Білген Шайыр айтады

Өрескел болыпты ғой соның, жиен

Қазақтың арасында нағашы-жиен болып ойнап сөз қағысу бір-бірін мінеу, әзілдесу мен қалжыңдасу бұрыннан келе жатқан дәстүр. Оны күнделікті өмірден қаншалықты орын алғанын мақал-мәтелдерден оңай аңғаруға болады. Мысалы, «Жиен мал болмайды», «Бір жиен қыдырып келгенше, бес бөрі қойға шапсын» деген сөздерді естімегендер кем шығар. Ал енді екеуі бір-біріне туған нағашы мен жиен болып келетін Мәделіқожа мен Майлы қожаның өз ара оқта-текте сөз қағысып тұруы тіпті заңды құбылыс. Оны Майлықожа нағашысы қайтыс болған соң басына тұрғызылған сағанасына барып «Тірі болсаң сөзімді елер едің, Мазақ етіп бір сөзбен күлер едің» деп аузына алған сөздерінен-ақ байқауға болады. Солардың ел аузында сақталып қалғандарының үшеуіне жол берелік.

Бірде Майлықожа дариядан салмен өтіп келе жатқанда байлаған салы тарқатылып кетіп, киімдері салмен бірге ағып кетіп, өзі малтып жүріп дарияның шетіне әзер шығады. Жақын жердегі бір үйден тон алғызып, өзі әбіржіп тұрғанда үстіне Мәделіқожа келіп қалып:

Үстіңде құтты болсын тоның жиен,

Тоныңа жасырынбас қолың жиен.

Киіміңнің бәрі де салмен кетіп

Өрескел болыпты ғой соның, жиен, – депті.

Сонда Майлықожа нағашысына қарап:

Салмен түстім дарияға

Ақыл салмай қарияға,

Бұл да әзілден жазылған-ды,

Жар салмаңыз жарияға, – деген екен.

 

БАЖАҚТЫҢ БОЛЫП ЖАТЫР МӘЖІЛІСІ

 

Бажақ деген дәулетті кісінің асына Мәделіқожа, Майлықожа, Байырбек ақындар барыпты. Қонақтар нашар күтіліпті. Сол жайды өлеңнің басын бастаған Мәделіқожа, ортасын Майлықожа, аяғын Байырбек шығарып айтып  шығып  кетіпті.

Мәделіқожа:

Бажақтың болып жатыр мәжілісі,

Майлықожа:

Ит жүгіріп, құс салған әзіл ісі.

Байырбек:

Бұл кісі сахабадан кем болмады,

Атанды Меке барып әжі кісі.

Мәделіқожа:

Менің атым бұл жерден үркіп отыр,

Майлықожа:

Жүрегім май ішкендей кілкіп отыр.

Байырбек:

Үш қос уыс жем жеген тұғыр аттай

Байырбекте дорбасын сілкіп отыр-деп орындарына тұрып аттанып кетеді.

 

ШАҢҚЫЛДАП КҮШІГЕН ҚҰС БҮРКІТ БОЛМАС

 

Бір топ жолаушы келе жатып, жол үстінде бір қара шайлаға (лашық) кез келеді, осы жерге «ат шалдырайық» деп сөйлес қылады. Үйден басына ақ орамал байлап алған еңгезердей қара кісі шығып бұларға бажырайып қарайды.Әйелінің құлағы саңырау екен, келгендер мен ісі болмай, қазанда қайнап жатқан шайын сапырып қара құманға қотара бастайды.

Іштерінде Майлықожа, Мәделіқожа, Құлыншақ ақындар бар екен.

Майлықожа:

Шаңқылдап күшіген құс бүркіт болмас,

Құлыншақ:

Қара су сапырғанмен іркіт болмас,

Мәделіқожа:

Таздың басы, саңыраудың құлағы екен,

Бұл жерге аттың басын іркіп болмас, – депті.

Осы сөзді есіткен соң жолаушылар бастарын изесіп, ол жерге ат шалдырмай жүріп кете беріпті.

 

МӘДЕЛІ МЕН БАЙТАҚ АҚЫН

Түркістан шәһарінде Жаппастың дауына жауап беруге барған Мәделі, шайханаға кірсе бір топ адам жиналып шай ішіп отырған екен,әңгіме Мәделінің үстінен болып жатса керек.  Жиналған мәжілісте «Қоқан бектерін шариғатты айтып тоқтатып кетіпті»деген сөзді есіткен Байтақ деген ақын Мәделі батырға қарап былай деп қажыпты:

Байтақ:

Қуаң-қуаң, етесің, қуаң қожам,

Сыймаған сұрып көйлекке жуан қожам,

Жолына шариғаттың шәк келтіріп,

Кетті ғой қабыл болмай дуаң, қожам.

Сонда Мәделі:

Арық Байтақ, Басы таз, ішек-қарны Жарық Байтақ,

Ақмешітте бір қатын зар жылайды,

Жесіріңді алып кел барып Байтақ,

Шариғаттың жолына шәк келтірмей,

Қоқанға құл бола ғой барып Байтақ – деп аяқ-қолынан ұстап есікке қарай лақтырып жіберген екен. Мәні Байтақ ақын  Түркістан маңын жайлаған елің адамы, туыстарынан бір жігіттің айттырып қойған қызын Ақмешіт маңындағы кіші жүздің жігіттері алып қашып кетіп,теңдік бермей кетеді. Ел  арасындағы іс білермен дегендері, некесі қиылып қойды шариғат солай деп сөз бұйдаға салып аяқсытып жіберген екен.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button