Білген Шайыр айтады

Әркім өз туының астында тұрғанының баяны

ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ ФАСЫЛ

Ол күні неше жерден сап құрылар,

Туларын ортасында ұстап тұрар.

Пайғамбар лу әлхамду таупиқ бірлән,

Махшардың майданына келіп тұрар.

 

Ол тудың білдіре алмайм тәусипіні,

Мың жылдық жол деп айтар ұзындығы.

Ені һәм аспан жердің арасындай,

Таухидтің кәлимасын жазған түрі.

 

Жақұттың қызылынан басын қылған,

Тұтқасы хақ күмістен жаратылған.

Баршасы зүбәржаттың жасылынан,

Һәм бардүр үш кеселі және нұрдан.

 

Бірі дүр күнбатыста күйеуінің,

Деп айтар күнбатыста және бірін.

Дүниенің һәм біреуі ортасында,

Бір хаттар әрбірінде бардүр мұның.

 

Бісміллә ақырғаша біріндедүр,

Жазулы біреуінде таухид тұрар.

Әлхамдуны бірінде алатынғаша,

Жеткенше жазылған деп нақыл қылар.

 

Жетпіс мың арасында тулары бар,

Әр туда жетпіс мыңнан мәләк тұрар,

Расулдың нидаул хамду ол туының,

Момындар атрабында қарар қылар.

 

Сыддықтың Әбу Бәкір туын алғай,

Пенделер рас айтушы онда барғай.

Әділдің хазірет Омар тілін алып,

Әділ еткен атрапында қарарланғай.

 

Бесінші туды алып хазірет Оспан,

Бесінші тұрса керек оның бірлән.

Шаһиттің хазірет Әли туын алып,

Барғайлар шаһит болып өлсе әр жан.

 

Ілімнің хазіреті Мәәз туын алып,

Сол жерге ғұламалар тұрғай барып.

Әбузәр тақуалардың туын алар,

Тақуалар онда тұрар қарарланып.

 

Кедейлер туын алар Әбудәрда,

Кедейдің баршасы да барғай анда.

Әбу Кәһін қирағаттың туын алып,

Қасына барып тұрғай хары пәнда.

 

Біләлға азан туын инғам қылар,

Барлығы азаншының анда тұрар.

Зұлыммен өлген туын Хұсейін алып,

Зұлым мен анда барар ылғушылар.

 

Кітапта дүрріл мәжліс бардүр бір сөз,

Оны һәм білдірейін бұл жерде ниіз.

Мәләклар бір Алланың пәрменімен,

Тозақтан отты тулар келтірер тез.

 

Қарауылға ол тулардың бәрін беріп,

Махшарға қауымын бастап тұрғай келіп.

Құдалық дау дауласқан барша кәпір,

Тұрғайлар ол лағиннің қасына еріп.

 

Қабылға күн туыны бергей жәна,

Нақақтан қан төккеннің бәрі һәмә.

Мәләклар Хақ әмірімен алып барып,

Бередүр қатарынан орын әңә.

 

Жәһілге ол тулардың бәрін берер,

Әр кісі шарап ішіп ғиззат көрер.

Алланың пәрменімен періште айдап,

Астына осы тудың бәрі келер.

 

Шайықтың бір Уәсиса деп болған намы,

Бір туға еге қылғай ол күн оны.

Қасынан Уәсисаның орын алар,

Зинақор адамдардың тамам бәрі.

 

Белгілі кәпірлердің осыларын,

Бір туға еге қылып ол күн бәрін.

Аршы ағла сол жанынан орын беріп,

Тұрғайлар бағынғаны қасында әнің.

 

Осылайша неше жерден сап құрылар,

Астына өз туының әркім тұрар.

Дүниеде салтанатты патшаларды

Есікте кедейлермен бірдей қылар.

 

Ия, Алла, арыз етемін мен тіленіп,

Махшарға тұрған уақта барша келіп.

Расул нидаил хамду туларының

Астынан нәсіп айла орын беріп.

 

Шайтан һәм қызыл туды қолына алғай,

Қосылып әуләдімен бірге барғай.

Шайтанның алдауына кірген адам,

Ілесіп бірге барғай кейін қалмай.

 

Мәләкқа нида қылар хәкімі құл,

Шайтанның мойнына сап зінжірлі тұл.

Бұл тұрған халайықтар ғибрат алсын,

Отына жаһаннамның сазауар қыл.

