Майлықожа

Мінажат

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Адам ата, Нұқ нәби,

Үшінші Халил Ибраһим,

Төртіншіде Мұхаммед

«Достым» деді Құдайым.

Сол достыңның хақында

Ғапу қылғын күнәйім.

Құлшылықты қылайын,

Құдая саған жылайын.

Тур тағанда өткен ер Иса,

Төртінші көкте бар Иса,

Асыл кесер жаныса,

Аруақтар қолдар налыса,

Хазірет Ідіріс, Қызыр Ілияс,

Еске алғайсыз жалынса.

Әбубәкір шаһрияр,

Хазірет Омар шаһрияр,

Хазірет Осман, Әлішер

Жаһанда ерлік намы бар.

Аузы кәусар иелері

Жан біткен келіп жалынар.

Халайықтың қажеті

Сіздерге түсіп қалынар.

Қажы қыла алмай жүріппін,

Азырақ дүние малым бар.

Алдыңа келіп тұрыппын,

Мүсәпір, мұңлық халім бар.

Сіз ашқан жұртты жау алды,

Қабіріңе айтар зарым бар.

Мұжық басып жерімді,

Әуре қып жатыр елімді,

Тындырмас орыс көріңді,

Аптапта қалған жаным бар.

Аз пұрсатте өтемін,

Дүниеге қайбір наным бар.

Тілден берген бағым бар,

Дімкар боп жүрген шағым бар.

Қажетім әзір дүниемен

Қиналтыңқырап табылар.

Жан иманға қосылса,

Әбиыр сонда жабылар.

Жақсылық көңілім сағынар,

Аптығып өкпем қабынар.

«Заманым қандай, өлсем?» деп,

Көзімнің жасы ағылар.

Еңбегі қалын дүние-ай,

Екі өмір қайдан тыбылар.

Жүйрік ем, қайтқан табым бар,

Жұқарған жүрек қабым бар,

Қазан ат қалып бәйгеден

Қазақы озар жабылар.

Ақ киік болса албарда,

Атпенен қуып алынар.

Бір-ақ ит тартар таңы бар.

Есіл қызық дүние-ай,

Екі өмір келсе нағылар?

Ақылым сарсаң бір жанмын,

Ақыреттің қайғы, қамы бар.

Адырлап астым өрінді,

Жандырғай еңбек терімді.

Ақтаудың аяқ белінде,

Қазғам таудың желінде,

Қамбар құл мен ақ түйе,

Қабірі шердің көрінді.

Айналайын Құдай-ау,

Әр мүшкіл ансан сен қылсаң,

Құдіретің күшті зорыңды.

Дұшпан қайтып ап жатыр,

Босатқан бұл шер орынды.

Тірілдіріп жан беріп,

Қайратын беріп, хал беріп,

Дүниеге қайтіп бір

Жіберсең нетті шеріңді.

Айналайын бабам-ай,

Іздеген Меке табам-ба-ай?

Бар қайрат сізбен кеткен соң,

Дұшпанға болдық табаң-ай.

Жапалақ тудық тұйғыннан

Жалтаңдап жауға шабалмай.

Айналайын, Шер бабам,

Төрт шаһрияр біреуі.

Дүниеден пана болдыңыз,

Исламның ұстын тіреуі.

Мұсылманның қалып тұр

Үзеңгіге аяқ шіреуі.

Қабыл болар күн бар ма?

Халқымыздың тілеуі.

Жеті қабір бірі осы ма?

Момын халықтың досы ма?

Жалғыз басы жүк болған

Жеті ықылым жаһан қосынға.

Аузы кәусар егесі,

Болаттан қатты денесі.

Жатырмысыз Шер бабам,

Пәтиманың жұпты күйеуі.

Жаһанды женген ер едің

Мұсылманның сүйеуі.

Есітіп айтқан сөзімнің

Болмағайда қатасы.

Қара жердің қойнында

Болдыңыз арслан жатасы.

Мехнатпен ашқан жұрттардың

Болмай тұр енді сапасы.

Хасан, Құсейін шаһзаттың,

Ханафия сақып қыранның,

Жатырмысыз осы жерде

Жаһанды жеңген атасы.

Сіз кеткен соң құлаған,

Исламның ұстын шынары.

Көз кінәлі, көрінбес

Әзізләрдің дидары.

Дүлдүл атқа мінсейші,

Ілесіп тұра жүрсейші,

Ақырап, самсап, зұлпықар

Асынып белге ілсейші.

Қайратын көріп тарқасын

Халқыңның көңіл құмары.

Сіз алыпсыз Хайбардың

Темірден соққан қаласын.

Қабат-қабат мыс қақпа

Шығарғансыз даласын.

Аралап бір қып қосқансыз,

Жетпіс екі саптың арасын.

Жиырма жеті тас жердің

Даусыңыз алған зәресін.

Бір денеңіз білмеген

Жүз жетпіс қылыш жарасын.

Біз қалдық жылан алдында,

Құтқарып қашан аласың,

Бабамжан, қашан барасың?

Хақынды жеңіп қайратпен,

Алдыңыз жеңіп Зарқұмды.

Жеті жүз түйе алтынға

Батырдың батыр, халқыңды.

Тоқсан ұлды Сал-Салды

Тоғысып жеңген дәрпіңді

Ақыретке кеткен Шер бабам,

Бір көрсең нетті артыңды?

Біткізер ме екен дүниеге,

Тағы да сіздей мәрт ұлды

Қамбарды бәнттен  шешкенсіз,

Шам дәудің басын кескенсіз.

Тасты басып балшықтай

Тауларды оқпен тескенсіз.

Жел айдаған бұлыттай

Дүниеден бабам, көшкенсіз.

«Рүстем Дастан» палуанның,

Ала алмай кеткен жауларын

Сіз шыққанда ашқансыз.

Куһе Қап, Бұлұр тауларын.

Дүлділ атқа мінсейші,

Дүниеге бабам келсейші.

Жұрт қонысы тарылды,

Қорқыныштан жүрек жарылды,

Жүріп бабам, көрсейші?

Есіркесейші ер бабам.

Мұсылманның ауданын.

Баянын сізге айтайын,

Басқа түскен сауданың.

Салардай сақып қыранның

Араннан бітті  тынысы.

Алдады Шағат інісі,

Аң аулап тауға шығысы,

Құдыққа бастап шығысы,

Қазаға қылар амал жоқ,

Мәлім еді бұл ісі.

Рақыш атпен Рүстемді

Аранның пара қылысы.

Рүстем атты Шағатты

Бір оқпен бітті жұмысы.

Бамдат намаз уақтында,

Жаһанда жеңген Әліге

Бір құлдың батты қылышы.

Сол құл еді сол мезгіл,

Арсыланның қауіп қып жүрісі

Әбдірахман құл өлтірді,

Әзелде тағдыр бұл ісі.

Араңдан Рүстем тұрылды,

Ажалға басы бұрылды.

Бір қылыштан кетті Шер,

Тарқатқан сансыз көреңді.

Шаппап па қылыш бұрын да,

Шаршаудың ісі мұрында.

Шерге қаза жеткен соң,

Жем қылдың тәңірім шыбынға.

Түйені кене шөгерер

Шынымен алса шығынға.

Пілді өлтірттің тышқанға,

Шер өлер шыбын ұшқаннан.

«Рүстем Дастан» дегізіп,

Бұл жаһанды жеңгізіп,

Екеуін де өлтірттің

Болар-болмас дұшпаннан.

Рүстем өлген уақытта,

Таланды жауға сайысқан.

Әлі өлгенде жер-аспан

Азаланды кейіспен.

Атаның өтсең белінен,

Ананың келсең мейрінен,

Жетеді ажал кейніңнен,

Кетесің дүние өрістен.

Ақырығы жайың көрстан.

Арслан, енді қайтайын,

Жан денеден айрылса,

Жай бергейсіз есіркеп,

Өзіңіз кірген пейіштен.

Жан шығар жер бір қатер,

Мүңкір-Нәңкір бір қатер,

Көр азабы, қыл көпір

Құдая құтқар кейістен.

Иінімде екі періштем

Куә болыңыз тегістен.

Жаһанды жеңген Шер бабам,

Қалды сізден жер-жаһан

Медат қылып жүргейсіз,

Бақул бол, енді Шер бабам!

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу