Ғалымдар бір елдің ел болып қалуы үшін мына бес нәрсенің қажет екенін алға тартады. Әуелгісі діннің сақталуы екіншісі жанның сақталуы үшіншісі ұрпақтың сақталуыы төртінші ақыл-сананың сақталуы бесінші мал-мүліктің сақталуы. Осы бес ұстын бір елде қаққан қазықтай берік келсе онда ол елдің болашағы бар деген сөз. Ғалымдар осы бесеуінің ең маңыздысы дін екенін айтады. Дін ол сенім. Дін адамды сенімге жетелейді. Адам баласы өмірде тек сенімімен ғана табаны таймай тұра алады. Егер бір елде дін шайқалатын болса, ел ішінде, дін өкілдері арасында алауыздық пайда болатын болса онда ол елдің болашағы құрдым.
Енді тікелей мәселеге көшсек соңғы күндері Муфтиятқа, бас Муфтиге және де басқа да Құран аударған ғалым Ершат мырзадай діни қызметкерлерге тасадан тас атып жүргендердің қарасы көбейе бастады. Әуел баста «айтса айтқан шығар, бұл күнде кім не демей жатыр?, ит үреді, керуен көшеді» дедік. Бірақ кейін мән беріп қарасақ мұның түбі тереңде жатыр екен. Иә, ел ішінде баяғыдан Муфтиятқа көңілі толмай жүргендер баршылық. Әйтсе де байқап қараған адамға соңғының сарыны бұрынғылардан бөлекше болып тұр. Әр жерден лақтырылған тастарды жинап қарасаңыз шыққан зауыты бір екені байқалады. Әуелі Муфтияттың дін қызметкерлерінің арасында «кіші жүздер көп» деп байбалам салды. Оған айтарымыз «әуелі кіші жүз көп болса не болыпты? Кіші жүзді қазақ емес деп кім айтыпты? Кіші жүз қашаннан бері жат ұлт болған? Қашаннан бері кіші жүзді өзге бір жүздер кемсітетін болған? Атам қазақтың ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз болуы бөлінушіліктің белгісі емес, беріктіктің белгісі. Бір әкімшілікте ішкі саясат бөлімі, қаржылық бөлімі, мәдениет бөлімі болып бөлінсе не болмаса бір Ислам университеті шариғат бөлімі, хадис бөлімі, тәпсір бөліп бөлінсе, бір елдің әскері әр түрлі әскери жасақтарға бөлінсе мұның бәрі алауыздықтың белгісі болмақ па? Оның үстіне қарға тамырлы қазақтың қайсысын сұрап келсең туысың болып шығады. Сыртқы басқа болуғанмен әлгіндей тамырланып, бір-бірімен бірігіп, астасып кеткен. Үш жүз бір-біріне қазақ қазақ болғалы біріне күйеу енді біріне нағашы, жиен болып үзілместей, ажырамасқа жеткен. Бірі қан, бір жан, бір тән. Кеудеңнен жаның ұшса қайда барасың, қаның азайып басың қарайса қандай айла, нендей шара жасайсың, тәніңнің бір бөлшегі шабылса орнын немен толтырасың? Сол кіші жүзден кімдер шықпай қалып еді, қандай әулие, қандай батыр сенен бетегесі төмен қалып еді? Осынау байтақ далаңды кіші жүздің қай батыры қорғамай, жанын қорғаштап қалып еді? Енді бүгін солардың алтын ұрпақтары діннің көсегесін көтеріп жүрсе қай тақияңа тарлық қылып тұр? Қазына-кеннің басында отырып, майлысын өзі жеп, сүйегін өзгелерге беріп жатса гәбің уәж болар еді. Мәшһүр әулие айтқандай «Жігітке жарасады құла жирен, дін ұстансаң топырақ бол, аяққа илен» болып жылдар бойы дінге қызмет етіп, мешіттің бар ауырпалықтарын арқалап жүрсе ондай жігіттердің несін қызғанасың? Һәм Муфтиятта негізгі рөлді бермей жүрген ешкім жоқ. Басқа жүздердің де қожаның да төренің де маңызды қызметтері тұнып тұр. Өз басым Муфтиятта істемесем де көп қазақтың бірі ретінде һәм Нұр-Мүбарак университетте көп жылдар жұмыс істегеннен азды-көпті хабарымыз бар. Осы күнге дейін Ержан хазреттің де, Серік хазреттің де соңғысы Наурызбай хазреттің де имамдар арасында жүзге бөлініп жүзі күйіпті, руға бөлініп отырып алып бөлісіп, у ішіпті дегенді естігенім жоқ. Оның үстіне әу бастан діни мамандар тапшы болып келуде. Һәм тырнақ астынан кір іздеп «кіші жүздің баласы» дегендері бұрыннан жұмысын атқарып келе жатқан азаматтар. Олар өз істерін адал атқарып жатса «жаңадан келдім екен» деп өз үйірін жинап, өзгенің өзегінен тепкеннен бір пайда бар ма? Осыны біле тұра жерден жеті қоян тапқандай «сүйінші» сұрауы пейілінің қаралығын көрсетпек.
Бұл тасадан тас атып, қазаққа тас атқандардың, хазіреті Пайғамбардың үмбетін бөлмекке тырысқандардың тағы айтқан уәжі бас Муфтидің араб тілін жетік білмеуі. Олардың уәжіне қарай Муфти араб тілін жетік білуі шарт. Арабша жақсы сөйлей білуі керек. Біз араб емес, қазақ халқы едік қой. Қашаннан бері Муфти болудың ең бірінші шарты арабшаны бір арабтай жетік білу керек болып алған? Кейбір мысырлықтардың да көркем тілдеріне келгенде мүкістеп қалатынын талай көрдік. Арабша терең білгеннің бәрі дін ғалымы ма екен? Оған айтар уәжіміз әуелі араб тілін емес, Муфти болатын адам Ислам дінін жетік білуі тиіс. Һәм Муфти болатын адам ғалымдығынан қарағанда ұйымдастырушылық қабілеті басым болғаны жөн. Ғылымды Ғұламалар кеңесіне бермек керек ал өзі соларға жағдай жасап, қызмет етпек керек. Екінші айтар уәжіміз Муфти болар кісі әуелі араб тілін емес, өз ана тілін, қазақ тілін жетік білмек болса керек. Араб тілін, орыс тілін, түрік тілін жақсы біліп, өз ана тілін білмесе ұлтына жаны ашымағанның дініне жаны аши қояды дегенге өз басым сене алмаймын. Өзгенің ауласында өскен бала ата-анасына өгей келеді. Қош делік. Әлқисса ұялы топ осыдан соң Муфтиятқа екінші «керасинін» төгеді. Ол бас Муфтидің айналасына уахабистік теріс ағымдардың өкілдерін жинады деген жаласы. Бұрынғы муфтилердің заманында келе алмаған сәләфтік теріс ағымдар осы Муфтидің уағында келуі оның сол теріс ағымды жақтайтындығын көрсетеді. Ендеше ел ішінде дін дәстүрлі жолдан тайып адасқалы тұр деген сықылды кінәраттары. Енді ағайын сіздерге бір қызық айтайын аздап назар салсаңыздар. Осы сәләф ағымының қазаққа қаупі қай жерде? Әрине мәзһабта. Қандай мәзһаб? Ханафи. Қандай ханафи? Дәстүрлі ханафи. Дәстүрліні қалай түсінеміз? Мауаранахр мектебі, Түркістан мектебі. Матуриди, Қожа Ахмет Ясауи, бергісі Бекет ата, Мәшһүр әулие, Бекасыл әулие тағы басқа, Көкалташта, Бұхарада оқыған ахундар мен ишандар жолы. Енді Наурызбай хазрет жұмысын алғаш бастағанда Арыстанбаб пен Қожа Ахмет бабамыздан бастады. Сонау Маңғыстаудағы пір Бекетке барып, хатым бағыштады. Турасын айтқанда ел басшылары тәрізді батасын алуға барды. Ғұламалар кеңесінің мүшелеріндегі ғалымдарды бастап сонау Мәшһүр Жүсіпке барды. Қайтып келген соң «Ихсан» бағдарламасын бастады. Дін үш нәрседен тұрады. Иман, Ислам, Ихсан. Ихсансыз мұсылманның көңілі нұқсан. Исламды жеміс ағашы десек иман соның тамыры, шариғат болса діңі, ағашы, ихсан болса соның жемісі. Мысалы заманында Көкалташ тұп-тура Ихсан мектебі еді. Қызыр мектебі болатын. Мәшһүрдің, Бекасылдың мектебі еді. Ендеше Ихсан бағдарламасы әулие болған ата-бабаларымызды тану жолы еді. Сен Түркиядан сауатыңды аш арғы қарай Мысырға барып он жыл оқы әрі қарай Пакистанға сапар шек. Терең ілім ал, ғалым бол, елге кел. Енді осыншалық іліміңмен кешегі әулиелер мен билердің, елі үшін жани пида болған батырлардың бүгінгі ұрпағына әлгі іліміңді сол күйінде бере аласың ба? Жауап бере аламын болса сол іліміңді алған әлгі жас ұрпақ діндар болса да дәстүрлі болмайды. Өйткені қандай да ұлт болмасын Ислам дінін үйреніп, бойына сіңірген кезде күмәнсіз сол дінге, шариғатқа өз ұлттық боюуын сіңіреді. Дәстүрлі дін дегеніміз де осы. Жалаң дін болмайды. Иә, Құран, сүннет бұзылмақ емес бірақ Алла дәстүрге рұқсат берген шариғат шеңберінде. Не сол дін кез келген қабылдаған ұлттың рухани құндылығына, дәстүріне айналады. Ал қазақтың ұлттық бояуы, қошқар мүйіз оюы Мәдинадағы Пайғамбар мінберіне де, Қағбаның су ағарына да әсер еткен. Кезінде патша болып араб елдерін басқарса да өз ұлттық дәстүрін берік ұстанып, бізге осындай күллі мұсылман таңырқар мұра қалдырған. Ал енді отыз жылда әсіресе соңғы жиырма жылда басқа ұлттардың ғалымдарынан дінді үйреніп, елге қайтқанда «келіннің бетін кім ашса сол ыстық келедіні» келтірген. Бұл тіпті уағыз айту әдісіне дейін әсер еткен. Тіл қазақша бірақ стил арабша, түрікше, пакистанша тағы басқаша. Тіпті осыған бүгінгі жастар да үйреніп алған. Бәрі жақсы, бәрі тамаша олардың қолдарына су құя алмаймын. Бірақ кешегі бір қария айтқандай көбінде «қазақылық жоқ». Уағызда мысал ретінде арабтың, түріктің, парсының, үндінің әулиесі айтылады, жастар көзіне жас алады бірақ қазақтың әулиесі, батыры айтылмайды. Бұл қазақтың тарихы әулиесі мен шейіт батырлардан тұрады. Осыны көрген ел ақсақалдары «бұлардың діні бөтен» дейді. Бірен-саран Абайдың кейбір өлеңі, Шәкірім айтылады басқа жоқтың қасы. Кейбіреулері батырларды айтпақ болады бірақ өзі сене алмай тұрады. Арабтың, түріктің батырлары жау қолында өлсе шейіт ал қазақтың батырлары жоңғар мен қытайдан елін қорғап өлсе шейіт болмайтындай түсінік бар. Арабтың әулиесі, әулие ал қазақтың әулиесі шала ма? Өздері оқыған елге барса әулие, батырларына зиярат жасайды ал өз ата-бабасының әулие-батырларына бармайды. Дінге жаттай көреді. Ал, бұл трагедия. Ешқандай мұсылман өз ұлтының, өз ата-бабасының әулиелерін мойындамай, қадірлемей дұрыс мұсылман бола алмайды. Өз басым бір сөзбен айтқандай қанша ілім алса да оларды «ілімді жабайылар» дер едім. Міне осындай түсінікке Наурызбай қажы түбегейлі қарсы шықты. Оныкі мәуаранахр мектебі еді. Бұхара еді. Оның бойындағы кішіпейілділік міне осындай түсініктен келіп тұр еді. Бір мысал айтайын. Соңғы жүз жылда Мәшһүрдей әулиедей әулие бұл қазақта шыққан емес. Сол Мәшһүрдің ұстазы – Бекасыл әулие еді. Оның бірде дұға кітабы басылып шыққанда көптеген ілімділер түсіне алмады. Түсіне алмай теріс баға берді. Ал бұл сорақылық еді. Ал Наурызбай қажы ол кісінің сол дұға кітабын жақсы түсінді. Тіпті кешегі қатты індет кезінде Бекасыл әулиенің індетке қарсы дұғасын мешіттерге ілдіріп, имамдарға оқыттырып қойды. Өзі де тікелей эфирге шығып, «Біз Бекасыл әулиенің шарапатынан пайдаландық» деп Матуриди сеніміндегі «Әулиенің кереметі – хақ» дегенді жаңғыртты. Ал осыған дейін ешкімнің дәл бұлай айтуға батылдары жетпеп еді. Осы күнге дейін қай басшы, қай дін ғалымы осындай қадамға барып еді? Бұдан кейін де бар ма қанекей жалғастырар батырлар?
«Енді бүгін кім жаман?
Данышпан емес, кім надан?
Қамқор емес, кім жауыз?
Жомарт емес, кім сараң?
Көсем емес, кім жалтақ?
Шешен емес жоқ адам.
Бәрі білгіш, бәрі де ер,
Жеткіздің, Алла тағалам.»
Енді Құдай үшін сіз айтыңызшы, осындай батыл қадамға барған, басқа әр түрлі мұсылман ұлттардың менталитіне қарай кетіп бара жатқан жас ұрпақты қайта өз ата-баба жолына бұрмаққа ниеттенген Наурызбай қажыны сәләфтік ағыммен астыртын байланысы бар деп айыптай аласыз ба?
Е, несін сұрайсыз, бұл қара ниеттілер «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса қол ішінде» деп өз ішімізде талай берсе мейлі ғой, ең жаманы өз дін ғалымдары мен дін басшыларын, өз қазағын өзге елдің жамандарына талатқаны жанға батты да. Өзге елдің интернет желілеріне шығартып, олардан «қазақтың дін ғалымдары сауатсыз» деп «сүйінші» сұратқаны кімге болса да жақсы емес. «Өзбек өз ағам» деп келіп едік інісін өсектегені жанға батты.
Мұсылман тұрмақ бойында намысы бар дінсіз де бұлай жасамас болар. Кезінде Әз пайғамбар ғалайкім сәләмнің заманында ел шетіне жау тиіп, ел басына күн туған шақта сахабалар етігімен су кешіп, аттары ауыздығымен су ішіп жандарын дін үшін пида етіп жатқанда бір мүшрік жауға бір шетінен жалғыз шауып, біразын жапырып өзіне де оқ тиіп, найзаның ұшы қадалып қансырап жатқанда жанынан өткен бір сахаба «дін үшін шәйіт болғаны мүбарак болсын!» депті. Сонда әлгі мүшрік «мен Ислам діні үшін емес, намысым үшін шайқастым. Жау жеріме ойран салғаны намысыма тиді» деп күре тамырын тістелеп қиып, жан пида болған екен. Сонда ол «мұсылман жеңілсе маған да сын» деп жан пидалап тұрғанда біздің тасадағы көрінбес мұсылмандардың «елдегі діннің Қара шаңырағы құласа құласын, әйтеуір мақсатымыз орындалса болды» деп тұр ғой. Мүшрік құрам намысы болмағаны да. Оларға қазақ та қазақтың жүздері де рулары да діні де керек болмай тұр ғой. Алайда Исламда «хаққа батыл-жалғанмен жетуге болмайды» деген мағыналық қатаң қағида бар. Бұл қазаққа бұл күнде не жетпейді десеңіз бәрі де жетеді жетпейтін бір-ақ нәрсе бар ол – бірлік. Ел бірлігі. Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді. Ел мықты болуы үшін оның ішіндегі байырғы халқы турасына айтқанда қазақта бірлік болуы керек. Имандылықта бірлік болмақ керек. Ал бұл заманда бұл қазақтың баласында, тіпті елдегі мұсылмандарда діннің қарашаңырағы ол – Муфтият. Тасадан тас атқандардың менше мақсаты Наурызбай қажы емес. Тікелей нысанасы сол кісі болса онда жара жеңіл келер еді. Бірақ бұлардың мақсаты сол кісі арқылы елдегі діннің қарашаңырағына, қара ошағына залал келтіру. Өйткені қара шаңырақтың бүгін байрағын көтеріп жүрген дін ғалымдары мен дін мамандарын құлатса онымен бірге байрақ құлайды. Одан соң ел ішінде дінге деген секем алушылық белең алады. Ата-баба жолына енді бет алып, мықты ел болып, руханиятқа бет бұрған жастар басқа жолға бет бұрады, адасады. Мұның арты діннің қарашаңырағының құлауына алып келеді. Діннің бірлігі қолдан кетіп, әркім өзі діни орталықтарын құратын болады. Бас-басына шейх болады. Қырық пышақтықтық салдары бір күні ел іргесінің шайқалуына, сөгілуіне де әкеліп соғады.
Е, ертеде Еділ-Жайық бойында қасында қырық жігіті бар, Абдолла кел жүз ат айдап Түркістан шаһарына барады. «Басы кәле (гүл) еді, қазақша «таз Әбділ» деп, бала күнінен аты ұшқанның бірі еді. Жүз атын түгел алатұғын алушы шықпады. Бір-бірлеп сатса, әркім аларлық ыңғайы болған соң:
— Бұл жарықтығымды әр сартқа жұлмалатып әуре қылғанша, онан да хазірет сұлтан Әлғарфин әулиенің шырақшысына талатайын! – деп, күмбезге алып барып, ашық жайына қамап, талатып жіберді. Әлғарфин дегені Қожа Ахмет Ясауи баба еді.
Сол түн жатып Ғабдоллакәл түс көрді. Түсінде Шаһынша әулие, Қожа Ахмет Иасауи, тоқсан тоғыз мың машайық, сексен сегіз пәруәр, жетпіс мың абдал, он екі мың мүфти, қазы, жиырма жүз мүрәррси, он екі мың қосшы, он төрт мың хадім, он алты мың бөгеуіл -түп-түгел бас қосып, бір зор зиапат мәжіліс құрылып жатқанын көрді. Сонда бұл хазіретке келіп жатқан қонақтар. Үргеніштен Шаһуан Ахмет, Бұхарадан Баһауалдин, Ғыждуаннан қожа Жиһан, Ташкенттен Хазірет Имам. Сол Ферғана замин Мәуралнаһрда жатқан әулиелер бірі қалмастан қонаққа келісіп жатыр екен депті. Сұлтанның оң қолында бір кісінің орыны ашық қалды. Өзге күмбездің іші-тысы лық толыпты. Бір уақытта бір зор деген әулие келіпті. Бұрынғы келгендердің бәріне отырып көріскен екен. Бұл кісіге хазірет Сұлтан тұра келіп, көрісіп, әлгі ашық тұрған жерге отырғызыпты.
— Бұл кім? – деп сұрасса, дін Хорезм шаһидларынһщ төресі шайхы Нәжмалдин Күбірей ерген. Сонан соң бұл кісі сөз бастапты:
— Үргеніш, Бұхар, Самарқанд, Жұпар, Хожант пенен Қоқан, Әндижан, Марғұлан, Ташкент, Түркістан – мұсылман қолынан кететұғын болды. Қаншама әулиелер аяқасты болып барады. Қазық бас, қызыл аяқ тәжіктің қолынан бұ дүние ойнатып, бура таластырғаннан басқа дәнеме келмейді. Сенің өзбегінде жұрт ұстауға лайықты ешкім жоқ па? Соған біреуді сіз ұнатып, сайласаңыз! – деп, бәріміздің бас қосқанымыз сол! – дейді.
Сонда Ғабдолла:
— Мен босағада отыр едім, – депті.
Хазірет сұлтан:
— Мына бала соған әбден жарайды! – деп, мені көрсетті, – депті.
Шайхы Нәжмалдин Күбірей айтыпты:
— Бұл бала мұнша жұртты басқаруға қалай жарайды? Ауыр қолы бар ма, шашып-төгіп қол жинап алатұғын пұлы бар ма? – дейді.
Онда хазірет Сұлтан жауап қайырыпты:
— Мұның өзінің жанкүйер қырық жігіті бар, ертеңмен туының түбінде тұратұғын екі жүз жігіт беремін. Арыстан (Арыслан) бапқа барады, ол кісі екі мыңды қосады. Қошқар атаға барады, төрт мыңды қосады. Хазірет Имам сегіз мыңды қосады, пәлен – пәленді қосады, түген-түгенді қосады – деп, Бұхараға барғанша кісісінің санын жүз мыңға жеткізіпті. Сонан соң Бұхараны алады. Бұхара бұзылса, дүниеге сыймайды, дүние бұзылса, Бұхараға сыяды. Бұхараны алған соң, бетіне ешкім келе алмайды. Сол айтқан жеріңіздің бәрін алады да, қояды. Тұр, балам, жай қолыңды! – дегенде, ұшып тұра келдім.
