Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Жыраудың үш толғауы

Шортанбай Қанайұлы

БИЛІК КЕТТІ БАСЫҢНАН

Патша жұртын қанады,

Байлар жөргем санады.

Жарлының жаны берік-ті,

Мал үшін он екі ай қой бағып,

Жалғыз тоқты алады.

Тоқты берсе, ісек деп,

Құнан шығар тұсақ деп,

Саулық берсе, егіз деп,

Қыстан шыққан семіз деп,

Жарлының тынышын,

Құрттай санап мал алды,

Ел қамқоры сандалды.

 

Кетейін десе алды тар,

Тұрайын десе кәпір бар,

Қайсы бірін айтайын,

Қазақтың ұлы қамалды.

Қамалмай енді неғып тұр,

Тәубесінен қазақ жаңылды.

Тұс-тұсынан жау шығып,

Дұшпанға жаман табынды.

Көдесі калың Арқаңыз,

Ақ шөбін қимай бағынды.

Бағынғанның белгісі:

Билік кетті басыңнан,

Қорлық көрдің жасыңнан.

Ұл-қызыңнан үміт кетті,

Айырылдың кұда, досыңнан.

Мұнан қатты не болсын,

Өмір менен осыдан.

ШАБЫНАН ШОШҚА ТҮРТКЕН СОҢ

Жамандықтың белгісі:

Ұлың көңілі – бір бөлек,

Қызың көңілі – бір бөлек,

Өзінің көңілі бір бөлек.

Алысар тұстар болса да,

Әлсіз айбар не керек?

Ендігі жанның ақылы,

Отқа түскен көбелек.

Көбелектен несі артык,

Өлген қазақ көрмедің,

Жалға жүрген жалшыдай,

Жан қадірін білмедің.

Білмегеннің белгісі:

Баланды бер деп орыс тұр,

Қайтемін деп болыс тұр,

Қорқар ма орыс қой дегенге,

Қазақты қамай түсіп тұр.

Басыңнан билік кеткен соң,

Малыңнан асып, балаңды,

Бер деп ақыл тапқан соң,

Тоғайды жеңіп қолға алған,

Өз ақылы жеткен соң,

Бұ құсаға ел қайтып шыдасын,

Шабынан шошқа түрткен соң!

ЕСЕР ҚҰЛ

 Шалғын жайлар күйретіп,

Мың кісі мінер үйретіп,

Қазақ кез мойын атқа міне алмас,

Кең шалбарды кие алмас.

Ақылы жоқ есер құл,

Бір қайырылмас кеткен соң,

Көгерер ме осымен.

Кеткенде қайда барасың,

Алдыңызда Қоқан бар,

Орыстан жаман тым-ақ жау.

Қазаққа атар таң бар ма,

Мұнан өзге заң бар ма?

Қомда туған қазақты,

Қамарға бірме-бір шағып тұр,

Дуанға қағаз салып тұр,

Асылық асқан заманда!

Сөйтсе де жұртта ар бар ма?

Қатын ұрыс болып тұр,

Аяғынды қия бастырмай.

Малыңды билеп  балаң тұр,

Дос-жарыңа шаштырмай.

Сыртыңнан билеп келіп тұр,

Ақ-құласын қостырмай.

Жүгіңді билеп қызың тұр,

Басең  ине шаныштырмай.

Күңнен туған көбеген,

Күң көтіне қыстырмай

Құлың кетті құтырып,

Қонаққа қазан астырмай.

 

Суретті түсірген Болат Омарәлиев

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button