«Мәсләкул мұттақида»[1] осы сөз бар,
Әбухапыз кәбре атты бір бүзріктар.
Халқына Бұқараның бармас үшін,
Пірлері ол әзизге әмір еттілер.
Әбухапыз ауласына қайтып келді,
Бұл істі қатынына хабар берді:
«Хақ жолын тәлім беріп үйретемін,
Шаһарына Бұқараның барып енді».
Қатыны қол қусырып айттылар сөз:
«Ойлайсыз Бұқараға бармаққа тез.
Еш нәрсе егесінен ырзалықсыз,
Өткен бе халқымыздан әсле әркез».
Қожа айтты: «Балиғатқа жетпей тұрып,
Мәжуси[2] көшесінен өттім жүріп.
Сұрамай егесінен бір жапырақты,
Аузыма салып едім лұқма қылып.
Есімнен шықса керек бұл қылғаным,
Көңліме сен айтқан соң түсті менің».
Қожаға қатыны айтты: «Халқыңызға
Бар екен кісі ақысы болды мәлім.
Тұрғанда халқымызда шүбә тамам,
Алмайды тіліңізді ешбір адам».
Қатынынан Әбухапыз мұны естіп,
Ауласынан тысқа шығып ұрды қадам.
Алдына мәжусидің жетіп барды,
Жапырағын жегендігін аузына алды.
«Ақыңа разы болып кешіңіз» деп,
Үзір[3] етіп мәлім етті арыз халды.
Мәжуси мұны естіп болды қайран,
Деп айтты: «Ол ақымды кешпейдүрмін».
Қожа айтты: «Бір жүз тіллә пұл берейін,
Болмаса маған сатқын ақыңды сен».
Мәжуси қожаға айтты: «Бұл күні бар,
Ертең кел бір жауабын әйлай ызһар».
Қожаның айтқан сөзін мәжуси һәм
Өзінің қатынына білдірділер.
Қатыны түрегелді мұны естіп,
Айттылар осы сөзді ызһар етіп:
«Ол адам жапырағыңның ақысы үшін,
Сарғайтса саған бетін хәдтен өтіп.
Хақ екен оның діні, мәлім болды,
Біздер һәм тұтсақ керек тура жолды».
Көңліне қатын сөзі тәсір етіп,
Ері һәм Хақ жолына қадам қойды.
Екеуі жылар еді әйлабан зар,
Атырапта мекен еткен мәжусилер.
Жылаған екеуінің ахуалынан,
Болдылар түн ішінде ол хабардар.
Алдына екеуінің бәрі келіп,
Дін үшін жылап тұрған халін көріп,
Барлығы иман айтып дінге кірді,
Алланың таза діні көңліне еніп.
Қалмады ол шаһарда бір мәжуси,
Бұл сөзден ғибрат алар ақыл кісі.
Харамнан қашып жүрген адамдардың
Әр уақта сондай болар қылған ісі.
Нәпсінің таза болуы үшін пәктік дәркер,
Һәм болсын естігеннің ықласы бар.
Көңілі өлген адамдардың мүддағасын,
Айтқанмен Алла қабыл қылмайдылар.
Бұл сөзді күмән етпе бар дәлелі,
Айтайын кейінгілер білсін мұны.
Ыбраһым, Әдхам атты бір бүзріктер,
Белгілі әзиздердің еді бірі.
Басраның көшесінде жүр еділер,
Көңлінде жәулан ұрып ғашық дидар.
Бір күні Ыбраһымның алдына кеп,
Арыз етті сәлем беріп әһлі базар.
Деп айтты: «Ей, бүзріктер, арызымыз бұл,
Аятта айтып еді әкімі құл.
Әр кісі дәргейіме дұға қылса,
Тілегін қыламын деп оның қабыл.
Бұл уақта қайсы түрлі қылсақ дұға,
Жеткізбес қабылдыққа оны құда.
Аяттың айтқанына тура келмес,
Білмейсіз неден еді себеп бұған».
Оларға сауал қылып айтты әділ,
Болмайды бір Алланың дұғасы кем.
Дүниеде он нәрсеге душар болып,
Көңліңіз өлген екен бәріңнің һәм.
Баршасын білдірейін әйлап ызһар,
Әуелі бір Алланы танырсыздар.
Орнына бір де бірін келтірмейсіз,
Қыл деген әмірі махрұм істеді бар.
Екінші оқисыздар Құран хатым,
Қылмайсыз ішіндегі ғибадатын.
Үшінші шайтанды сіз дұшпан біліп,
Боласыз итағат[4] қып оған жақын.
Төртінші пайғамбарды тасдиқ[5] қылып,
Жүресіз үмбеттіктің лебін ұрып.
