Білген Шайыр айтады

Ұлбике мен Мәделіқожа айтысы

Айтыс Түркілер арасында ғана емес, жалпы адамзаттың барлығында бар. Әр кімде өз ой жүйесін әсемдеп жеткізгісі келеді. Бірақ, сыпыра айтыс, мерекелік айтыс, яғни мереке, той-думанда көпшілік жиылған жерде кең түрде  айтысу Қазақтың ғана маңдайына жазылған деп айтсақ ақиқаттан онша ұзап кете қоймаймыз. Айтыс Қазақ мәдениетінің биік бір шоқысы. Ал шоқыға шыққан адам әудем жерден арыны көре алады. Яғни, айтысқа көкірегі ояу, көзі ашық, көңілі жарқын адамдар ғана бара алады. Ал бұл Алланың адамға берген бір дәрежесі. Халық ақынды Алланың берген дәрежесіне бола қадірлейді.

ҰЛБИКЕ МЕН МӘДЕЛІҚОЖА

Ұлбике

Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,

Тал бойыма жинақтап қаттап алғам,

Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп

Өлеңімді әніммен баптап алғам.

 

Мәделіқожа

Жастайымнан сұлуды көп таңдаймын,

«Мінезіне ісі сай ма?» деп таңдаймын.

Өздеріңдей сұлудың зәрлі сөзін,

Көңіліме ауырлап өкпе алмаймын.

 

Ұлбике

Әудемжармен әуелі үнімді аштым,

Он екімде өлеңмен тілімді аштым,

Он үшімде өзімдей бозбаламен

Жұмбақ айтып өлеңмен жағаластым.

 

Мәделіқожа

Бақ-құт деген бармақтай болады екен,

Қыз бен жігіт басына қонады екен,

Еркін өссе екеуі он алтыда

Аспандағы айдай боп толады екен.

 

Ұлбике

Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,

Бесігімде үйренгем бар өлеңді,

Балапандай кезімде қайран шешем

Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.

 

Мәделіқожа

Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі,

Қысылса да аузына сөз түседі,

Өлең айтып отырған Ұлбикенің

Кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі.

 

Ұлбике

Бес жасымда шешеме болдым шырақ,

Сегізімде әкеме қойдым құлақ,

Тоғыз жасқа келгенде үрдей болып

Өлең айттым наурызда үй жағалап.

 

Мәделіқожа

Өлең айтып бәдікте үніңді аштың,

Көп алдында қалқайып маржан шаштың,

Ат арытып айтысқа келгендердің

Арқасына ырситып қамшы бастың.

 

Ұлбике

Әуелден-ақ адамзат тіл, көмейлі,

Шайпау сөз қыз жөнінде не демейді?

Іздеп келген сол ақын кетіп қалған,

Қой да үріккен жағына беттемейді.

 

Мәделіқожа

Бетке жақса опа да әр береді,

Ақ көйлекке қос етек өң береді,

Сұлу қыздың жүрісі, жөні бөлек,

Ондай қызға қай жігіт тең келеді?

 

Ұлбике

Адасқан жүре берсе жолын түзер,

Арық ат жал біткенде белін түзер,

Айтатын осындайда жұмбағым бар,

Күрмеуді шеше алмаған арқанды үзер.

 

Мәделіқожа

Көзі ашық адам ашар кітап бетін,

Біліммен тоқсан тоғыз тілдесетін,

Бір тілді ақын қызға қамдап келгем,

Абайла, кездігім бар тіл кесетін.

 

Ұлбике

Бүгінгі пісіргенім кесте күлше,

Үш бұрыш, төрт бұрышты кеспе күлше,

Жалын-оқ ішімдегі атылады

Бейауыз қай-қайдағы бөспе күлсе.

 

Мәделіқожа

Тон киер ару жігіт сәнді әдіпті,

Хат жазар, орамамен жеті әліпті,

Арғымақ асау тайдан қалып кетсе

Әйтеуір не де болса бір кәдік-ті.

 

Ұлбике

Шықпайды неге ажырық сортаң жерге,

Теңізде дем тартпайды шортан неге?

Айта ғой білгіш болсаң өлеңіңмен,

Кешке қарай шықпайды Шолпан неге?

 

Мәделіқожа

Білгендер балық жаны суда дейді,

Тамыры ажырықтың буда дейді,

Жер үстін мекендеген Шолпан қыздың

Шырқаған шыбын жаны нуда дейді.

 

Ұлбике

Әуелгі ел мен жұрттың тегі бар ма,

Аспанның керегесі, шегі бар ма?

Тағы да ауыл көшсе мекендейтін

Құдайдың жер астында жері бар ма?

 

Мәделіқожа

Екі айдың батар, шығар екі ортасы,

Айтайын сен білмесең үй арасы,

Айта жүр сұрай қалса ел-жұртыңа

Болмайды жер мен көктің шекарасы.

 

Ұлбике

Ішінде әптиектің «пе» болады,

Қос ноқат қойса үстіне «те» болады,

Айта ғой білгіш болсаң, ей Мәделі,

Сұраймын құс атасы не болады?

 

Мәделіқожа

Әуелден жаратқанның жолы аян,

Өлеңге құлағың сал, бері таян.

Кем ақыл сен білмесең мен айтайын,

Болады құс атасы Шегірбаян.

 

Ұлбике

Бұқара оқығанның өрісі бар,

Балаға тәлім болар дәрісі бар,

Қожадан оқып шыққан кәлпелердің

Әйтеуір қайда болсын ырысы бар.

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button