Майлықожа

Адам Ата

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Әуелі Алла жаратты

Топырақтан жасад денені.

Жоқ нәрседен пайда қып,

Құдіреттің күшті өнері.

Ылайдан сурет бінә қып,

Бұл емес пе шебері.

Не қаласа, еркі бар,

Алланың болар дегені.

Жасатқа жанды «кіргін» деп,

Құдайым хабар береді.

«Көрейін» деп суретін

Рухы шәріп келеді.

Қараса, іші қампайып,

Жатыр екен талтайып,

«Япыр-ау, мынау не?» деді.

Қорқыныш басып қалтырап,

Кіргісі аса келмеді.

Жаратқанның әмірі,

«Кіресің барып» деп еді.

Әрі-бері ойланып,

Көп уайым жеп еді.

Көріп-көріп саралап,

Мүбәрак адам жасатын

Тамаша қылды аралап.

Ақыры ыңғай береді,

Тесігінен мұрынның

Жан денеге енеді.

Ғәтсе ұрды түшкіріп,

Тіл мығдарға келеді.

Тіл қимылдап, сөзге кеп,

«Әлһамдулла» дер еді.

Жан денеге жадырап,

Тұрғызып түрін көреді.

Әмір болды құдадан,

«Әрі-бері жүргін» деп.

Адам айтты: «Жаратқан,

Не десең саған құлмын» деп.

Періштелер көргелі,

Түсіп жатыр көркін көп.

Сап болып тұрды сығасып,

Жүз-жүз болып, мың-мың боп.

Алладан нідә келеді:

«Адамға сәжде қылғын» деп.

Мәләйікләр кәләмі,

Сәждеге басты ұрыпты.

Мәртабасын асырды,

Адамның жолы ұлық-ты.

Менмендік қылып әзәзіл,

Мойынсұнбай тұрыпты.

Күпірлік қиял түскенін,

Тәңірім дана білікті.

Алып барып лағынетті

Гәрданына іліпті.

Ол күнде шайтан аспанда,

Дәріс айтып жүріпті.

Әзәзілдей ғалымды

Ібіліс деп мүдір қылыпты.

Періштелер сәждеден,

Көтерді басын жоғары.

Әшкере болып көрінді,

Мынадай істің болғаны.

Екінші тағы бас қойды,

Келтіріп тәсбих, тобаны.

Барады және сәждеге,

Кіреді қорқыныш ләрзеге.

Ғалым еді ұлық әзәзіл,

Көрінді сұм боп әммеге.

Намазда екі сәжде етпек,

Сол үшін ләзім пендеге.

Періштелер тәсбі айтып,

Мінәжәт қылды Құдаға.

Ғасы болды Тәңірге,

Әзәзілдей ғалымы.

Мойынсұнбай тік тұрды,

Өзінен келген недаға.

Зорға зауал тез болар,

Тартылар жаза күнәға.

«Ұлық болсаң кішік бол»,

Каттелік пайда қылмайды.

Әзәзіл менмен боп еді,

Алғаны мынау сыбаға.

Алладан уәһи келеді:

«Періштелер жылама.

Баршаға өзім қадырмын,

Ақылмен пенде біле ме,

Жаратпақта Адамды,

Құдіретпен қылдым арада.

Қалауым әуел бұл, – дейді,

Әмірім менің сол, – дейді.

Адамды әзіз жараттым,

Үрметін бажа қыл, – дейді.

Тамаша қылсын аралап,

Жәннатқа алып кір», – дейді.

Қызмет қылып тік тұрды.

Сегіз пейіш хорлары.

Тәж өріп, тақытқа шығарды,

Кигізді қымбат һүлдені.

Наз, нығымет шүкірден,

Алдына жетер сүйгені.

Төселген түрлі паласлар,

Құлпырып реңі түрлері.

Пазылаты артып тұр,

Періштелерден ілгері.

Өзінен басқа қасында,

Адам жоқ ойнап-күлгелі.

