Ғалымның хаты

Шәмші Бүзірік (Молда Шәмші), Әл-Әмин баб (Қырық садақ) және Шаһ Бүзірік (Сабұлт) әулеті шежіресі

Бабаға тағзым – ұрпақ борышы

Бабалар рухына тағзым ету, зиярат жасау – ұлағатты ұрпақтың айбынын асырар абзал борышы, бұлжымас перзенттік парызы, алға апарар аманаттық адал ісі. Бұл бір жағы біздің өткенді түгендеп, бүгінгіні байырқалап, ертеңге бағыт ұстайтын мінәжат мезіретіміз, жоралғылы жолымыз. Оның ұрпақ тәрбиесінде де алатын тағлымдық орны үлкен. Мұның үстіне, халқымыз ертеден-ақ «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп, мәселенің туралығын айтып, туырлықты тұғырымызды белгілеп беріп кеткен.

Ал ата-бабаларын құрметтеу үшін адам ең алдымен олардың кім болғандарын білуі керек. Сондықтан да қазақ «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген терең мағыналы қағидатты ұстанған. Шын мәнінде жеті ата ғана емес, одан да арғы замандағы әруақты бабалардың түп-тұқиянын тарқатып отыру – біздің өскелең өміріміздің өнегелі бір өлшемі. Ата-бабаларымыз халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ерлік істерін, нақыл сөздерін, өздерінің шығу тегін баяндайтын шежірені ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, олардың күні бүгінге дейін сабақты жібі үзілмей, жалғасып келуіне бірден-бір себепкер болды.

Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде де біздің жұртымыздың арасында бұл үрдіс өзінің құнын түсірген жоқ, құндағын өзгерткен жоқ. Атеизмнің айбыны мен айдыны болған сол қоғам мұны оншалық қош көрмегенмен, ашықтан ашық қарсы шығып, айбат шегіп, біздің бір ерекшелігіміз іспеттес болып отырған тірлігімізге тосқауыл қоя алмады. Көкірегі ояу, көзі ашық ақсақалы бар ағайын бұрынғысынша тектің тізбегін жасауды жалғастыра берді. Өйткені, мұның қандық жағынан алғанда, тұқымның келешегін кеселсіз кемел ету турасында үлгі боларлық қызметі мен маңызы айрықша зор екенін дана жұртымыз ерте түсінген және соны берік бағыт етіп бекем ұстап келген.

Шежіре – біздің ұлтымыздың алтын діңгегі. Ол – тарихымыздың тұтас бір тараулы тармағы. Бір кездері арабтың «бұтақ, тармақ» деген мағынадағы «шаджарат» лексемасынан алынған бұл термин кейін келе қазақтың «ататек» дейтін ұғымын білдіретін «шежіре» сөзі болып қалыптасты. Бүгінде ол белгілі бір халықтың, тайпалар бірлестігінің, тайпалар мен рулардың, омақтар мен әулеттердің түкпіргі шығу тегі мен ұрпақтар таралуы сипатын баяндайтын рухани жүйеге айналды. Сол шежірелердің желісіне арқау болып тартылатын рулық бөлініс – адамның тегін танытатын тетік. «Тегін білмеген түгін білмейді» деген сөз де осыдан шықса керек. Бірақ руды білу ешқашан рушылдыққа, тайпалық жікшілікке алып бармауы тиіс.

Әлбетте, саналы ойлы әр азаматтың шежірені білгені дұрыс. Шежіре арқылы кім-кім де өзінің тегін таниды, бұрынғы өткен бабаларының ізгілікті істеріне қанығады, олардан үлгі алады, адами жақсы қасиеттеріне еліктейді, әруақтарын арқа тұтады. Шежіре ағайынның басын біріктіруде де орасан зор ұйымдастырушылық қызмет атқарады. Осы арқылы рулық, өңірлік, тіпті елдік мәні бар мерейлі міндеттер мен шапағатты шараларды көп болып көмектесіп, сеп болып себептесіп, жүзеге асыруға болады. Түптеп келгенде, шежіре ұлтты ұлы істерге ұйытудың негізгі қозғаушы қуатты күштерінің бірі болып қала береді. Дәл бұдан біздің бәріміз баршаға ортақ пайда таппасақ, шәлкем-шалыс шығатын зиян шекпесек керек.

