Датқаның артық еді берекесі,
Көлемді ақ бұлттай көлеңкесі.
Ат шаптырған Сарымсақ, Нарбек батыр,
Датқаның құтты болсын мерекесі.
Аттарыңды атамай, көңіл толмас,
Датқадай ер Дарқанға бінә1 болмас.
Әкеңіздің жиыны құтты болсын,
Тоғызбай мен Жолшыбек, мырза Жолдас.
Молда би тұлпардай-ақ дабырлы еді,
Сасатұғын күндерде сабырлы еді.
Үсенбек, өз үйіңнен кетті әкең,
Кетердегі сарқыты Қыдырбегі.
Қарадан батырбасы хандар айтқан,
Көркі еді Алаштың барлығы айтқан.
Немеренің үлкені сендер едің,
Аймамбет пен Ахмет, Әбдірақпан.
Батырбасы өлді деп дабысынан,
Заман келді қырынан, шалысынан.
Айға шапқан атақты арыстандар,
Аянбай ат шаптырдың намысыңнан.
Датқа бір бұрынғыдан қалған адам,
Сендердің қадірің білмес барламаған.
Өркешінен ет кессе бақырмаған,
Артық затың нартайлақ аруанадан.
Белгісі дегдарлығың әр жеріңде,
Заманның ескермедің тар жерінде.
Басына тау арқалап, тас көтерген,
Заманның ескермедің тар жерінде.
Басына тау арқалап, тас көтерген,
Берсін де құдай қуат Нарбегіңе.
Датқаны Нарбек жоқта жерге жайлап,
Ылажсыз Сарымсақты биге сайлап.
Уыттарың ішіңе жаңа келіп,
Жатырсың ат шаптырып, енді қайнап.
Күнің шықты, ажырап бұлттарың,
Біраз күн жетімсіреп ұлттарың.
Істеріңнің бәрі де шырайланды,
Ішіңе жаңа келіп уыттарың.
Нарбек айға арыстандай талап қылған,
Беліңнен май, тізеңнен қан ақтырған.
Дарқанға ай жарқырап туды десті,
Дегенде Нарбек шықты абақтыдан.
Жүйрік ат дем ала алмай терге түсер,
Ызғырық таудың басы желге түсер.
Қайдағы қатты күнде жақсы таңдап,
Алғыр құс сақып шеңгел ерге түсер.
Нарбек, келдің Дарқанға бақтай болып,
Айланды қара аруақ жақтай қонып.
Келдің бе есен-аман, Нарбек батыр,
Бәйгіде аңға түскен аттай болып.
Алашқа айқын еді дабыстарың,
Артықша әр кісіден намыстарың.
Темір қапас ішінде жатып қалып,
Келдің бе есен-аман, арыстаным.
Сен келген соң, ел-жұртың еркейісті,
Иілмеген кісілер еңкейісті.
Үйіңе есен-аман келгеннен соң,
Аты Дарқан, ел-жұртың көркейісті.
Дұшпаныңнан тұманың түрілгендей,
Еліңнің берекесі кірілгендей.
Көркейіп, ағайының ажарланды,
Қайтадан өлген датқа тірілгендей.
Ойладың әруақты қозғағандай,
Жаратты құдай сұңқар өз ғанаңды-ай.
Жабырқаған көңілін қуандырдың,
Арқаңменен тел өскен бозбалаңды-ай.
Аяғын елің басты еркін шіреп,
Құдайдан ертелі-кеш сені тілеп.
Серкесіне қуанды серілерің,
Мұңайған сен жоқ уақытта жетімсіреп.
Берекелі Шошымда көбі Таңай,
Нарбек келіп, жарқырап туған жаңа-ай.
Қараламан уақытта білінбеген,
Өтті ме бек патшаның қадірі қалай.
Арғың – Дарқан, бергі атың Шошым едің,
Тұлпар мініп, дұшпаныңды тосып едің.
Абақтыға түскенде аң-таң болдық,
Нарбек жоқта заманың осы болдық.
Заманның өтті биыл жазғанасы,
Хіммәтің2 көп дүниеңнің азғанасы.
Ат шаптырған бәйгеңіз құтты болсын,
Дарқан-Шошым, Таңайдың бозбаласы.
