КІРІСПЕ
Шортанбай… Күдігі көп күрделі дәуірдің – зар заманның құлақ күйін күңірене шерткен, қасіәретін төккен айтулы, әйгілі Шортанбай… «Зар заман ақындары» деген ұлы шоғырдың ішіндегі жарық жұлдызының бірі Шортанбай…
Қилы кезеңде қырық түрлі қисынмен ұғындырған «Зар заман», «зар заман ағымы», «зар заман ақындары» деген ұғымдар үрей көлеңкесінен, саясат салқынынан арылып, енді қазақ тарихындағы, қазақ әдебиетінің тарихындағы белгілі бір құбылыс ретінде өз арнасына құйыла бастады.
Қазақ әдебиетінің тарихындағы тұтас бір дәуірді қамтыған зар заман ағымы, зар заман – көлеңкесінен қорыққан, дамуды көре алмаған, дүниеге маркстік-лениндік материалистік көзбен «қарай алмаған» саруайым, кертартпа шер-қайғының шырмауындағы «байғұс жандардың» ойдан шығаған елес дүниесі емес, зар заман – тарих ақиқаты. Зар заман ағымы – қазақ әдебиетінің тарихындағы аса бір нақты құбылыс.
Шортанбай мұрасына асығып-аптықпай, науқаншылықпен даурықпай, түпкілікті оралар шақ туды. Дәл қазір Шортанбай төңірегінде тарам-тарам болып, өрбіп кетер, ұшын ұстасаң ұшығына жеткізбестей қыруар шаруа тұр. Ең әуелі, Шортанбай мұрасына мазмұндыцқ-тақырыптық, саяси әлеуметтік, көркемдік жақтан тұтас сипаттама беруге келу үшін, ақын ақиқатын ашу үшін оның әдеби мұрасын жиып-теріп тұтас қамтып, елеп-екшеуге күн ұзатпай кірісу қажет. Бұл – бірер шаруамен, қайсыбір жайдың басын шалумен біте қалмайтын ғылыми эстетикалық құбылыс. Шортанбайдың шығармашылық мұрасына қатысты ізденістерден туған бұл еңбекте сол үлкен істің қайсыбірін түгендеп, тауысып тастамасақ та, белгілі бір дәрежеде жүйелеп, негіздеп көруді мақсат тұттық.
Шортанбай – қазақ әдебиеті тарихында айрықша аталатын, әдеби мұрасы әр уақыттың «әділ» бағасын алу үшін сан қайта сараланған ірі ақындарымыздың бірі. Әдеби танымда Шортанбайдың шығармаларына шынайы баға берілген жоқ десек- күпіршілік. Әйтсе де қайсыбір уақыттарда жасырып-жабуға көнбей от боп өртеніп жатқан «сойқан» өлеңнің аулақтау жүруді жөн көрдік.
Жалпы, біздің өткен тарихымызға көзқарас қандай болса, қилы замандарда туған әдебиетімізге деген ықылас-пейіліміз дәл сондай болды. Бұл – қазір көз жеткен ақиқат. Оны жаңа сөз айтқандай аударыстыра берудің қажеті де жоқ болып қалған сияқты. Алайда ұлы Ақиқаттың орнығуы үшін жекелеген көп шындықтың жай-күйін тану, табу парыз. Сол көшіліп жеткен, көбесі сөгіліп жатқан шындықтың бірі – Шортанбайдың шындығы. Айтқаны бүгінге алмағайып замандардан өтіп жеткен Ақынның астарлы сырын ашу оңай емес. Бір жағынан, әрі-беріде Шортанбай туралы айтылмаған сөз қалмағандай. Бірақ Шортанбайдың әдебиет тарихынан алар өз орнына қатысты, идеялық-эстетикалық көзқарасына қатысты шындығы, ақиқаты енді ғана айғақталып жатқан қазақ халқының тарихымен, оның әдебиетінің өткені, бүгінгі, ертеңгі дейтін жайлармен айрықша байланысты.
Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасы жайлы айту – оның заманы, қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы дейтін үлкен мәселелерді қозғай отырып сөйлеу, түйін түю болмақ. Онсыз Шортанбай мұрасы қазақ әдебиетінің тарихындағы ғылыми бағасын ала алмайды.