Бәріміз де осындай сөздің парқын, істің нарқын білетін ортада, әулетте, ауылда туып өстік. Қаншама қиянпұрысты қиын кезеңдер бастан өтсе де, асыл дінімізден де, тегеурінді тегімізден де ажырап, қол үзіп кетпедік. Бұған өздерінің өмірлік ұстанымдары мен діни наным-сенімдеріне адал әке-шешелеріміздің бабалар рухтарын ұдайы қастерлей білгендері  тікелей әсер етті. Бұған өскен ортамыздың да ықпалы аз болған жоқ. Сондықтан ес біліп, етек жапқан кезімізден «Алланың құлымын, Мұхаммедтің үмбетімін, шадиярлардың досымын, имам ағзамның қауымынанмын» деп, үлкендердің сұрақтарына жауап беріп тұрдық. Кейін «Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ, Екі иықта екі періште жазған парақ» деген сөз көкейімізден төгілетін болды. Осы сөздердің барлығының мағынасына терең бойлай алмасақ та, жадымызда жаттап ұстадық. Ал «Адамзаттың асылы, Пайғамбарлар сұлтаны, Екі жаһан сардары – Мұхаммед салаллаһу алейһи уа сәллам!» деген тіркесті айтқанда, бойымызды әлде ерекше бір мақтаныш сезімі пен қуат екпіні кернеп тұрушы еді.

Осылай үлкендердің шылауында өскен біз кішкентайымыздан «Лә иләһә иллә Алла, Мұхаммад-ур-расулуллаһ» деп тілімізді кәлимаға келтіріп, куәлік сөзімізді қос дүниедегі қол жеткізген ең асыл нығметіміз әрі бақытымыздың киелі кілті іспетті көріп, келер күнге зор үмітпен көз салып жетілдік.

Сірә, сол заманда тұстастарымыздың арасында ата-әжелерінен:

«Лә иләһә иллаллаһ!

Иллалада пайда бар.

Білмеген құлға не айла бар?

Жатар жерің қараңғы,

Шамшырағың сайлап ал!», –

деген уағызды естімеген бала болмаған шығар. Қазір бұл біздің армандай болып алыста қалған бал дәурен балалық шағымыздың ең бір сәулелі сәттеріндей санаға саңылау салып, бейнелі белгі беріп тұрады.

Сірә, осындай тәрбие тәртібінің тәлімі шығар, біз бала жастан, балғын күндерден әруақты ата-бабаларымыздың арғы-бергі тарихтарынан, ағажай ат-есімдерінен әжептәуір хабардар болып жүрдік. Ол кезде жұрт арасында сирек те болса, белгілі бір ру-тайпалардың шежірелері ұшырасып қалатын. Бірақ, заманның қытымырлығы мен қауіптілігінің салқыны  мен кескінінен шығар, олардың бәрі қай шаңырақта да өте құпия сақталатын. Сондай бір әулеттік шежіре біздің үйде де болды. Қожаның Шаһ-Бүзіріктен, яғни Сабұлт бабадан тарайтын ұрпақтарының генеалогиялық дарағын сызып көрсетуге арналған бұл тектік тергеу сонау Хазіреті Әли ибн Әбу-Тәлібтен, оның Фатимадан туған ұлы Хұсейіннен басталып, менің әкеме дейін келіп жететін еді. Оны атам Әбибулла сол кездегі ескіше сөз білетін, оқыған кісілердің үрдісімен шағатай тілінде жазыпты. Бірде есейіп қалған маған өз әкем Сражаддин: «Шырағым, ертеректе әкемнің мен үшін себезгі етіп, арнайы дайындаған шежіресі бар еді. Сол шежіре алмағайып замандардың бір зұлқайымында әлдеқандай себептермен қолдан шығып кетті. Қазір Қазан қаласындағы әйгілі «Құл Шәриф» мешітінің архивінде жатыр, кейін бір есебін тауып, соны алдырарсың. Онда біздің рудың қайдан шығып, қалай тарағаны толық тарқатылып жазылған. Керек кезінде өзіңнің бір қажетіңе жаратарсың. Соның тілін білетін адамға оқытарсың», – деді. Сөйтіп жүргенде, мен мектеп бітіріп, оқуға кетіп қалдым. Студент кезімде әке тапсырмасын орындаудың орайы келмеді. Бірақ, кейін қалай ыңғайын келтіргенін білмеймін, әкем сол шежірені өзі әлдекімдерді араға салып, үйге алдырып қойыпты. Ол кісі, жалпы, кішкентайынан шағатай және парсы тілдерін жақсы білетін еді. Қолымыз боста соны оқып, бізге түсіндіріп беріп жүрді.