Байқайды арғы-бергі ақылдарың,
Еш уақытта алыс болмас жақындарың.
Жүдегенде жинаған, бозбалалар,
Мерекең құтты болсын батырларым.
Ықтаттың көкпар болса көрінгенді,
Бозбалаң көк шыбықтай өрім болды.
Ескеріп, ел айбынып тұратұғын,
Ортаңа Нарбек батыр ерің келді.
Сотанақтар әр жерге келген үстем,
Қажығаның жоқ еді қайрат, күштен.
Нұрбек, Бәйше, молда Тәш, Бекей, Құлтай,
Құтты болсын жиының ұрысқақ Рүстем.
Мыңбасы, жұрт үлкені бірдей болар,
Қашқан сұңқар еркі жоқ қайтып қонар.
Бата берген баласы болыс бол-деп,
Құтты болсын бәйгеңіз мыңбасы Орал.
Орал, Ошан, Сапар мен әкең Ермек,
Тиісің бар сендердің жиын бермек.
Молда Қошық бәріңнің әкең еді,
Талас қылма Оралға орын бер деп.
Бүгінде Орал тұрсың сақа болып,
Басында молда Қошық бата беріп.
Жұрт жақсысы боп тұрсың, Орал мырза,
Жесірге – бай, жетімге – ата болып.
Үш адам сұрап алдым айдауыңнан,
Үй-тамымды бітірдім лайлауымнан
Ісім бітті арыз айтып алдарыңда,
Жағаш кетіп отыр ем жайлауымнан.
Көп жігіт – дүниенің берекесі,
Дәулет құсы – басыңа көлеңкесі.
Болат елдің болысы Орал мырза,
Датқаның құтты болсын мерекесі.
Мың сом алдың, несібең мұндай шаппас,
Князды алдап, айлаңа адам таппас.
Кәрке атаңның бәйгісін қадірлетіп,
Сен-дағы бір баласы ең, мыңбасы Аббас.
Ыса-атаға мереке құра қалдық,
Үлкен-кіші бел буып, тұра қалдық.
Тұрмамбет пен Нұрмамбет, Әбділдә би,
Бәйгесі бұл жұрттағы бір ағаңның.
Жұртты жидың, аулыңа қонақтатып,
Асты ысырап қылмаңдар, олақ тартып.
Жалғыз ағаң Жарасқан, молда Қошық,
Жараспас атқармасақ, табақ тартып.
Бектұрған есті кісі Араншыда,
Шанышқылы намысыңа қарарсың да.
Малдан, пұлдан аянбас уақыт болды,
Лайықты жеріңде сараңсынба.
Би болған Сейітмәмбет сәркәрда-ғы3,
Бас бастаса, артқысы нөкер-дағы.
Жалғыз ағаң жиынын атқармасаң,
Сейітмәмбет болғаның бекер-дағы.
Кескенде оңды жігіт өзі Оңғар,
Алдында Майлықожа өлең толғар.
Молда атаңның бәйгесін қадірлесең,
Оңғар мырза, ісіңді құдай оңдар.
Рамадан Кеңсайдың биі Орман,
Өзім деген кісіге болдың қорған.
Бидің бәрі орнынан түсіп қалды,
Өзің түспей жалтардың нәсілің зордан.
Қожамқұлдың баласы Ораз заңдар4,
Шанышқылыда Мамытсың, ауылың Жанжал.
Билігіңіз Ораз би құтты болсын,
Дәулетің көп деуші еді, үйің, малдар.
Екінші Ораз, Көлтуған, Миям Қаңлы,
Омырау адам Дәулетбай – бұ да даңлы5.
Билігіңіз, Ораз би, құтты болсын,
Алыпсыз осы биыл бұл амалды6.
Шоқшеңгел ауылынан би боп Досбай,
Бектұрған би қалыпты биыл босқа-ай.
Старшыны Дамбай деп есітемін,
Алыстан есітуім болды осылай.
Бәріңе бір минуттай келді бір іс,
Жұртты жиып, тарқатпақ қиын жұмыс.
Қария атаңның бәйгесін қадірледің,
Қайратты ерлер едің Мәтек, Нұрым.
