Ғалымның хаты

Ішінде алтын сақа бар

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Кеңес үкіметінің басшыларына тағылатын айыптардың ең ауыры – халқымыздың аштыққа ұшырауына, байлардың малын кәмпескелеп, халықтың малсыз қалуына себеп болды деген уәж келтіреді немесе, кәмпеске жүргізіп, бүкіл малды тартып алып, содан қазақ халқы аштан қырылды деген айып тағылады. Бұл жөнінде, яғни кәмпескенің қалай жүргізілгені, байлардан кәмпескелеп алынған малдардың қандай мақсатқа жұмсалғандығы туралы зерттеушілер не дейді?

КСРО Халық комиссары 1932 жылы жазылған өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 пайызы ғана байлар, қалғаны қатар­дағы еңбекшілер екенін мойындаған (Қозыбаев М.Қ., Алдажұманов Қ.С., Әбілғожин Ж.Б. «Қазақстандағы күштеп коллективтен­діру: қорлық пен зорлық». Алматы, 1992. 36-б).

1928-1929 жылдары тәркілеу науқанына еліміз бо­йынша 696 бай-бағлан ілікті. Алдын ала жасалған жоспар бойынша үкімет байлардан 225 972 бас мал тәркілейміз деп үміттенген еді. Үміт ақталмады, бар­-жоғы 144 474 бас мал ғана тәркіленді. Бұл – жоғарыда белгіленген меженің 64 пайызы. Ал байларды тәркілеу арқылы алынған малдардың 118 919 басы жеке шаруашылықтарға (74,3%) және кол­хоздарға (25,7%) тара­тылып берілді. Тәр­кіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құры­лды. (Т.Омарбеков, Қ.Атабаев «Кооперативтендіру сабақ­тары// Ленин­шіл жас, 1988 ж. №31, 3-4 тамыз, 7-б).

1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары аралығында 100 мыңдай кедей және орташалардың шаруашылықтары ұжымдастырылды. Жоғарыда келтірілген анық дәйектерде көрсетілгендей, Қазақстаннан бірде-бір мал сыртқа кетпеген, тек байлардан алынып, кедейлермен жаңа құрылған ұжымдық шаруашылықтарға берілген. Яғни, мүлік иелері ғана өзгерген. Бұл малдан алынатын азықтың азаюына ешқандай зиянын тигізбейді. Сондықтан ашаршылыққа кәмпескені сылтау ретінде пайдалану негізсіз. 1928 жылы еліміздегі шаруа қожа­лық­­тарының тек 2%-ы ғана ұжым­дас­­тырылса, 1930 жылы – 50%, 1931 жыл­­дың қазанында 65% ұжымдас­тырылды, яғни, ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100%-ға дейін шаруа қожалықтары қамтылды. Қазақ Өлкелік Партия Комитетінің жауапты хатшысы Ф.И.Голо­­­­ще­кин, Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл­­­­­­шаруашылық ұжымдары кеңесі­нің­ төрағасы және Жер халық комис­сариатының комиссары Яковлевке және РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т.Рысқұловқа жіберген жедел хатында Қазақстанда 1929-1930 жылдары ұжымдастырудың жоспарын қайта пы­сықтап жатқанын, тіпті бұл істі әлі де күшейте түсу қажеттігі жайлы ескертіп, 1930 жылдың күзіне қарай жаңадан 350 мың шаруашылық пайда болғаны жайлы баяндапты («Социалистік Қазақстан», 1989 ж. №4, 14 қаңтар, 9-б).

Халықтың құрметіне бөленген Әлихан Бөкейханов: сол жылдары «Данияда кооперативтер ұйымдастырылды. Кооперативтің де оның мүшелерінің де жағдайы жақсы» деп жазғанымен, Кеңес үкіметінде құрылған ұжымдық шаруашылықтарды (колхоздарды) қолдамауы түсініксіз. Менің түсінігімде, кооператив пен ұжымдық шаруашылықтың (колхоздың) бірінен бірінің өзгешелігі аттарында ғана. Мүмкін халыққа зиян әкелетін қателіктері болған да шығар. Ал ел басқаруды мойнымен көтеруді нысанаға алған Алашорда басшыларының жалпы халыққа пайдалы бастаманы өз елімізде іске асырылуын қолдамауына себеп – басшыға бағынбауды жасырын уағыздау ма деймін. Олар ұжымдық шаруашылықтар құрған басқа мемлекеттердің амалдарын дұрыс жол ретінде қабылдап, ал өз мемлекетімізде де құрылған сондай ұйымдардың төрт аяғынан тең басып кетуіне неге үлес қоспайды деген сұрақ мазалайды. Яғни, ұжымдық мекеме құрғандардың да, мекеменің де жағдайы  жақсы болса, халқымыздың әл-ауқатын көтеретін амал болса, неге оны халықтың жағдайын жақсартуға құрылған ұйымдар мен жанашырлардың тарапынан қолдаған бір ауыз үн естілмеуі қалай? Мысалы колхоз ұйымдастыруды құптаған үн Алашордалықтардың сөздерінен байқалмайды. Осыған қарағанда, біз мұсылман халық бола тұра, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басшыға бағыну жөнінде мұқият айтқан хадистерін орындамақ түгілі құлағымызға да аспаған сияқтымыз. «1928-1932 жылдары болған ашаршылыққа тәркілеу себеп болды» деген түсінік осы уақытқа дейін халықтың санасында қалыптасқан. Алайда кәмпеске мен ашаршылықты бір-бірімен байланыстыруға ешқандай себеп те, негіз де жоқ. Өйткені, тәркіленуден мал басы азайған жоқ, яғни, олардан алынатын азық-түліктің де көлемі азаймаған.  Бұған мал басының кемімегендігі анық дәлел. Неге екенін қайдам, халқымыздың ашаршылыққа ұшырауына да, жер аууына да орыс мемлекетін (Қазақстан орыстың бодауында болғандықтан мемлекет көлемінде шешілетін мәселер орыс мемлекетінің шешімі болып есептеледі) оның басшыларын кінәлау қазірге дейін орын алады. Алдымен «халқымызға орыс мемлекеті қандай жауыздық жасады?» деген сұрақты талдап көрейік.

Мемлекеттің құрамындағы халықтар екі түрлі аталады. Оның бірі – мемлекет құрушы халық. Біздің тарихымызда Кеңес өкіметін құрушы халық ретінде орыстар аталады. Бүкіл дүние жүзі Кеңес өкіметін Орыс мемлекеті деп таныды да, солай атады. Оны құраушы басқа халықтардың кейінге дейін салт-дәстүрін білмек түгілі, аттарын да естімеген жағдай бертінге дейін жалғасты. Мысалы, Кеңес өкіметін құраушы халықтардың арасында қазақ деген халық бар екендігін Мұқтар Әуезовтің «Абай жолы» романы дүние жүзінің бірқатар халықтарының тіліне аударылғаннан кейін ғана біліп, халқымыз осы уақытқа дейін Мұқтарға халқымызды дүние жүзіне танытқандығы үшін алғыс айтады. Бұл жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдары еді.

Екіншісі, мемлекеттің құрамына кіретін кірме халықтар. Бұларды кейде негізгілер «құлдар» деп те атайды. Мысалы, кіші жүздің ішінде Жетіру атасы бар. Жетіруға – Жағалбайлы, Кердері, Керейт, Табын, Тама, Төлеу Арғымақ, Рамадан аталары біріккен. Осы аталардың ішінен Төлеу Арғымақ – бір атадан жалғыз және кіші жүздің тумасы. Қалғандары Жағалбайлы, Кердері, Керейт, Табын, Тама, Рамадан кіші жүзге сіңгендер. Менімен құрдас, кезінде қатар қызмет атқарған, сыйласқан, ел арасын, оның ішінде кіші жүздің, оның ішінде жетірудың  шежіресін бес саусағындай тарататын, жатқан жері жәйлі болғыр Мықтыбекпен әңгімелесіп, жетірудың аталары жөнінде сөз қозғағанымда, ол жетірудың ішінде Төлеу Арғымақ қана кіші жүзге жатады. Ол – бір атадан жалғыз, қалғандары – кірме-құлдар деді. Осы сияқты, орта жүзге кіретін жиырма бір ата жалпы қазаққа жатпайды дейтіндер де бар. Олардың негізгілері – төрелер, қожалар, қырғыздар. Міне, сол сияқты, біз – қазақтар да орыс мемлекеті үшін кірме халықпыз.

Мемлекет құрушы халықтың да, басшыларының да кірме халықты түбірімен жою мақсаты болмайды. Бұл мақсаттың болмау себебі – заманға бағынбайтын жұмыс күшіне зәрулік. Соғысқан екі мемлекет соғыс кезінде қарсы жақтың сарбаздарымен қоса, қарсыласын қорқытып-үрейлендіру үшін халықтың белгілі бір бөлігін қырғынға ұшыратуы – өмірде кездесетін жағдай. Алайда басшының көкейінде кірме халықты қыру мақсаты болмаса да, оны уақыт өте олардың ойлау қабілетін, білімін сағат сайын, минут сайын төмендетіп, өз тегінен, тілі мен дінінен алшақтатып, мемлекет құрушы халқының ішіне сіңіру – көкейлерінен кетпейтін арман.

Мемлекет құрушы ұлттан басқа кірме ұлттарды шет мемлекеттіктер де танып та біле бермейтіні белгілі.  Кезінде айдаудан қашып, қазақ жерін аралап өткен Польшаның азаматы Адольф Янушкевич өзінің інісі Януарийге Аягөзден 1846 жылғы 31 майда жазған көрегендік хатында «мысалы Ақмола – бүкіл даланың болашақ орталығы» (Акмола, например, будущая столица всей степи) деп жазған. Адольф Янушкевич өз күнделігінде қазақтың белгілі ақындарымен кездесіп, олардың айтыстарын тыңдап, қатардағы халықтың салт-дәстүрін бақылап-бағдарлап жазған.

А.Янушкевич хакім Абайдың әкесі Құнанбай туралы «Маңайындағылар оның аяқ киімінің бауын байлауға да жарамайды» деп, Құнанбайдың шешендік өнерін өте жоғары бағалаған. Суырып-салма ақындардың айтысын тыңдап, олардың айтыс кезіндегі жасаған қимыл-әрекеттерінен айтыстың жалпы сарынын жобалап ұғынып, жеңіс тұғырына көтерілген Орынбай ақынның бір мен он санының философиялық қасиетін біліп, сонымен Алланың құдіретін асқақтатқандығын түсінген. А. Янушкевич билердің билігін жариялағандағы әр бидің сөзінің мәнерлілігі, қуаттылығы, еркіндігі өзін тәнті еткендігін үлкен әсермен қағазға түсірген. «Егер бұлар ежелгі Греция немесе Римде болса, бұлар даңқтың салмағынан иілер еді». … «Менің алдымда айтысқан ақындардың таланттары мені таң қалдырды. Менің алдымда айтысқан ақындардың үнінен менің жаным мен жүрегім жөнінде айтқандарын сезіндім. Демосфен мен Цицерон жөнінде оқып та, естіп те білмеген шешендердің таланты маған қатты әсер етті. Осыларды тыңдап отырып, бүкіл дүние жүзі тағы, жабайы қатал деп танитын халықтың  мені таң қалдырғаны сөз іліміне жетіктігі, өмірдің неше түрлі ағымының заңдылықтарын бағалай білуінің тереңдігі, сөз еркіндігі, батылдығы болды. Міне, өмірдің барлық саласын ақыл мен даналықпен танып, іске асырған халық. Бұларды жабайы, тағы, рахымсыз халық ретінде таныған, өздерін дамыған мәдениеттің шыңына шықтық деп есептейтіндердің көп уақыт өтпей-ақ, өздерінен мәдениетінің, әдебиетінің, салт-дәстүрінің, ешбір кемшілігінің жоқтығын жақында мойындатып, мәдени дамудың шыңына шыққан халық екенін дүние жүзіне мойындатып, олардың арасынан өзінің лайықты орнын алатынына менің сенімім мол».

Міне, Полша елінің көреген де дана азаматы Адольф Янушкевич халқымыздың асыл қасиеттерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін, алғырлығын, қажет жерінде турасын айта алатын өжеттігін, әділдікті әрқашан бағалайтынын танып-көре біліп, дұрыс жеткізе білгендігінен, осы азаматтың бүкіл дүние жүзі біле бермейтін қазақ халқы туралы осындай анықтамасынан кейін, Алла оған разы болсын, тек Мұқтар арқылы ғана дүние жүзіне танылғанын жоғарыда айттық.

Қай халықты  болмасын ұстанған әдетіне қарай екі топқа бөліп-қарастырған дұрыс па деймін. Бірінші тобына қолында барымен тоя тамақ ішіп, көрші-қолаңын, жақын-жуығын күтіп-сыйлап, бұдан артылғанын оңды-солды жұмсауға дағыланғандарды жатқызсақ, бұл топтағыларды ел аузында «кедей – жомарт» дейді. Екінші тобына «қоя жесең қой қалар, тарта жесең тай қалар, қоймай жесең нең қалар» деген қанағатшылдықты, үнемшілдікті, ертеңін ойлайтындарды жатқызсақ болар. Қолындағысын тоя жеп, қалғанын жұмсауға әдеттенгендер, «таңғы тамақ – тәңірден» дейтіндер ешуақытта байымайды. Ал енді дүние-мүлікті аса шашпай, Пайғамбарымыз (с.а.у.)ның «саусағыңды жұмып та алмай, ашып та жібермей, бүгіп аш» хадисін өмір салтына айналдырып, ысырапқа жол бермейтіндердің Алла қаласа, баюға мүмкіндігі жоғары. Өмір көрсеткендей, өз күнін өзі көріп отырғандар басқаға көмектесуге ниеті болса да игі ниетінен арғыға бара алмайды.

Өнеркәсібі дамыған орыс мемлекетінің байлары мен кедейлерінің ара-қатынасын тарих өте нашар атайды. Сол заманда өмір сүрген ақын-жазушылары мен жаңа байыған буржуазия өкілдері патшадан бастап бүкіл байды залым деп біліп, олармен іспен де, сөзбен де қарсы күресіп, патшаны атуға дейін барды.

Ал көшпенді өмір сүрген қазақ халқындағы бай мен кедейдің ара-қатынасы бұдан түбегейлі өзгеше еді. Қазақ халқы елге сыйлы үлкендері мен байлардың маңайына топтасып ауыл құрған. Мал жағдайына байланысты ауылдағы үйдің (адамның) саны да аса көп болмаған. Егер ауылға топтасқандар неғұрлым ауқымды болса, солғұрдым мал саны да көп болмақ. Бұл малдың жайылымының ауылдан қашықтауына әкеліп, малды оңалтпайды. Осыдан байдың маңайына жиналғандар жақын-туыстары десе де болады. Ауылдар тығыз қоныстанбай, аса ұзап та кетпей қоныстанады. Бұған мысал – Шоң мырзаның ауылы, Шоңның Қарағашына қоныстанса, баласы Оспан бес-он шақты шақырым жердегі Оспан тауының беткейіне қоныстанған. Міне, осылай ауылдастар жақын ағайындардан құралған.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «көршісі аш отырғанда онымен бөліспеген көршісінің иманы толық емес» хадисін қатаң ұстанған халымыз, дастарханындағы асын ешкімнен қызғанбай, ауылдастарымен, қонағымен бірге ішіп-жеген. Сондықтан, ауылда бір үй аш болса – бәрі аш, тоқ болса бәрі тоқ болған. Осыдан халқымыздың асыраушысы Алладан кейін байлар болды деуге негіз бар.

Алсай бабамыздан тараған бес ата ағайындылардың ара-қатынасын, шындыққа жақын жеткізген деген оймен ел арасында тарап, реті келген жерде әлі де жиі айтылатын, бай мен кедейдің ара-қатынасын нақтылайтын сөздер ме деп, мына бір  тіркестерді сөз арасына кіргіздім:

Ізбасар, Мұғал – құтым,

Байғұтты – етке келген жұтым.

Қарақұс бар, Қайып бар,

Ұрлығыңда не айып бар?!

Қарақұс бар, Шақа бар,

Шуылдаған бақа бар,

Ішінде алтын сақа бар.

Қарақұс бар, қаздар бар.

Қайда жемтік көрінсе,

Соған қарай аяңдар,

деп бес ата ағайындылардың тұрмыс жағдайын, салт-дәстүрін тілге тиек еткен. «Ізбасар, Мұғал – құтым» деуі арқылы оның маңайындағы жақын-жуық ағайын-туыстарының солардың ас-суының себесімен тоқтығын меңзесе, «Байғұтты – етке келген жұтым» деп, Байғұттылардың салыстырмалы қоңторғайлығын келтірген. Байғұтты атасының ішінде жалғыз Әбілда ғана бай болғандықтан, оның үйінің сорпа-суы бәрін тойындыра алмай, олар басқа бай ауылдарды жағалап, ауқаттанатынын келтірген. «Қарақұс бар, Қайып бар, Ұрлығыңда не айып бар» деп айтуына себеп – Біз тұратын ауыл мен Атасу станциясының арасында Қайыптар тұратын «Келтетал» елдімекені орналасқан. Біздің елден станцияға баратындар, одан келетіндер жолай атын тынықтырып, өзі сусындауға Келтеталға соғып аялдайды. Міне, осы кісілер «Келтеталда біреуге қаратып, не өзің қарап тұрмасаң айыл-тұрманымызды да ұрлап кетеді» деп отыратын. Қайыптың бәрін ұры деуден аулақпын, бірақ ұрпағына дұрыс тәрбие бермегендер де бар ма екен деймін.

Қарақұс бар, Шақа бар,

Шуылдаған бақа бар,

Ішінде алтын сақа бар,

дегенімен Шақа атам балаларының ішінде бос сөзге үйір бауырларымыз көбірек болғанын тұспалдағанға ұқсайды. «Алтын сақа бар» деп сол елден шыққан Мақажан болысты атаған.

Қарақұс бар, қаздар бар,

Қайда жемтік көрінсе,

Соған қарай аяңдар,

деуімен, Қарақұстардың «қай үйдің асы пісті» деген қыдырыншақ әдеті болғанын меңзеген бе деймін.

Халқымыз үш жүзге бөлініп, өмір сүрудің оңайлау түрі деп мал өсіріп, жайып-бағу жолын ұстанған. Малды жайып-бағу жұмысы жеңіл болғанымен халықтың жұмыс күшін біріктіріп, кәсіпорнын ашуына мүмкіндігі болмайды. Бір жерге жиналған халық көбейген сайын меншігіндегі мал да көбейіп, малды оңалтпайды. Сондықтан туысқандар шағын-шағын ауыл болып, ауқатты адамдардың маңайына жиналып, ауылдарға бірігеді. Осылайша, байлығы барлар мен малы аз ағайын бірімен бірі селбесіп күнелткен. Ал, кәсіпорындар ашылып, оның иелері жүздеп-мыңдап жалдамалы жұмыскер ұстаған орыс мемлекетінде жиі-жиі жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында қақтығыстар болып тұрған. Орыстың патшасына қарсы көтеріліс ұйымдастырған атақты Пугачевтың көтерілісі – осының айғағы. Үкімет басына келіп, ұйым құрап, үгіт жүргізіп, абақтыға жабылып жүрген коммунистердің қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмыс жағдайымен жақынырақ танысатын мүмкіндігі де, танысайын деген ниеті де болмаған болуы тиіс. Сондықтан үкімет басына келгендер қазақ халқының ішіндегі дәулеттілерді де адам еңбегін қанаушы деп танып, кәмпеске жүргізген.

Ел арасында «байдың малы тәтті, кедейдің жаны тәтті» деген сөз бар. Бір деректе Қорыспай байға 5000 жылқы біткен делінсе, Әлкей Марғұланның айтуынша, Франциядағы жазба деректе 24 000 жылқы біткендігі жазылған дейді. Қорыспай бір жұт жылы жылқысымен бірге ығып кеткен деген де айтылады. Анығын Алла біледі.

Біз 1880 жылдар шамасында дүние есігін ашқан Әбдірахман қажымен бір ауылда тұрдық. Әбдірахман қажының әкесі асқан бай болмаса да, сіңірі шыққан кедей де болмаған. Бір жылы ел жайлауға көшкенде Әбдірахман отауымен жайлауға көшпей, жатақ болып отырып, азды-көпті сиырының нәжесін жинап-қақтап, бірталай тезек жинап, жайлаудан келгендерге қозыға айырбастап, осыдан бастап байлық жиған. Кейіннен Әбдірахман қажы байып, қажылық парызын өтеп, түйемен кіре тартып, мешіт салып, еліне сыйлы болды. Кәмпескеге де ілікпеді, неге екенін білмедім.