Күндердің бір күнінде біздің үйде сондай шежіренің бар екені құлағына жетсе керек, әйгілі фольклортанушы, ауыз әдебиетінің туындыларын жинаушы жерлесіміз Мардан Байділдаев аға арнайы келіп, әкемді өзімен бірге Алматыға алып кетті. Онда өзі қызмет ететін Ғылым Академиясына апарып, жаңағы әулеттік шежіремізді шағатай тілінен қазақ тіліне аудартты. Оны соңынан бірнеше дана етіп дайындатты. Сол жұмыстарды жасап бітіру үшін әкем бір жарым ай Алатаудың баурайындағы қалада жатты. Қайтарында қызметіне риза болған ғалымдар әкеме «Қазақстан Ғылым Академиясының штаттан тыс корреспондент-мүшесі» деген куәлік тапсырыпты. Ол кісі ауылға сол құжатты алып қайтты. Бұған қоса, қомақты мөлшерде қаламақы да төлепті.

Бұл шежіре кейін өзіміздің де қажетімізге жарады. Оны сол кезде облыстық арбитражда басшы болып істейтін Шайхислам Смайылов деген жамағайын, аталас ағамыз әкемнен уақытша сұрап алып кетті. Ол Мәскеудің экономика институтын бітірген, жан-жақты сауатты кісі ғой, шағатай тілінен хабары бар екен, шежірені қазақшаға аударып, керекті вариантын жасап алды. Жылдар өткесін сол деректерді жазушы-журналист Жақсылық Рахматулла екеуі бірлесіп дайындап, 1997 жылы баспа жүзінен жарыққа шығаратын «Саид-Сабұлт шежіресі» деген кітаптың негізіне арқау етіп алды. Бұл тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қожалар тегі жөнінде жарық көрген алғашқы шежіре жинақтарының бірі болды. Бұдан кейін біздің шежіремізді осы салада көптен бері тыңғылықты істер жасап жүрген түркістандық Сейіт-Омар Саттарұлы ақсақал сұрап алып, өзінің кезекті кітабына пайдаланды.

Осы жерде айта кететін тағы бір жайт, жоғарыдағы Шаһ-Бүзірік баба ұрпақтарының шежіресін жинақтап, әр аталық бойынша қағазға түсіруде, сөйтіп, әулеттен тараған бүгінгі ұрпақтарды түгендеп шығуда Сәруар Зекенов деген ауылдас ағамыз орасан зор еңбек сіңірді. Рудың осы маңдағы ақсақалы болып отырған бұл кісі ерінбей-жалықпай, әр оттың басына жеке барып, сонда қона-жастана жүріп, олардың өздерінен өрген ұрпақтың түгел есебін алды. Ол осы қастерлі шаруаға өзінің 5-6 жыл уақытын сарп етті. Соңынан алған мәліметтердің бәрін схема түріне түсіріп, сабұлттардың үлкен дерекқорын жасап шықты. Соның арқасында Сыр бойында тұратын ағайындардың өзіндік бір демографиялық картасы іспетті іргелі еңбек дүниеге келді.

Мұндай шежірелер сол жылдары жиі шыға бастады. Айталық, бұрыннан ата-баба тегін зерттеп жүретін көзі ашық Дәумен-қажы Шоманов ағамыз 1995 жылы осы үш ата ұрпақтары арасынан бірінші болып, «Молда Шәмшілер» деген шағын кітапша шығарып, Мәулана Шәмші ұрпақтарының шежіресін көпшілік қауымға ұсынды. Ол кісі арада екі жыл өткеннен кейін, 1997 жылы «Мәулана Шәмшідін (Шәмші Бүзірік). Хикметтер» деген келесі кітапты баспа жүзінен өткеріп, әулеттің шежіресін кеңейтумен бірге, бабасының көптеген жырларын жариялады. Қожаның өзге аталарынан да шыққан осындай бірнеше жинақ болды, бірақ бұл әңгіме үш ата ұрпақтары турасында болып отырғандықтан, оларға арнайы тоқталып өтуді жөн көрмей тұрмыз.

Ата-баба тарихына терең бойлау, туыстық қарым-қатынасты анықтау, әлбетте, оларды еске алып тұратын, тәу ететін орындарды тұрғызуға алып барады. Бұл бізде де сондай ықылас орын алды. Сондай құрмет пен тағзымның нақты көрнекі көрінісі ретінде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы аумағында 1996 жылы салынған қожа ағайындардың Шәмші Бүзірік (Молда Шәмші), Әл-Әмин баб (Қырық садақ) және Шаһ Бүзірік (Сабұлт) әулетінің осы аттары аталған бабаларына біріккен ортақ кесене тұрғызуы болды.

Мұның әлқиссасы былай басталады. 1995 жылдың күзі еді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ардақты ағамыз Исатай Әбдікәрімов екеуміз бір жолығысып қалғанда, ол маған: «Ибрагим, сен Жаңақорғанда жүргеніңде ата-баба әруағына тағзым ету турасында біраз өнегелі істерге мұрындық болдың, – деді. – Абд Жәлел баб (Хорасан баба) қорымына, Ақтас мешіті мен Айқожа ишан кесенесіне жол апардың, электр жарығын келтірдің, көне Сығанақ қаласында Хисамиддин бабаның кесенесін салдырдың. Осының арқасында елдің басын қостың. Кезінде біз аудан басқарғанда да, облыс басқарған уақытта да мұны жасай алмадық. Менен кейінгі Ғафур Мұхамеджанов та, Сейілбек Шаухаманов та солай болды. Партия билеген заманда ол мүмкін де емес еді. Бір орталықтан бөлініп берілетін бюджеттің қаржыларына мұны саған ешкім істетпейді, ал басқа ақша көздері болған жоқ. Қазіргідей бизнесмендер деген ол кезде болмады. Сондықтан сенің сол 90-шы жылдардың басынан қолға алған осы жұмыстарың біздің бәрімізді риза етті. Бірақ сен енді өз бабаларымызға қарай бұрыла бастағанда, басқа ауданға, Шиеліге ауысып кеттің-ау».

Ағаның айтып тұрғанының бәрі дұрыс. Мұның бәрі менің Жаңақорған ауданын басқарып жүрген кезімде атқарылған шаруалар еді. Бұл кезде мен Шиелі ауданында әкім едім. «Бірақ тым ұзап кеткен жоқсың, көрші ауданды басқарып отырсың, – деді Исекең бұдан әрі. – Сондықтан Жаңақорғанда өзің бастап кеткен істі ары қарай жалғастыруға қосыл, соның бір жағын басқар. Қазіргі заманда әр бабаға жеке кесене сала беруге қаражат жоқ, жағдай көтермейді, өзін өзі ақтамауы да мүмкін. Сондықтан ағайынның, елдің бірлігі үшін бәрімізге ортақ үш баба – Шәмші Бүзірікке, Әл-Әмин бабқа, Шаһ Бүзірікке арнап бір кесене салғанымыз жөн шығар. Ол тек өзінің осы ерекшелігін білдіру үшін үш бөлмелі, үш күмбезді болып салынуы керек». Ағаның ұсынысы бірден көңілден шықты.

Жоғарыда атап өткенімдей, сол уақыттары Дәумен қажы Шоманов өзінің Шәмші Бүзірік бабасына қатысты көптеген көрнекті жұмыстар жүргізіп жатыр еді. Исекеңнің уәжі оған да ұнады. Ол кісі де көп нәрсеге ұйытқы болды, тірлігіміздің тез қарқын алып кетуіне үлкен үлес қосты. Бұған Дәукеңнің туған інісі Әсет пен ұлы Алтынбек те тартылып, өте ауқымды жұмыстар атқарды. Не керек, үш бабаның бас көтерер ұрпақтары да бұл идеяны толық қуаттады.

