Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Жыраудың ізі жатыр жаңғырып

Қарағандыдан 130 шақырымда, Астана-Алматы күре жолының бойындағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыға түске таман жеттік. Шортанбай Қанайұлының  200 жылдығы қарсаңында сәті түскен сапарымыздың басты мақсаты – жыраудың есімімен байланысты жерлерде болып, тарихына қану. Зар заман ақынының жамбасы тиген жеріне зиярат ету еді. Тобымызды бастап барған  кинодокументалист Қалила Омаров болса, қатарымызды жас режиссер Нұржан Әзімбайұлы, жезқазғандық меценат Бекзат Алтынбек, Шортанбай мұрасын зерттеуші ғалым Нұрлан Мансұров толтырды.  Арқаның  қазақтың қасиетті жерінде біздерді тек шортанбайтанушы-жазушы Кәмел Жүністегі ағамыз ғана емес, бүкіл ауылдың үлкен-кішісі қарсы алды деуге болады. Осы күнге орайластырып, аудан оқушылары арасында шығарма жазудан, жыр тағылымына арналған конференция ұйымдастырылыпты. Шараны бастап берген қонақтар ауылдан екі шақырымдай жердегі қорымға барып, жыраудың рухына құран бағыштады.

 

Ақсу-Аюлыдан 15 шақырым жердегі Қатпар тауының етегінде Шортанбай жырауға қатысты тағы бір орын  бар екен. Жалпақсаздың сулы сайынан сырғып өтіп, таудың биік бөктерін бетке алып, тез жетіп алдық. Қатпар тауының бұл бөлігі кезінде жыраудың нағашысы Нақып қожаның ұрпақтарының қыстауы болған екен. Осындағы биік төбенің  басына жал болып үйілген жерге Шортанбайдың үйі деген жерге белгі қойыпты. Үйіндіге  үңілгенде жиегі топырақпен көмкерілген жердің бірнеше бөлікке бөлінгенін көрдік. Бірін-бірі қуалайтын қоржын тамның сұлбасына ұқсайды. Кәмел аға шығыс жағынан шығарылған есіктен кіріп, «мына бөлмесінде болып едім-ау» деп еске алды. Жақын жерде мал қора мен малшының шағын үйі тұр. Қазіргінің фермері болуы тиіс. Сол үйден шыққан мысық біздің аяғымызға оратылып, жанымыздан кетпей қойды. Елсіз жерде мысық та ес екен.

Бөктерден төмен көз салсаңыз, тал терегі өскен терең сай жатыр. Оның бір жағасы Қатпар тауымен ұштасып жатыр. Бұл таудың жықпыл-жықпылдарында қасқыр ұялайды екен. Кәмел ағамыз аңшылығының арқасында осы үйдің құпиясын білгенін айтты. Жас кезінде аң аулай шығып, осы үйдің тұсынан өткен. Мұндай Тиышбай деген үй иесімен амандасып, қымыз ішіп сәл кідіреді. Ақсақал қайтар жолдарыңда соғыңдар деген соң,  біраз айналып қайта келеді. Етті асқызып қойып, қария да күтіп отыр екен. Сөзден сөз шығып, Тиышбай ақсақал анда-санда түн ішінде осы үйдің іші күндізгідей жарық болып кететінін айтады. Таң қалған аңшыларға «әулиенің үйі ғой» деп, Шоранбай жыраудың үйінде отырғанын айтады. «Елуінші жылдарға дейін, үйдің қабырғалары құламай тұрған-ды, бүтін еді» деп Кәмел ағамыз еске алды. Уақыт дегенін алады ғой, бірақ ауыл азаматтары ес болып, жыраудың бұл белгісін де елеусіз қалдырмапты.

