Білген Шайыр айтады

 Өсиетнама

32-33 фасыл

Жақсылар, ғибрат көзін ашып қара,

Пендеге мұны көрмей болмас шама.

Әлбетте бұл дүниеден кеткен адам,

Бұлардың көрсе керек бәрін һәммә[1].

 

Пендеге осы жұмыс келмей тұрып,

Ләзім[2] дүр ойланбағы қамын қылып.

Айтылған ахуал әтуар басқа түсер,

Өміріңді бір күн кетсе қазан ұрып[3].

 

Өлгенде өкінгенің пайда бермес,

Қаншама жыласаң да рахат келмес.

Дүниеде бекер жүріп құр бармағын,

Пенделік атыңа һәм лайық емес.

 

Біздердің атымызды қойды пенде,

Мәні бар ақиқатта білсең анда.

Пенделер жүз қайтармай қылып тұрар,

Өзінің қожайыны айтса әрне.

 

Ғибрат ал дүниедегі пенделерден,

Тоқталмас қожайыны қылса пәрмен.

Хақ біздің атымызды пенде қойып,

Қылмаққа іс бұйырды неше алуан.

 

Дүниеде қожайынның алмай тілін,

Әмірінің істемесек бір де бірін.

Қай бетпен пендеміз деп сөз айтамыз,

Даяр қып сұрағанда махшар[4] күнін.

 

Пейіліміз жамандардың дүр жаманы,

Білдіріп ақиқатын айтай әні.

Мақлұқтың баршасынан жаман еді,

Иттердің осы тұрған хал-ахуалы.

 

Иттерден пейіліміз онша бетер,

Растықта жамандығы хәдтен[5] өтер.

Кітапта ит пейілінің артықтығын,

Расулдың[6] хадисінен[7] нақыл етер.

 

Асхабқа[8] хабар беріп айтты Расул,

Дүниеде ит пейілінде болса әр күн.

Аллаға қылған ісі қабыл болып,

Жақсылар қатарында болады бұл.

 

Деп айтты бұл істерде бес қыслат бар,

Біреуі аш, шөлдеумен иттер тұрар.

Алланың әмірін тұтқан адамдар һәм,

Өздерін Хақ жолында сондай қылар.

 

Екінші иттің болмас еш мекені,

Салихтың болса керек мұндай бәрі.

Үшінші ит түндерде ояу болар,

Ұйықтамас жақсылардың түнде бәрі.

 

Төртінші итте болмас дүние дәркар[9],

Бұл пейіл тақуа, захит[10], салихте[11] бар.

Бесінші итке егесі тәбір етсе,

Қамшымен қаһар қылып ұрса бесияр[12].

 

Кәні ғып егесінен кетпес әр кез,

Шақырса және қайтып келеді тез.

Салихтер қанша бейнет көрсе де һәм[13],

Аллаға ғамкін[14] болып айтпайды сөз.

 

Және айтты Әзірет Әлі қылып ызһар[15],

Иттерде осы уақта он қыслат бар.

Әр кісі ақыреттің қамын етсе,

Дүниеде иттің пейілін аласыңдар.

 

Бесеуі иттерді айтқан Расул сөзі,

Бесеуін ызһар етіп айтты өзі.

Әуелі иттің ешбір қадірі болмас,

Екінші мүсәпірлік ит мінезі.

 

Торғайлар қанағат қыл аз нәрсеге,

Артында дүние келмес өлсе және.

Досына егесінің дос болады,

Дұшпандар дұшпанына ғайри[16] әне.

 

Иттерді жақсы дедім соның үшін,

Біздерден артық біліп қылған ісін.

Жақсылар қатарында жүрсең керек,

Дүниеде әдет етсең бұл жұмысын.

 

Айтамыз өзіміз де бер деп ақыл,

Ақылды Хақ жолынан болмас ғапыл[17].

Дүниеге керуен болып келген уақта,

Бекерге жүрмегіміз емес мақұл.

 

Біздердің мысалымыз бір саудагер,

Жіберген мал егесі қожайын бар.

