Имамдарымыз құдайға шүкір қазір сауатты, білімді. Сауаты араб тілінде, діни танымда, шариғатта көрініп тұрады. Жалпы ел аузына іліккен имамдарымыз, әлеуметтік желілерде де белсенділік танытып отыр. Бұл бүгінгі қоғамдағы діни ахуалдың жандылығы мен белсенділігін, діндарлығы мен діни санасы деңгейін өлшеуге жарайтын құбылыстар.
Дегенмен имамдарымызда халық үшін уақыттың өткені, бүгіні мен болашағын тұтастандыратын «діни тәжірибе» мен «діни санасы» онша толғандыра бермейтін сияқты. Соның нәтижесінде имамдар өздерін бұл халықты енді ғана ислам дініне шақырып жатқан «дағиндер» сияқты сезінетін тұстары жоқ емес.
Рас, қазақ халқы ондаған ғасырдан бері мұсылман, ханафи мазхабында, Матуриди ақидасында, Иасауи жолымен «діни тәжірибесін» сомдап, «діни санасын» нықтап алған ұлт, мәдениет өкілдері. Діни сана мен діни тәжірибе ұлт пен оның тарихы арасындағы болмыстық ақиқатты, ерекшелікті көрсететін эталон. Біздің имамдар осы жерде тарихты елей бермейді. Бұл біріншіден. Сосын діни таным сатыларын тек қана шариғат білімімен өлшейді. Бірақ діни танымда білу, тану, сену, мойынсұну және сезу сатылары тұтас қарастырылуы шарт. Бұл екіншіден. Діни білім беру үздіксіз үдеріс. Бұл үдерісте, тек Құран мен Суннаны ғана негізгі мәтін деп алсаңыз, ең басты мәтін адам ұмытылып жатса, ортада уақыт пен кеңістік арасында тұтастық болмай қалады. Осы үздіксіз үдерісте, Құран ақиқатын адамның көтере алатындай деңгейінде, оның санасы мен тәжірибесі шеңберінде ұсыну да илахи метод болып табылады. Илахи методты Құран аяттарының түсу тарихы мен кеңістігі, ортасындағы пайғамбарлық институттың тұтастығы мен жиырма үш жылдық мерзіміне қарап тануға болады. Себебі бүгінгі таңда сананы түзеу материалды емес, оған сабыр, ыждахат, сосын жан жақты уәж керек. Бұл уәж тек қана діни таныммен емес, ғылыми, философиялық, психологиялық, тарих, әдебиет, өнер және с.с.с жалғасып кете береді. Бұл үшіншіден. Қанша жерден ақиқат, дұрыс білім, парасатты таным болса да, оның айтылатын жері мен уақытын, публикасын таппасаңыз, барлық білім мен сауатыңыз желге ұшады. Бұл төртіншіден.
Осыған орай бір хикая-әңгіме есіме түсіп отыр: «Ертеде бір ауылдың баласы, діни білім алуға сол кездегі атақты оқу орны ал-Азхарға кетеді. Ұстазы қандай ілім керек? Дианет ғылымы ма, жоқ әлде саясат па деп сұрайды. Жас бала маған тек «дін ғылымы» ғана керек деп жауап береді. Арадан бірнеше жыл өткен соң еліне оралып, халқына алған білімі мен ғылымын жаюды ойлайды. Келген соң бүкіл ауыл құшақ жайып қарсы алады. Аулындағы орталық мешітке барып, жұма құтпасындағы уағыздың алған біліміне сай емес тұстарын теріп отырады. Мынау шариғатқа сай емес, анаусы жалған хадис, анау ширк мынау бидғат деген сияқты. Ақыры шыдай алмай, бір жұма құтпасында мына имамның айтқандарының бәрі жалған. Ойынан шығарып, қоспасын ақиқат деп жұттырып отыр. Бұл қандай имам? Ел жұртты алдап, адастырып отыр деп ашуланып, айқайға басады. Мешіттегілер тым-тырыс, жым-жырт. Барлығы артына бұрылып қараса, баяғы ал-Азхардан білім алып келген жас бала екен. Имам да елдегі өз абыройын қорғау үшін: «Уа жамағат, сіздерге айтқан мұнафиқтардың бірі де ортамызда, арамызда екен. Аллаға сенбейтін, мешітке тіл тигізетін, имамға бағынбайтын, нағыз кәпір ішімізден шықты. Тез аяқ қолын байлап, дүре соғып, сыртқа қуып жіберіңдер» дейді. Жамағат та өре түрегеліп, жас баланы ұстап алып, сазайын тартқызып, боқтап поралап, мешіттен қуып шығады. Осылайша білім жаям деп келіп, ел-жұртынан таяқ жеп, көк ала қойдай болып, ыңырсып үйіне әзер жетеді. Арадан біраз уақыт өткен соң, әлгі жас жігіт, қай жерден қате кеттім деп ойланып, ал-Азхардағы ұстазына қайта барады. Болған жайдан хабардар болған ұстазы да кезінде «дін ғылымы мен саясатты» қатар оқы дегенде көнбеп едің, өмірдің өзі көзіңді жеткізген екен деп, әрі қарай тағы оқытады.
Сонымен жас бала саясат ғылымын да аяқтап, баяғы аулына қарай жол тартады. Бұрынғыдай қарсы алу жоқ, аяңдап таяқ жеген мешітіне бас сұғады. Қараса, сол баяғы имам, уағызы да бұрынғыша, аңқау жамағатын алдап, арбап білген насихатын айтып отыр екен. Бала да кіре сала жамағаттың назарын өзіне аударып, ашық дауыспен, уа жамағат мына имам имамдардың имамы, сөзі де өзі де ақиқат, әулие. Мұндай имамды әлемді алты айналсаңдар да таппайсыңдар! Неткен ұлы кереметті имам! Кім бұл заттың бір тал сақалын тәбәрік етіп жұлып алса, шәк күмәнсіз жұмақтан бірақ шығады, деп айқайлайды. Сол сәтте ақ жамағат ана сорлы имамға бас салады да біртіндеп сақалын жұла бастайды. Имамның ойбайын ешкім тыңдар емес. Осылайша арамза имам да енді ол ауылда тұрақтай алмайтынын түсініп, безіп кетеді. Жас маман да тек дін ғылымы ғана емес, мына халыққа басқа да ғылым қатар берілу керектігін, саясат ғылымды меңгеріп барып ұғынған екен.»
Бұл хикая. Бірақ өте үлкен мән жатыр. Мәселе тек білімді болуда ғана емес, мәселе сол біліміңді өткізу мен жеткізу жолдары туралы болып отыр. Біздің имамдар Құран мәтіні мен мына елдің тарихи санасында орын алған мәтінді де назарға ұстағаны абзал. Ол тарихи сана мен діни тәжірибе арасындағы мұсылмандық болмысымен сабақтастыра, салғастыра баяндау болып табылады. Ол үшін діни таным, тарих, мәдениет, өнер, философия жалпы ғылыми танымдық база әрбір имамға шарт.
фб парақшасынан алынды