Ақсу-Аюлы мен Қарқараның арасы 140 шақырымдай. Жолдың екі ортасында таудың қуысынан шымырлап аққан бұлақ – Шортанбай атымен аталыпты. Оның да ел аузында жүрген аңызы бар. Жыраудың мұрасын жинап жүрген Кәмел Жүністегі бұлақтың жайын былайша әңгімелеп берді. «Қамен Ибраев деген тарих пәнінің мұғалімі кезінде директоры да болған. Бірде оның Шортанбай бұлағын көресің бе дегеніне қуана келіссем де, тірліктен қол тимей, арасы созылып кетті. Сөйтіп жүргенде ол кісі дүниеден өтіп кетті. Бұлақты көрсететін жан қалмады-ау деп, ішімнен  өкініп жүрдім. Одан бері біраз жыл өттіп кетті. Былтырғы жылы Шет ауданының 90 жылдығына орай,  «Тасқа тұнған құпия» деген  кітапты баспаға даярладым. Оның алдында, Ақшоқы ауданының әкімі Раушанмен біраз жерлерді аралап, суретке түсіріп жүрдік. Ақшоқыдан өтіп келесі ауданның жер-суын түгендеп, хаттау үшін Талдының әкімі Боранбай деген жігітпен кездестім. Амандықтан соң, Боранбай бауырым: «Кәмеке, Шортанбайдың бұлағына бардыңыз ба?» дегені. Қолымдағы қымыз құйылған кесемді түсіріп ала жаздадым. «Бұл бұлақтың Қарқаралының жолында. Сол жаққа бет алған  Шортекеңді бабаларымыз осы жерде үй тігіп күтіп алады екен. Қолқалап жыр айтқызып, апталап жібермейтін көрінеді. Айналадағы жұртшылық жыр тыңдауға осында жиналады.  Елеңдеп жүрген халық қайтар жолында да осы жерде күтеді.Осылайша халықтың жиналып жыр тыңдайтын қасиетті бұлағына айналып, Жартыбұлақ аты ұмытылып, Шортанбай бұлағы аталыпты. Елдің азаматтары  мұны да ескеріп, белгі қойып, Шортекең іздерін жаңғыртыпты.

Шортанбай жыраудың жырын жатқа айтқан, оны осы күнге жеткізген Шоқатұлы Айнабек деген ақсақал өткен. Марқұмның жатқан жеріне барып, құран оқып кетуді де зияратшылар тобы мақұл көрді. Сол себепті әңгіменің  ағыны марқұмның төртқұлағының басында өрбіді.

«Базар бабамыз бен Шортекеңнің әкесі Қанаймен екеуі бажа. Міне осы келіп отырған кесене Шоқатұлы Анарбек, Базар бабамыздың немересі. Бұл кісі 18 жылын қуғында өткізсе де, Шортекеңнің мұрасын  жырлап, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін көп жұмыс жасаған. Және де көпке көмек көрсеткен емші болған» деді  Әбдіраш аға. Анарбек жыршы Шортанбайдың жырларын айтқаны үшін алдымен он жыл түрмеде отырып елге келеді. Мерзімін өтеп,  елге келіп, жұртымен көрісіп, мауқын басып отырғанда, халқы «жырыңды сағындық» деп  өтініш айтады… Он жыл домбыраны қолына алмағаны бар, кең көсіліп термелеткенді өзі де сағынғаны шығар. Есік-терезені жастықпен қымтап, азғана ортада Анарбек ән салады. Алайда ертесіне қызылжағалылар келіп, Шортанбайдың жырын айтқаны үшін тағы да мойына сегіз жыл жамап,  түрмеге жібереді.

Ақынның жырын айтқаны үшін  айдалғанды бүгінгі заманның  адамдары түсіне қоймайтын болар. Оны ғалым Нұрлан Мансұров былайша түйіндеді:«Осы Әбдіраш ағаның аузынан айтылған әңгімелерге ғылыми тұрғыдан қарайтын болсақ, бүгінгі таңдағы Шортанбай әндерінің  әлі күнге дейін өз деңгейінде дәріптелмегеніне көзіміз жетеді. Анарбек жыршының қамаудағы 18 жылынан Шортанбай жыраудың әндері мен жырларының халыққа қаншалықты жақын екендігін біліп, өкіметтің қаншалықты алыстатуға тырысқанын көруге болады. Осы күнге дейін айтылып жатқан ғылыми тұрғыдағы топтамалардың ішінен Шортанбайдың әндерінің халықтың көкірегінде сақталып тұрғандығы, сусағанының көрінісі сол халық та жыршы да басын тәуекелге байлады. Біз келіп тұрған рухына құран бағыштаған Анарбек бабамыздың өз тарапынан  әдемілеп тәптіштеп жеткізіп, оны халықтың санасына құйып жеткізе алғанының көрінісі деп атауға болады. Себебі неде дегенде, халық сол Шортанбай жыраудың өлеңдеріне құштарлығы, оның мағынасын тани алғандығы, соны қалағандығы. Бұдан түйетін ой қандай деген заманда жырларының да сипаты қарапайым халыққа жақын болғандығын, ол жырларға құштарлығына ештеңе кедергі болмағанын жүреккке түйеміз».

Расында да, Шортанбай жырларында халықтың жүрегіне үміт оятып,  санасында шырақ тұтандыратын күші бар.

Ақынның жырларын жатқа айтқан халқы, Шортанбай жырау ұстаған заттарды да  сақтап келген екен.  Оның ұстаған жез легені, диірмен тасының бірі, пәуескесі мен аса таяғы бүгінге жеткен. Бұл заттар жырларының  қасында ештеңе емес дегенмен, Шортанбай есімімен байланысты жәдігер ретінде көзге ыстық.

Айгүл УАЙСОВА
Астана-Қарағанды-Ақсу-Аюлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button