Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

«Қалықтаған сұңқар ем»

АҚЫН ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 200 ЖЫЛ

 

Темірхан Сақаұлы ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,Қазақстан Республикасы Гуманитарлық  ғылымдар Академиясының академигі, Жамбыл  атындағы  Халықаралық сыйлықтың  лауреаты,  ҚР  Жазушылар Одағының мүшесі, Түркі Әлемі  Халықаралық «Қызыл Алма»  сыйлығының лауреаты

Шортанбай – қазақтың ежелгі дәуірлік және өзімен тұстас әдеби-фольклорлық шығармашылық ортаның тәлім-тәрбиелік, ұстаздық өнеге айту дәстүрін де берік ұстаған ақын. Сондықтан, оның шығармашылығындағы осындай тәлім-тәрбиелік ойшылдық тереңдіктеріне құрылған сөз оралымдарынан үлкен тағылым аламыз. Әдебиет тарихында мұндай жырлардың халықтық тәлім-тәрбиелік маңызы ерекше. Шортанбай дидактикалық толғаныстардың арқауындағы қайшылық атаулының бәрін өзі куә болып отырған замандық мысалдармен нақтылап жырлай білді.

Шортанбай – қазақ әдебиетінің ежелгі түркілік жазба шығармашылығының софылық-философиялық дәстүрінде қалыптасқан ойшыл ақын. Түркілік мұсылмандық жазба әдеби дәстүрде қалыптасқан өнерін ауызша суырыпсалма ақындық дарынына ұштастырады. Ислам діні – дүние жүзіндегі мұсылмандардың қасиетті сенімі. Шортанбайдың осы қасиетті дінді арқау ете жырлаған толғауларынан ойшылдық, сыншылдық, ұстаздық парасат үні айқын естіледі.

Жазушы, ақын мұрасын жинаушы-насихаттаушы Кәмел Жүністегінің жаңа деректеріне қарағанда Шортанбай «… 1818 жылы дүниеге келіп, кезінде Қанай Балқаш көлі төңірегінде мекен еткен Шұбыртпалы руына келіп тұрақ табады. Қанай Нұра бойын қоныстаған Нақыпқожаның қызы Шүкіманға үйленіп шаңырақ көтереді. 1881 жылы қайтыс болған ақын мәйіті Шүкіманның ағасы Ыбырайым мазарының іргесіне жерленіп, мәңгі дамылдап жатыр» Жүністегі Кәмел. Жампоз // «Егемен Қазақстан» газеті, 29 мамыр, 1993 жыл). Жазушы Кәмел Жүністегі Шортанбай ақынның көркем әдеби бейнесін сомдаған «Соңғы абыз» тарихи романында уақыт шындығын толық қамтып суреттеген.

Шортанбайдың ақындық өнерінің ауызша суырыпсалмалыққа ұштасуына шешуші ықпал еткен қасиетті мекен – Орталық Қазақстан даласы. Өмірінің соңына дейінгі көп жылдары қазіргі Жезқазған облысының Шет ауданы жерінде өтіп, сонда жерленген ақынның осы өңірдегі өнерпаздықтың табиғатына да бейімделгені анық, Біржан сал және Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Мәди, Жанақ, Шөже, Орынбай, Кемпірбай және т.б. арқылы өнерпаздар шоғырының игі дәстүрі Шортанбай ақындығының түрлене, айшықтана ажарлауына ықпал еткен. Жұлдыз атаулының бәрі де маңындағы қалың шоғырымен ғана көрікті емес пе?! Қазақ әдебиетінің, мәдениетінің аспанындағы көп жұлдыздардың шоғырымен бірге көрінетін Шортанбай – қазақ елінің бірнеше аймақтарына тән жыраулық-ақындық сапларды осылайша бойына сіңіріп қалыптасқан тұлға.

Қазақ әдебиетінің тарихын құрайтын осындай тұлғаларының ақындық азаматтық, ойшылдық көзқарастарының қалыптасуы – сол ақын тектес белгілі бір әдеби мектепті танытатын ерекшелік. Шынында да Шортанбай-қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихындағы мұсылмандық философияға негізделген білімдар ақындығын халқының қасиетті тағдырына арнай білген азаматтық-философиялық толғаныстармен дараланған ақын. Шортанбайдың мұрасы – насихат өлең, терме, арнау, жоқтау, айтыс өлеңдері, дастан болып келеді. Шығармаларын тақырыптық-мазмұндық, жанрлық жақтарынан бірнеше салаларға бөліп қарастырамыз. Ең бастысы – мұсылмандық қағидаларды софылық-ойшылдық әдеби дәстүр аясында жырлаған насихат (үгіт) өлеңдері. Алаштың ағартушы ғалымы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» (1926) кітабында жазба әдебиетті «Діндар дәуір», «Ділмар дәуір» деп екіге бөледі де, «Діндар дәуір» тарауында Шортанбайдың «Билер пара жемеңіз» насихат (үгіт) өлеңін, «Атамыз Адам пайғамбар» термесін мысалға келтіреді. Демек, Шортанбай мұрасы қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихында әуелден-ақ басты назарда болып келеді. Шортанбайдың мынадай насихат (үгіт) өлеңдері бар: «Мінеді әділ патша алтын таққа», «Адамның жалған дүниесі», «Қалықтаған сұңқар ем», т.б. Насихат өлеңдерінде адамзаттың осынау фәни жалғандағы тіршілік тынысын, өмір құбылыстарын қат-қабат қайшылықтар сипатында жырлайды. Нәпсінің айдауына еріп талай-талай қиғаштықтарға ұрынған Құдайдың күнаһар пенделерінің рухани тазарту жолына түсуіне үгіттейді.

«Қалықтаған сұңқар ем» насихат өлеңі – діндарлық-қанағатшылдық ғұмырды өсиет ететін жыр. Бұл ақынның насихат айта отырып, қоштасу мазмұнында жырлаған арнау өлеңі. Халыққа («Тыңдаңыз, жұртым, сөзімді»), жастарға («Ендігі туған балалар»), үлкендерге («Үлкендер, саған айтайын») арналып басталатын шумақтарда ақынның нағыз гуманистік, азаматтық тұлғасы айқындалады. Арнау, қоштасу сарынында шығарылған насихат өлеңінде ақын адамзатты күнделікті күйбең тірліктегі дүниеқоңыздықтан, ұсақтықтан, өзімшілдіктен, күншіліктен аулақ болуға шақырады. Фәни жалғанның ұлылығын жасайтын құбылыс – адамдық сұлу өмір. Адамдық сұлу өмірдің мазмұнын құрайтындар – Құдай жолына адалдық, еңбексүйгіштік, жомарттық, мейірімділік, қарапайымдылық, қанағатшылдық және т. б. қасиеттер. Ақын осындай мазмұнда өмір сүруге уағыздай келе, бірақ арман еткен осы адамдық дағдыларды маңайынан толық көре алмай жүргендігін айтып уайымдайды. Сондықтан да, халқының жасына-кәрісіне келер күндердегі ұрпақтарының азып-тозбауы туралы уағыз айтады, болашақ күндерден қауіптенсе де үміттене толғанады.

Ақынның шығармаларының бір саласы – термелер. Терме-халықтық тәлім-тәрбиенің негіздері болатын адамгершілік, мінез-құлық қағидаларын баламалы, салыстырмалы бейнелікпен жырлайтын дәстүрлі шығарма. Шортанбайдың термелері де қазақы тұрмыстық қарым-қатынастың табиғи мазмұнындағы асыл сапалы ізгілік шапағатына бөленген қасиеттерді тере, жинақтай айта отырып, солардың барлығын да мұсылмандық қағидалармен ұштастыра жырлайды. Мысалы, Шортанбайдың «Бала зары» атты ұзақ термесі – қазақ поэзиясындағы мұсылмандық-софылық-философия тереңдіктерін шынайы таныта алатын кесек туынды. Терменің тұтас композициялық құрылысында ақын адамзатты жаратқан Адам Атадан тарағандардың пиғылдарына қарай мұсылман мен кәпір болып бөлінуі болғанын айтады. Адамзат жаратылғаннан бері жақсылық пен жамандық арпалыса қайшыласқан қарама-қарсылықты құбылыстарға толы осынау фәни жалғандағы тіршілік тынысын философиялық ойшылдықпен, лирикалық сезімталдықпен жырлайды. Адамдық ғұмырдың реалистік өмір шындығымен суарылған тынысын айқын бояулармен елестетеді.

«Бала зары» – композициялық құрылысы жағынан бірнеше тақырыптық бөлімдерден құралатын термелер жиыны. «Атамыз Адам пайғамбар», «Сен демек қисын емес пе?», «Ит жүгіртіп құс салған», «Жылқының құты айғыр-ды», «Жақсыны жаман көре алмас», т.б. тақырыптық-мазмұндық дербестікпен тұрған термелердің ортақ түйіні – жалпыадамзаттық, гуманистік ойларды мағыналы сөздер шоғырымен жеткізу.

Бұл термелерде адамгершілік тәрбиесінің асыл қағидаларын жеке адам мен қалың көпшілік арасындағы қарым-қатынастар мазмұнында жырлайды. Құдайдың, пайғамбардың қасиетті дінінің ұлы қағидаларын адамгершілік тәрбиесін берудегі өзекті желі етеді. Мысалы, «Атамыз Адам пайғамбар» термесіндегі жолдардың халық көңіліне қасиетті дінімізді берік ұялатуға ықпалының зор болғаны күмәнсіз. Ақын мұсылман діні жолының ұлылығын айта келіп, адамдық ортадағы пендешілік қарама-қайшылықтардың сипатын да дәл бейнелейді. Осы терменің тұтас мазмұнынан қазақ халқының ежелден қалыптасқан табиғи мінез-құлқының бұзыла бастағанынан секем ала жырлаған ақынның ішкі жан күйзелістері аңғарылады. Халқын әділдікпен басқарған кемеңгерлердің орнына сырты бүтін, іші түтін қуыс кеуделердің келіп, елді аздырғанына күйзелген ақынның күйініші, мұңы анық естіледі.

Шортанбай шығармашылығының бір саласы – толғаулар. Шортанбайдың бұндай шығармалары жыраулық поэзиядағыдай дидактикалық-гуманистік ойларды жалпылай айтудан гөрі лирикалық тебіреністі, элегиялық мұңлы-шерлі романтикалық сағынышты, арманды сөздермен өріледі. Ақынның толғауларын ішкі мағыналық сыршылдық саздарына қарай шартты түрде «зар замандық толғаулары», «болжалдық мазмұнды толғаулары», «қоштасу, арнау мазмұнды толғаулары» түрлерінде атауға болатын секілді.

Суреткер жазушы, ғұлама Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ әдебиетінің тарихындағы сыншыл, отаншыл ақындық мектептің өкілдерін «Зар заман ақындары» деп атаған себебін былайша түсіндірген еді: «Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман ақындары» деген ат қойдық».

Шортанбай ақынның «Зар заман» толғауы азаттықты, бостандықты сүйген өр мінезді халқымыздың отаршылдық бұғауына шырматылып жатқан кездегі жан айқайы. Ақын жыры – халық көңілінің айнасы. Жасыл жайлауларынан, асқар шыңды тауларынан, орман-тоғайлы белестері мен мөлдір өзен, көлдерінен, дінінен – жалпы ұлттық-этностық рухани келбетінен айырыла бастаған қазақ халқының тап сол XIX ғасыр мен XX ғасырдағы шынайы қалпын Шортанбай дәл суреттейді. Тарих сахнасынан мәңгілік жоғалып кетуге бет алған халқының аянышты тағдыры ақын тілімен қасіретті, зарлы жыр болып төгіледі.

«Зар заман» толғауындағы негізгі желі – ақынның отаршылдық зұлматынан сескенген қорқынышы, зарлы мұңы. Ақынның қорқынышы – отарлық бұғауға түскен халқының мәңгіден қалыптасқан асыл қасиеттерінен айырыла бастағанына қайғыру. Толғаудың алғашқы жеті шоғырының (тирадасының) әрқайсысы «Зар заманның» кейінгі мазмұнын тереңдей түсінуге септігін тигізер жүкті арқалап тұр. Осы алғашқы жеті шоғырдың әрқайсысының соңында «Сол себептен қорқамын!» деп қайталанатын тармақтар арқылы ақын өз түйінін шегелей түседі. Отарлаудың қара бұлты көмкерген Қазақ Елінің азып-тозуының басы от басындағы зайыбының ерінің бетіне орынсыз қарсы келуінен, ұлдың, қыздың ата-ананы тыңдамауынан, тексіздердің, надандардың ел билігіне араласуынан, ағайын арасының күншілдіктен бүлінгенінен басталғанын айтады. Бұның бәрі – жат-жұрттың әдет-дағдыларының әсерінен болған зардаптар. Отаршылдықтың сан тармақты шынжырларымен шырматылып, кең даласы мен асқар тауларынан, мөлдір көлдерінен асау өзендерінен, орман-тоғайларынан айырылып, бірте-бірте қазақы мінез-құлықтан, тұрмыстық-ұлттық қарым-қатынастардан да айырыла бастаған тағдырымыздың мазмұнын айқын бояулармен суреттейді:

Мынау азған заманда,

Алуан-алуан жан шықты,

Қайыры жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты.

Кедей кайтіп күнін көрер деп,

Сол себептен қорқамын!

Қазақ мемлекетін қалыптастырған, дербес халық, ұлт Тәуелсіздігін қалыптастыру үшін күрескен Керей, Жәнібек, Есім, Қасым, Тәуке, Абылай, Кенесары сынды хандарымыздың, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды билеріміздің көсемдік, азаматтық, батырлық істерін жалғастыратындар жоғалып кетті. Отаршылдықтың зымиян саясаты тек құлқынын ғана ойлайтын жуан қарын тоғышар, марғау, көркеуде орысшыл әкімсымақтарды тарих сахнасына шығарды. Әрине, бұлар – тарих көшінің уақытша өкілдері. Бірақ, тағдырға не шара бар? Орысшыл әкімсымақтар мен солардың кесірінен жасалған рухани және экономикалық зардаптардың халқымызды қазір сергелдеңге салып отырғаны – шындық. Бұл жағдай да Шортанбайдың назарынан тыс қалмаған-ды:

Асыл асқан заман-ай,

Шөп сұйылды жердегі.

Құс таусылды көлдегі,

Бай таусылды елдегі.

Жалғыз шақпақ симайды,

Кисе қара белдегі.

Діннен, ұлттық әдет-ғұрыптан ажырай бастаған қазақтың отаршылдар әкелген зиянды дағдыларын тез қабылдаған қалпы Шортанбай тілімен былайша бейнеленеді:

Шошқаның етін қақтаған,

Құбылаға бақпаған,

Атасының жанындай,

Арақты ас қып сақтаған…

«Зар заман» толғауының тұтас желісін құрап тұрған мәселе – сырттан келген отаршыл жұрттың араласуының әсеріне тез елігіп азып-тозып бара жатқан қазақ халқының трагедиясы, Жандарал, майыр, старшын, болыс атты Ресейлік патшалық билеу жүйесімен шырмалған қазақтың мансапқорлық, күншілдік, бақталастық қылықтары асқына келе бас көтерер азаматтардың денін ұлт, халық туралы ойлаушылық сезімінен жұрдай қылғаны мәлім. Ақын зары – қазақтың елдік, ерлік азаматтық, ағайыншылық тұтастығына сызат түскеніне қайғыру, ашыну. Шортанбай заманынан бүгінгі күндерге дейін сақталған отаршылдық саясатпен әбден уланған осы қалпынан қазақ әлі арыла алмай келе жатыр. Сондықтан, Шортанбай жырлаған зар заманның сіңіп қалған иіс-қоңысынан арылу үшін ақынның толғауындағы мәңгілік күшін жоймайтындай сөздерін қайта-қайта еске аламыз:

Мынау заман қай заман?

Азулыға бар заман.

Азусызға тар заман.

Тарлығының белгісі,

Бір-бірлерін күндеген,

Жай-жайына жүрмеген…

…Бейшара болған сұм қазақ,

Құтылмастай пәлеге

Асың жұқпас бойыңа,

Жалмауыз боды ұлығың,

Қазақ еш нанбас сөзіңе!

«Зар заман» толғауының әдебиетіміздің тарихындағы үлкен орнын белгілеген негізгі ерекшелігі – осындай тақырыптық өткірлігі, елдік, азаматтық әуендерінің маңыздылығы. Ал, көркемдік айшықтауларға толы бейнелі тіл өрнектері – Шортанбай ақындығы қуаттылығының дәлелі. Адамдық ірі тұлғалық сипаттарды танытуда жеке сөздердің бейнелілік (образдылық) астарларын қалыңдата жырлауға көп мән беріледі:

Әуелгі қорлар зор болды,

Сондағы зорлар қор болды.

Әуелгі байлар жоқ болды,

Сондағы жоқтар тоқ болды…

Замандық мінез-құлықты суреттеудегі теңеулері («Алқымың болды көнектей», «Сүзгісі жоқ шүмектей», «Түндіктерің үзіктей», «Жал шайнадың білектей», «Туырлығың тұтқыштай», «Үзіктерің білектей», «Кетіп едің еліктей» және т. б.) халық әдебиетіндегі дәстүрлі бояуларын сақтай отыра, ақындық сезім тілімен түрлене құбылады.

Шортанбай толғауларының бір алуаны болжалдық мазмұнды болып келеді. Замандық қайғы-қасіреттің, қиыншылықтардың кешегісі мен бүгінгісін ұштастыра жырлаған ақын-жазушылар болашақ күндерді, тіпті ғасырларға тән адамгершілік қасиеттер туралы да болжай жырлайды. Шортанбайдың «Келер заман сипаты», «Бір насихат айтайын» толғаулары – осындай жырлар. Ақын өз халқының болашақ ғасырындағы алдынан күтіп тұрған, болуы анық шындық құбылыстарды анық болжайды. Мыңғырата мал баққан, жомарттық, дархандық, туыстық, бауырмалдық қасиеттері атадан балаға жалғасқан қазақ халқының материалдық және рухани жүдеушілікке, күйреуге ұшырайтынын нақтылай болжап айтады. Малдың да, жанның да еркін жат жұрттықтың билейтіні, алақандай «бет қағаз» бен «мандатқа табынатын» заман келетіні, қазақ баласының ата-ананы сыйламай күнәға бататыны – бәрі де зарлы сарынмен жырланады. «Түсі сары көзі көк дінсіз келіп» билеген отарлық ықпалдың әсерімен болатын қауіпті зардаптарды ақынның шошына болжай жырлауының шындық шырайы айқын. Ақынның болжалдық мазмұнындағы «Бір насихат айтайын» толғауында да қазақ халқының отарлық құлдық қамытын кию салдарынан болатын зиянды зардаптар жырланады. Қайырымды байлар мен қасиетті төрелердің, шарапатты қожалардың енді жоқтығы, қазіргілерінің бәрінің де опасыздық, пайдакүнемдік, ашкөздік пиғылымен өмір сүретіні, ал кедей-кепшіктің азар-ақыретпен өмір суретіндігі – бәрі де айқын елестетіле айтылады. Байдың қайырсыз, кедейдің қадірсіз болып азып-тозуының басты себебін сырттан келген жатжұрттың отарлық билеу салқыны екендігін денесі түршіге, күйіне атайды. Ақын «Дұғай сәлем айтайын» атты арнау, қоштасу мазмұнды толғау-өлеңінде бүкіл мұсылман жұртына арнау сөзін айтады. Өзінің тіршіліктегі қызықшылықтың сауық-сайранына ергеніне, Меккеге де бара алмағанына, мұсылманшылық парыздарының кемшін орындалғанына өкініш білдіреді. Үлкен ақындардың өмірден өтерде кейінгі ұрпақтарға өсиет айта жыр арнауы – әлем халықтарының әдебиеттеріндегі қалыптасқан үлгі. Шортанбай да осы өсиет жырында өзі арқылы замандас қалың жұртшылықтың діннен ажыраған мүшкіл қалпын дәл бейнелей келіп, қазақ елінің сол кездегі нар тұлғалары, азаматтары Құнанбайды, Шорманның Мұсасын және Көпбай, Нұрлан, Қоңыр есімді ел ағаларын ағайын-туғанға қорған болуға шақырады. Арнау өлеңдегі ақындық түйін-тіршіліктегі адамдық ғұмырдың өлшеулі екендігін ойлай жүріп, Құдай, пайғамбар жолын таза сақтаушы адамдардың өзара мейірімділік мазмұнды қарым-қатынаста болуы керектігін түсіндіру.

