Сыр-сұхбат

Мұнда ұлы Мұхтардың ізі қалған…

Алматыдағы Мұхтар Әуезовтің мемориалдық мұражай-үйіне жолы түскеннің ерекше әсерде болатыны анық. Еңселі үйдің табалдырығын аттаған сәттен бастап уақыт кемесі алпысыншы жылдарға алып кеткендей. Бәрі сол қалпында. Жәдігерлерді тамашалап болып, енді шығуға беттегенде, тағы да кібіртіктеп артыңа қарайлайсың. Бейне бір үй иесінің өзі алдыңнан шығып қалатындай. Солай болғанын бар жаныңмен қалайтыныңды да сезесің. Әрине, бұл әсер ғой. Дегенмен жазушының мұрасын жүдетпей, шуақты ізін суытпай отырған жандардың еңбегі ерекше. Соның бір ұштығымен танысу үшін мұражай-үйдің директоры Диар ҚОНАЕВҚА жолығып, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов мұрасының ұлықталуы жайын білген едік.

-Жазушының мұражай-үйі­нің тарихы әріде жатыр. Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазіргі Сейфуллин көшесі, 136-үйдің 6-пәтерінде тұрған. Бұрын Өзбек көшесі аталыпты. Одан кейін Қабанбай батыр көшесіндегі 33-үйдің 29-пәтеріне көшіп келеді. 1949 жылы Абай көшесінің бойынан осы жер телімін сатып алып, сәулетші Герасимовпен бірге осы үйдің құрылысына кіріседі. Ал ғимараттың эскиздері мен нобайын өзі сызып береді. 1951 жылы 18 тамызда мәскеулік әдебиетші Зоя Кедринаға жазған хатында сол жылдың шілдесінде жаңа үйге көшіп барғанын айтқан екен. Жазушы өмірінің соңғы он жылын осы мекенжайда өткізді. Осы үйде дүние жүзі халықтарының 116-дан астам тіліне аударылған, сол елдердің 160 баспаларынан басылып шыққан «Абай жолы» эпопеясы жазылды.
Әуезовтің есімін ел есінде мәңгі қалдыру үшін музей ашу туралы шешім 1961 жылы 15 тамызда қабылданды. Әдебиет пен мәдениетке мемлекет тарапынан жасалған айрықша қамқорлық Қазақ КСР Министрлер кеңесінің №10 қаулысынан бастау алады.
1963 жылы осы үйді, жеке кітапханасы мен қолжазбалары қорын жазу­шының жеке тұтынған заттарымен қоса зайыбы Валентина Николаевна Әуезова мұражайға мұ­рагерлік етті. Музейді ұйым­дастырудың негізгі жұмыс­тарының басында жазу­шының қызы Ләйла Мұхтарқызы жүрді. Анамыз 1993 жылы дүниеден қайтқанға дейін осы мұражайдың директоры болды.
– Мұражайдың ерекше мәртебесі іргетасы қаланғаннан бері Қазақстан мәдениетінің ірі орталығы дәрежесіне жетті. Мұнда мұрағат құжаттары, қолжазбалар, суреттер мен хаттар, кино, видео, аудио жазбалар тек келушілердің назарына емес, зерттеу нысанына айналдырып, осында шоғырландырылған ғой.
– Музей-үй Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының құрамына кіреді. Бұрын Қазақстан Республикасының Ғылым академиясына, қазір Білім және ғылым министрлігіне қараймыз. Әуезовтану саласындағы жұмыстар осы жерде атқарылады. Жазушының алғашқы жинақтары 4 томдық болып, сосын 8 том, одан кейін 20 томдық болып жарық көрді. Осы 20 томдықта алғаш рет бұрындары тыйым салынған шығармалары жарияланып, оқырмандарына жетті. Оның ішінде «Хан Кене» пьесасы, 20-жылдардан бері жабық болған бірнеше ғылыми мақалалары да жарық көрді. 1997 жылы жазушының академиялық елу томдығын шығаруды қолға алып, 2011 жылы елуінші том оқырмандардың қолына тиді.
Алайда жазушының мұрасы елу томдықпен бітпеген екен. Кейіндері бұрын жарық көрмеген басқа да еңбектері табылды. Оның ішінде көптеген хаттары бар, біз біл­меген сценарийлерін таптық. Содан Мұхтар Омар­ханұлының шығармалары жинағын әрі қарай жалғастыруды жөн көрдік. Биылғы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтетін жылда осы жұмысты бастап, екі жылдан кейін болатын жазушының 125 жылдығына дейін тағы он томын шығарамыз ба деп отырмыз.