Сарымсақ би Бекұлы Жаңаарықтан,
Өзін баққан бір жігіт даналықтан.
Бір сенер Нарбегі ол уақытта жоқ,
Ылаж таппай болыпты жаңалықтан.
Сақ айттым молда Сұлтан өзім ғой деп,
Балалығың көріп ем, көзім ғой деп.
Ерулік деп келгенде есіне алды,
Айтып едім ескерді, кезім ғой деп.
Сұлтан танбай келеді жүйрік болып,
Құтты болсын деп айттым сүйініп келіп.
Бір қаламын шұқылап жүруші еді,
Биыл олжа молайды, билік келіп.
Сұлтанға билік бағы келе қалды,
Арман қып жүруші еді ол амалды.
Қырық жілік деңгенемен жүруші еді,
Бүтін бие сырғандай бола қалды.
Старшыны Қалдарбек мыңбасы еді,
Зорлық қылмай сарттарға тұрмас еді.
Бірі болыс, біреуі мырза болған,
Уағында екеуі сырлас еді.
Аты қалған дүниеде арлағандар,
Таңылды жаман атқа сараң жандар.
Молда Қошық бәріңнің әкең еді,
Басың Орал, мыңбасы, амалдарлар.
Молда Қошық мақтауға жарасқандай,
Кім азбайды жетпістен ары асқанда-ай.
Ат құлағын теңесер уақыт болды,
Уақытың осы Нарбекке қарасқандай.
Бір жиыны бәріңнің бастығыңның,
Қалыңдығын ойлама жастығыңның.
Хан, қараға қалаулы молда Қошық,
Ағасы еді Қаңлы мен Шанышқылының.
Жарасқандай іс қылып жүріспесең,
Жалғыз қария қадірін біліспесең.
Ауданыңа бір келген мейман-дағы,
Үйде құры күменсіп, күріш жесең.
Нарбек би шығып келді абақтыдан,
Беліңнен май, тізеңнен қан ақтырған.
Батырбек пен Қанайға ат шапқанда,
Ыса менен Тұрлыбек мал арттырған.
Аққойлы Құдайберген жай боп қалды,
Қасымбек, Ыса соғымын айдап барды.
Сиқымға жарым сомнан салық салып
Рысқұлбек қарызын өтеп, бай боп қалды.
Бұ жерге жеткізді ерді, болып себеп,
Би Сапақтың баласы ер Мұсабек.
Жалпы Жандар жамалқа арқалады,
Бірі емес, бәрі бірдей болды әлек.
Уақытында әр өзенге қонып өттім,
Әрбіріне бір мейман болып өттім.
Әкесінің асында мал арттырған,
Баласы Төребек пен Момынбектің.
Шанышқылы, Қаңлы мен Арыстансың,
Найза ұстаған кезіңде жарысқансың.
Айтқанымнан қарияң артық еді,
Ескерерсің, ерлерім, намыстансаң.
Тең бе еді молда Қошық кісіменен,
Теңгерші қылып өткен ісіменен.
Батырбасы Ташкентте болып еді,
Қылыш, мылтық, найзаның ұшыменен.
Жүз елу тән патшаның ұнауында,
Оның сөзін еш екі қылмауында.
Қырық мың ләшкер ілескен батырбасы,
Қырық шілтен жүрген шығар шылауында.
Алтын жүген ауырлап ат басында,
Алды болған Алаштың датқасында.
Көшпелі қыр қазағы болып жүріп,
Талас қылған Ташкенттің қақпасында.
Қазақта Батырбек пен Қанай еді,
Биік болған әр жайдан талап еді.
Батырбасы амалы қол бастаған,
Дәурені заманында қалай еді.
Көтеншіде Байзақ пен Қоныс еді,
Қоқан жаққа тартумен зор кісі еді.
Жиенбай мен құдалар, ер Телқожа,
Заманымның жарасқан оңлысы еді
Бұрынғы Шойбек датқа саз-ақ еді.
Он жеті ата кек өткен таза-ақ еді.
Батырлыққа Ботпайда ер Сыпатай,
Шымырда Мәмбет ұлы Байзақ еді.
Қожада Асқар, жандарда Сапақ еді,
Мұсабекті батыр деп атап еді,
Азбен жүріп, топ жиған дәу Сыпатай,
Молда Қошық солардың қатары еді.