Жараспайды жалғыздық,

Тамаша қылып жүргелі.

Бейнетсіз тапқан дәулеттің

Осылай қадірін білмеді.

Мінәжат сонда қылды адам,

Жаратқан жаппар патшаға:

«Даргаһыңа ғасы боп,

Әзәзіл болды масқара.

Жараса ма жалғыздық,

Бір өзіңнен басқаға.

Маған түсті бір қиял,

Аллаһи нәуміт тастама.

Біреуден екеу жақсы екен,

Бірігіп қалсам қосқана,

Періште мен хорлардың

Қызметі асып тұр.

Бұл дәулет маған мияссар,

Көруге тағдыр нәсіп дүр.

Сегіз ұжмақ сарайдан,

Есігі запас ашық тұр.

Меруерт, лағыл, дүрлерден

Басыма күнде шашып тұр.

Жаныма серік бермесең,

Жалғыздық қайғы басып тұр».

Сол уақытта әсті адам,

Тақтына барып мінеді.

Бойы балқып мас болып,

Көзіне ұйқы кіреді.

Аян болды Аллаға,

Ойлаған адам тілегі.

Құдіретіне әшкере,

Айттырмай-ақ біледі,

Күні-түні зерігіп,

Жалғыз өзі жүр еді.

Қызмет қылып бір жүрген

Періште мен хор еді.

Келіспеді қисыны,

Болған соң басқа сүреңі.

Тақтына жатып ұйықтады,

Қуаныш тартып жүрегі.

Тілінде хамад сана-ды,

Ұйқыға мас барады.

Сол жағынан адамның,

Қабырғасын жарады.

Құдіретімен Құдайым,

Бір сығым гөшті алады.

Ауырып, яки сызбады,

Хабарсыз бұдан қалады.

Жата берді ұйқыда,

Болмаған соң залалы.

Сонан пайда қылыпты,

Мама Хауа ананы.

Жоқ нәрсені бар қылып,

Жаратты осал заманы.

Демді баһар алыпты,

Жәннаттың тиіп самалы.

Бір нәпәстің ішінде,

Жетеді толып кәмәлі.

Туған айдай толықсып,

Тұрады құсни жамалы.

Тілегені сол еді,

Болады пайда алалы.

Адам жатыр ұйқыда,

Бұл істен болмай хабары.

Болады тарап қиялды,

Адамға нәпіс зиянды.

Біраз жатып тақтында,

Алады нәпәс миярлы.

Сол уақытта әсті Адам,

Бидар болып оянды.

Көтеріп басын жоғары,

Шынашақтап сүйенді.

Періште мен хор ғылман,

Алдына бәрі келеді.

Қалағанын даярлап,

Шарабын тәһүр береді.

Наз, нығмат асылдан,

Болады себеп қорегі.

Бұралып тұрған Хауаны

Адамның көзі көреді.

Тәкліп айтып шақырса,

Алдына жылжып келмеді.

Қолындағы таһамды,

Болмады көңілі жегелі.

Жиып тастап барлығын,

Тағынан түсіп жөнеді.

Нағып тұрсын кідіріп,

Тілегін құдай береді.

«Меніменен сөйлесші,

Қалағаныңды не?» дейді.

Зурияты адамның,

Екеуінен өнеді.

«Боласың, – деп, – алалым»,

Құшақтап бетін өбеді.

Адам менен Хауаның

Хикаясы кітапта

Осылайша келеді.

Бірін-бірі өбеді,

Һасыл болып мұраты.

Сегіз пейіш сарайда,

Тамаша қылып жүреді.

Екеуінің некесін,

Періштелер қияды.

Хор ғылмандар әзір боп,

Қызметке тіке тұрады.

Алланың өзі бейайып,

Адам һәм болар кінәлі.

Сол уақытта Құдадан,

Болады әмір Адамға:

«Қыламын үкім саған да,

Жақындамай жүріңдер,

Еш қашан мынау таманға.