Сөйтсе һәм айтқанына көңіл бермей,
Сүннетін істемейсіз тіке тұрып.
Бесінші пейіш арыз қыласыздар,
Кірмекке істемейсіз лайық бір кәр[6].
Алтыншы оттан аман боламын деп,
Қыласыз нәпсіңізді дақылы нар.
Жетінші еске аласыз өлімді сіз,
Қылмайсыз даярланып пікрін әркез.
Мүміннің сегізінші айыбын көріп,
Өзіңнің айбыңызға салмайсыз көз.
Алланың тоғызыншы нығметін тап,
Айтпайсыз бергеніне шүкірлік деп.
Оныншы өлгендерді көрсеңіз һәм,
Алмайсыз көңліңізге еш ғибрат кем.
Себебі көңлі өлгеннің мұның бәрі,
Өлімге әмір етпеді пәк дұғаны.
Қайсы құл пәк ділімен дұға қылса,
Деп айтты қабыл етемін Алла оны.
Әдһамның бұл сөзіне қарағанда,
Бұл күнде көңлі өлмеген жоқдүр пенде.
Нәпсінің сұмдығынан білмек керек,
Бұл дүние ақыретте көрсе әрне.
Дарытын насихында бар осы сөз,
Зікір етіп және бірін айтайын тез.
Ат қойған Әбілқасым ғұламадан,
Бір адам сауал етті ұшырасын кез.
Деп айтты: «Ілгеріде өткен имам,
Қауымына уағыз етеді қылып ғалам.
Аузынан шыққан сөзге құлақ салып,
Істер ед айтқанының бәрін тамам.
Біздің де уақытымызда көп ғұлама,
Уағыз етер Әмір мағрұп бәрін һәмма.
Ілгергі имамдардың айтқанындай,
Себеп не құлақ салмас ешкім оған».
Бұл сөзге Әбілқасым жауап берді,
Ілгергі өткен имам ояу еді.
Ұйқыда оның қауымы болған үшін,
Оятпақ имамына оңай келді.
Ғалымның ұйқыдадүр бұл күнде өзі,
Қауымының өлген мысал бар мінезі.
Ұйықтаған имамдардың өлгендерге,
Айтқанмен тәсір етер қалай сөзі.
Бұл сөзге көп адамның ақылы жетпес,
Көңлінде рас біліп пайда етпес.
Заманның адымына қарағанда,
Өлді деп айтқаны да бекер кетпес.
Қасымның ғибрат еді бұл айтқаны,
Хат етіп ақыл егесі білер оны.
Ақымаққа айтқан сөзің тәсір етпес,
Бекерге мехнатыңның кетер бәрі.
Сол үшін әзірет Иса айтты және,
Өліктің тірілтемін бәрін һәмма.
Ақымақты әділ айтып жолға салмақ,
Онан да қиын болды артық маған.
Исаның айтқанындай халықтың ісі,
Ақылдан ажыраған дүр барған кісі.
Ақырдың ахуалынан бір сөз айтсақ,
Ықыласпен тыңдамаққа болмас күші.
Дүниеден айтар болсаң пайдалы сөз,
Көңлінен шығармайды әслі әркез.
Мал мүліктің жинағанмен пайдасы жоқ,
Түбіне назар етіп жіберсең көз.
Күмәнсіз барлық жанға ажал жетер,
Дүниенің бірін алмай тастап кетер.
Өзімен көрге бірге бармаған соң,
Ақыл сал бейнет қылып жимақ бекер.
Құдайым барлық жанға таупиқ[7] бергін,
Бұл сөзге шын иланып көңлі сенсін.
Алланың ырзаланған ісін қылып,
Дүниеден иманымен аман өлсін.
Бір адам сауал етсе көріп мұны,
Қайсы деп пәрмен еткен ырзалығы.
Әуелі бір Алланы серік қоспай,
Беріліп туралықта болса діні.
Оқыса бес уақ намаз екіншісі,
Үзірмен құтылмайтын бұйрық ісі.
Ақысын қызметінің Хақтан алар,
Әміріне ықрар[8] болып тұрса кісі.
Базысын берер деді бұл дүниеде,
Базысын нәсіп қылар өлгенде оған.
Беретін ақысының бір формасын,
Бұл жерде білдірейін айтып және.
[1] Мәсләкул мұттақи – Сопы Аллаярдың 1700-1701 жылдары ақида және тақуалық туралы жазған кітабы
[2] Мәжуси /а/ – отқа табынушы
[3] Үзір – тілек, өтініш
[4] Итағат /а/ – мойынсұну, бағыну
[5] Тасдиқ /а/ – растау
[6] Кәр /п/ – іс, жұмыс
[7] Таупиқ /а/ – ынсап, қанағат
[8] Ықрар /а/ – мойындау