Бұлбұл мен қаршыға
Рахмет жырау МӘЗҚОЖАЕВ (1881-1976). Өз заманыныдағы ақын-жыраулардан мойны озық тұрған тұлға. Жыраудың бір ғана «Көрұғлыны» бір апта жырлағанын айтады халық. ҚР ғылым академиясының қолжазба қорында жыраудың 40 мың жолдан артық жаздырған жыр жолдары бар екен.Өз заманындағы айтыскер ақындармен сөз сайысына да түскен. Ал мына «Бұлбұл мен қаршыға»деген жыры көлемі аз болғаны мен айтары көп дүние. Бұл жердегі Бұлбұл ел қамын жеген қайраткер,бір шөкім тамаққа бола көрінгенге көзін сүзгенше, өз алдына,тоғайында өз жырын толған сайрап өткенді арман тұтып мақсат қылады.
Сырдың жоғарғы және орта ағысында қатты дамыған сопылық ағымнан Рахмет жырау хабардар. Бұлбұлдың таңғы сәтті күтіп түні бойы ұйықтамай сайрап, талықсыған бір сәтіндегі таңның қызыл арайынан айрылып қалуы, сопылық пәлсападағы «мураккаба», аңдып отыру, күту. Бірақ мундай ұлық мақсатқа жету ансан емес, тәулік бойы күткен бір сәт, кірпігің ілінген мезетке байлаулы. Кірпіктің ілінуі бенденің ләпсіге берілуі, ләпсіге ілессең Илохий құдретің дидарынан мақрұм қаласың. Бұлбұлдың түні бойы сайрағаны ән салу емес, тәспі айту, қызыл гүлдің ашылар сәті Илохий құдіреттің дидар көрсетер мезеті. Бұл жерде бұлбұлдың қаршығадан барып «қызыл гүлдің» ашылар сәтін көре алмай жүрмін деуі Илохий құдірет жолын таба,алмай жүрмін, жөн сілтейсің бе, адамдарға жақынсың ғой демекші. Бірақ қаршығаның бұлбұлдың тақсыреті мен жұмысы жоқ. Өз қарны тоқ, одан басқаның оған керегі жоқ.
Бұлбұл мен Қаршыға
Япырмай кессем бе екен бұл тілімді?
Үйрендім қайдан өнер көп білімді.
Айтайын бұлбұл мен қаршығаны
Тыңдаңдар құлақ салып бұл жырымды.
Жатпадым су түбінде садан болып
Бір күнде шықпас па едім дүрге толып
Байғыздай тас жастанып таңда жатпай
Секілді болдым қарға ұшып қонып.
Боп жүрмін өнерімді тауысқандай
Мерт болдым айға шапқан арыстандай
Сұңқардай биік шыңды мекен етпей
Шықылдап көзге түстім сауысқандай.
Сөйлеуден тыйылмай жүр қызыл тілім
Өттің бе айқайменен қайран күнім?
Түлкінің қызылдығы өзіне сор
Сондай-ақ болды маған өлең-жырым.
Бұйырған жұтқан,күмән шайнағаным
Сыртым от,ішім жанып қайнағанмын
Жаныма тыныштық жоқ өзіме қас
Бұлбұлдай әрбір түнде сайрағанмын
Сайрауға дәрменім жоқ, жүрмін қатып
Ұзын түн, ұйқы көрмей жүрмін азып
Һакату-һакату, деп айқап хадис
Мен тұрмын құтыла алмай тілден жазып.
Айналдым бұлт болып биік тауға,
Іліндім шортан болып жібек ауға.
Сөзі жоқ көп кісілер тыныш отыр ғой,
Қызіл тіл сен басымды салдың дауға.
Ақылды аузын жауып тілін ашқан,
Бұл күнде ақыл білім бізден қашқан.
Жеріне ақымақтықты сыйғыза алмай,
Алтынды пұлын білмей жерге шаш.
Жатқанмен алтын жерде кір болмайды,
Жай таспен дүрдің қуны бір болмайды.,
Жаңбыры Аб-рахматтың жауғанменен
Сәденке төгілмесе дүр болмайды.
Жаңбыры Аб-рахматтың нұр болады,
Жауғанмен басқа жайға қар болады,
Жыланға-у, араға бал, тасқа қына
Шұғаны бассаң жерге сор болады.
