Білген Шайыр айтады

Хикаят рисала Мұңлық Зарлық

Әуел сөзді  бастайын,

Ісімді Құдай оңласа.

Шешеннен сөз табылар,

Жай бұлтындай торласа.

Қисық ағаш түзелер,

Тезге басып морласа.

Ақыретте сауап жоқ,

Айтатұғын жауап жоқ,

Жетім-жесір, ғаріпні

Кемсініп, оны қорласа.

Мұнан жаман сол болұр,

Уағдалы сөзде тұрмаса.

Ақсұңқар келіп шырмалар,

Саятшы алдын торласа.

Ақбөкен келіп жығылар,

Алдын қазып орласа.

Бенденің бақыты ашылмас,

Маңлайы қалың сорласа.

Жүсіпбек қожа сөйлейді,

Жамағаттар қолдаса.

 

Менің айтқан сөзіме

Құлақ салсаң, жарандар,

Зарлықты енді бастайын.

Ада болмас бұ сөзім,

Ұзайтпай енді тастайын.

Әйтеуір ажал келеді

Тағдыр жетсе бір күні.

Тірілігімде  қақсайын,

Өлең қып ем өзгені,

Мұны жырлап жазайын.

Құлағың салып тыңлағыл,

Дін мұсылман ағайын.

 

Бұрынғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Он сан Ноғай елінде,

Шаншар хан атты ханы бар,

Ғадалатты хан екен,

Қайыры тиген жиһанға.

Бір перзентке зар болып,

Алпыс қатын алыпты,

Кетем бе деп арманда.

Алпыс қатын алса да,

Бір перзент болмай бәрінен,

Қайғылы болды Шаншар хан.

 

Сырын айтпай адамға,

Жасы алпысқа келгенде,

«Орнымды кім басады,

Ажал келіп өлгендең.

Мұны ойлап Шаншар хан,

Көңілін қайғы басады.

Таяқ алып қолына,

Тау-тастан жаяу асады.

Әулиені қыдырып,

Қаңғырып кетті жапанға,

Тәрік қылып дүниені,

Шыбын жанды қинады.

Бір перзенттің дертінен

Көзінің жасын тыймады.

Бір жерлерге келгенде,

Шаршап барып жығылды.

«Өлем ғойңдеп бұ жерде

Ғаріп жаннан түңілді.

 

Талып жатып Шаншар хан

Қайғырып қатты жылады.

Жылап жатқан жерінде

Тілегін Құдай береді,

Ақ сақалды кісі боп

Хазірет Қызыр келеді:

 

– Үйіңе патша бар, – дейді,

Таңлап жүріп еліңнен

Бір сұлу қыз ал, – дейді,

Сол қатынды алған соң,

Бір ұл, бір қыз табады.

 

Мұны естіп қуанып,

Жарыла жаздап жүрегі,

Үйіне қарап жөнеді.

Алпыс күн жүрген жолына

Он бес күнде келеді.

Алпыс қатын баршасы,

Жоқ болған соң патшасы,

Шулап жылап жатқанын

Шаншар хан келіп көреді.

Қатындарын жұбатып,

Бірнеше күн тұрады.

 

Уәзірін атқа мінгізіп,

«Бір сұлу қыз әкелң деп,

Тығыз бұйрық қылады.

Барын атты уәзірі

Бір сұлу қызды ап келіп,

Хан қойнына салады.

«Бір ұл, бір қыз табарң деп,

Он жылға шейін қарады.

Он жыл тамам өткенше,

Қатыннан бала тумады.

Жетпіске өзі келген соң,

«Өтем бе, – деп, – тұяқсызң

Патшаның көңілі жаман боп,

Жүрегі қатты солады.

Әлқисса, патша Барын деген уәзірін шақырып алып: – Жұртты жи, – дейді. Бүйтіп қапа болып тұрғанымыз жарамас. Және бір қыз алайын. «Патшаның тойы барң деп, жұртты жиып, жар салыңыз: «Бір ұл, бір қыз табатын қыз бар ма?ң деп. «Барң деп біреу қызына кепіл болса, сол қыздың өз бойындай алтын берсек те алалық, – деп айтты. Анда Барын жұртты жиып, өзі мұнараға шығып, жұртқа жар салып айтқаны:

 

– Ал менім атым Барын-ды,

Мен айтамын зарымды.

Бір перзенттің дертінен

Беттен төктім арымды,

Кетірді Алла сәнімді.

Темірден дейді кәтепті

Жалладтың екі қанатын.

Салар дейді санатын,

Он сан Ноғай ішінде

Бір сәуегей бар ма екен

Сұраусыз пейіш баратын,

Бір ұл, бір қыз табад деп,

Қыз міндетін алатын,

Қызына кепіл болатын?!

Қатар-қатар нар ма екен,

Һәркім мендей зар ма екен?!

Ат сыналмас шабылмай,

Мейір, опа табылмай,

Он сан Ноғай ішінде

Бір сәуегей бар ма екен?!

 

Он сан Ноғай сандалды,

Бір ұл, бір қыз табад деп,

Қызына кепіл бола алмай.

Бектер мінер қызылды,

Жал-құйрығы ұзынды,

Барын айтқан сөзіне

Таппай жауап сүзілді.

Қыз міндетін ала алмай,

Қызына кепіл бола алмай,

Он сан Ноғай бұзылды.

Әлқисса, уәзірдің бұ сөзін есітіп, жұрт ойладылар: «Бұ Шаншар хан қалай айтады, ғайыпты кім болжайдың деп, тарап кетті. Сол уақытында жасы алпысқа келген Жәудір деген шал бар еді. Қатыны өліп,  қамыстан күрке қылып, теңіздің жағасында балық аулап жан сақтап, ауқат қылып жүрер ерді. Ошал Жәудір ойлайды: «Мен қызыма барып сұрайын, қызым бала табамын дер ме екен, таппаймын дер ме екен. Табамын десе, ханның алтынын алайынң деп, үйіне келеді. Келсе, қызы жалғыз отыр екен. Қызына айтуға бата алмай, ауырған кісі болып басын шырмауықпен байлап жатып сандырақтаған болғаны:

 

– Ей, ботам, менің айғаным,

Айғаным ойлап қойғаным.