Тарихи деректер бойынша, кейін біртіндеп «Өзгент» деген атауға ие болатын көне Оғызкент деген байырғы қаланың іргесінде бір замандарда біздің бабаларымыз өмір сүріп, елге қызмет етіпті. Ол қазіргі «Өзгент» ауылының оңтүстік-батысына қарай 15 шақырым жер қашықта орналасқан. Негізі, ХІІ-ХVІІ ғасырларда тіршілік еткен қала өзімен қатар Сауран пен Сығанақ тарихтарымен тағдырлас, мәдениеті мен саудасы, саяси-экономикасы дамыған қала болған. Зерттеуші Б. Каллаурдың жазуынша, ол Ішкі Өзгент және Қыр Өзгент деген екі бекіністен құралған. Ішкі Өзгент Сыр өзеніне жақын, Оғызкент (Қыр Өзгент) қашық тұрған. Ішкі Өзгент моңғолдар шапқыншылығына дейін Дешті Қыпшақ мемлекеті құрамында болып, Сығанақ билігіне бағынған. Бірақ моңғолдар қиратып, тонаған соң қала қаңырап қалған. Өзгент кейін Қасым ханның тұсында Қазақ хандығына қараған. ХV-ХVІІІ ғасырларда жоңғарлар мен Ақсақ Темір әулеті үздіксіз шабуыл жасай бергесін, қала халқы қайта-қайта үргіншілікке ұшырап, ақыр соңында тарих сахнасынан біржола кетіп тынған. Осының бәрін зерттеп біліп алғасын, 1996 жылы үш ата ұрпақтарының өкілдері Жаңақорған ауданының кейін «Қожакент» атанатын ауылында, Партияның XXIII съезі атындағы совхозда бас қостық. Оны сол совхоздың директоры Әсет Шоманов ұйымдастырды. Кездесудің төрінде Исатай Әбдікәрімов, Ғафур Мұхамеджанов, Сейілбек Шаухаманов бастаған ағаларымыз отырды. Бәріміздің мәселені талқылай келген пәтуада тоқтағанымыз үш атаның басы қосылатын кесенені халықтық асарлату жолымен салу болды. Ол дәуірінде бабаларымызға пана болған Қыр Өзгент қаласының іргесінен бой көтеретін болып шешілді.

Сөйтіп, ұлы іске құлаш ұрылды, бабалар рухтарына арнап құран оқытылып, бата берілді. Осыған байланысты әр аталықтан қаржы жинайтын адамдар анықталды. Бірден айтып қояйын, шаруаның өзіміз ойластырғандай, тіпті одан да артық болып өтуі жолында Әсет Шомановтың сіңірген еңбегі, төккен тері, атқарған қызметі орасан зор болды. Ол кісі атан түйе көтере алмас ауыр жүкті мойнына артып, соны шегіне жеткенше жетелеп апарды. Ақиқаты сол, ағамыз өзінің, совхоздың, ет жақын ағайынның бар мүмкіншілігін сарқа пайдаланды, барлығын ортақ іске жұмылдыра білді, сөйтіп, ұлан-ғайыр істің абыроймен аяқталуын қамтамасыз етті. Қазір қарап тұрсам, Әсекең сол күндері адамның ойланған кезде төбе шашы тік тұрып кететіндей шаруаларды атқарып шыққан екен.

Әлбетте, бұл бірінші кезекте көпшіліктің араласуымен біткен жұмыс болды. Оған араласқан ағайынның бәрі өз міндеттерін ынты-шынтыларымен істеді, барынша беріле орындады, кейбіреулер тіпті ешқашан өз үйінде де жасап көрмеген бейнеттеріне бел салды. Бұған өте көп адам қызмет жасады. Жаңақорғанның үлкендері, өзіміздің ағайындар, алыс пен жақындағы туыстар, құда-жекжат, жиендер мен күйеу балалар біраз істің қасынан табылып, қолдарынан келген көмектерін беріп жатты. Ол бір уақыттың да аса қиын кезеңі еді. Расында 1996-1997 жылдары халық ыңыршағы айналып, тоз-тоз болып кетудің сәл ғана алдында тұрған. Тарығудың өзі шегіне жетіп қалған. Соған қарамастан, басталған істің баяны болып, 1997 жылы еңселі кесене салынып бітті. Сонымен бірге, біздің еңсеміз де кәдімгідей көтеріліп қалды. «Көппен көрген – ұлы той» деген осы. Бұдан кейін кесене жанынан шырақшының үйі салынды. Сол уақытта облыстың ардагерлер кеңесін басқарып отырған Сейілбек Шаухаманов ағамыз оның жанынан екі ұңғыма қаздырды. Скважинаның біреуінен – 130, екіншісінен 65 метр тереңдіктен су шықты.

Күзге қарай «Үш ата кесенесі» басында үлкен ас берілді. Оған алыс-жақындағы ағайындар келді. Дұға оқылды, бата жасалды. Содан кейін бұл тірлік осылай жыл сайын жалғаса берді. Бұл жер біздің ағайын-туыстармен, бала-шағамызбен арнайы барып, бабалар рухына дұға бағыштап тұратын қасиетті мекенімізге айналды. Бірақ кесенеге апаратын жолдың ауырлығы ылғи қиындық туғызатын еді. Оған «Өзгент» ауылының егістік алқабы арасындағы бұралаң жолдармен барып жүрдік. Жолдың бойы жай күндері бұрқыраған шаң, жауынды күндері батпақ болып, барған адамдардың әбден ығырын шығаратын.

Кейін уақыт өте келе, жағдай біршама дұрысталды. Осы айтылған мәселелерге қайта қайырылудың орайы келетін күн туды. Сөйтіп, Исатай, Ғафур, Сейілбек, Дәумен қажы, Әнәпия секілді ағаларымыздың бас болып, бастап беріп кеткен ісін, олардың аманаттай етіп тапсырып кеткен шаруаларын ақырына дейін апара алатын кезеңге де жеттік. Сондықтан 2019 жылдың 26 желтоқсаны күні Қызылорда қаласында Алтынбек Шоманов ініміздің шаңырағында Шәмші Бүзірік, Әл-Әмин баб, Шаһ Бүзірік бабалар ұрпақтарының өкілдері бас қосып, мәслихат өткіздік. Оған Қызылорда және Түркістан облыстарынан біраз ағайын жиналды. Жиында «Үш ата кесенесіне» апаратын көпір мен жол салудан бастап, маңайын жөнге келтіріп, жан-жақты абаттандыру мәселесі қозғалды. Сол басқосуға жиналған ағайын маған: «Өзіңіз үш ата ұрпақтары арасындағы үлкендерінің бірі болып қалдыңыз. Ел басқарған азамат ретінде сіздің осы іске басшылық жасайтын кезіңіз келді. Шаруаның тізгінін енді сіз қолға алыңыз» деген сыңайда әңгіме айтып, қолқа салды. Осылайша кесене жұмысының соңына дейін атқарылу міндеті күн тәртібіне қойылды.

Алдымен кімнің не атқаратынын белгілеп алдық. Бірінші – кесенеге баратын жаңа жол салу керек. Алтынбек сол жолдың сызбасын жасатты. Екінші – жолдың бойындағы ені 24 метрлік К-2 деген үлкен коллектордың үстіне көпір салу. Үшінші – кесене жанынан жақсы мейманхана тұрғызу. Онда келген кісілерге жағдай жасалатын болуы қажет. Осыған орай жоспарға намазхана, асхана салу енгізілді. Ағайын жиналғанда, отыратын көлеңкелі баспана тұрғызу керектігі де ескерілді. Сосын «Төлегатай» кесенесінен ары қарайғы 4,5 шақырым жерге электр желісін жүргізіп, жарық апару, шағын стансасын қоса салу, кесене орналасқан 15 гектар аумақты түгел қоршау ойластырылды. Кесененің екі қапталындағы Шәмші Бүзірік, Шаһ Бүзірік бабаларға арнап салынған екі мазаратқа күрделі жөндеу жүргізу, маңайынан жер телімін ашып, тегістеп, көгалдандыру жобаланды. Не керек, осындай жұмыстардың бәрін қағазға түсіріп алып, жұмысқа кірістік. Ол жол салу мен жарық апарудан басталды. Одан соң жаңа айтып кеткен тірліктер бірінен соң бірі жалғасты. Жұмыс басталар алдында елді, ағайындарды жинап, жағдайдан хабардар еттік. Көпірді салуға Алтынбек өзі білетін бір ірі компанияны Талдықорғаннан алдырды.

