
Дүние-ай, алтын дедім, күміс дедім,
Сеніменен болайын біліс дедім.
Қыза-қыза келгенде қызметіңді,
Күнді місе қылмастан түнде істедім,
Сен маған, жалған дүние, разы бол,
Сенің де қызметіңді кұп істедім!
Жігітке тумақ қиын, өлмек оңай,
Рахат таппақ қиын, бейнет онай.
Байымақ кедейліктен көп машақат,
Байлықтан кедейлікке келмек оңай!
Туған ай жарық болар толған сайын,
Пенде Алланы білмейді болған сайын.
Болғанда ақыл – таяқ, ашу – пышақ,
Кемиді сол таяғың жонған сайын!
Жазғанын әркім көрмек пешенеге,
Жолығар талай қызық есен ерге.
«Сеніменен бір жолдас боламын» деп,
Сұм жалған уәде еткен нешелерге.
Қөңіліміз раушан боп көтерілер,
Жақсылар өздеріңдей келсе бірге.
Әр пенде дүииеге бір-бір келіп,
Кетеді күні бітсе бір күн өліп.
Жатады өлгеннен соң не жақсылар,
Астында қара жердің ділгірленіп.
Дүние бір ескі жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге мал, бас құралмаған.
Қанша жан дүниеден кеткен өтіп,
Бәрі де опа қылып тұра алмаған!
Көңілі адамзаттың гүл емес пе,
Сөйлейтін алуан түрлі тіл емес пе.
Сөйлейін алдарыңда тамашалап
Ғанибет тірілікте бұл емес пе?!
Жолдарын ақындықтың еткен нұсқа,
Жайылар ақыннан сөз бөтен нұсқа.
«Қорғаймын тірі жанды» деген екен,
Береді өзі нәсіп ұшқан құсқа.
Жүзеді суда балық ауа бармай,
Іште бала жатады қорек алмай.
Дүниеге келгеннен соң бір өлім хақ,
Барады кімнен өмір артта қалмай?
Жақсыға Алла өзі нәсіп бермек,
Жақсының халық қалаған соңына ермек.
Мысалы бұл дүние кешпе керуен,
Бұрыннан келе жатқан кетпек-келмек.
Кісі жоқ, сыр алдырмас мактанса да,
Қақпанға қасқыр түсер сақтанса да.
Алтын көрсе періште жолдан шыққан,
Дүние алмас кісі жоқ, ақтанса да.
Адамның тыныш жүрген бәрі момын,
Парық қылмас сақы адамдар бары-жоғын.
Ақылды, парасатты кей адамдар,
Айтпай-ақ түсінеді істің жөнін.
Сіздермен бір мүсипат кез келіппіз
Болған соң ақындықта жүрген жолым.
Комментарий
Майлы атамыздың бұл толғауы – байлық пен оған құнығу, пендесі байыған сайын Алласын ұмытатыны, баюдың машақаты мен байлықтан кедейлікке қарай жолдың төте екендігі туралы.
Ұлы бабамыз байлықтың да, кедейліктің де табиғатын жақсы білген. Материалдық тұрмысы орташа болғанымен, Алла дарытқан рухани байлығының арқасында «талай қадірлі есіктерді» көрген адам.
Өз заманында ақынды қонақ етіп, қадірлі төрін беріп, термелері мен арнауларын тыңдау – талай бай-бағлан мен би-болыстардың арманы болған…
Үсен Асқаров