Хазірет Сұлтан қолын көтерген соң, тамам әулиеден жалғызы қалмай, қол көтерді.
— Қайырға (хайырға) көш (күш) қыл, қайырға көш қыл, қайырға көш қыл! – деп, үш айтып, бетін сипады.
Ояна келсем, түсім екен, жүрегім қолды-аяққа тұрғызбай, алып ұшып барады. Түс көрдім деп жанға айтпадым». Осыны айтқан Абдолла кел «Кейін сол айтылған жердің бәрін алдым» деген екен. Бұхарада Көкалташты салдырған екен.
Міне, мұсылман ағайын сіздерге бүгін де сол Әзірет Сұлтан Әлғарифин хазіреттің сөзін қайталағым келеді: «Бұхара бұзылса, дүниеге сыймайды, дүние бұзылса, Бұхараға сыяды». Елдегі ата-бабалардың батасымен қозғалған діннің қарашаңырағы бұзылса, елге сыймайды, ел бұзылса, жастар бұзылса қарашаңыраққа сыяды. Қай бір жылы рамазан айында тарапа намазын Харам мешітінің артқы жағында сыртта жамағатпен бірге оқып отырғанда қазақтың бір қариясымен әңгімелесіп қалдым. Өзінің бір кездері аталары Мәшһүр әулиелерге ұстаз болған екен Бұхарада. Әуелгі әңгіме Құнанбай қажының салдырған қонақ үй жайлы сөз болып, ол да оның орнын көрсетіп, ишарат жасаған еді. Сол қарт бір күні маған: «Әй, ғалым! Даулы ел, жаулы ел. Неше күннен бері байқап отырмын, сыншыл екенсің. Ал біздің саған айтар пікіріміз құлағыңның тесігі болғанмен, көкірегіңнің есігі жабық екен. Кісіден кемшілік көрме, кеңшілік көр. Тектілігін сақтаймын деген тұлғаға мына төрт қасиет қажет болмақ керек.
1. Халықтың, елдің кемшілігін көрмеу.
2. Ақыл айтуға құмартпау.
3. Қасарыспау.
4. Айтыс-тартыстан аулақ тұру.
Әдепсіз, болма! Әдепсіздік, ризыққа кедергі. Ризық тек дүниелік емес, рухани да болмақ. Жұрттың кемшілігін айтқан сайын жүрегіңе пұт жиналады. Жұрттың кемшілігін жасырғанның жүрегіне құт жиналады. Жек көру оңай, сүю қиын. Әсіресе елдегі діннің қарашаңырағы болып тұрған Муфтиятқа қарсы ел көзінше сын айтпа. Айтқың келсе, жеке отырып бетіне айт. Сырттай дін ғалымдарына сын айту, муфтиятты жамандаудың ақыры дінді дінсіздерге жығып берумен бітеді. Қожа Ахмет бабадан бастап, бүгінгі Мәшһүр Жүсіпке дейінгі әулиелердің сол Муфтиятқа берген ақ батасы бар. Бүгінгі Бұхара сол. Сен де солардың қасында бол. Олардың қасында ғалым болма, қызметші бол. Шай құйып, қызмет етпей әулие бабалардың батасын ала алмайсың» деді.
Соңғы айтарымыз, тасадан тас атқандардың тастары бір кісімен, бірнеше кісімен бітпек емес. Алашты «халық жауы» еткендердің ұрпағы қияметке дейін жалғасса керек. Мұның артындағы Алланың бізге білдіргені «Бекем болыңдар, бір болыңдар! Маған ғана бұрылыңдар, пайда да зиян да Менен»» дегені. Иә, мұсылман ағайын! Бір-бірімізге шынайы дұғада болайық, әсіресе әлгі қара ниеттілерге «Алла жүрек көздерін ашсын!» деп бата қылайық. Оларды бір Аллаға тапсырдық. Көптен бергі іште жатқан ой еді, осымен бүгін шығарған болдық. Аман болыңыздар! Алаштың бұдан да жақсы күндері әлі алда Құдай қаласа мұсылман әлеумет.
Мұхитдин Исаұлы, Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы