Жарық нұрдың сәулесі

Сары даланың сайраған бұлбұлы еді

Әнші-ақын Құтбай Дүрбайұлына 115 жыл

Кім қалар дейсің – дүниеде,

Марқұм – Құтбай бұл да өткен.

Сайраған бақта бұлбұлдай

Отырған жерін гүл еткен.

Өз заманында өнердің төрінде жүрген талай тарланды жолында қалдырған Құттықожа Дүрбаев сияқты деңгейі биік дарынды өнер иесіне дөп басып, тура, әділ баға беру менің қолымнан келе қоймаса да бар білгенімді қымбатты оқырман­дар­мен бөліскенді жөн көрдім. Халықта «Ергежейлі адам алып адам жайында әділ сөзді айта ал­май­ды» деген нақыл сөз бар емес пе, сонда да бар біл­генімді айтайын. Ондағы мақсатым-бізден кейінгі дүниеге келген ұрпақ­тар­ға және де осы саланы тереңірек зерттеп жүрген бүгінгі өнер зерттеу­ші­ле­ріне келешекте керек болып қалар  деген оймен қолыма қалам алдым.

Ел арасында Құтбай ақын деп танылған кейіпкерімнің  әкесі азан шақыртып қойған шын аты Құттықожа.  Мен Құтбай ақынмен талай жылдар аралас- құралас, тұз дәмдес болдым. Әрі шәкірті, әрі өкіл баласы едім. Ол кісі туралы естелік жазып қалдыруды дұрыс көріп отырған жәйім де осы. Қазіргі уақытта Құтекең жөнінде білетін адам­дар­дан біреу жарым болмаса қалмады да. Мен өзімнің бұл естелігімді ол кісі қайтыс болған соң елу жыл­дан кейін ғана жазып отырмын. Бір күні Құтекең екеуміз ғана жеке сөйлесіп отырғанымызда «Шы­рағым, Оразжан, мен негізі әнші-ақынмын ғой» деген сөзін бір құлағыммен емес қос құлағыммен 1970 жылы естіген адаммын. Ол рас та. Құтбай ұс­таздың репертуары өте бай болатұғын. Біздің қазақтың өзінен бұрынырақ өтіп кеткен ірі-ірі ақын­дарының жазып кеткен діни дастандарын, терме, нақыл сөздерін өте көп жатқа біледі. Бұрынғы өткен ақындардың айтыстарынан да жатқа айтатын. Айта берсек мысалдар көп. Өзім әншінің аузынан  Қожағұлұлы Біржан сал мен Тастанбекқызы Сара ақынның айтыстары, молда Мәнсүр мен Дәме ақынның айтыстарын талай естідім. Халықтың өтініп сұрауы бойынша өте шебер етіп айтып, орындап бергендеріне өзім куә болғанмын. Діни танымдағы дастандарды орындайтын. Ұстазым әзіл-оспаққа да жақын болатын. Езутартар хикаяларды да айтып жүретін. Ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлының жазып кеткен «Әмір Әмзе» деген дастанын, тағы да басқа дастандарды өте шебер орындап, өзін тыңдаған халықты қатты риза етіп, алғысын алушы еді. Құтекең өте мәдениетті өнер иесі болатын. Халықтан ешнәрсе сұрап алмайтұғын кісі еді. Құтекең дастандар мен термелерді, айтыстарды айтпағанда ілгеріректе өмірден өткен әнші-ақындарымыз Біржан салдың, Ақан серінің, Шашубайдың, Мәдидің, Естайдың, Жаяу Мұсаның, Ыбырайдың және де өзінің ұстазы болған, әнші- ақын Нартай Бекежановтың әндеріне сусындап, қанып ішкен өнер иесі. Сол аттары аталған өнер майталмандарының әндерімен-ақ бір отырысты, жиынды көңілді, қызықты, тартымды етіп атқаратын. Өзімен замандас болған қазақтан шыққан сазгерлерінің де өте жақсы деген көптеген әндері мен күйлерін  елдің өтініп сұрауы бойынша шебер етіп орындап беруші еді. Құтекең халық өте құрметтеп, сыйлаған өнер иесі. Ол кісі тойға да, байға да өзін құрметтеп шақырмаса бармайтұған, ал құрмет көрсетіп, арнайы шақырса қалмайтұғын, шақырса ерінбейтұғын, шақырмаса көрінбейтұғын өнер иесі болды. Өте бір парасатты, мәдениетті жан болды. Алдымен өзі орындайтын жырлардың авторын халыққа таныстырып айтып, мазмұнын түсіндіріп беріп, сонан соң ғана орындайтын. «Ақындар мен жыраулардың атын айтпай, шығар­ған дүниелерін иемденіп алу үлкен күнә, ұят, ақтап ала алмайтын қиянат» деуші еді. Барған жері базардай болып, елдің көңіліндегісін тауып айтып,  риза етіп, жиындарды өте бір тамаша етіп тарқа­ту­шы еді ғой жарықтық әулием. Мен Құтбайдың қазақша, өзбекше, қырғызша, татарша, түрікменше, қарақалпақша орындап айтқан әнде­рін өз аузынан өте көп естідім. Рухтанып, жігер­ле­ніп, қайрат-күш алғандай болушы едім. Мүмкін, өнерге жақын болуым да осы ұстазымның арқасында болар деп ойлаймын.

Жаратушы әнші-ақын Құтбайға  аямай арнап берген табиғи дарын-қабілеті жоғары болатын.  Дауысы өте бір әсем,  тыңдағанда жағымды, кең еді. Орындап отырған әндерін өзіндік бір ырғақпен ерекше құбылтып шырқап, тыңдаушысын зәмзәм суын ішкендей етіп, құлақтың құрышын қандырушы еді-ау. Өте бір кереметтей шебер орындайтын. Меніңше де, халықтың айтуы бойынша да өз за­ма­нындағы халықтың несібесіне туған лайықты өнер иесі болды десек асыра айтқандық емес. Құтекең абырой қонса да аспаған, даңқ  қонса да таспаған кісі еді жарықтық. «Халық сүйгенді – тәңірі сүйеді» деген нақылы осы емес пе бұрынғылардың. Ойы асыл, жүрегі батыл, ақылы саңлақ алтындай әр сө­зінде жатушы еді салмақ. «Мәуелі ағаш- майысқақ» дегендей кереметтей кішіпейіл, бала мінезді, ақкө­ңіл, адал, кісімсуді, өктемдікті білмейтұғын, тіп­ті он­дай жағымсыз әдеттерді жаратпайтын бек­заттығы бар еді. Өтірікті айтпайтұғын, кісіні алдамайтұғын тура сөзді, әділ жан дүниесі өте таза, пәк адам бол­ды. Құтекең сара жол тұрғанда қара жолды іздеген адам емес. Барынша өзі де адал, таза болып, қолы да ашық өте жомарт жан болды. Жүзінен жылылық, сөзінен әрқашанда ұлылық көрінетұғын. Бұл кісі ашудың емес ақылдың адамы болды. Мінезі де жай­лы, кереметтей кең. «Кемеңгер адам кең болады» дегені де сол шығар бұрынғылардың. Адалдық де­геніміз адамның өзін-өзі құрметтеуінің нәтижесі, жемісі екен-ау. Құтекең Қызылорда облысының Жа­ңақорған ауданының тумасы. Ілгеріректе Өзбек­станға келіп жасағандықтанда ол Республикада тұрып жатқан көптеген қазақ диаспораларының ірі өкілдерінің өтініштері бойынша Орта Азияның ас­танасы Ташкент қаласының телеарнасында «За­мандас» деген атауы бар қазақ ағайындары үшін арнайы шыққан бағдарламасына арнайы шақыр­тылып, онда да өзінің өнерін Орта Азия қазақ­та­ры­на, халыққа танытты. 1969 жылы Қазақстан Рес­публикасы үкіметінің ғылым ордасының арнайы ша­қыртуымен В.И.Лениннің туғанына 100 жыл және Қазақстан өкіметінің құрылғанына 50жыл толу­ла­рына орай өткен ғылыми конференцияға қатысып, еліміздегі өнер сүйер қауымға, сондай-ақ өнер зерттеуші ғалымдарға паш етіп қайтты. Қазақстан Республикасының өнер зерттеуші ғалымдары Құтекеңді қатты құрметтеп, сыйлап орындаған термелері мен әндерін радионың алтын қорына жазып алғаны да бар. Ілгеріректе халықтың өтініп сұрауы бойынша оларды  эфирден бірнеше мәрте беріп тұрды. Сол уақытта грам пластинкаға жаздырып алған терме мен орындап айтқан әндерін жеке пластинка етіп шығарғандары да бар. Құтекеңнің сол өзі арнайы шақырылып қатысқан үлкен жиынның материалдары 1973 жылы жеке кітап болып шықты. Ол кітапта Құтекеңнің өзін таныстырып айтқан арнау өлеңі де жарық көрді.   Және ұстазы болған әнші- ақын Нартай Бекежановтан бата алғандағын айтқан өлеңі осы кітаптың 184-187-ші беттерінде басылған. Кітап «Қазақтың кәзіргі халық поэзиясы» деп аталады. 1973 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан төрт мың тиражбен жарық көрді.

