Сыр-сұхбат

Қалтай Көкемнің айтқанынан

Қалтай Мұхамеджанов - 95 жыл

1992 жылдың күзі болуы керек, Қалтай көкемнің үйіне барған едім, жұмыстан келіп кешкі асын ішіп отыр екен. Дастархан жиналғаннан кейін, көкем әңгімесін бастады:

-Мен жақында Сауд Аравия еліне Қазақстан  мемлекетінің атынан делегацияны басқарып, ресми сапарға шығатын болдым, Президенттің өтініші бойыша, – деді,
-Ау көке, сіздің қандай қатысыңыз бар мемлекеттік жұмыстарға,- деп едім,

-Ооой бала сен не білесің… Қазіргі таңда бүкіл араб елдері Қазақстанға қатты өкпелеп жатқан көрінеді. Өйткені былтыр 1991 жылдың 16 желтоқсанында “Егемендік ел болдық”,- деп декларация қабылдағаннан кейін, 1992 жылдың 3-ші қаңтарында Нұрсұлтан егеменді Қазақстанның президенті болып ең алғашқы ресми сапарын Израильден бастаған екен.  Соған арабтар: “Мұсылман елі болып саналатын қазақтар  біздің үстімізден аттап кетті  – деп өкпелері қара қазандай болып,  жүректері қақ айырылып жатқан көрінеді. Осыны естіген Нұрсұлтан мені шақырып алып:“Қалеке, естіп жатырған шығарсыз, шет жағасын. Арабтар бізге қатты ренжіп қалыпты. Бізге қазіргі жағдайда жаудан гөрі дос іздегеніміз дұрыс болар деп ойлаймын. Cізді шақырған себебім Қожеке, сіздің ата-тегіңіз сол жақтан басталатынын ескере отырып,  сол ата-бабаларыңыздың ауылына барып, туысқандарыңызға басу айтып қайтсаңыз жақсы болар еді. Өйткені сіздің оларға бізден гөрі бір табан жақындығыңыз бар ғой,- деп өтініш айтты.
Мені бұл өтініш қатты ойландырып тастады. Екі елдің ортасындағы шиеленіскен мәселелерді үйлестіру Сыртқы істер министрлігінің міндеті емес па еді? Неге бұл күрделі де және өте маңызды жұмысты маған жүктеп отыр бұл кісі?- деген сияқты не бір ойлар кетті. Бірақ, енді ғана егемендік алған жас мемлекетіміздің тағдыры таразының басында тұрғанда  бұндай өтінішті жауапсыз қалдыруым азаматтыққа жатпас деген оймен  келісім бердім. Енді жақында нар тәуекел деп екі-үш күнде жолға шығамыз,- деп сөзін аяқтады.

Сапарына сәттілік тілеп, менде үйіме қайттым. Келесі жолы екі жеті өткеннен соң көкемнің келетін уақыты болған шығар, сәлем беріп шығайын  деп кешке таман үйіне бардым, Көкем келген екен. Сондағы Қалтай көкемнің өз аузынан естіген Сауд Аравиясында  болған оқиғаны айтып берейін сіздерге:

-Делегацияны бастап туысқандарымның ауылына бардық.  Өте самарқау қарсы алды. Бізге өкпелі екендері айтпаса да түрлерінен білініп тұрды.  Мен, ресми кездесуде бізде болып жатқан өзгерістерді, КСРО-ның тарап Қазақстан 70 жыл қызыл өкіметтің бұғауынан шығып, қазіргі таңда өзінше егеменді ел болып, еншімізді алып шыққанымызды айта келіп, енді Қазақстанға, дініміз бір болғандықтан,  мемлекетіміз аяғымына нық басып тұғанынша, сіздерден қолдау мен көмек бола ма деген ниетпен келіп отырмыз,- деп келген делегациямыздың келгендегі мақсатын  жеткіздім. Сондағы бізге берген жауабы былай болды:
Біз сіздерге көмек берме алмаймыз Өйткені: Біріншіден – біз сіздердің саясаттарыңызға сенбейміз. Мұсылман елі болсаңыздар егемендік алғаннан кейін президентіңіз алғашқы халықаралық сапарын, үстімізден аттап өтіп, Израильден бастап, ата жауымыз еврейдің президентінің қолын алып қайтты.