Жазушының ізін Мәскеу­ден іздейтін себебіміз – Мұхтар Омарханұлы Мем­лекеттік сыйлықты таға­йындау комиссиясының мүшесі болған. Осыған сәйкес кеңес жазушыларымен тығыз байланыста болып, белсенді жұмыс істеген. Оның комиссия отырысында сөйлеген сөздері табылды. Сыйлыққа ұсынылған қаламгерлердің туындыларын талдаған еңбектері бір төбе. Оның ішінде әдебиет пен өнер туралы пікірлері аса маңызды.
Бұрын рұқсат болмаған кеңес жазушылары Константин Симонов, Алексей Сурков, Александр Фадеев, Николай Леоневтің жеке қорларымен қазір танысуға мүмкіндік туды. Бұлар – Әуезовтің үзеңгілестері.
Бұл кісілермен де хат жазысып, пікір алысқан.
Жақында белгілі қалам­гер-замандасы Сәбит Мұқановтың Мұхтар Омарханұлына жазған отыз беттік хатын және оған Әуезовтің жауабын таптық. Екі тұлғаның сол кездегі әдебиет пен қазақ мәдениетіне қатысты пікірлері өзектілігін жойған жоқ.
Орыстың классик жазу­шысы Николай Чернышевскийдің немересімен де хат алысқан екен. Ол кезде Саратов қаласындағы музейін оның немере қызы басқарған. Біздегі немересі жазған екі хатты ұсындық. Оның жауабы да болуы керек қой. Сол мақсатпен байланысқанымыз­да, олардан жазушының екі хатын алдық. Бішкекте болғанымда бір адам жолығып, кезінде қырғыздың атақты әдебиет сыншысының ұрпағы екенін айтып, Әуезовтің бірнеше хатын берді.
– Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру қалай жүргізіледі?
– Үш жыл сайын беріліп тұратын Білім және ғылым министрлігінің грантына «Әуезов – қазақ әдебиеті мен өнер, кино тарихының зерттеушісі» деген ғылыми жобамызды ұсындық. Осы тақырыпты толықтыратын фольклор, драматургия, тағы басқа да әлемдік деңгейдегі материалдары жеткілікті.
Кино саласындағы туындыларының зерттелмеген тұстары да бар. Қазақтың алғашқы кинолары сценарийінің авторы да Әуе­зов болған. Соның бірі – «Райхан» деген атпен шық­қан фильм.
Зерттеу жұмыстарымыз­дың бір шоқтығы – жазу­шы өмірі мен шы­­ғар­­машылығының жыл­на­масы. Онда қай жылдары, қай күні немен айналыс­ты, кімдермен кездесті, тағысын тағы деректерді анықтадық. Осының бәрін жинақтап келгенде мың беттен артық кітап болып шықты. Бұл – әуезовтанудағы, жалпы еліміздегі тұлғатанудағы үлкен қадам. «Атамұра» баспасымен бірлесе отырып шығарған «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы жұртшылыққа жетті.
– Мұражайдың басты жәдігерлері жазушының жинаған қолжазбалары екен. Оның зерттелуі мен сақталуына қандай мән берілген?
– Құнды жәдігерлердің бірі – Молла Мүрсейітовтің қолжазбалары бар. Ол кісі Абайдың жанында жүріп өлеңдерін жазған ғой. Оның көшірмелері залға қойылған, ал түпнұсқасы сақтаулы тұр.
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының түпнұсқа қолжазбасы да құнды дүниелеріміздің қатарында. Автордың өзінің қолымен жазылған. Одан басқа Смағұл Сәдуақасов романының қолжазбасы бар. Жалпы, Мұхтар Омарханұлы жауһарды жазбай танып, ұлы жинаушысы да болған. «Абай жолы» романын жазуға дайындық кезінде Ділдә мен Әйгеріммен кездескен солардың жазбалары, олардың ұлдарымен болған әңгімелері, Ахаттың да қолжазбасы осында.
Алдағы уақытта осы дүниелердің сақталуын қамтамасыз ететін құрыл­ғылар алып, техникалық базасын жақсартқымыз келеді. Ірі архивтердегідей барынша жетілдіру қажет. Қазақтың ірі мемлекет қайраткерлерінің туындылары туралы айтқым келеді. Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизабета – Смағұл Сәдуақасовтың зайыбы. Оның Мұхтар Әуезовке өз қолымен тапсырған, екі тұлғаға қатысты көптеген материалдары қазақ халқы үшін аса маңызды.
Қаламгердің Ташкентте екі жылы түрмеде өткен ғой. Отызыншы жылдардағы архиві тұтқындалған кезде НКВД тәркілеген. Соның ізін таппай отырмыз. Онымен кезінде мамам да айналысқан еді. Мүмкін табылып қалар. Мұражай қорында тұрған 6 мыңнан астам кітаптың ішінде 200 жыл бұрын басылған ескі басылым бар. Бір қызығы, олардың барлығында қаламмен асты сызылып, жазушының өзі оқығанын білдіретін белгілер бар. Осылайша қарапайым жәдігерлердің құны еселенді.