Әлі есімнен кетпейді

Шаншар ханның тойынан

Өлгенше менім тойғаным.

Жұрт сұлтаны Шаншар хан

Жұрттың бәрін жинады,

Жиып алып сыйлады.

Сыйлағаны құрысын,

Қасымдағы жалғызды

Берерге көзім қимады.

 

Кедей болдым жасымнан,

Кедейлік шіркін кетпеді

Жасымнан-ақ басымнан.

Баспақ толған мың тіллә,

Тілләсі құрсын, қайтейін,

Жалғызды көзім қимады

Берерге ұстап қасымнан.

 

Кедей болдым һәр кезде,

Кедейлік дәурен сүргізді.

Жар басына қондырып,

Жарты лашық тіккізіп,

Алпыс жасқа келгенде,

Қатынымды өлтіріп,

Қазан ұрған гүлдей ғып,

Бір тамырдан солдырды.

Ханы құрсын, қайтейін,

Қайтіп көзім қияды

Қасымдағы жалғызды.

Әлқисса, анда қыз атасының бұ сөзін естіп ойлады: «Мені хан айттырмақ болған екен, бұ атам  маған естіргені екен, не де болса бұ әкемнің айтқанын қылайынң деп, далаға шығып тұрып қыздың атасына берген жауабы бұ-дүр: 

 

– Айналайын, жан ата,

Ботаңның айтқан сөзіне

Құлағыңды сал, ата!

Ертерек ханға бар, ата,

Малыңды санап ал, ата,

Маған кепіл бол, ата.

 

Қайғырма, атам, беп-бекер,

Ажал келсе өлерміз,

Қара жердің астында

Құрт-құмырсқа жеп кетер.

 

Қолғап кидім жең үшін,

Мен туғанмын сен үшін.

Жараса басым сата бер,

Қайғырма, әке, мен үшін.

Алпыс қатын үстіне

Мені сатып барасың,

Ойбай, Тәңірі, қайтейін,

Тең құрбымнан кем үшін.

Әлқисса, шал ыңқылдағанын қойып, орнынан тұрып, қызына айтқаны:

– Айналайын, ботам-ай,

Қай сөзіңе нанайын,

От болып лаулап жанайын.

Қарағым, сенің малыңа

Қай түлік малды алайын?

Көлден-көлді қыдырып,

Бұтымды бұта сыдырып,

Ақсұңқарды қолға алып,

Аққуға салсам теңізде.

Қаршығама ілдірсем

Дуадақ құстай семізді.

Бұ теңіздің бойында,

Екі аяқ тары салұрға,

Қырмандап тары алұрға,

Алайын ба мал үшін

Қоңыр шолақ өгізді?

Баланың тауы қайтар-ды,

Қайдан білдің, жан балам,

Осы сөзді айтарды?

 

Жаяулықтан жоғалдым,

Алайын ба мал үшін

Торы шолақ байталды.

Құдай берсе бақ-дәулет,

Жамаулы шекпен кимен-ді,

Артайын ауған күбімді.

Халық ішінде қалқиып,

Шайламды артып жүруге,

Алайын ба мал үшін

Сары қоспақ інгенді?

Әлқисса, қызы Қаншайым айтты: – Ей, әке, мал алып не қыласың, бағып берер балаң жоқ, байлап қояр панаң жоқ, не болса да тіллә алып жамбасыңның астынан жеп жата бер, – дейді. Анда шал: – Қанша тіллә алайын, – деді. Қаншайым айтты: – Мына қалтаны толтырып алсаң, менің қалыңмалым бітер, – деді. Шал қараса, үш тіллә зорға сыйғандай. Шал ойлады: «Қызымды Құдай ұрған екен, тиетұғын байына бұрған екен, мұны қалай қыламынң деп, үш күн тоқтады. Ақыры бармақ болды. «Не қылайын бұ қызды, аз да болса қанағат қылайынң деп қалтаны қолына алып дарбазаға жетіп келсе, Барын уәзір отыр екен. Шал айтты: – Ей, Барын, менім бір қызым бар, бір ұл, бір қыз табады, соған кепіл боламын, – дейді. Анда Барын шалды қолынан жетеледі.  Шал айтты: – Өзің барғыл, мына қалтаны ханға бергіл, осыны толтырып тіллә берсе болады, – дейді. Анда Барын уәзірдің патшаға келіп айтқаны:

 

– Ассалаумағалейкүм,

Алдияр тақсыр ханымыз,

Бір перзенттің дертінен

Беттен кетті әріміз,

Кетті жұртқа сәніміз.

Айналайын, тақсыр-ау,

Бұ сөзге құлақ салыңыз.

Келіп тұрған арызға

Мынау ғаріп шалыңыз,

Шал үйінде бар екен

Сізге лайық жарыңыз.

Қаракет жиған малыңыз,

Шал қолында қалта бар,

Қалтаны қолға алыңыз.

Сіз де ынсап қылыңыз,

Үш тілләлік қалта екен,

Алты тіллә салыңыз,

Алдына келген бұ шалдың

Қызын тегін алыңыз.

Қалтаны ханға тастады,

Хан қолына ұстады.

 

Сонда патша сөйлейді:

– Есік алды ебейін,

Күйген үрер көмейін.

Алдымдағы, Барын-ау,

Шалдың қарны тоқ па екен,

Үйінде малы көп пе екен?!

Он сан Ноғай ішінде

Ақша салып алғандай

Екі ен дорба жоқ па екен?

 

Бұл сөзді айтып падиша,

Қалтаның аузын ашады,

Бес тіллә алып салады,

Қарасын көрмей барады.

Отыз тіллә салады,

……………………………..*

Енді барып падиша

Қазына аузын ашады.

Жеті там еді ақшасы,

Қалтаны ашып жігіттер

Күректеп тіллә салады,

Сонда да қалта толмады.

Толар заман болмады,

Жеті там толған ақшаны

Екі елі дорба жалмады.

 

Дорба әкелген Жәудір шал

«Уағда барң деп бастады,

Толтыра алмай қалтаны

Шаншар қатты сасады.

Бектер мінер қызылды,

Жал-құйрығы ұзынды.

Толтыра алмай қалтаны,

Патшаның белі үзілді.

Үзілмей енді неғылсын,

Жеті там толған ақшасы

Бәрі де кетіп сүзілді.

Ақсұңқар құс қанатын

Ұшарында қомдайды

Шынымен Құдай оңлайды.

Жеті там толған ақшасы

Бір қалтаға толмайды.

Он сан жатқан Ноғайға

Үй басына он сомнан

Үш қайтара салады,

Салық қылып алады.

Алып келіп қалтаға

Қайта-қайта салады.

[Сонда да қалта толмайды,]

Толар заман болмайды.

 

Анда тұрып Шаншар хан

Жұртына хүкім шашады.

Хүкіміне шыдамай,

Қаладан ноғай қашады.

Сонда тұрып Шаншар хан:

– Төбел тазға – төрт теңге,

Айна тазға – алты теңге,

Қырма тазға – қырық теңге,

Ойма тазға – он теңге.

Сал к..іңді керсенге,

Сыйса да бер бес теңге,

Сыймаса да бер бес теңге.

Семіз бенен таздарға

Салық салып алады.

Алып келіп қалтаға

Қайта-қайта салады.

Сонда да қалта толмайды,

Толар заман болмайды.

Он сан жатқан Ноғайды

Жалғыз-ақ қалта жалмайды.

Әлқисса, анда патша айтады: – Бұ не деген қалта, мұның толатұғын лажы бар ма екен? – деп жұртқа жар салды. Һешкім мәнісін білмеді. Сол уақытта үш жүз елу жасқа келген, ыстық ішкен, сұйық тышқан, қабағы тырысқан, көрінгенмен ұрысқан, тізесіне шекпені жетпеген, басынан жаманшылық кетпеген, кенеп дамбалы к..іне қатқан, өзін туғаннан Құдай атқан, бір жақсылық көрмеген, тілеуін Құдай бермеген бір Мыстан деген кемпір айтты: – Патша менің хақымды берсе, мен қалтаны толтырып беремін, – депті. Патша хақысын береді. Кемпір келіп жерден бір қысым топырақ алып қалтаға салып еді, анда қалта тасып төгіліп, көшеге сыймай кетті. Патша қазынасын қайта толтырып алып, қалғанын ғаріп-қасірге берді. Шал қалтадағы ақшаны жеті атан түйеге артып алып кетіп, Қаншайымды патшаға берді. Күндерден күн, жылдардан жыл өтіп, бір күні Қаншайым жүкті болып,  туар халатқа келді. Патша Барын уәзірді шақырып алып айтты: – Мен ғұмырымда һеш перзенттің даусын үйімнен есіткенім жоқ еді. Бала туғанда жүрегім жарылып кетеді ғой деп қорқамын, – деді. Барын айтты: – Шөгірлінің тауына барып, қырық жігітпенен аң аулап жаталық. Бала туғанда біреу сүйінші деп келеді, сонда ат қойып барсақ жүрегіңнің қуанышы басылып қалады, – дейді. Патша Барынның бұ сөзін мақұл көріп қырық жігітпенен тауда аң аулап жата берді.

Ендігі сөзді алпыс қатыннан естіңіз. Қатындар жиылып кеңес қылып, мыстанды шақырып алып айтты: – Ей, ене, патша біздерге жолаушыға ұқсап алпыс күнде бір түнеп жүруші еді. Енді мына қатын бала тапқан соң біздер қатындықтан  қаламыз ғой. Бұған ақыл тауып баласын жоғалтыңыз, – деп, алпыс табақ тіллә берді. Анда кемпір мақұл көріп, «бұның лажын табамң дейді.

Бір күні қатын толғатқанда кемпір келіп бетіне бір дем салып қойып еді, Қаншайым талып жығылып қалды. Анда кемпір иттің екі күшігін алып келіп, Қаншайымның ішін тартты. Бір ұл, бір қыз туды. Ұлдың алтын айдары болды, қыздың күміс айдары болып туды. Кемпір екі күшікті [Қаншайымның] етегінің астына салып, баласын қатындарға алып келді. Қатындар айтты:  – Ене, не қылсаң [да], өзің қыл, – деді.

Анда кемпір екі баланы екі қолтығына қысып алып бір дария бар еді Қазар деген, ошал дарияға алып келіп тастамақ болып тұрып, балаларды көзі қимай, тастамайын десе, тілләні қимай кемпір баланы ұстап тұрып бір сөз деді:

– Есік алды гүлхана,

Саған болдым мен ана.

Екі асыл сұлтаным,

Қаныңды жүктеп барамын

Алпыс табақ тіллә үшін

Бұ бес күндік  дүниеде.

Тастайын десем бұ суға,

Сендерді көзім қимайды,

Тастамайын десем де,

Бойыма тіллә сыймайды.

Тастамайын десем де,

Алпыс «анаңң болмайды.

Барғын, балам, Аллаға,

Разы болғын қазаға.

Тіпті көзім қимайды,

Қызығып кеттім, ботам-ай,

Алпыс табақ тілләға.

 

Алтын сақа алшысы,

Сақаның болмас қалшысы.

Есен болсаң, ботам-ай,

Екеуің де боларсың

Ел-жұртыңның басшысы.

 

Патша ұлы болсаң да,

Екеуің де баласың,

Бас білмеген танасың.

Мың жасаған Ұлықпан,

Ол не көрді дүниеден,

Таба алмаған дүниеде

О да өлімнің шарасын.

 

Тірі жүрсең, шырағым,

Һәр пәлеге қаласың.

Жыл-жыл сайын жыл бітер,

Күнә артып аласың.

Бұ күнде өлсең, шырағым,

Дәл бейішке барасың.

 

Күн біткеннен түн бітті,

Құдіреті күшті Құдайым,

Жас көдекке тіл бітті.

Тіл бітіп бала сөйледі:

– Мыстан кемпір анамыз,

Біздер сіздің балаңыз.

Тастамай суға алыңыз,

Өзіміз адам болған соң,

Өлгенше сізді бағамыз.

Ажалың жетіп сен өлсең,

Басыңа шырақ жағамыз.

Болжалды мезгіл болғанда

Ажал жетсе өлеміз.

Құртуға бізді жіберген,

Ойбай, Тәңірі, қайтеміз,

Күндестігі құрысын,

Тумай жатып не қылдық

Алпыс өгей анамыз?!

Тастай бергін, қайтейік,

Уай, дүние-ай, [амал не],

Бір Құдай болсын панамыз.

 

Мыстан кемпір тұрады,

Әңгіме-дүкен құрады.

«Сөйлемегін, көдекң деп,

Шапалақтап ұрады.

Ұрғанына шыдамай

Шырқырап бала жылады.

Ұрған таяқ тиеді,

Балаға жаман өтті енді,

Мыстанның қолы қатты енді.

Жылаған даусын есітіп

Біреу келіп қалар деп,

Қол-аяғын берік ұстап,

Баланы суға атты енді.

 

Ғайып ерен қырық шілтен

Түсірмей судан алады.

Шөгірлінің тауына,

Адам бармас жеріне

Шілтендер алып барады.

Тастан кеулеп үй қылып,

Пана қылып береді.

Екеуіне бір киік

Ана қылып береді.

Ол киікке баланы

Бала қылып береді.

Құдіреті күшті Құдайым,

Таудан алма жегізіп,

Киікті ана дегізіп,

Киік жүрді үш мезгіл

Баласындай емізіп.

Әлқисса, мыстан кемпір алпыс қатын билән Қаншайымның үстіне келеді. Келіп көрсе, өкпесі зорға соғады. Астында екі күшігі жатыр.  Кемпір бетіне бір дем салып қойып еді, Қаншайым басын көтеріп алады. Қатындар «ит баласын таптың,  деп, бетіне түкіріп, кете береді.

Далаға шығып кеңес қылды «ханға қайтіп естіртемізң деп. Өзге ел: – Патшаға біздер айтуға жүзіміз шыдамайды, ұялмайтұғын мыстан кемпір барсын, – дейді. Мыстан «құпң деп, патшаға қарап жүріп кете береді. Ол уақытта патшаның екі көзі ел жақта болып, қашан сүйінші сұрамаққа кісі келеді деп төбеге шығып тұрғанда, келе жатқан кемпірді көріп қырық жігітке келіп айтқаны:

 

– Шаһар жақтан бір адам

Елбең-елбең етеді,

Бізге қашан жетеді.

Ат қоялық, қырық жігіт,

Ат қойсақ неміз кетеді?!

Атқа салдым терлікті,

Дұшпанға қылдым ерлікті,

Ат қоялық, қырық жігіт,

Көңілім жаман зерікті!

 

Қырық жігіт сонда ат қойды,

Ат басына лап қойды,

Шөгірлі таудың беті еді,

Бір сағат болмай қырық жігіт

Мыстанға келіп жетеді.

Ат шабар жермен дүрілдеп,

Киген тоны кәудіреп

Жетіп келді мыстанға,

Қырық жігітнің көзі жәудіреп.

 

Тілеуің құрғыр қу мыстан

Көзінің жасын бұлайды.

Бір түп біткен шеңгелді

Құшақтап тұрып жылайды.

– Атыңның басын тарт, балам,

Не деп отыр қарт мамаң.

Қарт мамаңның сөзіне

Құлағың сал, өрт балам,

Ғайып болсын сырласың.

Кепіл болып қыз берген

Жалғаншы екен Жәудір шал,

Бұ дүниеде оңбасын,

Оңбасын демей не дейін,

Ит баласын тапты ғой

Қаншайымдай жолдасың.

 

Шал емес, сұңқар қияқсыз,

Ит баласын тапты ғой

Қаншайымдай ұятсыз.

Шыныңменен сен сорлы

Еш нәрсе көрмей дүниеден

Өткенің бе тұяқсыз.

Естірткелі келіп тұр

Анаң сорлы сияқсыз.

Әлқисса, бұлай деп  мүттәйім жалмауыз кемпір жылап тұрған соң, хан атынан түсіп, жер бауырлап жата кетті. Бір заманда басын көтеріп алып, жігіттерге айтты: – Сіздерге айтар сөзім жоқ, елге қарар жүзім жоқ, мен осы жерде жатайын. Сіздер Қаншайымды дарға асып,  өлтіріңіздер, – деді. Анда Барын қырық жігітке бара жатып айтқаны:

 

– Жаңбыр жауар әуеден,

Қара бұлт торласа.

Бәлекет елде көбейер,

Жігітті жігіт қорласа.

Дұшман қорлап не қылсын,

Аруақ басқа ұрмаса.

Алпысы тумай жүргенде

Нағып еді Шаншар хан.

Болмай жүрген әзелден,

Баласы құрсын, қайтейін.

Мұндай істі білмей ме,

Есі жоқ кісі болмаса.

