![](https://kozhalar.kz/wp-content/uploads/422452243_122187323090008839_8794122010559291644_n-1.jpg)
Алла айтар Исрафилге қылып ніда,
Жатып дүр көп халайық болып мүрде.
Сүріңді екінші рет және тартып,
Жан кіргіз хушуақ қылып ыныс-жынға.
Исрафил мұннан кейін даярланып,
Бір мәрте сүрін тартар қолына алып.
Әуелден ақырғаша жанның бәрі,
Өзінің денесіне кірер барып.
Алланың әмірімен тірілген жан,
Болады бұрынғыдай үкіміменен.
Әр кісі көрлерінен тұрып тұрған,
Тірілмей қалмас әркім, барша адам
Бәріде ыныс-жынның бас көтерер,
Бір аттың тұяғынан мыңдаған жан.
Маһшарға пенделерді айдаңдар деп,
Құдайым періштеге үкім қылар.
Мәләктар қолына алып күрзілерін,
Мақшарға халайықтың айдар бәрін.
Ол күнде халайықты қапы басар,
Еш пенде бір бірінің білмес жайын.
Жиналар маһшар күні барша адам,
Әркімде зар қылады өз халінен.
Мысалы жер тандырдай қызып тұрар,
Келеді найза бойын күн аспаннан.
Тұра алмас ешбір адам жерді басып,
Баратын жер таба алмас оннан қашып.
Қолдары тізеге түсіп желкесінен,
Тұрады бірнеше уақыт зар жыласып.
Дүниеде пенде момын қайыр қылар,
Жетімнің жесірменен халін сұрар.
Пенденің сонда қылған қайырлары,
Басына сая болып келіп тұрар.
Ол күні жарық болар жүзі хушы,
Отырар төрт бұрышта төрт шадияр.
Сүйікті бір Құданың пендесіне,
Төртеуі сахи болып сусын берер.
Құдая сондай болып шөлдегенде,
Сөйлеуге тіл-можалым келмегенде.
Суынан Хаузы Кәусар нәсіп еткін,
Күнәһар мысыл ғаріп пенделерге.
Ол уақта жахри болып қылған күнә,
Адамзат мойынына алмас сірә.
Менімен пәлен уақта істедің деп,
Қол,аяқ ағзалары болар куә.
Қол айтар меніменен қылдың дегей,
Аяқ айтар менімен жүрдің дегей.
Ылажы жоқ ғаріп бенде мойнына алар,
Қылғаным жоқ демекке тілі келмей.
Дүниеде әрне бенде қылып тұрар,
Караман, Катибанмен жазып тұрар.
Халайық маһшар күні барғаныңда,
Алдыңнан оқығын деп хабар қылар.
Адамдар хат білмейтін болар молда,
Қағазды оқығын деп берер қолға.
Бағзы бір құдай сүйген адамдардың,
Алдынан нама келер яки оңға.
Біледі жақсылығын жазған хаттан,
Оқы деп халайыққа қылар мақтан.
Бағзы бір асы-жапы адамдардың,
Солынан ніда келер яки арттан.
Бәрінде кінәсінің салған хатқа,
Ұялып қарай алмас адамзатқа.
Күнәсы көптігіне көзі жетіп,
Түседі ғаріп пенде ғыжалатқа.
Қолына ылажы жоқ алып аны,
Қағазды ашып көрер оқығалы.
Қараса сауабының ешбірі жоқ,
Орнына жазылып тұр кінәлары.
Пенде айтар бір Құдайға Кәллі Ғалым,
Бұл емес оқып көрдім менің намым,
Жолыңда кеше, күндіз тынбай жүрдім,
Келеді нешік мұндай кінә маған.
Дүниеде неше түрлі хайыр қылдым,
Жетімнің қайырменен хәлін білдім.
Ұшырын қырманымның,зекет беріп,
Өзіме намаһрамды харам қылдым.
Бұлардың ешбірі жоқ бұл намада,
Орнына жазылыпты күнә маңа.
Сол қылған сауабымның орны қайда,
Білдіргін Құдретіңмен Худа уанда.
Алла айтар «маған қылдың қайыр ісін,
Бырақ сен атамадың менің үшін».
Сол қылған қайырыңның сауаб ісін,
Айттым деп ойламадың әркім білсін.
Ораза ман рия болды намазың мен,
Сауабың соның үшін жазылды кем.
Пенденің көңіліндегі ойлағанын,
Айттырмай Құдретіммен білемін мен.
Айтысып ғаріп пенде болар ғамнак,
Ғапы ұрын жағалайын айлайды шәк.
Хадиямен мен ғаріпке тауфиқ беріп,
Көңілімді риялардан айлағын пәк.
Таразы құрылмақ туралы
Әуел күні құрылар таразы кім,
Пенденің қайырын салар баршасын кім.
Бақса бір Құдай сүйген пенделердің,
Кінәсі сауабынан боладүр кім?.
Сауабын ауыр келген пенде көрер,
Қуанып көңілдері шадман болар.
Басқа бір асы-жапы пенделердің,
Күнәсы сауабынан ауыр келер.
Күнәсын ауыр келген көрер пенде,
Толады қапаланып көңілі ғарға.
Сауабым не себептен кем келді деп,
Алдына таразының барғай пенде.
Қолымен таразысын көрсін барып,
Алмас деп көңіліне көрсе сеніп.
Намаз, ораза, қайырдың біреуі жоқ,
Кетіпті сонің үшін күнә басып.
Пенде айтар бір Құдайға зарын қылып,
Намазды оқып едім түнде тұрып.
Намаздан бұрынырақ құтылып ем,
Жолында кеше күндіз тынбай жүріп.
Олардың бұл намада ешбірі жоқ,
Орнына жазылыпты күнәһім көп.
Құдаға ғаріп пенде зарын қылар,
Өзіңнің құдіретіңмен білдіргін деп.
Алла айтар маған қылдың көп құлшылық,
Бәрінде қызметіңнің тұрмын біліп.
Дүниеде тірі жүрген уақытыңда,
Әркімді сырттан айттың қапа қылып.
Төгілді күнәлары ол пенденің,
Орнына сауабтарың кірді сенің.
Қайырыңды неше жылдық оған бердің,
Сыртынан ғайбат сөзді айтып оның.
Есітіп ғаріп пенде қам күн болып,
Тұрады қызыл жүзі гүлдей солып.
Бағзы бір асы-жапы пенделердің,
Амалын таразыға салғай келіп.
Болмағай ол пенденің қайыр ісі,
Дүниеде күнә болғай бар қылмысы,
Жетімнің жесірменен ақысын жеп,
Өлтірген дүниеде неше кісі.
Күнәнің дүниедегі қылған бәрін,
Оразамен барһам беріп намаздарын.
Ісінен қайырменен зекет бермей,
Арамның жер жүзінде жиған бәрін.
Басқалар таразысын пысық қып жүр,
Зәредей сауабтары жоқ болып жүр.
Әй пендем, қайырың кәні көрсеткін деп,
Құдайым ол пендеге ніда қылур?
Алла айтар топырақтан адам қылдым,
Дүниеде ғылым, хикмет бәрін білдің.
Жердегі мақлұқтардың баршасынан,
Әзіз боп әуелінде жаратылдың.
Хақ жолын ақыл бердім білмек үшін,
Мешітке аяқ бердім жүрмек үшін,
Он екі ағзалырың түгел еттім,
Дүниеде бұйрығымды қылмақ үшін.
Көз бердім оқысын деп Құран кітап,
Зікірімді айтсын деп тілді беріп.
Өзімнің құдіретіммен күнбе-күні,
Ризығыңды тұрып ем әр жыл беріп.
Менен деп ойламадың оның бірін,
Әркімнің нәзірім деп алдың малын.
Зәредей таразыңда сауабың жоқ,
Бұл күнде нешік болар ахуалың?
Есітіп ғаріп пенде көп қапа болад,
Жері жоқ мұнан басқа мойын бұрар.
Я, Алла арызым бар тыңдағын деп,
Топыраққа жүзін қойып жылап тұрар.
Деп айтар ғаріп пенде қылып нала,
Бар еді зин перзентім,Ата-Ана.
Олардан сауап бер деп өтінейін,
Ақырда рұхсат берсең Хақ тағала.
Тілегін Хақ тағала қабыл көрер,
Пендеге бармағына рұхсат берер.
Көзінен қатар-қатар жасын төгіп,
Алдына атасының пенде келер.
Пенде айтар атасына болып құрбан,
Дүниеде әзіз көрген перзентіңмін.
Өлшеуге амалдарды салып еді,
Сауабым кем келіп тұр күнәһымнан.
Әй ата, соның үшін сізге келдім,
Балаңның ғаріп болған хәлін көргін.
Аталық құрметіңмен мархамат қып,
Азырақ мен ғәріпке сауап бергін.
Аларып атасы айтар баласына,
Менде де сұралмаған көп дүр күнә.
Бұл күнде саған берер сауабым жоқ,
Сауапты басқалардан барып сұра.
Есітіп ғәріп пенде қылады зар,
Көзінен жасын төгіп абыржапар.
Алдынан атасының күдер үзіп,
Зар жылап перзентіне жақын барар.
Пенде айтар зар қылып,- Әй, перзентім!
Дүниеде сені жақ деп айтар едім.
Бір сені пәруаш қылып күтемін деп,
Өзімді неше түрлі іске салдым.
Көп болды соның үшін күнәларым,
Өлшеді таразыға салып бәрін.
Азырақ нұр дидарым сауап бергін,
Атаңның халық ішінде көріп жайын.
Есітіп перзенті айтты: – Е, атажан!