Міне, адал еңбек етіп, аста-төк өмір сүрмегендердің жоқшылықтың азабын тартпай, ел қатарлы өмір сүруге толық мүмкіндіктері болды. Осыдан бір ауылда қоныстанған бауырлар бір-біріне сүйеніп, ел қатарлы өмір сүрді де, бай мен кедейдің арасында бір-біріне жамандық ойлайтындай араздық та тудырмады. Сондықтан қазақ халқы арасында кәмпеске жүргізудің қажеті жоқ та еді. Бірақ орыс мемлекетінің байы мен жалшыларының арасындағы бітіспес қайшылық қазақтар арасында да бар деп түсінген коммунистер қазақтарды да кәмпескеледі. Кәмпескеленген малдарды кедейлерге таратқанда, олардың көпшілігі алған малдарын бұрынғы иесіне қайтарып бергендер де болды деп отырушы еді үлкендер. Енді бір ескеретін кез, байлыққа құмар болмаған, жаз бойы жайлауда қымыз ішіп, ел қыдырып, ет жеуге машықтанғандар кәмпескеден алған малдарын өсіріп-көбейтпей, аз уақытта жұмсап тауысып, «баяғы таз қалпына» қайта келді. Халқымыздың ұрпағына қалдырған аталы сөздерінің бірі «Жемесе де май жақсы. Бермесе де бай жақсы» сөзі арқылы адал еңбек етіп, бар болуға, бай болуға үндейді, себебі, бұл өзгеге қол жайып, біреуден дәметуден сақтайды.

Мен Кеңес үкіметі тараған жылдары қызмет бабымен кеңестік шаруашылықтың (совхоз) мүлкін шаруашылықтың жұмыскер қызметкерлерге үлестіру жұмысымен айналыстым. Алдымен шаруашылықта істейтіндердің әрқайсының жұмыс өтілін, еңбек ақыларын анықтап, солардың көлемінде кеңшардың мүлкінен  алатын үлестерін анықтап, соның көлемінде кеңшар мүлкінен алуға тиісті үлесінің құны анықталды. Осы тәртіппен мүлікті үлестіргенде қой өсірумен айналысатын  кеңшарда көптен жұмыс істейтін еңбек өтілі жоғарылар 600 дейін қой малын алды. Міне, осы малды бағып-өсіріп баюдың орнына, көпшілігі малды бір-екі жылда жұмсап тауысты. Осы жағдай қара мал мен жылқыдан үлес алғандардың да басында болды.

Кеңес үкіметінің басшыларының саясаты халықты байлығы жағынан бір деңгейде ұстау болғандықтан, аса байығандар да, байыймын деп құлшынғандар да бола қоймады. Себебі, жарты ғасыр бойы байларды зұлым деп уағыздаған ортада өмір сүргендердің арасынан баюды көздейтіндер аса көп болмады.

Адамның бай болуын немесе кедей болуын жақсы деп те, жаман деп айта алмаймыз. Себебі, әр нәрсенің қайыры бар. Алланың адамға берген байлығын орнымен жұмсап, қайырымдылықты ұмытпай, ысырапсыз пайдаланса, онда ол байлық иесі үшін қайырлы болады, ал керісінше, байлығына мастанып, кедей-кепшіктің де өзіндегі үлесін бермей, бақталастыққа бой алдырса, ол әрине қайырсыз байлық болады. Жүрегіне иман ұялаған кедей адам ешкімнің байлығын қызғанбай, барға шүкір етіп, Алланың өзіне берген нығметтерінің қадірін біледі.

Кеңес одағының дүрілдеген дәуірін де, бір-ақ мезетте күйрегенін де көрген аға буынның өкілі ретінде айтарым, адам деген атымызға лайық болып, кінәні басқадан іздеуді доғарып, өз-өзімізді рухани кемелдікке, сол арқылы қоғамды ізгілендіруге ұмтылу – қасиетті парыз.

Алла елімізге амандық, жерімізге тыныштық берсін, әмин!

Ауданбай қажы Ахметжанұлы, 2022 ж.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button