Білген Шайыр айтады

Төртінші рәкін ахуалы қиямет

ЕЛУ ЕКІНШІ ФАСЫЛ

Ия, Алла, исмі пәкің һайиу дана,

Халық еттің һәжду әлем бәрін һәмма.

Таразы, есеп, сауал махшар күнге,

Қойылды ілгеріде бір нышана.

 

Бар болса қаттылықпен өзгергені,

Пазлыңмен ғафу қылып кешкін оны.

Сираттан өткендерден зікір етейін,

Бұл жолға жақсы қадам қойдыр мәні.

 

Есепте неше мың жыл пенде тұрар,

Қайыр шәр істерінің бәрін сұрар.

Сираттан пенделерді айдаңдар деп,

Мәләкқа Жаппар құда нида қылар.

 

Сираттың осылайша дер тәусипін,

Үстінен жеті тозақ тартқай мұны.

Жоғары мың жыл тұрар мың жыл тегіс,

Төменде жүрсе керек бір мың жылы.

 

Қылыштан өткір болар нәзік қылдан,

Түннен һәм оның үсті қара қылған.

Ішінен отты сәуле жалын шығып,

Астында жеті тозақ қатар тұрған.

 

Періште пенделердің айдар бәрін,

Тоқталып жүрмесіне қоймас халін.

Кәпірлер айбатына шыдай алмай,

Көңлінде арттырады қайғы ғамын.

 

Әуелі Мұхаммедтің үмбеті өтер,

Онан соң басқаларға нәубет жетер.

Мұхаммед үмбетінің әуелінде,

Жүрмекке әзірет Омар рәуа[1] етер.

 

Онан соң пайғамбардың мүрсалдары,

Сираттан қадам қойып өтер бәрі.

Мүрсалдар таям болып өткеннен соң,

Өзінің нәубетімен жүргей нәби.

 

Онан соң әулиелер жүргей анда,

Онан соң жүредүрлер сақы пенде.

Онан соң шаһид өткей, кейін сәәд,

Жүрерлер кезегімен осы демде.

 

Сираттың әр жерінде көпірі бар,

Тоқтатып баршасын да сауал сұрар.

Жауабын тегіс беріп құтылғанша,

Үстінде ол көпірдің тіке тұрар.

 

Әуелі иманынан сұрағай әнда,

Егер де момын болса осы пенде.

Көпірден жауап беріп өтіп кетер,

Өтпектік болмағалар кәпірлерге.

 

Екінші бір көпірге жеткенде баз,

Сұрарлар жүрдің бе деп оқып намаз.

Үшінші көпірінде зекетті айтып,

Оразаны төртіншіде қылар ағаз.

 

Бесінші сауал еткей хаж барғанын,

Алтыншы таһаратпен ғұсылдарын.

Жетінші ата анамен кедейлерге,

Сәлләи рахым еттің бе деп сұрағай бәрін.

 

Егер де бұл айтқанды пенде қылар,

Тоқталмай көпірлерден өтіп жүрер.

Жауабын бере алмаған тайып кетіп,

Тозаққа астындағы барып кірер.

 

Барғанда әр көпірге үмбет жетіп,

Пайғамбар Аллаға айтар арыз етіп.

Ия, Алла, кәрәмің мен қуат бер деп,

Көпірден аман есен кетсін өтіп.

 

Сираттан халықтың бәрін айдағанда,

Әр түрлі болып өткей әр кім анда.

Жақсы кім хақ жолында жаман қайсы,

Ол күні сыналады барша пәнда.

 

Базылар шақпақ құсап тезден өтер,

Жүзінің раушандығын заһир етер.

Базылар жел мысалы жылдам жүріп,

Базылар құс мысалы тездеп кетер.

 

Базылар шауып өткей ат мысалы,

Жаяудай жай өткейлер базылары.

Базылар кесел адам мысалында,

Өткейлер ақырындап келмей халі.

 

Базылар тез түйедей жылдам жүрер,

Базылар жолбарыстай қадам ұрар.

Базылар буаз қатын мысалында,

Жүре алмай базылары тіке тұрар.

 

Баз өткей мықдарында бір күн, бір түн,

Мықдары базысының һәм отыз күн.

Базылар бір сүрініп, бір жығылып,

Өтеді базыладыр осы мазмұн.

 

Бір жылдық мықдарынша базы өтер,

Мысалы осы түрлі болып кетер.

Сираттан қадам ұрып өткендердің,

Ақыры жиырма бес жылға жетер.

 

Сираттың алды, арты мен екі жаны,

Астының һәм үстімен және бәрі.

Пенделер қадам ұрып өткенінде,

Әтрәт жанып тұрған от мысалы.

 

Өтселер Құдай сүйген жақсы пенде,

Ол оттар тәсір етпес әркез әңә.

Алланың рахметіне уасыл болып,

Көрмегей айтқандардың бәрін әрне.

 

Сиратқа базы адамдар жақын келер,

Айтылған айбатының бәрін көрер.

Көпірден өтпектікті қиын біліп,

Уайым етіп қорқыныштық көңліне енер.

 

Жәбірейіл сол заманда боладүр кез,

Сираттан өтпедіңдер не үшін тез.

Көпірдің айбатынан қорқамыз деп,

Баршасы ызһар етіп айтады сөз.

 

Жәбірейіл оларға айтар ол дүниеде,

Дариядан өткеніңді бәрің һәмме.

Қай түрлі айла қылып өтердіңіз,

Білдіріп ақиқатын айтқын маған.

 

Айтарлар ол дүниеде жүргенде біз,

Дариядан өтер едік қайықпен ниіз.

Жәбірейіл оларға айтар ол дүниеде,

Баршаңыз намаз еткен момындарсыз.

 

Дүниеде тағат еткен мешіттерің,

Қайығың осы күнгі болғай сенің.

Сираттан машақатсыз өтедүрсіз,

Ішінде қарар алып бұл күн бәрің.

 

Мешіттің форымында қайық қылар,

Ішінде отырғын деп һәм бұйырар.

Ол күні бір құданың құдіретімен,

Ақ түйе суретінде болып тұрар.

 

Ғанбардан боладүрлер аяғы оның,

Істеген запыраннан кәрдәнларын.

Арқасы зүбәржаттың қызылындай,

Мүшкі деп айтадүрлер бас нышанын.

 

Қайыққа халайықтың бәрі мінәр,

Көпірден өтпек үшін бұлар келер.

Алдында азаншысы тізгін ұстап,

Шаһид етіп жүрмегіне имам жүрер.

 

Бұлардан тұрған жандар хабарланып,

Сұрарлар бір бірінен қайран қалып.

Періште ия пайғамбар мүрсәлдарша,

Осынша ізет пенен барар алып.

 

Ғайыптан нида келгей осы демде,

Мұхаммед үмбетідүр осы пенде.

Мешітте жамағатпен намаз қылған,

Сол үшін бұл дәулетті берген Алла.

 

Құдая, асы құлмын кейілім жаман,

Імкән жоқ ол көпірден өтпекке аман.

Тәусипін тайын еткен қайығыңды,

Пазыл етіп осы күні міндір маған.

[1] Рәуа /п/ – орынды, лайықты

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button