 

Мәләклар отты зінжір қолына алып,

Шайтанның кәрденіне салғай барып.

«Ия, Алла, бір арызым бар тыңдаңыз» дер,

Әзәзіл нала қылар бек зарланып.

 

Тілегін қабыл алып Қадыр мәулан,

Сабыр ет деп періштеге қылар пәрман.

Әзәзіл андан кейін тілге келгей,

Құдаға нала қылып неше алуан.

 

Шайтан дер асы болып жаратылдым,

Дүниеде күнә қылып көп жыл жүрдім.

Азғырып бірнеше жыл мехнат етіп,

Өзіме көп адамды серік қылдым.

 

Дүниеде өз тілімді алғандар бар,

Аузына арам лұқма салғандүрлер.

Күнәнің үлкен-кіші бәрін қылып,

Айрылып тура жолдан қалғандар бар.

 

Жолдасым дүниедегі бұлар менің,

Араға перде болып түскен өлім.

Әділ етсең әрне түрлі азап болса,

Ылайық кеп оларменен бір көрмегім.

 

Шайтанның бұл тілегін әйлап қабыл,

Мәләкқа нида қылар хәкімі құл.

Дүниеде алдауына кіргендерді,

Тозаққа мұныменен әйла дахыл.

 

Тірлікте күнә қылып жүргендерді,

Шайтанның алдауына кіргендерді.

Һауаның нәпсіменен тілін алып,

Өзінен дүниені өтпес білгендерді.

 

Мойнына бәрінің де зәнжір салып,

Мәләктер асыларды жүргей алып.

Жыласып махшар халқы фарияд етер,

Бұлардың ахуалынан хабарланып.

 

Есітіп Расул құда бұл ниданы,

Не дүр деп Жәбірейілге айтар оны.

Жәбірейіл бастан-аяқ бәрін айтқай,

Шайтанмен болып тұрған оқиғаны.

 

Пайғамбар үмбетінің халін біліп,

Орнынан түрегелед тезден тұрып.

Күнәһар асы жаны үмбетіне,

Бармастан ол тозаққа жеткей қуып.

 

Шайтанға ауаз қылар Расулалла:

«Ей, залым, бұлар үмбет болар мәңә.

Өзімнің асы жаны үмбетімді,

Елтесің не себептен жаһаннамға?»

 

Шайтан дер: «Жолдасымдүр бұлар менің,

Дүниеде азғырғанмын мұның бәрін.

Сол қылған дүниедегі күнәсі үшін,

Тозаққа өзімменен апарармын».

 

Расул дер: «Үмбетім дер бұл әуелден,

Бұл жерде үмбетімді саған бермен».

Шайтан да: «Бұлар менің жолдасым», – деп,

Дәлелді көрсетеді неше жерден.

 

Бұл жерде үлкен жанжал болар ғауға,

Үмбетке екеуі де қылар дағуа.

Өзінің құдіретімен хабарланып,

Бұларға нида қылып айтқай Алла:

 

«Бұл жерде жанжал шуды қылмаңыздар,

Жанжалмен ажырату еді дишуар[1].

Әртүрлі бұл жанжалға үкім етілсін,

Айтысып екеулерің қазыға бар.

 

Дүниеде мазхаб болған төрт имамды,

Махшардың төрт бұрышына қойғын оны.

Алдына имамдардың жіберер еді,

Бар болса әр пенденің жанжалдары».

 

Төртеуі ол махшарда болып қазы,

Сұрар ед әр пенденің болса арызы.

Алдына имам ағзам айтыспаққа,

Барады екеуі һәм болып разы.

 

Расулмен әзәзілді имам көріп,

Расулға тағзым еткей сәлем беріп.

Имамға жанжалдарын айтпақ үшін,

Екеуі отырар ед бірдей келіп.

 

Расул дер: «Үмбеттерім көпдүр менің,

Базысын азғырыпты шайтан оның.

Күнәһар үмбетімді тозақ ішіне,

Деп айтар өзім бірлә апарармын.

 

Келгенмін үмбет үшін мен әуелде,

Дүниеде түсіп жүрдім қанша қамға.

Күнәсін ақыретте кешемін деп,

Үмбетті уәде қылған маған Алла.

 

Үмбетім жер жүзінде қылған Алла,

Көңліні маған қойып артық бинә.

Жәннатқа жамағат қып апарармын,

Күнәсін ғафу етсе Қадыр Илә».

