Ғалымның хаты

Қасиетті әулеттің қуғындалуы

Аппақ Ишан інісі Мәді екеулеп қолға алған мешіт-медресе құрылысы 1884 жылы толық аяқталып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаңа оқу орны Шаян медресесіне жастар қабылдана бастады. Жиырманың үстіңдегі жалындап тұрған жас жігіттің жұмысы медресе құрылысымен тынған жоқ. Ауғанстан мен Түркия, Иран мен Ресей, Араб мемлекеттерінен, сондай-ақ өзі білім алған Ташкент, Самарқаңд, Бұхара, Уфа қалаларыңдағы медреселермен байланыс жасап, оқулықтар мен әдебиеттер алдырды. Бұдан соң Жезқазған, Қарағанды, Қарсақпай, Ақмола мен Ақтөбе, Қарқаралы мен Семей жаққа ат басын бұрды. Медресеге жастарды шақыру, қабылдау, олардың ас-ауқатын, басқа қажеттерін қамтамасыз ету керек болды. Медресе қабырғасынан небір дарыңды балалар қанаттанып шықты. Шолақ белсенділердің түртпектеуі басталғаңда, кешегі қалың қара шашты, жүзінен айналасына аппақ ақ нұр төгіліп тұратын маңдайы кере қарыс, ақылман иесі Аппақ Ишан бұл жалғанда Алланың ақ жолынан таймай келе жатқанына, әлі де таймайтынына шүкірлік етті. Еңдігі мезетте өкіметтің барар жер, басар сүрлеуінің қайда апара жатқанына шошына қарады. Айналасындағы ишаңдарды жер-жерге, халыққа ақиқатты жеткізуге жұмсады. Адамдардың бірін-бірі жау көрген, аламан-тасыр, аңдысқан шақта басыңда ақ сәлде, үстіңде аппақ көйлек, тіптен қолындағы таяғына дейін аппақ, медреседе қырық жылдан астам ұстаздық еткен, мешітте имам міндетін атқарушы Аппақ Ишан алпыстан асса да ойы сергек, жүрісі ширақ, ақ жүзінен әлі де ақ нұры төгіліп тұрар еді. Мешіт-медресені тексеруге, тың тыңдауға, тырнақ астынан кір іздеуге келуші «белсеңді» қызыл жағалыларды сабырмен қарсы алып, салиқалы әңгіме қозғар еді. Ал, 1929 жылдың желтоқсан айының соңғы күңдерінің біріңде Аппақ Ишан бастаған бір топ қожа-молдаларды осының алдында ғана аудан орталығына Боралдай ауыл кеңесінен қызметке ауысқан Садыбаев Ділдәбек бастаған екі қызыл жағалыны алдына салып, Арыс қаласына айдап апару тапсырылды.Таңертеңгі апақ-сапақта Шаяннан шыққан айдаушылар мен ишан-молдалар сәскелік шақта жер ортасы Қарауыл ата төбесіне жақыңдағанда Ділдәбек жаяулап келіп, атын Аппақ Ишанның алдына тосты.

Тілегің ақ екен, балам, әмсе, осы ақ жолыңнан тайма,

Уа, құдіреті күшті жаратқан Ием,

Дін мұсылман амаңда,

Жолың болсын әмаңда,

Жоламасын жамаңдық,

Алмағайып замаңда,

Жоламасын зұлымдық,

Бізбен бірге саған да, әумин, Аллоһу Акбар, – деп Аппақ Ишан батасын беріп, ақ жол тілеп қала берді де, үш салт атты маң даланы дүрсілдете Ташкентке қарай бағыт алды. Айдаушылар кетіп, өздері ғана қалған қожа-молдалар да қозғалды. Арада ай өтпей жатып, яғни, 1930 жылдың 4-ші қаңтарыңда ОГПУ-дың Орта Азия мен Қазақстан аймағы бойынша төтенше іздеуі жарияланды.

«Өте құпия – 4-ші қаңтар 1930 жыл, Ташкент қаласы. Орта Азия ОГПУ-ы бойынша – Алматы қаласы, Қазақ ССР-ы ОГПУ-ы бойынша – Сырдария округінің Шаян ауданы бойынша өзінің қазақтары арасындағы үлкен беделін пайдаланған Аппақ Ишан бастаған бір топ ірі ишандар Өзбекстан Республикасына қашып кетті. Олар мына төмендегілер:

  1. Сейдахметов Рахметолла.
  2. Аппақ Ишанның балалары – Сағабулла мен Алауаддин.
  3. Мәдиев (Сейдахметов) Бақиболла (Аппақ Ишанның баласы).
  4. Мәдиев Сағидулла.
  5. Асқаров Махмуд.
  6. Сейдахметов Сабыр.
  7. Тоққожаев Сәмен және басқалары.

Сейдахметов Сабыр (Аппақ Ишанның туған інісі): «Қарауымда он бір жан бар. Барлық мал-мүлік, үй-жай түгел тәркіленді. Ал, қолымда мал-мүлік, қаржы жоқтығына қарамастан 500 пұт астық салығы салыңды. Оның 440 пұтын төлеп құтылдым. Ал, қалған астық салығы және басқа салықтар бар, оны мен қай уақытта төлеп құтыла аламын. Осыдан кейін қашпағаңда не істеймін? Қашуға тура келді».

Бұл көрсетулерді әкелі-балалы, ағалы-інілі ишандар тұтқындалғаннан кейін ОГПУ-дың Орта Азия бойынша өкілі Сүйіншалиевке 1930 жылғы 30-сәуірде, соңдай-ақ, сол жылдың 4-ші мамырыңда облыстық ОГПУ-дың «қырағы сақшылары» Журавлев, Михайловтерге берген түсініктерінде де қайталайды. Бірақ, айыпталушы Ишандарды жазаның бұдан да ауыр түрі — «Совет өкіметіне қарсы бағытталған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді» деген қаралау күтіп тұрған еді.

Аппақ Ишан, оның баласы Бақиболла, інісі Сабырдың осы «қылмысты ісіне» байланысты жинақталған «куәлермен» беттестіру барысыңда үш «куә»: «Осы үш Ишан халықтың арасына іріткі салумен болды. Аштық келе жатыр, артық салынған салықты төлемеңдер, ертеңгі күндеріңді ойлаңдар» – деді, сөйтіп Совет өкіметінің саясатына қарсы шықты», – деп соқты. – Жарайды, біз осылай деппіз. Алайда, сол алапат аштықтың алды басталған жоқ па? Бұған не айтасындар? – деген қарсы сұрақ қойды Аппақ Ишан. Шыңдығыңда да, 1930 жылдың жаз айының өзіңде астық шықпай, жер-ана кенезесі кеуіп, ел тарыға бастап еді. Бұл кезде Сейдахметовтердің үлкені Аппақ Ишан 66 жаста, баласы Бақиболла 30 жаста, туған інісі Сабыр 53 жаста еді. «Қылмысты істі» тергеу мен тексеру ұзаққа созылған жоқ, 1930 жылғы 18 тамызда ОГПУ жанындағы «үштіктің» үкімімен Аппақ Ишаңды округтен тысқары Павлодарға жер аударуға, Бақиболла мен Сабырды концлагерьге үш жылға кесті.

***

Аппақ ишан ел құрметіне бөленген ерекше жан. Елінің жасампаздығы үшін, ұлт тазалығы жолында қызмет еткен дін адамдарының еткен еңбектерін әлеуметтік тарихи шындықтан бөліп қарау, төккен терлерін, жасаған қызметтерін ескерусіз қалдыру тарих үшін қиянат. Кеңес өкіметі құрылып жатқан кезеңде адамдардың санасын коммунистік моральға бұрылған бағытта қайта тәрбиелеулері үшін Аппақ ишанның атқарып жүрген қызметі «Қызыл жағалы жандайшаптарға» үлкен кедергі болатын, яғни дін – Кеңес өкіметінің басты жауы болды. Міне, нақ осы тұста қазақтардың ұстанып отырған дәстүрлі ислам (оның сопылық ағымы) діні жаңа маркстік (оның большевиктік түрі) көзқарасымен тарих сахнасында «бетпе-бет» кездеседі. Ол тұста Ислам дінінің ықпалы да, рөлі де ел ішінде өте күшті еді. Қарапайым халықтың дін адамдарына көзқарасы тіптен ерекше болатын. Өйткені, рухани таза дін адамы жан дүниесімен біте қайнасқан еді. Себебі сол кезде ел ішіндегі небір күрделі мәселелер шариғаттың заңымен әділ шешіліп, мезгілімен өз орнын тауып отырған. Осындай себеппен де Кеңес өкіметі бұл адамдардан құтылмай өз саясатын жүзеге асыра алмайтыны анық еді. Олардың көзін жойса халық тобырға айналады, ал тобырды басқару өте оңай болатын еді.

Яғни, сол кездегі дін иелері халықты соңынан ерте алды. 1929-30 жылғы болған 372-ге жуық халық көтерілісінде имамдар, ишандар, молдалардың белсенділік танытулары соған дәлел. Себебі, көптеген көтерілістер мешіттерден, сондағы имамдар мен ишандар басқарған жиындардан басталғанын мұрағаттағы құжаттар анық дәлелдеп береді.

1926 жылы Кеңес одағында діни-сенім бостандығы жойылып дін ұстануға қатаң тыйым салынды. Сол кезде қожа-молдалар қуғын-сүргінге ұшырайды. Нақ осы саясаттың салдарынан Сейдахмет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, олар Ташкент өңіріне бас сауғалауға мәжбүр болады. Шаяндағы мешіт-медресенің қызметі осы жылдары тоқтатылады. Заманында сопы болып, ғұлама атанған Аппақ ишанның өзі 1930 жылы Чимкентте (қазіргі Шымкент қаласында) тұтқынға алынады. Қызыл белсенділер оны және ұлы  Бақиболла (Аппақишанов) Мәдиев пен інісі Сабыр Сейдахметовтерді астық салығын өтей алмады, антисоветтік насихат жүргізушілер, т.б. деген сылтаумен тұтқынға алып №2690 тергеу ісін жүргізеді.

Нақ осы тұстағы Кеңес өкіметінің шектен шыққан астық және ет салықтары халықтың шымбайына әбден батқан болатын. Ол дәуірде, Шаян өңірінде астық шаруашылығымен айналысқан қожалықтар тым аз болған. Көпшіліктің қолындағы аз ғана малымен күнелткені белгілі. Ал Кеңес өкіметі соған қарамай оларға астық салығын барынша көп салған. Солардың ішінде Аппақ ишан атамыздың өзі, інілері және балалары да болатын.

Кеңес өкіметінің азық-түлік салығына байланысты саясаты осылайша дін өкілдеріне де өте ауыр болды. Міне, осы тұста Аппақ ишан атамыз қалай қудаланды? Тек қана салықтан бас тартқаны үшін бе?

Тарих мұрағаттарына тағы да көз жүгіртсек… 1929 жылы желтоқсан айының соңғы күндерінде (ОГПУ) орталық мемлекеттік саяси басқармасының Сырдария облыстық бөліміндегі Шығыс бөлімінің бастықтары қол қойып бекіткен Ташкент қаласындағы ОГПУ-дің Орта Азия бойынша бөліміне жолдаған хатында былай делінген: «Сырдария округі, Шаян ауданындағы астық даярлау ісіне байланысты Өзбекстанға Аппақ ишан (светлейший) бастаған, қазақ жұрты арасында аса зор беделді, соңғы мезгілге дейін Шаян мешітінде медресе ұстаған бір топ қазақ ишандары қашып барды. Ол ишандар: Сайд-Ахметов Рахматулла – Аппақ ишанның бауыры, Сағабулла және Алауаддин Аппақовтар – Аппақ ишанның ұлдары, Сапар Саид–Ахметов, Мадиев (Аппақишанов) Бақиболла, Мадиев Сағидулла, Асқаров Махмұт, Сатен Тоққожаев. Бұлардың бәрі де Шаян ауданындағы №1 ауылдың тұрғындары, осы жылдың желтоқсан айының орта тұсында жасырын кетіп қалған. Біздегі бар мәлімет бойынша Аппақ ишан Сейдахметов Ташкент округінің  Жоғарғы Шыршық ауданындағы Сексен ата деген елді мекенде тұрып жатыр, ал қалғандарының тұрған жері әзірге мәлім емес. Аппақ ишан Сейдахметов пен оның ұлы Алауаддин Аппақовты тез арада тұтқынға алып бізге жіберулеріңізді өтінеміз, ал қалғандарының үстінен бақылау орнатыңыздар».