Бірақ мұның бәрі қаржымен шешілетіні белгілі ғой. Осыған орай Молда Шәмші ұрпақтарынан Алтынбек Дәуменұлы Шоманов, Қырық Садақ ұрпақтарынан Шәмшия Исатайқызы Әбдікәрімова, ал Сабұлт ұрпақтарынан мен ағайыннан қаржы жинауды қолға алдық. Сөйтіп, екі жылдың ішінде 100 миллион теңге ақша түсті. Егер жоба-сметалық құжатнама жасатып істетсек, шығыны 300-400 миллион теңгеден асып кететін болды. Сондықтан жұмысты халықтық асар әдісімен жүргізуге бел будық. Бұған Шымкенттен Әбсадықовтар бастаған бір топ ағайын, Қызылорда мен Жаңақорғанда тұратын туыстар атсалысып, керек заттарды тасып әкелуге кірісті. Сонау Ресейдің Нижний Новгород облысынан, Павлодар облысындағы Екібастұздан, Астана мен Алматыдан, Жамбыл облысынан, Түркістан облысының Жетісай, Сарыағаш және Созақ аудандарынан, Шымкенттің өзінен аталас азаматтар шығып, жәрдемдерін бере бастады. Сонымен бірге, облыста араласып жүрген азаматтар, сыртта тұратын жақсы таныстар ортақ іске үлестерін қосты. Соның ішінде Қызылорда қаласының сол кездегі әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Саут Ойл» мұнай компаниясының басшысы, белгілі меценат Серікжан Сейтжанов, Қызылордада тұратын кәсіпкерлер Мәжит Жансақалов, Бағдаулет Ысқақов, Қайрат Ерназаров, «Абзал и К» компаниясының егесі, Еңбек Ері Абзал Ерәлиев, «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, белгілі ғалым Бақберген Досмамбетов, шымкенттік ағайынды Қыдырбек Имашев пен Әбдісейіт Әбсадықов қомақты қаржыларын берді. Сол сияқты Қызылорда электр қуатын тарату компаниясының басшысы Мұхитжан Кәрімбаев электр жарығын жеткізіп беруді өз мойнына алды. Ол жалпы сомасы 22 миллион теңге болатын жұмыстарды 6 миллион теңгеге атқарып шықты. Заттарының бәрін шымкенттік Қыдырбек пен Әбдісейіт арзан бағасына жеткізіп берді. Көпірдің керек-жарағын түркістандық жігіттер әкелді. Қаланың әкімі оның жары бағасын көтерді. Осылайша бәрінің сәті түсті. Мысалы, көпірдің құны 42 миллион теңге болса, біз оны 26 миллионға бітірдік. Ал 4,5 шақырымдық жолды Алтынбектің өзі қатырып салды. Тастарынан бастап, бәрін өзі тасып, қандай тегіс, әдемі жолды қатарға қосты. Сол сияқты кесененің 15 шақырымдық қоршауын әлгінде айтып өткен шымкенттік жігіттер алып келді. Қоршау жұмысын Жаңақорған ауданынан құралған 60-70 жігіт асар жолымен атқарды. Соның бәріне басшылық жасаған Бақытжан Төлегенов деген ініміз болды.