Қайталап айтамыз, Шортанбай төңірегінде бірталай еңбек бар. Оларға тоқталып, саралауға, шортанбайтанудағы өлшеусіз үлесін айтуға да міндеттіміз. Бірақ, дәл қазір қазақ әдебиеттану ғылымының алдында қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесі, әдебиет тарихындағы түрлі ағым-сарындарды ғылыми негізде тұжырымдай түсу міндеттері тұрғандықтан, Шортанбай мұрасын осы аяда қарастырып, түпкілікті мақсатқа бастап жатқан негізгі міндеттерге бейімделе беруге тиіс екенін еске салудың артықтығы жоқ. Себебі, қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне де, зар заман ағымын сонау өткен ғасырдан бастап, үстіміздегі ғасырдың жиырмасынша жылдарында әрі қарай орнықтыра, ғылыми негізде бекіте түсу мақсатындағы зерттеулерге де, онан бергідегі «бұра тарту» қисындарына да Шортанбайдың шығармашылық мұрасы соқпай өте алмайды.
Әдебиеттану ғылымымызда тынған қыруар шаруа бар. Бірақ оны өңдеп, жөндеп, толықтырып отыру ғылым талабы, жөні. Шортанбайдың олжасы. ХІХ ғасыр әдебиет тарихында екі кезеңге: І жартысындағы, ІІ жартысындағы әдебиет болып бөлініп келе жатыр. Ал әдебиет тарихындағы тұтас дәуірлерді қамтитын ағым, сарындардың, түрлі бағыттардың хронологиялық шарттылықтардың шеңберіне сыймай жататыны жөнінен келгенде, ертелі-кеш айтылған ғылыми ой-пікірлерді әрі қарай бекіте түсу, дамыа беру, жүйелеу, тұжырымдау мәселелері әруақытта назарда болуы тиіс. Мәселен, ұлт-азаттық сарын қазақ әдебитінде бірнеше ғасырды, тіпті тұтас тарихын қамтиды. Және ол тек орыс отаршылдығына ғана қарсы туған сарын емес.
Ал қазақ әдебиетінің тарихында зар заман ағымы дегенді жалпы алып, қазақтың бар заманы зар заман еді, сондықтан оны жеке әдеби ағым ретінде алып қарастырудың ендігі жерде реті бар ма дегендей пікірге де ойлана қарап, ой айту міндет. Қыруар іс тынғанымен, көп шаруасы жөнге келтіріп, ғылыми жүйесін жасауды күтіп жатқан ұлы әдебиетіміздің бір кездерде Мұхтар Әуезов өзінен бұрынғы пікірлерді ілгері дамытып тұжырымдап кеткен, қазіргі қайсыбір жағдайда айтып жүрегініміздей жүздеген жылдарды емес, нақты жүз жылдық дәуірді қамтиды деп атап кеткен зар заман ағымын неге жоққа шығаруға тиіспіз? Қайта, кезінде сараланып, басты сипаттары аталғанымен, кейіннен басқа арнаға бұрып жіберілген, енді қайта қарастырылып жатқанқазақ әдебиеті тарихындағы бұл дәуірді мықтап негіздеп, толықтырып, ғылыми сипаттамасын жасап, теориялық негізде орнықтыратын кез туды емес пе?! Сол себептерден де Шортанбайдың әдеби мұрасы, шығармашылық негіздері жайлы тиянақ-тұжырым жасауға сол зар заман әдебиетінің орбитасына шықпай Шортанбай шығармашылығын ғылыми жақтан тұжырымдау қиын. Сондықтан да жұмыстың алғашқы тарауы «Зар заман ағымы» деп аталды. Ол тарауда Мұхтар Әуезовтың 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» еңбегінде тұжырымдалған зар заман ақындарына берілген сипаттама негізге алынып, арғы-бергіде айтылған пікір, тұжырым-түйіндер ескеріліп отырды.
Күні бүгінге шейін зар заман ақындары төңірегінде әріде де, беріде де айтылып қойған, айтылып жатқан жайлар аз емес. Айтыла беруге тиіс те. Дулат ақын мұрасы зар заман тұрғысынан арнайы зерттелмегенімен, көркемдік кестесі, әлеуметтік салмағы жағынан қарастырылды. Мұрат Мөңкеұлының әдеби мұрасы жайлы диссертация қорғалды. Діни-ағартушылық ағым өкілі ретінде Әбубәкір Кердерінің шығармашылық мұрасына назар аударылды. Жекелеген ақын-жыраулар шығармалары баспа жүзін көріп жатыр.
