Құлболды ишан
Құлболды ишан әулие,
Қатардан асқан айбыны.
Сайыпназар білімнің,
Шалқар дария айдыны.
Айқожа ишан өрдегі,
Шариғаттың Жейхуны.
Қуаныш Баймағамбетұлы
ІІ. ИШАН
«Ишан» деген құрметті атақ – жоғарғы діни оқуды бітірген, шариғатты жете меңгерген, Құран-кәрімді тегіс жатқа білетін, Расул-Алланың жолына адал, мұсылманшылық кәдені қатты ұстанатын дін иелеріне ғана беріледі. Ишан сөзі парсы тілінен тәржімалағанда олардың қайырымдылығы, шапағаты деген деген мағынаны білдіреді екен.
Бізге дейін жеткен әңгіме бойынша бірде кіші жүздің Мырқы байы бастаған игі жақсылар қауымы «оқудың түбін тауысқан» деген Құлболды ишанның не кереметі бар екен, соны сынап көрейік» – деп уағдаласады.
Құлболды ишан аласы мол шүңірек көзді, ұзын бойлы, шағын денелі арықша келген, ұзын сақалды кісі болған. Оның түр-тұлғасы мен бітім болмысына кейбіреулердің көңілі толмайды. Әсіресе, байлықтың буына мастанып, үрлеп ішіп, шайқап төгіп, кеудесіне нан пісіп жүрген байлар Құлболдыны елдің «Ишан» деп құрметтеп, етегінен сүйіп, елпең қаққанын көре алмайды.
Ақыры ишанды сынап көрудің де сәті түседі. Жаппас руынан шыққан мыңғырған малы бар, жылқысының алды Сырға құлап жатқанда, арты Арқадан енді шығып жататын Мырқы байдың аталас туысының асы беріледі. Сол асқа Құлболды ишан да арнайы шақырылады. Сынақ ұйымдастырушылар Құлболдыға тігілген киіз үйге ханның ұрпағы деп жасы үлкендеу Олжабай есімді төрені қоса кіргізеді. Төрде отырған Құлболды мен Олжабайларға бір табақ тартылады.
Әлекедей жалаңдап қызмет істеп жүрген тоғашы жігіттер үй толы адамның көзінше бабымен балбырап піскен жас құлынның басын хан тұқымы Олжабайдың алдына қояды. Үйдегілер үндемейді. Табақ тартылып, асқа кірісер алдында пайғамбар ұрпағынан бата сұралады.
Құлболды «Аллаһума бәрик ләнә фиһи уә атъимнә хайран-минһу» – деп, ас ішер алдында оқылатын дұғаны арабша мақамдап оқып, «әумин» деп қос қолымен жүзін сипап бола бере, төренің алдындағы құлынның басы салынған табаққа шаңырақтан ұзындығы сала құлаштай қара шұбар жылан салп етіп түсе қалады. Табаққа түсісімен түсі суық маұлық құлынның басына оратылып, мойынын қарыстай көтеріп, бойын тіктей ысылдап жан-жағына айбат шегеді.
Тілін жылмаңдатып айбат жасаған жыланды көріп денесі тітіркеніп асып-сасқан төре «астапыралла» деп шошып кетіп, шалқалай құлап, керегеге басын соғып алып, есеңгіреп қалады. Үй ішіндегілер бірін-бірі баса-маса, құлап-сүрініп сыртқа ұмтылады.
Құлболды ештеңе болмағандай көзін жұмып үнсіз отырып қалады. Бірауықтан соң «Я раббым, пенделердің пендешілігін кешіре гөр» – деп, «Уәлақал әзмеле минкум жибилла кәсирун әфаләму тәкуну тәтқилун, һәзиһи жәһәнәму иләни күнтүм тұғадун, әсуләуһа әлбәума бима күнтүм тәкфәрун», – деп, дұға оқиды. Сол мезетте ысқырып, айбат шегіп тұрған жылан жуасығандай құлынның басына оратылып жатып қалады.
Үйдің сыртында абыр-сабыр болып жүрген қызметші жігіттерді іштен дауыстап шақырып алады да, Құлболды ишан:
– Жылан екеш жылан да он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағаланың мақұлығы, оны өлтірмей басына ақ құйып аулаққа шығарыңдар, ана басты жеті қазынаның бірі – итке тастаңдар, мен дәрет алып келейін, – деп шапанының шалғайын жинап, орнынан тұрып кетеді.
Қызметші жігіттер жыланның басына ақ құяды, жылан жоқ болып кетеді.
Тоғашы жігіттердің бірі болған жағдайды ас берушілердің басшыларына шұғыл түрде жеткізген болса керек, Құлболдымен араластығы бар Мырқы бай жанына бір-екі кісі ерітіп ишан отырған үйге келіп кірді. Киіз үйде қожекеңнен басқа адам қалмапты. Дастархан үстінде табақ толы ет пышақ тимеген күйі түртусіз қалыпты, құлынның басы да табағы да көрінбейді. Ишан төрде құбылаға бет түзеп намаз оқып жатыр екен, Мырқылар үнсіз келіп төменірекке тізе бүгіп намаз оқылып біткенше күтті. Құлболды намаздың соңғы рәкәтынан соң басын оңға, солға бұрып «ас-Саламу алейкум уа рахматулла» деп сәлем беріп барып орынан тұрып, жайнамазын жиды.
Мырқы да орнынан көтеріліп барып, ишанның қолынан алып:
– Хазірет, дәйек-берекесі жоқ, келте ойлы пенделер келеңсіз әрекет жасап, ағат кетіпті, кешірім ете көріңіз, – деді.
– Ақиқатында күнәлі ойлар адамды күнәлі істерге итермелейді. Соңында күнәға батады. Құран Кәрімнің «бөлмелер» деген мағынаны беретін «Әл-Хужрат» сүресінде мұндай әрекет жайлы: «Аса ұлы Алла біреудің біреуді кемсітуіне тыйым салады. Бұл – ренжітіп, қорлайтын сөздер мен істердің барлығына қатысты. Бұл – үлкен күнә» – деп түсіндіреді. Көрдіңіз бе, мұнда да адамдар шайтанның азғырғанына еріп күнәлі іске барып отыр. Кешірімді менен сұраудың қажеті шамалы, байеке, оны Алладан сұраған ләзім. Егер адам қандайда бір жамандықты оның күнә екенін немесе оның жазасының ауыр екенін білмей, тіпте оның күнә екенін білсе де ғапылдықпен жасап қойса, кейін өкіне отырып күнәдан бас тартып, тәубесіне келіп Алладан кешірім сұраса әрі түзу амал жасап өзін түзетсе, онда мейірімді Жаратушымыз оны кешіріп, рахым етеді.
Мырқы бай бастаған Жаппас руының игі жақсылары Құлболдыға Тәңірден берілген қасиеттің бар екеніне көздері жетіп, «ишанды сынайық» деп әруаққа шет болғандарын түсініп, Құлболдының шапанының етегіне көздерін сүртіп, «тақсыр, біздің пендешілігімізді ғафу ете көріңіз» – деп, кешірім сұрайды. Ишанды дереу Олжабайдан бөлек басқа үйге кіргізіп, сый-сияпат көрсетіп құрметтейді, тікелерінен тік тұрып қызмет жасайды.
Осы оқиғадан кейін Мырқы Құлболды ишанды «пірім» деп мойындап, қол береді, дін жолын ұстауға ниет етеді. Кейіннен Меккеге қажылыққа барып, қасиет қонған мекенге өз қаржысына мешіт салдырады.
* * *
Жаппас Мырқы байдың күндіз-түні ұйқы көрмей жүргеніне біраз күндер болды. Наурыз айы туысымен төбе басына шығып алып батар күнді бақылайды. Таң ата бере сол төбеге қайта өрлеп, күннің шығуына тағы зер салады. Сонан ойға қалады. Мына күннің сыңайы биыл шаруаға өте қолайсыз болатындығын меңзегендей.
Тауық жылының қысы шаруаға тым ауыр болғалы тұр. Күз бой тамшы тамбай, ащы-тұщының басы дымқылданбай малдың шалып жейтін шөбінің құнары мардымсыз болды. Қара күзде қырау да түкен жоқ. Көктемге салым тасыр мінез көрсетіп тасып Жетімасар, Қосасар, Қарақұм, Аңламасқа дейінгі сай-саланы толтырып тастайтын Сырдария өзенінің де танабы тартылып, арнасынан аса алмай қалды. Қыс бойы ақпанда ғана қырбық қар түсіп, жердің бетін болар-болмас қана бозартты. Қарсыз қара қатқақта төрт түлік мал ішетін су таппай, жалайтын қар болмай қиналды. Малшылар суаттан мұз ойып әлекке түсті. Қапылып келген қалың малды суаттан суғару үлкен жұмыс болды. Суға ұмтылған мал ойыққа түсіп, омақасып та жатты.
Күн қабағының қалай құбылатынынан хабары мол Мырқының алдағы жаздың шаруға тым қолайсыз болатынын бажайлап, көңілі күпті болып жүрген-ді. Оның үстіне көпті көрген екі бірдей кісі ағасының айтқандары көңіл күптілігін одан сайын еселей түсті.
Ауылын көктеулікке ерте қондырған Мырқының үйіне азанғылық аңшы Пірәлі келді. Жүйрік тазы мен шәулі қаршыға ұстап, қақпан салатын Пірәлі осы маңдағы кәнігі аңшылардың бірі. Жүгірген аң мен ұшқан құстың тілін білмегенмен сырын терең түсінеді. Аңның жатағын, жорытатын жымын, құстың қонағын, тырнақ тірер бұтағын дөп басып таба алады. Аң-құстың ауа райына байланысты жүретін-жүрмейтінін, ұшатын-ұшпайтынын аңғара алады.
Былтырғы жаз бойы алдағы жылдың ауанын байқап қалған аңсақ Пірекең күз бойы дамыл таппай аң қақты. Бірақ, қанжығаның майлануы кәнігі аңкөстің діттегеніндей болмады. Бұрынғыдай жыртылып-айрылып жататын аң-құс жоқ, қатары селдіреп қалған. Қанатты құстың да, қоңыр аңның да бұл маңдағы мекенінен ауғандығын пайымдады. Аңшы тазы жетектеп, қаршыға ұстаған серіктерімен елден ұзаңқырап із кесіп көрді. Аңқағар топ шығысқа қарай ұзаған сайын шұбырынды іздер қоюланып, аң қарасы да көріне бастады. Сондағы көргендері – аң біткеннің алған бағыты шығыс жақ. Азық іздеп басқа бағыттарға ерсілі-қарсылы жорытып жүрген жоқ.
Сол жүргеннен жүріп отырып аңшылар іңірде қоналқыға жатып, ертеңіне кешке қарай елге бет түзеді.
Кәнігі аңшы кешелі бері көргендерінен ой түйіп, жанындағы серіктеріне қарата: «Менің білуімше бұл жануарлар жұт жүрмейтін жер іздеп бара жатқан секілді. Былтырғы күзден бергі күн сыңайы маған осындай ой салып жүр еді. Мына жануарлардың әрекеті менің сол ойымды құптағандай. Аспаннан тамшы тамбағалы қанша уақыт болды? Жердің беті ескі шанаш секілді қурап барады. Аң екеш аң да осыны сезіп шүйлі өңірге ауып бара жатыр. Аң мен құс өз қамдарын жасапты, енді біз де қам жасамасақ болмайды» деді.
Пірәлі аңшы көргені мен түйгенін елдің қамы мен малдың қамын қатар ойлайтын Мырқы байға жеткізді.
Байдың бірыңғай ақ қойын бағатын Пірімбет те биылғы жыл туралы өз болжамын Мырқыға жеткізді. Пірімбеттің де ата-бабасы мал соңында жүріп табиғат құбылыстарының қыр-сырына әбден қаныққан жандар болатын.
Мал соңында өмірін өткізіп келе жатқан Пірімбет қойдың ауа райының өзгерісін сезу қасиетін көп зерттеп, күннің қабағын қойдың қимыл-әрекетінен танитын болған. Қой жүрген жерінің климатын тез сезінетін, сол жердің табиғатына әбден бейімделетін түлік екенін түсінген. Қарт қойшы жылқының бір жылдық, қойдың жарты жылдық құбылыстарды алдын-ала сезетінін білетін.
Одан басқа Пірекең күн мен түннің теңескен Ұлыстың ұлы күні таңертең Күннің шығыс көкжиектен шығуына байланысты болжам жасайтын. Биылғы Наурызда Күннің ұясынан сары-қызыл тартып, ыстық лебі бірден бетке ұрып, шақырайып шыққанын көріп, ішін тартып қалды. Күннің мына көрінісі биыл жауын-шашын болмайтынын, құрғақшылық келетінін айтып тұр. Биылғы тауық жылы шаруаға өте қолайсыз болатын түрі бар. Өзінің тәжірибесінен түйген ойын Мырқы байға айтуға келген.
– Байеке, биылғы жылдың төрт түлік малға жайсыз болатындай сыңайы бар. Менің болжамым бойынша қуаңшылық болып мал-жан қиындық көреді. Әрекет жасап, қимыл көрсетпесек, қапы қалуымыз мүмкін. Қандай да бір амал жасау керек, – деді Пірімбет.
– Апырай, ә, мені де осы жәйіт алаңдатып жүр еді. Түнеугүні Пірәлі аңшы да осыны айтқан-тын. Міне, бүгін сіз де оның әңгімесін тірілтіп отырсыз. Түбін қуып келгенде екеуіңнің сөздерің бір жерден шықты. Ия, көп кешікпей амал жасамасақ болмас!
Мырқы байдың «Мырыш түбегіндегі» датқалықта Тұрсынбай осы төңіректегі игі-жақсылармен кеңес өткізеді екен дегеннен хабары бар еді, ертеңіне суыт жолға шықты. Ойы – шаруаға залалды болайын деп тұрған қуаңшылықты датқаның да құлағына салу еді.
