Қоғамдық өмірдің арғы-бергі тарихын, алуан сыры мен заңдылықтарын оның сан түрлі құбылыстарын терең зерттеу арқылы ғана ұсынуға болады. Осы ғылыми принциптің көркем ойдың дамуындағы ұзақ эволюцияны танып-бағалау үшін де, оның таңдаулы үлгілерін жаңа дәуір әжетіне жарату үшін де атқаратын ролі орасан зор. Тұтас дәуірдің мәдениеті мен әдебиетін қоғамдық даму тенденциясынан бөлек қарауға болмайды. Сондықтан кез-келген әдеби құбылысты зерттегенде, бағалағанда, оны белгілі бір тарихи кезеңнің не қоғамдық өмірдің нәтижесі, жемісі ретінде қарау қажет. Біз осы қағидаларға сүйенсек қана әдебиеттің тұтас бітімін, даму жолдарын тереңірек аша алатын боламыз. Толып жатқан ұсақ мәселелерге немесе әртүрлі пікірлерге түсіп адаспау үшін қажетті нәрсе – негізгі тарихи байланысты ұмытпау, әрбір мәселеге сол белгілі құбылыс қалай шықты, бұл құбылыс өзінің дамуында қандай басты-басты дәуірлерді өтті деген тұғырдан қарау болады. Әдебиеттің ұзақ тарихын байыпты зерттеуде осы қағиданы берік ұстануымыз керек. Бұл ретте қазақ әдебиетінің тарихы жайында, оның түп-төркіні жайында не айтуға болар еді. Әдебиеттану ілімі күнделікті әдебиет үлгілерін ғана тәптіштеп қоймай, ол сонымен бірге әдебиет құбылысының әргі-бергі тарихын кеңінен, терең зерттеуге тиіс [1, 9 б.]. Қазақстан Орта Азияда жүргізілген тарихи, археологиялық зерттеулер тіпті біздің заманымызға дейінгі дәуірдің өзінде-ақ осы өлкелерде мәдениет белгілерінің болғандығын, рухани мұралардың жасалғандығын және сол әдеби мұра, жазу өнерінің қазіргі түрк тектес халықтарға ортақ екендігін дәлелдеді. Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан бері ежелгі тарихына мықтап көңіл бөле бастады. Тарих – сол елдің рухани іргетасы, ұлттық мәйегі. Қазақ халқы тарихи тамырын ерте орта ғасырда әлемге әйгілі болған көк түріктерден, байырғы ғұндардан, ежелгі іш-оғыз, сақтардан желілейді. Өзге түркі тектес халықтар тәрізді қазақ халқы да сол тарихтың тікелей мұрагері. Әсіресе қазақ халқының тарихын байырғы түріктер тарихынан еш бөліп қарауға болмайды. Сол байырғы түріктердің тікелей мұрагері алдымен қазақ халқы [2, 10 б.]. Қазақ әдебиетінің бастауы, нәр алар қайнар көздерінің бірі Қарахан мемлекеті тұсында жарыққа шыққан жазба ескерткіштерде жатқандығы даусыз. Қарахан мемлекеті Орта Азияда құрылған және түркілік құндылықтарын сақтап қалған алғашқы мұсылман мемлекеті екендігі белгілі. Қарахандықтар кезеңі жалпы түркілер мен қазақ тарихында маңызды орынды иеленген. Дегенмен ғалымдардың пікірлеріне қарағанда бұл кезең әлі де болса толық зерттелмеген. Оған басты себеп дереккөздердің аздығы және белгісіз себептермен назар аударылмай келе жатқандығы. Жаңа әлеуметтік-саяси және экономикалық шындықтар Қазақстан халықтарының сана-сезімін өзгертуде. Дүниеге, қоғамға, халықтың тарихына көзқарас өзгеріп келеді. Ұлттық сана-сезім, ал сонымен бірге отанымыздың шыншыл да ақиқатты ғана айтатын тарихына деген ынта-ықылас та қауырт өсе түсті. Болып жатқан өзгерістерге өткен кездерден ұқсастық іздестіріліп, қазіргі заманның күрделі проблемаларын шешу жолын табуға талпыныс жасалуда. Осындай жағдайларда Қазақстанның тарихи өткен жолының объективті, идеологиялық конъюнктурадан ада көрінісін қалпына келтіру, халықтың тарихи зердесін қайта түлетудің негізі, ұлттық бірлікті қалыптастырудың, азаматтылық пен елжандылыққа тәрбиелеудің аса маңызды факторларының бірі болып табылады [3, 7 б.]. Түркілердің арабтармен байланысы исламға дейінгі кезеңнен бастау алады. Балазури бұл байланысты Әнсабул Әшраф атты еңбегінде хижраттан бұрынғы Пайғамбар дәуіріне ұластынын айтады. Мысалы алғашқы мұсылмандар қатарынан орын алған сахабалардың бірі Аммар бин Ясырдың анасы Сумайя екендігі баршаға мәлім. Балазури бұл әйелдің Кескерден екендігін және ол өзінің үйінде Памих деп аталғанын атап өтеді. Мүмкін ол өзгеріске ұшыраған түркі тіліндегі памуқ (мақта) сөзі болар. Осыған қарағанда оның тегі түрік және парсылармен түріктердің арасында болған соғыстардың бірінде жаудың қолына түскен болуы әбден мүмкін. Шындығында ол бір Ирандық тарапынан арабиядағы Таифтық дәрігерге сыйлыққа беріліп, Мекке қаласына әкелінген болатын. Бұл кісінің биографиясына байланысты мағлумат берген ауторлар, Салман Парсы мысалындағыдай бір үзік болса да түркшеге аударылған Құран туралы ақпарат бермеген, керісінше Құранда арабшаланған түркі сөздері бар екендігіне әр түрлі мысалдар келтірген [4, 65 б.].