Қай түрлі пайда зиян істедің деп,

Барғанда пендеге айттым есеп қылар.

 

Егер де ол саудадан қылсақ залал,

Дүниесін жұмсамасақ жолға халал.

Харамға не себептен жұмсадың деп,

Көңліне қожайынның келсе мәлал[18].

 

Айып емес онан кейін біздерді ұрса,

Әр түрлі қиындықпен азап қылса.

Қожасы саудагерден ырза болмас,

Әр уақта айтқан әмірін қылмай тұрса.

 

Бұл жұмыс басымызға келмес біліп,

Өткіздік өмірімізді бекер жүріп.

Ақылсыз надандықпен ескермейміз,

Баршасын көзімізбен көріп тұрып.

 

Көп жануар көзіміздің алдында өтер,

Мал мүліктің бірін алмай тастап кетер.

Мен берген нығметімді не қылдың деп,

Ілгергі айтқан мысал есеп етер.

 

Бізге һәм аз заманда бір іс келгей,

Ажалдың кесесінен шырын бергей.

«Күллі нәпсі зайқатул мәут»[19] бойынша,

Дүниеден нәпсі егесі қалмас өлмей.

 

Біледі халықтың бәрі өлім барын,

Әр күні болып тұрар белгісі оның.

Сөйтсе һәм дүние мейірі көңлін алып,

Еш кісі ақыреттің қылмас қамын.

 

Бұл уақта барлық пенде бір кесел бар,

Көңлінде орын алып дүние тұрар.

Ақырдың ахуалдарын ойланбастан,

Өзіне ажар беріп шаттандырар.

 

Бұл кесел кеселдердің шын жаманы,

Бұл күнде парық қылмайды ешкім оны.

Әртүрлі жамандығын көзбен көрер,

Денеден ажал жетіп шықса жаны.

 

Базылар[20] бұл кеселге ылаж қылды,

Көңлінен дүние мейірін бәрһам[21] ұрды.

Алланың ырзаланған ісін қылып,

Мәкірінен[22] дұшпандардың күн құтылды.

 

Ілгергі өткендерден базы кісі,

Ойланып құтылмаққа келмей күші.

Білетін жақсылардан сауал етіп,

Айналған жақсылыққа қылған ісі.

 

Өзі һәм салих болған Хақты танып,

Көңлінен иман нұры орын алып.

Музакирул ніпуыс атты бір кітапта,

Білдірген бірнешесін хатқа салып.

 

Мен дағы зікір етейін оның бірін,

Дауасы осы дүр деп айтқан түрін.

Пенденің жақсылары амал етіп,

Тапқайлар оңайлықпен ақыр күнін.

 

ОТЫЗ ҮШІНШІ ФАСЫЛ

 

Хикаят Әбу Дәрда сахаба

 

Расулдың бір асхабы Әбу Дәрда,

Айтыңыз Разиаллаһу анһу[23] аңа[24].

Дәрдаға бір кісі айтты: «Е, бүзріктер[25],

Бір кесел жазылмайтын болды менде.

 

Жазсаңыз бұл кеселді халім көріп,

Құтылсам бәденіме[26] қуат еніп»,

Дәрда айтты: «Қайсы түрлі кеселің бар,

Білдіргіл ақиқатын хабар беріп».

 

Ол адам ызһар[27] етіп айттылар сөз:

«Көңлімнен дүние мейірі шықпас әр кез.

Намазда, таһаратта[28] тұрсам дағы,

Аздырып ұмыттырад тәртібін тез.

 

Тасбихтың[29] салауаты әсер бермес,

Тастың махаббаты көңліме енбес.

Дүниені көп қылмақтың пікіріндемін,

Бір ләхза[30] қаперіме өлім келмес».

 

Дәрда айтты: «Бұл кеселің қатты жаман,

Тездікпен еміні қыл осы заман.

Аз уақта жан тәніңді харап етер,

Ақыры иманың һәм қалмас аман».

 

Ол айтты қол қусырып: «Е, бүзріктар,

Қай түрлі бұл кеселдің дауасы бар?»

Дәрда айтты: «Кеселдердің халін сұра,

Жаназа намазынан қалма зинһар[31].

 

Аралап қабірлерді көргіл және,

Істесең бұл істердің бәрін һәмме.

Көңліңнен бұл дүниенің мейірі кетіп,

Кеселден шипа бергей Алла сәңе[32]».

 

Ол кісі мұны естіп кетіп қалды,

Кеселдің халін сұрап көңлін алды.

Қай жерде өлік көрсе намаз оқып,

Аралап қабірлерге тынбай барды.

 

Кетпеді көңліндегі бұл кеселі,

Ілгергі қалыбында тұрды бәрі.

Көңлімнен дүние мейірі кетпеді деп,

Дәрдаға мәлім етті келіп оны.

 

Дәрда айтты: «Қылдыңыз ба үшеуін һәм?»

Ол айтты: «Ешбіреуін қылмадым кем.

Кеселдің халін сұрап намаз оқып,

Қабірді араладым тынбай әр дем».

 

Дәрда айтты: «Ол үш жайға бұл барғаның,

Үшбу[33] дүр дүниедегі мысалы оның.

Айуанның өлігіне барған сипат,

Кетесің ойламастан көріп бәрін.

 

Кеселге бар дегенде мүддағам[34] бұл,

Нәпсіде бұл сөзді айтып ишарат қыл.

Төсекте осы халде жатқан адам,

Ілгергі мен сипатты еділер, біл.

 

Ақыры бұл ахуалда қылды әні[35],

Жатыпты еш нәрсеге келмей халі.

Қол, аяқ, денелерден қуатты алып,

Төсекте жатқызады бір күн сені.

 

Жатарсың ішер суға болып зар,

Алдыңда әзір тұрған осы күн бар.

Ей, нәпсім, ақырғы халің сондай болса,

Дүниені іздемектік әммә[36] дәркар.

 

Дүниенің махаббатын көңліңе алма,

Пәниден бақыт жайдан құры қалма.

Жинаған адал, арам дүниең үшін,

Деп айтқын есеп алар сенен таңда.

 

Барғын деп мен айтқаным жаназаға,

Шын көзбен назар етіп баққын оны.

Ей, залым, бұл өлікті көрдің бе деп,

Нәпсіңе насихат қып айтқын және.

 

Деп айтқын сендей еді осы адам,

Дүниені іздер еді тынбай дауам[37].

Көресің бір киімдік бөзден бөлек,

Мүлкінің тастап кетті бәрін тамам.

 

Әһлы[38] әйел, дүние, малы мұнда қалар,

Жақыны тақсым[39] етіп бөліп алар.

Ағаштан ат орнына табыт мініп,

Қараңғы көр ішіне жалғыз барар.

 

Ата-ана, ұл, қыздың қалды бәрі,

Зәрредей жәрдем етпес ешбіреуі.

Өміріне ілгергі өткен есеп берер,

Білмейсің қандай болар артқы халі.

 

Ей, нәпсім, біле тұрып мұның бәрін,

Болар деп ойламайсың ешбірлерін.

Қуаттың денедегі бәрі кетіп,

Ахуалың осы түрлі болар сенің.

 

Кетесің ат орнына табыт мініп,

Үстіңе жең-жағасыз көйлек киіп.

Не үшін бұл дүниені ойланасың,

Осындай болмағыңды біле тұрып.

 

Нәпсіңе осы түрлі бір насихат,

Ей, ғапыл[40], өлмегіңді ойлағын жад.

Ақырғы ахуалатың осы болса,

Не үшін боласың деп дүниең шат.

 

Онан соң деп айтқаным қабірге бар,

Көрерсің есепсіз жан жатадүрлер.

Баршасы жер астына мекен етіп,

Топырақпен араласып болғандүр қар.

 

Дүниеге үкімі жүрген патша хандар,

Жаһангер[41] сахып[42] құрыш палуандар.

Бай, пақыр, молда, ғалым, тақуа, захит[43],

Ер, қатын, жас пен кәрі, қыз, ұғландар.

 

Көрерсіз жер астында жатыр шіріп,

Үстінен басадылар әр кім жүріп.

Шырайлы ауыз, мұрын, көздеріне,

Құмменен жабадылар топырақ кіріп.

 

Бұлбұлдай сайрап тұрған қызыл тілі,

Лұқма[44] ғып жылан, шаян жейді мұны.

Еттері тарымлары еріп кетіп,

Сүйектің жанында жоқ бір де бірі.

 

Нәпсіңе айт, ғибрат көзін ашып қара,

Бұлардың сендей еді бәрі һәмма.

Ішіп, жеп, ойнап, күліп жолдас жүрген,

Бар еді бәрінде һәм қуат шама.

 

Дүниенің барлығын да тастап кетіп,

Жатыпты ғаріптігі хәдтен өтіп.

Не үшін ғибрат алып ойланбайсың,

Менің һәм халім сол деп пікір етіп.

 

Деп айтқын өз нәпсіңе, ая, ғапыл,

Ғибратдүр мұның бәрі болса ғапыл.

Сен дағы осы жатқан адамдардай,

Сен дағы болсаң керек көрге дақыл.

 

Көресің бұл шұқырда жатыр мұны.

Топырақпен араласқан күндіз-түні,

Үстінен басын жаншып ит өтсе һәм,

Бір мәрте кет деуіне келмес тілі.

 

Бір күні өзіне һәм ажал жетер,

Сені де бір шұқырға дәфін[45] етер.

Қасыңда жары, достың біреуі жоқ,

Қараңғы көр ішіне тастап кетер.

 

Малыңды аладылар тақсым қылып,

Турасын мұның бәрін кәміл біліп.

Ей, нәпсім, ақырғы халің сондай болса,

Не қажет машақатпен дүние жиып.

 

Осылайша өз нәпсіңе насихат қыл,

Күмәнсіз басқа түсер ақиқат біл.

Көз жылап, көңіл Хақтан қорқып тұрсың,

Басқаға Хақ зікірінен бармасын тіл.

 

Айтылған үш орынға сен барғанда,

Нәпсіңе бұл сөздерді айтсаң анда.

Көңліңнен бұл дүниенің мейірі кетіп,

Кеселден құтыласың аз заманда.

 

Нәпсіңнен қараланған кетіп кірі,

Көңліңде раушанданар иман нұры.

Жаныңа зиян еткен дұшпандарың,

Қолыңа келе бермес бір де бірі».

 

Ол адам қабыл алып мұның бәрін,

Кеселдің тынбай жүріп көрді халын.

Өлікте намаз оқып, қабір барып,

Нәпсіне айтар еді айтқандарын.

 

Аз уақта бұл дүниені жаман көрді,

Көңлінен махаббатын барһам[46] берді.

Өзіне иман нұры дахыл[47] болып,

Рахметтің раушанданып пәйзі келді.

 

Көп еді ол кісінің дүние, малы,

Таратып пақырларға берді оны.

Мешітті мекен етіп, ғибадат қып,

Жад етті[48] күні-түні бір Құданы.

 

 

Әр заман Дәрдаға да әйлап[49] дұға,

Дер еді: «Рахмет қылсын оған Құда.

Ол ердің бір мәрте айтқан насихаты,

Қылды деп дүние мейірін менен жүдә[50]».

 

Жақсылар, осылай дүр ердің ісі,

Айтқанға амал қылар жақсы кісі.

Дүниеқор адамдарға бұл сөзді айтсаң,

Ықыласпен тыңдамаққа болмас күші.

 

Артына қарамастан шығып кетер,

Болмаса көзін жұмып ұйқы етер.

«Молдалар қорқытқалы айтады» деп,

Көңліне, ия болмаса шүбә жетер.

 

Бұзылған сондай болып бұл замана,

Шайтанның азғыруы бәрі һәммә.

Өзі һәм айтқанына амал етпес,

Көзбенен көріп тұрып молда, ғұлама.

 

Біреуге мәлім берер қыл деп мұны,

Өзінен табылмайды бір де бірі.

Сол үшін есітуші адамдарға,

Зәрредей тәсір[51] етпес оның тілі.

 

Насихат айтпаққа да адам дәркер,

Қолынан әр кісінің келмейдүрлер.

Әуелі айтқан сөзін өзі істесе,

Онан соң өзгелерге тәсір етер.

 

Айтылған бұл істердің бәрін біліп,

Ешбірін істемейсіз амал қылып.

Есіткен адамдардың құлағына

Сөзіміз тәсір етер неше кіріп.

 

Ілгері Әбу Дәрда айтқандарын,

Өзі істеп жүрер еді тамам бәрін.

Сол үшін ол кісіге тәсір етіп,

Ойланды өлмей тұрып ақыр қамын.

 

Расулдың асхабы еді Әбу Дәрда,

Махшарға ибні[52] адам жиылғанда,

Қолына насырлардың[53] туын алып,

Бір саптың басы болып тұрғай анда.

 

Баршаға бұл фазилат[54] бола бермес,

Махшарда ту ұстамақ асан[55] емес.

Ол ердің дүниеде һәм қылған ісі,

Қылайын дегенмен де қолдан келмес.

 

Бұл сөзге ғибраттанған базы кісі,

Қайсы деп сауал етсе қылған ісі.

Білдіріп осы жерде зікір етейін,

Істесін естігендер келсе күші.

 

Бай еді әуелінде һәм саудагер,

Есепсіз алтын-күміс дүниесі бар.

Барлығын Хақ жолына қайыр етіп,

Пақыр мен міскіндерге тараттылар.

 

Қайыр етіп дүниесінің бәрін берді,

Қанша уақ ғаріптікпен ауқат көрді.

Қатын мен екеуінің арасында

Көйлегі киетұғын жалғыз еді.

 

Көйлекті жүрер болса Дәрда киіп,

Тандырға отырар ед қатын кіріп.

Арада көйлегіміз біреу ғой деп,

Біреуі ренжімейді қайғы қылып.

 

Қатыны көйлек киіп іс қылғанда,

Тандырда отырар ед Әбу Дәрда.

Болған соң ол көйлекті өзі киіп,

Мешітке барар еді осы демде.

 

Базыда жамағатқа жетеді тез,

Базыда бір рәкәғатқа болады кез.

Расулдың мешітінде отырғанда,

Асхабтар осы түрлі сөйледі сөз.

 

Көрмекке Әбу Дәрда тақуа кісі,

Тақуадүр һәм жақсылық қылған ісі.

Сөйтсе де таң намазға сұстық қылып,

Келмекке уақтыменен болмас күші.

 

Пайғамбар мұны естіп асхабтардан,

Дәрданы келтіргін деп қылды пәрмен.

Шақырып әулетінен алып келді,

Бір асхаб пайғамбардың әміріменен.

 

Дәрдаға бұл сөзді айтты шаһы әбрар,

«Білемін неше түрлі сенде сыр бар.

Не үшін таң намазға тез келмейсің,

Мәлім ет, асхабтарым, есітсендер».

 

Дәрда айтты: «Ей, пайғамбар, хайрул әнам[56],

Болмады кеулімдегі бұл мүддағам.

Ішіме сақтап жүрген кенім еді,

Дүниеде білмесін деп ешбір адам.

 

Бұл күні сұрадыңыз сауал қылып,

Болмайды әмір еткен соң айтпай тұрып,

Қатынмен арамызда бір көйлек бар,

Екеуміз тұрадүрміз кезек киіп.

 

Таң атып намаз уақты болса жақын,

Намазға көйлек киіп тұрар қатын.

Мен кіріп тандыр ішіне отырамын,

Ол қылар бір Алланың ғибадатын.

 

Болған соң ол көйлекті маған берер,

Қатыным жылынбаққа тандырға енер,

Мешіттен келгенімше уақты өтіп,

Парызға соның үшін кемдік келер».

 

Дәрдаға бөл сөзді айтты Расул құда:

«Бай бол деп мен қылайын саған дұға».

Дәрда айтты: «Ия, Пайғамбар, дүние, мал деп,

Тіленіп қажетім жоқ ешбір мұнда.

 

Сөйтсе һәм қатыныма өзім барып,

Бұл істі білдірейін ақыл салып.

Қатыным дүние алмақты қабыл көрсе,

Айтармын өзіңізге мәлімденіп».

 

Алдына қатынының барып Дәрда,

Білдірді болған істің бәрін әрне:

«Ей, қатын, бұл туралы сен не дерсің,

Дүние үшін дұға қылар Расул Алла».

 

Дәрдаға қатыны айтты: «Бұл қалай сөз,

Арыз қып тілемейміз дүниені әркез.

Аллаға құл болмақтық бізге жетер,

Неге біз құл боламыз шайтанға тез.

 

Әуелі дүние, малдың бәрін бердің,

Болсам деп пақырлықты тіленердің.

Дүниеде қанағатты пақыр адам,

Ақырет сұлтаны деп айтып едің.

 

Бір Құда бұл дәулетті саған берді,

Білмеске ойламайсың көрдің енді.

Алланың дәргейінен ұялмастан,

Көңліңе дүние іздемек неге келді?

 

Алладан қасам[57] қылып айтамын сөз,

Дүниенің керегі жоқ маған әркез.

Дүниені іздер болсаң мен кетемін,

Аузыңнан талақ етіп жауап бер тез.

 

Болмаса тілімді алып Расулға бар,

Дүниені тілемесін бізге зинһар.

Дүниенің апатынан сақтасын деп,

Біздерге қайыр дұға әйласындар».

 

Қатынының Әбу Дәрда тілін алып,

Расулға болған сөзді айтты бәрін:

«Расул, дүние бер деп тіленбеңіз,

Тұрамыз пақырлыққа ырзаланып».

 

Дәрдаға Расул құда айтты және:

«Берейін бір көйлекті енді саған.

Екеуің бір көйлекке мұқтаж болмай,

Уақтымен айттыңыздар Хаққа сәна[58]».

 

Дәрда айтты: «Ия, Пайғамбар, бұл арзымыз,

Біреу ғып кимегенше көйлекті біз.

Ғибадат қып кимегенше көйлекті біз,

Ғибадат хал шаманың ләззатымен.

 

Иманның алауатын білмегейміз,

Ғибадат тижаратты бердім білдім.

Екеуін ұстамаққа сәйіл қылдым,

Бір жерде бұл екеуін болдыралмай,

Ақыры тижаратты бәрһам ұрдым[59].

 

Ұстадым ақыретті бекем етіп.

Ойландым өз көңліме қиял жетіп.

Ақырет іздегенге дүние болмас,

Дүниеқор ақыретті іздер нетіп.

 

Әр кісі ақыретті талап етер,

Көңлінен бұл дүниенің бәрі кетер.

Бір жерде бұл екеуі бір тұралмай,

Мехнатың дүниең болса кетер бекер».

 

Дәрданың осы сөздер аузында еді,

Жәбірейіл сол заманда көктен енді.

Расулдың құлағына уахименен[60],

Білдіріп Хақтың әмірін хабар берді.

 

Деп айтты: «Бір Алланың әмірі бұл,

Білдіріп асхабыңа хабардар қыл.

Әр кісі жәннат әһлін көрем десе,

Дәрданы көрсін деді әкімі құл».

 

Уахидан парық болып хайрул әнам,

Хақ әмірін изһар етіп айтты кәләм.

Дәрданың қолын өбіп, көзге сүртті,

Отырған асхабтардың бәрі тамам.

 

Бұл сөзді мәлім етті ғибрат үшін,

Білдірді жақсылардың қылған ісін.

Біздер де жәннат кісі болар едік,

Істесек осындай ғып бұл жұмысын.

 

Құлқы пәк адамдардың бұл формысы,

Пайда етер айтқанынан әрбір кісі.

Бұл сөздің растығына дәлел үшін,

Айттылар жақсылардың базы бірісі.

 

[1] Һәммә /п/ – бәрі, барлығы

[2] Ләзім /а/ – жөн, дұрыс

[3] Қазан ұру /ж/ – суық соғу, үсу

[4] Махшар /а/ –  қиямет күнінде Алла тағаланың өлген кісіден жауап алатын күні.

[5] Хәд /а/ – шек, шекара

[6] Расул /а/ – елші, негізінен Мұхаммед (с.а..с.) пайғамбарға байланысты айтылады

[7] Хадис /а/ – хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыздың айтқан ұлағатты, қасиетті, даналық сөздері, өсиеттері

[8] Асхаб,  сахаба /а/ – серіктер, жолдастар. Мұхаммед пайғамбармен бірге ислам дінін қабылдағандар.

[9] Дәркар /п/ – қажет, керек

[10] Захит /а/ – дүниеге қызықпайтын

[11] Салих /а/ – дүниені жүректен шығарған адам

[12] Бесияр – көп, мол

[13] Һәм – және

[14] Ғамкін /а/ – көңілсіз, жабырқау

[15] Ызһар /а/ – таныту, көрсету

[16] Ғайри /а/ – басқа; бөлек, бөтен

[17] Ғапыл /а/ – алаңсыз, көңіл бөлмеу

[18] Мәлал /а/ – қорқыныш

[19] Күллі нәпсі зайқатул мәут – әрбір жан өлімді татады («Әнкәбут» сүресі)

[20] Базы /а/ – кейбіреу, кей

[21] Бәрһам /п/ – аласапыран, аралас; қиын, күрделі; ретсіз

[22] Мәкір /а/ – жауыздық, зұлымдық, қастық

[23] Разиаллаһу анһу /а/ – Алла оған разы болсын!

[24] Аңа – оған

[25] Бүзрік /п/ – үлкен, ұлы адамдар, әулие

[26] Бәден /а/  – дене

[27] Ызһар /а/ – таныту, көрсету

[28] Таһарат  /а/ – дәрет алу, тазалану

[29] Тасбих /а/ – Алланы мадақтау, дәріптеу

[30] Ләхза /а/ – мезет, сәт

[31] Зинһар /п/ – өтінемін

[32] Сәңе – саған

[33] Үшбу – осы

[34] Мүддаға /а/ – арман, мақсат, мүдде

[35] Әні – оны

[36] Әммә – және, тағы

[37] Дауам /п/ – әрдайым

[38] Әһл /а/ – қауым, халық, ел

[39] Тақсым /а/ – бөлу, бөлік

[40] Ғапыл /а/ – надан, қараңғы

[41] Жаһангер – жайлаушы

[42] Сахып /а/ – ие

[43] Захит /а/ – дүниеге қызықпайтын

[44] Лұқма – үзім, тілім, жапырақ

[45] Дәфін /а/ – жерлеу

 

[46] Барһам /п/ – түзелу

[47] Дахыл /а/ – кіру, ену

[48] Жад ету – еске алу

[49] Әйлау – жасау

[50] Жүдә – бөлек, өзге

[51] Тәсір /а/ – әсер

[52] Ибн /а/ – бала, ұл

[53] Насыр /а/ – құтқарушы, жеңімпаз

[54] Фазилат /а/ – қайырым, шапағат

[55] Асан /п/ – оңай, жеңіл

[56] Хайрул әнам /а/ – жаратылыстың ең жақсысы

[57] Қасам /а/ –  ант

[58] Сәна /а/ – мадақ

[59] Бәрһам ұру – тарс жабу

[60] Уахи /а/ – сыр ашу; дауыс; үн; Мұхаммед пайғамбарға жәбірейіл арқылы келген Алланың бұйрықтары, жарлықтары

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button