 

Шайтан дер: «Адам үшін мені Алла

Әуелі қылған еді әнда дәргаһ.

Адамның әуладына онан бері,

Қысастық көңлімде бар еді менің.

 

Қанша жыл бейнет етіп атын ардым,

Қаншасын ғүмраһ қылып жолға салдым.

Дүниеде әрбір түрлі іс қылдырдым,

Көңлінен дін иманның нұрын алдым.

 

Тірлікте бұлар маған көңіл беріп,

Әртүрлі алдауыма тұрған еріп.

Сол қылған дүниедегі күнәсі үшін,

Тозақта бірге жатсын азап көріп».

 

Екеуі мүддағалы сөзін дегей,

Көпкеше имам ағзам үндемегей.

«Бұлардың жанжалына үкім ет» деп,

Имамға бір Алладан нида келгей.

 

Айтады әзірет имам арыз етіп:

«Дүниеде түрлі іс қылдым көп жыл жүріп.

Жоқ болса қылған күнәм арыз етейін,

Әуелі өз ісімді мен білдіріп.

 

Ия, Алла, келгеннен соң дүниеге еніп,

Әркімге мәселе айттым пәтуа беріп,

Өзімнің имам болған заманымда,

Сұрады бір мәселе біреу келіп.

 

Ол айтты дихан едім егін салдым,

Егінім піскеннен соң орып алдым.

Бидайды сабанынан ажыратып,

Қырманды көтерем деп даярландым.

 

Оқитын бір намаздың уақыты келді,

Қасымда өгізім һәм тұрып еді.

Өгізді бір ағашқа байлап қойып,

Арыққа таһарат үшін бардым енді.

 

Арықтан суға барып таһарат қылдым,

Намазды уақытында оқып һәм құтылдым.

Өгізім қайтып келсем өліп жатыр,

Іштері жарылыпты көріп білдім.

 

Ағаштан байлап қойған жіп босанып,

Бидайды жеген екен өгіз барып.

Қисапсыз мейлі қатар жегеннен соң,

Өгіздің жіберіпті ішін жарып.

 

Ішінен төгіліпті бидайлары,

Қарасам таза болып жатыр бәрі.

Алсам сол бидайларым қандай болар,

Мен сізден келдім дейді сұрағалы.

 

Мен айттым мәселені ол пендеге,

Тұқым қып жерге сепкін тимей әңә.

Піскен соң өз алдына орып алып,

Бір өзін екінші жыл сепкін және.

 

Тиместен жер жүзіне үш мәрте сал,

Деп айттым төртінші жыл болар адал.

Біреуге осылайша мәселе айттым,

Дұрыс па құдіретіңе ия, Зүлжалал».

 

Алла айтар: «Дұрыс емес бұл қылғаның,

Пендемді ренжітіпсің мұнша менің.

Ақиқат кәміл біліп үкім еттің бе,

Төрт жылға жететұғын өмірін оның.

 

Мүшкілін хал қылмаққа пенденің мен,

Құранда хабар бердім аятпенен.

Бір нәрсе жер жынысына араласса,

Деп айттым арамдығын кешірдім мен.

 

Болмай ма үкім етсең бұл мазмұнда,

Мұншама қиындық қып ғаріп құлға.

Бір мәрте жерге егілген пәк боладүр,

Екінші рауаятты мұндай қылма».

 

Айтады имам ағзам арыз етіп:

«Білмеген қаталықты кешкіл өтіп.

Расул мен әзәзілге үкім етейін,

Бұл айтқан мәселеден жол көрсетіп.

 

Дүниеде күнә қылып пенде жүрген,

Өлген соң жер қойнына барып кірген.

Неше жыл топырақпен араласып,

Алланың пәрменімен һәм тірілген.

 

Пенделер әуелінде күнәлі өлді,

Пәк болып жерден шығып мұнда келді.

Мұхаммед үмбетінің күнәсі жоқ,

Осылайша үкім етемін сіздерге енді».

 

Пайғамбар төрелікке болыпты шат,

Шайтан һәм төрелікке әйлады дат.

«Үкіміне бұл имамның разы емеспін,

Шайхыға барамын» деп қылды парияд.

 

Шайхыға Расул білән шайтан жүрер,

Алдына тізін бүгіп кеп отырар.

Екеуі жанжалының мазмұндарын,

Имамға бастан-аяқ мәлім қылар.