Қарахан мемлекеті Х – ХІІ ғасырларда Қашқар мен Испижап аралығын билеп тұрған. Ең басты орталықтары Баласағұн және Қашқар қалаларында болған. Кейінірек ол Мауреннаһр өлкесін қосып алып, мемлекет орталығын Бұхара қаласына көшірген. ХІІ ғасырдың аяғымен ХІІІ ғасырдың басында Қарахан мемлекеті наймандар мен монғолдар шапқыншылығына ұшырап, бара-бара шағатай ұлысына қарап кеткен. Қарахан әулетінің кезінде жазу-сызу өнері қатты дамыған, ел мәдениеті көтеріліп, әдеби туындылар көбейген, ғылыми шығармалар жазыла бастаған. Сол кезде жарыққа шыққан әдеби, ғылыми және діни шығармалардың басты-бастылары деп мыналарды атап өтуге болады: 1. Құтадғу білік шығармасы, авторы Жүсіп Хас Хажип, 1069 – 1070 ж. жазылған. Қолжазбаның түпнұсқасы белгісіз де, бізге жеткен оның үш көшірмесі бар. Біріншісі 1439 ж. Герат қаласында ұйғыр жазумен (Қазір ол Венада), екіншісі ХІV ғасырдың бірінші жартысында Мысырда араб жазуымен (қазір Каирдің Кедвин кітапханасында), үшіншісі ХІІ ғасырдың аяғында араб жазуымен көшірілген. Наманган қаласынан 1914 ж. табылған бұл соңғы көшірме қазір Ташкент қаласында сақталады, соған байланысты ол кейде «Ташкент нұсқасы» деп те аталады. 2. Диван луғат ит-түрк («Түркі тілінің сөздігі») 1072 жылдың 25 қаңтарынан бастап 1074 жылдың 10 ақпанына дейінгі аралықта жазылған. Еңбектің түпнұсқасы бізге жетпеген. Оның жалғыз көшірмесі 1266 жылы жасалған. Көшіруші Әбибәкір ибн Әбілфәтіх. Диванның авторы Махмуд ибн ул-Хусайн ибн Мухаммад ал-Қашқари. 3. Һибатул хақайық («Ақиқаттың сыйлығы»). Кейде мұны «Атибатул-хақайық» деп те атайды. Авторы – Адиб Ахмед Иугнеки. С.Е. Малов оны ХІІ ғасырдың, ал Ә. Наджип ХІІ – ХІІІ ғасырдың ескерткіші деп қарайды. 4. Тефсир («Түсініктеме») [5, 25 б.], Құран Кәрімнің жолма-жол аудармасы мен тәпсірі. Құранның арабшадан басқа тілдерге аударылу мәселесі хижраның екінші ғасырынан бастап талқылана басталған, бұл тақырыптағы тартыстар аударма және мәнерлеп оқу, яғни намазда Құран Кәрімнің аудармасын оқудың жайыз болып не болмағандығы мәселесіне қатысты ортаға шыққан. Үлкен мәзһабтардан Шафиғи, Малики, Ханбали және Захири мәзһаптары Құранның әріптік/сөздік аудармасының жайыз көрмеумен бірге, қандайда бір жағдай болмасын намазда Құран аудармасын оқудың да ешқандай жайыз болмайтындығы көзқарасында еді. Ханафи мәзһабы болса Имам Әбу Жүсіп және Имам Мұхаммедтің көзқарастары бойынша, Құран оқуды білмейтін кісінің, оны үйренгенше намазды аудармамен оқуына рұқсат беруде. Намазда аудармамен оқуды жайыз санамаған мәзһаптар, сол сияқты, Құранның басқа тілдерге сөзбе-сөз аударма методы мен аударылуына принципиалды түрде қарсы шыққан, бұны жайыз санамаған. Бұл мәселеде назар аудартқан жай Ханафи мәзһабының ұстанымы [6, 10 б.]. Ханафи ғалымдарының, тақырыпқа байланысты ұстанымдарынан байқалғаны, олар Құранның тұтас кітап түрінде аударылуына қарсы болумен қатар, қажеттілікке байланысты аударма жасалуына қарсы емес. Құран Кәрімнің аударылуы көптеген ғалымдар тарапынан жайыз саналмауына және бір тобының тек қажетті мөлшерде жайыз саналуына қарамастан Құран Кәрім бұрыннан бері аударылып келеді. Кейбір аяттар мөлшерінде болса да Құран аудармасы туралы бізге ақпарат беретін Пайғамбарымыздың әр түрлі шет елдік басшыларға жолдаған исламға шақыру хаттары. Өйткені ол кісінің Византия Императоры Гераклусқа жіберген шақыру хатында Али Имран сүресінің алпыс төртінші аяты орын алған еді [6, 11 б.]. Тіл адамдардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз ететін құрал болуымен қатар Жаратушының хабарларын адамдарға жеткізу үшін де басты себеп. Тілге жүктелген мұндай үлкен жауапкершіліктің маңызын ортаға қоятын мына аяттар назар аудартады: «Әр пайғамбарды ашық түсіндірсін деп; елінің тілінде ғана жібердік…(14:04)» [7]. Перғауынды Құдай жолына шақыру үшін Мысырға баруға міндеттелген Мұса пайғамбардың Алла тағаладан бауыры Харунды жәрдемші етіп бер деп сұрағандағысы да осы тіл мәселесінің маңызыдылығына тоқталғаны болып саналады: “Туысым Һарұн тілде менен жаттығырақ. Сондықтан оны, менімен бірге көмекші етіп жібер де, мені жөптесін. Расында олардың жасынға шығаруынан қорқамын!” (28:34)» [7]. Сонымен Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. да адамдарға Тәңірдің хабарын жеткізуі үшін Құран араб тілінде түсірілген. Әр түрлі халықтардың заттар мен іс-әрекеттерді әр түрлі сөздермен атаулары және оларды өздерінің тілдік ерекшеліктерімен ұғынулары түрлі-түрлі тілдердің шығуына себеп болған. Құран Кәрімде: «Көктер мен жерді жаратуы, тілдеріңнің түстеріңнің, қарама-қарсылығы да Оның белгілерінен. Шәксіз бұларда білгендер үшін белгілер бар» (31:22) [7] деген аятымен тілдердің әр түрлі екендігі де Алланың көп белгілерінің бірі екендігін білдіреді және ол тілдің арабша екендігін, қалған тілдердің бөтен тіл екендігін көрсетеді: «Рас білеміз. Өйткені, олар: “Құранды Мұхаммедке бір Адам үйретеді” дейді. Олардың ұйғарған адамының тілі бөгде. Ал бұл Құран ашық арап тілінде» (16:103)» [7]. Және «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (49:13), [7] аяты да әр түрлі халықтардың және елдердің танысып ұғынысуындағы бірінші құрал ретінде тілдердің маңызына тоқталуда. Бұл екі аяттың назар аудартқан ортақ нүктесі, әр түрлі тілдер мәселесін көтерулерінде [6, 9 б.].
Түркілердің Исламды ресми мемлекеттік дін етуі, Х ғасырда Қарахан мемлекеті тұсында жүзеге асқан. Түркілердің топ-топ болып исламды қабылдауларынан кейін-ақ табиғи түрде оның қасиетті кітабы Құранды түсіну, мән-мағынасына терең бойлап, ұғынып, негіздері және қағидаларына сай түрде үйреніп, үйрету үшін Түркі тіліне аударылу қажеттілігін тудырған. Бұл қасиетті мәтін, әуелі Саманилерден Әмір Мансұр ибн Нұх (х.350-365/961-976) заманында Мәуереннахр ғалымдарынан құрылған бір комиссия тарапынан парсы тіліне аударылған. Парсы тіліне аударылған тәпсір кітабы Мұхаммед ибн Жарир Табаридің араб тілінде жазған 40 томдық Құран тәпсірі еді. Бұл тәпсір парсы тіліне аударылғанда қысқартылған және Құран мәтіні негізге алынып жол арасында парсы тіліндегі аудармасы жасалған (Сағол 1993:23). Зәки Уалиди Тоған болса Құранның түркі тіліне аударылуы да парсы тіліндегі аудармамен қатар, тіпті сол комиссия құрамындағы түркі тілдес мүшелері тарапынан жасалған (Тоған 1960:135). Фуад Көпрүлүге сүйенген Абдулқадыр Инанның пікірі бойынша Құранның түркі тіліне аударылуы парсы тіліне аударылуынан шамамен бір ғасыр кейін яғни ХІ ғасырдың алғашқы жартысында жасалған болуы мүмкін (Инан 1961:8). Ескманн да Табаридің тағы бір еңбегі болған көлемді Құран тәпсірі Жамиғ әл-Баян фи тафсир әл-Құран ықтимал Табаридің Әлем Тарихы атты еңбегінің Мансұр ибн Нұхтың (961-976) уәзірі Әбу Али Балғами тарапынан парсы тіліне аударылған кезде, Саманилер дәуірінде Бұхарада парсы тіліне аударылған болуы мүмкін. Бұл аударманың кіріспе сөзінде былай делінген: «Бұл кітап, Мұхаммед ибн Жарир ат-Табари – Алланың рахметіне бөленсін –тарапынан айтылған ұлы тәпсірдің парсы тіліне аударылған толық әрі дұрыс тәржімасы. Бұл кітапты Бағдаттан алып келді. Араб тілінде жазылған әрі ұзақ сөздермен ашықтама жасалған қырық томдық кітап еді. Оны жеңімпаз қолбасшы және патша Әбу Салих Мансұр ибн Нұх ибн Ахмед ибн Исмаилге алып келді Алланың рахметіне бөленсін, кейін бұл кітапты арап тілінде оқып, түсіну бойынша қиындық туғасын ол бұның парсы тіліне аударылғанын қалады. Кейін ол Мәуереннахрдың ғалымдарын бір жерге жинап, олардан бір құқықтық пәтуа сұрады. Бұл кітапты парсы тіліне аударуға бола ма? – деп». Олар айтты: «Араб тілін білмейтіндер пайдаланулары үшін, Құран тәпсірін парсы тілінде оқып, жазуға болады. Өйткені Алла тағала былай деген: тілі өз елінің тілінен бөлек болған елші жібермедік». Сосын жеңімпаз билеуші Әбу Салих Мәуереннахр ғалымдарын жинауға бұйрық берді. Бұхарадан Әбубәкір ибн Мұхаммед әл-фазлул ғалам және Әбубәкір Мұхаммед ибн Исмаил әл-Фақиһ және Фақиһ Әбубәкір ибн Ахмед ибн Хамид және Халил ибн Ахмед әл-Сижистани, Балх шаһарынан Әбу Жағфар ибн Мұхаммед ибн Али, Үндістан қақпаларынан Фақиһ әл-Хасан ибн Али Мандус және Әбул Жахм Халид ибн Хани әл-Мұтафаққиһ және Самарқанд, Исфиджап пен Ферғанадан және Мәуереннахрдың барлық қаласынан басқа да ғалымдарды жинады. Олардың барлығы тура жолдың осы екендігін, кітаптың тәржіма етілу пікірін қолдады. Сосын жеңімпаз патша және Әбу Салих жиналған ғалымдарға кітапты аудара білулері үшін араларынан ең білімді әрі ғалымын таңдауға бұйрық берді. Олар да ұзақ әңгімелер мен хикаялардың мәтіндерін қысқартып кітаптың аудармасын жасады (Көк 2004:12) [8, 19 б.].
Қарахан мемлекеті тіліндегі Құран аудармасына келер болсақ, дүние жүзі бойынша жартылай не толық бірнеше қолжазба нұсқалары сақталған. Олардың біреуі Ресейде. Ол ғылымда Тефсир («Түсініктеме») деп аталып кеткен. Еңбекті жазған автор мен оның көшірушісі, жазылған, көшірілген уақыты мен жері қолжазбада көрсетілмеген. В. Бартольд, С. Малов, А. Боровков, К. Фуад, А. Эрдоган, А. Инан сияқты ғалымдар қолжазбаның түпнұсқасы ХІІ-ХІІІ ғасырларда жасалған да, ол ХV ғасырда қайта көшірілген деп есептейді. Көшірме 1914 ж. Өзбекстан өңіріндегі Қаршы қаласынан табылған. «Тефсир» құран сүрелерінің (ХVІІІ сүре) жолма-жол аудармасы мен сол аудармаларға арналған түсініктемелерден (комментарийлерден) құралған. Әр сүренің соңында сол сүренің мағынасына үйлестіріп берілген әңгімелер мен өлеңдер бар. Құранның түркі тілдеріне аударылған бірнеше нұсқалары бар. Олардың әңгімелері мен тіл ерекшеліктері, құрылысы мен берілген комментарийлері өз ара ұқсастық тауып отырады. Мысалы, осындай 9 түрлі қолжазба Түркияның «Ислам мен түрік шығармаларының музейінде» сақтаулы тұр. 1333 ж. Мухаммед бин ал-Хадж Девлетшах аш-Ширази көшіріп жазған аударманың тілі «Тефсирдің» тілімен өте ұқсас. Мұндағы кейбір әңгімелер Рабғұзының шығармасында да кездеседі. «Тефсирдің» кейбір әңгімелері, сол сияқты, «Асхабул Каһф» (әдетте осылай аталады, толық аты «Тазкира-и-хазрат сұлтан асхабал-каһф») шығармасында өлең түрінде берілген (1910 ж. Шығыс Түркістан өлкесінен табылған) [5, 25 б.]. Түркітану алаңында Аноним тәпсір және ауторы белгісіз Құран тәпсірі деп аталып келген бұл еңбекті ең бірінші Ахмет Зәки Уалиди Тоған 1914 жылы Бұхара Әмірлігінің Қаршы қаласында қолға түсіріп, Совет Ғылым Академиясының Азия Музейі атына сатып алынған. 1917 жылғы саяси өзгерістерге дейін бұл еңбек, Азия Музейі қорында «Cod. Mus. As. 332 co-Walidow, 1914, Nr. 2475» түрінде тіркелген. Бүгінде Институт Народов Азий кітап қоры, Cod.332 болып тіркеулі тұр. Еңбектің фотолары Түркиядағы Түрк Дил Куруму кітапханасына алып келінген, осылайша Түркиядағы зерттеушілердің пайдалануына берілген. Орта Азия тәпсірі Құранның он сегізінші сүресінен бастап жасалған жолма-жол аударма және тәпсірді қамтыған. Тәпсірдің бірінші бөлімінде әр сүренің соңында ортада айтылған тақырыптармен байланысты хикаялар беріледі. Екінші бөлімінде болса қырық тоғызыншы сүреден бастап, тәртіппен аяттардың бөлек-бөлек аудармасы тәпсірмен бірге жүргізіледі. Көшірушімен аутордың аты-жөні көрсетілмеген, қашан жазылғаны не қашан көшірілгені туралы да мәлімет жоқ. Бұл қолжазба 147 беттен тұрады. Соңғы екі парақ пен бірінші беті оқуға келмейтіндей болып ескірген. 53б және 54а беттері түсіп қалған. Еңбектің 1а беті Кәһаф сүресінің бесінші аятымен басталады [8, 22 б.].