Жақсының ісі бітеді,

Жаманның есі кетеді.

Тілімді алсаң, қырық жігіт,

Өлтірмесек не етеді?!

Өлтіргенмен патшаның

Қайсы кегі бітеді?!

Есіл ғана шыбын жан

Бейкүнә өліп кетеді.

 

Осылайша сөйлейді,

Барын уәзір толғайды,

Қырық жігітке жалынып

Қаншайымды қорғайды.

Бұйрықпен келген қырық жігіт

Бұ айтқан сөзіне болмайды.

Әлқисса, Барын уәзір қырық жігітке айтты «мен үйден алып шығайынң деп. үйге кіріп Қаншайымға айтқаны:

 

– Болат қақпа, тас кілт,

Сізді сұрап патшадан,

Қаншайым, қылдық біз үміт.

Сұрасақ та бермеді,

Далаға шыққын, Қаншайым,

Сізге келді қырық жігіт.

Жүк көтерген қара нар,

Мүсәпір қылса пендені,

Аллаға нешік шара бар.

Далаға шыққын, Қаншайым,

Мінәсіп болды сіздерге,

Құрулы тұрған тіллә дар.

 

Мына сөзді естіп,

Қаншайым қаны қашады,

Аяғын тәлтек басады.

Қатты жаман сасады.

Сасқанының белгісі –

Жүгіріп есік ашады.

Бай малындай ылғанып,

Өңкей жібек шұлғанып,

Далаға шықты Қаншайым

Жас күшікті қолға алып.

Қаншайым енді жылайды,

Көзінің жасын бұлайды,

«Не пиғылымнан таптымң деп

Жад қылып Жаппар Құдайды.

 

Сонда Барын сөйлейді:

– Бұ дүниеде жар едің,

Ай мен күнше пар едің,

Өз қатарың ішінде

Артықша туған жан едің.

Сенен перзент болғанда,

Патшаның орнын басар деп

Үміттеніп жүр едім.

Аманда бол, Қаншайым,

Бұ дүниеден жөнедің.

 

Шапса балта өтпейді

Шөгірлі тау тасына.

Ақ ісін қара қылыпты,

Қаншайымның басына.

Бұйрықпен келген қырық жігіт

Жетіп келді қасына.

Етегін белге түрініп,

Қылышын қыннан суырып,

Жетіп келді қырық жігіт

Қаншайымға жүгіріп.

Тыңламады айқайын,

Байқамады ойбайын.

Дарға қарай айдайды,

Екі қолын байлайды.

 

«Аққа зауал жоқ-тың деп,

Тіллә дарны Қаншайым

Жылап жүріп айналды:

– Балалы арқар маңырайды,

Баласыз арқар тыңлайды,

Мен бір жүзіқара болдым, – деп,

Мүсәпір болып Қаншайым

Дар түбінде  зарлайды.

Дүние үшін күймедім,

Басымда дәулет барында

Жамандықты сүймедім.

Таудан аққан бұлақтай

Шырағыма имедім.

Мыстан кемпір, қайтейін,

Кесір болдың келдің де,

Мен қозымды сүймедім.

Бақта гүлді термедім,

Дүниені қолмен сермедім,

Опасы жоқ сұм жалған,

Өтеріңді білмедім.

Алдыма алып қозымды

Өз қолымнан бермедім.

Дүниенің білдім жалғанын,

Көтердім Алла салғанын.

Тістеулі кетті бармағым,

Мыстан кемпір, қайтейін,

Кесір болдың келдің де,

Мен қозымды көре алмай,

Бес күн дәурен сүре алмай,

Ішімде кетті арманым.

Әлқисса, анда Барын уәзір айтты: – Ай, ақымақтар, көрмейсіңдер ме, баламды мыстан кемпір ұрлап алды деп тұр ғой.  Жүріңдер,  мыстанға баралық, – деп, қырық жігіт бәрі кемпірге келіп айтқаны:

 

– Мыстан кемпір анамыз,

Біз де сіздің балаңыз,

Қабыл болды деп едік

Сіз бен біздің тобамыз.

Әуелі Құдай қаласа,

Шаншар ханның дәулеті

Алтын оқа боп еді,

Сіз бенен біздің жағамыз.

Тілеуің құрғыр, қу мыстан,

Үш жүз жасқа барыпсың,

Дүниенің түбін шалыпсың,

Алпыс қатын ішінде

Мәслихат қылып алыпсың.

Күнәһар болсам да айтайын,

Қалтаңдамай қатып қал,

Қалтаңменен жатып қал.

Қаншайымдай сұлудың

Баласын ұрлап алыпсың,

Қалтаңа ұрлап салыпсың.

Болып па ең қатын ішінде,

Сен «баламды алдың деп,

Зар жылайды Қаншайым,

Тіллә дарның астында.

Қашан өліп кеткенше,

Ауыздасып сөйлесіп,

Өзің де тұрғын қасында.

Әлқисса, мыстан кемпір бұл сөзге ашуланып, ыштанын шешіп алып, аузын ашып, к..ін аңқайтып жігіттерге қосылып берді. Ол жалмауыз кемпірдің аузына да екі кісі, к..іне де екі кісі ат-тонымен сиюшы еді. Қырық жігіт қырық жаққа қашты. Сонда бір жігітті ұстамақ болған соң, [ол жігіт] атынан түсіп қолын қусырып, тұра қалып айтты: – Ей, анамыз, ондай істі қылмайсыз, ол бәтшағар бәрін жалған айтады, –дейді.

 Анда кемпір: – Мен де патшаның тілеуін тілеп жүрсем, сендер мынаны айтасыңдар. Мен неге ханға қастық қылайын, – дейді. Бұл сөзбенен қырық жігіт Қаншайымды дарға тартты. Ғайып ерен қырық шілтен келіп, дардың арқанын үш мәртебе үзді. Қаншайым өлмеді.

Анда қырық жігіт бұл қасиетін көріп, патшаға барып айтты. Анда патша айтты: – Бәлен жерде жеті қабат арал бар. Соның ішінде жолбарыс, бөрі, қабылан көп. Соған [апарып] тастаңдар, – дейді. Анда жігіттер Қаншайымды екі күшігімен апарып қайығымен өткізіп тастады. Жігіттер қайтып келіп, патшаны шаһарға алып келіп, көңілін аулап тағына мінгізділер.

Анда Қызыр, Ілияс, Ғайып ерен қырық шілтен бірлән ұғланның атын Зарлық қойды, қыздың атын  Мұңлық қойды. Ата-ананың жүзін көрмеді деп, Зарлыққа жүз ердің күшін пайда қылады, һәм садақ тартпақты үйретті. Мұңлыққа ана жүзін көрмеді деп, жеті ықлымның өрнегін үйретті.

Енді күндерде бір күн Шаншар хан жігіттері бірлән Шөгірлінің тауына аң аулап шықты. Тау басында жалтырап жатқан нәрсе көрінді. Оны хан көріп, жігіттеріне:

– Біреуің барып біліңіз, не нәрсе екен, – дейді. Һешқайсысы бармайды.        Анда Барынға: – Сен бар, – деді. Уәзір айтты:

– Әй, тақсыр, жолдасың Қаншайымды  бір жалмауыз кемпірдің тіліменен өлімге жібердің. Емді біздерден тағы құтылғың келді ме, ол таудағы айдаһар, барсаң өзің бар, біздер қорқамыз, өлтірсеңіз де бармаймыз, – дейді.

Патша бұл сөзге ашуланып өзі шауып кетті. Келсе, алтын айдары бар бір бала ұйықтап жатыр екен. Патша баланы көріп атынан қарғып түсіп, баланы құшақтап алды. Бала ояна келіп қараса, біреу басып жатқанын көріп, шошып, атасын лақтырып жіберді. Патша түрегеліп және ұмтылып еді, бала садағын кезеп тұра қалады. Патша одан қорқып, үйіне келіп, қайғыланып жатып, тағына мінбей, жылап жатты. Патшаның айтқаны:

 

– Құдіреті күшті Құдай-а,

Тауға бердің баланы.

Таудан бала көргізіп,

Көңіліме салдың жараны.

Дүниеден өтсем осылай,

Қалады орным қараңғы.

Қайда барып төгермін

Ішімдегі сәнаны.

Менің балам болар ма

Мекен қылған даланы?

Рахматы мол Иләһым

Бүйтіп зарлап жүргенде,

Тау-тас құрлы көрмедің

Мендей ғаріп пендеңді.

Әлқисса, алпыс қатын бұ сөзді естіп, кемпірге келіп айтты:

– Ей, ана! Патшаға бір қайғы  түсті. Даладан бір бала көріпті, һешкімге сырын айтпайды, сіз патшаға барып, көңілінің қам-құсасын кетіріп, бір ақыл айтыңыз, – дейді.

Сол уақытта мыстан кемпір келіп патшаға айтқаны:

                      

– Айналайын падиша,

Мыстан анаң келіп тұр,

Отырып-дүр қасыңда.

Сенің үшін төгермін

Қан аралас жасымды.

Не қылады, келгенде,

Бір көтерсең басыңды.

Тауға да сен барасың,

Перінің көрдің баласын.

Көргенің сенің, падиша,

Перілердің баласы.

Жалаңаш-жалпы жүреді,

Қасына барсаң баланың,

Садақпенен тартады,

Оны неге білмейсің.

Жұртың арыз қылса да,

Орныңнан неге тұрмайсың?!

Пәре болып өлейін,

Тәкаппарлық қылдың ба,

Жетпіске келген жасыңда

Мойныңды маған бұрмайсың.

Әлқисса, патша орнынан тұрып, анам кереметпен білді деп, баяғы қалпында болып жүріп кетті.

Кемпір қатындарға келіп айтты: – Әй, қатындар, ол патшаның көргені Қаншайымның тапқан баласы, – дейді.

Анда қатындар және кемпірге жалынды: – Сол баланы өлтіріп келіңіз, –  деп. Өлтірсеңіз бізден және тіллә алыңыз, – дейді.

Бұ сөзбенен кемпір баланы іздеп, Шөгірлінің тауына қарап бара жатып айтқаны:

– Талап әйлап шықтым жолдың шетіне,

Қадам бастым Шөгірлінің бетіне.

Құлақ салар адам бар ма, жарандар,

Айтқан менің бұл сықылды гәбіме.

Тұзын татып, өз ханыма

Дұшпандықты ойладым,

Күйе сүртер адам бар ма, жарандар,

Менің [бұл] екі бетіме.

Қайда барып оңармын,

Қаһарлансам, екі кісі

Ат-тонымен сияды

Мен сияқты антұрғанның к..іне.

 

Қу кемпір соны айтып тауды кезді,

Айтқызған Құдай оған осы сөзді.

Күнге қарап отырған шашын тарап,

Көреді бір жартаста Мұңлық қызды.

 

Сол күнде алты жасқа жеткен екен,

Аң аулап Зарлық бала кеткен екен.

Кемпірді көргеннен соң Мұңлық пақыр,

Қашып кіріп үңгірге жатқан екен.

 

Таспен аузын бекіткен үңгір тасты,

Залым кемпір басында қылған қасты.

Үңгіріне кіре алмай залым кемпір,

Тыста тұрып Мұңлықпен жауаптасты.

 

Кемпір айтты: – Бұл үйде кім бар? – деді,

Мұңлық айтты: – Сен кімсің, мен бар, – деді.

Кемпір айтты: – Піріңмін Ғайып ерен,

Алғалы келіп тұрмын хабар, – деді.

