Сыр-сұхбат

«Қазақия қалай отарланды?»

Белгілі журналист  Бекен Қайратұлының осыдан бірер жыл бұрын, жеті қазынамыздың бірі жылқы малы туралы егжей-тегжейлі жазылған анықтамалық еңбегі жарық көрген еді. Өзі атап өткендей, оны генетикалық тұрғыдан сананы жаңғырту деп қабыл алдық. Ал, жақында ғана жарық көрген «Қазақия қалай отарланды?» атты деректі-публицистикалық толғауы ұлттық тарихымызда үш жүз жылға жалғасқан отаршылдық дәуірдің қысқаша жылнамасы деп те бағалауға болады екен.  Автордың өзі:«Кеңес кезінде қалтарыста қалып қойса да, өткен ғасырдың 30-ыншы жылдардың зұлматына дейін қазақ зиялыларының ішінде осы тақырыпқа тоқталмағаны кемде-кем болатын. «Өткенге – салауат, ертеңге аманат» ретінде, осы бағыттағы дерек көздерін ой елегінен өткізіп, жазылған дүние. Егемен еліміздің ұланының рухани санасын оятуға тамызық болады деген үмітім де жоқ емес» деп жазыпты алғы сөзінде.  Көп жылдар Астана ақшамы» газетінде де қызмет еткен әріптесіміз  Бекен Қайратұлымен кездесіп, оқшау ойларымен бөлісіп еді.

Еңбегіңізде ғалым Сандра Камбиселлистің: «Отаршылар шектен шыққанда отарланған жерде тұрып, кімнің жерінде тұрғанын, ол жердің тарихи иесі бар екенін ұмытып кетеді» деген сөзі келтіріпсіз. Егер мұны отарлық дертінің басты белгісі десек, ол қазақ жерінде қаншалықты дендеді деп ойлайсыз?

-Бұл сұрағыңызға ұзақ жыл еуропалықтардың  отарында болып, 1942 жылы азаттық алған Индонезия елінің көсемі Сукарноның «Жайлы, жеңіл ауру болмайтыны сияқты, жағымды отаршылық та болмайды» деген сөзімен жауап берейін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзінде: «Патшалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің оаршылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұлан-ғайыр даламыз империя меншігіне айналды. Дініміз тәрк, тіліміз ғаріп, мәдениетіміз мүшкіл, өзіміз міскін қалге ұшырадық» деген еді.

Үш жүз жылға созылған отаршылдық жылнамасын оқыған  сайын, ойым елбасының осы сөзіне орала берді. Елбасы сарабдал саясатының арқасында елдің шашауын шығармай, алып келе жатыр. Осындай тамыры тереңге кетіп, санамызды уланып міскін қалімізбен егемен елдің іргесін қалап, тәуелсіз мемлекет құру оңай емес. Елбасын қазақтың бағына берген дегеннен басқа  айтарым жоқ. Отарлық саясатттың қала жүргізілгенін зерттей отырып, оның салдары мен зардабын бағамдаған сайын, осыған көзім жетіп отыр.

Әлемдік отарлау тарихын зерттеген батыс оқымыстыларының: «Ағылшындар өздері отарлаған «сиырының» тек сүтін алды, француздар «сиырдың» етін алып, терісін қалдырады, орыстар «сиырды» өлтіріп тынады» дейтін әжуаға толы мысқыл-мысалында тарихи шындық жатыр. Ал, американдық профессор Р.Смал-Стоцкийді «Ресейлік отарлау саясаты – орыс емес халықтарды ұлт ретінде жоқ қылып жіберу саясаты» деп бағалауы меніңше,  шындықтан алыс кетпейді.

-Осы тақырыпты зерттеген ғалымдардың еңбектерінің негізінде жиналған ақпараттарды саралай отырып, орыс отарлығының үш ғасырлық  оқиғалар желісін топтастырып,  уақыттық және мазмұндық тақырыптарға бөліп, отарлаушы елдің стартегиясын мен тактикасын әшкерлеумен оқырманға тартымды бола түседі екен. Оқырмандарға таныстыру үшін қысқаша шолу жасап өтсек қалай болады?

-Біздің бір кем дүниеміз, тарихшылардың үлкен міні – өз тарихымыздың болмауы. Сондықтан да үш ғасыр бұрынғы оқиғаларды саралай алмаймыз. «отар елдің тарихын отарлаушы жазады» деп Үнді қайраткері  Жавахарлал Неру айтқандай 1979 жылы жазылған бес томдық «Қазақ ССР тарихы»  айында осы кітапты жазуға ат салысқан жазушы Мұхтар Мағауиннің өзі «бұл кітап қазақтың өткенін тануға емес, қайта ұмыттыруға қызмет ететін туынды» деп бағалаған болатын.  Жалпы, тарихи сананы  қалыптастыру – отаршылдыққа қарсы  ем. Дертті жылдардың нақты деректерін жариялап, халықтың жүрегіне жеткізбесек, сананы торлаған удың бетін қайтару қиынға түсер. Сол себепті, Алтын орда дәуірінен бастап, Русь кінәздарынң күшеюі мен Қазақ хандығының құрылуына қатысты матеиралдарды топтастырып,  патшалық ресейдің отарлау саясатының қалай басталғанына тоқталдым.  Бұл алдымен экспедициялық жорықтар еді. Барлау-тыңшылық әрекеттері, Белдеу-шеп және бекіністерді салу үдерісі, орыс-казақ жасағының  оталау  сасатына араласуы, орыстандыру саясатының жүргізілуі отарлықтың басқы салқынын ғалымдардың  көзқарасымен бағалауға тырыстым.

Тыңшылық дегенде қазақтың әдет-ғұрып заңдарын зерттеп, оның егжей-тегжейін білу арқылы халықты толықтай бақылауға алу. Қазақтың жақсы жаман жақтарын ескере отырып, өзіне қарсы жұмсау айқын көрінеді. Қазақтың дәстүрлі көшіп-қону тұрмысының бұзылуына алып келген белдеу шептері (бекініс) жайындағы ақпарат отарлау жоспарының ауқымын көрсетеді.  Отаршылық тарихын білемін дегенге одан да аттап өтуге болмайды.

Ақ патшаның сан қырлы сұрқия саясатының қатпарында отарланған жерлерге Романовтар династиясына  қызмет еткен  кіназдар мен отарлауды іске асырған әсери қолбасшылардың есімі берілсін деп тапсырды.  Алматы бекінісің аты – Омбы генерал-губернаторы Гасфордтың  қызы Вераның құрметіне «Верина» аталып, 1867 жылы «Верный» деп өзгертілген.  Қазақтар Кереку деп атап кеткен қалашықты 1861 жылы генерал-губернатор Гасфорд ІІ Александрдың баласы Павелдің бір жасқа толу құрметіне орай «Павлодар» (Павелге сый) өзгертілді. Қызылжар өңіріне салынған бекініске апостолар Петр мен Павел   аты әлі өзгермей тұрғаны да сол отарлықтың уытының қайтпағанның белгісі.

Қазақтың дәстүрлі көшіп-қону тұрмысының бұзылуына алып келген белдеу шептері жайындағы ақпарат отарлау жоспарының ауқымын көрсетеді.  Отаршылық тарихын білемін дегенге одан да аттап өтуге болмайды.

Казактар қарап қалмады

-Отарлау саясатын жүзеге асырудағы патшаның қол шоқпары әрі негізгі күші – орыс-казактары жасақтарының жайлы зерттеген ғалымдардың ойларын тұжырымдай келе, олардың толық бейнесін көрсетіпсіз. Осыған қосып аларыңыз бар ма?