Тікенге кетсе тамып гүл болады,
Көзсізге көз,тілсізге тіл болады,
Жауғанмен таумен тасқа пайдасы жоқ
Сай-саймен ағын дария сел болады,
Ғаламға Аб-рахмат суын шашар,
Үстім су болады деп адам қашар,
Бір тамшы содан нәсіп бола ма деп
Теңізде сәден жатып аузын ашар.
Бұлттай жауатұғын менің өзім,
Азырақ сөйлейтұғын келді кезім.
Жаңбырдың Аб-рахмат тамшысындай
Әр жерде дастан қылып айтқан сөзім.
Бораған қардай болып бұрқырадым,
Жалғаннан суып көңілім тоқырадым,
Бойыма алтынымды сақтай алмай,
Болмай тұр мұныменен еш мұратым.
Қолында сырнайшының жез болады,
Білгенге жақсы жаман сөз болады.
Гүл іздеп гүлстанда жүрген бұлбұл
Бір күні қаршығаны кез қылады.
Сұрапты қаршығадан сонда бұлбұл
Жалғанда ынтызарым бір қызыл гүл
Қаршыға-ау, сен де құссың мен де құспын
Ақылың бірақ сенің емес қимыл
Беглердің оң қолында тұрағыңыз,
Ерттеулі күнде жүйрік пырағыңыз.
Кекіліктің миыменен жүрегін жеп,
Табылған әрбір құстан мұрадыңыз.
Жақсысыз қымбат баға, қадір қолға
Шығасыз ұлықтармен жүріп жолға.
Жазым боп жазатайым түссең торға
Түсірмей алып кетер қолдан-қолға.
Өткіздім әрбір түнді сайрауменен,
Басымды тікенекке байлауменен,
Көремін деп қызыл гүлдің ашылғанын
Өмірімше зығырданым қайнауменен.
Қыз гүл мен ұйықтамай ашылмайды,
Көзімше аузын ашып шашылмайды.
Оянсам, ұйықтап кетіп ашылады
Қасіретім бір көре алмай басылмайды.
Зарлаймын ұзын түні көремін деп,
Көре алмай ашылғанын қасіретім көп.
Өмірімде бір ашылған уақыт көрмей,
Барамын бұл жалғанда уайым жеп,
Қаршыға келді сонда жақындасып,
Бұлбұлмен сөйлесуге тақымдасып.
Бұлбұл сендей ақымақ құс көргенім жоқ,
Бір гүлге пайдасы жоқ болған ғашық.
Сайрайсың ұзын түні тыным таппай,
Қонасың, көлеңкелі бір бұтаққа-ай.
Жетпеген бір мұратқа мың сөйлейсің,
Сол үшін де қалып тұрсың мұрат таппай.
Аузыңды ақылың болса жабар едің,
Үндемей сабыр қылып бағар едің.
Тілі жоқ, мен сияқты мылқау болып,
Бір күнде мың меруерт табар едің.
Боласың сен ақылды менен қайтып,
Зарықтың бір гүл үшін жапа тартып.
Бұл күнде менін мұратым алып боп тұр
Ауамға үндемеймін бірін айтып.
Бұлбұл айтты, қаршыға сен бір ерсің,
Мұратын әрбір бенденің тәңірім берсін!
Табарым мылқау болып мұрат болса,
Бітпеген, асыл мұрат кете берсін!
Мұратыңды шошайтасың мақтағанға
Жүруші ең, алқамақ боп көл тоғанда.
Қолында көрінгеннің тұтқын болып
Мәз болып жүріпсің де сақтағанға.
Бермейді саған етті қаныменен,
Бір құссың тоятұғын саныменен.
Ертеден кешке дейін ашықтырар,
Алсын деп ұшқан құсты жаныменен.
Бір ұрттам қанын ішсең бір құс алсаң,
Сен ақымақ тамақ үшін болған сарсаң.
Арбакеш сарттарға да қор болғанша,
Тоғайда жақсы емес пе өліп қалсаң.
Жаратқан бір тәңірге жетер датым,
Зарлаған ұзақ түндер мінажатым.
Бітпеген асыл мұрат кете берсін,
Адамға дастан болған бұлбұл атым.
Мұратым бітпесе де көңілім тоқ,
Қарғамен сендей қарғып жемедім боқ.
Шіркіннің қаршығадай сайрауын-ай,
Деп, айтқан бір адамды көргенім жоқ.
Құс болсаң боз балалар бұлбұлдай бол,
Табылар іздегенге бір қызыл гүл.
Әр жерде тамақ үшін қолға түскен,
Тіл алсаң, бола көрме қаршыға сол!