 

Мұңлық айтты: – Сен рас пірім болсаң,

Хабарға қолдағалы келіп тұрсаң.

Киімім жоқ, киім бер, жалаңашпын,

Жүре бергін егер де адам болсаң.

 

Кемпір айтты: – Түздегі мен бір Ғайып,

Жалаңаш деп сені мен қылман айып.

Жаманшылық басыңа келер болса,

Қорғап-қоршап жүрермін қанат жайып.

 

Сендерді көп адамнан қылдым зерек,

Әгар киім сіздерге болса керек.

Мен сізге баян қылған сөздерімді

Ағаң аңнан келген соң айт тезірек.

 

Сәлем де, ағаң тілімді алсын деймін,

Еліне Күлмес ханның барсын деймін.

Тоқсан күндік жолы бар арасының,

Алты айда ат-тон алып келсін деймін.

 

Сонда барса ап келер ат пенен тон,

Тіл алмаса, келмеймін мен мұнан соң.

Бұнда медет қыламын тілімді алса,

Менің бұ жауабымның бәрі де оң.

 

Бұ сөзді қызға кемпір айтып салды,

Сиқырмен дұға оқып ғайып болды.

Пірім екен десін деп ол жалмауыз,

Көзіне көрінбестей хайла қылды.

 

Қыз қараса, жалмауыз көрінбейді,

Қыз байғұс анық пірім екен дейді.

Ағасы аңнан келген соң кешке таман,

Көрген ісін бір-бірлеп баян қылды.

 

Ағасы айтты: – Ол біздің дұшпанымыз,

Бізді суға тастаған ол жалмауыз.

Осы залым кемпірдің қастығымен

Жапанда қаңғып өстік ата-анасыз.

 

Ол мені жолға айдаған «барса-келмесң

Ойлаған мені мұнда теңдік бермес.

Сені мұнда әуара қылайын деп,

Мені алысқа жұмсаған адам көрмес.

 

Бұ  сөзге жылай берді Мұңлық ғаріп,

«Сол жолға, мен десеңіз, келгін барыпң.

Қарындасы алдында жылаған соң,

Келмек болды Зарлықжан  соған барып.

Зарлық қарындасының көңілін қимай, бармақ болып тауға шығып, алпыс құлан атып келеді. Зарлық бала  қырық құланды қарындасына беріп: «Мен келгенше ауқат қылып тұрң деп, өзі жиырмасын тұздап, кептіріп һәммасының  терісін тіліп, арқан қылып азығын арқасына тырмаштап алып, «барса-келместіңң жолына бармақ болып, қарындасын Ғайып ерендерге тапсырып, амандасып айтқаны:

 

– Ей, Жаратқан, Қадір Зұлжалал,

Қыз Мұңлықты есіңе ал,

Қалмасыншы иесіз мал.

Және айналып келгенше,

Ақ жүзіңді көргенше

Қарағым, Мұңлық, аман бол.

 

Мұнда қалды бір көзім,

Сарғаяр болды ақ жүзім,

Мұңлықты сізге тапсырдым,

Хазіреті үш ағзам.

Және айналып келгенше,

Ақ жүзіңді көргенше

Аман бол, Мұңлық, жалғызым.

 

Ердің жолын ашайық,

Жамандық жолдан қашайық.

Мұңлығым қалды, Құдай-ау,

Шөгірлі тауда шошайып.

Мұңлықты сізге тапсырдым,

Бұрынғы өткен машайық

Жүректе көп-ті шерлерім,

Іздедім қалмақ елдерін.

Көрер болдым жол шегіп,

Араның сусыз шөлдерін.

 

Мұңлықты сізге тапсырдым,

Аты кәміл пірлерім.

Хабардар болғын, Ерендер

Шілтендер, болғын медеткер

Кедейліктің зарпынан

Қалмаққа болдық талапкер

Мұңлықты сізге тапсырдым,

Бұрынғы өткен шаһариар.

 

Көрермін жолдың қорлығын,

Аллаға көп-ті құлдығым.

Және айналып келгенше,

Ақ жүзіңді көргенше

Аман болғын, Мұңлығым.

Жолдың тарттым жырағын,

Шілтендер мінер пырағын.

Және айналып келгенше,

Ақ жүзіңді көргенше

Аман бол, Мұңлық шырағым.

 

Бұл сөзді айтып Зарлықжан

Жолға түсіп жөнеді.

Майдан-майдан, жол майдан,

Майдалай басып келеді,

Алтыншы таудан әрі асып,

Жетінші тауға жанасып,

Қарсақ жортпас қалыңнан

Қарғып өтіп барады.

Түлкі жортпас түлейден

Түнде кетіп барады.

Жапалақ ұшпас жапаннан

Жалғыз кетіп барады.

Ит татпаған ащы көл,

Онан да татып барады.

Жері сортаң, оты ащы

Ащы көл мен тұщы көл,

Онан да татып барады.

 

Мойыл-мойыл, мойыл-ды,

Көдеге қозы тойылды.

Құдайға Зарлық бел байлап,

Жаяулыққа мойынды.

Отыз күн ұдай жол жүріп,

Жаяулықтан шойылды.

Жылай-жылай Зарлықтың

Екі көзі ойылды

Дәл отыз күн болғанда

Бейшара болған Зарлықжан

Табаны тасқа ойылды.

Бір жатпады шешініп,

Екі аяғын көсіліп,

Ас ішпеді есіліп.

Дәл отыз күн болғанда,

Жүруге аяқ жарамай,

Табаны қалды тесіліп.

Жылай берді Зарлықжан,

Күре тамыры кесіліп.

Тау басында қарағай,

Зарлықжан зарлап барады-ай.

Ақсаңдай басып барады

Алды-артына қарамай.

Табанын тасқа жарады

Болжалды жерге барамай.