Шортанбай мұрасында Кенесары хан мен Наурызбай батырға арналған да өлеңдер бар. Қарқаралы дуаның билеушілері Жамантай мен Құсбек төрелердің маңында жүрген Шортанбай Кенесары қозғалысына қатыспаса да іштей тілеулес болатын. Жамантай мен Құсбектей төрелердің осы қасиетті қозғалысқа ермегеніне Кенесары іштей қатты мазасызданатын, бірақ Сарыарқадағы ақын-жыраулардың бәрін де іштей өзіне жақын тұтатын-ды. Кенесары Қазақ хандығының сонау Асанқайғыдан бастап бергі Бұқарлармен қосыла аталатын ұлы тарихында мемлекет басқарған хандардың халықтық қолдауға ие болуында жыраулардың, ақындардың шешуші, беделді орын алатынын жақсы біледі. Сондықтан да, өзінің ордасындағы Нысанбай жыраудан бастап, үлкенді-кішілі ақын-жырауларды, жыршыларды, күйшілерді ерекше қадірлейтін. Бірде сапар шегіп келе жатқан Шортанбай ақынның тобын Кенесары ханның адамдары тоқтатып, оны хан ордасына әкеледі. Хан Кеңесінің кезекті бір мәжілісі өткелі жатса керек, Кенесары Хан Кеңесінің мүшелері Наурызбай, Шұбыртпалы Ағыбай, Қыпшақ Иман Дулатов, би Шоқмар Бақтыбаев, Сайдаққожа Оспанов және т.б. кісілер де Жамантай мен Құсбек төрелердің аулының адамдарын бастаған Шортанбай ақынның сөзін тыңдағысы келеді. Сонда Шортанбай өзінің мұсылмандық-имандылық жолында жүргенде қан төгілетін ұрыс-соғыстарды емес, бейбітшілікті ғана тілейтінін білдіреді, бірақ Кенесарының өзіне арналған мадақ жырын айтады.

Шортанбайдың «Көз көрген қазақ батыры» («Жұлдыз», № 2. 1992 ж.) жыры – Кенесары хан мен Наурызбай батыр туралы жоқтау. Жоқтау мазмұнындағы толғаныстарда Кенесарының, Наурызбайдың халқының Бостандығы, Тәуелсіздігі үшін арпалысып, бастарын өлімге қиған ерлік, батырлық, мәрттік өнегелері дәріптеле мақтаныш сезіммен жырланады. Хан Кене арадан кеткен соң «Орысқа қазақ қараған» заман басталып, енді Алладан жәрдем тілеумен күн кешкеннен басқа амал қалмағанын айтып, ақын мұңды, шерлі жырын ағытады.

