Білген Шайыр айтады

Бибі Фатиманың хикаяты

 ЕЛУ БІРІНШІ ФАСЫЛ

Айтайын ақылардың және бірін,

Қай түрлі болатұғын көрсін түрін.

Көңліне істегеннің қорқу еніп,

Ойласа ғажап емес ақыр күнін.

 

Бір қызы пайғамбардың Фатима еді,

Ақында хайрул ниса аят келді.

Жәбірейіл бәйтул мамуырда құтба оқып,

Әлиге тимектікке хабар берді.

 

Әйелден артық еді ол асылзат,

Берілген жәннаты деп һәм бәшарат.

Расулдың опатынан үш айдан соң,

Бұл дүние опасыздан кешті рәһлат.

 

Артықша әзірет Әлі қайғыланып,

Бұйрықты жерін қазып қойды апарып.

Мұртаза дұға қылып отырдылар,

Қайғысын Фатиманың көңліне алып.

 

Ұйықтады көзін жұмып әзірет Әлі,

Бір мәрте түсте көрді Фатиманы.

Жәннаттың есігінде тұрадүрлер,

Кірмекке ішкеріге болмай халі.

 

Әли айтты Фатимаға бұл қалай сыр,

Ақиқат сенің орның жәннатыдүр.

Есікте не себепті тұрадүрсіз,

Бұл болған хадисаны маған білдір.

 

Фатима Әлиге айтты бол хабардар,

Баралмай тұрғанымда бір себеп бар.

Бір жүһүд қоңсы болған қатынынан,

Бір екі ине алып едім болып дәркар.

 

Өзіне және қайтып бермей оны,

Жоғалттым пәлен жерге ол инені.

Баралмай тұрғанымның себебі бұл,

Білсеңіз осындайдүр оқиғаны.

 

Орнынан түн ішінде екі тұрып,

Инені тауып алды шам жандырып.

Жүһүдтің қатынына тапсырдылар,

Қарызынан Фатиманы халас қылып.

 

Ұйқыға екінші күн кірді және,

Түсінде әзір болды Фатима әңә.

Жәннәттың сарайында отырадүр,

Һүлладан кигенінің бәрі һәмма.

 

Астында бір тақты бар раушан нұрдан,

Истибрак сәндуіс харир төсек қылған.

Көрмекке сұлу жүзді қанша һорлар,

Қол байлап қызметінде қатар тұрған.

 

Оянып Әзірет Әлі құрсанттанды,

Рахманы түскендей көңліне алды.

Ат қойған дур мужалис бір кітапта,

Бұл сөзді ғибрат үшін хатқа салды.

 

Ақының үлкен кіші бірдей бәрі,

Кіші деп жеңіл тұтпа көңліңде оны.

Қабірде ия есепте ия сиратта,

Күмәнсіз тиедүрлер бір зияны.

 

Қашыңыз кісі ақынан тезірек сіз,

Болмаса бір жазаға боласыз кез.

Бұл сөздің растығына бір дәлел қып,

Исадан бір хикая айтайын сөз.

 

Көрділер бір өлікті Иса келіп,

Көр ішінде жатадүрлер азап көріп.

Ия, Алла, бұл өлікті тірілт деді,

Дұғаға мінәжат қып қол көтеріп.

 

Жан кіріп көр ішінде өлік тұрды,

Халінен әзірет Иса сауал қылды.

Ол айтты рухылы лилла көредүрсіз,

Азапты мен тартамын неше түрлі.

 

Біреудің ағашына душарланып,

Майданың бұтағынан үзіп алып,

Тісімнің кеуектерін мен шұқыдым,

Аузыма сұрамастан оны салып.

 

Білген соң ләһәт ішіне қойды мені,

Алланың тарапынан нида келді.

Сұрамай бір пенденің мүлкін алып,

Аузыңа не себептен салдың деді.

 

Тоқталып айталмадым еш жауап сөз,

Мәләклер гүрзіменен ұрдылар тез.

Төрт мың жыл мен өлгенге кәміл толды,

Азабым ада болмады әслі әркез.

 

Исаға бұл сөзді айтып және өлді,

Ілгергі қалыбында жаза көрді.

Кейінгі сіз бен бізге ғибрат үшін,

Тірілік көргендерін хабар берді.

 

Ағаштың пәркін алған болса мұндай,

Төрт мың жыл азап көрсе ләһза тынбай.

Біздердің ахуалымыз не болады,

Аламыз үлкендерін пәруа қылмай.

 

Және бар пайғамбардың бір хадисі,

Ақысын әр адамның алса кісі.

Онымен өлмей тұрып ырзалассын,

Махшарда біреуіне болмас күші.

 

Егер де мал егесі өліп кетсе,

Болады жақындарын ырза етсе.

Егер де мирасқоры болмағанда,

Бағасын бәйтіл малға керек елтсе.

 

Болмаса кедей жетім ғаріптерге,

Болады бағасынша берсе әрне.

Махшарда егесіне Алла берер,

Көңлінде ниет қылып айтса пенде.

 

Және бар ақылардың бір түрлісі,

Өзінің денесімен істер кісі.

Біреуді ұрмақ соқпақ жазаламақ,

Істеткен ақы ебрмей әрбір ісі.

 

Қабих деп біреуіне қойылды нам,

Біреуі жаман тілмен сөксе жылдам.

Жамандап масқара етіп мазақ қылып,

Бөтеннен ғайбат жала сөз тасушы һәм.

 

Оларға өлмей тұрып ұшырап кез,

Алсынлар бір-біріне ырзалық сөз.

Егер де ол адамдар кез болмаса,

Тәубе ғып шын көңлімен әйласын тез.

 

Һәм және халал малдан садақаны,

Көңлінде шын ниетімен берсін әні.

Сауабын Құран оқып бағыштасын,

Әр түрлі қайыр етсін болса имкәні.

 

Үміт бар бұл қайырдың сауаптарын,

Ол құлға махшар күні беріп бәрін.

Бір Құда өз пазлымен ырза қылып,

Сұратпас ол пендеден ақын әнің.

 

Мәселен махшар күні бір пенде кеп,

Арыз етіп бір аллаға жалынар көп.

Пәленде бермей кеткен ақым бар дүр,

Бұл күні кәрәміңмен алып бер деп.

 

Өзінің құдіретімен хайу дана,

Жәннаттан көрсетеді бір үй әңә.

Ей, пендем, бұл жәннатпен ол ақыңның,

Қайсысын аласың деп айтқай әңә.

 

Жәннатқа ол пенденің көңлі кетіп,

Бұл үйді аламын дер ауаз етіп.

Пейішке шады құррам кіредүрлер,

Екеуі мұратына бірдей жетіп.

 

Баршаға бола бермес бұл мархамат,

Қайыр етіп дұға қылса әр адамзат.

Ілгергі істеріне көп өкінсе,

Құтқарып ол ақынан қылғай азат.

 

Дүниеде әркім алса кісі ақысын,

Дұға қып қайыр етпесе оның үшін.

Махшарда пенде хақын алып беріп,

Кетпейді кәрәм етіп ешбірісін.

 

Бір ақы пенделерде бар дүр және,

Айуанның үлкен-кіші бәрі һәмме.

Орынсыз ұрып соғып тілмен боқтап,

Шамасы келместей жүк артса және.

 

Олар да махшар күні ақын сұрар,

Алланың үкімі бірлән азап қылар.

Садақа дұғаменен құтылмақ жоқ,

Пендедей жәннат сауап алмас бұлар.

 

Айуанның ақысының үшбу түрі,

Бір таудың мысалындай қылғай мұны.

Үстіне ол пенденің келіп түсіп,

Ұн сипат майда қылар осы күні.

 

Үстінен көтеріліп кеткей және,

Жан кіріп, дене бітіп ол пендеге.

Ілгергі қалыбында боладүрлер,

Қол аяқ, денесінің бәрі һәмме.

 

Осылайша неше түрлі азап етер,

Базы уақыт бір жанынан бір жанға өтер.

Жиналған халайықтың ортасында,

Жәбір еткен пенделерге қайғы жетер.

 

Дүниеде әркім алса дүние малын,

Ол күні бередүрлер хақын оның.

Кәпірдің ақысы үшін беріп болмас,

Садақа, қайыр, дұға сауаптарын.

 

Себебі бұл кәпірлер жәннатқа енбес,

Сол үшін ақысына сауап бермес.

Кәпірдің шек келтірген күнәсін һәм,

Момынға жүктемегі лайық емес.

 

Кәпірлер Аллаға айтар келіп тілге,

Ақым бар пендеңде дер үшбу күнде.

Азаптың өзгесіне ырза емеспін,

Тозақта меніменен жатсын бірге.

 

Тілегін Жаппар құда қабыл алып,

Қояды жаһаннамға бірге салып.

Кәпірдің ақысының мықдарынша,

Тозақта жатадүрлер отқа жанып.

 

Болғанмен сүйікті құл осы пенде,

Ақысын құтылмайды бермей онда.

Бір құда кәпірлерге ғаплат беріп,

Жатқыз деп жатқызбағай жаһаннамда.

 

Жақсылар кісі ақынан қашыңыздар,

Бұрыннан ақы болса мойныңда бар.

Жолығып егесіне уәзір айтып,

Ырза қыл әрне болса оны зинһар.

 

Егерде мал егесі болмаса кез,

Мағфарат[1] тілеп ойлап жыласа көз.

Күнәсін кешейік деп дақайықта,

Мұсадан айтылады бір дәлел сөз.

 

Мұсаға нида қылды Хақ бұйрығы бар,

Қауымыңа мәлім етіп әйлә ызһар.

Жәннатқа дахыл етіп кіргіземін,

Бір жақсы амал салих әйләсінлар.

 

Мұса айтты қайсы ісдүр бұл пәрменің,

Алла айтты айтқан әмірім осы менің.

Дүниеде үзір айтып разы қылсын,

Көңлінде белгілі ол адамдардың.

 

Мұса айтты ия, Құдая, хәкімі құл,

Дүниеде бар адамға айтқаның бұл.

Қалайша үзір айтып разы қылар,

Егер де ажал жетіп өлсе әр құл.

 

Алла айтты ол құл өлсе мен тірімін,

Үзір айтып дәргаһымды разы қылсын.

Мұса айтты ырзалығың қайсы болар,

Білдіріп құдіретіңмен әйла раушан.

 

Алла айтты уайым етсең төрт нәрсені,

Онымен қыладүрсің разы мені.

Әуелі зұлым әйлаған күнәсіні,

Көңлінде артық болсын пүшайманы.

 

Екінші мағфаратты талап етсін,

Үшінші көздерінің жасын төксін.

Төртінші денесімен қызмет етіп,

Өлгенде жәннатыма өзін елтсін.

 

Жақсылар бұл қиссаны көңліне алып,

Жылаңыз өткен іске қатты налып.

Махшарда сауап беріп жүрмеңіздер,

Дүниеден өкінішің қалмай барып.

 

Пенденің үлкен кіші болған ісін,

Қағазға жазбай қоймас ешбірісін.

Қайыр шер амалына жаза бергей,

Махшарда таразыға салмақ үшін.

 

Төрт түрлі жазылмағай қылған жұмыс,

Пенделер міндеттідүр оны біліс.

«Мүзәккір нәуиіс» атты бір кітапта,

Ішінде оқығанға мәлім бұл іс.

 

Расулдың сол кітапта бар хадисі,

Біреуі жас баланың қылған ісі.

Екінші күнә болып жазылмағай,

Күпірлік сөз айтса да жынды кісі.

 

Үшінші ұйықтап жатқан пенделерге,

Жазбағай ұйқысында болса әрне.

Төртінші амалына күнә жазбас,

Қатемен іс қылсалар қайсы пенде.

 

Бұлардан басқа адамдар әрне қылса,

Қайыр шер әбрір іске қадам ұрса.

Аузымен ия денемен істемесе,

Ия халал, ия харамға көңлін бұрса.

 

Өлмекке бірін салып ысап қылар,

Көңлінде ұмытылмастан даяр тұрар.

Қай түрлі жақын адам болса дағы,

Айтысып бір бірінен ақын сұрар.

 

Ол күні бала қашар ата анадан,

Қашарлар ата анасы һәм баладан.

Ешбірі жолықпаққа қарсы келмес,

Досы, жар, …

 

Көңлінде ақы алмақ әнің жетер,

Мирасым мейірім бар деп дағуа етер.

Болмаса сауабымнан сұрайды деп,

Сақтанып бір бірінен қашып кетер.

 

Құранда сүресі бар Әбасаның,

Бұл сөзді тәпсірінде айтар оның.

Қай түрлі жақын адам болса дағы,

Айтысып алса керек ақыларын.

 

Осындай кісі ақының қиындығы,

Зікір етіп шарһы нияз айта мұны.

Пайғамбар шаһид салих жақсы ұғылды.

Шапағат қыладүрлер осы күні.

 

Айуан мен ақыларын алса әр құл,

Ол күні шапағатпен құтылмас бұл.

Сүйікті пенделері тіленгенде,

Өз ақын бағыштайды хәкімі құл.

 

Хаж, зекет, ораза, намаз қаза кетсе,

Үзірсіз бір де бірін қылмай өтсе.

Алланың дәргаһында еш нәрсе емес,

Күнәсін өз фазылымен ғафу етсе.

 

Құдая мұның бәрін біле тұрып,

Күнәдан сақтанбаймын қашық жүріп.

Жәннаттан үй көрсетіп нәсіп еткін,

Мен құлға кәрәміңді сен білдіріп.

 

Бұл сөзден пенделерге ғибрат жетер,

Ақыдан ақылды адам пәрһиз етер.

Сауаппен, шапағатпен құтылмаса,

Пендеге күні болмас мұнан өтер.

 

[1] Мағфарат /а/ – кешірім

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button