Бұл дарақтың мәуесін,

Жемегін, үзіп әм алма».

Адам айтты: «мақұл» деп,

Алладан келген хабарға.

Боласың жесең күнәһар,

Жүргенің жақсы аманда».

Үкімі Әзәл бұл еді,

Әзілдесіп күледі.

Жеме деген мәуеге

Жақындамай жүреді.

Нығыметке даяр қарық боп,

Қабаттап үлде киеді.

Жәннатқа тауыс пен жылан

Қарауыл боп тұр еді.

Шайтан келіп бұлардың

Алдына бір күн түнеді.

Айландырып дос болып,

Тұзағына іледі.

«Жәннатқа мені кіргіз» деп,

Екеуінен тіледі.

Бірін сойып азғырса,

Бірін сондай ірейді.

Неғыларын малғұнның,

Бұлар қайдан біледі.

Жылан менен тауысты

Есек қылып мінеді.

Жылан аузын ашады,

Ішіне шайтан кіреді.

Жылан менен тауыстың

Жәннатта еді мекені.

Айламенен азғырып,

Түбіне шайтан жетеді.

Аузынан кіріп жыланның

Көтінен шығып кетеді.

Асып кетті осылай,

Әзәзілдің мекері.

Тауыс пенен жыланды

Алдап тастап кетеді.

Бұл екеуі алданып,

Бұл іске қайран таң қалып,

Не қыларын білмеді.

Әзәзілден аң қалып,

Есігінде жәннаттың

Бұлар қалды сандалып.

Түсіп енді мейірі,

Жылаған соң зарланып.

Кіріп кетті бейішке,

Әзәзіл ісін жамғарып.

Жылан менен тауыс тұр,

Бекерге жіпсіз байланып.

Кетіп еді бұларға,

«Келемін тез, – деп, – айланып».

Келетұғын бәле емес,

Кіріп алды жайланып.

«Мұнымыз қате болды» деп,

Қорқады қатты қайғырып.

Айласы сұмдық асады,

Шайтанның көңілі тасады.

Жылан менен тауысты

Уайым қатты басады.

«Нағілет Алла әлей» деп,

Бейіштен хорлар қашады.

Қарауылды қақсатып,

Абиырын ашады.

Тауып алды жәннаттан,

Әзіреті Адам Атаны.

Сәлемдесіп жолығып,

Былайша жауап қатады:

«Жолығайын дегенім,

Сәлемдесіп келгенім,

Жәннаттан сіздер орын ап,

Шырын-шәрбәт жегенің.

Құдіретін қарашы,

Жаратқан Жаппар егемнің.

Дәмін татып көрдің бе,

Дарақтағы мәуенің?

Мен айтайын Алланың

Жеме деген себебін.

Өлімнің саған айтты ма,

Есіттіріп дерегін?

Жұмақтың ішін аралап,

Жүремін дайым демегін.

Жұлып алып жеңіздер,

Бидайдың бірер бөлегін.

Өлімге осы ем, – дейді,

Өлшеулі нәпсі дем, – дейді.

Әлі жемей жүрсің бе,

Бұл жерге өзің келгелі?

Неге бұдан тыяды,

Сіздей әзиз пендені.

Келіп едім бидайдың

Баянын айтып бергелі.

Жүр екенсіз хабарсыз,

Бұларды білмей сен дейді.

Әзәзілдің сөзіне

Адамның көңілі сенбеді.

«Әмірін бұзып Алланың

Жемеймін асла, мен», – дейді.

Азғырып қанша айтса да,

Алдауына көнбеді.

Неге алмайсың тілімді,

Жүр екенсің сен өлгелі».

Хауа анаға барады,

Айландырып көргелі.

Күдерін үзді Адамнан,

Ықтияр сірә бермеді.

Анда шайтан жөнеді,

Бидайды адам жемеді.