Құтекеңнен бұрын менің 30 жылдай ұстазым болған чекист, ақын Қайыпназар Әйтпенов қария 1971 жылы Құтекеңнің қазасына байланысты келіні Бунисаға арнап жазған көңіл айту сөзінде былай деген сөздері де бар еді. Бұл әрине, ол сөздерінің тақырыпқа байланысты айтылған үзіндісі ғана.

Қазақтың астанасы Алматыға,

Ардақтап өткен жылы алып барып,

Бірінші сол сайыста жүлдегер боп,

Бағалы силықтарын кеп еді алып.

Ташкенттен телевизордан екі-үш шығып,

Ән шырқап түсті көзге шамдай жанып,

Жақсының өзі өлгенмен сөз өлмейді,

Атағы ел аузында кетті қалып.

Құтбайдың радиодан әнін берсе,

Жұмысын тыңдайды жұрт қоя салып,

Қадірлеп Құтбайдың сөзін әсіресе,

Есінен шығармайды біздің халық.

деп қәдірлі ақын ағасы Қайыпназар Әйтпенов Құтекеңнің бәйбішесі Мырзабай қызы  Буниса келініне 1971 жылы қаңтар айында мен арқылы жеткізген көңіл айту сөзінен үзіндісі ғана.

Қарт ақын Қайыпназар Әйтпеновтің “Аталы-Сөз” деген кітабының 145-ші бетінен алынды. Ендігі жерде Низам Халықұлы деген ақын ағамыздың көңіл айтуынан үзінді келтіре кетейін.

Терменің, Құтпай, тұлпары ең,

Бас бәйгені бермейтін.

Ән -күйдің артық қыраны ең,

Қияға қанат сермейтін.

Таңдалған таза жорға еді,

Мың ішінде өрлейтін.

Айтқан сөзің дәрі еді,

Жүректің дертін емдейтін.

Жүйрік едің жүдемес,

Болдырып шаршап терлейтін.

Еліктер еді естісе,

Небір жүйрік мен дейтін.

Қайғылы жанға көп батты,

Кеткенің жерге келмейтін.

Тағдырға лажсыз айла жоқ,

Боп тұрмыз енді көрмейтін.

Жайлы болсын барған жер,

Тағдырға кім бар көнбейтін.

Ақын Бекшүкір Дүйсенсақыұлының Құтбай Дүрбайұлы атасына арнауынан үзінді:

Уа , Құтеке, таусылмайтын жыр едің,

Дүлдүл едің, ақындардың дүрі едің.

Бір әруақ түрегеліп кеудемде,

Сілкіндіріп кетер деп мен жүр едім.

 

Болса елімнің той – тамаша , сауығы,

Тәшкент жақтан жырдың есіп дауылы.

Дүрлігеді: «Құтбай ақын келді» -деп,

Қырық кепе Түйекештің ауылы.

 

Талай саңлақ болды Мырзашөлімде,

Жыр толғады біздің үйдің төрінде.

Нартай ақын , Құтбай ақын дауысы

Құлағымда қап қойыпты менің де.

 

Құтбай ақын – көпшіліктің қалауы,

Маздайды ұзақ қисса – жырдың алауы .

Даладағы тайқазанда кеш бойы,

Бұрқырайды тойдың ыстық палауы.

 

Қонағы көп үй сияқты – ау құс елі,

Атам Дүйсен —«сақы» атанған кісі еді,

Ел шетіне келген құтты меймандар

Ең алдымен біздің үйге түседі.

Бұл арнау жолдары  «Елдің сөзін сөйлесек» деген кітабының 2013 жылы шыққан 65-66 беттерінен алынды.

Мәдениет -халықтың тозығы жетпес ең үлкен азығы. Бұл салаға көрінген көк атты келе бермейді. Халыққа мәдени қызмет көрсететін адамның өзі мәдениет пен білімді кемел игерген болуы тиіс деген марқұм Ілияс Омаров ағамыздың сөзі Құтпай ағасына арнайы арнап айтылған сөз сияқты болып көрінеді маған.

Әрі қарай сөзімді «Әр жердің өлшемі, әр сөздің мөлшері болғаны дұрыс» деп  ол кісінің ақырғы қазасына байланысты өрбітіп айтып, білетін жайларымменен бөліскенді жөн көріп отырмын. Бұл сөздерімде құжатты дәлелді болуы үшін бір-екі Құтекеңнің жанашыр жақын адамдарының маған өз ауыздарыменен айтқан сөздерін келтірмекпін. Сол адамдардың біреуі Құтекеңнің бәйбішесі, марқұм Буниса анамыз. Мырзабайқызы Буниса шешеміз ӨзбекССР-іне еңбегі сіңген ардақты ұстаз, одан Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданындағы сол уақыттағы аты Қарл Маркс колхозының атындағы үлкен орта мектебінің  деректоры болды. Буниса шешемізден «Еріңіз, өмірлік жолдасыңыз Құтекеңнің қазасы туралы нені білесіз? Маған нені айтып бере аласыз?» деп өтініп сұрағанымда:

-1971 жылдың қаңтар айының 12-інші күні еді. Үйімізге бейтаныс, бұрын соңды  көрмеген бір кісі келді. Келіңіз деп, төрден орын беріп, суыт жүрісті қонаққа қонақжайлығымды көрсетіп әлекпін. Ол кісі жайғасып отырып алған соң «Ақын үйде жоқ па еді?» деп Құтекеңді сұрады. «Паркент» деген жерге бір ағайын кісі тойына арнайы шақырып келіп, алып кеткен болатын. Мен ол кісіге түсіндіріп кеткен жерін айтқан соң өзін жақсылап таныс­тырды. «Менің атым Әзімбай, руым Коңырат, оның ішіндегі Қаракөсе деген атасынанмын. Құтбайқожа ағамды көптен бері танимын. Таныстығымыздың себебі былай басталған еді…»,- деп өзінің Құтекең жөнінде білетіндерін маған әдемілеп айтып беріп буынымды босатқандай болды.