Шортанбай шығармаларының бір саласы – айтыстары. «Шортанбай мен Асан бұғы», «Шортанбай мен Орынбай», «Шортанбай мен Шөже» атты көлемдері әркелкі айтыс жырлары – оның осы жанрдағы мұраларының үлгілері. Ежелгі түркілік мұсылманшылық жазба әдеби дәстүрде қалыптасқан Шортанбайдың Сарыарқадағы ауызша суырыпсалма ақындық өнер табиғатынан мол нәр алғаны анық. Сондықтан, Шортанбай шығармашылығын әңгімелегенде біз оның суырыпсалмалық ақындық өнерінің де қуаттылығын ұмытпауымыз керек. Шортанбайды өз тұстастары аса қадірлеп, құрмет тұтқан. Мысалы, Шөжемен болған айтысы сақталмаса да бізге жеткен үзіндісінен ақынның адамдықтың ақ жолы – Алланың сөзі екендігін дәлелдей жырлағанын көреміз. Сондықтан, арқалы ақын Шөженің Шортанбайды пір тұта жырлауынан өзіндік мектеп құрған ақын тұлғасының биіктігін танимыз. «Шортанбай мен Асанбұғы» – қалжың айтысы. Шортанбай мұнда да адамзаттың қанағатшылдықпен, қайырымдылықпен өмір сүруін, жылтыраған дүние-мүліккке қызыққан тойымсыздықтың дозаққа апаратынын жырлайды. «Шортанбай мен Орынбай» – ақының бізге жеткен көлемді айтыстарының бірі (Айтыс, Жазушы, 1963, 1-том, 152–156-беттер). Екі ақынның жауаптасуларын қосып айтқанда жүз жолдан тұратын бұл мұра – түре айтыс. Екі ақын да бір-бір шумақтан ғана айтып жауаптасады. Айтыстың басталуынан аяғына дейінгі Шортанбайдың шумақтарында Құдайдың адамзатты жаратқанын, мұсылманшылық қағидаларын орындаудың қасиетті міндеттерін айқындай жырлаушылық басым естіледі. Айтыстың мазмұнынан екі ақынның да танысуы, қағысуы сипатындағы сөз саптауларын танимыз. Қағысулар – өлең және қара сөз араласқан қалыпта қолданылып, ауызша дәстүрде қалыптасқан айтыстардың шағын түрлерінің бірі. Шортанбай мен Орынбайдың осы айтысында бір-бірінің ел арасындағы абырой-беделдерін, атақтарын салыстырып сөйлеуден басқа тақырыптар қозғала қоймайды. Елінің, аймағының атынан сөйлеу – дәстүрлі тәсіл. Екі ақын да ауыл, ағайын арасының бүтіндігін, ауызбіршілігін ойлайтын азаматтық биік тұлғаларымен көрінеді. Шортанбайдың сөздерінде бейнелік, астарлай айту жиі қолданылады. Мысалы, «Өлеңде бір кісідей танысың бар», «Барымташы кісідей мол болсын деп», «Елімді өзім жоқта қойдай теуіп», «Бозбала бәрің тәуір жаманың жоқ» және т.б. жолдар айтыстың көркемдік жақтарына ажар беріп тұр. Шортанбайдың осы айтысы хаңындағы зерттеуші Ысқақ Дүйсенбаевтың пікіріне қосыламыз: «…Орынбай тілін батыра түскен шақта, Шортанбай да тартынбай азуды басып-ақ жібереді. Екіншіден, қаруын ұстайды да түптеп келгенде шын бет жыртысуға бармай жай қақтығысумен аяқтайды» (Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. – Алматы: Жазушы, 1970. – 192 б. 72-б.). Бұл пікірге қосарымыз – осы айтыста Шортанбайды биіктетіп, оның айбынын асырып тұрған күш – мұсылмандық көзқарасының берік, айқын жырланғандығы, Әдебиет тарихында Шортанбай мұрасының ежелгі түркілік софылық-гуманистік ойшылдық мазмұнындағы әдеби-фольклорлық ізгі дәстүрлермен сабақтастыратын осы сапалық белгіні енді осылай, кейде қайталай, айқындай айтуымыз керек.

Абайтану ғылымының негізін салып қалыптастырған ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің сыншыл, сыршыл ақындарын әдеби дамуға тән дәстүрлі жалғастықтағы біртұтас қалыпта бағалайды. 1933 жылы жазған «Шортанбай шығармалары» деген мақаласындағы тұжырымдар біздің осы пікірімізді айғақтай түседі: «Шортанбай шығармалары XIX ғасырдың 60–70-жылдарында кеп шыққан бір ағынды көрсетеді. Тарихи, қоғамдық жағынан алғанда бұл түрдегі әдебиет шығармалары XIX ғасырдың алғашқы жарымында болған үлгілерден басқаша болып, өзгеріп кетеді, өз тұсында болған қоғамдық, таптық, шаруашылық өзгерістердің нәтижесі әдебиетте бір Шортанбай емес, осының тұстасы болған Мұратты, кейінірек қалыптанған Абайды, тағы басқаларын да – бұрынғыдан басқаша, ерекше сарынмен жырлауға бейімдетеді» [9, 280-б.]. Шортанбай – Абайтанушы ұлы Мұхтардың бағалауы бойынша қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы Абаймен де сарындас, үндес ақын.

Қорыта келгенде айтарымыз, Шортанбай Қанайұлының мұрасы – сөз өнері тарихындағы ұлтжандылық мазмұнымен бүгінгі ұрпақты тәрбелейтін қымбат қазынамыз. Дінін, тілін, туған жерін, ата-мекенін, кең-байтақ Қазақ Елін сүйетін әрбір қазақтың Шортанбай шығармаларынан сарқылмас қуат алары сөзсіз. Шортанбай – қазақ қана емес, бүкіл мұсылман дінді Алаш жұртының отаршылдық зардаптарынан азып бара жатқан ортақ қасіретін жырлаған ақын. Бірақ, оның зары, мұңы күйгелектікке салыну, яки тіршіліктен біржола түңілу емес. Ол жұртына Құдайдан, Құраннан, пайғамбарымыздан, қасиетті дінімізден медет, жәрдем, қуат алуды уағыздай келе, ұрпақтарын жігерілікке, күреске шақырады, болашақтан үміт үзбеуге үндейді:

 

Жүйрік пенен жорғаңды

Өзің бір мініп жебеле!

Жалаңаш болып жауға шап,

Ажалдан бұрын өлер ме?

Ноқталы басқа бір өлім

Өлмей де адам жүре ме?

Қатын бала қамы үшін

Қарсы бір шап та, мылтық – құш.

Құр жабдырқап жүдеме!

 

Бұл жолдар – Шортанбай атамыздың ұрпақтарын халқының тағдыры үшін мәңгілік ұлтжанды сергектікке шақырған өсиеті. Ақынның өсиеті – қазақ халқының болашағын кешегісі мен бүгінгісінен бастап жатқан қазіргі ұрпақ үшін ескермейтін мәңгілік ұлы өнеге.

Әдебиеттану ғылымымыздың тарихындағы кеңестік кезеңде Дулат, Шортанбай, Базар, Шернияз, Мұрат, Шәңгерей, Әбубәкір, Бұдабай, Ақмолла және т. б. ақындардың феодалдық санадан туған ескішіл кертартпа бағыттың өкілдері болып бағаланып келгені мәлім. Ал енді қазіргі Тәуелсіз мемлекеттік тұғырына көтерілген, рухани жаңғырудағы қалпымызда бұлардың шынайы отаншыл азаматтық тұлғаларын асыл ойлы шығармалары арқылы тереңдей оқып, жазылған зерттеулерді де жаңаша жалғастыра беруіміз керек. Отбасылық тәрбиеден бастап, бастауыш, орта арнаулы, жоғары білім беру орындарында туған халқының тағдыры үшін азаматтықпен, күрескерлікпен жыр толғаған ақын-жырауларымыздың мұраларын жан-жақты тереңдете игерту – парызымыз.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button