Азғырғалы Хауаны

Алдына жетіп келеді.

Хауа анаға шайтан кеп,

Әдеппен сәлем береді.

Мәкәрлік айла істетіп,

Шайтанның мынау дегені:

«Бидайды жеме дегеннің

Мәнісін білсең, әй, – дейді.

Білмейсің бе Хауа ана,

Адамның бәрі өледі.

Ғұмыр жасың ұзарар

Жесеңіз осы мәуені.

Ажал менен өлімнен,

Құтқарар осы себебі».

Азғырғанын шайтанның,

Шыныменен көреді.

Жіберіп ақыл ойламай,

Әйелдікпен сенеді.

Хауа ана «мақұл» деп,

Бидайды жеуге көнеді.

Алланың әмір үкімі,

Ойына да кемеді.

Адамзатты сөз бұзып,

Азғырушы жеңеді.

Жұлып алып бидайды

Аузына сала береді.

Аз емес жесе жәннаттың

Бұдан басқа қорегі.

Қалып еді қолында,

Артылып бірер бөлегі.

«Алып барып берейін,

Адамға мұны» дер еді.

Азғырып шайтан оңлаған,

«Алып бар мұны, сен, – деген.

Әуелі соған айтып ем,

Тіліме сірә көнбеген.

Енді барып сен көндір,

Маған ыңғай бермеген.

Әйел сөзін тастамас,

Айтқанмен қанша ер, – деген.

Есен жүріп ойлашы,

Емес пе жақсы өлмеген.

Ажал менен қазаға,

Болады осы ем», – деген.

Жүгіріп Хауа еліктеп,

«Жесеңіз мынау қорек, – деп,

Саған жер деп ап келдім,

Тамағымнан бөлектеп.

Аман-есен болармыз,

Осыдан бізге себеп боп.

Жемегіміз осыны,

Зәрлі екен бізге керек», – деп.

Өліп-өшіп шайтан жүр,

Екеуіне кеуеп боп,

«Мақұл» дейді әсті Адам,

Бидайды бұ да жемек боп.

Аузына салды дананы,

Жаңылды тәспих сананы.

Жемейін десе қимады,

Әзіреті Хауа Ананы.

Тағдыр ісі болған соң,

Ісінің болмай барары.

Тілеген жаңбыр басқа еңбек,

Ғам көрсетті алалы.

Әзәлда жазған осы екен,

Алланың тағдыр қаламы,

Періште мен хорлардың

Баршасы қашып барады.

Үстінде халле лыпаның

Сыпырып бәрін алады.

Сол сықылды гәуһардың,

Бағасы пәс боп қалады.

Абиырін үш пұл ғып,

Әзәзіл жолға салады.

Басынан тәжі ұшады,

Тақтынан тайып түседі.

Бұрынғы ізет-құрметтің

Қалмады намы, нышаны.

Жап-жалаңаш боп қалды,

Анадан туған мысалы.

Әуелі құдай берсе де,

Ақырын мұндай қысады.

Жеген бидай жүрегін

Айнытқанға ұсады.

Ауырып іші бұрады,

Мұндай іс бұрын көрмеген,

Қиналып және тұрады.

Сегіз жұмақ сарайда,

Тамаша қылып жүр еді.

Іші кеуіп, дем болып,

Тартады төмен жүрегі.

Адам асы болғанын

Сол уақытта біледі.

Халін сұрап әзәзіл

Шікуә қылып күледі:

«Мына бидай мәуені

Жегізгенім сол еді.

Сен үшін мені қорлады,

Қысасым саған бұл, – деді.

Жеме деген осы еді».

Жаратқанның жарлығы,

Көшіп кетті пейіштің

Жайнаған түрлі жабдығы.

Жақындаса Адамнан

Болады азар барлығы.

Тоқшылықтың – аштығы,

Келеді кеңдік – тарлығы.

Қуаныш, құрсан, құшлықтың

Қапалығы бар міні.

Адам жемей кап еді,

Хауаның болды аңдығы.

Сегіз сарай пейішке

Бастары сыймай қаңғиды.

Іші кетіп ыластап,

Борбайына саңғиды.

Құдіретімен Құданың

Келеді ында ал мұны.

Періште мен хорлардың

Бәрі қашып жиылды.

«Қайтып шыдап жүреміз,

Адамның боғы сұйылды.

Садырамен сыбады,

Сегіз пейіш үйіңді.

Біз баяндап ол жерге

Отан қылу қиын-ды.

Ала қашып ап келдік,

Бейіштегі бұйымды.

Адам менен Хауаның

Көзінен жасы құйылды.

Қуанып сонда әзәзіл,

Құрсан болып сүйінді.

«Мен мұндай болып ем,

Сендер әм көрдің бұл күйді».

Сол уақытта Құдайым,

Мынадай жарлық бұйырды.

Ында келді Алладан

«Әзәзілді тұт, – деген.

Адам ата күнәһар,

Әмірімді күтпеген.

Бейішті былғап жүрмесін,

Далаға алып шық, – деген.

Жылан мен әкел тауысты,

Дос болып тауыс құп, – деген.

Қыл деген әмірім бұл емес,

Бұларға баста жүктеген.

Жазасын жылан беріңдер,

Залымдықпен істеген.

Періштелер аралап,

Шайтанды тұтпақ етеді.

Даргағымнан кеткін!» – деп,

Таспенен ұрып атады.

Жиылды өңкей кінәлі,

Жалғыз шайтан азапқа,

Бәрінің басын шатады.

Ырылдатып аспаннан,

Кесектей жерге атады.

Лақтырды аспаннан

Тұтып алып төменге.

Тауыс пен жылан алданды,

Дос болайық дегенге.

Адам, Хауа арманда,

Бидайды жұлып жегенге.

Шайтаннан себеп – азғыру

Ықтияр – Алла егем де.

Жалғыз кіріп бейішке,

Көбейіп қайтты келерде.

Бір баһана болады,

Алу менен берерге.

Аман-есен қосыпты,

Ажалсыз кесел өле ме.

Баһана себеп тапқаны,

Басынан тайды бақтары.

Қалып кетті бейіште

Жиылып тәжі-тақтары.

Шайтанды көкке шығарды

Бұларға бәле жапқалы.

Жер мен көктің арасын

Бес жүз жылға шақтады.

Сол жерден ұшып түскенмен

Саламат Құдай сақтады.

Толып жатқан тас кесек,

Денесіне батпады.

Аунап түсіп отырды,

Басқандай жұмсақ мақтаны.

Түседі жердің бетіне,

Жара боп, сынып жазым боп,

Дақ салмады етіне.

Жабатұғын нәрсе жоқ,

Абиыр қылып көтіне.

Жата берді жалаңаш,

Жаратқанға өтіне.

Қылғанына пұшайман,

Күні-түні өкіне.

Қаталы қылмыс еткенін,

Қапалық-қайғы шеккенін,

Даргағына асы боп,

Ойланды зауал жеткенін.

Біле алмады ажырап,

Хауаның қайда кеткенін.

Жүзі төмен ұялып,

Аша алмайды беттерін.

Қапалық-қайғы түседі,

Қадырлы қандай кісі еді.

Себебі шайтан азғыру –

Әзелде жазған ісі еді.

Ыстық пенен суыққа,

Жалаңаш жатып піседі.

Ащы менен тұщының

Шарбатынан ішеді.

Қалауы болды Құданың,

Өзі кетті бұяққа,

Хауа ана кетті ояққа.

Өлді ме яки һаят па,

Іздейін десе дерексіз

Кеткенін білмес қаяққа.

Білмейді өлі-тірісін,

Ойнаған шірін білісін,

Өзі жылап жатса да,

Ойлайды тағы мұнысын.