-Сөз етіп отырған жайтта казак туралы айту керек. Сол кезеңдерді зерттеушілердің бәрі олардың қанқұйды саясатты жүргізудегі орнын мойындайды. Тіпті, казактардың  жазушысы Усов деген: «Оны қолдан жасап шығарған өкімет еді. Халықтың еркінен тыс, әртүрлі әкімшілік реформаларды жүзеге асыру арқылы, жер ауып келген немесе қылмыскер әйелдерге  үйлендіре отырып, орыс-казактардың қатарын жасанды түрде көбейтті. Олардың қоғамдық және өзін өзі басқару мекемелерін ашып берді. Осының бәрі айналып келгенде қазақ даласын отарлау үшін жасалынған шаралар еді» деп жазады. Қазақ даласында Жайық орыс-казак жасағы, Орынбор орыс-казак жасағы, Есіл орыс-казак жасағы, Жетісу орыс-казақ жасағы жайында маңызды мәліметтерді қамтуға тырыстым.  Айта кететіні отарлау ісіне аянбай атсалысқан орыс-казак жасақтарының патша өкіметі қазақ жерінің аса құнарлы өңірлерінен 10 млн аса десятина жер бөліп берген. ХІХ ғасырдың 30 жылдары Орал орыс-казак әскерінде – 77 727 адам, Сібір орыс –казак әсекерінде 46 171 адам,  Сібір бөлігінде 135 756 адам болған. 1903 жылы Омбыда жарық көрген «Дала облыстарын басқару жөніндегі ереже жобасының кемшіліктері» атты жазбада қазақ даласына патшалық Ресейдің тірек-қуатын нығайту үшін мына  ұсыныстар жан шошытады. «…бұған көнбегендері із-түзсіз жоғалады да, түптің түбінде бұл жерде тек орыс өмір сүретін болады. Тірі қалған қазақтар түбінде орысқа айналады».

Әрине, кітапта келтірілген мәліметтер әр жерде жарық көрді, ізденіп жүрген  көзі қарақты жандарға жақсы таныс. Менің мақсатым  осы мәліметтерді жүйелеп, отарлау саясатының барлық тактикасы мен стратегиясын анықтау болды.

Ада болған «ақ шом»

Бұл ретте, отарлау жүйесінің экономикалық жағынан да  қол салғанын байқаймыз.  Сауда-отарлау саясаты да қатар жүрген екен ғой.

– Ресей саудасы келмей тұрғанда қазақтар шығыста Қытайдан, түстікте Бұхар өлкесінен келетін керуендер халық сұранысын өтеп тұратын. Әр күз сайын сауда керуені оңтүстікке атанып тұратын. Оны «ақ шом» деп атайтын. Ақ шомшылар арысы Бұхара, Самарханд, Хиуа, Түркістан асып қолындағы жүн-жұрқасын астыққа  айырбастайтын. Сауда мұсылман әдебімен жүргізілді. Алайда ақ патшаның отаршылдарды бұл «есте жоқ ескі заманда қалыптасқан» жолды быт-шыт қылып, әскер күшімен жолды жапты.

Абайдың: «Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды» дейтіні де осы. Ресейлік күллі саудагерлер ірі баға ұстанудан айнымай қатаң бірлік танытып, бағаны бір деңгейде қымбат ұстады. Ол аздай, қазақтар мал қыстатса, қора-жай салса, жазда мал жайса, шөбін шапса, жер жыртса, тағы басқа тірлігін жасаса, салық төлейтін болды.

-Биден билік кеткен де сол заман ғой?

– Үш жүздік құрылымның маңызын өзгертуі болыстық билік арқылы руаралық араздықты қоздыру, қазақтың байырғы әдеп-ғұрып заңдары тәркіленіп, патшалық сот биілігінің орнауы қазақтың байырғы би сотының жойылуына алып келді. Бұл қазақ даласындағы шариғатқа негізделген би сотының, парақор билікке ауысуымен де ерекшеленеді.

Қазақ билерінің билік сахнасынан кетуін Тоқсан бидің мына сөзімен  айтуға болады. «Жаман би болғым келмейді, жақсы би болу үшін қазір алдымен жандаралдың көңілін табуым керек екен. Олардың көңілін табу үшін халқымды тонауым керек екен. Аталардан қалған сөз бар:

Аққумен бірге болсаң көңілің пәк болады,

Қаршығамен бірге жүрсең тамағың тоқ болады,

Қарғамен істес болсаң, шоқығаның боқ болады», дегендей осыған көзім жетіп билікті қойдым дейді.  Ал, Сары би: «ортаңа орыс келді, кәпір жүрген жерде пара жүреді, үйіңнен байлық кетеді, биіңнен билік кетеді, билік кеткен жерде би бола ма?!» деп түңілген-ді.

-Сонда қазақ даласында биілктің негізі болған шариғат жолы жойылды  ғой. Жалпы рухани отарлық тақырыбы еңбегіңіздің жартысынан көп бөлігін қамтыған екен. Оның себебін білуге болады ма?

Абай атамыз, «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін», «Мына жазған адамның өзін алма, сөзін ал» деген емес пе?!

Еңбегімнің басты бөлігі діни отарлау туралы айтылған тегін емес. Оның осы күні ізі бар ма деген сауалға жауап іздедім. Сөйтсем, бүгінгі күннің қайшылықтарының негізі үш жүз жыл бұрын қаланған екен.

Өйткені дін деген нәрсе  тұтас, бүтін дүние.  Ол үзілмеу керек, атадан балаға жалғасып, дамуы тиіс еді. Өкінішке орай, патшаның қылышы діннің алтын арқауын үзіп жіберді. Үзілген арқаудың зардабын әлі тартып отырмыз. Ел егемендігін алысымен тартылып қалған арнаға су жүріп,  дінге құлшынған жастар лап берді. Ал олардың табиғи арнасына салып отыратын ақсақал жоқ. Күншілік жерден жылдам хабар алатын мына күнде, мағлұмат алу оп-оңай.   Оның оң-терісін түзеп, әр нәрсеге алабұртқан тұтас буынды ұстап отыратын ғұлама жоқ. Жастарда білім бар, хикмет жоқ, тәжірибеден ада, үйретіп жөн көрестетін жан бар ма екен?!  Ол шалдарды атып тастағанбыз, итжеккенге айдап, түрмеге тоғытқанбыз. Араб қарпімен жазылған хат үшін әулетімен жер аударылып, ауған асырып, қуғын-сүргінге ұшыратқанбыз. Олар – ишандар, хазреттер, ахундар, қожалар, ілімді молдалар тағысын тағылар еді.

Ресей отарлаушылары  Қазақ даласы мен Түркістан өлкесін отарлау кезінде басты қарсылық мұсылман діні тарапынан туындайтынын жақсы білді.  Ол үшін, мұсылман дінін әлсірету жолдарын қарастырды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Мәшімбаев рухани отарлауды зерттей келе: «Отарлаушылар ислам діні шын мәнінде ұлттық тұтастықты ұстап тұратын ғаламат күш екенін түсінді. Дінсіздік – сананы мәңгүрттікке әкеліп, жат өркениетке бас иігізіп, мәдени-рухани ассимиляцияға ұшыратып, надандыққа қалдырып, халықты ұлтсыздыққа душар ететін өте қауіпті дерт екенін жақсы білді. Міне, осыдан Ресейдің шоқындыру мен орыстандыру саясатын қалыптастырудағы басты мақсаты  осындай болды» деп жазады. Осы орайда 1719 жылы Ресей Сенаты бұратаналарды шоқындыру арқылы орысқа айналдыру мәселесін мемлекеттік дәрежеде күн тәртібіне қойды.  Дәл осы жылы «Новокрещенская контора» деген ұйым ашты. Одан кейін «Обруссительная палата» атты мекеме құрылды. Бұлардың міндеті – патшалық Ресей аумағындағы қыпшақ-түркілерді шоқындыру болды. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін   қазақтар  арасына арнайы тапсырма алған дін бұзар молдаларды жіберді.

Содан Патша жарлығы шығады. Өлінің жаназасын патшаның молдасы жасайды, сүндетке патшаның молдасы отырғызады. Егер басқа болса итжеккенге айтап жіберді. Патша христиан дінідегі татарларды мұсылман қылып елге жіберді. Тіпті, патшаның генерал-губернаторының жарлығы  бар, онда «ең жемқор, ең оңбағандарды жіберіңдер» деген екен.

«Указной молдалардың» лаңы

Указной молдалардың ел ішіндегі лаңы жайлы толық мәлімет қалдырған адам – Құрбанғали Халид. Оның айтуынша: «Сонда да болса қазақ ауылдарына әр болысқа бір-бірден ноғайдан молда тағайындатып алу үшін ақша жинап беріп Уфаға қатынасқа шықты. Молдалар күймелерімен желдіртіп, указдарын алып, мойындарына шынжыр баулы сағат салып, тойлап қайтқандай болып келіп, кетіп жатты.

Қағаз алған молдалар сондай бір істер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан бармаса жаназа оқылмай кейбір жағдайларда өлікті сасытып, «обалына қалмайық» деп  біреулер жаназа  оқып қойса, ол адам қуғынға ұшырайтын болды.

Жергілікті ел молдалары белдерін берік буып, намыс жалауын көтеріп неше жерден арыз жазып, ақшаларын шығындап, ақыры мүфтидің қабылдауына жетіп, осылайша он жылға жетер жетпес жетпес өлгендерге билік жүргізген «указной молдаларға»  тыйым салынды».

Осы указной молдалар жайлы көлемді зерттеу жасаған Тұрсын Жұртбай ағамыз: «Бұларды көбі христиан дінін қабылдаған адамдар еді, өздерінің дінін насихаттау үшін өтірік мұсылман атын жамылып іс жүргізді, сондықтан қазақ даласындағы мұсылманшылыққа қатты шүйлікті», деген ауызекі әңгіме үстінде айтқан еді. Бұл пікірге зәредей шүбә келтіруге негіз жоқ.

Арқа өңірінде діннің тез бұзылуын мынаумен түсіндіруге болады. Оңтүстікте медреселер болды, Арқаның адамдары сол жердерде білім алды. Қаратаудың қожалары Арқада қожалық етті. Бірақ, патша әскері ол жолды жауып тастады. Бұның артында  Уфа,  Қазанда медреселер ашылып, Ислам атын жамылып христиан дінін оқыттты.

-Сөзіңіз аузыңызда, Осыншама ылаңға қарамастан, Арқаның ірі ру басылары, шоқындыруға қарсы тұрып,  Қаратау өңірі мен Түркістаннан білімді қожалар алдыртқан ғой. Оның  ізі  бүгінге жеткен  деректерде сақталған. Одан бөлек, Арқадағы рулардың ортасынында  сіңіп кетіп,  оңтүстіктеге ағайындарын қол үзіп қалған әулеттер де баршылық. Олардың көбі бүгінгі күнде түп қазығын тауып жатыр. Демек, қалай болғанда да оңтүстікпен байланыс үзілмеген ғой.

Орыста қалды қор болып, Мұсылманның баласы-ай.

-Қазақ еліндегі шоқындыру саясатының барлық деректеріне қанған сайын,  қазақты дініне айырудың да үш жүз жылдық тарихы бар екеніне көзіміз жетеді. Бұл еліміздің солтүстігі мен Жетісу өңіріне тиісті айтылады ғой. Ал  оңтүстік өңірінің жағдайы қалай болды?

-Бұл жерде мешіт-медреселер салынып, халық шариғат жолымен жүргенін – Қоқан хандығының  қол астында болуымен байланыстыру керек. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақияның оңтүстік шебін Қоқан хандығы жаулап алды. Оңтүстіктегі Шу, Қаратау, Сырдария, Жетісу өлкесі Қоқан хандығына бағынышты болды. Олар қазақ жеріне Жаңақорған, Шымқорған, Күмісқорған, Қосқорған бекіністерін тұрғызып үлгерді. Қоқандықтар Әлім ханның билігі тұсында (1801-1809) Сайрам, Шымкент қалаларынан бастап, Ұзынағашқа дейінгі аумақтарды бағындырса, Омар ханның (1809-1822)  тұсында Түркістанды өзіне қаратты.

Бірақ оталаушылардың жымысқы саясаты бұл өңірді де өздеріне қаратып алуды көздеді.  Әсіресе, 1980 жылғы шабуыл Шымкент, Әулиеата, Сайрам, Түркістан өлкесін қатты күйзелтті. Отарлаушылар «хиуа-қоқандықтардан қорғау қажет» дейтін желеумен арнайы сайлауыт отряд дайындады. 1864 жылы подполковник Черняев отряды  Шу өңіріне аттанып, Меркі,  Әулиеатаны бағындырып күзде Шымкентті басып алды.  1858 жылы Ақмешіт алынды. 1853 жылы қоқандықтар тұрғызған Ақмешітті (қазіргі Қызылорда) бекінісін иеленіп алды. Атын герналдың құрметіне «Перовск» деп өзгертті.

Осы жылы орыс әскерлері Қазалы мен Қармақшыны форттарын тұрғызды. Келесі он жылда Шымкент пен Ташкентті алып, 1866 жылы Сырдария, Жетісу өлкесін толық бағындырып, Түркістан губерниясын (орталығы Ташкент) құрды.

Майлықожаның айтқанындай:
Тоқпағым мен Піспегім,
Өңімдей болды түстегім,
Орыс шықты тауыңа,
Қиын болды түспегің.
 
Әулие ата, Талас-ай,
Үстінде жатқан Алаш-ай,
Орыста қалды қор болып,
Мұсылманның баласы-ай.
 
Сулы мен Билікөлім-ай,
Жуалы, Шақпақ белім-ай,
Орыста қалды-ау қор болып,
Шалқып жатқан елім-ай! Рас, осылай болды да қалды.
– Қоқан хандығы жойылғаннан кейін ғана дінінң қаймағы бұзыла бастады. Алайда оған қарсы өре түрегелген жыршы-жыраулар еді. Мәделі қожаның Майлықожаның тағы басқа ақын-жыраударыдң ислам дінін насихаттап түрлі қисса-дастандарды жырлағаны халқының иаманына қорған бола біліпті-ау.

– Бұл патшалы отарлаушылардың амалына қарсы қауқар еді. Оның арасында қожалардың Арқа өңіріндегі елдерді жайлап ақырын дін жолын ұстанып жүргенін тарихтан мәлім. Бірақ бұл жаппай болған жоқ, өйткені олардың жолын  патшаның әскерлері жапқанын білеміз. Дегенмен, патша заманы кезінде ойға алған саясат кеңестер кезінде де жалғасты деуге болады. Оңтүстіктегі дін ағартушыларына қарсы күрес өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары басталып, діннің қаймағын шайқап жіберді.

Белсенділер 1929 жылы «Жауынгер құдайсыздар одағын» құрды. Осы ұйымға мүше болудан қазақтар Одақ көлемінде украиндардан кейінгі екінші орынға ие болды.  Кеңес билігі кезінде республика бойынша 465 діни ұйым мен мешіттер жабылды.

  – Қалың оқырман біле бермейтін дәйектерді  жеткізудегі талпынысыңыз өз уақытында болған сияқты.

– Мына қым-қуыт заманда көбіміздің кітап кеміріп, мұрағатта жүретін уақытымыз жоқ. Бірақ, сананы сәулелендіретін  дүниеге тапшымыз, іздеп жүреміз. Адам баласы солай жаратылған. Осы қажеттілікті ескеріп, қалың оқырманға  түсінікті болуы үшін отарлау тақырыбындағы ғылыми зерттеулердің қаймағын қалқып өтіп, зерделеу арқылы оқырманмен бөлісуге асықтым.  Бұл алдағы жұмыстың басы ғана.

Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button