Сонымен, Шортанбай мұрасын бағалауға келуде әдебиет тарихын дәуірлеу, әдеби мұраны саралау, ғылыми негізде жүйелеу, игеру мәселелеріне соқпай өте алмаймыз. Осы, басты, түпқазық жайлардың арғы-бергісін саралап, анықтап, күмәнді, күдікті, жасырын, жадағай тұстарын біліп алмай тұрып сөз айту – бос әурешілдік.
Мәселен, қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағымды алайық. Бұл әдебиет тарихының профессор Бейсенбай Кенжебаев негіздеген»[1]
Әдебиет тарихында теориялық тұрғыдан негізделуі басталғанымен, санамызға сіңгенімен қазіргі әдебиет тарихына қатысты оқулық, зерттеулердің қолданымында зар заман атауы соңғы уақытқа шейін қағаберіс қалып келді, 1932 жылы Сәкен Сейфуллин қазақ әдебиетінің төңкеріске дейінгі тарихын екі дәуірге бөлді:
- «Билер дәуірі», 2) «орыс патшасына бағынға дәуір» [2]. Сәбит Мұқанов Шортанбай дәуірін «зар заман әдебиеті», деп, ғылыми негізде баға берді [3]. Былайғы уақытта Шортанбай дәуірі қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне қатысты пікір айтқан Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, Ә. Қоңыратбаев, Ы. Дүйсенбаев сияқты ғалымдарымыздың да арнайы тоқтап, айрықша мән беріп өткен дәуірі болды.
Соңғы жылдары ғалым Мекемтас Мырзахметов зар заман әдебиетін орыс отаршылдығына қарсы туған сипатына қарап: «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» деп атауды ұсынады. Демек, әдебиет тарихында аса белгілі, алабөтен қалыпта пайда болған үлкен әдеби процесті, әдеби ағымды арнайы сөз етпеу, елемей қою – ғалым үшін қиянат.
Шортанбайдың шығармашылық мұрасына қатысты пікір ХІХ ғасырдың соңғы ширегінен бері қарай айтылып келеді. Соның ішінде аса баса назар аударуды қажет ететін тұстар, әсіресе, Мұхтар Әуезов зерттеулері, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов тұжырымдары және 1959 жылғы «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияның материалдары, Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, Х. Сүйіншәлиев, М. Мағауин, С. Талжанов, К. Жүністегі пікірлері. Арнайы тарауда осы жайлар төңірегінде Шортанбай шығармалары негізге алынып ой-пікір айтылды.
Қазақ әдебиетінің тарихын жасауда, Ізденіс, ілгерілеу кездесті. Сол ізденістердің бір мәндісі, әсіресе, ХХ ғасыр басындағы Қазан төңкерісінен кейінгі «Енді біздің де күніміз туды, бар жоғымызды барлауға, бағалауға кірісу керек» деген көңіл күйінен, үлкен үміттен, ұлы төңкеріске деген сенімнен туған құлшыныс, құштарлық еді. Сол тұстағы Ахмет Байтұрсыновтың, Халел Досмұхамедұлының, Мұхтар Әуезовтың, Сәкен Сейфулиннің ізденіс еңбектері – сол сілкінудің жемісі. Көп ұзамай олардың көпшілігі өзінің «артық сілтеп» заман қоштамас пікірлер айтқанынан азап шекті, қорлық көрді. Қуғын-сүргіннен қағылып-соғылып «аман» қалған Мұхтар Әуезов өзі жасаған, өзі тұжырымдаған ғылыми негіздер жайлы «жұмған аузын ашпайтын» күйге көшті. 1957 жылғы қаулы[4] негізінде өткізілген 1959 жылғы конференция [5] 1947 жылдың [6] мәжбүрлеуінен сәл ілгерілеу. Бірақ, не дегенмен де сол «ілгерілеудің» өзі ұлтымыздың үстіндегі үрей болған бір қоюландырып алудың амалы болған сияқты. Әрине, қилы кезеңнің саяси бағасын беру әдебиеттану ғылымының міндеті емес. Бірақ біздің ұлттық әдебиеттану ғылымымыз, әдебиетіміздің өзі саясаттың жетегінде, біресе алай, біресе бұлай бұлт еткен қитұрқы құбылыстардың құрсауында болғанын қазір ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазақ әдебиетінің тарихында аса көп сөз болған, әдеби мұрасы белгілі бір дәрежеде талданып-таразыланған, үнемі назарда болған әдебиет өкілінің бірі – Шортанбай.