Жеген еді бидайды

Басында қимай бұл үшін.

Шайтанға көнбей қап еді,

Хауаның азды тілі үшін.

Қайда барып білмейді,

Қаяққа қарап жүрісін.

«Аман-есен болмаса,

Болды, – деп, – қиын бұл ісім.

Қылдым қате асылық,

Жатырмын денем ашылып.

Киетұғын лыпам жоқ,

Абиырды жасырып».

Мінәжат қылып жылады,

Бір Аллаға бас ұрып.

«Өтіп кеткен дәулетке,

Не қыламын ашынып.

Шығарды жолдан әзәзіл,

Ақылымды қашырып.

Жол беріп өзің шығардың,

Шайтанды көкке асырып.

Жегін деп Хауа қоймады,

Көлденең бұл да асылып.

Жалаңаш жылап жатырмын,

Көңілім өшіп басылып.

Кешіргін қате күнәмді,

Тауыс пенен жыланды.

Хауа ана алалым.

Жібердің қайда бұларды?

Кіргеннен шайтан шошып ем.

Қылады-ау деп ылаңды.

Ықтият қылып жүруші ем,

Емес ем жеуге құмарлы.

Сегіз сарай пейіштен,

Себеппенен шығарды.

Қашан жарық қыласың,

Басымдағы тұманды?

Қастығы қысас кетер ме,

Шайтан да кегін бір алды.

Жүруші едім пейіште

Назы-нығмат шарап жеп,

Таһатынан байлап ең,

Жәннаттың ғұлман хорын, – деп.

Періштелерден ілгері ед,

Пәзілатым бұрын, – деп.

Өзің ғапу қылмасаң,

Мен жазалы құлың, – деп.

Жеме деп үкім қып едің,

Жаңылдым қайдан жұлып жеп.

Өткен екен қаталық,

Өзіме аян мұным, – деп.

Жарылқасаң боп қалар,

Жақсылық тағы күнің, – деп.

Қылынды хамат санасы,

Жалаңаш жатыр денесі,

Демде болар мүсәпір,

Құдіретіне қарашы!

Қашық кетті ажырап.

Хауаменен арасы.

Саламат о да түсіпті,

Егемнің болып панасы.

Жолығуға ынталы

Екеуінің шамасы.

Жүрерін қайда білмейді,

Ізденіп қайда барасы?

Дарақ жоқ сая етуге,

Жатқан бір адыр даласы.

Азғырып шайтан бұларды,

Ақырында табасы.

Хауа жатыр зар жылап,

Жаратқанға «кешір, – деп.

Жегеніміз болды ғой,

Бидайдан бізге кесір, – деп.

Алдағанға иланып,

Теріске кетті ісім, – деп.

Азғырып шайтан жүр екен,

Алғалы бізден өшін, – деп.

Боламын, – деп тұрған соң,

Өлмесіңе кепіл, – деп.

Әйелдікпен жеп салдым,

Ойламадым кейтін, – деп.

Даргаһыңнан ұялып,

Болып тұр қара бетім, – деп.

Өтіп кеткен жұмыстың

Артынан бекер өкінбек.

Киерге киім лыпам жоқ,

Жалаңаш жатыр етім, – деп.

Қылып едің басында,

«Жеме» деп бізге өкім, – деп.

Өтіп кеткен оқиға,

Айтамын мұның несін, – деп.

Азғырып шайтан айламен,

Жүр екен бізге жесін, – деп.

Қаталық менен болыпты,

Қапыда бидай жегенім.

«Бұл дарақтан мәуе алып,

Татпаңдар дәмін» деп едің.

Бейішке шайтан дақыл боп,

Білмеймін қайдан келгенін.

Шыныменен көріппін,

«Өлмейсің жесең» дегенін.

Түбін ойлап тоқталып,

Қылайын сабыр демедім.

Қасиеті осы екен,

Бейіштегі мәуенің.

Не қылса да еркі бар,

Құдіреті күшті егенің.

Осылайша айтады,

Жаһанға келу себебін.

Адам менен Хауа ана

Ажырап бөлек кетеді.

Бейіштен шығып болады,

Жер жүзінен мекені.

Жылап-сықтап жалаңаш

Бірнеше заман өтеді.

Екі жүз жыл жылады,

Екі жақта екеуі.

Мехнаттың түбі – рахат,

Жақсылық тағы жетеді.

Келтіріп тәсбих тобаны,

Тартылып жаза обалы.

Күні-түні жылады

Көтермей басын жоғары.

Көзінен аққан жастары,

Көгертті жерден қоғаны.

Алладан хабар келеді,

Ахуалы бұндай бағалы.

Қапалық-қайғы күндері,

Қарайып күйген түрлері.

Өлі мен тірі хабарын

Бірінің бірі білмеді.

Мінәжат қылып жатады,

Тобадан жазбай тілдері.

Түрегеліп жүруге,

Келмейді әлі дәрмені.

Жалаңаш жатыр лыпа жоқ,

Иығына ілгелі.

Қапа боп қатты тұрыпты,

Жылап батыр қорықты.

Қорыққанның түбі қайыр боп,

Қуанышқа жолықты.

Дуалары мұстажап

Ақыры қабыл болыпты.

Ұшып кеткен дәулет құс

Бастарына қоныпты.

Қылып еді азғырып,

Әзәзіл баста кесірді.

Жәннаттан қуып шығарып,

Қасиетін кетірді

Жаңылдырып есінен,

Жеме деген өкімді.

Тәубелері қабыл боп,

Алладан ғапу жетілді.

Қылған күнә қатесін,

Кәрім айлап кешірді.

Хабар болды Алладан:

«Түйілгенің шешілді.

Бұлаққа асыл дәрет қып,

Тазаға жуып бетіңді».

Жәбірейіл түсіп аспаннан,

Тәлім берген секілді.

Денесіне әл кіріп

Буындары бекіді.

Тәлім берді Жәбірейіл,

Таһараттың жөнінде:

«Алланың әмір парызын

Істеңдер тұрып ерінбей.

Таһарат қылып, таза қып,

Сақтағын таза денеңді.

Тура болсын көңіліңде,

Оған бұған бөлінбей,

Енді келіп тұтылдың,

Ажал менен өлімге.

Сеніп қапыл болмаңдар,

Санаулы дем өмірге».

Қылады таһарат бұлаққа,

Жақсылық  жеткен уақытта.

Алланың әмір парызын

Алады меккем құлаққа.

Ибадат қылып иіліп,

Болады жақын сауапқа.

Кетіп еді ажырап

Арасы алыс жыраққа.

Бірін-бірі аңсады,

Кірген соң күш пен қуатқа.

Жақын келді жақсылық,

Дидарын нәсіп қимаққа.

Жәбірейіл бастап апарды,

«Жүріңдер» деп бұяққа.

Жолықтырды бір-бірін,

Қайтадан және табыстып,

Жетеді мақсат мұратқа.

Бір-біріне қосылды,

Көңілдері жош ұрды.

Сау-саламат айтысып,

Жайбарақат отырды.

Күндіз болып ораза,

Кешесі намаз оқыды.

Ұйықтамай түнде қайымды,

Күндіз тұтар сайымды.

Түсінеді бұл сөзге

Есі бүтін пайымды.

Хикаясы бұл сөздің

Кітаптарда дайын-ды.

Зурияты адамның

Бұлардан туып жайылды.

Исламда бар бес парыз

Белгіленген зайырды.

Мұсылман мен кәпірді

Бұдан парық қып айырды.

Хауа мен Адам атаны,

Бұлар да бопты қаталы.

Нәпсі – дұшпан, шайтан – қас

Әр бәлеге шатады.

Ақырғы сөзім тамамы,

Кешіргей Алла қатаны.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button