Сонымен қатар, осы жылдың қарашасында Ташкент қаласына қашып барған Сайрам ишаны Хансейд-Қожаев Сыдық қожаны тауып, тұтқынға алуларыңызды өтінеміз». Ташкент қаласындағы ОГПУ қызметкерлері оларды іздестіруге кірісіп, 1930 жылдың сәуір айының соңғы күндері Аппақ ишан Сейдахметовті, Бақиболла Аппақишановты (жоғарыдағы құжатта «Мадиев» деп көрсетілген) және Сабыр Сейдахметовті тұтқынға алып, № 2690 тергеу ісін жүргізеді. Ал сол жылдың 20 маусымында ОГПУ-дің Сырдария облыстық бөлімінің бастығы Журавлевтің бекітуімен қабылданған қаулыда «тұтқындалған ишандардың бостандықта жүруі тергеу ісіне әсері болуы ықтимал» деген негіздемемен қылмыстық-процессуалдық кодекстің 143-бабына сәйкес, оларды абақтыда ұстау қажеттілігі айтылған: «Осы жылға 29 сәуірде ОГПУ (БМСБ) тергеушісі жүргізген тергеу хаттамасында мынандай мәліметтер берілген. Сейдахметов Аппақ-Мақсұм, қазақ, 66 жаста, екі әйелі, бес баласы бар, сауатты, өз ауылында білім алған, өзі 1926 жылға дейін имам қызметін атқарған. Дауыс беру құқы жоқ. Қора-қопсысымен 2 үйі, 3 түйесі, 4 өгізі, 5 сауын сиыры, 9 жылқысы, 40 бас қойы, 14 десятина жері және түрлі үй заттары болған. Сотталмаған. Орыс-жапон соғысы тұсында қажылыққа барып, сонда 4 ай тұрған. Революцияға дейін 60 бас қойы, 6 бас сиыры, 10 жылқысы, 3 түйесі, 5 өгізі болған».

     Аппақ ишанның ұлы Алауаддин сауатын Шаяндағы мешіт-медреседен ашып, он бес жыл бойына мұсылман елдеріндегі атақты медреселерде оқып барып, ишан лауазымына ие болады. 1905-1910 жылдар аралығында Түркістандағы «Сүлке қари», Ташкенттегі «Абылқасым ишан», Бұхарадағы «Сағидолла қари» және «Қатта қорған» медресесінде оқып, Құранды жатқа оқитын «қари» атанады. Алайда Алауаддин осы алған білімдерімен шектеліп қалған жоқ. 1910-1912 жылдарда Үргеніштегі «Айтмұхамед ишан», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусайня» медреселерінде білім-біліктілігін көтереді.

Тұтқындалғаннан  кейін Аппақ ишан атамыздың тергеушіге берген сұрағы мынадай болған екен: «Әкем 20-30 жыл бойына ишан атанды. 600-800 мүридтері болған, осыдан 35 жыл бұрын өмірден өтті. Өлер алдында мүридтерін балалары алдында бөліп маған 60-ы тиесілі болған. Олар Шаян, Сасық, Бөген ауылдарында тұрады. Жылдық табысым 300-400 рубль көлемінде. Бірақ, сол мүридтерді көрмегеніме міне, үш жыл болғанын мәлімдеймін»,- деп көрсеткен.

(«Мүридтер» деп отырғаны шәкірттері (пірәдарлар) дегенді білдіреді).

Зерттеуші-ғалым  Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше бұл тергеуді былай түсіндіреді: «…мүридтерге байланысты хаттамадағы сауалға оралсақ онда тергеуші Аппақ ишанның медресе ұстағанын негізге ала отырып, оның қанша шәкірті бар екенін білгісі келгенін аңғару қиын емес. Ресми орындар кезінде имам Шәміл тұсында Кавказда орыстарға қарсы көрініс тапқан мүридтер қозғалысының жаңа жағдайда орталық Азия аймағына ауысуынан қауіптенген болса керек…» – деп. (Алаштанушы М. Қойгелдиев «Сталинизм и репрессии в Казахстане. 1920-1940 жж.» ).

Аппақ ишанның үлкен ұлы Бақиболла тергеу материалдарында мынандай мәліметтер берген: «Мен Аппақ ишанның ұлы Бақиболла мәлімдеймін: менің әкемді ел арасында «Ақ ишан» деп атайды». Мен әкем екеуміз салынған салықты өтеуге күшіміз жетпегендіктен өзіміз тұрып жатқан қышлақтан еріксіз кетіп жасырынуға мәжбүр болдық. Маған 150 пұт бидай, әкеме 1400  пұттан астам астық салығы салынған еді. Әкем өтеді, менің өтеуге мүмкіндігім болған жоқ. Сондықтан, жасырынуға тура келді»,- деп жазған. Сондай-ақ, Бақиболла  ишанның астық салығын төлей алмағаны жөніндегі мәліметін 1930 жылы 30 сәуір күнгі тергеу-хаттамасынан көруге болады.

«Мен Аппақишанов Бақиболла, жасым 30-да, Қазақстанның Сырдария округіне қарасты Шаян ауданы, №1 ауылында туып, өскенмін.  Әкем дін қызметкері, имам-ишан, ақпан революциясына дейін өте көп мүридтері болған, қазақ. Соңғы 4 айда Тайтөбедегі «Ысты» ауылында тұрдым. Дихандық шаруашылығым бар, сондай-ақ малшылықпен де айналысамын. Үйленгенмін. Әйелім мен балаларым 2 жыл бұрын қаза болған. 1918 жылы Ташкенттегі қазақ мұғалімдер курсына түсіп 8 ай оқығанмын. Қазір әкемнің үйінде тұрып жатырмын: 1 атым, 2 түйем бар. Салынған салықтың 150 пұтын ғана өтей алдым…».

Сондай жағдайда өздерімен бірге Сүннатулла бауырларының да қашып, Ташкенттің ескі бөлігінде тұрып жатқанын айта келіп: «Рахматулла мен Сабыр Сейдахметовтер менің әкемнің бауырлары Рахматулла шаруашылықпен айналыспайды, Шаян мешітінің сопысы. Сабыр болса, ескі Ташкент қаласында «Падахан» махалласында тұрады, ал ағам Сүннатулланың кімнің үйінде тұрып жатқанынан хабарсызбын. Ауылдан безіп кеткенімізге себепші болған жайт – біз көтере алмаған астық салығы»,- деп көрсеткен. Бұдан Аппақ ишан мен оның бауырлары мен балаларының басмашыларға қатысы болмағандығы байқалады.

Аппақ ишанды және оның бауырлары мен ұлдарын өз ауылдарынан еріксіз кетуге мәжбүр еткен ол – отбасына түскен ауыр астық салығы еді. Бір қарағанға солай сияқты екені рас. Алайда,  Аппақ ишанға туған жерін тастап, басқа өлкеге кетуге итермелеген жағдай бұл ғана емес еді. Ол жөнінде ишанның тергеушіге берген алғашқы жауабында: «Мені ишан болғаным үшін тұтқындады»,- деген сөзінің астарында Кеңес Өкіметінің түпкі мақсатының не екенін аңғарамыз. Расында да, билік үшін негізгі мақсат қоғам алдында дін басшыларының, солар арқылы Ислам дінінің беделін түсіру болатын. Алаш-зерттеушісі ғалым, жазушы Мәмбет Қойгелдиев өзінің зерттеу еңбегінде былай деп қорытынды жасайды: «Мұндай үлкен масштабты мақсатқа жетер алдында Аппақ ишан секілді ірі тұлғаны қоғам санасындағы биіктен құлату, сондай-ақ бұл биліктің құдіретін танытуға тиіс болған таптырмайтын факті еді. Кеңес өкіметі дінге, имандылыққа, салт-дәстүрге қарсы жолға түсіп, өзінің болашағын кесіп тастады». (Алаштанушы М. Қойгелдиев «Сталинизм и репрессии в Казахстане. 1920-1940 жж.»

Мұрағаттағы құжаттармен қатар, Аппақ ишан туралы көзкөрген замандастарының балалары, өзінің немерелері жазған азды-көпті дүниелерді ақтарып, оларды іздеп-тауып сұхбаттасып жүріп, сол кездегі қазақ басынан кешкен сұмдық зобалаңды, Аппақ ишан атамыздың әулетімен қатал қуғын-сүргінге ұшырағанын көріп-танып қабырғаң қайыспау, жүрегің қысылып-жаның ауырмау мүмкін емес. Еріксіз көзіңізге жас оралады…

Лаура-Ләйлахан Айтқожақызы, «Аппақ Ишан Ата»атты кітабынан алынды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button