Шортанбайдың әдебиет тарихындағы орны ХІХ ғасырдың аяқ шенінен бастап-ақ айғақтала бастады. Шортанбайтанудың басында, біздіңше, халқымыздың әдебиет үлгілерін жинап-зерттеуші, бағалап-саралаушы, қазақ әдебиетінің ғылыми сипаттамасын жасаушы В.В. Радлов тұр. Ол өзінің халық жайы, әдебиет жайы танымдық, ғылыми еңбектеріндегі ел ішіндегі әдебиет үлгісіне, түріне, сарынына, ерекшелігіне барлау жасайды. Әдебиет түрін айғақтап отырып айтқанда, ел жағдайын, ислам дінінің дағдайын қамти отырады. Кейінде Шортанбайға діншіл, діни деген атақтың ажырамастай болып жабысуының бір ұшы Радлов мәліметтерін ұшқарылау қабылдап, соған сүйене сөйлеуде жатқан сияқты.
В.В. Радловтың мына бір пікіріне әсіресе назар аудармасқа болмайды. «Зар заман» мен «Заман ақыр» тәрізді ғибрат өлеңдер Ертістің шығысында дала қазақтарының моллалары шығарған қол тума туындылар [7]. Ертістің шығысында дала қазақтарының молдасы деп отырғаны кім екенін жазбай тануға «Зар заман» деп бүкіл бір дәуірге ат берген толғаудың өзі-ақ сілтеп тұр. Әрі бұл дерек Шортанбайдың жазба ақын да болғандығын айғақтайды. В.В. Радлов Шортанбай толғауларын тұңғыш жинаушы,и әрі бастырушы [8]. «Дала уәлаяты» газетінің бетінде Шортанбай шығармалары жайлы сөз болды.
Үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Шортанбай ақын мұрасын жан-жақты қарастыру үзілген жоқ. 1927 жылы М. Әуезов «Әдебиет тарихы» оқулығында Шортанбайдың қазақ әдебиетітарихындағы айтулы ағымның – зар заманның атышулы тұлғасы ретінде таныды. Әдебиет тарихындағы өзгеше мектептің ірі өкілі, көшбасшысы есебінде көрсетті. Өкінішке орай, аталған еңбек ғылыми, әдеби айналымға түспеген күйде «құртылды». Сол тұстағы Х. Досмұхамедұлы, А. Байтұрсыновтардың әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сынына қатысты, соның ішінде Шортанбай деп ала-бөтен бөліп, жіктемегенімен, ақын өмір сүрген дәуір әдебиетінің ерекшеліктері сипатталған еңбектері де құрдымға лақтырылды.
Сәкен Сейфуллиннің әдебиетану ғылымына сіңірген еңбегі де өлшеусіз. Оның 1929 жылғы «Еңбекші қазақ» арқылы халққа жолдаған «Қазақ әдебиеті туралы ашық хаты» – сол бір қысылтаяң күндердегі бұқпай, бүгежектемей, жоғары мектеп үшін дегенді алға қоя отырып, халықтың былайғы рухани тарихына аса қажет бетбұрыс іс жасағаны – Сәкен тындырғанөлшеусіз жанқиярлық еңбектің аса бір елеулі көрінісі.
«Халық тарихын, әдебиет тарихын тәртіптеп жазып, шығаруға әдебиет тарихының дерегі керек. Әркім әр жерде бөлек-бөлек жинап жүргеннен жалпының ортасындағы ұлы қазан тәрізді университетке жіберулерін өтініш қыламыз. Кейбір маңызды мағлұматтарға ақша төленеді. Өте-мөте керек болып отырған мағлұматтар: Асан қайғы сөздері, Бұқар жырау, Шортанбай, Ақмолла ақын, Мәшһүр Жүсіптің сөздері, өлең-күйлері, Жаяу Мұса өлеңдері. Маңмаңгердің Ыбырайының, Балуан Шолақ, Мәди, Омар Қарашев өлеңдері, әсіресе, «Терме» деген өлеңі. Бұлармен қатиар ел аузында жатқа айтылып жүрген түрліше өлең-жыр әңгімелер. Қазақстың әндерінің, күйлерінің тарихтары, мәселен, «Бозайғыр», «Бозінген», «Балбырауын», «Ақжелең», «Сарыжайлау», «Қосбасар», «Терісқақпай», «Қорқыт күйі», Ықылас, Балабақсы, Дайрабай, тоқа күйлері. Осылардың бәрі қазақтың тарихына, мәдениет, әдебиет тарихына керек мағлұмттар»[9].
Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932), «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), Шортанбай мұрасы жарияланған, Шортанбай шығармашылығына баға берілген бірден бір еңбек ретінде барымен халықтың қолданылуына болды. 1933 жылы М. Әуезов, М. Жолдыбаев, Ә. Қоңыратбаев Шортанбай мұрасын әдебиет оқулығына енгізіп, талдап, саралады.
Жалпы үстіміздегі ғасырдың 30-40 жылдары аралығында «өткеннің бәрі кертартпа» дегендей бірыңғай бет басым болды. Ал 1940 жылдардан жалпы әдеби мұраға көзқараста 1947 жылға шейін бұрынғы пікірде мүлде қарсы пікірге көшкеніміз – ол да біздің әдебиет тарихын жасауда, әдебиеттану ғылымымызда дамытуда, саяси тарихымызда бастан кешкен шындығымыздың бірі. 1942 жылы Сәбит Мұқанов Шортанбайға өз бағасын берді. Әділін айтсақ, көп нәрсені ашып берген құнды баға. «1783 жылдан басталған қазақ халқының көтерілісі 1850 жылдары уақытша , мылтықтың күшімен басылды десек, содан кейінгі жылдарыдағы халық басына түскен қиыншылықты Шортанбай өзі өлгенше ықыласын сала, бойдағы бар ақындық талапты жұмсап, халық қайғысын халықпен бірдей қайғыра, халықпен бірдей жылай өті. Сол кездегі қазақ тұрмысынан Шортанбайдың жыры шолмаған ешбір сала жоқ». [10] Профессор Қажым Жұмалиев 1941 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті» оқу құралының екінші бөлімінде: «Шортанбай өз дәуіріндегі әлеумет өмірінің барлық мәселелерін түгел шолып, олардың әрқайсысына жеке тоқтап өтті, ол мәселелер жөніндегі көзқарасын айтып берді. Қосқыртыс қайшылықтың жуан ортасында болған сыншыл ақын болмысты жасырмай, шын өз қалпында көрсете алды. Сондықтан Шортанбай үлкен реалист ақын» [11], – деп тұжырым жасады.
Есмағамбет Ысмайылов та осы бағытта болды. Алайда, 1946 жылғы қаулыдан кейін ғалымдар Шортанбайға басқа «баға» беруге және мәжбүр болды. Енді таптық тұрғыдан, идеология ықпалында тану, таныстыру өрістеді… 1948-50 жылдары шыққан «Қазақ әдебиетінің оқу құралында» профессор Қ. Жұмалиев бұрынғы пікірлерінен қол үзіп, сын мен мәнін баса көрсетті.
С. Мұқанов «Ана тілі мен әдебиет сабағы туралы» мақаласында [12] Шортанбай мұрасының екі жақтылығын көрсетті. 1957 жылы мерзімді баспасөзде шортанбай төңірегінде бірталай әңгіме өрістеді. Т. Нұртазин, Ы. Дүйсенбаев, Ғ. Мұсабаев, С. Нұрышев «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде бірталай пікір айтты. Шортанбайтануда аса бір есте ұстар жай – ол туралы пікір айтқан ғалымдардың әр кезеңде әр қилы сөйлегені, баға бергені. Сөз жоқ, оның әр жағында саясаттың салқыны жатты.