 

Дәл отыз күн болғанда

Жылай берді Зарлықхан

Жүруге аяқ жарамай,

Мінген аты құлады,

Қайысқан болат сынады.

Үстінен тері кепкен соң,

Жүгірген жүйрік тынады.

Жүруге аяқ жарамай,

Бір жерге келіп Зарлықхан,

Етпетінен құлады.

 

Келіп еді елпеңдеп,

Жүріп еді тепеңдеп,

Жүруге аяқ жарамай

Бейшара болған Зарлықжан

Жылай берді еңкілдеп.

Әуелі Құдай бір қылды,

Өзінің халқы, елінен

Бейнет көрді отыз күн

Құс ұшпастың шөлінен.

Мұндай болды Зарлықхан

Кемпірдің айтқан тілімен.

 

– Ісімді  бар көп күнаһы,

Күнде шектім аһ-уаһы.

Дем бермесең өлермін,

Жаратқан жалғыз Бар Құда,

Жер жүзінің сұлтаны.

 

Дәуіт ұлы Сүлеймен,

Сізден медет тілеймін.

Жүз жиырма төрт мың әнбия,

Баршаңыздан тілеймін.

 

Күйгенімнен мен емді

Сөзді сөзге ораймын,

Пенде қылып жаратыпсың, Құдай-а,

Тәкие қылып бір өзіңе жылаймын.

 

Сізге болдық біз үмбет,

Әміріңіз – бізге сүннет,

Ара шөлде өлер болдым,

Құданың досты Мұхаммед.

 

Жылаймын емді зар-зар,

Ара шөлде өлер болдым бейқарар

Медет әйла, иә, досты Халиме,

Пенделерге қамқор болған шаһариар.

 

Жетім болдым әуел күнде,

Ғаріп болып келдім мұнда.

Өлер болдым Ара шөлде.

Шөл егесі, иә,  Қызыр,

Һеш қуат зәрре жоқ менде.

 

Зар жылаймын енді мен,

Дәрменім кетті халімден.

Ара шөлде өлер болдым,

Медет бергіл, иә, Қырық шілтен.

 

Алдымда жатыр құла түз,

Телміріп қалды екі көз.

Мен өлсем, енді не болар

Шөгірлі тауда Мұңлық қыз.

 

Жетімдік болды  күндерім,

Жүруге халім келмеді,

Медет бергіл, пірлерім.

Бар Құдай, медет бермесең,

Кетті енді дәрменім.

 

Бейнет көрдім алуан-алуан,

Ара шөлде тойдым жаннан.

Бір Алла, медет бермесең,

Арманда өлер Зарлық хан.

Зарлап бұл сөзді айтып жатып еді, өзінің медеткері һәм тумастан бұрын атасына аян берген хазірет Қызыр пайғамбар «тұр, балам, жатпаң деп, өте берді. Көзін ашып қараса, түсі екен. Түрегелсе, қуаты жерінен шықпай тұрғандағыдай болған екен. Қуанып жүре берді.

 

Пірлер медет берген соң,

Бала судай тасады,

Қайтадан қайрат шашады.

Пышақтай болған тастарды

Көмірдей басып шаншады.

 

Бірнеше күн жол жүрді,

Бірнеше күн бел жүрді.

Мұнан кейін Зарлықжан

Тағы отыз күн жол жүрді.

Көреріне көз болды,

Сөйлеріне сөз болды.

Отыз күн ұдай жол жүріп,

Зарлық батыр тағы да

Бір биік тауға кез болды.

 

Тауға қарап өрлейді,

Асуын таппай терлейді.

Асу шатқал бермеді,

Дүниені қолмен сермеді.

Ол таудан асу таба алмай,

Зар қылып Зарлық еңірейді.

«Бұзамын деп шығып ем

Күлмес ханның ордасын.

Мінемін деп шығып ем

Гүлсары ат деген жорғасын.

Осы таудан аса алмай,

Күлмес ханға жете алмай,

Қалғаным ба сор басымң.

 

Жылап бала торықты,

Әбден шаршап зорықты.

Жылап тұрған кезінде,

Шырқ айланып аспаннан

Ғайып шілтен келіп жолықты.

«Жүргін бері, баламң деп,

Бала барып ұстады

«Қолдай көргін, бабамң деп.

 

Пірлері тапқан амалға.

Қалың шатқал қамалға.

Алып шықты пірлері

Тау басында самалға.

 

Құлан, киік аң екен,

Бөрі, қабылан жау екен,

Шығарлығы он бес күн,

Түсерлігі он бес күн,

Отыз күндік жолы бар,

Өзі биік тау екен.

Таудан арман қараса,

Бәрі қалмақ жері екен.

Сол таудың түсер саласы,

Күлмес хандай патшаның

Аңын аулап жүретін

Қысырау деген көлі екен.

 

Таудан түсті ылдилап,

Ойға түсті құлдилап,

Зарлық батыр сол таудан

Ойнап кетіп барады.

Екі көзі баланың

Жайнап кетіп барады.

Қайың менен тұтқасын

Жұлып алып Зарлықхан

Шайнап кетіп барады.

Қия тастың басынан

Ырғып кетіп барады.

«Бейнетіме пәлің деп,

«Әлгі көрген әйләтім

Қайда менім әлің деп

Ойлап кетіп барады.

 

Желмаядай желеді,

Талай азап көреді.

Түн төбеден өткенде,

Күн бесінге жеткенде,

Қысыраудың көліне

Зарлықхан жетіп келеді.

 

Құланнан атты қодықты,

Көлден тартты борықты.

Арада неше қоныпты,

Жетемін деп зорықты.

Қырық жігіті қасында,

Гүлсары аты астында,

Ит жүгіртіп, құс алған

Күлмес ханға жолықты.

* Түпнүсқада бір жол түсіп қалған.

Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (соңы)

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button