Ясауи мұрасы

Қожа Ахмет Ясауидің мөрі жөнінде білесіз бе?

Өзбекстан тарихы тобы осы сұрақпен басталатын сайрамдық ғұлама, «Тұран» ғылым академиясының академигі, марқұм Мірахмед Мірқалдарұлының мақаласын жариялаған екен. Сол мақаланы қысқартып қазақшаға аударған едім:

Қожа Ахмет Ясауидің шежіресі мен мөрі жөнінде әртүрлі пікірлер айтылуда. Кейбір авторлар Қожа Ахмет Ясауидің мөріндегі есімі жазылған шайх Ахметтер – оның түрлі лақаптары деп дәлелдемекші болады. Шайх-машайық Қожа Ахметке қатысты осы тақырыпқа анықтық кіргізіп, орынсыз шатастыруларға шек қоюды ойлап, төмендегілерді жаздық.

Біздің анықтауымызша, осы танымал мөр кесенеге тиесілі болып, онда есімдері зікір етілген шайх Ахметтер – ұлы отандасымыздан алдын және кейін жасаған текті адамдар.

Өткен замандағы қатаған жылдар, дінге қарсы күрес кесепаты тарихымызға көп өзгеріс жасады. Тарихқа жеңіл-желпі қарау әлі де орын алатын жағдайлар кездесуде. Біраз уақыттан бері кейбір әдебиетшілер мен тарихшылар Әзірет әулеттерінің қолында сақталған көне мөрді «Қожа Ахмет Ясауи мөрі» деп жазуда және бұл жаңылыс пікір әлі күнге жалғасып келуде.

Біздің анықтауымызша бұл мөр Әзірет сұлтан дүниеден өткеннен кейін, Әмір Темір кесенені тұрғызғаннан кейінірек дайындалған. Сұлтан ул- Арифин өз еңбектерінде міскін Ахмет, Ахмет Ясауи, Қожа Ахмет Түркістани және Ғарып Ахмет сияқты есімдерді пайдаланған. Ақынның «Диуани Хикмет» кітабындағы көптеген хикметтерде осындай есім-лақаптар кездеседі. Олай болса, мөрдегі аты жазылған он бір Ахметтер кім? Бұл сұраққа мұнан екі ғасыр бұрын жазылған «Чор кітаптың» тарауларынан жауап таба аламыз. Арабша жазылған сол кітапта мөрдегі он бір шайхтың есімдері аталған:

  1. Тізімнің басындағы Шайх Ахмет Мурсал – пайғамбарымыз Мухаммед (саллалаху алейки уассалам)(570-632жж)
  2. Шайх Ахмет Ханбал (қ. б. ж. 855) Сунний ханбалық мазхабының негізін қалаушы. Бағдаттық.
  3. Шайх Ахмет Насссаж (қ.б.ж.-946), Бағдаттық. 127 жыл өмір сүрген.
  4. Шайх Ахмет Арқам, керемет иесі. Ош қаласын құруда керемет көрсеткен. Сол жерде қайтыс болған.
  5. Шайх Ахмет Мұхтар(қ.б.ж.-899), тариқат пен ақиқат ілімінің білгірі. Қабірі – Гератта.
  6. Шайх Ахмет Кабир(қ.б.ж. – 832). Керемет иесі, әулие, ғалым. Бұхарада тұрған.
  7. Шайх Ахмет Сағория (қ.б.ж. – 877), Кабирдің ұлы.
  8. Шайх Ахмет Хузравия – VIII ғасырдың соңы-IХ ғасырдың басында жасаған Балхылық шайх.

Жоғарыда келтірілген мәліметтер арқылы мөрде есімі жазылған шайхтар Қожа Ахмет Ясауиден алдын, кейін өмір сүрген, ислам дініне қызметі сіңген ғұламалар. Аталған мөр Ясауи кесенесі құрылғаннан кейін дайындалған.

ОСЫ ЯСАУИ МӨРІ ЖАЙЛЫ БІЗДЕ НЕ АЙТЫЛҒАН ЕКЕН:

Қожа Ахмет Ясауидің мөрлері :

1.Арыстанбаб кесенесінде істейтін Жаңыл Нарымбетова апаның қолындағы ағаштан жасалған мөр, диаметрі 11,5см. Мөрдің ортасында Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи, айналасында жапырақшаларда ретімен Шайх Ахметтер: Раванде, Жами, Маржан, Кабир, Аркам, Саххак, Харб, …, Марсел дердің есімдері жазылған.

  1. Өткен жылы Наманган қаласынан табылған 98 жастағы қария Ибрахимжан Шарифқожаев атаның қолындағы мыстан жасалған мөр. «Әзірет Сұлтан» музейінің ғылым бөлімінің басшысы Берік Бейсенов: «Бізге беймәлім үш шайхтың аты белгілі болды: олар Ахмет Ысқақ, Ахмет Жаржани, Ахмет Маржани», – деген екен. Осы сөздерге аздап күдікпен қарап отырмын, беймәлім деген Маржани шайхы Жаңыл апаның мөрінде жүр ғой.

3.Өткен ғасырлардан келе жатқан қағаздарға басылған мөрлер.

Жоғарыдағы Мірахмет-аканың кітаптан алған тізімінен Жаңыл апаның мөрінен тек үшеуін тауып отырмын: Кабир, Аркам және Марсел (Мурсал). Бұл қалай болды: Мірахмет-аканікі дұрыс емес пе, әлде Жаңыл апаның мөрі дұрыс оқылмады ма?

Түсінбей қателік жіберген болсам түзете отырыңыздар, маман оқырмандар.

Төмендегі суретте: Намангандық Ибрахимжан Шарифқожаевтың қолындағы мыстан жасалған мөр.

Кәрім Аппазов

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button