– Студенттік жылдарымызда осы үйге келіп, ақын-жазушылардың дәрістерін тыңдаушы едік. Қазір осы дәстүр бар ма?
– 1973 жылы әдеби қызметкерлерге бөлек ғимарат салып, Рахманқұл Берді­баев бастаған ғалымдар сонда көшті. Сол кезде халық университетін ашты. Рахманқұл ағамыз ірі ғалым­дарды, ғылым мен өнер қайраткерлерін тартып, пікірталас алаңын жасады. Әлкей Марғұланның өзі сегіз жыл бойына дәріс оқыды, Ғабит Мүсірепов бастаған халық жазушылары да оқырмандарымен тұрақты түрде кездесіп отырды. Бұл дәстүр үзіліп қалғандай болып еді, енді араға біраз уақыт салып «халық университетінің» алғашқы дәрістерін бастадық. Өнер, театр қайраткерлерімен де кездесу ұйым­дастырылуда. Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, Мұрат Мұхтарұлы, Серік Қирабаев сынды азаматтар қонақта болды. Осылайша екі аптада бір рет Алматының жастарымен кездесіп, игі дәстүрді жолға қойдық.
Жыл сайын оқушылар арасында «Менің Әуезовім» атты оқушылар шығармаларына конкурс жариялаймыз. Төрт жеңімпазды іріктеп алып, демеушілеріміз сыйлықтарын тапсырады. Мұхтар Омарханұлының туған күнінде талантты балалар ата-аналарымен бірге келіп музейді аралайды. Осы күннің басты шарасы – конференцияға қатысады.
– Абайдың «Жидебай-­Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейімен қандай байланыстарыңыз бар? Осы іргелі ұйымның бір бөлімі «Алаш арыстары – М.Әуезов» музейінің құрылғанына көп болған жоқ қой.
– Иә, 1997 жылы Әуезов­тің 100 жылдық мерейто­йына Алаш қозғалысының тарихымен байланыстырып, жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығының Семей кезеңі, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында ашылды. «Абай жолының» авторы алғаш рет ақынға арналған музейі ашылғанда, көптеген жәдігерлерді Қайым Мұхамедхановқа тапсырған болатын. Қазіргі күнде де екіжақты келісім бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастырып отырамыз.
Бүгінде жазушы мұрасына қызығушылық арт­паса, кеміген жоқ. Қала қонақтары мәдени ошақтарының бірі ретінде өздері жол тауып келіп жатады. Осы үйге Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Мирзо Тұрсун-заде, Ғафур Гулям, Кайсын Кулиев, Давид Кугультинов, Аалы Токомбаев, Леонид Соболев, Николай Тихонов, Ми­хаил Дудин, Лев Ошанин сияқты қаламгерлер келген болатын. Иран шайхы Мохаммед Реза Пехлеви, Намибия басшысы Сэм Нуйома, Әзербайжан президенті Гейдар Алиев, атақты Пәкістан ақыны Фаиз Ахмад Фаиз, африкалық белгілі жазушы Алекс Ла Гума, чехиялық әлемге танымал ғалым мен саяхатшы Мирослав Зикмунд пен Иржи Ганзелка да болып, қонақкәде кітабында қолтаңбаларын қалдырды. Бұл – біздің мақтанышымыз.
– Мұхтар Әуезовтің материалдық мұраларының бірі – Ыстықкөлдің жағасындағы саяжайында болғанымыз бар еді. Ауласындағы Мұхтар Омарханұлының қолымен отыр­ғызған қайыңдары әлі өсіп тұрған болар?
– Оның бір бөлігінде жергілікті кітапхана орналасқан. Оның да жағдайы біздің назарымызда. Жалпы, қаламгердің қолының табы тиген кез келген жәдігерлерге аса ұқыптылықпен қараймыз. Мысалы, осы үйдің ауласындағы бірнеше ағашты да өз қолымен өсірген. Алайда уақыт өте келе ағаштар да қартаяды екен. Сол себепті бір алма ағашы қураса, орнына жаңа көшет алып, дәл сол ағаштың сортын тауып отырғызамыз. Сонымен бірге өзі еккен екі жаңғақ ағашы жайқалып өсіп, әлі жеміс беріп келеді. Жылына табақтап жаңғақ жинап аламыз. Мұражайға келгендер ырымдап алып жатады.
– Құнды жәдігерлердің ішінде Құнанбай шапанының түймесі бар деп айтып қалдыңыз.
– Ол шапан – Құнанбайдың Меккеге қажылық сапарына барғанда сатып алған шапанының түймесі. Мұхтар Әуезов оны бойтұмардай сақтап келген. Оның көшірмесі – көрермендер залында. Ал түпнұсқасы мұрағатта сақтау­лы тұр. Абай жолының авторы сол кездегі заман талабына сай Құнанбайға қатысты өз көзқарасын, жазушылық пайымын тежеп қалды ғой. Оның көзіндей түйме болса да қадірлегеніне қарап, Құнанбай туралы айтылмай, жазылмай кеткен жолдардың барына сенгіміз келеді.
– Әңгімеңізге рақмет

17 Наурыз, 2020 Астана ақшамы газетінде жарияланған

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button