Екіншісі Англия нұсқасы. Ғылымда «Райландс нұсқасы» деп аталады. Манчестерде (Англия) Жон Райландс кітапханасындағы Arabic MSS.25 – 38 тіркеу нөмерімен сақталған. Бұл аударма туралы алғашқылардың бірі болып А. Мингана жазбаларында қысқаша таныстырған, кейін сол ғалым, Жон Райландс кітапханасы Арабша қолжазбалары каталогында қолжазба Құран нұсқасының сипаттамасын жасай отырып, Шығыс Түркі тіліне де тоқталған және кішігірім сөз тізбегін құрастырған. Құранның көне аудармаларын зерттеген Абдулқадыр Инан мен Зәки Уәлиди Тоған да Райландс нұсқасын еңбектерінде көрсетеді, тіпті З.У. Тоған салыстыру мақсатында аудармадан кішігірім екі мысал келтірген. Сонымен қатар түркі тілі тарихының негізгі түпдеректерінен болған бұл Құран аудармасы бүгінге дейін түбегейлі зерттеу тақырыбына айналмаған. Саманилер дәуірінде Мансұр бин Нұх (961-976) заманында Табари тәпсірімен бірге Хорасандық және Мәуреннахрлық ғалымдардан құрылған комиисия тарапынан Құран алғаш рет парсы тіліне аударылған. Құранның алғашқы Түркі тіліндегі аудармасы да (Шығыс Түркі тіліне) – Зәки Уәлиди Тоғанның көзқарасы бойынша – парсы тіліндегі аудармасымен бір мезгілде, тіпті сол комиссияның түркі тілдес мүшелері тарапынан жасалған. Абдулқадыр Инан бұл датаны Х ғасырдың орталарында деп тұжырым жасаған. Тағы да Тоғанның көзқарасы бойынша алғашқы Түркі тіліне аударылған құран, жолма-жол, сөзбе-сөз аударма түрінде болып, Табари тәпсіріндегі сөзбе-сөз парсы тіліндегі аудармаға негізделген. Райландс нұсқасы, әр бетінде үш қатардан (арапша, парсыша және түркі тілінде) мәтін болғандығы үшін өте көлемді, 14 том (№25-38), 1145 парақты құрайды. Томдардың бөлінуі Құранның параларына қарап жасалғандығы үшін бұл нұсқа негізінде 30 том болған. Бірақ кейінірек паралардың жартысы яғни І-ІІІ, VІІ-VІІІ, XI-XII, XV, XVII-XIX, XXI, XXVII, XXIX және XXX санды паралары жоғалған. Оның үстіне қолдағы паралардан да тек 26 томдағы V пара толық, қалғандарында кемдіктері бар. Райландс нұсқасының бүгіндегі жағдайы төмендегі кестеде көрсетілген (аят нөмірлерінен алдыңғы (*) белгі аяттың бас жағын, кейінгі (*) болса аяттың соңында кемдік бар екендігін білдіреді):
1-Кесте. Райландс нұсқасының бүгіндегі жағдайы
Томдар | Паралар | |||
№ | Парақ саны | № | Негізгі қамтылған бөлім | Бүгін бар болған бөлімдер |
25 | 29 | ІV | 3:91-4:23 | 3:*118-120*, *166-173*, *182-182*, 186-187*, 199, 4:1* |
26 | 100 | V | 4:24-4:147 | Толық |
27 | 59 | VІ | 4:148-5:82 | 4:148*, *155-168*, *170-177*
5:*3-14*, *15-45*, *46-55* |
28 | 86 | ІХ | 7:88-8:40 | 7:88, *101-206
8:1-40 |
29 | 66 | Х | 8:41-9:93 | 8:*41-48*, *75
9:1-2, *9-93 |
30 | 100 | ХІІІ және ХІV | 12:53-15:1 және 15:2-16:128 | 12:*53-54*, *66-67*, *79-94, *111
13:1*, *43 14:1*, *25-27*, *52 15:1-3*, *23-43*, 52-58*, 66-78*, *88-96* 16:*2-5*, 10-17*, *22-128 |
31 | 92 | ХVІ | 18:75-20:137 | 18:75-77, 110
19:1-16, 21-98 20:1-106* 39:*33-39 41:*47-53* 46:*23-30*, *21-23* 20:*106-128* |
32 | 45 | ХХ | 27:60-29:44 | 27:*60*, *91-93
28:1-71*, *88 29:1-2,44 |
33 | 86 | ХХІІ | 33:31-36-21 | 33:*31-40*, 43-73
34:1-54 (толық) 35:1-13*, *25-32*, *35-45* 36:*4-7 |
34 | 96 | ХХІІІ | 36:22-39:31 | 36:*25-27, *28-72*
37:11-41*, *79-182 38:1-88 (толық) 39:1-29* |
35 | 90 | ХХІV | 39:32-41:46 | 39:[*33-39(31 томда)], *41-75
40:1-85 (толық) 41:1-30*, 46 |
36 | 109 | ХХV | 41:47-45:37 | 41:47* [*47-53*(31 томда)]
42:*6-53 43:1-89 (толық) 44:1-59 (толық) 45:1-37 (толық) |
37 | 89 | ХХVІ | 46:1-51:30 | 46:1-3* [*21-30* (31 том)], *32-34
47:1-38 (толық) 48:1-29 (толық) 49:1-18 (толық) 50:1-45 (толық) 51:1-30 |
38 | 98 | ХХVІІІ | 58:1-66:12 | 58:1-4*, *9-22
59:1-9*, 10-20*, *21-24 60:1-4*, *11-13 61:1-14 (толық) 62:1-11 (толық) 63:1-11 (толық) 64:1-18 (толық) 65:1-12 (толық) 66:1-12* |
Жоғарыдағы кестеде көрсетілгендей 1-2, 6, 10-11, 17, 21-26, 30-32, 52-57 және 67-114 сүрелер жоғалған. Бүгінге жеткен сүрелерден тек 34, 38, 40, 43-45, 47-50 және 61-65 сүрелер толық, қалғандары әр түрлі көлемде кемдігі бар [9, 254 б.]. Бұл қолжазба Айсу Ата тарапынан «Түркі тіліндегі алғашқы Құран аудармасы, Қарахан түрікшесі» деген атаумен 2004 жылы Түрк Дил Куруму Иайынлары: 854 нөмірімен ғылымға әлеміне ұсынылған. Айсу Атаның бұл еңбегі кіріспе, мәтін, ескертпелер және кесте болып төрт бөлімнен тұрады. Ғалым кіріспеде еңбекке байланысты зерттеу жұмыстарынан Райландс нұсқасынан және Құран аудармаларынан сөз қозғаған. Аударма методын да атап көрсеткен Ата, бұл еңбектің түркі тілі тұрғысынан қарағанда маңыздылығына да тоқталған [10, 91 б.].
Үшіншісі Өзбекстан нұсқасы. Ғылымда Ташкент нұсқасы деп аталады. Өзбекстан Ғылым Академиясы, Әбу Райхан Бируни атындағы Шығыстану институтының қолжазбалар қорында №2008 нөмірде сақталған бұл Құран аудармасы жолма-жол түркі және парсы тілдеріндегі аударманы қамтыған. Парақтары жоғалған бұл нұсқа, барлығы 273 парақ. Нұсқаның мұқабасы реставрациядан өткен. Мына парақтар қайталанған: 3b-4a, 4b-5a, 5b-6a, 42a-141b, 171a-170b, 184a-183b, 231a-230b, 249a-248b, 261a-260b, 262a-261b. Өзбекстан нұсқасының қайда, кім тарапынан, қашан жазылғандығы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бұл нұсқада жалпылама бес сүре бар.
2 – кесте. Өзбекстан нұсқасының бүгінгі жағдайы.
Сүренің атауы | Сүренің нөмері | Аят саны | Аудармада бет нөмері | Аудармадағы аяттар |
Бақара | 2 | 286 | 4a1-90b1; 269a1-270b1 | *23-*75, *100-282*, *285; *85-89* |
Али Имран | 3 | 200 | 91a1-143b1 | 1-200 |
Ниса | 4 | 176 | 143b1-196b1; 261a1-267b1 | 1-157*; *157-176 |
Маида | 5 | 120 | 197a1-206b1
207a1-222b1 247a1-254b1 255a1-260b1 267b1-268b1 |
*60-91*
*17-60* *2-17* *91-108* 1-2* |
Әнғам | 6 | 165 | 223a1-238b1
239a1-246b1 |
*96-145*
*72-96* |
Бұл Құран аудармасында 2 сүре толық емес, 3, 4 сүрелер толық, 5 сүре 1-117 аяттар және 6 сүре 71-136 аяттар қамтылған, аударма жолма-жол аудару әдісімен парсы және түркі тілдеріне аударылған. 1 – 3, және 19 – 22 санды беттер кейіннен жалғанған және олардағы мәтінде аудармалар жоқ, тек арабша мәтін ғана жазылған. Ташкент нұсқасын ғылыми ортаға 1957 жылы танытқан А.А. Семенов болған. Бируни атындағы шығыстану институтының қолжазбалар қорында каталог дайындаған, бұл шығарманың сипаттамасы сол каталогтың төртінші томында жасалған. Екман да осы бұл шығарманы таныстырғанда Семеновтың осы сипаттамасына сілтеме жасаған. Жолма-жол әрі парсы мен түркі тілдерінде аударылған Құранның біреуі Англия нұсқасы еді. Ол нұсқада аяттардың астында парсы тіліндегі аударма және ол аударманың астына түркі тіліндегі аударма берілген еді. Бұл қолжазбада бұл мәселе басқаша көрініс тапқан, яғни жоғарыдан төмен қарай парсы тіліндегі аударма орын алған және төменнен жоғарыға қарай түркі тіліндегі аудармасы берілген, сонымен жазудың өзінен иректелген көркем өрнектер құралған. Бұл Құранның әр бетінде бес қатар жазу орын алған. Сүренің бас жағы болса да Маида сүресі 267b парағы 5 қатар болуына қарамастан екінші жолда бір-ақ сөздің аудармасы бар. 200b парағы негізінде бес жолдық, бірақ алтыншы жолы да қосылып аудармасы парақтың сол жақтағы шетіне төменнен жоғарыға қарай жазылған. Осыған ұқсайтын жағдай 212а парақтың оң жағына алтыншы жол аудармаларымен бір орналастырылған. Арабша аяттар жуан және көркем жазумен жазылған, аудармалар жіңішкерек жазумен орындалған. Қолжазбаның негізгі парақтары араласып кеткен, 1-3 және 19-22 беттері кейіннен қосылған және тек арабша мәтін орын алған. Фатиха сүресі жоқ. Қолжазбаның 1а – 6 беттер аралығындағы парақтар кейіннен қосылған, Бақара сүресінен басталатын бұл парақтардағы жазуда аударма берілмеген. Қосқан кісі қызыл сиямен сүренің атауын және қанша аят екендігін жазған. 1b – 7 жол, 2а – 7 жол екеуі де сол жақтағы шетіне жазылған. Барлығы 9 жол, 2б және 3а 7 жол, 3b – 7 жол. Бақара сүресінің басымен басталатын бұл аудармасыз парақтар 3б парақтың 7 жолымен яғни Бақара сүресінің 24 аятымен аяқталады. 4а бетімен аударманың негізгі бөлімі басталады, онда Бақаора сұресінің 23 аятының соңғы жақтарымен басталған. Аударманың орта жақтарында да кейіннен қосылған парақтар бар, 19а, 19b, 20а, 20b, 21а, 21b, 222а, 22b парақтары кейіннен қосылған, тек арабша мәтін. Қолжазбаның бастапқы беттері қатты зақымдалған, үгітіліп бастаған, кейін қаншама рет реставрация жасалғандығы байқалады. Қатты ескірген жерлеріндегі жазулар қатты зақымдалған. Сия төгіліп бүлінген беттері бар, және 261а беті қатты зақымдалған, кейіннен жазылған мәтіндер де кездеседі. 29х36 см өлшеміндегі бұл жазулар Мәуереннахр үлгісіндегі кітапты бедерлеу өнерімен безендірілген. Сүрелердің басталған жерлері алтын түспен зерленген [11, 31 б.]. Өзбекстан нұсқасы Ыстанбұлда сақталған ТИЕМ 73 нұсқасымен салыстырылғанда ұқсастықтар байқалады.
Төртіншісі Ыстанбұл ТИЕМ 73 нұсқасы. Бұл қолжазба Шығыс Түркі тілінде жазылған жолма-жол Құран аудармасы болжалды түрде ең көнесі, Түрк ве Ислам Есерлери Музесі (ТИЕМ), №73 нөмермен сақталған, қолжазба күйінде бізге дейін жеткен толық әрі әдемі қолжазба нұсқасы болып табылады. Ширазда 734/1333-34 жылы Елхани Абусаидтің (1317-1336) билігі тұсында Мұхаммед ибн Хажи Дәулетшах тарапынан көшірілген [12, 18 б.]. ТИЕМ73 түркі тіліндегі Құран аудармасы кімдер тарапынан және қашан аударылғандығы туралы нақты деректер жоқ. Сонымен қатар тілдік ерекшеліктеріне қарап бұл аударманы Қарахан мемлекеті тұсында жарық көрген шығармалар қатарына қосуға болады. Демек бұл аударманы алғашқы Құран аудармаларына ең жақын еңбек деп бағалауға болады. Қолжазба нұсқасы Истанбул Түрк ве Ислам Есерлери Музесінде №73 тіркелген дедік. Табылу тарихына келер болсақ, бір кісі бұны Әйюб Сұлтан Кесенесіне уақып еткен, 1922 жылы Муессисати Уақфиядан музейге әкелінген. Қолжазбаның соңындағы арабша жазбада мәтіннің көшірілу тарихы және көшірушінің кім екендігі туралы мәлімет берілген. Онда былай деп жазылған «Бұны Алланың құлдарының ең әлсізі, ең мұқтажы болған, күнаһар, қателігі көп Ұлы Алланың кешірімін қалайтын (Алла жағдайын оңғарсын) Мұхаммед бин әл-Хаж Дәулетшах әш-Ширази х. 734/1333-34 жылының айларында жазды және тахзиб етті». Осыған қарап ТИЕМ 73 көшіру тарихын х.734/1333-34 жылы, оны көшірген Мұхаммед бин әл-Хаж Дәулетшах әш-Ширази дей аламыз. Көшірушінің атынан оның Шираздық екендігі білінеді. Қолжазбаны көшіру тарихы х.734/1333-34 Елхани мемлекеті Абу Сайид (1317-1336) тұсына тура келеді [13, 22 б.]. Қолжазбаның жалпы сипаттамасына келер болсақ, қолжазбаның мұқабасы қоңыр теріден жасалған, зерленген. Кейіннен жасыл шүберекпен қапталған. Қолжазбаның алғашқы екі парағымен сүре атаулары жазылған беттер өрнектеліп, алтын түспен сәнделген. Құранның ішіндегі тоқтайтын жерлер, бөлімдер және паралар гүлді өрнекпен беріліп, жарқыратылған. Құранның мәтіні қара райхани стилде, жолма-жол аударма қызыл әрі насхы үлгісінің ерекшеліктерімен жазылған. Бет өлшемі 36 см х 27 см, жазу жалпақтығы 14 см. Қолжазба 451 парақ болып, әр бетінде 9 жол арабша, 9 жол түркі тілінде аудармасы болып 18 жолдан тұрады. Соңғы парақта 7 жол арабша 7 жол түркі тілінде болып 14 жолдан тұрады. Беттің төменгі жағындағы зақымдалған жерлері жөнделген. Түркі тіліндегі бөлімнің жазу характері насхы үлгісінің ерекшеліктеріне жақын. Түркі тіліндегі бөлігі қызыл сиямен жазылған. Еңбекте кейбір сөздерді жазарда харакаттар қойылған. Кейбір арабша сөздердің астына да кейде арабша сөзбен түсініктемесі жазылған. Кейбір сүрелердің аят сандары бүгінгі Құран сүрелерінің аят сандарымен сәйкеспейді. Бұл жағдай аяттың кем екендігінен емес, аяттарды бөлгендегі айырмашылық. Еңбекте аяттарды бөлу көбінесе жүйелі түрде жолға қойылған. Кейбір мұташабих аяттардың астына әр түрлі түркіше сөздіктер мен әр түрлі сөйлемдер берілген. Мысалы: 293r/8=030/1 де alif mim астына туралап alif ladin mim mulkdin; 298r/5=031/1 alif lam mim астына туралап men Tanri bilur men; 301r/3=032/1 alif lam mim астына туралап sen torutursen bigenrek; 368v/7=046/1 ha mim астына tozun ici haqqi; 357r/9=043/1 ha mim sin астына tozun malik idi; Кейбір аяттар мәтіннің сол не оң жағына жазылған: 313r/1=034/23 magar anar kim dastur berdi, 282v/8=028/34 qadasim harun ol fasihraq menden tilin edgil menin birle jarci kuni tutar meni men qorqarmin. Еңбекте 255v/5=024/6 мәтінге қатысы жоқ сөздер сол жағына қызыл сиямен арабшалап alayhi raziyallah anha haqinda bu on segiz ayat turur kim indurdi Sabril salawat alayha alayna деп жазылған. Еңбекте кейбір сөздер араб тілі ережелері бойынша ұқсастырып аударылған: 348r/8=04/10 tort kunler сияқты. Кейбір түркше сөздердің арабша түсініктемесі де берілген: 286r/8=28/76 qirq erni = ул ұшбату хуна арбағун ражулан. Мәтінде кейбір сөздер аударылмай қалдырылған, астына арабшасы жазылған: 310v/7=033/60 лә нұсалтаника алайхим. 324v/9=036/80 фә иза. Еңбекте Құранда аталмайтын жерлерде аталған және тіпті аталмайтын сөздер де бар: 337v/8=39/33 Мұхаммад, 337v/8=039/33 Әбу Бәкр. Еңбек Сұлтан Абдулазиз Хан заманында, сол кісінің қалауымен Фарид Әфендінің бақылауымен реставрациядан өткендігі Хазина Китаплары Муфеттиші Абдуррахман Нажим тарапынан х.1281/1864-65 жылы қолжазбаның бас жағында түртілген жазбадан байқаймыз [13, 23 б.]. Бұл қолжазба бойынша ең бірінші зерттеу жұмыстарын жүргізген Абдулқадыр Ердоған. Ердоған «Куран тержүмелеринин Дил Бакымындан Дегерлери» атты ғылыми жұмысымен бұл нұсқаны таныстырған және еңбектің бастан-аяқ Оғыз түркшесімен аударылғанын алға тартқан. Қолжазба бойынша алғаш филологиялық тұрғыдан зерттеу жұмыстарын жүргізген Фаһир Из. Бұл еңбегі Түркият Инститүсү 11 нөмерде тіркелген: Фаһри Из, Ұйғуржа Құран Тержүмеси, Истанбул университеси Түрколожи Дисиплини Винжи семестре травайлы, 1936-1937. Ф. Из ғылыми жұмысы, ТИЕМ 73 тің Шұғара сүресінің Түркше бөлімінің жазу аудармасын Түркия түркшесін және сөздігін қамтыған. Зәки Уалиди Тоған «Лондра ве Тахрандаки Ислами Иазмалардан базыларына даир» атты еңбегінде Аноним тәпсірдің ТИЕМ 73 тен кейінірек жазылғандығын, толық емес екендігін және ТИЕМ 73 тің көшірмесі екендігін мәлімдеген. Сонымен қатар Тоған Райландс Құран аудармасының Али Имран сүресінің 118 аятымен Аноним тәпсір және Хакимоғлу Али Құран аудармаларының сол сүрелерінің 118 аяттарын салыстырып Райландс Құран аудармасының Шығыс Түркшесі ерекшеліктерін көрсеткендігін, ықтимал Шағатайшадан бұрынғы бір кезеңге 14 не 15 ғасырға тиесілі екендігін алға тартқан. Тоған, Табари тәпсірінің аударылуы үшін Мауереннахр ғалымдарынан құралған комиссия мүшелерінің бірі Исфижаптан (Сайрам) бір Арғу түркінің болғандығын атап өткен. Шығыс түркшесі Құран аудармаларының негізгі нұсқасының алғаш Мұсылмандықты қабылдаған Арғу және Қарлық түрктерінің диалектісінде, Шу мен Сырдария бойындағы оғыздардың диалектісінің де ықпалымен жазылғандығын айтады. Абдулқадыр Инан да бұл қолжазба туралы қалам тартқан зерттеушілердің бірі. Қолжазба туралы «Ески Түркче Үч Куран Тержүмеси» тақырыбындағы зерттеу жұмысында атап өткен. Инан бұл еңбегінде Аноним Тәпсір, Хекимоғлу Али Паша нұсқасы және ТИЕМ 73 қолжазбаларындағы Кәһәф сүресінің кейбір бөлімдерін салыстырған, осының нәтижесінде Аноним Тәпсірмен ТИЕМ 73 мәтінінің бірдей екендігін жариялаған. Абдулқадыр Инан «Кураны Керимин Түркче Тержүмелери Үзеринде Бир Инжелеме» атты еңбегінде ТИЕМ 73 тің ХІ ғасырда аудармасы жасалған нұсқаға ең жақын нұсқа екендігін айтып, мәтіннің тілдік ерекшеліктері тұрғысынан да Аноним Тәпсірден бөлек бір орынға жайғастырған. Инан бұл зерттеуінде еңбектің бас жағынан Бақара сүресінің 143 аятына дейінгі бөлігінің факсимилесін де берген. Екман ТИЕМ 73 екі бөлек мақалада қолға алып, еңбек бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген шетелдік ғалымдар санатына жатады [13, 25 б.]. Межит Яшароғлу Кураны Керимин Түркче Тержүме ве Тефсирлери Библиографиасы атты еңбегінде ТИЕМ 73 тің Фатиха және Бақара сүресі 14 аятқа дейінгі бөлігін аудармасын берген. Хамза Зилфикар да «Чагатайча бир Куран Тефсири» атты еңбегімен ТИЕМ 73 туралы зерттеу жүргізген ғалымдардан. Зилфикар бұл зерттеуінде Бақара сүресінің 40 аятына дейінгі бөлігін аудармасын берген. Сонымен қатар Зилфикар қолжазбаның тілдік ерешеліктері және сөз құрамына тоқталған. Қолжазбаның көптеген жағынан Ұйғыршамен ұқсастығы бар екендігін көрсете отырып, «д» және «у» дыбыстарының сақталғандығын айтқан. Зилфикар, Силер екінші жақ есімдігі мен -ығлы/-іглі жақтардың көп қолданылғандығын еңбектің маңызды ерекшелігі деп бағалаған. О. Фикри Серткая Екманның еңбегін таныстырған еңбегінде ТИЕМ 73 тің жазу ерекшеліктеріне тоқтаған. Селахиддин Сөнмезсой диссертациясында ТИЕМ 73 ке тоқталған [9, 27 б.].