Не дегенде де, Шортанбай мұрасы сол тұжырым-пікірлерде салмақты, мәнді қалпын бәрібір сақтады. Жамандалып отырып-ақ, ақталып жатқан, айғақталып, саралана түскен тұстары аз болған жоқ. Олардың айтуында: Шортанбай Шоқандай, Абайдай бола алмағанымен, заман шындығын шеберлікпен өлеңге сыйғызған; Шортанбай дін сөзін көп қолданғанына қарамастан, діндар емес, мистік-ақырет ақыны болғанымен, оны халық санасынан сыртқа сырып тастауға ешкімнің құдіреті жеткен жоқ; Шортанбай феодал табының көзқарасымен жауап берсе де, еңбекші халықты қанап отырған кім екенін көрді; Шортанбай құдайға сенген, мұсылман дінінің қабырғалы молдасы болғанымен, үнемі модалық жолын қумай, заманында айтысқа түскен – суырып салма ақын; Шортанбай араб сөзін қолданады, бірақ жалпы елге таныс сөздерді ғана айтады; Шортанбай бұрынғы фольклор дәстүрінен алға кеткен, өлеңінің варианты біреу ғана; ол өз заманының елеулі ақыны, Абайдан бұрынғы әдебиеттің көрнекті уәкілі; Шортанбай ескі ақындарша әріден бастамайды, жыр дәстүрінен де Шортанбай озат тұр; ескі фольклордан көркем әдебиетке таянған, бірақ ат құйрығын мүлде кесіспеген; Шортанбай ауыз әдебиет пен жазба әдебиеттің арасында жатқан көпір; Шортанбай өлеңі тақ-тұқ, қарабайыр көрінгенімен, ол сөз образын мықтап тізгіндеген, шебер ақын; әдебиет тарихында халыққа баспа бетінде де, ауызша да көп тараған Шортанбай орны бөлек… Осылайша түйіндей берсек, Шортанбай шығармашылығының қыр-сырын аша түсер; оның әдеби мұрасын бағалауда айтылған пікір-тұжырым аса көп. Көп талдаудың ішінде 1959 жылғы конференцияда Сәйділ Талжанов жасаған қосымша баяндама – өзінің нақтылығымен, ғылыми мәселе қойылымымен Шортанбайтанудағы ізденістердің өрісі әзірге тартып жатқанына меңзеген мәнді баяндаманың бірі.
1957 жылы «Қазақ ССР тарихының» бірінші томына Шортанбай Есмағамбет Ысмайыловтың талдауымен енді. Мұның өзі ақынның біздің рухани, мәдениет тарихымыздағы елеулі тұлға екенін мойындау, тану еді демеске болмайтын құбылыс екені даусыз.
1957 жылғы қаулы, 1959 жылғы ғылыми-теориялық конференциядан соң Шортанбай мұрасы жоғары мектепте ғана оқытылатын болды.
Соңғы жиырма шақты жл көлемінде Шортанбай мұрасын игерудің сол елуінші жылдардың деңгейі мен шеңгелінен әлдеқашан үзіліп шығып, халқымыздың әдебиет үздіктерінің сапасында сараланып, бағаланып келе жатқанын айтпасақ, басын бәйгеге тігіп, бір кезде әлдеқандай қаулы болған, қарар болған деп қысаң ұғымдарға басындырмай ірінің ірілігін барымен айтып келген Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, Ә. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Т. Кәкішұлы, М. Мағауин сияқты ондаған ұстаздарға, әдебиетші-ғалымдарға қиянат.
Иә, әдебиет тарихы мәселесі сөз болған тұста Шортанбайдың айтылмай қлған кезі жоқ. Бірақ соған қарап бәрін тауысып қойдық деу ерте. Ұзақ жылдардан соң ақын мұрасына қайта оралдық.Енді сол төңіректе түпкілікті, түбегейлі ғылыми жұмыс қажет. Сол жағынан келгенде шортанбайтануда көбесі сөгілмей жатқан мәселелер шаш етектен. Ең бастысы әдебиет тарихын дәуірлеу, әдеби ағымдарды тұжырымдау, негіздеуге апарып соғар жайлар көп. Осы үлкен проблеманың аясында ақынның әдеби мұрасының басылу, сақталу, зерттелу жайы түпкілікті қарастырылуға тиіс.Шортанбай мұрасының бұрынғы соңды жарияланымдары, қазіргі қал күйі ұзақ жылдар бойы арнайы сөзді күтіп жатты.
Шортанбай шығармаларыф төңкеріске шейін бірнеше басылым көрді. Соның басым көпшілігі өзі дүниеден өткеннен кейін шықты. Соған байланысты осы басылымдардың басы-қасында кімдер жүрді? Қандай өзгеріс, өңдеу (редакциялау) болды? Деген сауалдар да тиісті жауабын алуға тиіс. Тағы бір мәселе, Шортанбай мұрасын жинап зерттеушілер, түрлі басылымдарға қосушылар атқарған істі саралауға байланысты болмақ. Әріде В.В. Радлов, Лютш, Ы. Алтынсарин, М.Көпеев; беріде С. Сейфуллин, Қ. Жұмалиев, Ш. Кәрібаев, Х. Сүйіншәлиев, М. Мағауин, К. Жүнстегі, С. Дәуітов Шортанбай шығармаларын жинады, бастырды. Бұл істе кім қайдан не алып, қалай пайдаланды деген мәселе де тасада қамауға тиіс. Шортанбай, сөз жоқ, бізге үзіліп-жұлынып, мың өзгеріп, мың түрленіп жетті. Дәлел? Дәлел көп, ол ІІ тараудағы текстология мәселесіне байланысты баяндалады.
Осы тұрғыдан келгенде ақын мұрасын бағалаудағы негізгі шаруаның бірі – жарияланған, басылым көрген өлең- толғаулардағы жаңсақтықтарды айғақтауға ұмтылу. Яғни, мүмкіндігінше ақын мұрасының ғылыми текстологиясын жасау. Сол мақсатта біраз салыстыру, айғақтау жұмысы жүргізілді. Ғылым талабы, әдеби мұраға деген өркениетті талап тұрғысынан келсек, Шортанбай мұрасын ақтарып-төңкеруге, арнайы, мақсатты зерттеулерге мұқтажын бір еңбектің көлемінде өтеу мүмкіндігі шектеулі екендігін ескере отырып, ақын мұрасына зар заман ағымы, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесі; әдебиеттегі діни сарын; жыраулық өнер ерекшеліктері; төңкерістен кейінгі басылымдар негізіндегі салыстыру, пайымдаулар; қайсыбір өмірбаян деректері аясында тоқталдық; міндетті түрде зерттеуді, тереңдетуді қажет етіп жатқан жайлардың қайсыбірін назарға ұсындық; арғы-бергіде әдебиеттану ғылымында ақын мұрасына берілген бағаның қыр-сырын, астар –айғағын, түрлі себептерін түйіндеп, тұжырымдауға ұмтылдық; ақын шығармаларына мазмұндық, белгілі бір дәрежеде көркемдік талдау жасадық; Шортанбай мұрасын зерттеудің қайсыбір келешек міндеттері жайлы ой қозғадық. Мәселен, ақын шығармаларындағы қайсыбір мағынасы ұғынықсыз, қайсыбір араб-парсыдан енген сөздердің сөздігін жасау да аса қажет істің бірі. Қазақ өлеңінің поэтикасы аясында Шортанбай өлеңінің жанр, түр ерекшелігін ашу, тұжырымдау, сатиралық элементтерге назар аудару да өз алдына арнайы зерттеуді қажет етеді.
Жұмыс барысында қазақ әдебиеттану ғылымының бұрынғы-соңды әдебиет тарихын дәуірлеуге, қазақ өлеңінің теориялық тұжырымдамасын жасауға, жегелеген ақын-жыраулар мұрасын тұтастай қарастыруға арналған негізгі-негізгі зерттеулердің жетістігіне сүйендік; қисында, түпкілікті, түбегейлі ғылыми арналарды бағыт тұттық. Ол еңбектер, негізінен, жұмыс барысында аталып, көрсетілді; пайдаланылған әдебиет көрсеткішінен орын алды.
[1] Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. Алматы. Жазушы, 1986.
[2] Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. .
[3] Сейфуллин С. Қазақ әдебиеті. Алматы, 1932.
[4] Қазақ әдебиеті. 1957. 26 шілде.
[5] Әдеби мұра және оны зерттеу. Алматы. 1961.
[6] Социалистік Қазақстан. 1947.1 ақпан.
[7] Радлов В.В. Алтын сандық.- Алматы: Ана тілі, 1993. 19-бет.
[8] Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен, том ІІІ, СПБ, 1870.
[9] Сейфуллин С. Қазақ әдебиеті туралы хат. Еңбекші қазақ. 1929. 26 желтоқсан.
[10] Мұқанов С. Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан очерктер, Алматы, 122-бет.
[11] Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті. Алматы, 1941. ІІ бөлім.
[12] Қазақ әдебиеті. 19 сәуір. № 15. 1957.