Екіншіден – біз сіздердің діндеріңізге сенбейміз. Өйткені сіздер Қазақстан мұсылмандар қауымын басқаруға  дәрменсіз,  Рәтбек дегенді қойып бүкіл әлемге Исламды масқара қылып отырсыздар. Сондықтан біз көмек берсек Өзбектерге, Түркмендерге береміз. Нағыз таза мұсылмандар солар,- деп тоқ етерін айтты.

Әрине, бұл айтылған сөздер қазақ халқын аяқ асты қылғандай әсер етті маған, тағылған айып менің намысыма өте ауыр тиді. Сол жерде елімнің абыройына дақ түсіргізбей қорғап қалуға бел будым да, осы отырыстың төрағасынан бір-екі ауыз сөз айтуға рұқсат сұрап алып, жоғарыда айтылған сөздеріне жауап қайтардым:

-Құрметті мырзалар, сіздердің өкпелі екендеріңізді түсініп отырмын Сөз жоқ өкпелеріңіздің орны бар. Оны бізде түсініп отырмыз Президентіміздің  тарапынан өте үлкен ағаттық кеткенін менде аңғарып отырмын. Бірақ, біріншіден:
-Назарбаев деген ол кім? Ол – пенде, бүгін бар да ертең жоқ. Ратбек деген ол кім? Ол да пенде бүгін бар да ертең жоқ. Ал халықтың не жазығы бар. Халық та Аллахтың бір аты. Халық мәгілік емес пе?

Екіншіден: Осы ұлан-байтақ Қазақстанның  жерін, түнде ұйқы жоқ, күндіз күлкі жоқ, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, шығысында 2000 км шекарасы бар Қытайдан, солтүстігінде 7500 км  шекарасы бар Ресейден осы уақытқа дейін сақтап келген кім? Қазақ!

Үшіншіден: Бүкіл мұсылман  әлеміне әйгілі, Орталық Азияда 12 ғасырда Ислам дінін насихаттаушы  Күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған Қожа Ахмет Яссауидің бейіті  қай жерде тұр? Қазақстанда. Cол бейітті 9 ғасыр бойы қызғыштай қорғаштап келе жатқан өзбек пе әлде түркмен ба? Тағы да сол Қазақ!

Үшіншіден:  Өзбегің мен түркменің Қазақстан сияқты Қытаймен және Ресеймен шекаралас болса көрер едім қалай нағыз, таза мұсылман болғанын. Солардың нағыз мұсылмандығында, дінінің тазалығында шүршіт пен кәпірлерден қорғап келе жатқан  тағы да осы Қазақ. Сондықтан Исламның алдында сіңірген  еңбегі үшін, әр қазақтың есігінің алдына алтыннан құйып ескерткіш қойсаңыздарда аз болмас, – деп сөзімді аяқтаған кезімде, баяғы қазаққа айып тағып ренішін білдіріп отырған кісі орнынан атып тұрып маған келіп менің қолымды қысып тұрып:

-Кешіріңіздер, біз енді түсіндік, Қазақтың кім екенін,- деп  кешірім сұрады.
Сөйтіп арабтар райынан қайтып көңілдері орнына түсіп бізді құрметті қонақ қылып және келесі жылы біздің президентпен кездесуге дайын екенін айтып,  соңында Меккеге қажылыққа апарып сыйлап ауылымызға шығарып салды. Осы сапарда халықаралық даудың түйінін шешіп  ауылға үлкен абыроймен оралдық,-деп Қалтай көкем әңгімесін аяқтады.

Әбдібек Мухамеджанов, Тамыз 2023жыл Алматы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button