Жарық нұрдың сәулесі
Қызыл белсенділердің қырғыны
Осыдан біраз жыл бұрын белгілі әнші Алмас Алматұлымен кездесіп, сұхбаттасқан едім. Ағамыз осы дүрбелең жылдары талай жақсылардың «Құдай бар» деген сөзі үшін атылып кеткенін, былайша баяндап беріп еді. «Арыстарымыз қамалған Қазалының Ақмешіт түрмесінде бір күнде 36 қожа-молда-ишандар атылды деген дерек ел аузында жүретін. Кейіннен іздестіргенде болған жайт расталды, бірақ боздақтардың аты-жөні анықталмай отыр. Осы қырғында Сүлеймен ишан атылмай аман шығыпты дегенде, әкем де ағаларының хабарын білмек болып іздеп барып, жолыққан екен. Қазалыдан Жезқазғанға шығар бетінде үлкен қорым, ишанның атымен аталады. Тірісінде елге сыйлы болған ишанның өзі Марал ишанның тұқымы, ал ол тарихта қалған белгілі тұлға. Әкем барып, Сүлеймен ишан оңаша қалғанда «қасыңызда біздің де кісілер болып па еді» деп бастайды. «Болды, тақсырлар. Үш ай қамалып жаттық. Үкіметтен келіп, кінәмізді бетімізге басқан ешкім болмады. Оған да ренжіген ешкім жоқ, ақсақалдарымыз «үкіметтің қолы тимей жатқан шығар» деп жамандыққа жорыған жоқ. Үш ай дегенде таң қараңғысында, тұтқындарды сыртқа шығарып, түрменің қабырғасын жағалай тұрғызып қойды. Шолақ күрте киіп, белдерін шарт буған үш-төртеуі үйіріліп тұрды да, орталарынан біреуі шығып, біздерге жақындады. Не болады деп қарап тұрмыз. Бір кезде саптың басында тұрған ақсақалға жақындап, тапаншасын маңдайына кезеп, «Құдай бар ма?» деп сұрады. Ақсақал: «астрафралла» дегенше болған жоқ, маңдайдан оқ тиіп сұлап түсті. Ишан-қожалар есін жиып үлгерген жоқ, шетінен баудай қиылып құлап жатыр. Жаналғыш саптың соңына да тақап қалды. Жанымда тұрған Алпамыс деген қожа еді. Білегімнен ұстап алып, «Балам тым жассың. Амал қыл, Алла кешіреді, кешіреді. Мына алапатты жұртқа жеткіз» дей берді. Тапаншасын тақап, діннен безген сұрағына іркілместен, «Аллаһу акбар» деді де, Алпамыс қожа да құлап түсті. Тажал меннен де «Құдай бар ма?» деп сұрады. «Жоқ» деп көзіне тура қарадым. Менен қарсылық күтпеген болса керек, абдырап тапаншасын төмен түсіріп, басқаларына «Мынау «жоқ» деді» деп дауыстады. Содан түрмеден босатылдым. Көз алдымда небір тақсыр, молдалар, иманына берік күйінде оққа ұшып, шейіт болды»-деп Сүлеймен ишан сөзін аяқтайды».
Мұндай зұлмат жалғыз бір өңірде болмаған екен. Айқожа ишанның ұлы Сапар мағзұмның әулетінен де бір азамат дәл осындай тығырықтан аман қалыпты. Қожа-молдаларды қамап, «Құдай бар ма?» деген сұрағын қойып, иманына берік ағзамдарды бір оқпен сұлатқан қылмыс Оңтүстік Қазақстан өңірінде орын алған. «Біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Сен әрекет қыл» дегенінше құлап түскен алдындағы ақсақалдың сөзін тыңдап, тапанша өзінің маңдайына тақалғанда: «Құдай бар дегенге – бар, жоқ дегенге – жоқ» деген сөздің «жоғын» дауыстап айтып, алдындағы сөздерін ішінен айтып аман қалған деседі.
Мұны айтып отырғанымыз, із-түзсіз бір оқтық болып кеткен аталарымызды іздегеніміз. Осындай қанды оқиғаның болғанының екі дәлелін келтіргеніміз.
Рухтары шат болсын, шейттердің…