Біздің осындай тірлік жасап жатқанымызды естіген үлкен кісілер келіп, баталарын беріп кетіп жатты. Бірқатары біздің мәслихаттарымызға қатысып, өз ой-пікірлерін білдірді. Бұдан бөлек, есімі күллі Қазақстанға таныс, Созақ жерінен шыққан, діни өте сауатты имам Құрбан ишан бастаған оншақты имам да келіп, кесене маңындағы жұмыстарымызға риза болды. Ол қазақстандықтар арасында Қағбаға бірінші кірген қажы екен. Сол жердің өзінде үлкен беделі бар көрінеді. Топ құрамында еліміздің әртүрлі түкпірінен, негізінен Түркістан облысынан өкілдер келді. Құрбан қажы Мұхаммед Пайғамбардың бейіті басынан алынған бір уыс топырақты септі. Соңынан қомақты қаржысы мен бір ірі қарасын, сондай-ақ жақсы батасын беріп аттанды.

Үш ата кесенесінің ішіндегі әрқайсысы бір тонна келетін үлкен үш гранит тастың беттеріне жазуларына дейін жаздырып жіберген Исекеңнің күйеу баласы, атақты боксшы, қоғам қайраткері, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері Серік Қонақбаев еді. Осындағы жұмыстар үшін ең қомақты қаржы берген де сол болды. Бұл іргелі іске Серіктің өзімен бірге балалары да қатысты. Содан кейін Екібастұзда тұратын Сәбетқазы деген ағамыз көп көмек жасады. Өзі кесене басына екі рет келіп, жасалып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп қайтты. Мұндағы тірліктердің тініне риза болып, батасын беріп тұрды. Бұдан 7-8 ай бұрын осы кесене туралы хабарды естіген Астанада тұратын Баян деген қарындасымыз да қомақты қаржы жіберді.

Осылайша бір үлкен іргелі істің оябы келтірілді. Әлемге төтеннен келген аса қатерді ковид індетіне қарамастан, көп болып атқарған жұмыстың баяны жасалды. Осыған орай мен біздің осы шаруамызға араласқан, титтей де болса, өзінің үлесін қосқан барлық азаматтарға, барша тілектес жанашырларға шын жүректен шыққан шынайы алғысымды айтамын. Біз осында елеулі еңбегі сіңген бірқатар ағайындарды кітап соңында арнайы таныстырып та отырмыз.

Үш Ата ұрпақтарына арналған бұл кітап дайындалып жатқанда, тарихи деректерге, тың мәліметтерге көбірек көңіл бөлдік. Осылайша тарихты тым әріден тартып, тақырыпқа байланысты ғұлама ғалымдарың, тарихшылар мен зерттеушілердің ата-бабаларымызға қатысты айтып кеткен ойлары мен пікірлеріне ерекше ден қойдық. Сонымен бірге, өзінің бастауларын үш халифтен – Әбу Бәкір Сыддықтан, Омар ибн Хаттабтан, Әли ибн Әбу Тәлібтен (Әзірет Әлі) алатын ағайындар шежірелерін тарқатуды Шәмші Бүзірік, Әл-Әмин баб, Шаһ Бүзірік бабаларымызға дейінгі хронологиямен аяқтағанды жөн көрдік. Себебі, одан кейін өрбитін ұрпақтарды тарқатар болсақ, жұмыс өте жедел жүріп жатқандықтан, кейбір аталастар мен әулеттер енбей қалып, ағайынның арасында реніш, алауыздық туып кетпеуін көздедік. Ал бірлі-жарым келіп, қолымызға түскен аталық шежірелерді салып жіберіп, тағы кітап құнын төмендеткіміз келмеді. Біздің бұл шешімімізді бауырларымыз қолдайды ғой деген сенімдеміз. Сол сияқты Үш ата кесенесі басындағы жұмыстарға қаржылай, материалдық көмек берген, ақыл-кеңестерін білдірген кейбір ағайынның аттары аталмай қалып жатқан болса, бұған да кешіріммен қарауды өтінеміз. Бұл ретте біздің басты мақсатымыз ең алдымен кесенені жаңғыртып, оны келешек ұрпақтарымызға ой салар қасиетті орынға айналдыру болғанын есте ұстайық. Алдағы уақыттарда кесенені мемлекеттік қорғау тізіміне қостырмақпыз. Ал биылғы жылы мұнда бабалар әруағына арналған ас беру міндеті кезекте тұр.

Алла бізді осы мақсаттарымызға жеткізсін. Аман болайық. Ауыз бірлігіміз арта берсін.

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ

RAST.kz

Ұқсас мақалалар

2 пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button