Майлықожа

Етжемес ишанға Жолбарыстан хат

Ассалаумағалейкум,

Әзірет ишан піріміз,

Бұл ықылымнан табылмас,

Сіздің сыпат түріңіз.

Сіздің қадам жеткен соң,

Боп еді абат Сырымыз.

Шариғат жұғып кіргенде,

Жуылған кінә кіріміз.

Ғаламға ұстын адамсыз,

Саламат дауам тұрыңыз.

Халықтың қамын ойлайсыз,

Абат қылып ерге сайлайсыз.

Жаһанға пайда тигізген,

Көрінген халыққа едіңіз.

Көкіректе толы нұр болып,

Жайыңыз қадам сыр болып,

Жарасып үйге кірдіңіз.

Біз қызметкер құлыңыз,

Назарды салып жүрдіңіз.

Дүниеден қайтты өткен жыл,

Майлы ақын қожа ініңіз.

Ол еді толық дүріңіз,

Көңліңізге жарасқан,

Кетіп тұр талас құрбыңыз.

Орнында зүрият адалмыз,

Үйімізде жатқансыз,

Жәрдем қып арқа жанғансыз,

Сырдың бойы көркейіп,

Кәрәміңіз[1] жаққансыз.

Көп кеткен ықылас назымсыз,

Есіңізге алғайсыз,

Мейірбан назар салғайсыз.

Тыңдап жүрген шайтанды,

Тұмсыққа қайтып ұрыңыз,

Біз ғапыл жүрген адасып,

Жәрдем қолын жайғансыз.

Қисық жолға кеткенді,

Тұралап жолға бұрыңыз.

Жүрегіміз қабынып,

Көрмекке сізді сағынып,

Сәлем бере, «тақсыр» деп,

Келіп тұрмыз мына біз.

Майлықожа ініңіз,

Ақын боп озған уағында,

Жандаралды қашырған,

Тұлпардай түсіп табына.

Ол кісі озды қауымнан,

Арық шауып тынбады,

Туғам деп халықтың қамына.

Артық көрген пір еңіз,

Жолықпай бізге жүр еңіз,

Еңкейдім Сіздің алдыңа,

Көрмекке көңіл сағына.

Сізді Алла аман қылғай-ды,

Жәми халық бағына.

Мінәжатқа көңіл ерінбес,

Сіз порым адам көрінбес,

Көз жіберіп қарасам,

Қарайған халықтың жамына.

Орыс, қазақ, сарт болып,

Илікті бәрі жұрт болып,

Сіз болдыңыз басқарған,

Халықтардың білген хәліні,

Қайыл емес ешкім жоқ,

Еш кімде Сіздей пайым жоқ,

Ет жемес ишан намына.

Зиярат қыла келгенім,

Жалғанда қызмет еңбегім,

Тақсыр-ай жәрдем қылыңыз,

Мүшкіл, ғаріп хәліма.

Сағынған Хазрет жанабын,

Есен көрді көзіміз,

Көптен бері болмады,

Орайлаған кезіміз.

Саламат,күйлі бармысыз,

Жанабы Хазрет өзіңіз.

Ахырет киім болыпты,

Бес қарыс мата бөзіміз.

Не ерлерді жоқ қылған,

Дүниеден көңіл қойдыңыз,

Дидарыңыз көргелі,

Зиярат сәлем бергелі,

Хазрет ишан Сізге арнап,

Осы арыз жазған сөзіміз.

 

Жүсіп бөлеме хат

 

Жүсіп бөлем, алдыңа жаздым бұл хат,

Жұрттағы жақсылар мен болдың үлпәт.

Заманаға қымбат бір бала едің,

Бұл қағазда жазылған Сізге сыпат.

 

Алдыңа қағаз жаздым мырза Жүсіп,

Жұлдызың ыстық болған қызға Жүсіп.

Сымбатыңа қарайды Сұлұ қыздар,

Тартынып,бір бірінен қызғанысып.

 

Жылқы болсаң шын жүйрік арабысың,

Аббас дария,сен арал тарабысың.

Арқауың мен иірсең бірдей жібек,

Осы уақытта жігіттің манабысың.

 

Аббастан сұңқар туды саяқ сақты,

Соған сенің мүшеңнің біткен әпті.

Батыр басы датқаға куйеу болдың,

Қырық сан Ташкеннен озған бақты.

 

Аббас ағаң адамда сұңқар жүрген,

Дабысын Қоқан менен Бұхар білген.

Қырық мың ләшкер ілесті молла биге,

Ақ қара бас ту алып тұлпар міеген.

 

Ер Нарбек полат еді уша қалды,

Аз өмірге таба алмас кісі амалды.

Молла Қошық,Батырбек,Қанай еді,

Қоқанда озған көрдік үш адамды.

 

Есіл Нарбек епсіз мәрт тұған еді,

Арыслан ата өрнегін қуған еді.

Мал арттырмай дүниеде дос арттырып,

Ер болып елдің жүзін жуған еді.

 

Нарбек өтті дүниеден Оралда өтті,

Елдің екі устыны, олар кетті.

Есенбай еске түссе ашынамын,

Ақыйхат сөйлеуші еді болар гәпті.

 

Жүсіп жан устын болдың терек болып,

Сын-сыпатың өзгеден бөлек болып.

Алдыңа бір арыз хат жазып келдім,

Екі-үш нәрсе көңліме керек болып.

 

Аббастың қайын атасы датқа Асқар,

Ол қоңыратқа қарқара болған дастар.

Сенің атаң Тәшкенде батыр басы,

Ілескен Қоқан уақта қырық мың лашкар.

 

Бекей байша,Әлмембет жолма жолдан,

Абдрахман,Атымтай бала олжаң.

Қай жағынан келсеңде өңкей асыл,

Дархан,Шошым ішінде Танай болған.

 

Шамшырақ жанды бала бастарыңнан,

Жек-жат болдың қазақтың арланыман.

Қараның ханы болған ауыл сүйді,

Жүсіп сенің жұлдызың асқанынан.

Көп егінші қожаның бірі болсаң,

Боқтайма деп болмаспа ең бас қамыман.

 

Аббас ағаң атқарған сорап халықты,

Қалекең көп жұмыс пен о да жақты.

О,жағың, бу,жағың мен бірдей манап,

Екі жағың бәйге алған,бәрі даңқты.

 

Баласың әр кім менен бара бардай,

Қабырғаң күшті келді қара нардай.

Қайындарың қараның ханы болды,

Тастан соққан қалындап қамалдардай.

 

Жауынгер батыр ел жоқ Шанышқылыдай,

Орыс келіп маңдайы тасқа ұрынды-ай.

Жұрттан асқан ауылға күйеу болдың,

Жүсіп сенің жұлдызың асты мұндай.

 

Жүсіп бөлем жігітсің, сыхаты[2] саз,

Аббас ағаң қадыры артық падша мыжаз[3].

Дәулетіңнен үш буйым үміт етіп,

Алдыңызға жазамын арыз қағаз.

 

Алдыңызға ақ қағаз бітіп келдім,

Үш буйым зәрурат боп, ынтық болдым.

Үш жүз қадам жерінен  теңгені атқан.

Сегіз  сырлы,перен бір мылтық бергін.

 

Үш ағаңның ізінің бәрі мәлім,

Үш нәрседен болмайды тарынарың.

Құс салу,мылтық ату қумары еді,

Қалекең мойындапты қарығаның.

 

Биліктің Аббас көрді дәуірлігін,

Молла болмай ілімгек тәуірлігін.

Екеуінің арқалап бар бейнетін,

Қалекең жалғыз тартқан ауырлығын.

 

Қалекең осы күні құс салмайды,

Ықласы мылтыққа да түсе алмайды.

Беркені ат,тұйғынды сал десеңдағы,

Мехнат деп қолына алар усамайды.

 

Аббасқа ақын болдың қысылғанда,

Қаламың тең,орыс пен мұсылманға.

Жан рахатын үш ағаң ойланыпты,

Құдай қуат берсін деп Жүсіп жанға.

 

Жүсіп жан өлең қылдым санатыңды,

Алдыңа арыз қылдым бұл каламды

Мылтығы берденке, құста тұйғын,

Асып қолқа салмадым қамбарыңды.

 

Тұлпар бала аяғың сүрінбесін,

Ақ бұлттай бақытың дүрілдесін.

Қалекең рахаттың үстінде боп,

Аббасқа өмірі узын ұлын берсін.

 

Аббас ағаң Тәшкеннің қақпасындай,

Талабы артық жүрегі ат басындай.

Жарым падша шақырып кеңес сурар,

Жай жатсада бір елдің падшасындай.

 

Жүсіп жан дуадамын жазы,күзін,

Өмріңді Аллатала қылғай ұзын.

Таңдап алған жарың мен қоса ағарып,

Датқаның дәулет серік қылғай қызын.

Қолжазбалардан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы

[1] сыйласу

[2] денсаулығың

[3] сипат

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button