Қисса Салсал (жалғасы)
Әли Арыслан мінеді Дүлдүліне,
Кәпірлер қисабы жоқ көп көрінді.
Мұсылмандар жанынан үміт үзіп,
Бақұлдасып жылайды бір-біріне.
Кәпір қолы ол жердің жүзін басты,
Мұсылмандар жыласып бақұлдасты.
Мұсылмандар жанынан үміт үзіп,
Құшақтасып жыласты, шуылдасты.
Арыслан көрген соң мұндай енді,
Мұсылмандар жылауы тынбайды енді.
Ер Әли бірталайға жалғыз шығып,
Бір Құдайды жад қылып жылайды енді.
Бір Жаратқанға жылайды “Құдайым” деп,
“Бұ дұшпанға не ылаж қылайын” деп.
Әли айтты Аллаға “тілегім” деп,
“Қор қылма, дұшпан үшін, жылаймын” деп.
Мұсылмандар жылайды қатты қорқып,
Өлімді көңіліне бәрі тоқып.
Бір Құдайға ер Әли зар жылайды,
Екі ракағат далада намаз оқып.
Жарандар, құлақ салғын, сөзіме енді,
Келістіріп сөйлейтін кезім енді.
Құбыла тарапынан қарап тұрса,
Бір шаң көрінеді Әлидің көзіне енді.
Арыслан сиыныпты бір Құдайға,
Мұсылмандар қорқысып зар жылайды.
Әлгі шаңға Арыслан қарап тұрса,
Шаң-шаң болыпты қырық төбеде.
Ақ ту бар, жасыл ту бар барлығы бар,
Нұрланып келе жатыр қызыл тулар.
Қырық туға қарап тұрса, ей, жарандар,
Балқыған көкке бойлап шыққан нұрлар.
Арыслан Пайғамбардың туын көрді,
Пайғамбардың ләшкерін анық білді.
“Сүйінші” деп ер Әли жетіп келіп,
Жыласқан мұсылманға хабар берді.
Кәпірлер қарасып тұр есі кетіп,
Мұсылмандар шаттанды қуаныш етіп.
Сол халде қатты айқайлап азан айтып,
Қырық мың қолменен Мәлікаждар келді жетіп.
Қырық мың қолмен жетіп келді Мәлікаждар,
Қарсы барып көрісті Әли Хайдар.
Пайғамбардың саулығын біліп енді,
Бек шаттанды, қуанып сахабалар.
Қуанды ол көрісіп батырларын,
Есендігін елінің білді бәрін.
Шүкір қылды көрісіп, амандасып,
Қызметкерлер тігіпті шатырларын.
Кәпірлер қайғырды мұны көріп,
Шатыр тікті қырық мың қол жетіп келіп.
Шатыр тігіп, дастархан жайып салып,
Қуанышпен асын жейді, шүкір қылып.
Ол түні екі ләшкер қонысады,
Мұсылмандар шаттыққа толысады.
Екі ләшкер қарауыл қатты қойып,
Бір-бірінен хабардар болысады.
Мұсылман тыныштық алды ол күн жатып,
Орнынан тұрысады таң да атып.
Екі қол екі жақтан майдан түзеп,
Ұрысқа келіседі саптар тұтып.
Тұрды майдан жеріне жетіп барып,
Мәлікаждарға кәпір тұр аң-таң қалып.
Жекпе-жекке шығыпты Мәлікаждар,
Сегіз жүз батпан шоқпарын қолына алып.
Бірме-бірге келуге қаймығады,
Мәлікаждар жад қылады бір Құдайды.
Мәлікаждарға кәпірлер бірі келмей,
Он екі мың кәпірлер жабылады.
Кәпірлер ол жабылып састырыпты,
Шоқпарменен кәпірлерді басқа ұрыпты.
Он екі мың кәпірді үш ұрғанда,
Жандарын жаһаннамға тапсырыпты.
Күн батқанша Мәлікаждар соғыс салды,
Жер жүзіне ағызды судай қанды.
Күн кеш болды, барабан ол қағысып,
Екі ләшкер орнына қайтып барды.
Бір іс қылды Мәлікаждар ол күні-түні,
Екі қолдан білген жоқ һешкім мұны.
Мәлікаждар екі ракағат намаз оқып,
Ұйықтаған кәпірлерге жалғыз кірді.
Кәпірге жалғыз кіріп, ақырады,
Шоқпар ұрып, қылышпен шапқылады.
Қараңғыда танымай кәпір шауып,
Таң атқанша бір-бірін сап қылады.
Мәлікаждар жалғыз өзі бүлік сапты,
Бірін-бірі танымай кәпір шапты.
Таң атса, жалғыз мұсылман ішінде жоқ,
Екі жүз мың кәпірлер өліп қапты.
Падиша мұны көріп ой ойлайды,
Өлгеніне өкініп ойбайлайды.
“Масқара болып өзіміз қырылдық” деп,
Бір мұсылман: “бұ Қыдыр” деп айқайлайды.
Өлген кәпір, бір мұсылман таба алмады,
Шерменде болып кәпірдің бәрі қалады.
Қалған кәпір масадай дуылдасып,
Мәлікаждарға ат қойып жабылады.
Күндей күркіреп Мәлікаждар қолға кірді,
Кәпірлерге қайратымен шоқпар ұрды.
Арыслан да кіріпті бір жағынан,
Кәпір қолын мұсылман қойдай қырды.
Кәпірдің кетіріпті сәнін, сірә,
Сөзімнің татыңыздар дәмін, сірә.
Шапқан сайын зұлпықармен екі жүздің,
Жаһаннамға кіргізіпті жанын, сірә.
Зұлпықарын жан-жаққа жүргізіпті,
Кәпірлерге ерлігін білгізіпті.
Шапқан сайын екі жүз кәпір жанын,
Арыслан жаһаннамға кіргізіпті.
Кәпірлер сол заманда өш болыпты,
Өш болам деп бәлеге тұс болыпты.
Арыслан тойынарға жеткен шақта,
Жер-жеріне қайтады, кеш болыпты.
Кеш болғанша ұрысып жүріседі,
Мұсылманнан қаһарды көріседі.
Жеңе алмай кәпірлер қайтып барып,
Шаһарына ол түнде кіріседі.
Патша қорықты шаһарға қашып кіріп,
Имлақпен қашарға жүзін ол бірігіп.
Жәмшидке Хиуаран патша қашқалы жүр,
Соғыстан жеңілдік деп ол түңіліп.
Имлақ пен патша жүз мың ләшкер алып,
Су жүзімен қашады кеме мініп.
Түнде патша шаһарынан қашып шығып,
Суменен Жәмшид шаһқа кетті жүріп.
Жәмшидке түн ішінде бұлар жүрді,
Қашқанын шаһар халқы көзі көрді.
Таң атқан соң қалғандар шуылдасып,
Арысланға бас ұрып, дінге кірді.
Таң атқан соң шаһарға бұлар кірді,
Шаһардағы баршасы дінге кірді.
Мәсжид, медресе салдырып, дін үйретіп,
Қырық күнге шейін дін айтып, сабақ берді.
Қырық күнге шейін дін айтып тұрды сонда,
Сабақ оқып кәпірлер болды молда.
Қата деп сөге көрмең, ей, жарандар,
Қатасыз ол білуші жалғыз Алла.
Әлқисса, Жәмшид шаһқа баруға шыққандары
Кеңес қылып Жәмшидке бармақ болды,
Құдай қосса шаһарын алмақ болды.
Екі жүз кеме даярлап сол заманда,
Он екі мыңнан кемеге салмақ болды.
Он екі мыңнан кемеге салды қолды,
Екі жүз кеме баршасы қолға толды.
Дарияның ортасына жеткен шақта,
Кереметтей бір толқын пайда болды.
Мұсылмандар шуласты бір Аллалап,
Қайық ішінде баршасы қылды азап.
Кемені бір-біріне толқын ұрып,
Кемені бұзып, қолды қылды харап.
Кемені быт-шыт қылды толқын қағып,
Мұсылмандар шығады енді нағып.
һәрбірі бір тақтаймен жанын қорғап,
Бет-бетімен мұсылмандар кетеді ағып.
Кемені быт-шыт қылып толқын қақты,
Мұсылмандар зар жылап иман айтты.
Белгілі батыр тақтаймен жан қорғайды,
Мұсылманның көбісі суға батты.
Жарандар, батыр Әли асқан мықты,
Дария быт-шыт қылды тамам жұртты.
Диләфруз қыз, ішінде батыр Әли,
Он екі мың қолменен қырға шықты.
Дариядан батыр Әли шығып кетті,
Жүре-жүре бір үлкен тауға шықты.
Жартысы – от ол таудың, жартысы – қар,
Төбесімен тірейді аспан-көкті.
Әли Арыслан ол тауға жетіп барды,
Тамаша қылып ол тауға көзін салды.
“Құдай-а, құдіретің күшті ғой” деп,
Батыр Әли сол жерде жалғыз қалды.
Құдіретімен жаратқан жалғыз Жаппар,
Жалықпастан тыңдай көр, ей, жарандар.
Тозақтай төменгісі жартысы от,
Жоғарғысы – тас болған мүсін мен қар.
Төңіректеп ол тауды жүрді кезіп,
От ішіне кім кірер жаннан безіп.
Батыр Әли таң қалды оны көріп,
От күйдіріп, ол қары батпайды еріп.
Батыр Әли сыйынды “Құдайым” деп,
Батырлары ол үшін уайым жеп.
Қыз бен қолға келді де, “тұр” деп айтты,
Тамаша қылып бұ тауға шығайын деп.
Ол тауға шығайын деп ойына алды,
Тілін алып қыз бен қол онда қалды.
“Есім Ағзам” дұғасын оқып-оқып,
Тамұқтайын ол отқа жетіп барды.
Отқа кіріп ер Әли кетті дейді,
Күйдірген от етіне өтті дейді.
Айналайын, тақсыр-ай, қалжырайды,
Еттен өтіп, сүйекке жетті дейді.
Әли кетті ол шығып биік жарға-ай,
Қиындықты көрсетті шыбын жанға-ай.
Қалжырап “Есім Ағзамды” оқи-оқи,
Оттан өтіп, Арыслан қарға барды-ай.
Ол жерге жүрер емес жалғыз адам,
Суық екен әлгі қар сондай жаман.
Суық тамұқ секілді, ей, жарандар,
Ол қарға басар емес жалғыз қадам.
Арыслан жад қылады бір Құдайды,
Қарға қарай бір қадам қоя алмайды.
“Аты не осы таудың, неткен жер” деп,
Әли Арыслан Құдайға зар жылайды.
Батыр Әли зарланып бұлай деді:
– Тамаша тау жараттың мұндай, – деді.
Мұнан бұрын һеш адам келді ме екен,
Бір жаратқан білдірші, Құдай, – деді.
һеш адам бұған аяқ салар ма екен,
Бұ қардан жаны шықпай қалар ма екен?
һеш біреу мұнан бұрын келді ме екен,
Не мұнан соң бір адам алар ма екен?
Ер Әли жүре алмай тұр қар жағына,
Бір Құдай, жәрдем бергін тіл-жағыма.
Арыслан солай зарлап тұрған шақта,
Ғайыптан дауыс келіпті құлағына.
– Көп жолдасың қырылды көлде, – дейді,
Арысланым, айтайын енді, – дейді.
Тап сенің сол тұрған жеріңізге,
Бұрын бір батыр адам келді, – дейді.
Бұ таудың атын сұрасаң, Бұлұр, – дейді,
Рүстем батыр келіп еді бұрын, – дейді.
Зар жылап ол да оттан өтіп келіп,
О да сенің орныңда тұрды, – дейді.
Жылады көз жасы көлдей болып,
Жүре алмай о да тұрды қарға келіп.
“Бұ жерге адам ұғлы келер ме?” – деп,
О да зарлап сұрады сендей болып.
Сұрады: – Адам бұған барар ма? – деп,
Жаны шықпай бұ қардан қалар ма? – деп.
Менен бұрын һеш адам келді ме екен,
Не, менен соң бір адам алар ма, – деп.
Мен де оған білдірдім айтып-айтып,
Күніңді кешірме мұнда жатып.
“Бұ тауға саған рұқсат жоқ” деген соң,
Бейшара зар-зар жылап кетті қайтып.
– Рүстем батыр, сөзің жақсы, пәлі, – дедім,
Болмадың, айтайын оны, – дедім.
Араб жұртынан сенен соң бір ер шығар,
Оның атын сұрасаң, Әли, – дедім.
Дін исламға оның өзі сүйеу болар,
Зұлпықар мен Дүлдүлге ие болар.
Ақырзаман Пайғамбары Мұхаммедке,
Ей, Рүстем, ол Әли күйеу болар.
Кәпірлерге көп ойранды салар, – дедім,
Көп кәпір мұсылман болып қалар, – дедім.
Рұқсат жоқ, ей, Рүстем, сен аларға,
Сенен соң Әли келіп алар, – дедім.
– Құдай-а, тау жараттың мұндай, – дейді,
Әли деген шығар ма сондай, – дейді.
Мен осылайша еткен соң, Арысланым,
Рүстем зар жылап бұлай дейді:
– Жылайды ғұмыр берсең жасыма деп,
Әлидің жолдасы болсам қасына, – деп.
Ғұмырымша қызметін қылар едім,
Кебісін ол көтеріп басыма, – деп.
Рүстем осылайша айтты, – дейді,
Сізге құмар болды ғой қатты, – дейді.
Сізге ынтық болды да, ол Рүстем,
Жылай-жылай бейшара қайтты, – дейді.
Әли Арыслан зарланып “Құдай” – дейді,
“Рүстем зарланды ма бұлай”? – дейді.
Әлгі сөзді есіткен соң батыр Әли,
Рүстемді дос тұтып былай дейді:
– Рүстем мықты екен бұ жерге келген, – дейді,
Оттан өтіп, бұ қарды көрген, – дейді.
Қияметте қолынан жетелемей,
Кір десең де, ұжмаққа кірмен, – дейді.
Ұжмаққа кірер болса кезім, – дейді,
Рүстемсіз кіруге бездім, – дейді.
Жалған болып жүрмесін сөзім, – дейді,
Бұ сөзіме куә бол өзің, – дейді.
Бұ сөзді айтып ол қарға жүріп кетті,
Үш күн, үш түн ол қарда күндер өтті.
“Есім Ағзамды” оқыпты сасқанынан,
Әли Арыслан өлімге жуық жетті.
Суық өтті Әлидің денесіне,
Ондай жерде қиындық көрмесін бе?
Қалжырап “Есім Ағзамды” оқи-оқи,
Сегіз күнде шығыпты төбесіне.
Ер Әли сондай қиын жерді көрді,
Төбесіне ол таудың енді келді.
Түбі жоқ, кенері жоқ, ей, жарандар,
Ер Әли төбесінде бір көрді көлді.
Ол дарияда бір көпір із бар екен,
Кітапта осылайша сөз бар екен.
Әли Арыслан көпірге қарап тұрса,
Көпірде бір ай жүзді қыз бар екен.
Екі беті күндей болып нұрланып тұр,
Шашы қара жібектей оралып тұр.
Оймақ ауыз, қалам қас, жазық маңдай,
Құмырсқадай белдері бұралып тұр.
Көпірге батыр Әли шығып алды,
Сөйлесуге ол қызға жетіп барды.
Қыз Әлиді дарияға жығамын деп,
Қыз Әлимен көпірде алысады.
Қызбенен алысады батыр Әли,
Көпірдің түпсіз дария екі жаны.
Қыз Әлиді жығуға жақындатты,
Алысқанда-ақ ол көпір қалтырады.
Қыз Әлимен көпірде алыс салды,
Қызда Әли көрген жоқ ондай жанды.
Зұлпықарын суырып тақсыр Әли,
Әлгі қыздың бір қолын шауып салды.
Бір қолын ол зұлпықар кесіп түсті,
Ол қолдың орнынан жүз қол өсті.
Ол қолымен Әлиді тағы ұстады,
Әлгі кескен қолынан ол қол күшті.
Батыр Әли ол қызға қайран қалды,
Осы қыз сиқыр оқып, бір дем салды.
Жап-жалаңаш болыпты батыр Әли,
Дем салғанда ат-тоны бәрі жанды.
Арысланның сол жерде кәрі келді,
Қаһарланып зұлпықармен салады енді.
Қақ бастан салғанда әлгі қыздың,
Зұлпықармен бауырдан екі бөлді.
Көпір үсті қыз өліп, қанға толды,
Ер Арыслан көпір дейді сондай жолды.
Әлгі қыз өлсе дағы тек жатпады,
Бір тамшы қаны жүз мыңдап дию болды.
Көпір үстін бір сансыз дию басты,
Батыр Әли диюменен араласты.
Әлиге барша дию қылды қасты,
Тозақтайын үстіне отты жақты.
Ашуланып ер Әли айғай салды,
Зұлпықарын қаһармен қолына алды.
Қаһарланып ол айғай салған шақта,
Он екі мың диюлар өліп қалды.
Диюларға қаһарменен қылыш ұрды,
Қайрат қылды Арыслан сол бір жерде.
Ақырып он екі мыңды бір өлтіріп,
Зұлпықармен қалғанын қойдай қырды.
Қайраты Арысланның асып кетті,
Дию отты Әлиге шашып кетті.
Диюлар ер Әлиге шыдай алмай,
“Болмас-болмас” деді де, қашып кетті.
Батыр Әли көріпті мұндай жерді,
Диюлар ғайып болды, келмейді енді.
Басы көкке тақалған батыр Әли,
Дүр-алтыннан жасалған күмбез көрді.
Күмбезді зұлпықармен ұрады енді,
Бұзайын деп һәр айла қылады енді.
Шоқпарменен ұрады, бұза алмайды,
Шарасыз болып Арыслан тұрады енді.
Жеті мәртебе “Йасин” оқып, дем салды,
Ол күмбезді дем салып, қайта жарды.
Күмбез пәре болып, ішінен бір дауыс шығып,
Бір күн, бір түн ер Әли талып қалды.
Жарандар, тыңдап отыр, айтқан сөзім,
Әли сондай кезіпті жердің жүзін.
Бір күн, бір түн өткен соң түрегеліп,
Есін жиып, ер Әли ашты көзін.
Көзін ашса, от та жоқ, қары да жоқ,
Теп-тегіс жер манағы, бәрі де жоқ.
Тау болған бар еді алтын-күміс,
Күл-күбір, қыз, күмбездің бірі де жоқ.
Батыр Әли ол жерді таң көріпті,
Әлиден басқа неткен жан көріпті.
Қайран болып ер Әли тұрған шақта,
Будақ-будақ алыстан шаң көріпті.
Манағы от та, қар да басылады,
Өз қолын батыр Әли қасына алды.
Фируз шаһ, Мирзинхар, Хиуар патша,
Он екі мың қолменен қарсы алады.
Көрісіп, құшақтасып қалысады,
Қыз бен Әли қасына барысады.
Ол Бұлұр тауындағы алтындарын,
Көлігіне сыйғанша салысады.
Алтыны баршасына таң көрінді,
Көздеріне бір үлкен шаң көрінді.
Қайран болып ол шаңға қарап тұрса,
Шаң ішінен бірталай жан көрінді.
Өз қолын батыр Әли қасына алды,
Қарап тұрып ол шаңды тосып алды.
Әбілмәжін, Сәдуақас ләшкерімен,
Солар екен, бұлар да қосылады.
Ол жерден алтын алып көшті дейді,
Арада бір күн бір түн кешті дейді.
Бір орынға және келіп түсті дейді,
Шүкір қылып астарын ішті дейді.
Бұлар тілек тілейді бір Алладан,
Жағыма жәрдем бергіл, иә, Сұбхан.
Ас ішіп, бұлар да қарап тұрса,
Көздеріне бір үлкен көрінді шаң.
Қарап тұрды ол шаңға енді олар,
һеш нәрседен қорықпайды, жаным солар.
Мәлікаждар, Мұсайып ғазы екен,
Отыз мың ләшкерменен келді олар.
Ол кеште қонып сонда жатады енді,
Таң атып, бамдатқа азан айтады енді.
Таң намазын қауым болып оқып алып,
Үш күн, үш түн тынбай жол тартады енді.
Батырлар қосылып алып бірге жүрді,
Үш күн, үш түн арада күндер өтті.
Басында тақтай тас бар бір құдыққа
Төртінші күн тақсырлар жетіп кепті.
Құдыққа жетіп барды бір ауыр қол,
Жарандар, бір сөзімнен хабардар бол.
Ол құдықтың түбінен шығатұғын,
Ей, жарандар, бар екен бес бөлек жол.
Ер Әли бастап келді сансыз қолды,
Құдыққа Арыслан менен бәрі келді.
Құдыққа жетіп келді тұра қалып,
Бес айырылған ол жолды, көзі көрді.
Бұ сөзімді, тыңдаңыз, ей, жамағат,
Артық қылып жаратқан оларды Хақ.
Тамаша қылып құдыққа қарап тұрса,
Тақтай таста көреді бір жазған хат.
Ойына һеш нәрсе алмайды бұлар қорқып,
Көңіліне бір Құдайдың атын тоқып.
Тақтай таста жазылған, ей, жарандар,
Әлгі хатты көреді бәрі де оқып.
Хатта айтты: – Келсе бұ жерге адам – дейді,
Бес жолды көрер болса тамам, – дейді.
Бұ бес жолдың біреу-ақ аман, – дейді,
Төртеуі “барса-келмес” жаман, – дейді.
Батырларға бір мүшкіл заман болды,
Бастап келді ер Әли тамам қолды.
Батырлар есі кетіп, қайран болды,
Біле алмай аман жол мен жаман жолды.
Батырлар сиынады әуел Хаққа,
Құдай-а, батырларды өзің сақта.
Баршасы сол құдыққа қайран болды,
Жүрулерін біле алмай қайсы жаққа.
Батыр Әли құдықтан таһарат алды,
Астахари намазын оқып алды.
“Құдайым түсімде не білдірер” деп,
Намаз оқып, ер Әли ұйықтап қалды.
Пайғамбар түсінде Әлиге “Тұр” деп айтты,
“Бір Құдайдың құдіретін көр” деп айтты.
“Қолыңды бес бөлек қыл” деп айтты,
“Өзің оң жақ шет жолмен жүр” деп айтты.
Ер Әли Пайғамбардың тілін алар,
һәрқайсысын бір бөлек жолға салар.
Бұ көрген түсінен түрегеліп,
Баршасына былай деп берді хабар.
Батыр Әли бес бөлек бөлді қолды,
Бес жолдың баршасы қолға толды.
Бес бөлекке бес батыр болады бас,
һәрбіреуі он екі мыңнан болды.
Он екі мыңға бас болды Мәлікаждар,
Бір бөлекке бас болды Әли Хайдар.
Уақас, Фируз, Мирзинхар, Хиуар патша,
Бір бөлекке бас болды енді олар.
Әбілмәжінге он екі мың болды жолдас,
һәрбіреуі жолменен жүрмей қалмас.
Бір бөлек қолға дағы он екі мың,
Ей, жарандар, Мұсайып болыпты бас.
Оң жақтағы жолменен Әли кетті,
Қорқақтары ішінде нали кетті.
Арыздасып бір-біріне амандасып,
Бір-бір жолмен айырылып бәрі кетті.
һәрбіріне бір бәле жолығар кез,
Көргендерін сіздерге айтайын тез.
Төртеуі төрт жолменен бара тұрсын,
Мәлікаждар жолынан есітің сөз.
Жарандар, құлақ салғыл сөздеріме,
Бір кеңес тыңлатайын өздеріңе.
Он күн, он түн жүрген соң Мәлікаждар,
Бір шаң көрінді алыстан көздеріне.
Жарандар, Мәлікаждар асқан мықты,
Көп кәпірді ұрысып жерге тықты.
Қарап тұрса, саны жоқ құмырсқадай,
Әлгі шаңнан бірталай қасқыр шықты.
Мұсылманға жәрдем бер, иә, Жаппар,
Бұ сөзімді тыңдай гөр, ей, жарандар.
Шаңнан шығып қасқырлар жетіп келді,
Бір-бірінің басында мың мүйізі бар.
Жарандар, кеңес есіт, енді бізден,
Кітапта осы сөзді көрдім көзден.
Бір-бірінің басында мың мүйіз бар,
Ұзындығы бәрі де жеті кезден.
Бұ қолды әлгі қасқыр жүргізбейді,
Шаңдақпенен һеш жөнді білгізбейді.
Мәлікаждар қолына жетіп келіп,
Атты адамды бәрін де мүйіздейді.
Мәлікаждар қасқырға шоқпар ұрды,
Мүйізбенен қасқырлар ұрып жүрді.
Есі ауып жығылды Мәлікаждар,
Қасқыр ат пен адамның бәрін қырды.
Жарандар, айып етпе айтқан сөзден,
Ол заманда батырлар жаннан безген.
Арқасынан тигенде мүйіздері,
Кеудесінен шығады жеті кезден.
Жалғыз адам құтылмай бәрі де өлген,
Қаза жетіп бәріне ажал келген.
Есі кетіп қалыпты Мәлікаждар,
Тақсырға жара түсіп жетпіс жерден.
Қасқыр шапты ол қолды қойдай қырып,
Бір түгін сындырмады Мәлік ұрып.
Мұсылмандар қырылып болғаннан соң,
Қасқырлар бет-бетімен кетті жүріп.
Жарандар, жаралы болып Мәлік жатты,
Бірталай ессіз болып талып жатты.
Есін жиып бір таудың үңгіріне,
Сүйретіліп тұра алмай, барып жатты.
Сүйретіліп үңгірге жетіп барды,
Жетпіс жерден жарадан қалжырады.
Жарадан тұра алмайды шарасыз болып,
Мәлік батыр үңгірде ұйықтап қалды.
Түсіне кіріп келіпті Пайғамбарым,
Көрер адам Құдайдың салғандарын.
Шапағат қылып “балам” деп жетіп келіп,
Қолыменен сипады жараларын.
– Түрегел, көп қайғырма, балам, – деді,
Жолдасыңыз қырылды тамам, – деді.
Көйлегім кидірейін саған, – деді,
Тұруға енді келер шамаң, – деді.
Мәлік батыр ол жерде бір түс көрді,
Пайғамбарым үстіне көйлек берді.
Көйлекті киіп алып, көзін ашып,
“Иә, Алла” деп орнынан тұра келді.
Мәлікке хақ Пайғамбар қылды шапағат,
Салауат біз де айтайық атын атап.
Түсінде көйлек киіп, көзін ашып,
Бұрынғыдай болыпты сау-саламат.
“Иә, Алла” деп орнынан тұра келді,
Жетіп барып қырылған қолды көрді.
Сегіз жүз батпан шоқпарын қолына алып,
Ол жолға жаяу түсіп, жүре берді.
Ол жолға жаяу, жалғыз жүріп кетті,
Неше күн-түн арада күндер өтті.
Айлардан-ай, жылдардан-жыл өткенде,
Қалжырап бір шаһарға жетіп келді.
Жарандар, құлақ салып есітің сөз,
Жалықтырмай сіздерді айтайын сөз.
Ол шаһардың шетіне жетіп келіп,
Бір кемпірдің үйіне болады кез.
Жалғыз кемпір ол үйде душар болды,
Мәлік батыр көрді ғой қиын жолды.
Арып-ашып, қалжырап келген Мәлік,
Сол кемпірдің үйіне қонақ болды.
Мәлік көрді кемпірді анасындай,
Жарандар, сөзге құлақ саласың ба-ай.
Асын сайлап, Мәліктің кірін жуып,
Киімін жамап берді баласындай.
Кемпір айтты: – һәр іске барасың, – деп,
Дұшпаныңа қиындық саларсың, – деп.
Кемпір Мәлікаждардан сөз сұрайды:
– Қайдан келдің, һәм қайда барасың? – деп.
Құтылып келдім күшіммен мұнда, – деді,
Әй, ана, айтқан сөзім тыңда, – деді.
Мың мүйізді көп қасқыр душар болып,
Көп жолдасым қырылды жолда, – деді.
Сұрасаңыз осы, ана, сөзім, – деді,
Азар-мазар құтылдым өзім, – деді.
Бұ шаһардың патшасының аты кім-дүр,
Оны айтып білдірші өзің? – деді.
– һәр шаһардан бұ шаһардың артық заты,
Жер жүзінде ол артық салтанаты.
Бұ Даһалой Хауарзамин округы,
Падишаның сұрасаң, Жәмшид аты.
Қандай дұшпан оларға жетпек, – деді,
Сіздей палуан жігітті сүймек, – деді.
Жетпіс мыңнан қол астында хан-сұлтан бар,
Жеті ықылымды тұрады билеп, – деді.
һеш дұшпан мұны ұрсып, жеңбес, – деді,
Қандай патша келеді, тыңдашы, – деді.
Херхан сұлтанның ләшкері үш жүз мыңнан,
һеш патша бұған теңдес келмес, – деді.
Бұ сөзімнен байисың, жаным, балам,
Патша көрсе көп сарбаз берер саған.
“Жолың болсын, барсаңыз мынау жол” деп,
Кемпір айтып ол сөзін қылды тамам.
Кемпір сөзі Мәлікке таң көрінді,
Амандасып кемпірменен жолға кірді.
Неше күн-түн жүргенде, Мәлікаждардың
Көзіне бір алыстан шаң көрінді.
Жарандар, бұ сөзімді есітіңіз,
Жол жүрді Мәлікаждар кеші-күндіз.
Әлгі шаңнан алтын ер арғымақты,
Күндей көркем келіпті екі жүз қыз.
Мәлікаждар қорықпайды өзі күшті,
Бұл жолда Мәлік көрді сондай істі.
Өзге қыздар қасында хор қызындай
Мәлікаждардың бір қызға көзі түсті.
Екі беті күндей болып нұрланыпты,
Шашы қара жібектей оралыпты.
Ол қыздардың көркемдігі асқанынан,
Өз-өзінен көруге қызғаныпты.
Мәлікаждар қыздарға қарсы барды,
Қыздар дағы Мәлікке көзін салды.
Қыздардың нұрларына, әй, жарандар,
Қарап тұрып ол жерде қайран қалды.
– Көп жүрме, жақсы қыздар, түзде, – деді,
Жаным ашып айтамын сізге, – деді.
Дала жерде көрініп көп тұрмаңыз,
Сақ боларсыз жаман тіл-көзден, – деді.
Қыздардың бұ Мәлікті көзі көрді,
Көз тимесін деген ол сөзін көрді.
“Бізге кімнің ол көзі тиеді” дейді,
Бір қыз тұрып Мәлікке жауап берді:
– Бұ айдай жарқыраған жүзі, – деді,
Гүлшаһар деп айтатын өзін, – деді.
Темір шаһар ішінде Лат, Манат бар,
Мынау Жәмшид патшаның қызы, – деді.
Қандай адам тиеді бұған, – деді,
Бұ қызға қызметкерміз тамам, – деді.
Темір шаһар ішінде Лат, Манат бар,
Шоқынғалы барамыз соған, – деді.
Жөнеліп барша қыздар шауып кетті,
Арқаларын шаштары жауып кетті.
Мәлікаждар тұлғасына қайран қалып,
Қыз көңілі де Мәлікке ауып кетті.
Кешікпей қыз үйіне қайтады енді,
Мәлік те шаһарға жол тартады енді.
“Бұ дүниеде теңдессіз ер көрдім” деп,
Жәмшидке қызы мақтап айтады енді.
Ол қызының мақтауы да асып кетті,
Шаһар халқы басыпты жер мен көкті.
Сегіз жүз батпан шоқпарын қолына алып,
Шаһардың базарына жетіп кепті.
Шаһардың базарына жетіп барды-ау,
Базар халқы Мәлікке көзін салды-ау.
Саудасын баршасы қойып алды-ау,
Тұлғасына Мәліктің қайран қалды-ау.
Базар халқы Мәлікті көзі көрді,
Дүнияда көрмедік деп мұндай ерді.
“Бұ заманның Рүстемі, тақсыр-ау” деп,
Базар халқы патшаға хабар салды:
– Базарға келді жаяу бір адам, – дейді,
Тым-ақ бұзық мүшесі жаман, – дейді.
Бұлайша сөз еткен соң Жәмшид патша:
– Ол кісіні алып кел маған, – дейді.
Базар халқы Мәлікке қайтып келді,
Мерекеге баршасы батып келді.
Мәлікаждарға бас ұрып ол кәпірлер,
“Шақырды, – деп, – патшамыз” айтып келді.
Патшаға Мәлікті алып келді,
Батырлығын бәрі де танып келді.
Сегіз жүз батпан шоқпарын патша алдына
Тастамастан иініне салып келді.
Падишаның алдына келді кіріп,
Падиша таң қалады көзі көріп.
Патшаға Мәлік те таң қалады,
Патшалық тақытына қарап тұрып.
Оң жағында жетпіс мыңдай хандары бар,
Сұлтанның жетпіс мыңдай сандары бар.
Неше мың ойыншылары, айлакерлері,
Палуан адам жықпастай жандары бар.
Ойыншысы ол отыр ойын ойнап,
һәр тарапта және тұр бұлбұл сайрап.
Неше мың палуанды аждаһадай,
Шынжырменен бекітіп қойған байлап.
Мәлікаждар бұларға қалды қайран,
Патшаның шатырына көзі тойған.
Бір-біреуін босатса палуандардың,
Бір сағатта шаһарды қылар ойран.
Падишаға мұнша жұрт жиылып тұр,
Мәлікаждар Құдайға сиынып тұр.
Сақалына тоқыпты дүр-жауһар,
Шатырына сексен түрлі түр қылыпты.
Жалықпаңдар, жарандар, айтайын тез,
Шатырынан қойылған тиеді көз.
Сақалының ұзындығы қырық кез екен,
Бойының ұзындығы тап елу кез.
Патша айтты: – Әлгі жігіт сен бе едің, – деп,
Мақтанды “Жәмшид патша мен едім”, – деп.
Мәлікаждарды сөгеді Жәмшид патша,
“Келгенде “здрасти!” демедің”, – деп.
– Дәулетің күннен күнге өссін, – дейді,
Бұ айтқан сөзіңізге түсіндім, – дейді.
Дүниеде сіздей патша көргенім жоқ,
Ұмытып, шығып кетті есім, – дейді.
Бұ сөзге иланып патша тұрды қарап,
Мәлік те сиынып тұр бір Аллалап.
Патша ішіп отыр екен арақ-шарап,
Мәлікаждарға падиша берді арақ.
– Арақ, сірә, ішпейтін салтым, – деді,
Падиша, көп-ақ екен халқың, – деді.
Бір жаман шошынған соң бұ арақтан,
“Ішпен” деген бар еді антым, – деді.
– Енді ішпеймін деген серттен танба, – деді,
Сертте тұрсақ жанға пайда, – деді.
Қайдан келе жатырсың, ей, палуан,
Жолың болсын, барасың қайда? – деді.
Бір кісіден кем емес затың, – деді,
Қорықпай тұрған батырсың, салтың, – деді.
Қайсы жаққа барасың, қайдан келіп,
Және маған айтып бер атың, – деді.
– Жаһаннам түбі терең зындан, – деді,
Имансызға оны орын қылған, – деді.
Күнбатыстан барамын күншығысқа,
Және атым сұрасаң Хуман, – деді.
Падиша, көп кісі едік әуел баста,
Барса келмес хат көрдім жол басында.
Жеті кезден басында мың мүйіз бар,
Атым менен қасқыр қырды жолдасымды.
Патша, жайымды айтайын енді, – деді,
Мың мүйізді қасқырды көрдім, – деді.
Атым менен жолдасымның бәрін қырды,
Күшімменен құтылып келдім, – деді.
Бәрәк Алла тұрсаң, тұрар ем, – деді,
Жәмшид пен, Хауарзамин жерім, – деді.
Жетпіс ел, жеті ықылымға патша болып,
Бұ жолдан жалғыз сені көрдім, – деді.
Патша айтты: – Сөзім, Хуман, тыңдап тұр, – деп,
һешқайда кетпей, мұнда тұр, – деп.
Мәлікаждарға падиша құрмет қылды,
“Уәзір болып өзіме қал да тұр” деп.
“Жарайды” деп патшаға жауап берді,
Падишаның айтқанын қабыл көрді.
“Әлиді осы жерде күтейін” деп,
Бұ ақылмен Мәлікаждар сонда жүрді.
Мәлікаждар патшаға қайран қалды,
Тамам жұрт жиылған сайран болды.
Жәмшид патша шаһарында, ей, жарандар,
“Гүл сарх” деген бір үлкен мейрам болды.
“Гүл сарх” деген бір үлкен мейрам болды,
Падиша жиып алды тамам қолды.
Хан-сұлтан, палуандарын жиып алып,
Падиша тамаша қылып барды сонда.
Патша жоқ кәпірлерде, ол патшадай,
Мәлікаждар тамаша көрді сондай.
“Гүл сарх” мейрамына барды патша,
Жақсы-жаман шаһарда жан тастамай.
Патша Мәлікаждарды жанына алды,
Мәлікаждар ол жұртқа қайран қалды.
Ойыншы, айлакерлер, өлеңшілер,
Шынжырланған палуанның бәрі барды.
Мәлікаждар жүр енді қайран қалып,
Тамам жұрт ойнап жатыр сайран салып.
Шаһардағы қыздардың бәрін жиып,
Гүлшаһарға барады бастап алып.
Бір Құдайым, медет қыл тіл-жағым,
Келістіріп болды ғой сөйлер шағым.
Сексен түрлі құбылған шатыр тігіп,
Патша келіп құрады алтын тағын.
Падиша тамаша қып отыр қарап,
Палуандары түседі оны жанап.
Қызып алып, ойынды бастасады,
Ішіп алып бәрі де арақ-шарап.
Патша мейрамға барады жиып жанды,
Мәлік батыр бұларға қайран қалды.
Бұлбұлдайын сайрасып әлгі қыздар,
Бір-біреуі мың түрлі әнді салды.
Арақ-шарап олардың асы болды,
Қаламдайын қиылған қасы болды.
Барша қыздар ойнайды өлең айтып,
Гүлшаһар да қыздардың басы болды.
Палуандар тағы ойынды бастасады,
Бір-бірін жығысып тастасады.
Қылыш шауып, ойын қылып өнеріменен,
Найзаласып шоқпармен тастасады.
Күннің көзін қараңғы шаң алады,
Мәз болып көп адамдар сандалады.
Палуандар түрлі-түрлі ойын қылды,
Тамам жұрт қарап тұрған таң қалады.
Жарандар, айып етпе, арттарымнан,
Кеңес етіп бұл жазған хаттарымнан.
Патшаның асып келген палуанының
Бір азырақ айтайын аттарынан.
Шынжырланған патшаның палуаны көп,
Олардың бәрін айтайын қайтып ептеп.
Асфандияр, Ландһүр, Қырақыл шаһ,
Науадир Масқара, айтайын Фирудин деп.
Баһрам, Мұштари, қаһарман бар Азинфар,
Шаһмуарбай қорада ойнап жатыр.
Сафандүр, Қаһмас, һилаил Қатыл,
Шынжырланған бұлардың бәрі батыр.
Бұ батырлар шоқпарыменен жатыр ойнап,
Олардың қызығына бар ма тоймақ?
Айлакерлер жұрттарды таң қалдырды,
Бірін-бірін амалменен ойнап, байлап.
Сайрап жатыр мың түрлі көп бұлбұлдар,
Даусына тамам жұрт қайран болар.
һәр түрлі ойыншылар ойнап жатыр,
Және ойнайды бір жақта өңшең құлдар.
Қап-қара жарлауланған қабақтылар,
Қисық-қисық қолында таяқтылар.
Олар да жалбаңдасып ойнап жатыр,
Жыртылған өңкей тері тымақтылар.
Олар да ойнаған боп жүріседі,
Оларды да тамам жұрт көріседі.
Өздеріне өз ойыны келіседі,
Бұларға тамам жұрт күліседі.
Тамам жұрт ойын қылды алуан-алуан,
Өз жанына жетпіс мың палуан алған.
Патшаменен ол жерде сөз байлаған,
Жамһүр деген бар екен бір палуан.
Патша күрес Жамһүрменен салмақ екен,
Палуандар бір-бірден бармақ екен.
Жамһүр жықса, Гүлшаһарды алмақ екен,
Жығылса әйел болып қалмақ екен.
Жамһүр айтты: – Палуандықта асқанмын, – деп,
Көп палуанды астыма басқанмын, – деп.
Күресем деп мақтанып тұра келді,
Бұ заманның Рүстем Дастанымын, – деп.
Мақтанды: – Бұ күн ойын саламын, – деп,
Қандай жаннан жығылып қаламын, – деп.
Патшаның палуандарын бәрін жығып,
Күйеу болып Гүлшаһарды аламын, – деп.
Жамһүр тұрып аждаһардай ақырады,
Басқа палуан даусынан қалтырады.
Лат, Манатқа сиынып тұра келіп,
“Біреуің маған кел” деп шақырады.
Жамһүр сонда айқайды салды дейді,
Жұрт аң-таң дауысына қалды дейді.
Патшаның жанынан тұра келіп,
һилайыл Қатыл палуан барды енді.
“Гүл сархта” бір үлкен той болыпты,
Екеуі де екі таудай бой болыпты.
Екеуі екі таудай соқтығады,
Ой жерлер қыр, қыр жерлер ой болыпты.
Сіресіп бір-біріне болмай жүрді,
Жамһүр қайрат қылды сол бір жерде.
һилайыл Қатылды көтеріп алып,
Жамһүр палуан тымақтай жерге ұрды.
Жамһүр қатты күшті екен, жүзіқара,
һәр түрлі жан жаратқан Алла Тағала.
һилайыл кетеді тура жаһаннамға,
Сүйектері болады пәре-пәре.
Жамһүрде заһарлары қалмайды енді,
Күресуге көңілдерін салмайды енді.
Майданда жалғыз Жамһүр ақырады,
Бұ күн оған һеш палуан бармайды енді.
Ертеңгі күн тағы да болды майдан,
Өзге палуан Жамһүрден көңілі қалған.
Мәлікаждар шыдамай күресуге,
Сиынып, тілек тілейді бір Құдайдан.
Өзгелерден Жамһүрдің кәрі қатты,
һилайыл палуанды доптай атты.
Мәлікаждар шыдамай күресем деп,
Падишадан тілейді рұқсатты.
Падиша Мәлікаждарға бата берді,
Рұқсат алып майданға тарта берді.
Кәпірлер Жамһүр жақтан мазақ қылып,
“Шулаушы көтің қызды” деп айта берді.
Өзге палуан Жамһүрге бара алмайды,
Қарсы тұрып күресті сала алмайды.
Мәлікаждар Жамһүрге жетіп барып,
Кәпірлердің сөзіне қарамайды.
Қаһарланып Жамһүрге барды Мәлік,
Көңіліне бір Құдайдың атын салып.
Жамһүр намыс қылады “өлтірем” деп,
Мың батпан шоқпарын қолына алып.
Шоқпарменен ашуланып салып қалды,
Мәлікаждар қасына жетіп барды.
Айналайын, тақсыр-ай, шапшаңдық қылып,
Салған шақта шоқпарын тартып алды.
Шоқпарды жіберді аспанға атып,
Қолынан күші асып, алды тартып.
Ет асымдай аспанда шоқпар жүріп,
Бір заманда түседі жерге батып.
Екеуі қолын созып жағаласты,
Шоқпарын алып Жамһүрдің көңілін басты.
Қарап тұрған тамам жұрт таң қалады,
Күрес қылып екеуі көп таласты.
Әуелі Жамһүр палуан қайрат қылды,
Қозғалта алмай Мәлікті қайран болды.
Бір басқан аяғын қозғалта алмай,
Жамһүр енді қалжырап, қарап тұрды.
Жамһүр сөзді Хуманға көп айтады,
Қайратына лайықтап еп айтады.
– Жеті қат, үшбу жердің тап үстіне,
Аяғыңды шаншыдың ба, – деп айтады.
– Болыстығым бұ саған шын, – деп айтты,
Жылдам шығып кеудеме мін, – деп айтты.
Көңіліңде арман қалмасын тағы, Жамһүр,
Бар қайратың бар болса қыл, – деп айтты.
– һешбір қайрат қалмады менде, – деді,
Сендей күшті көргем жоқ елде, – деді.
Әлгіден бар күшімді аямадым,
Енді кезек, ей, Хуман, сенде, – деді.
Көтеріп алып қозыдай атты дейді,
Жамһүр отыз домалап кетті дейді.
Патша сонда сүйініп, айғай салып:
“Хуманға қызым берем” депті дейді.
Қол күшіне тамам жұрт аң-таң қалды,
Дүниеде көрмедік деп мұндай жанды.
Аузы-мұрны қан болып Жамһүр қалды,
Патша: “Хуман – күйеуім”, – деп айтып салды.
Хуманның палуандығын патша көрді,
Тағына жетелеп оны алып келді.
Падиша Мәлікаждарды құрмет қылды,
Алтын тақ оң жанынан орын берді.
Патша күшті көрген жоқ ондай адам,
Қайратына тамам жұрт аң-таң қалған.
Жұрттың бәрі тарқасып, қайтып кетті,
“Гүл сархтың” мейрамы болды тамам.
Бірталай жүріп сонда күн өтеді,
Патша тамам палуанға төре айтады.
Мәлікаждар палуандарға төре болып,
Шоқпар ойынын ойнауға үйретеді.
Енді Жамһүр көңіліне қастық алар,
Мәлікке жәрдем бергіл, иә, Жаппар.
Мәлікаждарды аңдыды енді Жамһүр,
Жолдас болған жетпіс мың палуаны бар.
– Душар болдық бұ Хуман жауға, – дейді,
Алдап алып шығайық ауға, – дейді.
Өлтірейік, амалдап құтылайық,
Сіздер бекін ол үлкен тауға, – дейді.
Өзі жалғыз, кім оны сұрар, – дейді,
Алдаған сөзім қабыл қылар, – дейді.
Өстіп алдап, амалдап құтылайық,
Ашуланса бір күні қырар, – дейді.
Лат, Манаттан ол Жамһүр қылды тілек,
Тауда барып бекінді бөлек-бөлек.
“Аң аулап көңілімізді көтерейік” деп,
Айтады Хуманға жетіп келіп.
Бұ тауда көп деп айтты құлан, бұлан,
Асқан жақсы һеш жер жоқ, тіпті мұнан.
Бұлбұл сайрап, бұлақтар ағып жатыр,
Түрлі-түрлі жеміс бар алуан-алуан.
Жамһүр сөзін ол қабыл қылды батыр,
Қару алып атына мінді батыр.
Тамаша жерін көріп, аң ауларға,
Жамһүрменен ол тауға келді батыр.
Мәлікаждар Жамһүрмен шықты тауға,
Қиындық көрсетеді шыбын жанға.
Шапқыласып ол тауға жетіп барып,
Ғажап үлкен тау екен қалды таңға.
Ол таудан һәрбір түрлі қуады аң,
Жәрдем бергіл Мәлікке өзің, Сұбхан.
Аң қуалап, қызысып жүрген шақта,
Көздеріне бір үлкен көрінді шаң.
Бір үлкен шаң көреді сол бір жерде,
Ол шаңды батырдың көзі көрді.
Әлгі шаңнан жетпіс мың палуан шығып,
Мәлікке жабылады бәрі бірдей.
Мәлікаждар ол қолменен соғыс салды,
Жамһүр дағы найзамен салып қалды.
Найзаменен ол Жамһүр салған шақта,
Мәлікаждар найзасын жұлып алды.
Мәлікаждар сиынады бір Құдайға,
Мұндай үлкен бәлелер болды пайда.
Жамһүрдің жұлып алып өзін шанышты,
Арқасынан жеті кез шықты найза.
Найзасымен кеудеден өзін ұрды,
Арқасынан жеті кез шығып тұрды.
Жамһүр аттан жығылды таудай болып,
Жаны тура жаһаннамға барып кірді.
Шоқпар ұрып, қылышпен шапқылады,
Он екі мыңды жаһаннамға тапсырады.
Жан сауғалап қалғаны шуылдасып,
Мәлікаждардың аяғына бас ұрады.
Он екі мың палуанды Мәлік қырды,
Қалғаны қорқып аяғына басын ұрды.
Өлтірмеді, тілегін қабыл қылды,
Шаһарға баршалары қайтып кірді.
Мәлікаждар он екі мыңның кесті басын,
Қызыл қан қылды олардың ішкен асын.
Жәмшид патша көрді де шошып кетті,
Мәлікаждардың қан болған үсті-басын.
– Не қылған қан боялған үстің, – дейді,
Бір кісіден кем емес ісің, – дейді.
Бір қиындық көріпсіз не қылса да,
Маған айтып білдір хабар, жаным, – дейді.
– Аң қуарға ол Жамһүр келді, – дейді,
Мен де оған қызыққа ердім, – дейді.
Жамһүр мені бір тауға бастап келді,
Ғажап үлкен тау екен көрдім, – дейді.
Оған жолдас жетпіс мың палуан екен,
Жамһүр көңіліне жамандық алған екен.
Мені алдап ол Жамһүр алып барды,
Жетпіс мыңы сөз байласып қалған екен.
Жетпіс мың жабылды ғой маған, – дейді,
Патша, айтып білдірейін саған, – дейді.
Жетпіс мың жабылғанда жанымдағы
Жамһүр да найза шанышты маған, – дейді.
Найзасын алып өзін ұрдым, – дейді,
Сазасын, тақсыр патша, бердім, – дейді.
Қалған қолдан он екі мың құрттым, – дейді,
Жалынған соң алдыңа келдім, – дейді.
Патшаның көңіліне болды аян,
Қайратына Мәліктің болды қайран.
Мәлікаждар, жарандар, падишаға,
Көргенін бастан-аяқ қылды баян.
Патша бек қуанды көңілі тасып,
Мәлікаждар қайраты кетті асып.
“Мәлікаждар, балам” деп бетін сүйіп,
Жауырынынан қояды басып-басып.
– һажум деген шаһарым бар, – деп айтты,
Күйеу болып өзіме қал, – деп айтты.
һажум деген шаһарға патша болып,
Гүлшаһар қызымды ал, – деп айтты.
Күйеулікке сені лайық көрдім, – деді,
һажум деген шаһарым бердім, – деді.
Қызымменен ол шаһарда қызық көргіл,
Керек болсаң, алдырармыз сізді, – деді.
Қызды алып һажумге жүріп кетті,
һажумге Мәлік жетіп келеді енді.
Патшаның шаһарындай шаһар екен,
Неше күндер қызықты көреді енді.
Әли қашан келеді деп күтіп жүрді,
Намазын ол жасырып өтеп жүрді.
Бір күні таң намазын өтегенде,
Әлгі қыздың Мәлікті көзі көрді.
– Білмей жар боп келдім ғой бұған, – деді,
Мені Құдай әуре қылған, – деді.
Қыз сонда шашын жұлып өкінеді:
– Мұсылман екен ғой, – деп, – Хуман тегі.
Енді қыз жамандықты ойына алды,
Ас пісіріп ішіне бір дәру салды.
Адамды ессіз қылар дәру екен,
Астан жеп Мәлікаждар талып қалды.
Қыз айламенен Мәлікті талдырады,
Шақыртып хандарын алдырады.
Өлтіруге қимайды, сөйтсе де қыз,
Алып барып зынданға салдырады.
Мәлікаждар зынданда жатады енді,
Қыз атасы жанына қайтады енді.
Зынданбасы төреге қыз тапсырып,
“Тамағын аш қылма” деп айтады енді.
Қыз атасы жанына қайтып келді,
Қызы жалғыз келген соң патша көрді.
– Жан ата, Хуман қатты ауру болды,
Дәрігерге тапсырдым, – деп айтып келді.
Осылайша тұра тұрсын енді олар,
Жақсы-жаман пендеге Құдай салар.
Мәлікаждар зынданда жата тұрсын,
Әли Арыслан жолынан алың хабар.
Оң жолға Әли батыр түсіп кетті-ау,
Бірнеше күн арада күндер өтті-ау.
Сау-саламат қатерсіз қолымен,
Батыр Әли бір тауға жетіп келді-ау.
Жері жақсы бір тауға жетіп қалып,
Әли көрді ол тауды көзін салып.
Әбілмәжін жолынан сөз айтайын,
Әли жатсын ол тауда тыныштық алып.
Молда білер бұ сөзді, надан білмес,
Білсе де, надан бәрін тамам білмес.
Әбілмәжін жолынан тыңдасаңыз,
Ей, жараңдар, айтайын біраз кеңес.
Жарандар, өтіп кетті сондай заман,
Әбілмәжін қолыменен кетті тамам.
Күншығыстан Әбілмәжін қарап тұрса,
Күннің көзін қаптаған шықты тозаң.
Қисабы жоқ қара құлақ тышқан шықты,
Көптігі бұ дүнияның жүзін тұтты.
Он екі мың қолменен түйіседі,
Бұ тышқан енді оларға дұшпан шықты.
Құйрығын тостағандай иеді екен,
Ішіне толтырғанша сиеді екен.
Қатасыз шапқанына тиеді екен,
Тигені майдай лау-лау күйеді екен.
Сідігі менен заһарды салады екен,
Жолбарыс та, Арыслан да жанады екен.
Дүниеде қандай күшті жан болса да,
Заһарынан һәлак болып қалады екен.
Қисабы жоқ көп дұшпан келіп қалды,
Осы тышқан қырады сонша жанды.
Әбілмәжін қолына жетіп келіп,
Әммаға атыменен заһар салды.
Күншығыстан бұларды жын көріпті,
Тышқанды бір сондай жан көріпті.
Есі кетіп Әбілмәжін жығылады,
Өзгелері “аһ” ұрып жан беріпті.
Әбілмәжін есі ауып қалды дейді,
Тышқан заһар ол қолға салды дейді.
Әбілмәжін өлмеді, ісіп-кеуіп,
Бірнеше күн ол жерде қалды дейді.
Ол қолды тышқан һәлак етті дейді,
Қазалары тышқаннан жетті дейді.
Тышқандар қолды қырып болғаннан соң,
Бет-бетімен тарасып кетті дейді.
Тышқан кетті өзінің жолыменен,
Ісіп жатты Әбілмәжін соныменен.
Әбілмәжін көзі ілініп, Нұр Мұхаммед
Түсінде денесін сипайды қолыменен.
Әбілмәжін бір түсті көрді сондай,
Пайғамбарды артық қылды ол бар Құдай.
Көзін ашып “Алла” деп тұра келді,
Сау-саламат болыпты бұрынғыдай.
“Иә, Алла” деп орнынан тұра келді,
Қолының қырылғанын көзі көрді.
Сегіз жүз батпан шоқпарын көтеріп алып,
Ол жолға жаяу түсіп, жүре берді.
Жолға түсіп Әбілмәжін жүріп кетті,
Бірнеше күн арада күндер өтті.
Айлардан ай, күндерден күн өткенде,
Қалжырап бір шаһарға жетіп келді.
Базарына кіреді ол жетіп келіп,
Көрсе базар адамы қисапсыз көп.
Тым-ақ үлкен шаһар екен, ей, жарандар,
Патшасын айтады екен Кетедал деп.
Шоқпарменен базарға кіріп келді,
Базар халқы таң қалды, көзі көрді.
“Базарда Рүстемдей біреу бар” деп,
Келісіп Кетедалға хабар берді:
– Олай болса, шақырып кел, енді, – дейді,
Ол жігітті көрейін мен де, – дейді.
“Патша сізді шақырады” деп хабар беріп,
Алдына Кетедалдың алып келді дейді.
Патшаның Әбілмәжінді көзі көрді,
Дүниеде һеш көрген жоқ мұндай ерді.
Бір азырақ сөз сұрап ол падиша,
Арақ ішіп отыр екен, арақ берді.
Падишаны мақтады: – Көп халқың бар, – деп,
Патшалыққа лайық салтың бар, – деп.
Падишаның арағын бұ да ішпейді,
“Дүниеде ішпен деген антым бар”, – деп.
“Ішсеңші” деп падиша көп айтады,
“Антың болса ішпе” деп енді айтады.
Араққа қызып, Әбілмәжінді шақырады,
“Қол қусырып, ойнайық” деп айтады.
Әбілмәжінді падиша жанына алды,
Екеуі қол қусырып ойын салды.
Әбілмәжін қаттырақ қысқан екен,
Қолы ауырып, падиша ашуланды.
Қолы ауырып, падиша ашуланды,
Әуелі ойнаймын деп қасына алды.
Қолы қатты ауырып кеткеннен соң,
Әбілмәжінді қақ басына салып қалды.
Әбілмәжін қорықпайды, өзі күшті,
Кәпірден неге көрсін қорлық істі.
Жұдырықпен бұл дағы ұрған екен,
Кетедалдың басы үзіліп аспанға ұшты.
Аспанға Кетедалдың ұшты басы,
Сол жерде жабылады кәрі-жасы.
Құрт-құмырсқа, масадай дуылдасып,
“Иә, Алла” деп шоқпармен араласты.
Әбілмәжін қайратпен шоқпар ұрды,
Жүндей ұшып, кәпірді ұрып жүрді.
Кәпірлерді сол жерде қойдай қырды,
Қалғаны иман айтып, дінге кірді.
Патшасы мен ол көбін өлтіріпті,
Жандарын жаһаннамға төндіріпті.
Әбілмәжін аяғын құшақтасып,
Қалғандары Хаққа иман келтіріпті.
Бір Құдай батырларды өзің оңда,
Сондай-сондай қиындық көрді жолда.
Мәсжид, медресе салдырып, сабақ беріп,
Бірнеше күн дін айтып тұрды сонда.
Жад қылды Әбілмәжін Құдіретті,
Бірнеше күн шаһарға дін үйретті.
Ол шаһардан бес мың қол қасына алып,
Хауарзаминнің жолына жүріп кетті.
Мана Әли бір тауға барып еді-ау,
Барғаны сіздерге анық еді-ау.
Әлиден тындасаңыз біраз кеңес,
Тыныштық алып бір тауда қалып еді-ау.
Әбілмәжін солайша бара тұрсын,
Хауарзаминнің жолына сала тұрсын.
Ер Әлиден азырақ кеңес айтып,
Жарандар, қандырайын құлақ құрышын.
Қанбарды бас ол қолға қылған екен,
Қол бекініп ол тауда қалған екен.
Зұлпықарды байланып, Дүлдүл мініп,
Өзі Хауарзаминге барған екен.
Хауарзаминнің базарына кірген екен,
Дүлдүл мініп аралап жүрген екен.
Базар халқы Әлиге аң-таң қалып,
Патшасына хабарды берген екен.
Падишаға мақтасып дейді былай:
– Бір жан артық жаратқан Жаппар Құдай.
Базарда бір палуанды көрдік, – дейді,
Күшінен жеті қат жер қозғалғандай.
Қандай палуан көрінді көзімізге,
Өзі қара сақалды, қызыл жүзді.
Шоқпарынан жеті қат қозғалғандай,
Хабар үшін біз келдік енді сізге.
“Алып кел!” деп падиша қылды бұйрық,
Палуандығын біледі кәпір сұмдық.
Ер Әлиді падишаға алып келді,
Тамаша қылып көреді жұрт жиылып.
Әлидің таң қалады түстеріне,
Әли кірді қорықпастан ішкеріге.
Енгенінен Әлиді Жәмшид патша,
Екі есе артық көріпті іштерінде.
Жәмшидке батыр Әли жетіп барды,
Падишалық тағына көзін салды.
Неше жүз мыңнан сұлтан, ойыншы бар,
Батыр Әли патшаға қайран қалды.
Әли кірді Дүлдүлін тысқа байлап,
Бұлбұлдарды көреді тұрған сайрап.
Жәмшидтің бұл жаһаннан хабары жоқ,
һәр тараптан ойыншы жатыр ойнап.
Ер Әли мұндай жерге жолықты кез,
Жалықпастан, жарандар, тыңдасаңыз.
Қарап тұрып тұлғасына қайран қалып,
Падиша ер Әлиден сұрайды сөз:
– Ей, жігіт, жақсылықты ойла,– деді,
Жөн сөйлесеңіз жаныңа пайда, – деді.
Атыңыз кім, жол болсын енді өзіңе,
Қайдан келдің, барасың қайда? – деді.
– Падиша, менің айтқан сөзімді ұста,
Бүгін келдім, жол жүріп сіздің тұсқа.
Атымызды сұрасаң, Қашимшим-дүр,
Күнбатыстан барамын күншығысқа.
– Ей, батыр тыңдап отыр сөзім, – деді,
Сені жақсы көрдім ғой өзім, – деді.
Өз жаныма қылайын хас уәзір,
һешқайда кете көрме өзің, – деді.
Бұрында бір батыр адам келді, – деді,
Гүлшаһардай қызымды бердім, – деді.
Қызым беріп мен оны Қашимшим батыр,
Шаһар һажумге падиша қылдым, – деді.
Ей, Қашмиш уәзір бол бізге, – деді,
Бізден бөлек кетпеңіз түзге, – деді.
Сөзімді қабыл қылып мұнда тұрсаң,
Көп елді билетермін сізге, – деді.
Ер Әли жауап берді: – Тұрайын, – деп,
Не қызметті бұйырсаң, қылайын, – деп.
Ішінде батыр Әли ақыл қылды:
– Қол жиылып келгенше болайын,– деп.
Ер Әли солайша ақыл-ой ойлаған,
Патша бұған қуанып той-тойлаған.
Патша солай қуанып отырғанда,
Есіктен дауыс келді ойбайлаған.
Падиша бұ дауысқа сасып қалды,
Жылдам-жылдам есікке басып барды.
Бір адам қолы ісік, басы жарық,
Жәмшид патша аяғын құшақтайды.
Ойбайлап жетіп келді көп адамдар,
Жәмшид патша бұларға аң-таң қалар.
Жәмшид патша аяғына бас ұрысып,
Жазғы тұрғы жаңбырдай жылайды зар.
Аң-таң болып қалады жиылған көп,
Тыңдасаңыз үйілген көп, жиылған топ.
Жәмшид патша бұлардан, ей, жарандар,
Сөз сұрайды: – Жайыңды айт, не қылды? – деп.
– Падиша, тыңдап отыр зарым, – дейді,
Хасенміл деген бар ерді шаһарым, – дейді.
Мәдинеден бір үлкен ләшкер келіп,
Жаулап алды шаһардың бәрін, – дейді.
Падиша, жақсылық қыл енді бізге,
Мәдинеден қол келді елімізге.
Жеті ықылымға падиша, ұлық едің,
Жайымыз сол, тақсыр-ау, келдік сізге.
Мұсайып, Хасенмілге барған екен,
Ләшкерменен ойранды-ай салған екен.
Сау-саламат қолыменен сонда барып,
Хасенмілді Мұсайып алған екен.
Шаһарын дал-дал қылып кірген екен,
Дінсіз кәпір сазайын берген екен.
Мұсайып ғазы шаһарын алғаннан соң,
Бұлар қашып Жәмшидке келген екен.
Бұларға таң қалады жұрт жиылып,
Жәмшидке көп жылады олар мұңдық.
Бірнеше хандарға жетпіс мың палуан алып,
“Жылдам бар!” деп падиша қылды бұйрық.
Палуандарды жияды соғысқа арнап,
Жетпіс мың қару-жарақ алады оңдап.
Бірнеше хан жетпіс мың палуан алып,
Хасенміл шаһарына болды бармақ.
Хасенмілдің кісісі жылап тұрды,
Көз жастарын көл қылып бұлап тұрды.
Жетпіс мың қол жиылып тұрған шақта,
Әли Арыслан патшаға жауап берді:
– Падиша, жақсы көріп едің бізді, – деді,
Көп шықтым мұндай жолмен түзге, – деді.
Баруға рұқсат бер бізге, – деді,
Бір қызмет қылайын сізге, – деді.
Падиша айтқан сөзін қабыл қылды,
Әлиге баста дейді сонша көпті.
Қанбар менен өз қолын қойған жерге,
Тұп-тура батыр Әли бастап кетті.
Кәпірді Әли қайтып оңдырады,
Қатты жүрісіп аттары болдырады.
Манағы таудың бір жағына алып келіп,
Тап қолының түбіне қондырады.
Кәпірлер бәрі де ұйықтап қалады енді,
Басына бір мүшкілді салады енді.
Қолының бәрін ұйықтатып батыр Әли,
Жасырынып Қанбарға барады енді.
Қанбарға батыр Әли “бүй” деп айтты,
– Атың мініп, киімін ки, – деп айтты.
Пәлен жерге Жәмшидтен қол әкелдім,
Ләшкеріңмен ұйқыда ти, – деп айтты.
Көрінбей батыр Әли айтып келді,
Айтып-айтып ләшкерге қайтып келді.
Қанбар Әли айтқанын екі етпейді,
Шырт ұйқыда жатқанда тиеді енді.
Түнде келіп ұйқыда ат қояды,
Әли де зұлпықармен шапқылады.
Жетпіс мыңның, жарандар, алпыс мыңын,
Таң атқанша өлтіріп, сап қылады.
Он мыңы патшаға қайтып келді,
Қашимшим жақтан іштерін тартып келді.
Әли де бірге қашып келген екен,
Қашимшим “бәле болды” деп айтып келді.
Тамамы жұрт Әлиге жиылады,
Әли танып, Құдайға сиынады.
Патша үшбу іске қайран қалып,
Балшыларға “бал аш” деп бұйырады.
Балшыларға “бал аш” деп көп айтады,
Қырылған қолға уайым жеп айтады.
– Бал ашып көріңіз, балшыларым,
Балыңызға не түсер, – деп айтады.
Патша бұйрық қылған соң бал ашады,
Ашып-ашып балына қарасады.
Балшылар “Қашимшимнан жазық жоқ” деп,
Падишаның жанынан тарасады.
Падиша тым-ақ қатты ашуланды,
Неше мың хан-сұлтанын қасына алды.
“Осы жақтағы бәледен түк қойма” деп,
Сексен мың бар деп айтады палуанды.
Сексен мың палуандар бұлай жүрмек,
Кәпірлерді Арыслан қылады ермек.
“Ол жолы ұйықтап ұят қылдым ғой” деп,
Жалынып падишадан қылды тілек.
Әли айтты патшаға: – Барсам екен,
Дұшпаныма ойранды салсам екен.
Сіз жарлық қылып, Лат, Манат жар қылса,
Осы жолы өшімді алсам екен.
–Қашимшим, сен бізге қонақ едің, – деді,
Барсаң бар, қоймадың ғой тым-ақ, – деді.
Жолаушыға қызметті көп бұйырмақ,
Біле білсең болмайды матап, – деді.
Сексен мың ер Әлиге болды жолдас,
Әлиді басшы қылған кәпір оңбас.
Падиша жарлық беріп Арысланға,
Сексен мың қолға тағы қылады бас.
Әлиді басшы қылып кетті жауға,
Кешер Құдай күнәңді, қылсаң тәубе.
Батыр Әли бұларды бастап алып,
Бір жағымен апарды тағы тауға.
Ер Әлиден саспайды, жаным, солар,
Тағы да алдап ішінен, ойран салар.
Қолды тағы ұйықтатып жасырынып,
Қанбарға манағыдай берді хабар.
Шырт ұйқыда Қанбар келіп қылыш ұрды,
Ер Әли де ішінен қырып жүрді.
Таң атқанша жетпіс мың палуанның
Жаны тура жаһаннамға барып кірді.
Тағы да жетпіс мыңын қырып салды-ау,
Патшаға он мыңы қашып барды-ау.
“Не көрсек те Қашимшимнен көрдік, – дейді,
Батыр Әли ол жолы сонда қалды-ау”.
Балшыларға: – Балыңды ашың, – деді,
Жетпіс мыңда барма ед, қасың? – деді.
– Табыңыз! – деп падиша ашуланды,
Таппасаңыз кесермін, басың, – деді.
Бұ іске таң қалады жиылған көп,
Балшыларға қорықса да уайым жеп.
Неше мың балшылардың ұстаттарын,
Атын айтады екен, “Ағиан” деп.
Ер Әли жерді кезген Дүлдүліменен,
Ағиан бал ашуға енді келген.
Құлақ салып, жараңдар, тыңдасаңыз,
Ағианның айтайын балгерлігін.
–Көп таттым, падиша, дәмің, – дейді,
Құлағыңды, патша, салың, – дейді.
Бір сөзім бар айтпасам, күйеді ішім,
Тағы айтуға қорқады жаным, – дейді.
– Ағиан балыңды ашып тап, – деп айтты,
Қашимшим болса қылармын, – деп айтты.
Менен қорықпай айтуға ей, Ағиан,
Не көрсең де балыңды айт, – деп айтты.
– Қашимшим ғой қолды қылған мұндай, – дейді,
Оны мықты жаратқан Құдай, – дейді.
Падиша “айт” деп бұйрық қылған шақта,
Ағиан балын ашып бұлай дейді:
– Мәдине деген оның қаласы бар,
Нұр Мұхаммед жәрдемші бабасы бар.
Жұфұты – Фатима, жолдасы – төрт шаһариар,
Ол Әлидің Хасен, Хұсайын баласы бар.
Қашимшим емес, ол – Әли, білгін, – дейді,
Кәпір болар қолында ділгір, – дейді,
Қолындағы қылышы зұлпықар-дүр,
Астындағы аты мінген Дүлдүл, – дейді.
Әли деген ол патша сайыпқыран,
Дүние халқы жеңілмей қалмас одан.
Иман айтсаң, құтыларсың бірақ одан,
Болмаса тәж-тағыңды қылар ойран.
Жаныңнан қорықсаң иман айтың, – деді,
Басыңа қатты бәле келгей, – деді.
Өзің біл, сөз естімек сенен, – деді,
Білгенімді әуел айтпақ менен, – деді.
Бұлай деп патшаны аң-таң қалдырыпты,
Падиша жендеттерін алдырыпты.
“Әуелі Қашимшимді өлтірем” деп,
Ашуланып зынданға салдырыпты.
Патша үшбу сөзге ашуланған,
Зынданда қыз Ағиан жатып қалған.
Қашимшимге ол падиша ашуланып,
Енді іздете жіберді жүз мың палуан.
Жүз мың қол душар болды іздеп кетіп,
Солардан да кетіпті дүние өтіп.
Жер жүзін қайыстырып жүз мың ләшкер,
Ер Әлидің қосына барды жетіп.
Бек қатты Әли Арыслан соғыс салды,
Жер жүзіне ағызады судай қанды.
Жүз мыңның елу мыңын қырып салды,
Елу мың Жәмшидке қашып барды.
Патша айтты: – Сөзімді тыңда, – деді,
Қашимшим қолын ол көрді көзім, – деді.
Қашимшим бізді, патша, қойдай қырды,
Қолы көп басқан жердің жүзін, – деді.
– Қашимшимнен қоршылықты мұндай көрдік,
Ләшкердің көптігін құмдай көрдік.
Елу мың кісі бізді қырып салды,
Шыдамай қашып, патша, сізге келдік.
Бастан-аяқ көргенін қылды баян,
Ойлап-ойлап падиша қорықты жаман.
Қол жиды жеті ықылымға хат жіберіп,
Әли Арыслан екені болды аян.
Жеті ықылымға хатпенен хабар салды,
һәр тарапқа хатпенен кісі барды.
Шаһардан тысқа шығып сайланады,
Он жүз мың палуанды жиып алды.
Жанына он жүз мыңды Жәмшид алар,
Әли келсе сайланып соғыс салар.
Жәмшид енді жиылып тұра тұрсын,
Әли Арыслан батырдан алың хабар.
Хасенмілді Мұсайып алған екен,
Ол шаһар мұсылман болып қалған екен.
Мұсайып ғазы отыз мың ләшкер алып,
Ер Әлидің қасына барған екен.
– Жіберіп едім бес жолмен бөліп-бөліп,
һәрқайсысын келеміз жаңа көріп.
Кетедалды өлтіріп, мұсылман қылып,
Әбілмәжін, бес мың қолмен қосылды о да келіп.
Бұлайша ер Әлиге барады енді,
Көрісіп, құшақтасып қалады енді.
Амандасып, көрісіп болғаннан соң,
Қосылып шаһар жаққа салады енді.
Жәмшид те мұны көрді тосып жатып,
Бұлар да жетіп келді түн-күн қатып.
Бұлар келіп Жәмшидтің қолын көріп,
Қарсыласып тұрады саптар тартып.
Екі қол екі жақта жатады енді,
Кәпір қолы сырнайын тартады енді.
Мұсайып, Әбілмәжін, Әли батыр
Көргенін бастан-аяқ айтады енді.
Әбілмәжінге: – һажумге бар, – деп айтты,
Мәлікаждарды зынданнан ал, – деп айтты.
“Жарайды” деп орнынан тұрып кетті,
Шоқпарын алып һажумге жүріп кетті.
Өздеріне сеніскен батырлар ғой,
Жапа жалғыз һажумға жетіп келіпті.
Олардың толып жатыр тамашасы,
Қорқыныш емес ол жалғыз, оңашасы.
Бірі “бар” деп, біреуі “жарайды” деп,
Жалғыз жүре беруін қарасаңшы!
һажумге Әбілмәжін енді жетті,
Есепсіз көрді бек көп елді дейді.
Сәдуақас қолыменен сау-саламат,
О да Әли қасына келді дейді.
Бір жерге айттым, бәрінің жиылғанын,
Күнәһлі болсаң, қиналар шыбын жаның.
Түнде шаһар һажумге жетіп келді,
Тыңдаңыз, Әбілмәжін не қылғанын.
Зынданға Әбілмәжін барып қалды,
Зынданның қарауылын ұстап алды.
Қолын байлап, “қайда?” деп қысқан екен,
Лат, Манатқа сиынып талып қалды.
Есін жидырып Әбілмәжін сөз сұрады:
– Мәлікаждар қайда? – деп көп сұрады.
– Біздің палуан мұнда тірі бар ма, жоқ па,
Шыныңды айт, өлтіремін, – деп сұрады.
– Тақсыр-ай, кесе көрме басым, – деді,
Қабыл қыл, көзден аққан жасым, – деді.
Палуан сау-саламат тап осында,
Күнінде үш беріп тұрамын асын, – деді.
Қарауылшыны бекітіп, байлап алды,
Тап зынданның төбесіне жетіп барды.
– Мәлікаждар, мұнда тірі бармысың? – деп,
Әбілмәжін тыс жақтан айқай салды.
Мәлікаждарды ол танып ақырады,
“Мен мұнда, тірімін” деп шақырады.
Екеуінің дауысы ұласқанда,
Зыңдандағы адамдар қалтырады.
Әбілмәжін арқанды салады енді,
Мәлікаждарды суырып алады енді.
Екеуі амандасып, құшақтасып,
Гүлшаһардың сарайына барады енді.
Бұларды Гүлшаһардың көзі көрді,
Гүлшаһардың жанына кіріп келді.
Екеуінің аяғына басын қойып,
Иман айтып, Гүлшаһар да дінге кірді.
Шаһар халқы бұларды көзі көрді,
Баршасы иман айтып дінге кірді.
Ол шаһардан жетпіс мың палуан алып,
Екі батыр Әлиге жетіп келді.
Екеуі ер Әлиге жетіп келді,
Қуанды-ай, Арыслан көрген соң мұнша қолды.
Бұларға жаңа ат, жаңа киім беріп,
Мәлікаждарға Арыслан құрмет қылды.
Кәпірлердің айтайын молын сізге,
Мәліктің де айттым ғой жолын сізге.
Жәмшидке он жүз мыңменен қарсы тұрған,
Азырақ сипат қылайын қолын сізге.
Жәмшидтің де ойыны бар алуан-алуан,
Жетпіс патша, үш мыңнан уәзір алған.
Екі жүз мың ғаярлар, айлакерлер,
Шынжырлаған қасында төрт мың палуан.
Төрт құлды бір-біріне қойған байлап,
Алтын тақыт үстіне қару сайлап.
Шатыр құрып ол қолға қарсы тұрып,
Уәзірлері қасында тұрды ойнап.
Екі ләшкер соғыс қылмай, қонып жатты,
Жер жүзі екі қолға толып жатты.
Қарауыл, шыңдауылшы қатты қойып,
Бір-бірінен хабардар болып жатты.
Екі қол екі жақтан жиылыпты,
Мұсылмандар Құдайға сиыныпты.
Таң атып майдан жерін тазаласып,
Су сеуіп, екі жақтан сыпырыпты.
Ландһүр деген кәпірден шауып шықты,
Күрзі, шоқпар қолына алып шықты.
Астындағы керкүдәнін ол ойнатып,
Өз атына дабылды қағып шықты.
Ландһүр ол майданда ақырады,
Қорқақтары даусынан қалтырады.
Шоқпар, найза, қылыштан ойын ойнап,
Жекпе-жекке бұл кәпір шақырады.
Ландһүр ол майданда қарап тұрды,
Мұсылманнан біреу келді, оны бір-ақ ұрды.
Ландһүр біреуден шығармастан,
Мұсылманнан үшеуді шаһид қылды.
Қаһарланып Әбілмәжін қарсы тұрды,
Әбілмәжінді найзамен тағы да ұрды.
Найзасын жұлып алып, өзін шанышты,
Жаны тура жаһаннамға барып кірді.
Ол күні Әбілмәжін бірме-бірге
Жетпіс палуан кәпірді байлап алды.
Кеш болып, екі ләшкер кетті қайтып,
Тыныштық алысады қонып жатып.
Таң атып екі жақтан майдан түзеп,
Ұрысқалы келісті саптар тартып.
Мұсайып тақсыр майданға кіріп келді,
Керкүдәнін ойнатып жүріп келді.
Майданға кіріп, қатты бір ақырып,
Дабыл қағып атына былай дейді:
– Шығады кәпірлердің қайсы “мен” деп,
Кәпірден палуандықта асармын деп.
Даусынан тау-тас қозғалады,
Ақырады “шоқпаршының басымын” деп.
Майданға Феридун деген кәпір түсті,
Жалғыз шыққан сонша елден о да күшті.
Мұсайып палуан күрзіменен ұрған шақта,
Феридунның басы үзіліп аспанға ұшты.
Асфандүн деген кәпір тағы барды,
Қылышпенен екі бөліп оны салды.
Бірме-бірге келгеннен соң Мұсайып батыр,
Жүз он бес палуанды байлап алды.
Күн батып қайтатұғын шағы болды,
Құдайым мұсылманның жағы болды.
Қайтатұғын барабан ол қағысып,
Жер-жеріне екі қол тағы қонды.
Таң атып, майданға тағы жүрді,
Мұсылманнан Әбулхайыр барып кірді.
Кәпірден Мағит кіріп қарсы тұрды,
Қылышпенен бір-бірін сексен ұрды.
Қылышпенен бір-бірін ұрды сексен,
Бір-біріне тигізбей қағып кеткен.
Қаһарланып Әбулхайыр шоқпарменен,
Ол кәпірді қылыпты жермен-жексен.
Кәпірлер Әбулхайырға аң-таң қалды,
Әбулхайыр жетпісті байлап алды.
Күн кеш болып, барабан тағы соғып,
Екі ләшкер орнына қайтып барды.
Кәпірлер қайғы болды жандарымен,
Мақтанбады көбейген сандарымен.
Таң атқанша Жәмшид патша, жарандар,
Кеңес қылды уәзір-хандарымен.
Жәмшид айтты: – Тілімді алың, – деді,
Бірме-бірге келмес-ті халің, – деді.
Бірме-бірге бармаңыз жекпе-жекке,
Жабылыңыз оларға бәрің, – деді.
Майданға таң атып тағы жүрді,
Әбусағид майданға барып тұрды.
Көпірден Шимрук келді, сегіз болды,
Жаны тура жаһаннамға барып кірді.
Әбусағид кәпірге ойран салған,
Кәпірлер қайратына аң-таң қалған.
Жәмшид патша қолында Манап деген,
Шынжырланған бар екен бір палуан.
– Бір келсе, Манап қарсы келер, – деді,
Мұсылманның сазайын берер, – деді.
Манаптың шынжырын шешіп алып,
Майданға, – Жәмшид патша,– жібер, – деді.
Тамам жұрт Манапқа тұр қайран қалып,
Мастықтан Манап та тұр естен танып.
Сегіз жүз палуан Манапты ей, жарандар,
Майданға барысады әзер алып.
Босанып тұрды Манап майдан тартып,
Ақырады жер-көкті қалтыратып.
Манап лағин қолынан ұстап алып,
Жіберді Әбусағидты аспанға атып.
Аспанға атып жіберді жүзіқара,
һәр түрлі жан жаратқан Алла Тағала.
Түсерде жұдырықпен бір-ақ ұрып,
Әбусағидты қылыпты пәре-пәре.
Шаһид қылды мұсылманнан жетпіс кісі,
Олардан асып кетті Манап күші.
Күн кеш болып, барабан тағы соғып,
Екі ләшкер орнына қайтып түсті.
Таң атып, Манап кәпір тағы кірді,
Манапты мұсылманның көзі көрді.
Мастығы кетіп, кәпірдің есі кіріп,
Өзін-өзі көтеріп сөйлеп тұрды.
– Хауарзамин палуаны, атым – Манап,
Бір қолыма Қап тауы болмас салмақ.
Мың жаныңнан бір жаның қоймаймын, – деп,
Палуандарың келе бер таңдап-таңдап.
Мұсылманның біреуі келді ұмтылып,
Манап жығып, аяғынан алды тұтып.
Манап кәпір аяғынан тұтып алып,
Екі жаққа жіберді бөздей жыртып.
Бір мұсылман барып еді, тағы жықты,
Осылайша екеуі де шаһид болды.
Керкүдәнін ойнатып шыдай алмай,
Енді алдынан Мұсайып ғазы келді.
Мұсайып та Манапқа барып қалды,
Манап кәпір шоқпармен салып қалды.
Қаһарланып Мұсайыпты салған шақта,
Тигізбеді Мұсайып, қағып қалды.
Жеті-сегіз шоқпарменен ұрысады,
Шоқпарменен һәрбір айла қылысады.
Шоқпарменен бір-біріне кәр қыла алмай,
Қайран болып екеуі тұрысады.
Қылышпенен бір-біріне шапты дейді,
Бір-біріне тигізбей қақты дейді.
Екеуі күн батқанша жеңіспеді,
Кеш болыпты, жай-жайына жатты дейді.
һәр адам үшбу айтқан сөзім көрсін,
Келістіріп сөйлейін тыңдап тұрсын.
Таң атқан соң, жараңдар, тамаша қыл,
Арысланның майданға өзі кірсін.
Әли кірсе, кәпірді бүлдіреді,
Мұсылманды қуантып күлдіреді.
Дабыл қағып атына Әли кіріп,
Өзін-өзі кәпірге білдіреді.
– Алла “Арыслан” деп ат қойған маған, – деді,
Нұр Мұхаммед жәрдемші бабам, – деді.
Жұфұтым – Фатима, жолдасым – төрт шаһариар,
Хасен, Хұсайын – ол менің балам, – деді.
Мекке менен Мәдине – қалам, – деді,
Аяма, келсе, кәпір, шамаң, – деді.
Ей, кәпірлер, қырармын тамам, – деді,
Өшімді бүгін сізден алам, – деді.
Атым – Дүлдүл, қылышым – зұлпықар-дүр,
Ойранды енді бүгін салам, – деді.
Ер Әли осыны айтып айғай салды,
Кәпірлер бұл сөзіне аң-таң қалды.
Даусына жер менен көк қозғалып,
Он екі мың кәпірлер берді жанды.
Айғайлап Арысланға Манап келді,
Әлидің тасып кетті қайраты енді.
Дүлдүлге қамшы басып, тақым қысып,
Манапты зұлпықармен екі бөлді.
Манап өліп, тозаққа жаны кірді,
Манап кәпір өлгенін бәрі көрді.
Жиырма мыңға патша жарлық қылып,
Әлиге ат қойыпты бәрі бірдей.
Арыслан қайратпенен қылыш ұрды,
Қызығына екі қол қарап тұрды.
Бір сағатта жиырма мың палуанды,
Ашуы келген екен, бәрін қырды.
Қалған кәпір бәрі бірдей жабылады,
Ұрысып өкпелері қабысады.
Мұсылмандар жағынан ат қойысып,
Шаңменен бірін-бірі танымайды.
Шаңменен бір-бірін танымайды,
Қалғандардан ол оттар жағылады.
Бір-біріне бастары соғылады,
Кәпірлердің көптігі, әй, жарандар,
Мұсылманның һәрбіріне мың қылыш шабылады.
Қалғандарына шоқпарлар жабылады,
Бастарынан от тау-тау жағылады.
Топ зеңбірек тынбастан атылады,
Кәпірлердің жандары, ей, жарандар,
Ғазап періштелеріне сатылады.
Қылыштар қайырылды шапқыласып,
Мылтықты өлді мылтықпен атқыласып.
Шоқпарлылар бір-бірін күл-күл қылды,
Найзалар қырылды шанышқыласып.
Мұсылмандар кәпірге қырғын салды-ау,
Кәпір қырылып, мұсылман аман қалды-ау.
У ішкендей кәпірлер қырғын тауып,
Жандары жаһаннамнан орын алды-ау.
Ер Арыслан кәпірдің тауын шақты,
Батырлар көп кәпірді жерге тықты.
Кәпірлер қашарға бет қойған шақта,
Күншығыстан бір үлкен тозаң шықты.
Күншығыстан бір үлкен ту көрінді,
Тозаңдары келеді қаптап күнді.
Қарап тұрса, ол шаңнан көп қол шықты,
Көбі сондай, үш боз ту көрініпті.
Бас соғыс қылды тағы да ол күн,
Біраз шаң қылды соғыспенен жердің жүзін.
Үш боз тумен үш жүз мың кәпір келіп,
Мұсылманды қылыпты астын-үстін.
Мұсылмандар жылайды Құдайына,
Үзілмей соғыс болды ұдайына.
Кеш болғанша бек қатты соғыс болды,
Кеш болған соң қайтады жай-жайына.
Мұсылманнан он екі мың өлген екен,
Жандары ұжмақ барып кірген екен.
Кәпірден жетпіс мың тап сол күнде,
Тұп-тура жаһаннамға енген екен.
Мұсылман көмді өлігін жаназа оқып,
Майданға барысады таң да атып.
Құм менен құмырсқадан кәпірлер көп,
Мұсылмандар жылайды қатты қорқып.
Кәпір қолы мұсылманды алған қамап,
Ол қолды болар емес һешкім санап.
Мұсылмандар жанынан үміт үзіп,
Бәрі шулап жылайды “Иә, Аллалап”.
Кәпір толған бұл жердің жүзін басып,
Мұсылмандар қорықты құты қашып.
Бес палуан тұр соғысқа көңіл қылып,
Өзгелері жылайды құшақтасып.
Арыслан намаз оқып отырады,
Бір Құдайды жад қылып зар жылайды.
Кәпір соқты сол жақтан барабанын,
Мұсылмандар жапырақтай қалтырайды.
Мұсылмандар бек қатты жылайды енді,
– Бір Жаратқан, сақтай гөр, Құдай, – деді.
Мұсылмандар жылауына іші күйіп,
Қайраттанып Арыслан былай деді.
Әли айтты: – Дүлдүлім мінейін, – деп,
Кәпірге жалғыз өзім кірейін, – деп.
Тыныштық ал, – деп мұсылманға Әли айтты,
Бұл күн жалғыз Құдайдан тілейін, – деп.
Кірді және жалғыз айғай салып,
Дүлдүл мініп, зұлпықар қолына алып.
Он екі мың кәпір өлді өті жарылып,
Жаны кірді жаһаннамға тура барып.
Кәпір қаны ол ағып сел болады,
Ат жүрмеді, дариядай көл болады.
Зұлпықармен кәпірді қойдай қырды,
Қанша Арыслан қырса да кем болмайды.
Кәпірлер қанша қырса да кемімейді,
Оқ жаудырады Әлиге кәпір бәрі.
Күннің көзін қап-қара тозаң басты,
Әли Арыслан ол оқтан жеңілмейді.
Мәлік, Мұсайып, Сәдуақас соғыс салды,
Әбілмәжін де ағызды судай қанды.
Батырларға жетпіс жерден жара түсті,
Қайран болды кәпірді кеміте алмайды.
Батырлар жаралы болып бек сасады-ау,
Жердің жүзін кәпірлер көп басады-ау.
Құм менен құмырсқадан кәпірлер көп,
Мұсылмандар жыласып құшақтасты.
Мұсылман үміт үзді шын жанынан,
Батырлар жаралы болып қалжыраған.
Құбыла тарапынан көздеріне,
Сол шақта көрінеді бір үлкен шаң.
Ол шаңнан сексен тулы шықты ләшкер,
Мұсылманға жақ болды жалғыз Жаппар.
Бұ туда сексен мыңнан қол бар екен,
Мұсылманға қосылды келіп олар.
Олар келіп кәпірлерді қылыштаған,
Кәпірлерге түсіреді ақырзаман.
Күн батқанша кәпірді қойдай қырды,
Күн батып екі ләшкер қайтты тамам.
Екі ләшкер орнына қайтып барды,
Қисапсыз кәпір ол күн өліп қалды.
Кәпірлер қайғылы болып қайтып барды,
Жәмшид патша ер Әлиге кісі салды.
– Қабыл қыл, осы салған елшім, – дейді,
Елім тамам жиылып келсін, – дейді.
Алды-артымды жиып, армансыз бір болайын,
Он бес күнге кеңшілік берсін, – дейді.
Ер Әлиге солайша елші келді,
Жәмшидтің айтқан сөзін қабыл көрді.
Бұған риза болмас па тірі адам,
“Жиылсын” деп он бес күн кеңдік берді.
Арыслан солайша болып жатсын сонда,
Бір Құдай батырларды өзің оңда.
Пайғамбардан айтамын біраз кеңес,
Құлақ салып, жарандар, сөзім тыңда.
Әлқисса, Расул Алла аләйһиссаламнан біраз кәлима:
Меккеде Пайғамбарым қалған екен,
Тұғры жолды үмбетіне салған екен.
Солардан да өтіп кеткен мынау дүние,
Жарандар, опасы жоқ жалған екен.
Бұ батырлар ғайып болып кеткеніне,
Ей, жарандар, алты жыл болған екен.
Хамар Сағим бұ сөзге қанған екен,
Жетпіс мың қол жиып алған екен.
“Мұхаммед жалғыз өзі не қылар, – деп,
Өлтіріп шаһарын алам”, – деп барған екен.
Меккеге Хамар Сағим барып қалды,
Жетпіс мың ләшкеріменен қамап алды.
“Жалғыз өзі өзіменен ұрыссын” деп,
Пайғамбарға Хамар Сағим кісі салды.
Жәбірейіл Пайғамбарға келді жетіп,
Келгеніне қалады қуаныш етіп.
Жәбірейілден бір Құдай сәлем айтты:
“Хамар Сағим соғысты алсын көніп”.
Жәбірейіл айтты: – Құдайың дейді сәлем,
Айтқанын айта келдім мен де саған.
Құдіретім тамаша қып көрсін, – дейді,
Өзінен басқа бармасын, жалғыз, – дейді.
Хамар Сағим патша менен өзің соғыс,
Осылайша жарлық етті Хақ Тағалаң.
Бұлай жарлық естіді бір Алладан,
Меккеден шығармады жалғыз адам.
Хамар Сағим шаһарды қамап алған,
Хақ Пайғамбар жөнелді соған таман.
Хамар Сағим сөйлейді тұрып сонда:
– Мекке халқы, бұ айтқан сөзім тыңда,
Соғысам деп қырылып, һәлак болма,
Мұхаммедті өлтірем өзім осы жолда.
Мұхаммедті өлтіріп шаһарын алам,
Бұ ниетпенен қол жиып келдім мұнда.
Соғыссаң да өлерсің, келмес шамаң,
Бастарыңа салармын ақырзаман.
Палуандарың жоғалып кеткеніне,
Есіттім, тап алты жыл болған тамам.
Пайғамбар осы сөзге ашуланды,
Алмас қылыш беліне асып алды.
Хамар Сағим алдына қарсы барды,
Соғысқа хақ Пайғамбар кірген шақта,
Жеті қат көк есігі ашылады.
– Рұқсат бер, кәпірлерді қырайын, – деп,
Періштелер Аллаға зар жылайды.
Алла достының соғысын көреміз, – деп,
Ұжмақтан хор қыздары көзін салды.
Жер мен көк зар жылайды: – Ей, Құдайым,
Рұқсат бер, кәпірді һәлак қылайын, – деп.
Көк айтады: – Жай түсіріп уатайын, – деп,
Жер айтады: – Ашумен жұтайын, – деп.
– Бәрің де жайыңа тұр, – деп айтады,
Не боларын өзім білем, – деп айтады.
Кіргізем Мұхаммедті бұ соғысқа,
Тамаша қылып, қыдыртам, көр, – деп айтады.
Хақ Пайғамбар майданға өзі кірді,
Хамар Сағим алдынан қарсы тұрды.
Пайғамбарды қылышыменен келді де ұрды,
Кереметпенен оң қолы тіпті құрыды.
Қылышты сол қолына тағы да алды,
Сол қолы тағы да құрып қалды.
Екі қол ол бірдей құрыған соң,
“Хақ Пайғамбар екенсің” деп ойбай салды.
– Пайғамбарсың, секем жоқ саған, – дейді,
Дұға қыл, қолым болсын аман, – дейді.
“Күнәмді кеш” деп аяғын құшақтады,
Дінің тұтам, иман айт, маған, – дейді.
Мұсылман болып, Хамар Сағим жолы болды,
Көңіліне иманның нұры толды.
Пайғамбарым дұға қылып, бетін сипап,
Бұрынғыдай сау-саламат қолы болды.
Бұ кереметті ол қолдың бәрі көрді,
Пайғамбардың аяғына басын ұрды.
Иман айтып, баршасы дінге кірді,
Мұсылман болып шаһарға бәрі кірді.
Кәпірлердің хақ дінге бәрін салды,
Мүмін қылды жетпіс мың барша жанды.
Бұ іске Пайғамбарым бек шаттанып,
Баба Омарды шақыртып қасына алды.
Шақырған соң жетіп келді Омар Бабаң,
Жеті пайғамбарға қызмет қылған тамам.
Жеті пайғамбардан жеті түрлі үлес алған,
Баба Омар айтайын жайын саған.
Омар Бабаң көп ғұмыр сүрген екен,
Жеті пайғамбарға қызмет етіп жүрген екен.
Мұхаммедтің артығын білген екен,
Мұхаммедті көруге дұға тілеп,
Жеті пайғамбар дұғаны берген екен.
Құдайым дұғаларын қабыл қылып,
Пайғамбардың дидарын көрген екен.
Пайғамбарлар дұғасы себебші болып,
Сол заманға қартаймай келген екен.