Қожабек датқа, Әжібек, темір Төртбай,
Болып өткен заманы жалын оттай.
Ойланбастан сөз айтып, орындатып,
Бестамғалы Ыстыдан озған Шоқай.
Керуен кетіп барады қатар-қатар,
Керуенді бас болып атан тартар
Қонысы алшақ, білмейміз бары-жоғын,
Бір жақсы бұрынғыдан молда Сапар.
Қаңлыда Құдабай мен Құралбайды,
Ақыр өлмей еш пенде тұра алмайды,
Тойында атқа қосылған Әбілда бар,
Керуен көштей жарасып жүре алмайды.
Қылық би көп бектердің қалды артынан,
Ақыры жолдасының барды артынан.
Аузы түкті кәпірмен қарсы болып,
Бір барып қайтып еді Алматыдан.
Қырық мың ләшкер ешкіммен ілескен жоқ,
Қырық сан барақ Тәшкенмен тіркескен жоқ.
Уағында әрқалай озып еді,
Мұндай ешкім ерлікпен күрескен жоқ.
Молда би ағасы еді Шанышқылының,
Қайраты артық еді жас күнінен.
Сыпатай, Байзақ, молда Қошық,
Тура сөзді деуші еді жақсылығын.
Ілгеріде Сіргелі Пышан өтті,
Полаттарды дүниеден босаң етті.
Сыпатай, Байзақ, Сапақ, молда Қошық,
Ол жақта айтпас деуші ед қошаметті.
Қырғыз Бәйтік, қазақта Құдайберген,
Әкімге сөз сөйледі ыңғай жерден.
Қара қазан, сары бала қамын айтып,
Молда Қошық жұрт арызын сұрай берген.
Бір жұрттағы жақсы еді ұлық өткен.
Алты айлық жер дабысын біліп өткен,
Жеке мөһір7 Тәшкентке батырбасы,
Заманына жылдамдық қылып өткен.
Қалған бір қария еді ескі жұрттан,
Есендігін сұраушы ек жатып сырттан.
Елеулі ел ішінде бір ер еді,
Қара қазан бектердің ісін тұтқан.
Аты Алаштың ішіндегі Шора қалып,
Жараспады жаңа жұрт ара қалып.
Бұрынғы ерден соң қалған жалғыз көрпе,
Заманы енді қалды жаңаланып.
Қырық мың жырау билерді қосынында,
Жүріп кеткен қара жол жосылды да.
Арып-азып келдім деп арттарыңнан,
Жолдасыңның бәріне қосылды да.
Белгілі бектің ұлы батыр Нарбек,
Заманың осы биыл өтті тар боп.
Атымтайдың ісін қып ат шаптырдың.
Жиынның жақсы тарқағай, құдай жар боп.
Халық ішінде датқа құр қадірлі еді,
Атын айтса алты Алаш таныр еді.
Қаңлы менен Шанышқылы есіне алар,
Әр жайдақ жақсы жайдан тамыры еді.
Мыңбасылар келеді құрамадан,
Нағашысы датқаның Рамадан.
Әдбірахман мыңбасы нағашысы,
Мырза жігіт деседі, қылар жәрдем.
Әбдірахман әкесі – молда Қоныс,
Шарапхана болысы оңлы болыс.
Анасының төркіні дегдарлықтан,
Молда би ойдан, қырдан озған тегіс.
Айнақұл тоқталғанын арман етті,
Тойтөбеде мыңбасы Нармамбет-ті.
Тарқатайын жиыныңды қолыммен деп,
Нармамбет мыңбасыдан хабар жетті.
Ахметжан екі тілге бірдей жеттік,
Саңырау елі сайлаған болыс етіп.
Қарадан төре туған, тұлпар жігіт,
Осы асқа келеді деп судан өтіп.
Жұрт жақсысы болып шыққан жолыменен,
Тұйғынбай оңы бірдей солыменен.
Мәлім еді Алашқа бір қариям! – деп,
Атқарғалы жиынын қолыменен.
Ботбай байдың баласы молда Бише,
Көл суалар, жарасар дабыл түйсе.
Бұл жиыны датқаның жақсы тарқар,
Берекелі бектердің пәйізі8 тисе.
Енді аулыңа құрылды қызық базар,
Елі жаман руының жақсысы озар.
Дарқаныңның намысын жерге салмас,
Ақжарда бекзат жігіт, молда Назар.
Датқаның өз құдасы Омар еді,
Есботаның айтқаны болар еді.
Мұсылманның уақытында ер еді деп,
Омар бидің дауысы шығар еді.
Датқаның шыққан елі Дарқан еді,
Арқасында тел асау тартпаң еді.
Нарбек батыр жиының құтты болсын,
Ат шабылып жатқаны арқаң еді.
Өрге жүзген наһандай9 су ішінде,
Қайратыңмен басқардың жұмысыңды.
Мүйіз шонар ұстаның пышағындай,
Жаратқан құдай артық туысыңды.
Әлі де көп қадірің халыққа өтті,
Абақтыдан шыққаннан даңқын кетті.
Жалғыз Иса болмаса баласында,
Саранжам болмас еді Батырбек те.
Жақынының жаулығы мол болғанда,
Баласы Есқараның толғанғанда.
Қызың бәйге Қанайға болмас еді,
Туысы артық Тұрлыбек болмағанда.
Аяғыңды жүйріктей сүріндірдің,
Сүрінсең де бәйгіге бұрын кірдің.
Хан, қарадан даңқы озған молда Қошық,
Ерлікпен әруағын тірілдірдің.
Әкеңнің даңқы жұртқа таныс еді,
Нұрбек батыр әруағы қалды сенде.
Дарқан, Саңырау, аржағы Балық, Күрпік,
Ат шаппасаң өзіңе намыс еді.
Айтқандай молда Қошық бар еді де,
Аты айрылмас, ойланар нар енді де.
Ерлігіңді Шанышқылы енді ескерер,
Дүниең қалмай, заманың тар еді де.
Қозы айдауға қосылдың күйің келмей,
Дүниенің аздығы тиын көрмей.
Көкірекке салдың да батырлықпен,
Қолмен тасын айналтқан диірмендей.
Қайраның көп екенсің қарындасқа.
Елің сенен ешуақытта тартылмас та.
Дарқан, Саңырау, аржағы Балық, Күрпік
Жарастықты іс тұттың айрылмасқа.
Қояр деп ек дүниең кемдікпенен,
Ақыр затың сүйреді беглікпенен.
Құлжан батыр өлгенде, Қанай датқа,
Осындай істер қылған ерлікпенен.
Қанайға Құдай берді қалың бағын,
Қоңыраттан артық қылды мал мен жанын.
Өлі риза болмаса, тірі байымас,
Енді Нарбек, күшейер әруағың.
Бек боларсың еліңе жұртыңды алып,
Тұлпардың баласы едің мың тілләлық.
Көтергенге көбейер жақсы аттылар,
Қасиетін қадамыңның қалдық танып.
Енді саған әруақ келмей қалмас,
Жүйрігіне жұрт жәрдем бермей қалмас.
Әсіл балдар атадан сендей туар,
Ешкім жалған дүниеден өлмей қалмас.
Өзіңдей жақсылардан сөз қайыңды,
Ойладың малдан кешіп, озғаныңды.
Есіткен ел ақыңа дуа қылар,
Әруақ көп қыдырлы қозғайын-ды.
1 бінә – зерделі ақылды (парсы – бинә’и).
2 хіммәті – руһани биіктігі, адамгершілігі (араб – һеммәт).
3 сәркәрда – Орта Азия хандықтарындағы әскери лауазым (парсы – сарһарда). Парсы тілінен тікелей аудармас – қолбасшы.
4 заңдар – заң білетін, оларды бүге-шігесіне дейін ажырата алатын.
5 даңлы – даңқты, есімі елге жайылған.
6 амалды (амалдар) – мұнда қызметті білдіреді. Амалдар – көмекші қызметтегі адам (араб – әмәл, жұмыс, іс, әрекет).
7 мөһір – мөр (парсы – моһр).
8 пәйізі – олжа, табыс (араб – файз-у).
9 наһандай – үлкен жайын, лақа балықтай мағынада. Парсы тілінде – балық деген сөз.