Қорыта келгенде, Құранның басқа тілдерге аударылуы Исламның бастапқы кезеңдерінен-ақ басталған, бір рауаятқа қарағанда Әзірет Пайғамбар заманында кейбір қысқа сүрелер парсы тіліне аударылған. Бұл әрекет кейінгі ғасырларда дамып, Құран ғасырлар бойы барлық шығыс және батыс тілдеріне аударылған. Мұхаммед Хамидуллах Құран Кәрімнің жүзден аса тілге аударылғанын анықтағанын білдіреді. Профессор З.У. Тоған Самани билеушісі Мансұр ибн Нұх Табаридің тәпсірін парсы тіліне аудартқандығын және аударма тобында тек қана Балх пен Бұхара емес, Ферғана мен Исфижаптан да Мәуераннахр ғалымдары болғандығын айта келіп «Құран түркі тіліне осы топ тарапынан аударылған» деген пікір білдірген. Бүгінде Түркітанудың ең басты мәселелерінің бірі дереккөздердің кемшіндігі. Бұның ең басты себептернің бірі, көптеген маңызды мәтіндердің зерттеліп жарияланбауынан және әлемдегі кітапханаларда сақталған қолжазбалардың қолжетімді болмауынан. Соңғы жылдарда осыған байланысты жақсы жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатпен көне замандарға тиесілі әр түрлі маңызды әдеби жәдігерлер факсимиле, транскрипция және сыни басылымдар түрінде жарияланып келеді. Кейбір көне мәтіндер біздің елімізде назардан тыс қалып қойған. Солардың ең бастылары Қарахан мемлекеті тұсында аударылған Құран аудармасы. Бұл аудармалардың ең басты төрт нұсқасы туралы ақпарат беріліп отыр. Құран аудармалары түркі тілі тарихының басты еңбектері арасында айрықша орынға ие. Түркі тілінде сөйлейтін әлемнің әр түрлі аймақтарында бұрындары жасалған Құран аудармаларының лингивистика үшін үлкен маңызға ие екендігі баршаға аян. Құранның оп-оңай қолжетімді болуы, түркі тіліндегі мәтіннің арабша негізімен салыстыруға мүмкіндік тудыруда және бұл олардың тіл тұрғысынан бағалануын үлкен маштапта жеңілдетуде. Құран аудармалары бәрінен бұрын түркі фонология, морфология және лексикология тұрғысынан маңызды, бірақ түркі тілінің синтаксисі жағынан онша маңызға ие емес. Сондықтан Шығыс түркі тілімен жазылған Құран аудармалары туралы зерттеу еңбектердің қатары көбейгені байқалады. Соның жарқын көріністерінің бірегейі осы толық әрі жалғыз нұсқаның факсимиле түрінде мың тиражбен басылып, таралғандығы. Мың жылдар бойы 8000 фарсах аумақты егелеп жатқан түркілер үшін бұл еңбек мол рухани азық, әлі талай зерттеулерге түпдерек болады деп сенеміз. Бұл еңбектің өзі болсын не көшірмелері болсын, алтынмен апталық, күміспен қапталып, бүгінгі кіші қағанаттармен парапар деуге келетін түркі мемлекеттерінің ақ ордаларында және халқының қолында сақталуға тұратын алтын жәдігер, қасиетті кітап, теберік тұмар.
Сондықтан бұл еңбек барша Түркі халықтарына арналады және осындай мыңжылдық мұрамыздың сақталуына үлес қосқан барша жандарға, оны мың тиражбен көбейтуге үлес қосқан ең бірінші оқу ордамыз ЕҰУ-дің басшылығына, ғылыми жетекшім Түркітану кафедрасының меңгерушісі профессор Жолдасбеков Мырзатай мырзаға, профессор Сатай Сыздықов мырзаға және профессор Муминов Әшірбек мырзаға, Түркиялық ғылыми кеңесшім профессор Ахмет Ташағыл мырзаға, Түркия Мәдениет және Туризм Министрі Мехмет Нури Ерсой мырзаға, Түрк ве ислам есерлери музесінің басшылығына, Билге Түрк Егтим Күлтүр Вакфының төрағасы Гүнгөр Азим Туна мырзаға, Академик Китаплар баспасының директоры Салих Арас мырзаға және Түркі Академиясы, кітапхана, баспа және музей бөлімінің жетекшісі Жандос Бәделұлы мырзаға және ЕҰУ-дің докторанты Жеңіс Қыдырыов мырзаларға шын жүректен алғысымызды айтамыз.
Моллақанағатұлы С.
ЕҰУ-дің PhD докторанты
Әдебиеттер тізімі
- Жолдасбеков М. Асыл арналар. І том. Зерттеулер. Мақалалар. – Астана: Күлтегін, 2012. – 344 бет.
- Жолдасбеков М., Сартқожаұлы Қ. Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. – Астана: Күлтегін, 2005. – 306 б.
- Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1- том. – Алматы: Атамұра, 2010. – 544 бет.
- Hamidullah M. Kuran-ı Kerîmin Türkçe Yazma Tercümeleri // Türkiyat Mecmuasi – 1964. – Т.14. – С. 65-80.
- Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М., Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1971. – 272 б.
- Ünlü S. Doğu ve Batı Türkçesi Kur’an Tercümeleri Sözlüğü. – Eğitim Yayınevi, 2013. – 921 s.
- Интернет ресурс. http://kuran.muftyat.kz/#/exercise/1(уақыты: 03:20, 19.03.2021)
- Ünlü Suat. Ayet bağlamında Doğu Türkçesi Kuran Tercümeleri: (TİEM 73 KT, Rylands KT, Anonim KT, Hekimoğlu KT, Özbekistan KT) Karşılaştırmalı Metinleri: cilt: 3/ Suat Ünlü – İstanbul: Hiperlink Yayınları, 2018. 515 s.
- Eckmann János. Harezm, Kıpçak ve Çağatay Türkçesi Üzerine Araştırmalar/yayına hazırlayan Osman Fikri Sertkaya (5. Bsk) – Ankara: Türk Dil Kurumu, 2017. – 438 s.
- Üşenmez, Türkçe İlk Kur’an Tercümesi ve Tercümedeki İslâmî Terimlerin Türkçe Karşılıkları Üzerine. – Ankara: Sosyal Bilimler Araştırmaları Dergisi, 2006. – № 1. – 89 – 99 s.
- Türkçe İlk Kur’ân Tercümelerinden, Özbekistan Nushası: Satır arası (Interlinear) Türkçe-Farsça Tercümeli Tıpkıbasım. – Akademik Kitaplar, 2013.
- Eckmann J. Kuranın doğu türkçesine tercümeleri // İstanbul Üniversitesi Edebiyat Fakültesi Türk Dili ve Edebiyatı Dergisi – 1973. – Т.21. – С. 15-24.
- Ünlü S. Kur’an-ı Kerim’in Türkçe’ye Çevrilmesi ve İlk Türkçe Kur’an Tercümeleri // Dinî Araştırmalar 2007. – Т. 9. – №. 27. – С. 9-56.
- Topaloğlu A. Kur’an-ı Kerim’in İlk Türkçe Tercümeleri ve Cevahirü’l-Esdaf // Türk Dünyası Araştırmaları – 1983. – Т.27. – С. 58-66.
- Üşenmez E. Orta Asya (anonim) Kuran tercümesi üzerinde Özbekistan’da yapılmış bir inceleme // Istanbul University – – C. 982.
- Muminov A. Disputes in Bukhara on the Persian Translation of the Qur’ân //Mélanges de l’Université Saint-Joseph. – 2006. – С. 301-08.
- Сайпулла Моллақанағатұлы, Қарахан мемлекеті тұсындағы алғашқы Құран аудармасы // Bulletin of L.N. Gumilyov Eurasian National University №. – 2019. – Т. 2. – С. 127.