 

Есітіп имам шайхы сукут[2] тұрғай,

Бұларға бір нәрсе деп іс бұйырмай.

Үкім етіп бұл екеуін ажырат деп,

Шайхыға Қадір құда нида қылғай.

 

Айтады имам шайхы әйлап дұға:

«Менде һәм сұралмаған көп дүр күнә.

Күнәдан әуел өзім мен құтылып,

Олардың үкім етейін жанжалына.

 

Ия, Алла, келгенімде дүние дүнге,

Үкім етіп мәселе айттым мен әркімге.

Алдымда екі момын дау дауласты,

Дүниеде имам болып жүргенімде.

 

Бірі айтты: Ия, имамым, құлақ салың,

Бар еді егін егер жерім менің.

Сапарға өзім үйден шығып кетсем,

Бұл адам еккен екен бәрін оның.

 

Өзімнен бір мәртебе сұрамай оны,

Жерімді қылған екен ол жаралы.

Ол жерде мұның ешбір ақысы жоқ,

Бұрыннан өзімдікі еді бәрі.

 

Сұрасам жерлерімді бүгін келіп,

Айтысып алғын дейді мені жеңіп.

Жерімді еккенімен әперіңіз,

Отырмын соның үшін сізге келіп.

 

Рас деп біреуі һәм шығарды тіл,

Ол жердің бұрыннан-ақ егесі бұл.

Бос жерін ашылмаған ашып ектім,

Бейнет қып жапа шегіп бірнеше жыл.

 

Жеріне бірнеше жыл бейнет еттім,

Өзіме тиісті ғып ашып ектім.

Жолында күні-түні тынбай жүріп,

Үстіне неше түрлі дақыл септім.

 

Осынша бейнет еткен себебімнен,

Ойлаймын жер тиер деп өзіме мен.

Ия, имам, бұл істерге үкім етіңіз,

Шықпаймыз екеуміз де әміріңізден.

 

Мен айттым: әуелгіде сенікі жер,

Жеріңді аламын деп бұл бекер дер.

Мұның да бейнеттері құр болмасын,

Өнімін үстіндегі өзіне бер.

 

Оларға үкім еттім бұл сөзді айтып,

Екеуі ырза болып кетті қайтып.

Дұрыс па құдіретіңе, ия, Зұлжалал,

Қалмайын қата болып жаза тартып».

 

Алла айтар: «Қатасы жоқ жақсы қылдың,

Бұрынғы егесіне жер бұйырдың.

Өнімін үстіндегі өзің ал деп,

Оны да құр қоймастан халін білдің».

 

Онан соң шайхы айтар қылып дұға:

«Ия, Алла, арыз етемін және тыңда.

Пендеге күнә асыл болып педі,

Анадан туған заман әуалында?»

 

Айтады нида қылып әкімі құл:

«Күнәдан таза еді туғанда бұл.

Күнәні пенделерге шайтан салған,

Айламен ол азғырып бірнеше жыл».

 

Шайхы дер: «Ия, Құдая, һайиу дана,

Әмір еттің бұл үкімді айт деп мәңә.

Пендеге өзі салған күнәсінің,

Бұл күні шайтан алсын бәрін һәмма.

 

Әуелде Мұхаммедтің үмбеттері,

Дүниеге күнәсі жоқ келген бәрі.

Анадан жаңа туған қалыбымен,

Пайғамбар шапағат қып алсын оны».

 

Орнынан көп қуанып Расул тұрар,

Тұралмай шайтан лағин ол дем отырар.

Шайтанды тозақ ішіне алып барып,

Мәләктар неше түрлі азап қылар.

 

Пенделер тез құтылып ол мүшкілден,

Аллаға сәна[3] айтар бәрі бірден.

Махшарға бір сап болып келіп тұрар,

Расулға дүрдід[4] айтып жан, ділден.

 

Құдая, асы жаны шермендемін,

Күнәһым артық еді әр пендеден.

Досыңның достығы үшін құтқармасаң,

Шайтанның алдауына дәрмендемін.

 

Бұл сөзге мен айтпадым кітап атын,

Есітіп бір хапыздан асыл затын.

Бірнеше ғалымдардан күш өткердім,

Сол үшін мен білдірдім жазып хатын.

 

[1] Дишуар /п/ – қиын, ауыр, азапты

[2] Сукут – үндемеу

[3] Сәна /а/ – мадақ

[4] Дүрдід /п/ – сәлем

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button