Майлықожа Сұлтанқожаұлы шығармаларындағы рухани таным
Мақала абыз, суырып салма ақын, кезінде түркі әлеміне танымал болған қайраткер Майлықожа Сұлтанқожаұлының 185 жылдығына арналады
Биыл Қаратау өңірінің абызы, суырып салма ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлының туғанына 185 жыл толды. Жас кезінен ескіше сауат ашып, тағдырдың тауқыметін тартып, талай қиыншылықтарды көрген абыз ғибартқа толы өлең-термелер жазып қалдырды. Олар өз өмірінде көріп, көңілмен түйіп, оңды-солды тануға септігін тигізетін мәнді де, мазмұнды өлең-термелер.
Ақын өмірінің солай болуы да заңды көрінеді. Себебі оның туып-өскен заманы, аласапыран кезең, жан-жақты езгіге түскен қарабайыр халық. Тілі, діні, ділі Һәм рухани танымы дүрбелеңге тап болған кез оның қалам алуына түрткі болған. Нәтижесінде біршама дүниелерді өлеңдер, толғаулар, арнаулар, көңіл айту мен жоқтаулар тудырды. Айтыстары мен қағысулары тағы бар. Тәрбиелік мәні терең термелері бір төбе.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы барынша өзінің шығармаларымен адамгершілікті, имандылықты, ділді нығайтуды, одан қалса ата-бабадан жалғасып келетін салт-дәстүрдің сақталуын дәріптеді. Ғасырлар бойы бірге жасасып келетін дін Ислам тақырыбында қисса-дастандарды ұсынды. Оның «Мұхаммед Пайғамбардың қиссасы», «Мұхаммед Салаллаһу Әлейһи уа-с-салам», «Әмір Әмзе», «Зарқұмның қиссасы», «Әбділда бала» қисса-дастандары араб әрпімен жазылған діни мазмұндағы жырлар.
Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармалары негізінен ғибратқа толы. Тақырыптары түрлі саланы қамтығанымен сыни өлеңдері де жетерлік. Ал айтыстары мен термелері тәрбиелік мәнге ие.
Шындығында, ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығармаларындағы руханияттың орны бөлек. Олар өз ой-түйіндерін барынша қазақтың болмысымен әрі ұлттық дәстүрмен біте қайнасып кеткен асыл қасиеттер негізінде жырға қосып, сол арқылы келер ұрпақты адамгершілікке, тазалыққа, адалдық пен білімділікке шақырады. Ақын мұны былай жеткізеді:
Адал жүріп, анық бас,
Біреудің алма инесін.
Озбырлық қылып, зорлықшыл,
Кесірің жұртқа тимесін.
Мұнда адалдыққа ерекше тоқталып, тазалықтың адам баласы бойындағы жақсы қасиет екенін ұқтырса, одан кейінгі жолдарда байлықтың адамға жолдас еместігін, ал егер байлық үшін жолдастықты серік етсе, онда оның мәңгі болмастығын келтіреді:
Не байлар өтті дүниеден,
Шоқпардай қылып шүйдесін.
Төре мен өтті манап та,
Жасақ ұстап айбатқа,
Жалтыратып шен түймесін.
Жаман жолдас ертсеңіз,
Саят болмас жаныңа.
Әркім болар ағайын –
Ықпал менен бағыңа.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы өлең-жырлары арқылы өз заманындағы әділетсіздіктерді сынға алу барысында діни байлам жасап, соны негіз етіп тұжырым жасайды:
Бейбақтардың басына бақ қылып жүр
Арам жеңіп адалды жақ қылып жүр.
Ақша жұмсап билерді антқа салсаң
Мөрін басып қара істі ақ қылып жүр.
Би болмаған бес-алты қара да жүр
Екі дауға бір жең боп арада жүр.
Жаратуың құдайдан болған менен
Жаман-жақсы сайламақ парада жүр.
Тіпті адамзат баласын сөз етуінде де оның бір Жаратушының жаратылысынан, топырақтан жаралғанын келтіреді. Айталық, Адам Ата өлеңінің алғашқы жолдары «Әуелі Алла жаратты, Топырақтан жасад денені» деп басталады да сол сені жаратқан Алла тағаланың әмірін орындауды парыз деп біл дейді. Қараңыз: «Алланың әмір парызын, Істеңдер тұрып ерінбей». Мұнда да тазалықты негіз етіп, көңілдің, дененің, т.т. да таза әрі өзге де дүниелік болмыстарға турашыл, әділ болуы керектігін меңзейді.
ХІХ ғасырдың өн бойында дүниеге келген шығармалар ұлттың болмысын, рухани танымын, салт-дәстүрін көбірек сөз етті. Тақырыптары да осы мазмұнда қазақы ұстанымдарды насихаттауды негізге алды. Сонымен қатар Ислам дінінің амалдарына да ерекше ден қойған қалам иелері де көп көрінді. Олар барынша қазақ болмысындағы руханиаттың орнын, дүниелік амалдардағы рөлін, танымдық сипатын ашуға тырысты. Мұндай шығармаларда қасиетті Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерін келтірді. Бұл мүмкін сол кезде қалыптасқан дағды болар, оларсыз шығарманың мәні болмайтындай көрінген шығар. Кезінде Абай Құнанбайұлының «Әуелі аят-хадіс сөздің басы, Қосарлы бәйітсамал келді арасы» дейтін өлең жолдары осыны аңғартса керек. Әрі қарай сөздің көркін келтіретіндей етіп «Қисынымен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы», -деп келтіреді.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы Қаратау өңіріндегі әдебиет мектебінің аса көрнекті өкілі. Шешендікті серік еткен суырып салма ақын шығармашылығының басым бөлігі рухани танымға жетелейді. Ол діни тұрғыда да өте сауатты болған ақын. Әкесінің көзі тірі кезінде арабша сауат ашып, содан кейін шығыс әдебиетімен танысқан. Оның шығыстық Науаи, Фирдауси, Низами, т.б. шығармаларын оқып, оларды жоғары бағалаған.
Ақынды кеңінен танытып, шығармашылығының күні бүгінге дейін мазмұны мен мағынасы тұрғысынан жалғасын тауып келетін өнер туындысы – термелері.
Сөз бастайын термемен,
Мұсылмандық пернеден.
Мұсылмандық белгісі
Шиядат иман, кәлимадан.
Ешкім аман құтылмас,
Құрулы ажал кермеден.
Назиралық түрде айтылатын терме жүйесін дамытып, исламдық дүние танымы негізінен қалыптастырған ақынның бұл өнері де адамгершілік, әділеттілік, адалдық, имандылық құндылықтарын, қазақы болмыстың басты сипатынан саналатын ар-намыс, ұят, ата-ана қадірін білу, туған-туысқанның сыйын білу, ел мен жердің қадір-қасиетін түсіну, т.б. тереңінен насихаттайды:
Ағайын болсаң тату бол,
Әуес болма аразға.
Ғани болсаң мақтан ба,
Көзіңді сал малы азға.
Рызғы берер бір Құдай,
Жарлы болсаң, және азба.
немесе:
Аулына болмас ақсақал,
Өз туғанын қорлаған.
Достық, қастық қолынан
Екеуі де келмейді,
Үйретіп біреу зорлаған.
немесе:
Тыңдасаңыз құлақ сап,
Терменің сөзі нақыл-ды.
Тәсір қылып көңліңе,
Көрсетеді ақылды.
Насихатын, тәсірін,
Пайымдап ұқпақ мақұл-ды.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы әдебиет тарихында кешеуілдеп таныла бастағанымен оның мұралары бүгінде біршама жинақталып, хатталды. Бұл жолда ерекше еңбегімен танылған ғалым – Әсілхан Оспанұлы. Оның 2005 жылы құрастырған жинағы ақынның әдебиет майданынан алар орнын айқындап берді (Оспанұлы Ә. Майлықожа: шығармалар жинағы. – Алматы: Атамұра, 2005).
Тағы бір айта кететін жайт, ақынның белгісіз мұралары әлі де іздестіріліп, толықтырылып келеді. Табылғандары баспаға ендіріліп, олардың біршамасы текстологиялық тұрғыда сараланып, алдыңғы басылымдармен салыстырылып қаралуда. Оған қоса өмірі мен шығармашылығы жайлы ғылыми жұмыстар жүргізіліп, диссертациялар қорғалуда.
Бір сөзбен айтқанда, Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармалары бүгінгі күнде де өз құндылығын жойған жоқ. Оның ел бірлігі мен халықтың ынтымағын ту еткен туындылары әрі рухани танымдық сипатқа толы өлеңдері, адамгершілік, әділеттілік, адалдық, имандылықты негіз еткен жырлары өміршең екендігі сөзсіз.
Ал ұлттық құндылықтарды ұстанған асқақ термелері ұрпақ санасына адамдық асыл қасиеттерді құятын терең мағыналы, ғибратқа толы нақылдар. Бастысы, оның шығармалары адамның адамгершілік келбетін діни-рухани танымдық негізде қалыптастыруды насихаттайды.
Нұрлан МАНСҰРОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университеті,
Ясауи ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері.