Айтыс
Пірді сағынам үйреткен құдай жолын,
Надандарға танытқан оң мен солын.
Байдан алса, нашарға тарататын,
Сағынбасқа бола ма ел қамқорын.
Бай демей, әкім демей көзге айтатын,
Істеген істерінің теріс, оңын.
Ниеті ізгі болған соң ел де құлап,
Ат берген, атан берген, ұстап қолын.
Байларға – пір, кедейге тамақ болған,
Нағыз – ақ пайғамбарға мирасқорым.
Келмесе мәжілісін халық сағынып,
Қуанып, келсе төрден орын берген.
Өмірде мал жимаған өз басына –
Бәрін берген нашарға, жолдасына.
Қайдағы жыртық киім, дорбалыны,
Жиып ап, асыраған өз қасына.
Ешкімнен ешбір нөрсе сұрамаған,
Жұрт өзі әкеп берген ықыласына.
Даламның қандай еді абыздары,
Диуана, ишан, қожа, ғазиздары.
«Құдайға жақын жан» деп ұғылғаннан,
Көп ауруға ем болған лебіздері.
Бақытсыз, кәріптерді жұбататын:
«Бейшара, кезің бар деп таң ататын.
Тым болмаса, жұмақта сайран салып,
Мезгіл бар деп хорлармен бір жататын».
Кім жағы тартса, соған сабыр салған,
Үміт сөйлеп, қуантып көңілін алған.
Жақынымен кімде-кім араздасса,
Табыстырған, әдейі іздеп барған.
Кім нашарды жесе, айтқан: «күйесің» деп:
«Обал, бұған жазықсыз тиесің» деп.
Дұрыс сөзін айтудан қаймықпаған,
Бермей қояр ат пенен түйесін деп.
«Айтқаны келеді» деп халық сенген,
Халық өзі наныста соған ерген.
Сондықтан батырлар мен хандар дағы,
Қол қусырып, пір қылған, малын берген.
Батыр мен хан қауіпті дұшпандарын.
«Жалаңаш баба» бата берсе жеңген;
Өз жолын жұртқа жайып таратпаққа,
Мешіт сап, медресе ашқан әрбір елден.
Білген ғылымын үйреткен құдай үшін,
Ақы алмаған өмірде еш біреуден.
Ат қойған азан айтып құлағына,
Бата ғып: «Бақыт бер,- деп,- шырағыма».
Зияндастан қылғалы мені қалыс,
Талай тұмар қадаған тымағыма,
Азан сап ертенді-кеш күңіренткен,
Ұйқыдағы адамды тебіренткен;
Ауырсам, қасымда боп ем-дом қылып,
Өлсем жуған, саулатқан «табарактен»,
Осындай ғазиздардың мен аттарын,
Борыштымын атауға зор құрметпен.
Сұлтанмахмұт Торайғыров
«Айтыс» өлеңінен үзінді. 1919 жыл