Мен Ұлы Отан соғысына 1942 жылы шақы­ры­лып, 1947 жылы аман -есен елге оралдым. Есімі Кә­денқызы Ұлболсын деген бойжеткенге нәсіп болып үйлендім. Әйелім бір-екі жыл бала көтермей жүрді. Сол уақыттарда ауылымызға Құтбай ақынды ша­қырып алып келген екен. Соның қарсаңында менің әйелім босанып, қызды болып қатты қуанып жүрген кезім еді. Содан өзім ниет қылып, арнайы Құтбай ағамды іздеп барып, үйіме қонақ қылдым. Құтекеңе «Қадамыңыз құтты болды, қызыр көрген, назар қыл­ған елдің бір еркесісіз ғой» деп ақынның рұқсатын алып қызымды ырым етіп етегіме орап алдым да «Мынау қызым ең әуелі Құдайдікі, онан соң сіздікі» деп жол жобасын жасап бәтесін алған едім. Сол қызына ақын ағаммен ақылдасып Ырыскүл деп ат қойдым. Қызым аман-есен бойжетіп, қолымнан ұзатып бергелі жатырмын»,- деп еді. Қызының тойының басы-қасында өзі де қуанышта болсын­шы деп ниет қылып шақырып келіп отырған жайы екен жарықтық. Сол күндері Құтекең өзі де шамалы сырқаттанып жүрген болатұғын. Сонда да жағ­дайын айтып қиылып келіп отырғаннан соң ама­лымның жоғынан Құтекеңнің қай ауылда жүргенін айтып, жөн сілтеп жібердім. Сол жерге барып тауып алып машинасымен алып кетіпті. Ақырында сол қызының ұзатылар тойынан ақынның өлі денесін алып келді,- деп еріксіз көз жасын тоқтата алмап еді. Менің ол кісіден есіткен сөздерім осы болды.

Қаражанұлы Әзімбай 1914-1980 жылдары өмір сүрген кісі. Әзімбайдың құдасы Маңғытай руынан Орынбек деген қасап кісінің де өзі маған арнайы келіп көңіл айтып, Құтекеңе арнап құран оқып, өз аузыменен айтқан сөздерін жазып келтіргенді дұ­рыс көріп отырған жәйім бар. Орынбек деген ақса­қал ағамыз мен білгелі бері Жетісай қаласының тұрғыны еді. Ол кісіні өзім де көптен бері тәп-тәуір  танып білуші едім. Негізгі ұстанған кәсібі базарда малдың етін сойып сатып жүретұғын. Жас жағынан әрине, менен үлкен, әкем қатарлы болатын. Орынбек ақсақалдың бір айтқаны бар еді.

-Болашақ келінім Ырыскүлдің тойында бас құда болып отырғанымда құдам Әзімбай өзі Құтбайқожа ағасын ерекше құрметтеп алып келіп ортамызды толтырып, қуанышымды көбейтіп шат- шадман болып қалдық. Әзімбайдың бұл тойына шақырылып келген жекжаттары, көңіл жетер жора-жолдастары барша қонақ ағайындары да Әзімбайға Құтбай ақынды құрметтеп шақырып алып келгені үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Орынбек ақсақал тойды өте тамаша етіп тарқатып, мені жібермей алып қалды. Құтбай ақын той дастарханынан сыпайы-сусын ішкіліктерден ұрыттап ішпегенін көріп біліп отырдым. Өзінің аздап сырқаттанып жүргенін айтып көпшіліктен кешірім сұрағанын да білемін. Той тарқаған соң таңның атары жақын болып қалған. Таң атқан соң бәріміз де орнымыздан тұрып, беті- қолымызды қайталап жуып алып ұзақтан келген қонақтармен тойдың дастарханына қайтадан жайғасып отырдық. Құтекең де бізбен бірге тұрып дастарханға жайғасты. Тойға келген қонақтардың қалғанын риза етейін деп домбырасын қолына алып бір-екі ән салып, күй тартып беріп көпшіліктің ықыласына бөленіп отырды. Көптің, қариялардың сұрауы бойынша Ибрахимнің қисса- дастанын жырлады. Бір уақытта бірден айтып отырған қисасын тоқтатып, көпшіліктен кешірім сұрап, орнынан тұрып сыртқа шығып кетті. Әжетханадан шығып, күш қуаты қалмады-ау, жерге екі қолымен сүйеніп отырып қалды. Жігіттер дереу жүгіріп барып көтеріп сүйеп әкеліп үйге кіргізіп «жедел жәрдем» көлігін шақырып жатты. Үйге кіргізіп төсекке жатқызған соң-ақ Қожекең жарықтық өзі калимасын қайталап айтып өзінің иманын өзі үйіре бастады. Ең ақырғы айтқан сөзі мынау болды «Ей, опасыз жалған дүние ақырың осы екен да» деді дағы «Қайыр-қош, ағайындар, сау саламат қалыңдар, менің алдымнан жаратқан Алламның өзі жарылқасын» деп түс көргендей етіп кетіп қалды ғой шырағым,- деді Орекең.   Орынбек ақсақал Құтекеңе арнап көзіне жас алып, өксіп, жылап тұрып құран оқыды.  Қожекең жарықтық мәртікпенен жан берді, миығынан күліп жатып кетіп қалды дегені де бар маған ол кісінің. Халықтың бұлбұлының қазасы бәріміздің де жанымызға қатты батты, қолдан келер не шара бар Алланың үкіміне. Алла ол кісіні рақымет етсін, Пайғамбар шапағат етсін. Ақырында өлі денесін улап-шулап ауылына алып кетті. Жылап-еңіреп соңында ботадай боздап қалдық қой деген болатын ақсақал.

«Әр адам өзінің бойындағы барын береді» дегендей-ақ, қайран ғана Құтекең қадірлеген халқына өлшеусіз өнерімен танылып,  өмірінің соңына дейін  қызмет етіп, өнерін сүйген тыңдармандарының алғысын арқалап өтті. Мен Оразқожа Бекахметұлы Құтпай ақынның әрі шәкірті, әрі өкіл баласы есебінде өзім ол үйде қазасының басы -қасында болған жанмын. Қырық күндей Құтекеңнің үйінде болып көңіл айтып келген ағайын-туыстарына, жекжаттарына, барлығына да рахметімді айтып отырдым. Ұстазымның әруағы риза болсын деп қолымнан келген қызметімді жасадым. Алла ол кісілерден разы болсын деймін. Буниса анамыз да дүниеден кейінірек өтіп кетті,  арты жақсылық болғай деп тілеймін. Қаражанұлы Әзімбай ағамыздың да арты жаман емес. Ұлдары ұяда, қыздары қияда дегендей. Өсіп өніп жатыр,  бұлар да бір қауым ел болды.

Емен дағы құласа бетеге екен,

Дара туған тұлға да өтеді екен.

Өлшеулі өмір біткен соң,

Өлім шіркін, қоймайды.

Тасалап сандық ішінде,

Тас бүркеніп жатсаң да.

Өзге өтірік, өлім шын,

Сыртыңнан бағып шолыған.

Аман пенде бар мекен?

Қазаның жайған торынын.

Талайлар айтқан ашына,

Бұл өмір жалған осы да.

Қайғының ауыр-жеңілін,

Білмейсің түспей басыңа,-

деп ақын айтқандай-ақ мына сөздерменен өзіңді өзің басып, жұбатады екенсің, ағайындар.

Туған өлер бәріне атақ келмейді,

Жақсы сөзі қалған өлмейді,- дейміз да баяғыша айтқанда. Әркімнің айтқан сөзі өзіне жөн, айыбын көзі көрмес арқасында дегендей-ақ, бірлі жарым артық-кем сөзім болса көптен кешірім сұраймын.

Оразқожа БЕКАХМЕТҰЛЫ,

Іріленген бұрынғы Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, халықтың батагөй ақсақалы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button