Бұл күнде менде сендей ғапыдамын.
Ұлыңды халық ішінде қылма зікір,
Бар болса маған бергін сауабыңнан.
Бұл сөзден қапаланып ғаріп пенде,
Аузынан оттар шығар, уһ дегенде.
Бұл күнде баладан да күдер үзіп,
Алдына қатынының барар онда.
Пенде айтар қатынына: – Әй, халалым!
Дүниеде бір сен едің сүйенгенім.
Өмірімді сеніменен көп өткіздім,
Ата-ана, ұғыл, қыздың қойып бәрін.
Сен үшін дүниеде не қылмадым,
Мал бар деп неше мүнкір жайға бардым.
Бір сені пәруәш қылып көтерем деп,
Өзгенің неше түрлі ісін қылдым.
Бұл күнде ғапыдамын Ей, некедар!
Күнәһым сауабымнан көп келділар.
Азырақ мен ғаріпке сауап бергін,
Еріңді көп алдында айлама қар.
Қатыны дер бұрын мені қайдан көрдің,
Білмеймін еш нәрсесін сендей ердің.
Дүниеде сен секілді халалым жоқ,
Жалғаннан жала қылмай жүре бергін.
Есітіп ғәріп пенде қапаланар,
Аузынан аһ дегенде оттар жанар.
Ұл, перзент, атасынан күдер үзіп,
Алдына Тәңірінің қашып барар.
Алла айтар ніда қылып я, пенде.
Еш сауап бермедіме олар сенге.
Зан перзент, әһлі әйел әулетім деп,
Дүниеде тең көрмедің ештеңеге.
Көңіліңде жақсы көрдің сен оларды,
Бұл күнде кәне саған бергендері.
Ақыры қысыбыңа нашар келдің,
Мал жинап олар үшін бекер қылдың.
Есітіп ғәріп пенде қапаланар,
Болған соң Хақ әмірі нешік қылар.
Я, Алла саған қарар жүзім жоқ деп,
Бастарын төмен салып жылап тұрар.
Алладан хабар келер мархабат нақ,
Әй, пендем басың көтер болма ғамнақ.
Фәзіліммен сауабыңды ауыр қылдым,
Күнәдан терезеңді айладым пәк.
Мен дүрмін Ғайыпыстар Рабби Ғапур
Ықыласы маған қойған Мұрад тапур,
Күнәңнің әуел ақыр бәрін кештім,
Ешкімге мұхтаж болмай шаттанып жүр.
Алладан пенде есітіп бұл башарат,
Шүкіріне сәжде қылғай болып аншат.
Оннан соң шаттықпенен көңіл кешер,
Ол күннің ғапысынан болған соң шат.
Маликка ніда қылғай шаһи жаһан,
Айырғын жақсыларды жаһаннамнан.
Бөлдіріп әр қайсысын бір сап қылып,
Өзінің әркім тұрсын жынысыменен.
Алланың әмірі мен періштелер,
Жиналған маһшардағы халыққа келер.
Әркімді дүниедегі жынысымен,
Періште пенделерды қойды болар.
Пайғамбар, шаһит пенен әулиелер,
Әрқайсысы өз алдына болып тұрар.
Қазы мен тақуа, шаһид, қажыларды,
Ажыратып әрқайсысын бір сап қылар.
Айырар сақылардан бақылдарды,
Ғалым мен әділдерден жаһилдерді.
Құда жай пенделерден ажыратар,
Тұтпаған Хақ әмірін асыларды.
Мажуси пенде жүһүб және тарса,
Дүнсида бұл сыпатты кәпірлерше.
Періште әр қайсысын бір сап қылып,
Өзінің жынысы мен тұрар барша.
Қолына Расул Құда ақ ту алып,
Маһшардың оң жағына тұрар барып.
Қасынан пайғамбардың орын алар,
Әр пенде Хақтың әмірін жүрсе танып.
Әзәзіл қызыл туды қолына алып,
Махшардың сол жағына тұрар барып.
Тіліне ол малғұнның кірген пенде,
Әрқашып бірге барар кейін қалып.
Құдая асы құлмын көп күнәһым,
Өзіңсің айып тағар падишаһым.
Жақсылар қатарымды дақыл етіп,
Жүзімді маһшарда ақ қыл я, Аллаһым.
Ол күні неше жерде сап құрылар,
Жараса күнәһына әркім тұрар.
Дүниеде салтанатты патшалар мен,
Есікке кіре алуды бірдей қылар.
Тұрады иманды құл шамы жанып,
Айдай он төртінші шамаланып.
Жүздері күнәлінің қара болып,
Тұрады ғыжалат пен ардақталып.
Құдая кіл момын мен мұсылманды,
Бір біліп бір өзіңе ұсынғанда.
Расулдың шапағатын нәсіп айла,
Сол күні күнәлі боп қысылғанды.