайтыс болған соң, оның мәйітін әкесінің жанына апарып жерлейді. Сонымен өзіне аян болған екінші отауға өз анасын апарып қояды.

Бүгінде хақ жолындағы бұл киелі жанның – Ахун Ибраһимнің кесенесі Ақгазаға кіре берісіндегі гүлденген, көрікті жердегі «Қазақ Әулие» аталатын мазаратта. Әулиенің кесенесіне зиярат ету үшін қазақтар, тәжіктер, өзбектер, басқа да мұсылман халқының адамдары қысы-жазы үзілмей келіп жатады. Бұл мазар мәңгілікке ақырет күніне жол тартқан мұсылмандардың көбісінің қасиетті орнына айналған. Ақ ниетпен мұнда келіп зиярат еткендердің тілегін Алла береді деген сөз ел арасында кең таралған.

Бұл қазақ әулиенің ата-тегі: Ахун Мұхаммед Рахым – Ахун Алимұхаммед. Ұрпақтары Сұлтан Ахмет және Мұзаффархан. Бүгінде 70-тен асып қалған Мұзаффархан Қызылорданың Жаңақорған ауданында тұрады. Вахш ауданындағы зират басына қойылған құлпытаста әулиенің аты «Алимұхаммед қажы Түркістани» деп жазылған.

1961 жылы әулиенің баласы Сұлтан Ахметті ағайын-туыстары қоярда-қоймай, ата мекені Қазақстанға көшіріп алып кетеді. Ол кісі өле-өлгенше Тәжікстанды, тәжік достарын сағынғандығын айтып отырады екен. 2004 жылы қайтыс болыпты.

«Тәжікстандағы қазақтар» кітабынан алынды  Астана-2017 жыл. 75-81 беттер,

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button