Датқалықтағы кеңестің соңына таман Мырқы бай бүктеулі қамшысын жоғары көтерді. Бұны байқаған датқа Мырқыға қарап:
- Сөйлеңіз Мәке, не айтарыңыз бар? – деді.
– Айтпағым сол – биылғы тауық жылының шаруаға аса қолайсыз болайын деп тұрған сыңайы бар.
– Қалайша, байеке?
– Көктемнен бері Күннің қабағын бағып келемін, Жарықтық Күннің көкжиектен көрінуі – қуаңшылықтың болатынын меңзейді. Биыл Үркер де көкжиектен көрініп, «тасқа түсті». Наурыз айы басталғалы аспаннан тамшы тамбай тұр. Қыста қар түспей қара қатқақ болды. Өзен-көлдің суы тартылды, құдықтың көзі азайды. Ылғал аз болған соң жердің құйқасы жібімей қалды. Көк қаулай алмады. Осының барлығы қуаңшылықтың хабарын айтып тұр.
– Апырмай, ә – деді, кеңеске қатысушылардың бірі – Арзығұл бай.
– Мынау бір жайсыз жағдай болды-ау, – деп қалды Сәйгелді ақсақал.
Тұрсынбай үнсіз ойланып отыр. Мырқы бай сөзін әрі қарай жалғады.
– Биыл жерге тоң байланған жоқ. Ылғал аз болған соң тоң қайдан болсын. Жылда тоң еріп, жер көтерілсін деп, сәуірге дейін малды Арқаға қарай айдамаушы едік. Биыл наурыздан бастап қосындар көші қозғала бастайды. Арқада Сырдағыдай қуаңшылық бола қоймас. Мені осында қалатын еру елдің жағдайы алаңдатады. Олар Арқаны, немесе Қызылдың құмын жайлап үйренбеген. Олардың жағдайы қалай болады? Қолдағы бар малын жұтатып ала ма деген қауіп бар.
– Бұл тығырықтан шығар жол қайсы? – деді, Тұрсынбай.
– Жаратқан ием жар болсын. Біздің қолдан не келеді. Бәрі Құдайдың құзыретінде ғой, – деп, Мырқы қолындағы бүктеулі қамшысын белбеуіне қыстырды.
Мырқының тарапынан әңгіменің аяқталғанын бажайлаған Тұрсынбай датқа:
– Мәке, онда өзіңіздің қалауыңызбен жаныңызға елдің үлкен ақсақалдарын алып, Құлболды ишанға барыңыз. Алланың елшісі Мұхаммед Пайғамбардың ұрпағы ғой, ілімі күшті ишан бір амалын қарастырар. Ең болмағанда басалқа айтар. Осыдан ертелетіп шыққан бетте маңдайды сонда тіреңіздер. Мен ертең Тәшкенге жол жүретін болып отырмын. Қала бегі шақырмағанда мен де «Хан ағашына» сіздермен бірге баратын едім.
Ертеңіне түс әлетінде Мырқымен бірге «Мырыштағы» датқалықта өткен кеңеске қатысқан Арзығұл бай мен Келдіғұл, «Төрекелді көлінен» Тәттібай қожа мен Жәнібек қожа, «Хан ағашының» өкпе тұсындағы бір көш жердегі құмды, көлді аймақты жайлап жатқан Қылыш қожа Нияздың Сейдекесі мен Оспанқұл, Тайпы би мен Мұңайтпас би және Көтібар бар қара-құра топ Құлболды ишан ауылына келіп ошарылды. Бұл ауылдың үсті де қуаңшылықтан жүдеп тұр екен. Малдың өріске шыққан соқпақ-сүрлеуі «үп» еткен желге шаңғытып тұр.
Бұлар келгенде ишан киіз үйдегі өз орнында қолына кітап алып қарап отыр еді. Сырттан тұлғасы ірі ортаншы баласы Омар келіп кіріп, бір топ адамның аттан түсіп жатқанын айтты.
– Кісілер келсе төрге көрпеше салыңдар, күн түс болып қалды, жол жүрген кісі мына күнде шөлдеп келген болар, шай-суларыңды тездетіп қамдаңдар, – деді.
Әне-міне дегенше етек-жеңі мол жеңіл желбегей шапан киген Мырқы бай «Ассалаумағалейкум, қожеке» деп табалдырықтан аттап, ішке енді. Оның соңын ала бере басқа қонақтар да көрінді.
– Уағалейкум, салям, ел-жұрттарыңыз аман ба, төрге шығыңыздар, – деп Құлболды ишан жағалай жаюлы тұрған көрпешелерді нұсқады. Келген кісілер қатарласып иық сүйесе жайғасты.
Төрдегі кісілермен арадағы аман-саулықтан соң ишанның зайыбы Тыныштық сыртқа шығып кетті.
Сәлден кейін Құлболды ишанның немересі Үсейін құман мен шылапшын әкеліп, қонақтардың қолдарына су құйды. Артынша келіндер дастархан жайып, буы бұрқыраған сары самаурынды алып кірді. Исі бұрқыраған шай құйылып, қонақтар шөл басты.
Құлболды ишан да шайдан іше отырып осы төңіректегі елге белгілі жақсылардың бұл келісінің қандай да бір мәнісі бар екенін олардың қас-қабақтарынан байқап отыр. «Сияғы бұлардың қабырғаларына бататындай бір жағдай бар болар. Көпшілігінің алдында мыңғырған малы бар белгілі байлар. Бұлардың осы келісі малдың жайы болса керек. Бұл төңіректе таяу уақытта ру арасында айтыс-тартыс немесе өріс-қоныс дауы шықты деген сөз өрбіген жоқ еді. Шамасы шаруаның жайы болуы мүмкін. Өйткені биыл қуаңшылық болғалы тұр. Жаз болмай жатып жер құрғап, мал азып барады. Бұлардың мазасын алған осы жағдай-ау, менің шамамда» деп, ишан болжам жасап қойды.
Кісілер шынында да шөліркеп қалған екен, дастархандағы дәмнен гөрі, кеседегі сүт қатқан күрең шайдан тамсана ішіп отыр. Мырқы мен Арзықұл байлар кесе қатынатып отырып, сәл ой талқылап отырған Құлболдыға назар салып қояды. Екеуінің сыңайлары айтар әңгімені қашан бастарын білмей отырғандай.
Қонақтардың шөлінің беті қайтып, шай біраз ішіліп болған тұста Құлболды ишан Мырқыға қарап:
– Мәке, ел-жұрт аманшылық па, мал-жанның жағдайы қалай? Менің пайымдауымша көңілдеріңізде бір күптілік бар секілді, әңгіме қозғай отырыңыз, – деді.
Мырқы арт жағына қайырылып, кереге басына ілулі тұрған жеңіл шапанының қалтасынан ақ шаршы орамалын алып, жіпсіген маңдайы мен алқымын сипап алды да, орамалды жайыңқырап ұстап бір-екі айналдырып жіберіп, бетін желпіп-желпіп қойды.
– Хазірет, шүкір, ел-жұрттың арасы тыныш қой, бірақ биылғы жылы малдың жағдайы қиын болайын деп тұр-ау. Қыстағы қар суынан қарғын, жаздағы өзен суынан ағын болмай тұр. Көктемде жерге тамшы жауын тамбады. Көк дұрыс өнбей, ылғал болмаған соң көгеріс көктей солды ғой. Төрт түліктің ауызы көкке жарымай былтырдан қалған кәрі сояуды талғажу қылуда. Жер танабы тартылып, қақталған қақпыш еттей арса-арса болды. Ындыны кепкен көл табанында былтырдан қалған сары қамыс сояуы сорайып, қопасы шошайып қалды, өзенде бұрқырап ағатын қаумен жоқ, талықсып қалды. Бұлай бола берсе мал жұтап, ел қиындық көретін түрі бар-ау. Осы мәселеге аңтарылып отырған жайымыз бар, қолдан келер айламыз аз болып тұр. Кеше «Мырышта» жиын болып, Тұрсынбай датқамен де кеңескенбіз, бірақ бұның амалын таба алмадық. Ол кісі тығыз шаруамен Тәшкенге жол жүретін болып, бізбен бірге осында келе алмады. Сізге сәлем айтты. «Ишанмен ақылдасып көріңіздер, бәлкім бір жолын сол кісі табар» – деп, осы отырған біздерді өзіңізге жіберді, – деді.
Тізерлеп отырған ишан екі өкшесіне салмақ сала сәл кеудесін көтере түсіп:
– Уа, жамағат, қасиетті Құран Кәримнің «Әл-Мәдиа» сүресінде: «Аспандардың және жердің бәрі олардағы нәрселердің билігі – Алланыкі. Әрі Алла Тағала барлық нәрсені жасай алушы» деп жазылған. Ақиқатында Алла керек кезінде жаңбыр суын жерге жібере алады. Онымен өсімдіктер өніп, өседі, гүлдейді, жайқалып құлпырады, көптің көзін баурап, қуаныштар сыйлайды. Мал мен жан оның рахатын көреді. Ал уақыты келгенде керемет түр-түсінен айрылып, қурап, бетін топырақ жапқан үйіндіге айналады. Тағыда «Ән-Нахл» сүресінде: «Алла аспаннан су түсіреді. Сендер үшін одан сусын бар және одан мал жаятын өсімдіктер өседі» деп айтылыпты. Олай болса, аспаннан жауын мен қар жаудыру тек Алланың рұқсатымен болатын нәрсе. Адам баласын және бүкіл жан-жануарды жарылқаушы Жаппар иеміз. Біз тек қана ұлы Алламыздан жалбарынып сұрай аламыз. Шын ниетпен, ықыласпен сұраса аса мейірімді Алла пендесін әрдайымда жарылқай алады. Менің де қолымнан келетіні – «Аллаһумә әсқина ғайсән муғисән мәриән, мәриған, нәфиъан ғайра дәрр, ъажилән ғайра әжил», – деп, дұға жасап, иә, Алла бізге тез арада, кешікпей құтқарушы, шөлді қандыратын, мол пайдалы, зиянсыз жаңбыр жаудыруды сұрау, сәждеге бас қойып жалынып-жалбарыну, құран аяттарын оқу болмақ. Ерекше мейірімді, бәріне тіршілік беріп Басқарушы, барлық нәрсенің шын Билеушісі, бәрін білуші Алладан ниетімізді қабыл етуін сұрап жалбарыну бізге ләзім, – деп, сөзін аяқтады.
– Қуаңшылық жайласа – жер азып, мал жұтаса – ел тозып, бұның арты жұт бола ма деп аңтарылып отырмыз, қадірменді қожеке, өзіңіз бір амалын табарсыз енді, – деді, манадан бері үнсіз отырған Сейдеке.
– Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ұрпағы болғасын өзіңізден медет сұрап келдік, Хазірет, кешегі «Мырышта» Тұрсынбайдың датқалығындағы жиында айтылған түгел сөздің тоқетері де осы болды – деп, Келдіғұл да шайдан босаған кесесін самаурын жаққа ұсынды.
– Малға да, жанға да нәубет бола ма деген қаупіміз күшейіп тұр, осы күні, – деді, Тәттібай мен Жәнібек қожалар.
– «Ісі түскен кісілерді үмітсіз қылып қайтарма» – депті ғой, атақты ғұлама Хакім Лұқман. Аспаннан жерге су түсіру менің қолымда болмаса да Жарылқаушы Алладан жалбарынып сұрап көрейін. Жаратушымыздың мейірімі де шексіз ғой, ел-жұрт пен мал-жанды жарылқа деп дұға жасайын, қасиетті Құран Карим аяттарын оқиын… – Бәйбіше, Әубәкірге тапсырыңыз, ауыл адамдарын ұйымдастырып, тездетіп есік алдындағы анау дөңеске жеңіл киіз үй тіктірсін. Сосын осы ауылдағы барлық арқан, жіптерді барынша көп етіп жинасын.
Үйдегі кісілер шайдан соң ас жеп боламын дегенше ауыл адамдары ишан нұсқаған жерге шағын киіз үйді тігіп те болды.
Астан соң бата жасалып Құлболды ишан Құран аяттарын оқыды.
– Байеке, сіздер осында жайласып отыра беріңіздер, бесін намазының уақыты болып қалды мен жаңа тігілген үйге барып намаз оқиын, – деп Құлболды ишан жайнамазын алып үйден шығып кетті.
Ишан балалары Омар мен Фазылды шақырып алды. Қараша үйдің іргесінде үйіліп жатқан арқандардың ұштарын бір-біріне жалғатып, үлкен қазан аузындай дөңгелентіп шумақтатып жинатып, бір ұшын үстіңгі жағына қойдырды. Жиналған арқанның ұзындығы екі жүз құлаштан асатындай екен. Құлболды ишан дәрет алып, қараша үйге енді. Үлкен ақбоз үйде қалған қонақтар «иә, Құдай, өзің жарылқай гөр» деп, дұға жасап отыр.
Сәлден кейін дөңес үстіндегі шағын қараша үй жақтан Құран аяттарын қырағаттап оқып жатқан Құлболды ишанның құлаққа жағымды қоңыр дауысы естіле бастады. Ишанның үйінде отырған кісілер де «иә, Құдайым өзің бере гөр» деп, ашық тұрған сықырлауық есіктен жиырма-отыз қадамдай жердегі қараша үйге үміттене қарап қояды.
Сүт пісірімдей уақыт өткен соң жыңғыл басын қимылдатып жел тұрып, жер шаңғыта бастады, шайдай ашық аспанға бұл үйріліп, жердің бетін шыжғырып тұрған күннің көзі тұмшаланды. Түрулі тұрған киіз үйдің іргесінен самал соғып, жіпсіп терлеп отырған қонақтардың тынысы кеңейе түсті. Ыстық күнде үйдің көлеңкесіне бауырын төсеп, сойдақ тісінің тұсынан ұзын тілін салақтатып, ырс-ырс тыныс алып жатқан қара қасқа жүндес төбет те күн райының өзгеріп жатқанын сезіп орнынан тұрып бір керіліп алды да, аспанға тұмсығын созып бір-екі рет иіс тартты.
Жел күшейіп, бұлт қоюланған соң Мырқы бастаған қонақтар «Ия, Жаратқан ием, өзің қолдай гөр» деп, күн райында болып жатқан құбылысты көзбен көруге тысқа шықты. Есік алдына ошарылғандар жан-жақтарына назар салды. Қоюланған ауыр бұлттар жерге жақындап төніп алыпты, екпіні күшейген жел шудадай ұйысқан қара бұлттарды оңтүстік-батыстан шығысқа қарай жәйлап ысырып жатыр екен. Бағанағы шекені шағып тұрған күннің көзі көрінбейді. Аңызақ жел салқын тартып жанға жаға бастаған. Осы құбылысқа таңдана қарап тұрған кісілердің ортасында тұрған Мырқы Құлболды кірген қараша үй жаққа назар салып еді, кішігірім обадай болып үйіліп жатқан көп арқанның бір ұшы аспанға қарай тік көтеріліп бара жатқанын көріп «Астапыралла!» деді, өз көзіне өзі сенбей. Мырқының екі жағында тұрған Арзықұл мен Сейдеке оның «Астапыралла!» деген сөзін құлақтары шалып қалып, бетіне жалт қарап еді, ол дөңестегі үйге қарап таңданып тұр екен. Осы сәтте Мырқы бай:
– Ананы қараңыздар, ананы қараңыздар, – деп, қараша үй жаққа оң қолын сілтеді. Ишанның үйінің алдына бұлармен қатар ауыл адамдары да жиналып қалған екен, барлығының назары жалғастырылған арқанның көкке қарай тік шаншыла көтеріліп бара жатқанын көрді. Қыл арқанның ұзына бойындағы жүндіқұрттың түгіндей қылтиған қылдарын жел үрлеп ысқырған дыбыс шығарып қояды. Мұны құлағы шалған әйелдер «бисмилла, бисмилла» деп сыбырлайды.
Кішкене киіз үйден Құлболды оқыған Құран қырағатының үні әлі анық естіліп тұр. Арқандар көкке өрлеуін үдете түсті. Аспанға көтерілген ұшы қара бұлтқа қарай көрінер-көрінбес болып кетіп барады, жерде әлі жартысына жуығы жиналып жатыр. Бие сауымдай уақытта арқанның шумағы таусылып, жоғарғы ұшы бұлтқа сіңіп кетті. Төменгі ұшы бұлғалақтап әлі көтеріліп барады. Қою қара бұлттың аспанды тұмшалап алғаны соншалықты даланы күн жартылай тұтылғандағыдай ала-кеугімденген қараңғылық басып алды. Бұл өзгерісті ауыл маңындағы малдар да сезініп, беймезгіл уақытта қой маңырап, бұзау мөңіреп, есек ақырып, иттердің бірі ұлып, бірі үріп азан-қазан болды да қалды. Не болғанын түсінбей тұрған алаң көңіл адамдар жаңбыр исін сезінді.
Мына адам сенгісіз құбылысқа қарап тұрғандар екі жүз құлаштан асатын арқанның бұлтқа еніп жоқ болып кеткенін көрді. Көкке өрлеп бара жатқан қыл арқандардың соңынан шыққан қобыз сарынына ұқсас сызылған жіңішке дыбысты естіді. Арқан қалың қара бұлтқа еніп көрінбей кеткен кезде әлгі дыбыс тоқтап, шарт-шұрт етіп найзағай ойнады. Жарқ-жұрқ етіп қою бұлтты дүркін-дүркін тіліп-тіліп түсті.
Сәлден соң аспаннан ысылдаған дыбысты есітіп, жұрттың бәрі көкке көз тікті. Алаңдап тұрған көпшілік манағы жоқ болып кеткен арқанның төменгі ұшының салақтап жерге қарай құлап келе жатқанын көрді. Сол пәтімен арқанның ұшы әдепкі орнына қайтадан дөңгеленіп шумақтала бастады, әне-міне дегенше жоғарғы ұшы да найзағай ойнап тұрған бұлттың бауырынан шығып, ысылдаған күйінде жерге келіп құлады. Арқанның аспанға ұшып барып қайта оралған көрінісіне үлкендер жағы қалай болғанын түсіне алмай аңтарылып тұрса, балалар ғажайып ертегі әлеміне енгендей таң қалып тұр.
Көзді ашып-жұмғаша аспаннан жаңбыр сіркіреп, бірте-бірте күшейе түсті. Жаңбыр нөсерлетіп төге бастаған соң ошарылған топ үйлерге кіріп, «иә, Алла өзің бере гөр» деп орындарына жайғасты.
Бесін намазынан басталған жауын намаздыгерге дейін тынбастан нөсерлетіп жауды. Жердің беті ел-сал қақ суына толды. Жиылған жаңбыр суы сай-саланы қуалай ақты. Көні кеуіп, қуарып жатқан қара жердің мейірі жаңбыр суына әбден қанды. Танабы тартылған жердің шөлі қанды-ау дегенде жауын соңы сіркіреп барып басылды. Құлболды ишан үйіндегі ел жақсылары сыртқа шығып, телегей теңізде болған ауыл маңына сүйсіне қарады. Жер-ана да тап бір жаңа босанған бәйбішедей бейсал күйде жатыр екен. Құйқасы жібіген қара жерден шыққан жағымды иісті самал жел де желпіп әкеліп тұр. Манағы ала-кеугімденген аспандағы күннің көзі қалың бұлттан айыға бастапты.
Дөңсе басындағы қараша үй де әбден жаңбыр суына малшынған екен айналасының бәрі жалтыраған қаққа айналыпты. Құран сүрелерінің қырағаты да тоқтапты. Мырқы бай Тәттібай мен Жәнібек қожаларды ерітіп, суды кеше-меше ишан кірген қараша үйге барып, түсірулі тұрған киіз есіктен ішке еніп еді, Құлболды жайнамаздың үстінде сәждеге басын қойып қисайған күйі ұйықтап кетіпті. Үшеуі ишанды мазалағысы келмей, табалдырықтан кері аттады. Құлболды үйінің төріне Мырқы бастаған топ қайта жайғасып, бүгінгі болған кереметт жайлы таң қала отырып әңгіме өрбітті.
– Құдай өзі жарылқайын десе, табан астынан есебін табады екен ғой, мынадай кереметті осы жасыма келгенше көрмеппін де, бұрын-соңды естімеппін де. Бар жоғы ет пісірімнен астам уақытта көні кеуіп жатқан қара жердің үсті көл болды. Мал мен жанның несібесін Алламыз аспаннан бір сәтте бере салды. Пайғамбарымыздың ұрпағы Құлболды Хазіретіміздің оқыған Құран аяттарын, жасаған дұғаларын Жаратушы иеміз қабыл етіп, сұраған жаңбыр суын аспаннан төкті. Шын ниетпен тілегенін берді. Жарылқаушы иемізге мың да бір рахмет, – деп, Мырқы бай шат көңілмен жан-жағындағыларға қарады. Болған кереметті өз көздерімен көрген елдің ағаларының қуаныштан жүздері шаттыққа бөленіп отыр екен.
– Шындығында мұндай кереметті кім көріпті, Мырқыжан, – деп Сейдеке өзінен жарты мүшелдей кішілігі бар Мырқыға қарай мойын бұра көз салды да, басындағы жеңіл құндыз бөркін қолына алып, ішінен көк масатыдан сырып тіккен қара жиекті тақиясын алып киді, бөкін дізесінің үстіне қойып сөзін ұзата түсті. – Күпті көңіліміз жайланды, айлап күткеніміз орындалды. Кеше шөл еді, бүгін көл болды, сай салаға су толды. Құдай қаласа ертеңнен бастап жер қайта көктеп, өскіндер бой көтеріп өне бастар, екі-үш жетіде малдың аузына ілігіп те қалар. Осыған шүкіршілік етейік, ағайын.
– Әлбәтта, шүкір ғой, бұдан артық не керек еді мал-жанға, – деді, Арзығұл.
Әлгі әзірдегі ет желініп болғаннан кейін жинап алынған дастархан қонақтардың алдына қайта жайылып, самаурын қайта әкелінді. Көңілдері жайланған елдің игі жақсылары шайды шөліркеп қалғандай тамсана ішіп отыр. Өткен-кеткен әңгіме де жарастығымен айтылып жатыр.
Төрде отырған Мырқы есіктен сыртқа көз тастап еді, дөңседегі қараша үйден шығып бері келе жатқан Құлболдыны көрді де иегін көтеріп:
- Ишанымыз келе жатыр, – деді.
Үй тігілген дөңсе мен Құлболдының өз үйінің арасы құмшауыттау жер еді. Манағы нөсер жаңбыр суы әлі сіңіп үлгірмесе де адамның жүруіне оншалықты қиындық келтірер түрі жоқ екен, ишан жәй адымдап келіп үйге енді. Бет-жүзінен өзгеріс байқалмайды. Үйдің сол жағындағы өз орнына келіп жайғасты.
– Хазірет, мына болған жағдайға таңқалып та, тамсанып та отырмыз. Күн тас төбемізде шақырайып жердің бетін күйдіріп тұр еді, әпсәтте аспанда бұлт үйіріліп, астаң-кестең болып, күн күркіреп, найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жауып жердің беті көл болды. Құдайдың бұл бергеніне шүкір деп отырмыз, – деді Мырқы, жарқын үнмен қуанышын жасырмай.
– Бәрін білуші, бәрін көруші Алламыз жердегі пенделері мен жан-жануарлардың қинала бастағанын сезген болар. Ерекше мейірімді Алланың рахымы бұндай жағдайда әрқашанда даяр ғой. Мейірбандық жасап біз қажет еткен нәрсені аспаннан жаудырды, тіршіліксіз қалып бара жатқан жерге жан бітіру үшін су түсірді. Бұдан бұрында да тауық жылы құт та болған, жұт та болған, Алла қаласа, енді жерде көк қаулап өсетін болар, иншалла, – деді Құлболды.
– Айтқаныныңыз келсін, Хазірет, сізге де мың алыс, – деп Келдіғұл, оң қолын кеудесіне қойды.
– Барлық мақтау аса құдыретті Аллаға. Бағана да айттым ғой, менің тарапымнан тек қана Жарылқаушымыздан жалынып-жалбарынып сұрау ғана болды. Қажетіңді беру һәм бәріне тіршілік беріп тірілту басқарушы Жаратушымыздың құзыретінде ғой. Мың алғысты да, бар рахметімізді де аса мақтаулы Алламызға айтуымыз керек.
– Әрине, айтып отырғаныңыз орынды, Ишан аға, – деп Тәттібай да қуанышын жасыра алмай Құлболды ағасына риза көңілмен қарады.
Осы арада Құлболды:
– Ал, игі жақсыларым, бүгін осында қонып шығып, елдеріңізге ертең аттанарсыздар. Жүрер жолдарыңыз жаңбыр суынан ауыр болар, тұяғы балшыққа батқан аттың да жүрісі ауыр болады ғой, жануарларды қинамай жер дегдігесін жолға шыққандарыңыз жөн болар, – деді.
– Айтқаныңыз болсын, Хазірет, сізге келгендегі мүддағамыз Алланың жәрдемімен орындалып, көңіліміз әбден тоғайды. Манағы жаңбыр бұлтының көші шығысқа қарай кетті ғой, бұйыртса «Мырыштан» асып «Алтынбек аралына» да барар. Онда да жаңбыр жауып, аспаннан су түссе ел-жұрт қуанышқа бөленер, иншалла. Бұған Тұрсынбай датқаның да көңілі жайланар, біздің де бүгін алқымнан алып тұрған тығыз шаруамыз жоқ еді, ертең-ақ жолға шығармыз, – деп, Арзығұл Құлболдының сөзін құптады.
Мырқы бай мен қасындағы кісілер Құлболды шаңырағына қонып шығып, ертеңіне елдеріне жол тартты. Бұлар осында келерде елдің басына түскелі тұрған ауыртпалықты сезініп, тұйыққа тірелгендей күйде еді. Ат маңдайын ауылдарына бұрғанда жаңбыр суынан жасанған даладан соққан самал желмен бірге жердің жұпардай иісі алдарынан аңқып қоя берді. Көкірегіңді кер де, жұта бер дегендей баяу есіп тұр. Әлде жаңбырдан кейінгі шыныдай таза ауадан ба, әлде көңіліндегі түйткілдің тарқағандығы ма күмістелген құранды ер үстінде Мырқы бай сәл шалқая түсіп бәһәрі ашылғандай кең тыныс алып қояды.
Ел ағалары кешегі көрген кереметке таңданыс үстінде басқаша бір әсерде кетіп барады. Бір-бірінен қалай болғанын сұрайын десе, бәрі де өз көздерімен көріп куә болды. Таңғажайып көрініс, тамаша жағдай көңілдерінде сақталып қалды. Барлығы да сәтін салып Құлболды ишанның тағы бір кереметінің куәсі болды.
Сол оқиғадан кейін халық Құлболды ишанды әулие атандырды.
* * *
Қыстай мұз құрсанып тым-тырыс жатқан Сырдарияның ақпанның соңы мен наурыз айының басында әлем-тапырық мінез көрсетіп қос жағалауындағы халықты әбігерге салатыны бар. Қытымыр қыстағы сарышұнақ аязда таяз жері арна табанымен бауырласа қатып, суы терең жерінде қалыңдығы бір кезге жуық болып ұстасқан көк мұз қызыл су жүріп, күн шуағын төккенше сіресіп жатады.
Сең бұзылмай жатып-ақ биыл да дарияның арнасы мен жоғарыдан нөпір су келіп, әп сәтте кенереден асып көбік шашып өзек, арна, сай-саланы қуып, жолындағы жиде, жыңғыл мен шеңгелді жұлып ағызып көлдер мен жайылмаларға дейін апарып тастады. Бірте-бірте сең буған қылтанақтар ашылып, арнамен, аққан мол судың деңгейі түсіңкіреп, дария солығы сәл бәсеңдей бастады. Сонда да болса арыны қатты ағыс иін-иіндегі жарды мүжи соғып, жарқабақты жарып алып, арнаға «гүрс» еткізіп жығып, жұтып қояды. Толған арна бойындағы судың ағысы әлі де қарқынды, иіндердегі қазан шұңқырларда шыр айналған ирімдер ішін тартып жатыр.
Сәуір айының орта шенінде «Телікөл» жағынан сапарлап келе жатқан Құлболды ишан «Тайпының құмының» жоғары жағынан бес-алты адаммен бірге дариядан өтуге қайыққа мінді. Сәуірдің суық желі арна бойымен қуалай соғып онсыз да жөңки аққан лай аралас дария суын толқындатып тұр. Жел мен судың екпінен ығып екі жағаға ұрған толқынан ұзыннан-ұзақ үлпек ақ көбік пайда болған.
Толқын соққан қайық қалт-құлт етіп дарияның ортасына жете бергенде оң жағалаудан «Әй, қайықшы, кейін қайт, мені де ала кет!» деген өктем дауыс шықты. Қос ескекті шірене тартып келе жатқан қайықшы: «Қап, мынау Оразай ғой, оны ала кетпесем бәлеге қаламын ғой» деп, қайықты төменгі ағысқа қарай бұра бастады. Өздері жандарын шүберекке түйіп отырған қайықтағылар жарты жолдан кері қайтқанына наразы болып жатыр.
Қайықшының Оразайдан сескенетіндей жағдайы бар болатын. Жиырма жасқа иек артпай жатып-ақ Қоқан ханының осы төңіректегі әскери бөлімінің жүзбасы болып ешкімді бет қаратпай дәуірлеп тұрған кезі еді. Оразай кең жауырынына бақырдай басы қысқалау жуан мойынымен ұласа келіп біткен тығыншықтай толықша келген жігіт екен. Қоңырқайлау дөңгелек бетіне қан теуіп тұр. Желбезекті қыр мұрнының астында қара мұрт енді тебіндепті. Екі аяқты сәл алшайтып, екі қолының бас бармағын төрт елі келетін доғалы қайыс белбеуіне тығып, шалқайып тұр. Қайықтың ескекші жақ тұмсығы жарға тақала бере «ауп!» деп солқ еткізіп қарғып мінді. Қайық кері бұрылып жағадан ұзай бере, Құлболды ишан:
- Балам, мына әрекетің қиянат болды ғой, кілт бұрылып қайта салатын қара жер емес, толқыны жарды ұрған түпсіз терең судың үстінде Құдайдан амандығын сұрап отырған осыншама адамды әрілі-берілі әуре еттің ғой, – деді.
- Ғапу етіңіздер, шаруам өте тығыз еді. Алған тапсырмам да жосын тұғын.
- Мына отырған адамдардың басын қатерге тігіп, жарты жолдан кері бұрғаныңа қарағанда шаруаң шындығында маңызды болды ғой.
- Солай болып тұр, қария.
Қайықшы да өзі ісіне мәттақым екен, алас ұрған толқынды қайыққа кештіре отырып жағаға аман-есен жеткізді. Жолаушылар рахметін айтып жөндеріне кетті.
Оразай қайық үстіндегі ақ сәлделі кісінің Құлболды ишан екенін қайтарында сол қайықшыдан сұрап білді. Атақ даңқы Ақмешіттен асып, Түркістан мен Тәшкен жағына дейін жетіп жатқан ишанмен қолына қылыш ұстап, әскери қимылдарда жүрген Оразай бұрын-соңды дидарласып, әңгіме-дүкен құрып көрмепті. Түнеугі бір-екі ауыз сөз су үстінде қалғандай. Оразайға ой келді. Құлболдымен кездесіп, шүйіркелесіп, ислам дінінің құдіретіне қанықсам деген құштарлығы оянды. Ол үшін алдағы шаруаны бірыңғайлап алып, ишанмен кеңінен отырып кеңескенді дұрыс деп шешті.
Шілде түсе Оразай «Бидайкөлдің» жағасындағы жайлауда отырған ишан ауылына намаздыгер шамасында ат басын тіреді. Ойы қона жатып көктемде ойға алған ісін ояға келтіру. Шіліңгірде киіз үйдің көлеңкесінде намаздыгер намазын оқып тұрған Құлболдыға жіті назар салып сәл тұрды. Түнеугі кездескенде оншалықты назарламапты. Жайнамаз үстінде бойында артық-ауыс қырым еті жоқ, ұзын бойлы келген, шүңірек көзді, қарасұр өңді Құлболдыға Оразайдың көңілі толмады. Қару-жарақ асынып, қол бастап елге де, қол астындағы жасағына да айтқанын істетіп, көкірегі көріктей болып жүрген ол: «Е-е, елдің әлдеқандай қылып әулие деп жүргені жел тұрса құлап қалатындай қатпа қара шал екен ғой, тәйірі. Ишандығы қай жағында, діндарлығы қай жағында?» деп, менсінбей, әдейі іздеп келсе де, сәлем бермей, кері қайтты.
Намазын оқып болып, жайнамазын жинап алған соң Құлболды: «Жаңағы бір әзірде ту сыртымнан қадалған суық көзден діннің ақ жолына күпірлік еткен пенденің теріс пиғылын сездім ғой, ол кім болды екен. Әттегене, Расулымның ақ дініне шәк келтірген байғұс қатерге ұшырайтын болды-ау!» – деп, көңілі пәсейіп қалды. Әубәкір де, Омар да келген кісінің Оразай екенін айтты.
Оразай күн бата Ақмешітке жетісімен мұрттай ұшып төсек тартып жатып қалды. Дерт дереу дендеп жанына батқан соң түр-тұлғасына қарап Құлболдыны менсінбей, ишандығы мен әулиелігіне шәк келтіргені есіне түсті. Ымқырулы екі жасағын шақырып алып: «Дереу Құлболды ишанға жетіңдер. Менің аяқ астынан дертті болғанымды айтып, дем салу үшін оны осында келтіріңдер!» – деді.
Суыт жеткен қос жасақ жүзбасыларының айтқанын ишанға баяндады.
Құлболды:
- Оразай атқа мінуге шамасы келмесе, арбаға салып осында алып келіңдер. Мұнда жеткенше көңіліндегі пәндәуи күпірлігінен арылғаны жөн. Қалғанын келген соң көре жатармыз, – деді.
Күн екіндіге таянғанда Оразай «аһлап, уһілеп» арбамен «Бидайкөлге» жетті. Жасақтары Құлболдының айтқанын айна-қатесіз жеткізсе керек, келе сала ишанның бешпентінің шалғайымен көзін сүртіп, күпірлік жасағаны үшін кешірім сұрады.
- Хазірет, пенделікке салынып, ислам дініне, сіздің қадыр-қасиетіңізге күпірлік еткенім үшін, ғапу етіңіз. Бұдан былай сізді пір тұтамын, асыл дініміздің пендесі үшін парыз еткен барша қағидаттарын ұстанып, діни сауатымды осы жерде ашып, сізге шәкірт боламын.
- Қасиетті Құранның «Лұқман» сүресінде: «Адамдармен қарым-қатынаста түзу бол, менменсіп, өркөкіректік көрсетіп, кердеңдеме. Аса ұлы Аллаһ мақтаншақты жек көреді» деген. Жас кезіңнен қол бастап, атқа мінгендіктен бойыңа өркөкіректік лас қасиет жұғыпты. Тәңірім әу баста адамдарды бірдей етіп жаратады. Бойына имандылық, ибалық дарыған адам түзу жолда болады. Олардың көкірегіне көркем мінез қонақтаған. Ал, кердең мінез, менменшіл адамның кеудесіне лас нәстелер жиналады. Әбден орнығып алса, одан ажырау қиынға соғады. Әрине, сен сияқты әрекет етіп, күпірліктен арылушыларға Алла өз жәрдемін береді. Мына жасап отырған ниетің қабыл болсын, Оразай. Жаратушым әр ісіңді оңғарсын!
- Әумин, Әзірет, айтқаныңыз келсін.
- Енді қарсы алдыма келіп жүгініп отыр, саған әпсүң салып жіберейін, – деп, дұға жасап, екі-үші Құран аяттарын оқыды.
Сәлден кейін Оразайдың тыныс алуы орнығып, ауруы басылды.
«Хан ағашындағы» медреседен екі жыл білім алған Оразай өзге шәкірттерге қарағанда білім игеру жағынан оқ бойы озық болды. Әліпби мен абжадтан бастап әптиекті жақсы еңсерді. Құранды жатқа оқу жағынан да алдына жан салмады. Талабы мен ынтасы қоса шауып, үнемі Құлболдыдан да, басқа ұстаздардан да мақтау естіді. Үшінші жыл дегенде медреседегі алатын білім деңгейін тәмамдауға айналды. Оразайдың қатар оқыған шәкірттерден бұрын шатырхат алатыны да белгілі болды. Кейбір дәріс алушылар бұған күңкіл шығарды. Бұны естіген Құлболды ишан наразы болып жүрген шәкірттерді бір күні жинап алып:
- Анау өгізді көрдіңдер ме?
- Ия, көрдік Хазірет.
- Көрсең соған дем сал, – деп, бірінші тұрған шәкіртіне пәрмен берді. Ол дем салғанымен өгіз көк құрақты орып жеп тұра берді.
- Енді сен сал, – деді екіншісіне. Онда да өгіз селт етпеді.
- Кезек сенікі, – деді үшінші шәкіртіне мойын бұрып. Өгіз сол қалпында оттай берді.
- Болдыңдар ма, ендігі кезек сендер мінеп жүрген Оразайдікі. Оразай бастай ғой, – деп, бейқам тұрған шәкіртіне қарады. Көк шалғынға жүгініп отыра қалған Оразай дұғалар оқып дем салғанда шүйгінге тұмсық тығып беймалал жайылып жүрген қара ала өгіз «гүрс» етіп төңкеріле құлады. Бұны көрген манағы үш шәкірттің өздерінен озық Оразайды көре алмаушылығы естеріне түсіп еңселері езіліп кетті. Енді бір дұға оқығанда өгіз орнынан шоңқая көтерілді. Әуелі артқы екі аяғын созып бір керіліп алды да, тұмсығын көкке көтеріп «мө-ө-өҺ» деп мөңіреп жіберді. Оразай да орнынан тұрып ұстазына қарады. Ишан:
- Сендер ойларыңа не келсе соны айта салатын әпенді емессіңдер. Бойларыңа білім сіңіріп, ислам негіздеріне қанығып, қасиетті Құран кәрім аяттарын жаттап, басқа да ғылым түрлерін де оқып жатсыңдар. Адам өз жаратылысында Тәңірден берілген қабылетіне қарай білімді әртүрлі көлемде бойна сіңіреді. Біреуі баяу, біреуі жылдам. Ол әркімнің талабына, талантына, санасына, басқа да қарым-дарынына байланысты.
Бірге дәріс алып жүрсеңдер де сендер Оразайдың деңгейінен кейін қалып тұрсыңдар. Оны өздерің көрдіңдер. Бірақ сендер пендешілік жасап, оның білімді жақсы игергенін осы кезге дейін көре алмадыңдар. Көре алмаушылық жүрген жерде, иман, адалдық және достық әдіре қалады. Қасиетті Құранның «Әл-Хужрат» сүресінде: «Аса ұлы Аллаһ біреудің біреуді келеке етуіне тиым салады. Бұл – ренжіп қорлайтын сөздер мен істердің барлығына қатысты. Бұл – үлкен күнә» деген. Сендер Оразайдың алған біліміне шәк келтіріп, күпірлік жасадыңдар, күнә арқаладыңдар. Күнәдан арылу үшін Оразайдан кешірім сұраңдар, ол кешірім етсе, жасаған күнәларыңнан арыласыңдар! – деп, Құлболды шәкірттеріне назар салды.
- Оразай аға, бізді ғафу етіңіз.
- Қателігімізді кешіре көріңіз, – деп үш шәкірт бастарын иді. Аздан соң еңселерін көтеріп, лүпіп соққан самалға кеуде тосып, тыныстарын сәл кеңейтті. Күнәдан арылғандай бой тіктеді.
Осы оқиғадан кейін Оразай шатырхатын қолына алып, еліне қайтты. Досбол, Балаби, Торғай және Тұрсынбай датқалармен тізе қосып, Сырдарияның қос жағалауындағы елдің арқатірек азаматының біріне айналды. Сол төңіректе ислам дінінің өріс алуына тер төгіп, ишан деген атаққа ие болды. Оразай ишанның Қожахмет, Ахмет және Жармұхаммед атты балалары да арабша оқып, терең білім алды, үшеуі де ишан атанды. Үлкені Қожахмет Ресейдің ІV думасында орыс тілінде баяндама жасады. Ортаншы баласы Ахмет Сарысу өзені бойындағы елге исламды таратып, ел басқару ісіне араласты. «Телікөл» мен «Қарсақбай» арасындағы елді егіншілікке үйретіп, өзеннен бірнеше жерден саға алып, арық қаздырып бидай, тары секілді дақыл септірді, қыстау салдырып отырықшылдыққа үйретті. Жармұхаммед Есіл өзені бойындағы елге имандылық шапағатын таратқан адам есебінде тарихта қалды.
Қабдеш ШАҒЫРҰЛЫ,
«Құлболды ишан» кітабынан,
ARNA-B баспасы, 2022 жыл.
суретті түсірген Болат Омарәлиев