Ғалымның хаты

Үндістан, Жапония, Америка – қазақ  жазушысының көзімен

Гүлзия ПІРӘЛИЕВА

М.Әуезовтің шетелдерге сапарлары жөніндегі сапарнама, жолжазбаларының бүгінгі қазақ елінің тәуелсіздік алып, әлемге танылуы тұсында қайта қаралып, жаңаша сарапталуы , сөз жоқ, рухани қажеттілікті талап етеді . Өткен ғасырда жазылса да құнын жоғалтпай , шартараптық шекарасы енді ашылып, өркениетті елдермен  тікелей қоғамдық, саяси, мәдени кеңістікте араласа бастаған еліміздің  ұлттық құндылықтары қатарын көбейтіп, кемеңгер  суреткердің  жанын тебіренткен, қаламына арқау болған халықтар достығы  мәселесі тап қазір де маңызды.

Жазушының жолжазбаларында орын алған көркемдік, этнографиялық, тарихи-танымдық сипаттаулар мен қоғам және қалам қайраткерлерінің еларалық қызметтері, бұл миссияны жоғары деңгейде атқарудағы асқаралы міндеттері, оның әдеби, ғылыми публицистикалық мәтіндегі  мазмұн-мәнімен оқырман қауымды мұқият  таныстырудың жөні бөлек.

«Сапарнама, жолжазбалар- өмір тарихтың ,шығармашылық өмірбаянның бір үзік сыры ғана емес, сонымен бірге шығармашыл тұлғаның бітім-болмысын, сөз саптасын, өресін көрсететін, өнері мен өмірі арасындағы күрделі қарым-қатынастан хабар беретін, ойға ой қосатын дәйек пен айғақ…олар жазушы өмірінің бел-белестерін қызықты деректермен құндылай түседі, әрі оның әдеби-қоғамдық көзқарастарынан да құнды сыр шертеді. Күнделікті жазбалар өмірде болған оқиғаларға ілесе жазылғандықтан, оларда уақыт ауыстыру, оқиға тізбегін бұзу көп кездеспейді», – деп белгілі әдебиеттанушы ғалым Т.Есембеков айтқандай, бұл жанрдың өзгелерге ұқсамайтын өрнегі мен өлшемі бар («Көркем мәтінді талдау негіздері». Алматы. Қазақ университеті, 2009. 96 бет-25 б). Зерттеуші осы еңбегінде сапарнама, жолжазбаның 3 жанрлық ерекшеліктерін атап көрсетеді: 1-автордың творчестволық ізденістерінің тарихын нақтылайды. 2-құнды деректер береді. 3-суреткердің ішкі шығармашылық лабораториясының кейбір сәттерін ашып көрсетеді (25 б). Осынау жанрлық қасиеттерімен ерекшеленген Мұхтар Әуезовтің 1950-1960 жылдары аралығында өз көзімен көріп, көкейіне түйген сол кезеңнің қоғамдық, саяси, рухани ахуалдары, әлемдік өркениетте өзіндік орны бар бірнеше алып мемлекеттер арасындағы мәдени, ғылыми, әдеби диалогтардың болуына тікелей түрткі болып, халықтар достығына дәнекерлік еткен  сапарлары жайлы  тереңнен толғап, өзінше ой өрбіткен  жолжазбаларындағы құнды ойлар туралы сөз қозғау қай уақытта да зәрулігін жоғалтпайды.

Біз алғашқы екі тарауда 1950-60 жылдардағы өмірі мен шығармашылық өмірбаяны мен жолжазбаларындағы ұлттық құндылықтар мәселелері жөніндегі озғын ойларына ғылыми-әдеби шолу жасасақ, енді осы кезең аралығында суреткердің өзге елге барғандағы көргендері мен көкейіне түйген жақсы әсерлері, оның ойына қозғау салып, жүрегін тебіренткен жағдайлар, соның нәтижесінде қойын дәптерлеріне, күнделіктеріне түскен  ұмытылмас әдемі әсерлер, есте қаларлық естеліктер, тарихи жағдайлар, қиялға қанат бітірген ғажайып көріністер, жолжазбалардағы кездесіп, сұхбаттасқан жандармен болған жүрекжарды әңгімелер, бөтен жұрттың бізге беймәлім жұмбақ өмірлері мен тарихы, мәдениеті мен әдебиеті  турасында сөз қозғамақпыз. Өйткені, бүкіл адамзаттық ақыл-ой мен рухани құндылықтарды ұлт тағдырымен тамырластырып, әлемдік деңгейдегі бедел-абыройға айналған ғұлама ғалым, ұлы ойшыл, дарынды дара тұлғаның өркениетті елдерді тануы мен танытуы, сөз жоқ, тағлымды. М.Әуезовтің жер жүзіндегі ұлттар мен ұлыстардың өзара байланысы нығая қоймаған кеңестік кезеңде қазақ жұртынан алғашқылардың бірі болып, алып елдерді аралап, олардың өмірін бейнелейтін шығармаларға деген зәрулікті өтеп, қоғам және қалам қайраткерінің көзімен бағалап, ақпараттық сипаты бар мол мәтіндерді жазуы да біздің әдебиетіміз үшін үлкен оқиға, елеулі құбылыс-тын . Ол дәуір халықтар достығына ерекше көңіл бөлініп, көркем аударма қолға алынып, әдебиеттегі идеялар арқылы адамзаттық ақыл-ой қозғалысы алабөтен алға жылжып, өз жемістерін көрсеткен кезең болды. 

Мұхтар Әуезов сол жылдары ғана  «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін Лениндік және Сталиндік, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері атанып, жиі-жиі «суық самалы» соғатын саясаттың соққысы сиреп, шын мәніндегі шығармашылық, адами бақытқа бөленген-ді . Және осы жылдары Кеңестер Одағының бүкіл шет елдермен достық қарым-қатынасы жақсарып, шет елдерге қоғам қайраткерлері мен ұлт зиялыларынан қоғамдасқан топтарды түрлі саяси-қоғамдық, әдеби-ғылыми, шығармашылық мақсаттармен сапарға жіберу қолға алына бастаған. Сәті түсіп, көрнекті суреткер М.Әуезов  1955 жылы алғаш рет, 1961 жылы екінші рет Үндістанға, 1956 жылы Чехословакияға, 1957 жылы Жапонияға, 1958 жылы Германияға, 1960 жылы Америкаға сапар шекті. Жазушының Чехословакия мен Германия сапары туралы жолжазбалары не күнделіктері болмағандықтан біз ғылыми шолу еңбегімізді Үндістанға сапарынан бастаймыз. Жазушы: «Біз, он шақты адам, совет мәдениет майданының өкілдері, Индия үкіметі тарапынан шақырылған қонақ делегациямыз. Индияның республикаға айналған тойының мерекелі күніне шақырылған едік. Делиге біз  келген күннің ертеңінде, 26 январьда халық мерекесі, салтанат күні басталды»,- деп сапардың мақсатын айқындап береді ( М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы, 34-т. Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2008.- 416 бет. 53 б).

Сан ғасырлық тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері бар әлемдегі ірі  мемлекеттің еш елге ұқсай бермейтін тарихи ескерткіштерімен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, әдебиет және мәдениет  қайраткерлерімен сұхбаттасып, өзіне  етене таныс  әлем фольклоры мен шығыс әдебиетіндегі рухани әлемді өз көзімен көріп, сол әдемі әсерден туған Үндістан туралы очерктері қазақ оқырмандары үшін жаңалық еді. Көзімен көріп, көкейге түйгендері туралы жазылған «Дос пейілі» (Қазақ әдебиеті.1956.26 тамыз), «Діндар қала Бенаресте» (Қазақ әдебиеті.1956.7 қыркүйек), «Соңғы жаңалықтар» (Қазақ әдебиеті.1956.2 қазан), «Қайтыс сапар» (Қазақ әдебиеті. 1956. 10 қазан) очерктерінің жарияланған мерзімдеріне көз салсақ жазушының ұзақ сапардан кейінде қажымай қайраттылықпен өнімді еңбек еткенін байқауға болады. Европа мен Азияның Норвегия, Дания, Германия, Швейцария, Италия, Египет сынды ірі елдердің бірқатар қалаларын, ал қайтар сапарында Стокгольм, Хельсинки сынды шаһарларды шарлап, өмірдің бір шуақты кезеңдерін бастан кешеді.Тіпті осынау мол елді еншілеген ұзақ та жауапты жол азабы жазушының жігерін жасытпай керісінше қаншама шығармашылық шабыт сыйлап, қаламгерлік қоржынын толтырғанын 1958 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Индия очерктері» деген атпен жарияланған жеке кітабындағы көрікті ойлар дәлелдесе керек-ті. Жоғарыда аталған очерктер ірге тасын қалаған «Индия очерктерінде» кеңінен көсіліп, әрбір деталға дейін ден қойып, мүмкіндігінше мол мәліметтерді қамтып, кеңінен талдайды.

Жолжазбаны автор өзі үшін жазғандықтан онда жазушының шығармашылық ізденіс іздері қалатыны табиғи. Алайда ,бұл очеркі ауызекі айтумен қағазға түскендіктен оның түпкі толық нұсқасы емес, машинкаға басылған данасында жөнделген, өңделген, қосқан қосымшалары, белгі-сызулары сақталған. кезіндегі еңбегінің көрінісі ондағы ойлардың өзгеруі өшірулер мен сызулар көп кездеседі. Бұлардың бәрі жазушының сол сәтіндегі көңіл-күйлерін, шабытты шақтарын, психологиялық жағдайын , көркемдік көзқарасын, негізгі ой жүйесін, олардың қалай дамып, өзгергенін көрсетеді.

Шығармашылық өмірбаянды қарастырғанда шығармашылық психологияның орны ерекше екенін есте алсақ, жазушының көз көргендері мен бақылаулары, ішкі сезімдері, тебіреніс-толғаныстары маңызды қызмет атқарады. Дегенмен, «Индия очерктерін» бір мезгілдік көңіл-күйден туып, сол заманның ғана рухани зәрулігін өтеген өткінші өнер туындысы деп қабылдауға болмайды. Әр кезең оқырмандарының қабылдауы мен бағалауы әр деңгейде болғанымен көп уақыт өтсе де  оның құны төмендетілмей автордың қазақ оқырмандары үшін бүгін де бағалы  ойлары, бөгде жұрттың әр түрлі құбылыстарына деген көзқарастары қажет екенін есте ұстаған жөн.

«Индия очерктерінің» кітап ретінде жазылуының мақсатын қаламгердің өзі былай түсіндіреді: «Әуелгі мақсат-Индияда көрген мен білгенді, сезген мен ойлағанды өз оқушымызға жеткізу. Ең басты мақсат осы болғандықтан, әңгімені тезінен, төтесіне сол Индияның өзіндегі жайларға арнайық та, тез баурайық»,-дейді (52 б) Бұл ғылыми-публицистикалық мәтінді қабылдау,талдау барысында жазушының айтпақ ойының мән-мағынасының негізгі қырларына, оны оқушысына жеткізу  жолындағы  ізденістеріне ерекше ынта қою  керек. Өйткені, кеңестік кезеңде тек қана жеке ұлттар емес, 15 одақты қарамағына алып отырған алып Ресей мемлекетінің өзі шет елдермен байланысты жаңа бастап, өзге өлкені тану мәселесіне енді ғана ден қойып жатқанда сәтін салып соның бірінде біздің ұлт өкілі ірі суреткер М.Әуезовтің болуы орасан зор бақыт әрі мақтаныш еді. Ұлы тұлға да тек жеке мүддесімен ел-жер көріп, масайрап қайтуды мақсаттамай , ірі державаның үлкен миссиясын атқаруға абыройлы үлес қосумен қатар бізге бүтіндей бейтаныс көне тарихы бар, жақында ғана ағылшын отаршылдарынан азат болып, бостандыққа ие болған тағдырлас үнді елінің ерекше мәдениеті мен өнерін, сан қайшылыққа толы өмірін тезінен әңгімелеп, таныстыруды көздейді. 45 күнге созылған бұл сапар суреткер үшін шынында да «жөні-жолы бөлек оқшау сапар болды»(«1.Индия очерктері (Көріністері) .1.Азғана алғысөзде» 49 б). Және осында : «Индия жөніндегі осы кітапты мен, әрине, роман, повесть тәрізді, дағдылы көркем қара сөз жанрларының оқушыға мәлім түрлеріне баламаймын. Индия- ғажайып мол тарихты, терең, зор сипатты ұлы дүние. Оның тарихы да жүз жылдар емес, әлденеше мың жылдармен өлшеніп, мөлшерленеді. Сондықтан сол Индияға арналған еңбекті мен тек қана көргенімді айтумен тұжыра отырмақпын. Болмаса Индияның тарихын білген, білгір маман есебінде сөйлемекші емеспін. Халқы мен қауымдарының бүгінгі нәсіл, көп буындарының өмірлік, психологиялық шындықтарын да терең таныған автор емеспін. Осындай бір-екілі іргелі себептерді еске ала отырып, көрген мен сезгеннің нақтылы шындығын, дағдылы «жол баянын» өз тіліммен баяндап көрмекпін.  Бұл дәмесі зор кітап емес. Білген, көрген болмысынан туған шындық кітабы болып шыға алса, автордың содан арғы-зорғы мұраты жоқ» ,-деп өз міндеті мен мақсатын айқындап алады (52 б). Автор сөзінен шет елге алғаш шыққан адамның, оның үстіне шығармашылық тұлғаның  шабытына, творчестволық құлшынысына ойтүрткі болған көріністердің көркем мәтін ретінде рәсімделуіне риза болушылық байқалады. Сондықтан  бұл мәтіндерге сол кезеңге сай ғылыми тұрғыдан, сол сәттегі жазушы көңіл-күйінің психологиялық жағдайы, қоғамдық-әлеуметтік мәселелер тұрғысынан қарап, талдау ескеріледі. Автор қаншалықты қарапайым болғысы келсе де өзінің табиғаты мен шығармашылық тұлғасына тән табиғи таланты, терең білімдарлығы, кемел ойшылдығы,ол мөлшерден биіктетіп, очеркті оқыған оқырманға ол бірде кәсіби тарихшы, енді бірде дінтанушы, ал кейде кескіндеме мен бейнелеу өнерінің білгірі, кейде сол үнді елінде өсіп-өнген өлкетанушыдай болып көрінсе, енді бірде бұл елдің көне әдебиеті мен мифологиясын ғұмыр бойы зерттеген ғұлама ғалым, зерттеушідей сезіледі.

Өлшеуі жоқ уақыт пен кеңістік аясында өтіп жататын адамзат тіршілігі табиғатқа тәуелді. Жылдың төрт мезгілі өз уақытында өтіп, соған сай кеңістік пен тұрмысы қалыптасқан қазақ жерінің табиғаты мен адамдарының ұстанымына мүлдем ұқсамайтын жер шарының екінші жартысындағы жат жұрттың  қысы болмайтын тосын табиғатын, басқа таным , басқа өмір, өзгеше менталитет, өнер мен өркениет өлкесі М.Әуезовтің «Индия очеркінде» ерекше өріліп, өрнектеледі. Бізге беймәлім уақыт пен кеңістік, тарих пен таным, әдебиет пен мәдениет мәйектері суреткерлік түйсікпен суреттеліп, қаламгерлік қиялмен қанаттанып, зерттеушілік зердемен зер салынып, дананың білім-білігімен баяндалып, жүйеленген көркемдік мәтіндер бүгінде маңызды.

Ойлы очерктен үндінің көне әдебиетінен 1960 жылдардағы кезеңіне дейінгі  аралықтағы небір жауһар жырлары , прозалық шығармалары, бірнеше гауһар тастардан құйылған тарихи, мәдени ескерткіштер, т.б туралы маңызды мәліметтер,танымды ақпарат алуға болады. Қаламгер онда 45 күн емес, 45 жыл өмір сүріп, ол елдің әдебиеті мен өнерін, өмірі мен тарихын зерттеген жандай әсер қалдырады. Оған очеркті оқып, талдау барысында әлі талай сілтемелер мен автордың ойы , мәтіндегі мәліметтер арқылы көз жеткізе түсеміз.  Очерктің өзін талдамас бұрын оны жазуға негіз болған «Индия күнделіктері» мен осы еңбектің ғылыми түсініктемелеріндегі деректерге тоқтала кетуді мақұл көрдік. Бұл ғылыми түсініктер жазушының сол сәттегі шығармашылық өмірбаянынан толық мәліметтер береді. Осы ретте мұрағаттанышы, мұхтартанушы ғалым Т.Әкімнің 34-ші томдағы ғылыми түсініктемесіне тоқталайық: «М.Әуезовтің Индия сапарының қолжазбалары өз мұрағатындағы 392-бумада сақтаулы тұр, бұл үш дәптерден (блокнот) тұрады: біріншісі-1-50, екіншісі-51-122, үшіншісі-123-172-беттер. Бұлар қазақ, орыс тілдерінде қатар жазылған, қазақ тіліндегісі негізінен араб әрпінде. Бұлардың біркелкі болмауын көлік, жол үстінде асығыс түрде қағазға түскендігінен деп қараған жөн. Томға дайындау барысында бұлар айтарлықтай қиындықтар туғызды, храмдар, музейлер, галереялар мен өндіріс орындары, завод-фабрикаларда болған кездегі жазбалары осылардың қатарына жатады. Қаламгер қаңтардың аяғы мен наурыздың басы аралығында көрген, көз алдынан өткергендерінің барлығын қойын дәптеріне түсірген, сонда есімдер, атаулар, тағы басқа көптеген сөздер қысқартылып жазылған, орыс тіліндегісін де осылай еткен. Сонда осы түпнұсқа мен кейін кітап болып шыққандағы нұсқасының арасында көп нәрселердің қамтылмай қалғандығы аңғарылады»,-делінген (408 бет). «Индия күнделіктерінде»  осы сапарлардағы жазылған деректі, көргендері мен естігендерін, еске қалғандары мен көңілге түйгендерін тегіс қағазға түсіру мақсаты көзделген. Ал, оны кейінірек асықпай ойланып, суреткерлік сүзгіден өткізіп, өңдеп, еске сақтау үшін бейсаналы түрде түртіп отырған фактілерді қайта санада сұрыптап, шығармашылықпен пайдалану процестері әлбетте жазу барысында ерекше екшеленген.

Ғылыми-публицистикадық мәтінде жазушы тақырыптың зәрулігін , еңбектің мақсат-мүддесін белгілеп, өз тұжырымдарын ұсынған. Мұндағы нақты өмір көріністері үнді елінің тарихи-әлеуметтік болмысын анықтау арқылы тақырып өзектілігін айқындап, ауқымын кеңейтеді. Нақты тарихилық көзқарас мәтіннің өмірге келу кезеңіндегі тарихи жағдайды терең білуді талап етеді. Сондықтан да М.Әуезовтің шет елге барған сапарлары жайындағы барлық публицистикалық жанрдағы мәтіндері кеңестік кезеңдегі басылымдарға қойылған талап-тілектер ескеріліп, сол  уақыттың идеологиясын насихаттауға да назар аударылғанын ұмытпаған абзал. Мұндағы тарихи деректер мен дәйектерді қаламгердің шығармашылық  өмірбаянымен қарастырғанда сақтықты қажет етеді.

Бұлардың бәрі  әдеби, ғылыми публицистикалық жанрға қосымша специфика беріп, көркем мәтінді толықтырар фрагменттік қызметтер атқарады. Әдетте күнделік іспетті жазбаларда 6 түрлі жазба түрлері қолданылып, бұл жанрдың ерекшелігін танытады. Ол турасындағы ғылыми түсінік «Литературная энциклопедия терминов и понятий» (главный редақтор и составитель А.Н.Николюкин. Москва . НПК «Интелвак», 2003.-1600 стр.) атты сөздікте беріледі. Күнделік жанрының табиғаты мен ерекшелігін айқындап беретін бұл анықтамадағы барлық теориялық сипат М.Әуезовтің күнделіктеріндегі көркемдік жүйелерге ортақ болғандықтан толығырақ беруге тырыстық: «..1) периодичность, регулярность ведение записей; 2) связь записей с текущими, а не с давно прошедшими событиями и настроениями; 3) спонтанный характер записей (времени между событиями и записью прошло слишком мало, последствия  еще не проявили себя, и автор не в состоянии оценить степень значительности происшедшего); 4) литературная необработанность записей; 5) безадресность или неопределенность адресата многих Д; 6) интимный и поэтому искренний, чостный и честный харақтер записей» (231 стр). Бұрын бейтаныс елдің әрбір ұсақ өзгешелігінің өзі қызығушылық тудырып, өзіне тәнті етіп отыратын қасиетін ескерсек, Үнді секілді миллиондаған халқы бар, көп дінді, көп тілді, көп ұлтты, көнеден келе жатқан бай тарихы, мол әдеби, мәдени, рухани мұрасы бар, дүние жүзіне тағлымды  тәрбие берерлік киносы бар бір елде екі қоғамдық саяси формацияны бастан кешіп жатқан өмірі бар, бай мен кедей тағдыры бір кезеңде қайшылықты қақтығыста тіршілік кешкен мемлекеттің біз білмейтін өмірі ұлы суреткерді де өзіне қызықтырып, көргенін көңілден таса етпей жазып отыруға жүгіндіргендей. Және бұлардың бәрі жазушының сол сәттегі сезім күйлері мен ой түрткілерінен елес береді. «Индия күнделіктері» сол 45 күннің күнтізбесі секілді сол сапардың көңіл күнделігін, күн сайынғы өткізіліп жатқан неше түрлі күн тәртібіндегі жоспарланған жұмыс кестесі ағымындағы толассыз, тынымсыз кездесулерден, тоқтаусыз жүрістерден, бір сәтке де саябыр таппаған  ел кезу, жол жүру, т.б мыңдаған адамдармен кездесіп, жүздесу секілді жұмыстардан хабар береді. Әрі десе дүние жүзіне мәлім ірі держава –кеңестер одағы секілді  мемлекеттің ары мен ұяты болып, олардың жаңа саясаты мен беделін түсіндіріп, ұлы достықтың дәнекерлеушісі, саясатын жүргізуші мәдениет майданының жауапты идеологтары есебіндегі ауыр  сынды абыроймен алып жүру жұмыстары тағы да салмағы ауыр міндет жүктейді. Әрбір кездесу биік дәрежедегі лауазымды ел басшыларымен болып, үлкен сындардан сүрінбей өту де  оңай шаруа емес-ті. Бір азаматтың білімі мен жүрісінен сол елдің ,ұлттың табиғаты танылып, дәрежесі көрінетінін ескерсек, елдің қаймағы, сол ұлттың абыройы болған М.Әуезовтің елді танытудағы мерейлі міндеті де осы күнделіктерінде көрінеді.

Кейде сол себепті де жазушының күнделіктері ресми құжатқа да құсайды. Енді бірде олар бейтаныс өлкені таныту, таныстыру, насихаттау секілді де қызмет атқаратын сыңайлы. «Индия күнделіктері» мен «Индия очерктері» тек әдебиетші, жалпы оқырман қауымға ғана  емес, тарихшы мамандарға, дінтанушыларға да, өлкетанушыларға, өнертанушыларға, әдебиетші мамандарға да аса қажетті әрі қызғылықты құнды құжаттар, танымды еңбектер деп есептеуге болады. Автор мұнда бақылаушы ретінде көрінсе, «Индия очерктерінде» бағалаушы ретінде танылады. Ақырғы сөздері мен қорытынды ойлары қонақтаған бұл еңбегінде өз көзімен көргендеріне жаны да тәні де саябыр тауып, санадағы суреттерге жан бітіріп, көз алдынан өткен 45 күннің маңызы мен мәніне, сапарының мақсаты мен мазмұнына ой жібереді.Сондықтан да күнделік  тек қана тарихи емес, эстетикалық та құндылық болып саналады. «Индия күнделіктеріндегі» әрбір күн сайын жазылған өмірлік фактілер, этнографиялық мәтіндер ондағы оқиғалардың ішкі және сыртқы сезімдерін де баяндайды. Және күнделікте өзі мен өзін қоршаған ортасы, сапарластары, жүздескен жандарының қабылдауынан бастап, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, сол сәттегі көңіл күйлері, көзқарастары, салты, әдебі, мақсаты мен міндеті, бәрі-бәрі бақылаусыз қалмайды. Тегінде күнделік жанрында өзін-өзі талдау мен өзгені психологиялық  бақылаудан өткізу бірінші кезекке қойылады. «Сырт көз сыншы» дегендей, қонақ аз отырып, көп сынайдыға сай, суреткерде өзінің кәсіби машығымен маңайындағы әрбір көріністі мүлт жібермей қадағалай, өз қорытындысын жасап отырады. Оған күнделік те де очеркте де мысалдар мол-ақ. Жазушының шығармашылық зертханасына зер салғанда байқайтынымыз, керекті деректерді ғана алып, олардың өзіне көптеген әдеби өңдеу жұмыстарын жүргізіп, толықтырулар мен өзгерістер енгізгенін, өзі оқыған , білген үнді елінің тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мәліметтерді қосымша қосып отырғаны айқын. Оған очерктің алғашқы бетінің жоғарғы жағына «Индия жөніндегі кітаптан үзінді» дегенді қолмен жазып, кейіннен  «үзінді» сөзін сызып тастауы мысал бола алады. Жазушы мұрағатындағы машинкаға басылған бір данасындағы өңдеу, түзету жұмыстарында енгізілген өзгерістер, алынып тасталған абзацтар, сөздер мен сөйлемдер, «керек емес» деген түрлі белгі-сызулар шығармашылық психология мен іркіліссіз жүргізіліп отырған ізденісті, үрдісті  танытады.

Соның нәтижесінде «Индия күнделігінде» жоқ «Аз ғана алғы сөз ретінде» деген кіріспе мен «Ұшқыр қанат астында» деген тарау қосылады. Сондай-ақ, ғылыми түсініктемеде 16-бетке бірінші, екінші, 18-бетке үшінші, төртінші қосымшалар  мен бірсыпыра түзетулер енгізілгенін, 61-бума,14-18-беттерде 5 беттік мәтін қосылғанын, 61-бума, 10-беттердегі кейбір жолдарға кітаптағы 32,36,50,67,78 беттердегі кейбір абзац, сөйлемдерде қысқартылған үзінділер келтірілгені айтылады (406 б). Және күнделіктің жазылу стилі мен жазушының факті жинау ерекшелігіне, бөгде елді тану мен таныстырудағы жазушылық көзқарасы да көңіл аударарлық.

188-313-ші беттерді құрайтын және 45 күннің бір күнін де құрғатпай соншалықты ұқыптылықпен толтырылған «Индия күнделіктері» шын мәніндегі күрделі еңбек. 1955 жылдың 28 қаңтарынан басталып, сол жылдың 5 наурызымен аяқталып тұрған күнделікте жазушының әрбір күніндегі еске қалар  сәтіне асқан жауапкершілікпен қарап, өзі баяндап отырған оқиға мен көріністердің, кездескен адамдар мен қарсы алған, қабылдаған қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалардың ерекше қасиеттері, қимыл -әрекеттері мен киім киісі, сөйлеу мәнері, болмыс-бітіміндегі тосын мінездері  қаламгердің қырағы бақылауынан тыс қалмайды.Таңқаларлық жайт- сапарда жүріп, асығыс қағазға түсірілген ақпараттардың өзі соншалықты сөлді, мағыналы. Бүкіл кездесулердегі көріністердің ұсақ-түйегіне дейін жазылып отырылуы, маңайындағы адамдардың әрбір мимикасын мүлт жібермей суреткерлік сүзгіден өткізіп, келешектегі көркем дүниесіне керекті деталдарды дәл тауып дәйектеп отыруы нағыз қаламгердің қырағылығын танытады.  жазушының қабылдауы мен ойын тез жинақтап, қағазға түсірілуі дер еді. Бірінші және бір күнгі бейтаныс жұрттың өміріне М.Әуезовтің өз көзімен қарап көрелік: «Күндізгі сапардан соң кешкі сағат 6-да Индия – Совет достық қоғамы мәжілісінде болдық. Клуб ішінде Индия адамдарынан басқа біздің адамдар да болды. Ғылым делегациясынан Островитин, елші Менщиков, елшілік қызметкерлері. Қоғам бастығы-Нерудің апасы. Мәжілісті жүргізген қарт басына шалма киген, үстіне сұр бешмет, сақалы қалың, мол, аппақ, бұйраланған, көзінде көзілдірік (мүйізді). (Жазушыда қалыптасқан қырағылық осыншама портреттік детальға дейін мән берген) сол ғана, сәл ғана болмаса, нағыз баяғы имам, қари, немесе үлкен ишан дерсің (Салыстырып та, теңеуін тауып та, бейнесін сомдап та үлгерген) ағылшын тілінде жұртты қызықтыра жақсы сөйлейді.Залда Индия азаматтары. Әйел жоққа тән, аз еді» (188 бет). Міне, бір күнгі мәжілістің өзінде қаншама құнды ойлар, бейнелі суреттер, образдар сомдалып, тірі жандай көзге елестейді. Бұл ешқандай өңдеуге түспеген, көрген бетте ұмытып қалмау мақсатында қағазға тездетіп түскен тіркестер ғана. Ал, енді «Индия очерктерінде» осы күнделігіне түспеген, кейіннен қосылған «ІІ.Ұшқыр қанат астында» атты тарауындағы жол сапар сыры қалай баяндалатынына мән берсек, жазушының бейне бір әуе ұшқышы қызметкері секілді самолет пен оның ұшу жолдары, олардың қызметінен де хабардар екендігіне көз жеткізуге болады. Жұрттың бәрі қызыға қоймайтын рейс маршруты, ұшу шапшаңдығы, т.б ұсақ-түйек түйткілдер де қаламгердің назарынан тыс қалмайды: «Индияға аттанған сапарды біз Москвадан бастасақ та, әуелі оңтүстікке қарай беттемей, керісінше, тура терістікке қарай жөнелдік. Халықаралық әуе қатынас жолы біздің Ленинградты, Хельсинкиді басып, Стокгольмге баруымызды қажет етті. Стокгольмнен бүкіл Европаны аралап, Африка жағасын жағалап, Токиодан барып шығатын төрт моторлы үлкен самолетке мінетін болдық. Бұл «САС» деп аталатын Скандинавия компаниясының самолеті. Ол төрт моторлы, 62 кісілік ірі самолет, шапшаң да ұшады» (51 бет). Мұншалықты мол мәлімет әрине ізденістен туады. Ол деректерді арнайы сұратып, оқыған әдебиеттерден де алуы мүмкін. Қалай болған да бұл білгірлік қаламгердің  қандай мәліметке  мән беріп, қызығушылқпен қадағалай құнттап біліп, қағазға түсіріп отырғанын аңғартады. Үш тәулік бойы бір самолетпен Норвегия астанасы- Осло, Дания астанасы- Копенгаген, Батыс Германияның үлкен қаласы- Дюссельдорф, Швейцарияның- Женевасы, Италияда- Рим-қалаларында біздің уақыт бойынша әрбір екі-үш сағат өткен шақта тоқтап, түсіп, қайта ұшып отырған .Ұзақ жолдың қиыншылығын ұлы жазушының қызы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезоваға 1955 жылдың 23 қаңтарында жолдаған хатынан да байқауға болады.Оқып көрелік:  «Ляленька моя!

Вот 23-го в 5 ч. московского времени мы в Копенгагене. До этого одна остановка была в Осле. Нас кормят завтраком, обедом в самолете, условия полета очень удобные, чувствую себя прекрасно. Здесь мы стоим 40 минут. Впереди остановки в Дюссельдорфе, Женеве, Риме, Каире, Карачи. Самолет внушает полное доверие, мощный моторный. Звони маме, пусть не тревожится. Целую вас всех.

Папа.» (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50 том .Алматы. «Жібек жолы», 2011-472 бет. 43 б.).

М.Әуезовтің Үндістанға барар жолында Копенгагеннен Мәскеудегі қызына жіберген шағын хатының мазмұны мәлімдеп отырғандай ұзақ жол азабы сезілмей, керісінше көтеріңкі көңіл-күй, жағдайдың да ұшақтың жайлылығы,т.б жөнінде  толық деректер келтірілген.Мұнда жазушының отбасына деген құрметі, жұбайы мен қызына деген ыстық ықыласы да сезілмей қалмайды.

Осыншалық ұзақ жол шаршатқанымен, көңілді орта, бейтаныс әлем, бөтен қалалар мен әлемнің ең атақты елдерінің астаналары, жолаушыларды ынтықтырып, қызығушылығын тудырады.Бұл да жазушының өзі назарға алған нысанасын бүге-шегесіне дейін зерттеп білу дағдысына тән өзіндік жұмыс істеу стилін танытса керек. Әдепкі суреткерлік, зерттеушілік, материал жинаудағы қалыптасқан машығы мұнда да қатты байқалады. Мәселен, «Абай жолы», «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Өскен өркен» ,т.б сынды көркем тарихи туындыларына керекті өмірлік, тарихи деректерді жинаудағы дағдысы- көзі көргенін көңіліне мықтап орнатпай көңілі орнына түспейтін, яғни әрбір деректі тап бір сол саланың кәнігі кәсіби маманындай ,бүкіл мәліметін молынан жинау – мұнда да орын алған. Оған көз жеткізу үшін «Индия күнделігіндегі» 2-ші күн, « 29 январь» күнгі жазбаларға көз жүгіртсек: «Таңертең өзіміздің елшіміз Меншиковте болдық. Маршрутты анықтадық.

Бір күн Азия мәдениет музейінде. Аурел Стайн-венгр, музейді жасаушы.

  • Роспись по шелку. Будда и свита из дунганских пещер. ҮІІІ-Х вв.
  • 2)ІІІ-ІҮ вв.н.э. Из Мирая фрески из будд. Храма, т.б…»,-деп осылай 18 санға дейін белгіленген музей экспонаттарының неден, қашан жасалынғаны, қай ғасырдың ескерткіші, ол нендей металлдан жасалды, суретте не, кім бейнеленген, тіпті мұрағаттағы қағаздарды мәңгі сақтайтын электр аспабының да бар екендігін, шаңды кептіруші механика, микробтарды өлтіретін, қолжазбаларды өңдейтін құралдар, химиялық элементтер, жәдігерлерді сақтаудың қандай тәсіл-амалдары бар,т.б барлық мәліметтер егжей-тегжейлі жазылып алынған. Мұндай кеңейтілген сипаттама музейдің барлық бөлімдеріне, олардағы әрбір жәдігерге жасалған. Бұл тәсіл еріксіз еске жазушының осы кезге дейінгі барлық жұмыс жоспарларындағы, жолжазбалар мен күнделіктеріндегі, сапарнамаларындағы ортақ кәсіби дағдысын еске түсіреді. Бұл жазушының бір күнгі, яғни музейде болған сағат 9 бен12-нің  аралығында алған ақпараттары. «12-ден 30 минутта президентте болдық. 40 минут. Жақсы әңгіме болды. Ол тіл туралы айтты. Көп тіл. 560 княжество бар екен. Соның бар бастықтарын өсиетпен біраз әкімдігінен түсуге үгіттеді. Соған көнді. Зорлық емес, соғыс емес, ақылмен көндірудің артықтығы осы. Қазір 26 штат бар. Һинди тілінде жарым халық  сөйлейді, өзге тілдерде жарым халық дейді, артық болу керек». Нақты тарихи деректер , оның бірін түртіп жіберсең, астынан мың мәселе шыға келеді. Міне, бұлардың бәрі «Индия очеркінде» үлкен ойлы дүниелерге айналып, бүкіл адамзатқа ортақ құндылық ретінде талданары түсінікті. Одан әрі Дели  университетінде болғаны, 32 университеттегі жалпы жағдай, елдің оқу жүйесіндегі ерекшеліктер, студенттер мен оқытушы профессорлардың саны, жағдайы, факультеттегі мамандықтар, үш сатылы оқу жүйесіндегі бакалаврь, магистратура, доктор ,т.б түгелдей тізіліп жазылған ( ал бұл жүйе бізде тек тәуелсіздік алған соң ғана енгізіле бастады Г.П), ал келесі күні Жайпурдан Удайпурға бара жатқан жол бойы, поездағы дін туралы әңгіме жайы сөз болады. Міне мұнда діннің түрлері, Брахманың-әлемді жаратушы, Вишняның-қорғаушы, Шиваның-талқандаушы екендігін, олардың әрқайсының туу тарихы мен бір-бірінен ерекшелігі жайлы түйінді сөздер бір-бір жолмен берілсе, ал очеркте бүкіл үндідегі діндер туралы философиялық терең толғамдарға ұласқан. Міне , осылай 5 наурызға дейінгі әрбір күнгі көрген, білген, естиіген, көкейге түйген, жәйттердің бәрі қысқартылған күйде жазылып отырады. Күн сайынғы кездесулердегі, мың-сан әдеби-мәдени диалогтардағы пікірлерге сын көзбен қарап , кейбір орынсыз айтылған олқы ойларға орынды ескертпе де беріп отырады. Мәселен, күнделіктің «14 февральде …Кішкене Гупснахтың үйіне индо-совет достығы қоғамының жиналысында болғанын, олардың нақтылы сөйлегенін, орыс тілін үйренуге мұқтаж екендігін, айта келіп: «..Яковлев те аса тәттілеймін деп, әсірелеп алды. «Сіздің бақытсыздығыңыз – біздің бақытсыздығымыз, сіздердің көз жасыңыз-біздердің көз жасымыз» дегендер артық, әзірге бұл елге айтуы орынсыз, уақыт жеткен жоқ. Және бұл орта өзін бақытсызбын деп әсте түсінбейді. Бұл араға оны да әкелу өз ішіндегі көкейді тескен ауыртпашылығын арқалап келгендей сезілетінді байқамайды. Саясат адамы, бірақ ақтарыла, шашырай кететін біздің кейбір мінездер білініп қалды»,-деп сыртта жүргенде әрбір сөзге сақ болып, сыр алдырмаудың амалын жасаудың орнына кейде осындай дарақылықа жол беріп алатын адамдарды сынға алады. Одан әрі тіпті сорақы сайқымазаққа қалған серігін тіпті жаман сөзбен сөгіп те алады: « Бұл кеште бәрінен де ақымақ болған Ашрафи. Ол баяғыда біздің аталарымыз білім келіп, сіздерді жеңіп, өздеріне қаратып алған. Біз, өзбек, соның тұқымы деп сандырақтады. Баяғы үйінде жүргендегі нескромность, дарақылық….алдында «Индия музыкасы- өзбектің музыкасы» дегенде, бір қатты қағып тоқтатып ем. Өздерің осыдан алғансың, төркініңді танымай, ол бізден алған демексің. Орынсыз деп бір   қойғызып ем. Мынау жиында атам Бабыр солай істеген деген сөздері бестактность, қанша кейін сыпайыладым дегенмен (оншалық сыпайылыққа өзінің орамы да, негіз де жоқ), түк шықпады»,- деп қасындағы серіктерінің тарихты білмей, үстүрт пікір айтуын айып санап, кіжінеді (242 б). Одан әрі әрбір тарихи тұлғаның (Әбілхайыр, Ақсақ Темір, Шыңғысхан) тарихи орнын айта келіп, білмей сөйлеудің бассыздық екенін тағы да ескертеді. Ал, 16 февралдағы  күнделігінде самолетте жоғалған қаламының бір күннен соң иесін тапқанына қатты қайран қала жазады: «Бұл елдің қиянатсыз өз иесінен, адал момындығынан өз басыма қолма-қол қатысы бар сондай бір өзгеше мінез көрдім.»,-деп ризалығын білдіреді. «Кедей жомарт» дегендей, сіңірі шыққан кедей бола тұра тазалағы мен адалдығы қаламгерді ойлантады: «атымен кедей, қараңғы надан, қайыршы жас -кәрісі, үйсіз-күйсізі сондай көп. Ешбір дүниеде мұндай көп контрастық болмасын. Өзі кедей, өзі аш, өзі соншалық көп бола тұра, өзі жөнсіз қылмыс жоққа тән. Кісі өлтіру, төбелес, мастық, қантөгіс бірі жоқ. Бұларды билеу оңай. Еңбекке сонша көнген, өкпесі тесілгенше жоқшылықты, қорлықты өмірлік қамыт етіп, сақал-шашы ағарғанша, жаяу жортып жүрген момын кедей, шын құл да анау. Ол жағынан қарасаң, бұл таза момын, еңбекші ел-пайғамбар, апостол, аскет подвижниктер де туғызатын ел. Екіншіден, осындай адамгершілік, моральдық тазалық традициясы бар елдің ортасына социализм орнаса, қандай пайдалы дәстүрлері жақсы керекке жаралар еді» ,-деген ой айтады (246 б). «Индия очеркіндегі» ІІІ ғасырда өмір сүрген Ашока патшасы өсиет еткен эдиктінде (эдикт-патшаның арнайы шығарған төтенше мәнді указы): «қан төкпеу керек, ешбір жанмен соғыспау жөн» деп осы жайдағы үгіттерін кейінгі нәсілге әрі діндік, әрі адамгершілік үгіт-өсиет етіп жаңағы тас діңгекке өзінен кейінгі заман адамдары қашап жаздырған. Индияның тарихи ескерткішіндегі бұл сөз үнділердің берік ұстанған ұранындай, өсиетіндей екен. Міне, бүгінгі халық соны берік екендігін тағы бір дәлелдеді. Осы жолдарда қатты байып кеткен жеке меншік иесі де тым тақырлыққа келген кедейлері де бар, қайшылыққа толы елдің тәртібі, жалпы үнді елінің мінез-құлқы мен табиғи болмысы қаламгердің көзқарасы бойынша суреттеледі. Күнделіктің кейбір тұстарында осылай кеңінен толғап, көргендері мен естігендерін егжей-тегжейлі баяндаса, енді бірде қысқа қайырып, тек ақпараттық мәлімдемені ғана мазмұндайды да қояды. Толығырақ баяндалған тұстар мен очерктердегі осы тұстардағы алшақтық та онша байқалмайтындай, ұқсас ұғымдар, бір келкі көріністер,  өңделмей, өзгеріссіз жүрген сөйлемдер де баршылық сияқты.

«Индия күнделігіндегі» ойлардың  бәрі «Индия очеркінде» кеңейтіліп, өңделіп, қорытылып, жүйеленгендіктен жазушының соңғы нұсқасына жүгінеміз.

М.Әуезовтің Индия күнделігі негізінен  ірі мемлекеттің, тіпті үлкен бір құрлықтың өкілі ретінде ресми сапармен барған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің  үлкен миссиялы міндеті бар жауапкершілігі жоғары жоспарлы шаруаның жолжазбасы. Сондықтан бұл сапарнамада жеке адамның  сезімдерінен гөрі тарихи тұлғаның  мемлекеттік мүдде мен міндеті жоғары қойылған. Екі ел арасындағы елшілік, шығармашылық дәнекерлік, достық қарым-қатынастағы кездесулер мен мәдениетаралық диалогтардағы мәселелерді  көрнекті суреткер, фолькорист ғалым, әмбебап әдебиетші, кемеңгер ойшыл М.Әуезовтің көңіл күнделігіне қондырмауы мүмкін емес. Және олардың бәрі жолжазбада жазушы көзімен, суреткерлік сезіммен суреттеліп те отырылады. Бір сәттік кездесуде көріп, пікірлессе де оқырманға ой салып, көңілінде қалып қоятын небір образдар бейнесін жасап та үлгереді. Индия очеркіндегі алғы сөзде жазушының өзі айтқандай ертегідей елде: «менің көріп-білгенім «сиқырсудың» таңғажайып халдері болмаса да, сондай бір бүйрек, оқшау жайлар еді» (311б 20-т).Үндінің президенті Раджендр Прасад қабылдауындағы салтанатты суреттеуі жазушының таңданысын толықтыра түсетіндей, парадты бастаған төрт қатар пілдер тобы, сонсын түйелі кавалерияның- ақ түйе нарлардың тобы, сонсын бүгінгі әскери жасақтарының шеруі, өзіндік дәстүр салты, көркі-көрнегі, кәсібімен, оқшау қызық үлгілері ерекше әсер қалдырады. Күні бойына Делидегі тарихи орындарды аралаған қонақтар ХІІ ғасыр ішінде араб затты Құтбиддин патша салдырған биіктігі 75 метрлік, басынан етегіне дейін бір жері бір жеріне еш ұқсамайтын бәрі араб жазуы аяттармен оюланған «Құтбминар» мұнарасының ғажаптығына қайран қалады. Бірнеше мың жыл бұрын үнді жеріне құлаған метеориттің ешқашан тат баспайтын таза темірінен жасалған темір діңгектің таңғажайып ерекшелігі жайлы да жазушы  тебірене жазады. Делидегі Бабанұр патшаның немерелері Шахжиһан салдырған «Жұмамешіт» және патша сарайы –Қызыл сарай (Редфорт) ескерткіштерінің тарихы мен хандар шежіресі туралы шерткен сырлары таңғаларлық . Бөтен елдің тарихы, ондағы әрбір көне ескерткіштері туралы мұншалықты мол мәліметтерді қай мерзімде оқып, біліп алған деген сауал еріксіз санаға оралады . Бұған жазушының: «Мәлім етулері бойынша бұл белгілі «төрт шадиярдың» бірі Ғұсманның қаны төгілген құранның өзі болып шықты. Тегінде мұсылман әлемінде Ғұсман да көп, Ғұсманның қаны төгілген құран да көп екенін білуші едім. Өз тіршілігімде менің өзім ғана үш шаһарда осындай үш құран көргенім бар-ды»,- деген жауабы бар-ды (319 б). Бұл дерек-  жазушының қасиетті құранның мәтіндерімен де, тарихымен де, тарихта бар 99 пайғамдардың өмір дерегімен де жақсы таныстығын танытады. Екінші ең зор деген ескерткіш те моғол нәсілді патшалардың құдіретімен салынған, кезінде атақты Фердауси жер жүзінде жәннәт болса, ол дәл осында деп мадақтаған  -«Қызыл сарайдың » құрылысы, оның сән-салтанаты, архитектуралық ансамблі, композициялық  ажары, т.б кәдімгі кәнігі құрылысшылардай әңгіме құрады. Бірінші күнгі салтанатты мәжілісті өткізген Индия-Совет достығының комитеті, оны жүргізген Джавахарлал Нерудің туған апасы екі ұлы Отанның достығы турасында ,бұрынғы англия әкімшілігі заманында бүгінгі Советтік Отан былай тұрсын, бұрынғы Россияның тарихы мен мәдениетінен мақұрым ұстағаны, т.б жөнінде әңгіме қозғай келе: «Біз көп князьдікке бөлінген Индиядан біртұтас республика жасадық. Сонда қан төкпей, қарулы күрес жасамай, тыныштық жолмен осыған жеттік» деген сөзі   дұрыс саясат ұстанғанынан ұғым береді. Делидегі ұлы мәдениет орындары- көне Азия мәдениетінің музейінде болуы, күнделікті көрсеңіз оның әрбір бөліміндегі жәдігерлер, олардың тарихы мен мазмұны, тіпті қоймаларының температурасына дейінгі мәліметтердің бәрін баяндауын жоғарыда нақты мәтіндер келтіру арқылы айтқанбыз. Ал очеркте ол туралы толығырақ баяндаумен шектелген. Дүние жүзіндегі ең ескі оқу орындарының бірі Дели университетінің тарихы мен әрбір факультеті, мамандығы, оқу жүйесі ,т.б бәрі де күнделікте кеңінен айтылғандықтан мұнда оның тарихы мен оны басқарған тарихы тұлғалардың ертегідей жеке өмір деректеріне мән берілген. Және олардың бәрі нағыз жазушылық көзқараспен бейнелі түрде баяндалады. Осы ретте суреткер орыстың ХІХ ғасырдағы демократ ойшылы, жазушысы Герценнің :«Шығыс елдерінің тарихтары драмалық, трагедиялық оқиғалары болғанмен де, жалпы алғанда іш пыстыраралық» деген екен. Менің ойымша  тарих іш пыстырарлық емес, тарихты жазушылар сондай іш пыстырарлық етіп жазған» деп, ескі Грецияның көне тарихшылары Геродот пен Ксенофонттардың тарихшы әрі талантты беллетрист-әңгімеші, жазушы болғандықтан көне грек тарихын іш пыстырарлық емес, шын мәніндегі қызғылықты, мазмұнды, тағлымды тарих ете білді және оны әлемге үздік үлгі етіп ұсына білді, сондықтан да үндінің жаңа тарихын жазушыларға да соны тілеймін» деген екен, сонда сөйлеген сөзінде (322 б). Сол тілекші іштей «қазақтың, Қазақстанның тарихы да қызғылықтылығымен де талантты боп шықса-ау» деген орынды арман ойға оралып еді»,-депті. Алайда, тәуелсіздік алған 20 жылдан бері де еркіндік алған қазақ елінің тарихы тартымды, тағлымды, жүйелі жазылмай келе жатуы қандай өкінішті. Делиде болған 4 күндегі көргендері мен естігендері Әуезовтің өз елімізде оқып, танысқан біраз еңбектеріндегі білімін толықтырғаны мәлім. Алайда, «мың естігеннен бір көрген артық» дегендей жадыда сақталған теориялық білімнен тірідей көріп, көңілге тоқыған білім әлдеқайда әсерлі екендігі аян. «Индия очеркіндегі»  «ІҮ. Уәлаяттар ғаламаттары,Удайпур, Жайпур, Аграда» деген тарауда бөгде елдің бейтаныс қонақжайлық қасиеті, өздеріне тән дәстүр –салты кеңінен әңгіме болады. Қолына қалам ұстаған жазушы үшін мұның бәрі аса құнды деректер. Сондықтан да жазушы әрбір күннің әрбір сәтіне терең мән беріп, аса сергіктікпен, ойшылдықпен көз жіберіп, көкейіне түйіп отырғаны байқалады. Және оны көп көрушінің бірі емес, нағыз ел мен жұрттың, адам мен әлемнің рухани құндылықтарына зәру зерттеушілік зердесіне құйып, суреткерлік санасына сіңіре білгені байқалады. Әңгімені  іш пыстырарлықпен емес тарихи тағлымы тереңге тартқан тартымды тілімен баяндайды. Фатей, Пичула деген көлдері қоршап тұрған Удайпурды ұзақ уақыт билеген әмірші кәрі князь-махараджаның ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардан бері ақ мрамордан салынып келе жатқан көп сарайлардың архитектуралық ерекшеліктері мен оған қарайтын 15 миллион 300 мың халқы бар елдің салты, дәстүрі, шаруашылығы, мәдениеті ,білім беру жүйесі, өнері ,т.б толып жатқан салаларына да мұнда толық сипаттама берілген. Бұлардың бәрі күнделікте нақты тарихи фактілермен нақышталса, очеркте көркем тілмен, бейнелі образдармен кестеленген. Бөгде жұрттың діни салт дәстүрлерінің  сырын суреткер  өз қабылдауы бойынша түсіндіреді: «Удайпур шаһарында өткізген екінші күннің кешкі шағында біз ХҮІ ғасырдың Кришнаға арналған храмы-мінажат үйіне келдік. Бұндай жерлердегі дағды бойынша аяқ киімдерімізді төменге, тас басқыштың түбіне тастап жалаң аяқ шықтық. Дәл храмға кірерде намаз кезі екен, жрец (бірқатар шығыс елдерінде ертеректе болған дін басылары) қарсы шықты да бізді сәл бөгей беріп бәріміздің маңдайымызға қызыл бояулы мең орнатты және сол бояудың тап ортасына бір-бір күріш дәнін қондырып берді. Оны бізге «сәлемдесу, жақсылық тілек тілесу, адал бейілмен көрісу белгісі» десті»,- деп түсіндіреді (329 б).

Бұл жөнінде жазушының әйелі Валентина Әуезоваға айтқан, оны М.Әлімбаевтың жазып алған қызықты әңгімесі бар екен. Оның қысқаша мазмұны мынадай: ««Құрметті жеңгеміз Валентина Николаевна емханада дәрігерге кезек күтіп отырып, қысыр әңгіме үстінде қызғылықты бір жәйтті есіне алып еді.

Туасы шешен, тұлпар тіл Мұхтар Әуезов екі жағдайда ғана еркін сөйлеп, көсіліп кете алмапты, сөзін бастай алмай, едәуір кідіріп қалыпты. Біреуі Индияға барған сапарында. Ол елде мәжіліске қатысушы қонақтар сахна төріне жалаңаяқ шығатын әдеті бар екен. Мұхаң: «Мінбеге көтерілгенде жалаңаяқ тұрғаныма қоңылтақсып, аяғым басына қарай бердім, алғашқы сөйлемім аузыма түспей, сәл-пәл мүдіріп, үн қата алмай тұрып қалыппын»,-деп еді. Екіншісі-Прагаға барғанда. Онда профекторлар жан-жақтан ғана жанбайды екен, екі қапталдағы, сахна кемеріндегі іргелерден де көзді ұялтып, жарқ-жұрқ етеді екен. Бұл жағдайда да қысылыңқырап қалдым»,- деген болатын.

«Жүйрікке де бап керек деген осы емес пе?» (М.Әлімбаев. Көңіл күнделігі .Алматы   .Жалын. 1980.- 240 бет. 183 б).

Бұл естелікке қарағанда тек мешітке емес, мінбеге де жалаң аяқ шығып, сөйлеуге мәжбүр болған. Міне, өз салытн сақтап, сыйлата білудің үздік үлгісі. «Әр елдің салты басқа» және оны неше ғасыр өтсе де өзгертпей, ұқыптылықпен ұстануы өз дәстүрі мен дініне беріктігін байқатпай ма?

Қала көне болғандықтан да мұнда ескі ескерткіштер де көп екен. Ол турасында : «Әзірге ойымызға келгені Удайпурда жиылған ескілікті Индияның өзіндік ескерткіштері молдығына қарап, егер Удайпурға келмесек, Индияны түгел көрдік дей алмасақ керек. Бұнда соншалық көп, тамаша дүние жиылған тәрізді» ,-дейді (330 б). Бұл М.Әуезовтің Азия мен Африка елдері жазушыларының конференциясында айтқан : « Никконы көрмесең-ғажап деп айтушы болма» деген жапондықтардың мәтелін еске түседі. Және бір ғаламаты қала көшелерінің бірінде үйлену тойының көрінісін қызықтауы болыпты. Мұндағы салт бойынша тойды көрген жұрт көшеден ілесіп, біраз жерге дейін шығарып салады екен де көше кептеліп, көліктерді жүргізбей қояды екен. Осы көріністің өзінен жазушы сол елдің салтына сай бар дәстүрді қамтып айтуға , үйлену тойының маңызы мен салтанатын суреттеп беруге тырысқан. Ал, Удайпурға бағынатын ескі қаланың бірі Читоргар

басқыншыларға қарсы соғысқан бірнеше ерлікті бастан кешкен тарихи қала екен. Тіпті мұндағы кей қырғындағы халық қанының көптігі сонша буйвол өгізін ағызып кетіпті деген аңыз да бар құсайды. ХҮІ ғасырдан бері бірнеше қан майданды бастан кешкен қала тарихында 1567 жылы Бабұр патшаның немересі Акбардың есімі аталып, қамалды шапқан шағы баяндалады. Мұндағы көп ерлік ескерткіштерінің ең ірісі 1448 жылы Кумба атты Раджа Махмуд сұлтанды жеңген майдан ескерткіші «Жеңіс мұнарасы» екен. Осы қала тарихына қатысты мұнарада Индия мифологиясының мол оқиғаларын қамтитын оюлы тас суреттер бар. Бұл Индияның иконографиясын сурет, графика, мүсіндеу өнері шығармаларында белгілі бір адамның, оқиғаның немесе орынның әртүрлі бейнелерін зерттеу, жазу зерттеушілерге мол дерек беретін бұл мұнара  ішкі-тысқы сәнді, тұтас жартастан қашалып жасалған ғажайып мұнара екен. Бұл тарауда осы қала тарихы мен үнді патшаларының өмір тарихына қатысты бірнеше   тарих әңгімеленеді. Және: «Бұл храмның архитектурасы және де индияның өз шеберлерінің өзге ешбір елден көшіріп үйреніп алмай, өздері тудырған классикалық көне архитектура үлгілерін танытады» -, деп баға береді жазушы .Ерлік қала тарихындағы тағы бір тағлымды аңыз 16 мың үнді әйелінің өздерін отқа өртеп, жау қолына түспегені, және күтуші әйелдің жас шахзаданың орнына өз баласын қойып , оны аман алып қалу секілді аңыздар ержүрек әйелдердің өз елі мен отанын қорғаудағы қайсарлықтарын танытады. Сол күтуші әйел атымен аталатын «Памиадай» деген ескерткіш әйелдер ерлігінің символы іспеттес. Осы тарауда арнайы әңгіме өзегі болған Жайпур қаласы Индияның көнеден келе жатқан қолөнер шеберлерінің де тарихи орталығы . Мұнда Майсур штатының инкрустация өнері, Кашмирдің лак (сыр) шеберлігі, Сурат пен Жайпурдың шеберлері тудырған ойыншықтар, Тоты, қуыршақ, әралуан маскалар суретін қондырған Раджестан қобдишалары, Бомбейдің құмыралары, Россия, Қытай, Япония, Венгрия, Англия керамикасы да, үндінің күміс заттары, тоқыма бұйымдары, т.б асқан шебер ұсталықты танытатыны айтылады. Және: «индияның көп жерлеріне сарай, мешіт, мазарларды көп салдырған арыдағы араб, берідегі түрік, моғол әкімдерінің кейбір архитектуралық із-ескерткіштері осындай творчестволық қиял-фантазияны аңғартады»,-дейді (337 б).

Бірде ресми өкіл , бірде қалам қайраткері ретінде сөз алатын М.Әуезов күнделігі мен очеркінде де көзбен көргендерінің бәрін деталіне дейін қалдырмай әсіресе қазақ халқы үшін мүлдем бейтаныс елдің тарихы мен салт-дәстүр, әдебиет, мәдениетімен мейлінше молынан таныстыруға, кеңірек ақпарат беруге тырысқан. Өздері өнер, әдебиет, мәдениет өкілдері болғандықтан да ол елдің осы саладағы мамандарымен жиі кездесіп, мәслихат құруы да табиғи заңдылық. Сол кездесулердегі байқағаны – Индия дағдысы бойынша ақындардың өз өлеңдерін әндетіп оқитындығы, жан иесі мен хайуандарға индуизм діні бойынша қастық етпеудің шарт екендігі, сиырды киелі, әулие деп санауының сырын ашады. Сиырдың сүтін пайдалану, жас кезінде күшін пайдалану, төлін алу, барлық елдегідей екен де жарамсыз болып, қартайған да өле-өлгенше храмдарға өткізіп, жапасын сатып, өзін асырайды екен. Пілді де солай сою, өлтіру әдетте жоқ, әбден қартайғанда жайын пілдер жүретін джунгли тәрізді елсіз меңіреулерге жіберіп азат етеді екен. Маймылға да солай қамқорлықпен қараған. «Ү.Ақын Аймен араздасты» деген тарауда Агра қаласындағы әлемнің 7 кереметінің бірі-Тажмахал» мазарының тарихы баяндалады. 330 жыл бойында Индияның көп жерін билеген «ұлы моғолдар нәсілі», яғни үнді жерін алғаш басып алушы Ақсақ темірдің немересі Захириддин Бабұр 1526 жылы Дели қаласына шейінгі жерді қаратып алады. Оның «Бабұрнама» дейтін тарихтық мемуары мен газелдер жинағы, бірнеше кітаптары бар. Оның баласы Хумаюн, оның баласы Акбар, оның баласы Жихангер, оның баласы Шахжихан, оның баласы Ауранзен-барлығы да жауынгер, күшті патшалар болыпты. Осы нәсілдің ең соңғысы ағылшындардың соттауы бойынша тәж тағынан айрылып, Рангунге айдалған Бахадұршах 1858 жылмен «ұлы моғолдар нәсілінің» әмірі сарқылған жыл деп есептелінеді екен. «Индия күнделігіндегі» өзбек ұлтынан келген өкілдің бұларды біздің бабаларымыз деп ретсіз мақтануын, жазушы қатты жазғырып тастағаны жоғарыда айтылды. Осы «Тәжмахал» жөнінде жұрт аузында: «алып қиял ойға алғанды- анық зергер орындаған» дейтін нақыл бар құсайды (345 б). Әлемдегі 7 кереметтің бірінен саналатын Тәжмахалды түнгі жарық ай астында  алдындағы мөлдір суға сәулесі түсіп өзгеше ғажайып өңге енетінін көреміз депбарғандарында  аспанды басқан бұлттың мұрша бермегені, сол сәттегі көңілсіздік, күту азабы,т.б жайлы жазғаны тіпті қызық. Очерк кейіпкерлерінің бастан кешкен түрлі  психологиялық, эмоционалдық, сезімдік көңіл-күй сәттері турасында: «Таңертең ерте ұшумыз керек. Күндіз көп жүріп, тыным алмай шаршағанымыз да бар.Ұйқының түні жарым ортасынан ауып, таңға тақап барады. Ал айымыз болса біресе шекесін, біресе төменгі шетін көрсете береді де, тағы бір бұлтқа кіріп кетеді. Бар тобымыз «шіркін-ай, бір үш минутке толық ай көріне тұрса етті. Мынау үлкенді-кішілі, бір ұя ғажайып көп күмбез қандай тегіс, жан біткендей жарқырай жөнелер еді»,- деп қызығып-ақ, шыдасып-ақ көрдік…..

Ай құбылмалы, алдамшы бір мінезге табан екіжарым сағат бойына түсіп алды да, күмбездерді бар сұлулығымен анықтап көрсетпей-ақ қойды. Менің сонда да кеткім келмей, ең соңғы шаққа дейін шыдауға бекінген табандылығым да тоза бастап еді…Сонда айды сүйгіш шабытты ақын Сурков маған келіп: «Бұл айдан не күтесің? »,-деп бар ызасымен және барынша орынды бір теңеу жасап «сатымсақ әйелдей осы айдан бүгін көресіні көріп болғамыз жоқ па»,-дегені. Мен ақын емес, прозаик болғандығымнан тез көндім. Өмірімде бірде-бір рет ақынның аймен араз болғанын көрген жерім сол Аграда, сол «Тәжмахалдың» жанында болған еді. Тегі ақын атаулы «айды көрсе болды, ағынан жарылып, ақтарыла береді» дейтініміз бекер екен. Кезегі жетсе, ақынның да кешпес кінәсі болатын көрінеді»,-деп үлкен философиялық ой түйе аяқтайды тарауды, автор (346 б). Осы шағын оқиғалы штрихта қаншама характер ашылып, психологиялық сезімдік құбылыстар суреттеледі. Шығармашылық адамдардың романтикалық жаратылысы, жарқыраған ай туып, күмбездің бір қас-қағым сәттік қана сұлулығын тамашалау үшін түн ұйқысын қиып тұру-төзімділіктің, шыдамдылықты сынар шақ. Осындай тосын сәттерде сынға түсер адами қасиеттерді де қаламгер көзден таса қылмайды. Бұрқ етпе сезім ағымына әуес ақын мен кең тынысты, салмақты сөз иесі-жазушының стиліне, шығармашылық табиғатына тән мінез-құлық ерекшелігі де елеусіз емес. Бәрі де жазушы көзқарасы, бәрі де қаламгердің бақылауы мен баяндауы арқылы бүкіл астарлы сезім сырларын ашады. Әдемі бір лирикалық  әңгімеге бергісіз күту хикаясы жазушының көп кітапты көлемді дүниелер жазуға жетер шыдамдылығының шын мәніндегі шырқау шегін көрсетеді. М.Әуезовтің шығармашылық табиғатына тән қасиеті сонау шет елде де құндылығын жоймай, өз дәрежесінде танылып, дәріптеліпті. «ҮІ.Жаңа Индия жаңалықтарынан» деген тарауда бүгінгі Индияның ірі құрылысы Нангал құрылысы жайлы, әр қала салар алдындағы жоспардың жасалып, оның сауатты орындалу, т.б секілді мәселерді жазғанда жазушының «Өскен өркен» романындағы қала архитектурасының ажары,оның көшелері мен тұрғын үйлерінің жобасын бірнеше ғасырларға жетерлік кешенді жоспар салу жәйі,   Алматы мен Кентау қаласына қатысты ойлары ойға оралады. «ҮІІ. Діндар қала Бенаресте» деген тарауда әсіресе көңіл бөліп, ризашылықпен сүйсіне жазған жайы- аш-жалаңаш , халқы көп бола тұра адам түгілі хайуанаттарға қиянат жасамайтын, қиындыққа, ауыр жұмысқа көндіккен үнді жұртының жақсы қасиеті жайлы : «Индия халқы рет, тәртіпке өзгеше бір момын тәрбиелілікпен бой ұсынған халық. Жол бойындағы қай станцияда, қай қалада, қай базарлы жиын немесе қыстақ жай-жайда болсын адамның қалыңдығы бірде-бір сиремейді деуге болады. Ерсілі-қарсылы жол бойында жүрген топтар үздіксіз ағын судай. Бірақ бірде-бір жерде алды-жұлды дескен қатты даурық, қақтығыс, әсте ұрыс-төбелес дегенді көрмейсің. Мас атаулы мүлде жоқ. Бейпіл ауыз, ұят сөз сөйлеушілер де сезілмейтін тәрізді. Біреуге біреудің түз шайғаны, доқ қылғаны да білінбейді. Көп адамның жүзінде сәл түйілген жүдеулеу ажар, үнсіз, қоңырқай қабақ қана байқалады. Ыстықтан, жоқшылықтан, бәлки аштық, панасыздықтан да қажыған жандар көп шығар. Жалп-жалп қағылған ұзын кірпіктер, жаудыраған үлкен қарар көздерді ұдайы бір ажарлы мұңмен, ұяң сырмен танытқандай болады»,-дейді. (354-355 бб).» Міне, осындағы ойлы суреттер қандай жанды, бейнелі. Бір абзацқа бүкіл бір ұлттың табиғатына тән мінез, болмыс сыйып кеткен. Трагедия, тағдыр тауқіметі, алайда адамгершліктен айырмаған ауыр азап ахуалдары… «Сырт көз сыншы» дегендей азғана уақыт жүріп, дініне берік, өзіндік танымына тән төзімділікті «саны көп қалың топ халықтың сол көптігінен туатын тәртіптілігі  өзгеше болса керек» деген түйін түйеді (355 б). Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінге тараған төл табиғаты. Бұл мінез мемлекеттікке айналып, ұзақ жылғы тарихында да олар ешбір көрші, қоңсы халыққа басқыншылық жасамапты. Керісінше оның дін кеңшілігін, момын мінезін біліп алған-араб, ирандар, ауған, моғолдар, ағылшындар басып алып отырған. «Қазір де индия халқы негізгі дін тәрбиесі, моральдық қағидасы бойынша жан иесін өлтірмейді. Тіпті уыты зор айдаһар жыланды да маймылша, пілше, сиырша «өлтірмейтін жан иесі» деп санайды» (356 б). Мұнда индуизм дініне сипатама беріп, жаннизм ұғымы бойынша өлген адамды Ганг суына шомылдырып өртейді. Әдетте өлген адамның үлкен не кенже ұлы отты өзі жағып, суға да өзі шомылдырады…Будда (әулие бала-Сидхарта) дәл осы Бенаресте 2 мың 500 жыл бұрын дүниеге келіп, 80 жасында өлген. Храмда Будданың тағдыры (бүкіл адамзаттың басынан кешетін-науқас, кәрілік, өлім, хал-ахуалы, дін-парызы аса ірі шеберлікпен  жасалған суреттер арқылы баяндалған. Будданың алғаш өсиет айтқан жері кезінде Ашока патшаның қызы әкеп еккен пәлен мың жасаған әулие ағаш мұнда келушілердің құтты мекені құсайды .Жазушы қаладағы көне ескерткіштерді атап қана қоймай оны суреткерлік көзқараспен ірі көркем туынды ретіндегі тарихи орны, көркемдік-эстетикалық тағлымы, рухани құндылығы тұрғысынан да таратып тартымды әңгіме қозғайды. Ескі ескерткіштердің бағалы белгілері, мазмұндық мәні, тәрбиелік қасиеті оның бүгінгі хал-ахуалы жайлы жан-жақты сөз қозғайды. Бұл әрине, өзі білген        құндылықтарды, әсіресе сол кезге дейін бүтіндей беймәлім елдің тарихы мен мәдени мұраларымен, отандастарына кеңінен мәлімет беруді мақсат тұтқан. Қай қалада болса да ондағы білім ошақтарында болып, олардың білім беру жүйесімен танысуды әсте ұмытпайды. Бізден бір ерекшелігі саналған Діндар университетінде де болып, олардың 200 мыңнан аса кітап қоры бар кітапханасымен, бір аймақта орналасқан 35-40 тан аса оқу корпустарының бар екендігін, олардың әр үйінің өзгеге ұқсамайтынын «әр үйдің архитектурасы стандарт емес, өзінше оригинал сұлу келетінін» ерекше сүйсіне сөз етеді (362). Мұнда ағарту ісін өзгеше жоғары бағалап, дін қарызындай санайтынын, әйелдердің теңдік, азаттығын да айрықша ескеріп, ерлермен бірдей білім алуына, кәсіп етуіне, діни сауаты болуына да ерекше кһңіл бөлетініне мән береді. Қайда барса да, кіммен кездеспесе де «аппақ боп ақсия күлген тістер, қап-қара шаштар жас қауымның жақсы бейілін біз арқылы, біздің халқымыз бен Отанымызға арнағандай,-дей келіп « Жолдың жарымы өтті, бірақ әзірше тамаша Индия республикасының бірде-бір көріністері қайталанған жоқ»,-деп ертегідей көркем елдегі ғажайып құбылыстарға суреткерлік көзбен баға береді.

«ҮІІІ. Ұлы қалалар мен ұлы қайшылықтар» деген тарауда өзі көріп, көңіліне ұнаған жәйттің бәрі отандастарының да қызығушылығын тудыратынын жақсы білетін жазушы дүние жүзіндегі ең халқы жиі орналасқан, мәселен бір ғана қала Бенгалиде әрбір шаршы километрге үш жүз адамнан келетінін, жылына 2-3 рет өнім алса да, қара құрым халықтың еңбекқорлығына қарамай сіңірі шыққан қайыршылықтың бар екендігін, соның салдарынан тазалықтың тапшылығы, ағашы мықты әрі ұзақ жасайтын пальма жапырағынан жасалған салам тәрізді сұр шатырлы баспаналарда тұратынын ,т.б пальманың-сагалық, какостық, құрмалық, олифтік түрлері бар екендігін, ал ең қымбат, ең берік ағаш- бамбукты  тұңғыш рет осы Бенаресте көргені жайлы да қызықты фактілер келтіреді. Атын естіп, түсін түстеп көрмеген неше алуан ағаштар мен өсімдіктердің өлкесі Индиядағы мангу ағашы жөнінде жазушы қызықты бір пәлсафалық ой айтады: «Мен біздің тілімізде «ұзақ заман» жайын «мәңгі» деп атайтын сөзді «осы ағаштың атынан тумады ма екен»деп ойладым» (365 б). Әбден мүмкін, Ақсақ Темір бабамыздан бастап мұнда келіп, бірнеше ғасыр бойы ел басқарған Бабұр бабамыз өсиет сөздігі бар екендігін ескерсек, неге болмасқа деген сауал да туады. Оны мүмкін тілші мамандары зерттеген де болар, бұл жағы бізге беймәлім. Ал біз үшін ұлы жазушының бөгде елдің тұрмысын танытарлық әрбір бөлшегіне дейін бағамдап ,  халық санасына көркем көрініс, көрікті ой, жаңа образдардың галереясын  суреттеп беріп отыруы дер едік . 6 миллион адам тұратын ірі өндіріс, порт пен сауда қаласы саналатын Калькуттаның тіршілігін жазушы былай береді: «Калькуттаның атақты ұзын көпірін де көріп өттік. Қала ішіне кіре бере, Индияда бірінші рет жаяу извозчик-рикшаны көрдік. Қара жылтыр, әдемі екі аяқ күймеге екі дертені көтеріп жегіліп алған рикшалар. Қап-қара борбайлары дедектеп, жалаң аяқ, жалаң бас күйде елбек қағып ұшып жортып жүр. Оның күймесіне отырған жүргіншілер арасында сақалды, ерлі-зайып, салмақты, паң жүзді адамдар да ұшырайды» (365 б). Міне, осы суреттен-ақ байғұс рикшалардың жағдайын сезе бересіз. Бүкіл ел тұрмысына тән бір көрініс сіздің санаңызда да сыздап қалып қояды.Үнді тұрмысына тән  тағы бір көрініс: «Жүргіншісі аз, қағаберіс алаңы мүлде жоқ. Сол көшелерде қайнаған адам селінің арасында тағы да буйвол, есек, сиыр, рикшалар қақтығысып жүр. Бұл қала байлықпен, барлықпен қатар барынша сорлаған жоқшылық, қайыршылықтың бетпе-бет кезігіп тоғысқан жері. Көше сайын қайыршы еркек, әйел, қара борбай балалар жалаңаш, аш күйде қаптап жүр. Шаштары кірлеген, дудыраған, ауру екені, кәрі екені белгісіз, беті қатпар-қатпар болып қатып қалған қайыршы әйел қолына емшек баласын ұстап, машинаға үміткер қолын созып жүргізбейді…Кей ағаштың түбінде, әлдебір алақандай көгал алаңда немесе тас үйлердің тас іргесінде ап-ашық көшеде жыртық, жұқа лыпасына шала оранып, бұралып жатқан адамдар талай жерде жиі кездеседі» (366 б). Жазушы кең дала, мол байлық, тамаша сән-салтанаты келіскен, бар жағдайы бар баспанада тұратын елден келгендіктен мұндай жан шошырлық жоқшылықты жаны түршіге жазады. Сондықтан да болар, оның әрбір сөз астарында аяушылық сезімнің алапат алауы аңғарылады. Бұл жөніндегі өз ойларын да жасырмай жазады: «Индияға келмес бұрын Индия турасында оқыған бір кітапта: «Калькуттаның үйсіз, панасыз жандары бірнеше жүз мыңға да жетеді» деп жазған еді. Сан мөлшерін білмеймін, бірақ бұл шаққа шейін өз тірлігімде көзбе-көз кездесіп көрмеген қалың жоқшылық, жүдеулік басқан мол жұртты, ер-әйелді, кәрі-жасты, әсіресе, тілі жаңа шыққан жас сәби қайыршыларды көргенім осы. Өне-бойың тітірейді.»(366 б). Әуезов бір ел, бір қаладағы баршылық пен жоқшылықтың кереғар, қайшылықты өмірін –жұмақ пен тозақ арасындай бітімсіз қайшылыққа теңейді . Индияның астанасы Делиде болмаған театрдың Калькуттада болғанына, оның өзі өнерді сүйетін бір ғана адамның өз пұлына ашқан театры екендігіне таңданыс білдіріп, оның өзі біздің орташа клуб спектаклінің дәрежесіндей деп сын көзбен қарайды. Бүкіл әлемге кино өнерімен танылған елде бірде-бір мемлекеттік театрлардың болмауы шынында да таңғаларлық жәйт. Көрген мен сезгендерін көңілден таса етпей, сол сезімдері суымай тездетіп қағазға қондыруды қалыпқа ендірген қаламгер оңашада сырлас дос «күнделікке» күнделікті жазып отырған. Әуе кемесінің трассасы (жол аңғары) бойынша ұшып жүрген сәтін ертегідегі Самырық құсқа тели отырып, ел мен жер көру бақытын кеңестік дәуірдің арқасы деп ұғады. «…мен осы бір сапарымның өзін самұрық құс қанатына мініп ұшқан ертегі ерінің күйіндей көремін. Рас, менің самұрығым нақтылы маркасы бар, мынау самолет емес. Ол, өз жайымды теңеумен мегзеп айтқан сөзім. Ондағы шешуім-өзге. Менің шын самұрығым: қазіргі социалистік Отанымдағы алтын заманым, щат-шадыман шағым. Мені де, менімен қоса елімізді де алып, қанатына мінгізіп  ұшқан самұрық бар. Ол бұрынғы дүниеге де, ертегі қиялға да сыйып, келіп көрмеген ұлы самұрық. Ол- Октябрьден басталған сәулелі сойиализм дәуірі» ,-деп сол кезеңнің жақсылығын дәріптейді. Бүкіл өмірін құндақтаулы баладай құрсауда ұстаған кеңестік кезеңнің сайқал саясаты ұлы суреткерді де солай сөйлеуге мәжбүрлегені мәлім. Жазушы өз кезеңі мен жеке өмірінің де  жұмақ пен тозақ арасындағыдай қайшылықта өткенін біле тұра саналы түрде саясаттың астарын ақтаруды ар санап, тек жақсылығын көруді соны дәріптеуге ден қойды. Бұл сапардың негізгі міндетінің өзі осы, кеңестер Одағының жасампаздығын насихаттау, соған өздерін де өзгелерді де сендіру болатын. Оны жазушының өзі де мойындамасқа шарасы жоқ-тын: «Сол Отанда еңбек ету, өмір өріне жету, табыспен, адал еңбекпен қанағаттану және Отан сенген, құрметтеген қадір көру-барлығы сол самұрық қанатына мініп ұшқанмен тең деген ой келеді. Мына сәтте ассоциация жөнінен көңілге оралған осы еді»(369 б). Бұл – жазушының жақсы бір көңіл-күйін, шабытты шағын, бақытты сәтін бейнелейтін тарихи факт.

Енді бір ерекше көңіл бөлетін жәйт-жазушы қайда да жазушы, ол зер салмайтын саңылау, зерттемейтін нысана жоқ. Сол сапарда да суреткердің бұрынғы сапарнамаларына тән- шөп көрсе де, тал көрсе де, тас  көрсе де, бәрінің табиғаты мен тарихын, түрлері мен ерекшеліктерін егжей-тегжейлі зерттеп, тану мен таныстыруды мұнда да ұмыт қалдырмаған. Оның әрбір күнделігі мен жолжазбалары бейне бір өлкетанушылар мен табиғаттанушылардың зерттеу еңбектері секілді, таудың да тастың да, шөптің де бұрындары бейтаныс, тіпті ел естіп көрмеген неше бір атасының атауын аңдайсыз.  Мәселен Калькуттадан қайтар жолдағы бір жота тауындағы мына жота түрлерін мамандар білмесе, жалпы оқырмандар біле алмасы анық: «..Жалғыз бір ғажабы, бір араға жиылғалы, тоғысқалы тұрғандай әр бөлек: қырқа, шоқы, серек, доңғал, заңғар, тектұр, шақпақ, керегежал-бәрі де оқшау-оқшау, бітім жаратылыс танытады….сирек қызық бір ерекшелігі, самолет жақын таулардың көрініс пейзаждарын тез құбылғыш динамикалы күйге айналдырады екен»(369 б). Суреткердің сезімталдығы, қай саланы да түп тамырымен талдай білетін сирек кездесетін білімдарлығы  ұшқыр қиялы мен табиғи таланты осылай нені жазса да ғылыми, тарихи , танымдық тұрғыдан негіздеп жазатын қасиеті қай шығармасында да шұғылалы шуағын шашып тұрады. Жазушы әрбір кездескен адамының портреті мен мінез-болмысын мұқият мүмкіндігінше бар табиғатын танып-білуге тырысады. Және бір таңқаларлығы, бір сәттік сірескен, ресми сұхбаттасудың өзінде алдындағы адамның ішкі-сыртқы жан дүниесіндегі  сезімдік, психологиялық құбылыстарды бақылап, айнытпай тануы мен беруі.М.Әуезовтің адамтанудағы сирек кездесетін суреткерлік қабілеті оқыс оқиға сәтіндегі адамдардың тосын іс-әрекетін, еріксіз елге байқатып алатын епетейсіз жағдайын қырағы көзінен қалыс жібермейтіндігін көрсетеді. Екі ел өкілдерінің бір сәттегі сұхбатын үлкен драмалық әрі комедиялық көрініске айналдырып жіберуі шынында да Мұхтар Әуезовтей ұлы психолог суреткерге ғана тән кәсіби шеберлік болса керек. Индияның көпке мәлім, қарт дипломаты Раджагопалачариямен кездесуде кеңестер Одағының делегациясын басқарып барған Сурков арасындағы қалжың-қақтығысты бақылаған жазушы не дейді. Оқып көрелік: «..Бұл жолы және де аз әңгіме үстінде біз ол адамның үнемі сергек ойлы, аса тапқыр және өте айтқыш, қазақша суреттегенде анық «от ауызды, орақ тісті» кісі екенін байқадық. Өзінің сырт бітімі де еріксіз көз тартады, Тақыр бурыл басының бетжағы қойбастау келген (теңеуін көрмейсіз бе, қазақы ғой). Үлкен, ұзындау имек тұмсығы, сирек сары тісі, үлкен аузы-бәрі де ілгерілей, ұмтыла біткен. Арық денесінің сіңірлі, тарамысты бітімі, ұзын саусақтары, мойны, кеңірдегі де әлдебір тұмсықты, тұяқты кәрі қырандарға ұқсатады. Ажымды жүз, ашаң бойы әлсіздік, қажығандықты білдірмейді. Қайта пісіп, қатып қалған қағылез, алғыр қырғын қабілет танытады». Бұл тек сыртқы сипат қана емес, адамның тұлғалық табиғатын танытатын психологиялық портрет. Енді екі ел өкілдерінің сөсз қақтығысына жазушы көзімен қарасақ: «ол бір теңеу сөз сөйледі. Біздің елдің соғысты, жаулықты сүймей тыныштық, бейбітшілікті сүйетін Сурков айтқанда жауап етіп, жаңағы теңеуді айтқан еді. «Әр мемлекет әрбір үй салушы тәрізді. Үйді құймамен қоршайды ғой. Өзін сақтау, сақтану үшін солай етеді. Бірақ сол өзін сақтау инстинкті кейде шектен асып, агрессияға айналады. Әсіресе, байларда солай болады. Мысалы, америка бай, сол байлығы үшін қорқады да сендерден «сақтанамын» деп пәлеге өзі бас болады. Мысалы, Индия кедей, сондықтан ол қорықпайды да, сақтанбайды»деп күлді. Сол әзілге орай кедейлер жақсы болатынын, әділ болатынын айта бастаған Сурковтың сөзін бөлді де, қарт дипломат өзінің таптық құбылысына қарай шұғыл бұрылды да: «кедейлік мақтанарлық, сүйсінерлік күй емес, ал кедей ызақор, сотқар болады»,-деген  (371 б). Осы сапар барысында қарт дипломаттың азулы Америкаға қарсы айтылған осы алуандас тапқыр сөзін естіп, ол жөнінде дүние жүзіндегі сан тілдегі баспасөздер жарыса жазып жатқанының куәсі болғанын сөз етеді, жазушы. Осы «Индия очеркінің» басты мұраты мен мақсатын айқындап берген бір үзік сәтті эпизод оқырман ойында да қалып қояды. Оймақтай болса да ой салып, орынды әзілдің астарында бүткіл елдің трагедиясы мен ащы ақиқаты тұрғандығын, тапқыр сөздің қай формаға да бейімделгіш жанның шын бет пердесін ашып, тығырыққа тірейтінін осы оқиға дәлелдейтіндей. Атағы жер жарған сол кезеңдегі ірі держава Кеңестер одағының беделін бетке ұстап, белді өкілі болған Сурковты аш болса да азаттығы мен арын жоғары ұстайтын еркін ойлы елдің қарт елшісінің оңдырмай сүріндіргеніне сүйсінген суреткер сырты сыр бермесе де іштей ірілікке бас иеді. Отаршылдықтың небір опасыздығын бастан кешіп, салқынын сезінген суреткерді бұл елдегі тіл тағдыры да толғандырады. Үндідегі тамил тілінде жазатын жазушылар мен ғалымдардың оқшау бір жиналысына қатысқан қонақтар Индияда қолданыста жүрген  60-қа жуық тілдердің 15-і ірі тілдер: һинди, урду, бенгали, тамил, марати, гуджарати, ассам, канери, малаялум, пенжап, т.б екенін, ал тмил тілінің 40 миллионға жуық халық қана сөйлейтін көне тіл екендігін, 100 жыл билік құрған ағылшын әкімшілігінің заманында тек бір ғана отаршыл  тіл- ағылшын тілі болғанмен жергілікті тілді тұтынған халықтың «өз тілдерінен не қып оп-оңай айрыла қояр екен» деген ойды батыл айтады. Жазушының айтарының астарында өз елінің мұңы мен мұқтажы жатқаны да мәлім. Сондықтан осы орайдағы жазушы пікіріне кеңірек тоқталсақ: «Ағылшындар саясаты өздері билеген 100 жыл ішінде сондай қаскөй, қатал айламен ұлы халық индияға ағылшын тілінен басқа бүкілхалықтық, мемлекеттік бір тілді жасаттырмаған….Бүгінгі кейбір индиялық тілдердің өкілдері- индустар өзара ұғысқанда тек ағылшын тілінде ғана тіл қатысып, ұғыса алады» (373 б). Бұл біздің де трагедиямыз болатын. Әлі де солай. Сондықтан да біреудің мәселесін, яғни тілдер таласының  үлкен қайшылыққа айналғанын қозғай отырып, өзінің де өзегін өртеген өкініштерді очеркіне өзек ете білген.   Және қазақ елі соңғы жылдары ғана әлемдік білім беру жүйесіне ену барысында белгілі болып жатқан 4 жылдық бакалавр, одан кейінгі магистрлік дәрежелердің сол кезде –ақ жүзеге асырылып жатқанын, доктор дәрежесін алу үшін кемі 5-6 жыл іздену керектігі  және оқудың ақылы екендігі айтылған. Бұл Европа мәдениеті мен өркениетін мейлінше мол жинап, пайдаланғандығының бір көрінісі еді. Алайда, өздерінің ұлттық өнері мен салт-дәстүріне берік үнді елі  өздерін билеген европалық халық-ағылшындардың өнеріндегі үлгілерін  ,әдейі егескендей, алмай қойған, қабылдамаған тәрізді. Бұл халықтың әлемге әйгілі әдемі өнері бір ғасыр бойы отарда болып, тұсалып келсе де өзінің ұлттық өрнегін жоғалтпай  азат алғалы  өсер өрісін кеңейтіп келеді. «Индия очерктеріндегі» , «Х. Ескі Индияның ескі мұра мерзімдері», «ХІ. Тағы да үлкен қала болмысынан», «ХІІ. Соңғы жаңалықтар», «ХІІІ. Қайтыс сапар» деген тарауларда Индиядағы соңғы күндеріндегі көргендері мен одан алған әсерлері әңгімеленген. Қай елде де қонақжайлық дәстүр сол елдің ерекшелігін танытатын ескі ескерткіштері мен көне мұраларымен, неше алуан мұражайлары мен сирек кездесетін сәулет өнерлерімен, мәдени, әдеби, қоғамдық орын-жайларымен, ажарлы архитектуралық ансамбльдерімен, тарихи жерлерімен,т.б таныстыратыны табиғи заңдылық. Индияда болған 40 күндік сапарында ерте күннен ымыртқа дейін тек жүру мен көруге арнап, жақсы қонағуар достар тауып, әдемі де әсерлі әңгімелер жүргізген жазушы үнді еліне отаршыл ағылшындар арқылы Европа мәдениетінің келгендігін, оның оң өзгерістері де болғандығын жасырмайтынын, алайда ұлттық құндылықтарын сақтау мен дамытуда кедергілері де болмай қалмағанын, қалай болғанда да рухани азаттыққа ештеңе жетпейтіні жөнінде көптеген жақсы пікірлер айтқан. Әсіресе, әдебиет пен мәдениет мәселесі, мемлекеттік тіл мәртебесі ,т.б жөніндегі талдаулары күні бүгінге дейінге өзінің құндылықтарын жоймаған толғамдар. Әдеби-көркем  сынның жоқтығынан керексіз аударма кітаптардың көбеюі, олардың сапасын анықтар сынның жоқтығы, ағылшындардың орыс мәдениетін, тілін таратуға тыйым салуы, халықаралық байланыстарды нығайтуға назар аудармауы ,т.б секілді де толғақты ойларды ортаға салады.Оның нақты бір куәсі-осы сапардың негізгі себебі-үндінің ұлы ақыны Р.Тагордың туғанына 100 толу мерей тойының әлемдік деңгейде тойлану дер едік. 1961 жылдың 24 наурызында Дели қаласындағы Вишаи Бхаван сарайындағы салтанатты мәжілісте сөйлеген М.Әуезов кезінде екі (бенгали мен ағылшын) тілде жазған Р.Тагордың туындылары бүгінде 200-ден астам тілде сөйлеп, бір үндінің емес, әлем жұртшылығының ортақ қазынасына айналғанын, бір ғана Кеңестер Одағында 1913 жылдан бері 180 рет 3 миллион тиражбен 18 ұлт тілінде жаряиланып келе жатқанын, ал осы мерей той  қарсаңында 40 тілде аударылып жатқанын зор мақтанышпен айта келіп: «…Одно помню при этом, что Тагор, пришедший к народам моей страны, перейдя границы языков, рас, верований, вошел в любую семью, облагораживая материнство, окрыляя юность, умудряя отцовство, укрепляя великое чувство братства в народах в прогрессивном человечестве»,-деп өз ойын терең тебіреніспен жеткізеді (М.Әуезов.Шығармаларының елу томдық толық жинағы.49-т.-Алматы: «Жібек жолы». 2011-456 бет. 38 б). Қаламгер мұрағатындағы 219 бумада,13-14-беттер ретімен сақталған машинакаға терілген мәтін осы жинақта тұңғыш рет жарияланып, оқырманға ұсынылған.Аударма, тіл мәселелері мен ұлттық құндылықтардың адамзаттық руханиятқа көтерілуіне себепкер Р.Тагор секілді ұлы тұлғалардың туындыларының тағлымы бұл баяндаманың  мәнін танытады.

«Қайтыс сапарындағы» қайтар жолда болған бірнеше елдің  тарихи орындары жайлы әңгімелері тағлымды. Қайтар жолға 5 күн бөлініп, оның 2 –і тәулігі атақты 7 төбеге салынған Римде , одан Швецария астанасы Женевада, одан Батыс Германияның Дюссельдорф, Копенгаген, Осло, Стокгольм ,соңғы аялдамасы Москва болып, бүкіл шет елді шарлап шығу бақытына ие  болады. Әсіресе, 2 тәулік қана уақыт бар Римде әлемді таңғалдырған небір кереметтері саналған Санта Мария храмы, атақты Виктор Эммонуэл , Гарибальди ескерткіштері, атақты Колизей мен Форумның қалдықтары, әулие Петрдің атақты соборы-«Санжниовании» храмы, Сан Пьетро Инквинколыли (шынжырлаулы Петр) храмы , даңқты Ватиканды , Варгеза паркін ,т.б аралап көру арманы осы сапарда орындалады. Мұндай бақытты жазбай кетуді кешірілмес күнә санаған жазушы: «Осы күні түнде сәтімен театр өнерін сүюші үш жолдас боп, шаршағанымызға қарамай, Римнің операсында да болдық. Онда екі актылы «Бөтен адам» атты Бизеттидің операсын тыңдадық. Опера соңынан көрсеткені пантомим балет еді. Рим операсында болу өзі де біраз күтпеген жаңалық, ойда жоқ сыйдай болды»,-деп шын жүректен қуана жазады. Ал, «Петр шынжыры» храмындағы Микельанджелоның ғажайып, көркем скульптураларын, әсіресе Мұсаның мүсінін тамашалау да тағдырдың тосын тартуындай еді. ХІІ ғасырда салынған «әулиенің әулиесі» дейтін шіркеудегі «әулие баспалдақтарға» тауап қылушылар еңбектеп шығып, тізерлеп түсіп жатқанын көрген. Адамзат ақыл-ойының тамаша туындысы, мәңгілік шеберліктің шыңы атанған Ватикан музейіндегі Микельанджелоның Рафаэльдің, Ботичеллидің, т.б   шығармаларына шырмалып, шын шеберлікке тәнті болып, ұйқыны ұмытып қайта-қата келіп көрулері олардың өнер құдіретіне тағзым еткен шексіз тәнтілігін танытады: «Римде не көп, мүсін (статуя) көп. Және бәрі де шеберліктің асқан төріндей. Сондықтан да көп ғасырлар бойы Рим мәдениетті Европаның мектебі, академиясы болған. Әсіресе Милан, Венеция, Флоренция- бәрін қосып алғанда тұтас Италия, Европаның анық ұстазы болып келген. Көп елдер «үдеу (бірде өрлеу деп те жүр Г.П) дәуірінен» («эпоха возрождения») қалған мұраны осы елден оқиды. Болашақта да сол тарихтық қасиеті тез жойылу оңай болмас. Музыка, сурет, мүсін, сәулет өнерлері көп өнерпаздың көзін тартпай тұра алмайды» (438 б). Жазушы Рим ескерткіштері мен Индияның көне мәдениетінің тарихы мен төркіндес тамырлары жайлы көптеген деректі әңгімелер қозғайды .Жер жәннаты атанған Швецарияны аралауға уақыты болмай, қаланы ғана қыдырыстаған қонақтар 1933 жылы Оңтүстік облысының Жуалы ауданынан қарасты Түлкібас ауданына барған сапарында еліміздегі тұңғыш қорық –Ақсу-Жабағылының тамаша табиғатына тамсанған М.Әуезов «Екінші Швецария екен ғой» деген сөзінің тамыры Швецария табиғатының сұлулығына бұрыннан тәнті екендігін ескертеді.  Осынау ұзақ мерзімді сапарда бірге болған 10 адам Мәскеуге аман-есен оралғандарына шүкірлік етіп, сапарларының сәтті өткендеріне риза болған-ды. «Қонақта болу жақсы бірақ өз үйіңе жетпейді» дегендей «өз үйің-өлең төсегің», өз отаныңа оралу қандай бақыт десеңші!. «Индия күнделіктері» мен «Индия очеркіндегі» осынау ойлар көрнекті суреткерге мол бейнелі ойлар, қаншама құнды мәліметтер, Индия елінің тамаша тарихи, әдеби, мәдени мұралары  жайлы көптеген мол қазынаға кенелткені кәміл.

М.Әуезов Индиядан келген соң  Алматының ғылыми, әдеби, шығармашылық орындарында және республиканың облыс-аудандарында болғанда шет елге барған сапарлары жөнінде тұрақты түрде әңгіме өткізіп, өз ұлтын, ұрпағын өркениетті елдердің өмірімен, әдебиет, мәдениетімен, т.б таныстырып отыруды үлгі-өнеге еткен. Айталық, Зоя Кедринаның, Олесь Гончардың (АҚШ-та бірге болған), Сырбай Мәуленнің, т.б естеліктерінде үлкен тебіреніспен айтылады (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер.Алматы: «Білім» баспасы,2007.-288бет). Соның бірі- Мүзафар Әлімбаевтың М.Әуезовпен бірге  жайлауда- «Төлектің төрінде», Социалистік Еңбек Ері атағын 2 рет алған Нұрмолда Алдабергенов басқаратын колхазда  болған сапары жайлы естелік: «…Оған қоса, Индия сапарын шопан шалдарға екі сағат әңгімелегенде, Шығыстың ертегідей ежелгі елінің салт-дәстүрін, тұрмыс күйін, бүгінгі хал-ахуалын балын тамызып, барынша қарапайым тілмен сөйлеп еді. Жүздеген адамның қиын-қиын атын атағанда бәрін байырғы есімдердей іркілмей, шатастырмай тізіп шықты. Жазушыға талантпен бірге ең алдымен зерде қажет деген сөздің растығына сонда көзім жеткендей болды» ( М.Әлімбаев. Қалам қайраты.13 бет).

М.Әуезовтен үйренер үздік үлгінің бірі де осы.

Ендігі тоқталар еңбектер-«Америка әсерлері» мен «Америка сапары (Жолжазбалар)» (М.Әуезовтің Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 38-том. Алматы: «Жібек жолы» 406 б. 155-253 беттер). 1960 жылы ақпан, наурыз айларында совет жазушылары: С.Щипачев, Л.Леонов, О.Гончар және М.Әуезов Америка Құрама Штаттарына барып қайтты. Онда совет жазушылары бүкіл елді аралап, бізге таңсық американ халқының өмірімен, мәдениетімен кеңінен танысып, түрлі топтағы өкілдермен әр түрлі тақырыптағы, әр түрлі дәрежедегі кездесулерде болып, пікірлесіп, ақпарат алмасады. 1960 жылы келісімен жаз уақытысында әсері суымай көңілге түйгендерін Шолпан –Атада жатқан кезінде ауыз екі түрде машинкаға диктовать етуге үлгерген. Сондықтан өзі барда ешжерде жарияланбаған.Тек өзі қайтпас сапарға аттанған соң оның мұрағатынан алынып, алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің 1964 жылғы 3,10,17 және 24 июль күнгі  сандарында жарияланған. Сол ауызша айтылғаннан кейін қалам тимегені байқалса да жазушының қай тақырыпты жазса да өзінің мол ішкі дайындығы болатыны, дүние танымының кеңдігі, жан-жақты білімдарлығы ағыл-тегіл ой ағынын, ұзаққа шабар аттай кең көсілетіндігі мұнда да байқалады.Ол жөнінде жазушы «Я имел удовольствие в текущем году побывать в Соединенных Штатах Америки…(1960г.) деген баяндамасында: «Хотя за срок месячный, что называется, не объездишь, не объемлешь такую великую, не объятную, многообразную и богатейшую всеми своими данными страну, тем менее я вывез большие поробные записи в своем писательском дневнике…»,-деп өзінің мол олжамен оралғандығын баян етеді (М.Әуезов.Шығармаларының елу томдық толық жинағы.Алматы: «Жібек жолы».2011-456 бет-35 б). Қолжазбалар қорындағы 219-буманың 17-18-беттеріндегі машинакаға терілген мәтінде «Америка әсерлеріне» өзге де ойлары, кіші ұлт әдебиеттерінің шет елдерге аударылу мәселелері жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясының негізінде сөз болады.Суреткердің сапардан соңғы ел алдындағы есебі сынды еңбегінде өзінің әсерін, бақылауын,ойларын,түрлі аудиторияларда айтатынына сендіреді, тындарманын. Соның айқын айғағы болған «Америка әсерлерінде» қаламгер сол елді оқып- білген адамдардың көргенін менің тоқып танығаным толықтыра түссе деген тілегін білдіреді: «…Американы ғылымдық жолмен зерттеп біліп жүрген кейбір мемлекеттік, қоғамдық, шаруашылық жайларды, өнер, мәдениет күйлерін ғылым жолымен зерттеп біліп жүрсе, біздің кейбір көзбен көрген, құлақпен естіген күйлерімізді, көріністерімізді өз деректеріне тіркей түссін. Міне, Америка әсерлерін жазудағы ең бірінші еске алар, оқушыдан өтініп өтер жайымның бірі осы»,-деп бұл очеркті жазудағы міндетін межелесе, «Екінші жай: менің бұл жазатыным тек көргеннен, көзбен көргеннен алған тікелей әсерлер ғана…»,- дейді (275 б.20-.8 том). Тарихы терең, мәдениеті бай, қоғамдық құрылымы қат-қабат, қайшылығы да жетерлік, ғылымы да, техникасы да, өскен, өркениетті  әрі десе Кеңестер Одағы үшін жұмбақ, мүлдем бейтаныс аса зор ұлы мемлекетті 1 ай шамасында асығыс ресми сапармен аралаған адам болғандықтан 3-ші тілегінде: «…Бұл жөнінде қысқа айтатын зерттеуші ғалым боп та, Америка тіршілігінің белгілі саласының маманы боп та жазбаймын. Қолдан келгенше соның бәрінің орнына көзбен көргенді, құлақпен естігенді, тікелей сезіп, төтелей ойлаған ойларды (көргеннен, естігеннен туған, төтелей туған ойларды) жай жанды, жұпыны ғана әңгіме етіп бермекпін» ,-деп соншалықты кішіпейілділік көрсетеді. «Ұлық болсаң кішік бол» деген даналықта осы ұлылардың өзінен қалған ұлағат сыңайлы. Өзі аралаған АҚШ-тың атақты екі қаласы туралы «Вашингтон» ,  «Нью-Йорк» деген екі тарау етіп, осындағы ойларын ортаға салады. «Вашингтонда» жалпы бұл мемлекет туралы алғашқы мәліметтерге мән беріп, Нью-Йорктың халықаралық қатынастар аэропорты Айдл-Уайлтың өзге мемлекеттердегіден ерекше ірі 20-ға жуық аэропорты бар , ондағы жалпы саны ортақ архитектуралық ұқсастықтың өзі өзгешелікті, өзіндік болмыс-бітімді аңғартатындай. Қадірлі, ресми өкілдердің аяғын жерге тигізбей кілең кілем үстімен апарып, аспан үстіне бір-ақ шығаратын қонақ күту рәсімінің қатал тәртіппен жүргізілетінін, алып аэропорттағы бірі қонып, бірі ұшып жатқан самолеттерде есеп жоқтығы, оның өзі әсем бір әуендей әуе жолын жалт-жұлт еткен жұлдыздарға толтырып, ерекше өң алған өмір екенін жазушы : «Бейнебір үлкен теңіз түбіндегі әр алуан, әр атаның ұлы балықтар, жайындар теңіз түбінің өзгеше айуанаттары тәрізді. Біріне-бірі жылжи тақай келіп тұрысып, бір кішілеуі жүйткіп өтіп, кейбір үлкендері қалғығандай мелшиіп, бір сәт тұрып қалып енді бірде үнсіз ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз түбіндей ұшып-қонысқан, сүңгіп шүйген мол әлемнің көп өзгеше жәндігі өз қимыл-қозғалысын, барлық болмысын аңдатады»,-деп суреткерлік шеберлікпен әдемі әсерлі теңеулермен бейнелейді (277 б). Айдл-Уайлдың-айдың ауыл деп естілетінін айтып, қазақ құлағына жылы тиетінін де қаламгерлік қағылездікпен қаперіне алады.

М.Әуезовтерден бұрын келген Полянский бастаған советтік  үкімет өкілдерінің Америкаға келулері екі алып елдің халықаралық қатынасты жақсы жолға қоюының алғашқы қарлығашы болатын. Вашингтондағы елшілік сарайында Полянский тобы мен ақын Степан Петрович Щипачев бастаған М.Әуезовтердің тобының елшілікте бекітілетін әдеттегі сапардың мақсаты мен міндеті, күн тәртібі, бір айғы жоспары жасалғанын, қонақтардың талап-тілектері де ескеріліп, ірі өндіріс орындары бар Чикаго, Детройт шаһарларынан гөрі әдеби, мәдени , ғылыми, т.б орталықтар орналасқан Нью-Йорк, Вашингтон, Бостон сияқты қалалары мен Тынық мұхит жағасы, Калифорния өлкесін аралауды ұсынылғанын ұқыптылықпен баяндайды, автор. Сөйтіп, бұл топ бір айғы сапарда Вашингтонда 2 рет, Нью-Йоркта 9 күнде 2 рет, қалған күндері Калифорния, Лос-Анжелос және сол штатта Фресно графствосы, штат Аризона, оның орталығы Феникс қаласы ,секілді біраз орталықтарда болып, өркениетті елдің әлемді таңғалдырған ғылым мен техника жетістіктерімен, тарихи-мәдени мұраларымен,  ескерткіштерімен т.б танысып, қоғам , әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесіп, бүкіл адамзатқа қажетті рухани құндылықтар төңірегінде түрлі деңгейдегі кездесулерде, баспасөз конференцияларында, т.б  ой бөліседі. Осы ретте бірге сапарлас болған  Олесь Гончар «Ақыл-білімнің кені еді» деген естелігінде: « – Ол ойшыл адам еді. Құбылыстардың құпия сырын, мән-мағынасын ашуға тырысып, бар мәселеге асықпай-саспай, тыңғылықты ой көзімен болжап қарау оның әдеті болатын. Жазушының осындай сыңайын әлекей жаланып тұрған американ репортерлері бірден байқады. Олар Әуезовті бірден-ақ: философ, Шығыстың данышпан ойшылы- деп атады. Содан соң ол осы атақты иелене жүріп бүкіл Американы аралады.

Нью-Йоркте кеңес  жазушылары делегациясының құрметіне ұйымдастырылған кеште м.Әуезов бейнебір өз халқының суырып салма жырауындай көсіле сөйлей жөнелгені де көз алдымда.Бұл біздің сапарымыздың соңына таман болған еді.Көргеніміз де, көкейге түйгеніміз де,айтарымыз да мол болатын. Әуезов өз сөзін Нью-Йоркке арнады.Сөз саптауына қарағанда,ол, расында да, қаланың зәулім биік үйлерінің тастан соққан кітабын оқып тұрған ақылды дана іспетті еді. Оның сондағы қалпы сонау бір асық ойнап, асыр салған балалық шақтағы көз жеткісіз көгілдір даладан бүгінгі адамзат мәдениетінің шыңына шығып,ойындағысын ортаға салып  тұрған жанның әлпеті болатын.Біздің американдық жаңа достардыңӘуезов сөзін қаншалықты зор ілтипатпен, ықыластана тыңдағанын көрсеңіздер етті!Бүгінгі өмірдің ұлы кітабының беттерін ауыстыра отырып оның тереңдігі мен ақындық сезімнің қуаттылығына тыңдаушылардың бәрі де қайран қалды. «,-деп Әуезов талантының данышпандық құдіреті мен қуатын бұрынғыдан да бетер танып, тәнті болғандығын сүйсіне баяндайды  («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер».2-бас.Алматы.»Білім»баспасы.2007-288 бет- 214 б).

Шығыстың данасы атанған жазушы М.Әуезов өзінде қалыптасқан дағды бойынша әр күнгі кездесу,мәжілістердің бүтіндей басы-қасында болып, өзге жұрттың жетістігі мен кемшіліктерін де тоқи білді.

Әйтсе де жазушы көп кездесулерде әдебиеттің кең де терең әрі күрделі мәселелері қозғалмай, көбіне қырғи қабақты саяси, жеке мәселелер аясынан шыға алмағандарына көңіл толмаушылық білдіреді. Небәрі 4 адамдан құралған, атап айтсақ, екі орыс совет әдебиетінің өкілдері Леонид Леонов, Степан Щипачев, бір мүшесі Украина жазушылар ұйымының бастығы, белгілі роман жазушы Олесь Гончар және Мұхтар Әуезовке кездесулерде қойылған көп сауалдың бірі-американ жазушыларының совет одағында көп оқылуы мен аударылу мәселесі болатын. Олар Марк Твен, Хемингуэй, Митчел Уилсон, ақындар Роберт Форст, Карл Сендберг, (негр) Ленгстон Хьюз, бүгінгі драматургтер Лилиан Хильмен, Артур Миллер ,т.б шығармаларын тек орыс тілінде емес, өз ана тілдерінде де оқитыны жөнінде жауап алады. Баспа өкілдері, журналистер, жазушылар , Америка оқырмандары 15 республикадан құралған, көп ұлтты, көп тілді туыстас кеңес әдебиетінің көркемдік әлемінен ақпараты жоқтығы, тіпті оған ынта да таныта қоймағандығы, жиі-жиі саяси сауалдарға ойысып кете беретін олқылықтары туралы ойлы толғамдар жасайды, жазушы. Вашингтон мен Нью-Йорктың барлық жағынан бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын, Вашингтонда мұсылман елдерінің елшіліктері мол болғандықтан мешіттердің көптігі, оған әр жұма намазда 17-18-дей мемлекет елшілері мен қызметкерлері келетінін, қаланың өзінде 500-ден аса тұрақты мұсылмандардың тұратынын жүрек жылуымен жазады. Вашингтондағы Конгресс (11 миллион кітап, 21 оқу залы) және әлемге әйгілі Шекспир кітапханасында болғандығын, онда өтінішті небәрі ең ұзағанда 20 минут ішінде орындайтынын айтады. Кітапхананың славян бөлімінде орысша кітаптың 200 мыңнан асатынын, сол кездің өзінде жыл сайын 8 мың кітапты Совет Одағынан алдырып тұратынын да ескерусіз қалдырмайды. Сондай-ақ екі ұлт өкілі бар екенін біліп, Украинадан жылына 500 , Қазақстаннан қазақ кітабынан 50 кітап алатынын айта келіп: «…Осы кітапхана ішінде төрт жазушы біздің төртеуімізге де өз кітаптарымызды конгресс кітапханасындағы бар тізімнен каталог жинап берісті. Менің кітабым орыс, ағылшын тілінде болумен қатар сол менің еңбегім туралы жазылған Кедрина, Айқын Нұрқатов еңбектері де бар»-деп балаша қуанады. Бұл,әрине, жалғыз жазушының ғана емес қазақ елінің үлкен абыройы еді. Екінші бір құрлықтан қазақ кітаптарының  , Мұхтардай ұлы жазушының кітаптары мен ол туралы зерттеулердің  табылуы оны  қалай қуантқанын қазір елестету қиын. Алайда, бұл жақсы жаңалықтың әлі күнге дейін бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатары сөзсіз.   Ал, Шекспир кітапханасы – даңқты драматург дәуіріндегі ең таңдаулы туындылар мен атақты жазушы, ғалымдардың еңбектері жиналған  дүние жүзіндегі ең бай кітапхана саналады екен. Әлемнің әр түкпірінен осы кітапхана қаражатымен келіп, ізденіс жұмыстарын жүргізетін шекспиртанушыларға мұнда барлық жағдай жасалған. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардан бергі Британия тарихына қатысты мол деректер жиналған кітапханада Шекспир оқыған кітаптар тобы бір бөлек болса, оның оқуы мүмкін деген кітаптар бөлек жиналған екен. Шекспир трагедияларына, комедияларына  қатысты бүкіл тарихтық, мұрағаттық, әдеби деректер, тіпті Англияның королевасы Елизаветаның, король Яковтың, Мария Стюарттың құнды құжаттары мен философ Бэконның еңбектері, Макиавелли аудармасы, 1616 жылғы карталар, тіпті Шекспир театрында болған суфлер пайдаланған пьесалар нұсқалары және бір ерекше дәстүр- дүние жүзі театрларында қойылған  Шекспирдің бүкіл қойылымдарының нұсқалары, аудармалары, сценарий мәтіндері, оған салынған декоративті  суреттер, ойнаған актерлердің суреттері мен ойнаған рөлдері, т.б бүкіл тарихи, сахналық, ғылыми, әдеби, т.б деректердің бәрі дерлік өз дәуірінен бастап күні бүгінге дейін жиналып, жүйеленіп, мұқият сақталады екен. Өнерге, ұлы адамға, шығармашылық тұлғаға деген қандай құрмет, оның еңбектерін зерттеу мен насихаттауға деген қамқорлық, талантқа деген тағзым мен тәнтілік тәлім-тағлым аларлықтай .Және бір таңғаларлығы : «Кітапхана ішінде тап ортада атақты Шекспир театрының өзін де қаз-қалпында орнатып, музей етіп қойған. Бұл театрда сахна екі этажды. Шымылдығы да екеу. Әрине, мұндағы айырмасы- Шекспирдің өз театрында төбесі ашық, шатыр болмаған болса, мұнда төбесі жабық, шатырлы. Осы кітапхана мен театр да түгел бір ғана адамның- Фоулджер деген кісінің жеке бас өз қаржысына салынған»,- деп таңданыс білдіреді, жазушы (284 б). Әдебиет пен өнерге өлердей ғашық, өз елінің рухани құндылықтарын ұрпағына ұмытылмастай етіп жеткізуді мансұқтаған Фоулджер сынды ма…..-ң бізде де болғанын аңсаған, армандаған болар . Шекспирдің классикалық шығармаларын қазақшаға тәржімалап, талай сахналық қойылым қойған қазақ драматургиясының қалыптасып, дамуына тікелей дәнекер болған көрнекті драматург, аудармашы, қаламгер Мұхтар Әуезов Шекспирдің «Укрощение строптивой» («Асауға тұсау») деген комедиясының қазақ сахнасында қойылып жүргендігі, ондағы басты рөлдерді үздік ойнаған Совет Одағына танымал атақты өнер жұлдыздары Шәкен Аймановтың СССР халық артисінің, Хадиша Бөкееваның Қазақ ССР халық артискасының үлкен даңққа ие болғанын айтқанда  кітапхана директорының бұл мәліметтердің бәрін міндетті түрде жіберуімді талап етіп қалды»,- дейді (284 б). Алайда, елге оралғасын ой жүзеге асырылды ма, жоқ па ол жағы бізге белгісіз.

М.Әуезовті қызықтырған қаладағы өнер орнының бірі – ұлттық галерея екен. Әлемдегі небір өнер жауһарларының көнесінен бастап бүгінгі жаңашыл дүниелерін де тізіп жинауға мүмкіндігі жететін Америкадағы ұлттық галереяны бір күнде аралауға уақыт жерпейтіндіктен олар тек бір ғана,сурет-живопись бөліміндегі Пикассо, француз шебері Жан Люрса, Матис Маркей, Андре Дерен, Сезан, Ренуар, Моне, Яманэ, Поль Гоген ,т.б және жаңа бір өзгеше үлгіні танытатын мексиканың күшті шебер суретшісі Сальвадор Далидың , т.б тамаша туындыларын тамашалайды. Жазушы С.Далидың «Тайная вечеря» атты діншілдік нанымды бейнелейтін, Ғайсаның екінші тірілуінің символы суреттелетінін, Американың буржуазиялық эстетикасы ұнататын мистика бұл суретте молынан көрінетінін жан-жақты талдап, түсіндіреді . Жазушының жоғарыда баяндаған көргендерінің бәрі көне, тарихи мұралар мен руханият ордасы кітапхана, галереядағы ұлттық құндылықтар мен бүгінгі кино өнеріндегі (өзі көрген Жак Крошительдің «Қырғын Жак» атты  киносынан кейінгі қорытындысы) кереғарлық туралы  ойлары арқылы Американың сол кезеңдегі өмір шындығын ашады.

«Нью-Йорк» атты екінші тараушада көлемі тарлау тас арал Манхеттенге орналасқан 8 миллион халқы бар қалада дүние жүзі бойынша ең биік (20-70 қабатты) үйлер салынғанын, Америка мәдениеті бойынша ірі қалаларды жан-жағында топ-топ кіші қалалар қоршап тұратындығын, солардағы халық санымен есептегенде Нью-Йоркте 14 млн халық тұратындығын, мұндай үлкен қаланың құрылысы мен көшелердің орналасуы да бөлекше болатындығын, барлығы номермен аталатын көшелер есте жақсы сақталуымен қатар өте қарапайым қиылысып, көріктілігімен,           тазалығымен көз тартатындығын тартымды тілмен сүйсіне суреттейді. Совет Одағының саяси-қоғамдық жүйесін мұндағы ең озғын цивилизация мен капиталистік мәдениетпен салыстырып сөз еткен суреткер өз елінің өркениетіне бүйрегі бұратынын әрдайым білдіріп отырады. Және осы сапарының мәнін де осы тұрғыдан талдап, тұжырымдайды. Екі  мемлекет арасындағы бәсекеде іліп алар не бар екен деген сауал төңірегінде толғанған тұлға: « Біз осылардың көбімен ұшырасу, кездесу қалпында істес болдық. Бірақ осы топтың өзі де тіпті бізге деген көңіл, бейілдің өзінде де бір қалыпты емес, капиталистерге қызмет етіп жүрген, өз еңбегімен күн көретін орта буын адамдардың ішінде доспен қатар біздің Отанымызға қастық ойлары жойылмаған жандар да көп. Бізге көп ұшыраған орта буыны американец дегендер кім десек, олар- журналистер, жазушылар, оқымыстылар және әр алуан мамандықтағы дәрігер, оқытушы, университет профессорлары және сол университеттердегі қалың қауым, жас қауым-американ студенттері»,-деп саясаттың салқынын да сыпайылап әдемі жеткізеді, оқырманға (289 б). Алайда, қайда да өнер өкілдеріне тән зиялылықты танытқан әріптестері , әсіресе Совет Одағында болған Альфред Кейзн, «Сатердэй-Ивнинг» журналының редақторы Норман Казинс, жазушы, халықаралық жазушылар ұйымы мен клуб мүшесі миссис Женуэй, қарт ақын Карл Сэндбергтермен т.б болған ең бір бағалы, мәнді мезеттерді өткізгені жайлы жылы әңгімелер айтады. Сонымен бірге  Бродвэйдегі белгілі екі театрда болғанын, Колумбийский университеттің славян филологиясында Совет одағының бірнеше тілдерімен қоса өзбек, азербайжан, армян тілдері де оқылатынын, тіпті «Қазақтың батырлар жырлары және оның өзге эпостармен жалғасы» деген тақырыпта магистрлік, «Өзбек эпосы» туралы докторлық диссертация қорғалғаны қаламгерді қатты қызықтырады. Суреткерді тағы бір толғандырған жәйт –көрген кинолары мен театр қойылымдарындағы мазмұны сұмдық қатыгездік, қан төгу, бұзықтық мәселелердің жас буынды аздыратынын, және олардың театр, кино, сурет, теледидарларда бақылаусыз есепте берілуі ойланарлық жәйт екенін, ал бізде мұндай шектен тыс жауыздыққа жол берілмейтіні, ондай шығармалардың жарыққа шықпайтыны, кино өнімдерінің өндіріске жіберілмейтіні, теледидардан тек жаңа дәуірдің жасампаз ерлігі мен жақсы адамдардың тағдыры, классикалық дүниелердің насихатталатынын мақтанышпен айтады. Шынында да адамды аздырар ондай өнер туындыларына тыйым салу кеңестер одағында жақсы жолға қойылған-ды. Осы бейберекетшіліктің  бала санасына әсерін  жазушы былай әңгімелейді: «..Сахнада бір сұмдық болып жатса, залда отырған балалар мінездері мен қылықтары одан да өткен сұмдық тәрізденді. Бұл балалар толған зал әрбір өлім тұсында шулап, мәз бола күлісіп, қол соғып, аяқтарымен тақтай тепкілеп, өлтірушілінің ісіне қызығып, кәдімгі қоянға тазы итін қосып айтақтатқан аңшылардай болысты.

Барлық өлім оларға киносуреттің тапқызбас қызығындай қызу әсер етті. Ірку, іркілу, қорқу-жирену жоқ, қызығу да қызықтау –жас балаларға бүгінгі Американың көп кино суреттерінің беріп жатқан жан жемі осындай болды да, оны қабылдау жаңағыдай. Және балаларға сол кинодағы жаңағы суретке билет арзандаған бағамен сатылады.

Бұл көргеніміз, мұндағы еріксіз сезгеніміз бүгінгі Американың бүгінгі бар мәдениетінің сыртқы көркі, техникасы, барлығы, байлығы   қатарында, мынадай жас буынды жабайылық, қанқорлық, жыртқыштық бағытта баулығандай сұмдық аңғарылады. Солай болмасқа, ойламасқа шара да жоқ….Оларды жасаушылар арасында үлкен конкуренция-бәсеке де бар. Сондай суреттерді туғызумен үлкен капиталдар құрап жатқан компаниялар да бар. Олар Америкада не жазса да болады, не туғызса да болады, қандай кино жасаса да болады, не туғызса да болады, қандай кино жасаса да бөгет жоқ, цензура жоқ деген сымақтарды сылтау, арқа тіреу етеді. Сөйтіп, жас буынды жаман, сұмдық, бұзықтық, жыртқыштыққа көзін үйретіп, көңілін көндіріп, әдейілеп бастай баулиды.  Міне, америка көркемөнері аталатын әлемнің ішінен осындай да өнер болмыстың пішінін көрдік» (297 б).

Енді бірде керісінше білім беру жүйесіндегі жаңалықтар жөнінде, ондағы ғылым дәрежелері-бакалавр, магистр, доктор екендігін, профессорлықтың өзі 3 сатыдан тұратынын, толық профессор атану үшін                               кітап, еңбектер шығару керектігі, және ол үш сатылық дәреженің әрбір 4 жылда ауысып отыратын жақсы нышандары бар екендігі айтылады.Және университеттегі (Колумбийский, Лос –Анжелос, Бостон (Гадвард) т.б) славян бөлімдерінің студенттерінің өзіне совет одағы әдебиетінің тарихы дұрыс берілгенімен соңғы кеңес дәуіріндегі әдебиет тарихы, оның зерттелуі, т.б туралы дұрыс ақпараттар берілмейтіндігі, жүйелі түрде дұрыс дәріс оқылмайтындығы туралы айтады. Оның себептерін: «Оларға совет жазушыларының шығармалары ұдайы біріне-бірі ұқсас және тек соғыс пен колхозды ғана айтатын сұрқай, бірыңғай іш пістырар әдебиет деп танылатын көрінеді. Әрине, бұл жаулық тілмен баяндалатын өте қияс, теріс мінездемелер біздің әдебиет өрнектерін танытуға көмекші емес, кедергі. кепіл емес, кесір, совет әдебиетінің Америка оқушысына жету жолындағы кедергі, кесірдің үлкені»,-деп түсіндіреді  (299 б).

Сондай-ақ мұндай қаскөй көзқарас идеология жағын билейтін баспа, ғылым, зерттеу орындарына да тән әдіс екендігін, совет мәдениетін, әдебиетін оқыту, насихаттау, оларға дұрыс баға берудің жоқтығы, т.б аңғарылғандығын айтады. Ондағы оқу жүйесіндегі олқылық ретінде «Нью-Йорк таймс» газетінің 26 февральда шыққан Солсбери Харисон жазған мақаладағы сорақылықтар, атап айтсақ, студенттер үшін (50-500 долларға дейін) емтихан тапсыратын жалдамалы адамдар болатыны, жас ғалымдар үшін (3мың долларға) диссертация жазатын, қорғайтын топтардың барлығы анықталғанын, бірнеше нақты мысалдар келтіре отырып дәлелденгені сөз болады. Осылардың бәрін тізіп келіп: «Әрине, бар университет тәрбиесі бұл емес те,..бірақ сонымен қатар Америка жоғары дәрежелі оқу орындары мен ғылым ордаларында кейде осындай да сорақы мінездер сойдия, жарыққа шыға жүретіні бар көрінеді»,-деп өткір сынмен түйреп өтеді (301 б).

Сондай-ақ баспагерлердің біздің әдебиетті аударып, басуға ынтазар еместігін «американ оқушысы совет әдебиетінің ірі шығармаларын оқудан қажиды. Себебі ол   әдебиетте колхоз өмірі мен соғыс жайы ұдайы бірыңғай ғана жазылады-мыс» ,-деген сылтау айтылады дейді (305 б). Жазушы Америкада Шолоховтың екі романы-«Тынық Дон», «Көтерілген тың» аударылғалы жатқанын, оны ел ынтыға оқитынына сенеді. Өйткені, адамзат көркем өнер қазынасына қымбат қасиет қоса алатын осындай көркем туындыны танып бағаламауға шарасы жоқ деген пікір айтады. Оған мысал ретінде өзінің 1957 жылы Жапонияға барғанда бір энергетик-инженердің Шолоховтың «Тынық Дон» романын оқу арқылы ірі көлемді роман оқуға деген ынтасын тудырғаны жөніндегі сөзін келтіріп, көлемді шығармадағы тереңдікті, кең ауқымды эпикалық стилдің қадірін түсіндіреді. Өзінің «Жиырма бірінші клуб» деп аталатын  орындағы кездесудегі сөзінде бүгінгі американ поэзиясындағы өлең жолы бір алуандығын, бір жолы ұзын, бір жолы қысқа болып келетін, ұйқас қуаламай, ырғақ ыңғайымен жазылатынын айта келіп, оған ақынша айрықша теңеу тапқанын әңгімелейді: «Сондағы айтқаным: менің көзіме тастан салынған небоскребтардан құралған қала сипаты бейнебір Манхеттен аралының аспанына таспен жазылған поэма боп көрінеді. Ол поэманың әрбір жолы-әрбір небоскреб (зәулім тас үй). Сонда американ өлеңі бір жолы ұзын, бір жолы қысқа болғанындай, небоскребтардың да біреуі ұзын, біреуі қысқа. Және сол жолдардың ішіндегі ең ұзын, ең мазмұнды жол-жүз екі этажды Импаэйр Стэйт Билдинг. Ол поэманың бұл жолын дүние жүзі біледі халқының бәрі біледі, бәрінің де жадында деген едім» ,-дейді (306 б). Кейін осы жөнінде С.Щипачев «Нью-Йорк» деген өлең арнап «Правда» газетіне жариялағаны жөнінде ақпарат береді. Бұл өлең ұлы жазушының 100 жылдық мерей тойына шашу ретінде сол жылғы «Жұлдыз» журналының (1977) №9 санында Ж.Үмбетовтің аудармасымен беріледі:

«Нью-Йорк»

Тұр көк тіреп зәулім үйлер жүз жанар,

Құдіретті-ау қайран адам қолдары.

Тасқа айналған өлеңнің бір-бізге олар

Сияқтанды іркес-тіркес жолдары….»-деп келетін үш шумақ жыр сол мезетте суырып салып айтылған , жөнделмеген күйі баспасөзде жарияланып, ұлы жазушыға тарту етіледі. Мұнда ұлы достықтың, шынайы шығармашылық қатынастың жақсы белгісіндей жүректен шыққан шуақ сезіледі.  1960 жылы жазылған «Америка сапары» (Жолжазбалар). Мұхтар Әуезов.1960» деген жазбалар соның куәсі. Америка Құрама Штатына  1960 жылдың ақпанында Степан Петрович  Щипачев жетекшілік еткен делегация құрамында Леонид Леонов, Олесь Гончарлармен бірге АҚШ-қа ұшады. 38-інші томдағы «Америка әсерлері» атты очеркке жазылған мұрағаттанушы, мұхтартанушы ғалым Талат Әкімнің ғылыми түсініктемесінде  жазушының қандай сапарға барса да алдын-ала қызу дайындық жасайтыны жөнінде айта келіп: «…Осы ниет, мақсатпен ең алғаш оқығандарының бірі – Үлкен Совет Энциклопедиясының» 39-томындағы көлемді мақала. Мақаланы қиып алып, оны сызып, әртүрлі белгілерін қоя отырып мұқият оқыған. Сондағы білмекке ұмтылдырғаны осы бір алып елдің шаруашылығы, өндірісі, жағрафиялық ерекшеліктері, табиғаты, адам қолымен жасалған құндылықтары, түрлі-түрлі саяси, әлеуметтік ағымдары, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, ғылымы, өнері, философиясы еді. Осылардың ішінде әдебиетіне деген ықыласының айрықша екендігі көрінді. Бұндағы шығармашылығы ХҮІІ ғасырдан бастау алатын Дж.Смит, Дж.Уинтроп, У.Бредфорт, В.Франклин, Т.Пэн, Т.Джеффрсон, Ф.Френо, Дж.Барлод, Т.Дуайт, Ф.Купер, У.Уитмен, Ф.Брет-Гарт, М.Твен, Т.Драйзер, Э.Колдуэлл, Э.Синклер, Т.Уаилдер, Э.Хемингуэй сияқтылар әдебиеттің ірі өкілдері саналады»,-делінген (402 б). Америка жазушыларының шығармаларымен жақсы таныс М.Әуезов сол елдегі сұхбаттарда да осы есімдерді атап, олардың шығармаларының тек орыс тілде ғана одақтас республика тілдерінде де аудармалары бар екенін, совет одағының оқырмандарын оқитынын мақтанышпен айтатыны бар.

«16// 11. Бүгін таңертең, сағат тоғызда «Москва» гостиницасынан мені жолға шығарып салуға достар келді. Зоя, Абель, Ахмет, Жұмағали және түннен қасымда қонып шыққан Мұратым» дейді (М.Ә.Шығармаларының елу томдық  толық жинағы. 38-том. Алматы: «Жібек жолы» 2009.-408 б. 191 б). Жазушының ұлы Мұрат Мұхтарұлы осы кезде Мәскеуде оқитын. Әкесінің ұлын қаншалықты сүйетіндігі, әкелік махаббаты «Мұратым» деген бір сөзден-ақ сезіліп жібектей есіп тұр емес пе? Москвадан сағат 11-де «ТУ»-мен ұшып, 2 сағаттан соң Копенгагенге ұштық.

Ұшқан жолаушылардың жолбойы және бастары қосылып шерткен сырлары, әдемі әңгімелері, көптен көрмей осындай ұзақ жолда емін-еркін сұхбаттасып, жол қысқарту үшін айтылатын жеңіл-желпі қалжыңдарға (анекдот) ерік берулері сөз болады. Әсіресе әңгімешіл Леоновтың Хаитов пен Тудерманның қызық жайларға душар болған оқиғалары туралы айтқан қалжыңдарын жазушы қысқартып баяндап қана өтеді. Ал, бұл күнделіктегі әңгімелерге очеркте кеңінен орын берілмеген, тек ресми сапар жөніндегі ірі мемлекеттің ресми өкілі, оның идеологы, қазақ ұлтының ары мен абыройы тұрғысынан ғана тіл қатады. Осындай жауапты іс-сапарға үлкен дайындықпен шығып, алда талай сын сағаттар, ресми қабылдаулар, әдеби, мәдени, саяси сипаттағы диалогтар күтіп тұрса да жазушы өз машығы бойынша  қолы қалт еткенде оқитын іктабын бұл жолы да ұмытпапты. Ол: «Түнге оқуға бір қырғыз әңгімесін алдым. Ең алғаш шыққан проза жазушы қырғыз әйелі Айым болғандықтан, соның әңгімесін оқуды мақсат тұттым»,- дейді (192 б). Жазушы 20 жасынан бері Манасты оқып, зерттеп, көрші әрі туысқан қырғыз елінің жанын терең түсініп, әдебиетін де үнемі бақылауға алғаннан кейін бе, ондағы жылт еткен әрбір жақсы жаңалыққа қуанып, хабардар болып отыруды әдет еткен. Соның бір айғағы да осы, қыздардан шыққан алғашқы қаламгердің қадамын байқауды мақсат еткенін білдіреді. Рухани құндылықтардың бүкіл адамзатқа ортақ екендігін, оны ұлт пен ұлысқа бөлуге болмайтынын түсініп, түсіндіру , ол үшін осындай халықаралық достық қарым-қатынасты нығайтып, әдеби, мәдени, рухани байланыстарды барынша жақсарту- М.Әуезов мүше болып енген ресми топ өкілдерінің бұл сапарының басты міндеті болып табылады. Әлемдегі екі ұлы мемлекеттің саяси-идеология майданының қызметкерлерінің мойнына «елдестірмек –елшіден» дегендей үлкен абыройлы міндеттер, асқан жауапкершілік жүктелген-ді. Сондықтан да бұл сапардың салмағы ауыр-тын. Ал, жазушы жолжазбасында эпистолярлық жанрға тән  жол бойғы көргендері мен есте сақтау үшін кездесулердегі естігендерін мүмкіндігінше сол қалпында қағазға түсіруге тырысқаны байқалады. Өйткені, бір-біріне саяси бет алысы бөтен, іштей бәсекедегі мемлекеттердің басты идеологтары- журналистер мен баспагерлер, зиялы қауымдарының майданы алғашқы күнгі кездесуде-ақ өз кейпін көрсетіп, сесін байқатып алады. Ол күнгі сұхбатты жазушы сол қалпында диалог түрінде қағазға түсіріпті. Оқып көрелік: «19/ІІ.   Таңертең. Пресс-конференция. 15 журналист, үшеуі әйел, біреуі ғалым. Орта Азия мәдениетін зерттейді. Бізді өз кісісі таныс етті. Ең алдымен Щипачев бізді таныстырды.

…Бастық: 6-сұрақ: Ең жақсы жазушы кім?

Леонов: Ең жақсы біз десек, сіздер сенбейсіздер ғой (күлдірді).

-Тарих елемейді, біз өлген соң елейді-көңіліңіз қалады.

-Кітап біраз жерде жата тұру да керек.»,-(194 б). Әзілде шындықтың үлесі бар екені белгілі. Шынында мұндай жауапты сапарға сайдың тасындай іріктелген, әр ел мен ұлттың ұяты мен арына айналған айтулы тұлғаларын, одақ көлемінде мойындалған танымал таланттарды ғана жіберуі табиғи заңдылық емес пе? Қарапайым сауалына қитұрқы астар қиыстырған журналистке Леоновтың тапқыр сөзі тосқауыл болды әрі өте әділ де өткір ойлы жауап болды. Шығармашылық ортада қай кезеңде де қай ұлтта да бар бәсеке бақталастан бағы жанбай бақиға кететін бір туар тұлғалардың әлемдік тарихи тәжірибеде дәлелденгеніндей, өлген соң еленетіні ешкімге жаңалық емес. Леоновтың сөзіндегі «алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген ащы шындығын кезінде Ж.Аймауытов та М.Жұмабаев туралы мақаласында жан айғайымен жалындап жазып еді.Леоновтың жазушылық та кісілік те қасиеті оқырман алдында осы бір ауыз сөзімен-ақ ойда қалып, қайраткерлік образы сомдалды. М.Әуезовтің әрбір сөзді қалт жібермей жіті бақылайтын машығы мұнда да өз міндетін мінсіз атқарған. Сөз бен сөз иесінің әрбір демін, денесінің қимыл-әрекетін, даусының интонациялық сезім толқынын дәл танитын қырағы қаламгерлігі жолжазбаның әрбір жолынан да танылып отырады. Көргені мен естігенін ескерусіз қалдырмай тіпті ұсақ-түйегіне дейін қырағылықпен бақылап, қағазға түсіріп отыруы оның кәсіби дағды-әдеті де. Дегенмен, қазір түртіп алсам кейін асықпай ойланып-толғанып, өз ойымды қосып түсірермін деген ойдан да алыс алғыр жазушы қанша жол жүріп, өз жасына да қарамай шаршаса да шалағай жазып, шимайламайды екен, қағазды. Тап бір машинкаға басылғандай анық сұлу қолтаңбасымен  шығармасының шырайын келтіріп түпкілікті жазып отырғандай сөйлемдерін де толық түсіруге тырысады. Сондықтан да болар ұлы жазушының жолжазбалары мен сапарнамалары көп өзгеріске түспей, кейбір беттері мен абзацтары сол қалпында очерктерде ойып тұрып орын алған. Мәселен «Америка сапары» жолжазбасындағы Шекспир кітапханасы мен Капитолийдегі сенат мәжілісіне қатысты құнды деректер түскен дәптер беттері «Америка әсерлері» атты очеркте де тап солай берілген. Көп өңдеу мен өзгеріс  те байқала қоймайды. Жолжазбадағы санмен цифрланған тезис түріндегі  деректерге очеркте ойлы сөйлемдер қосылып, кеңінен баяндалады.   Жазушы өзінің жеке күн тәртібін беруді ұмыт қалдырмайды, күні бойғы жауапкершілігі жоғары кездесулер мен тоқтаусыз жол жүруден шаршаса да : «Түнде тек алма мен банан жеп, жуст немесе кока-кола мұзды су ішем. Саулық күйге аса жайлы» ,-деуі қанағатты қолдап, өзіне деген адами сыйды танытады  (197 б).

Кейде очеркте орын алмаған жақсы ойлардың жолжазбада қалып қойғандары да бар. Мәселен, 20 ақпандағы кеште 82 жастағы қарт ақын шал Карл Сэндбергпен бірге болғанын, ол өз өмірін баяндап бергендегі көрген қиыншылықтарын М.Әуезов Джек Лондонның өмірімен сабақтастырып айтатын жері бар. Бұл эпизод очеркте де тап осылай баяндалады. Бірақ онда жазушы асығыстау болды ма, әлде бәрін түгелдей баяндау міндетті емес деп шешті ме екен, әйтеуір, қарт ақынмен «..жеке арнай ұшырасып, аса бір бағалы сәттер өткіздік» деген сөйлеммен қысқа ғана қайырыпты (171 б). Жалпы «Америка әсерлерінің» диктовкамен асығыс жазылғанын, және аяқталмай көп көркем ойлары жолжазбада қалып қойғанын ескерсек, ондағы оқырманға ой салар деген ойлары мен дерек көздерін толығырақ келтіре кетуді жөн санаймыз. Жолжазбадағы қара шрифпен көрсетіп, «Карл Сэндберг қартқа ұшырасу» дег тақырып қойып бір беттен асыра жазуы бұл кездесудің жазуға жақсы әсер қалдырғанын көрсетеді. Сондықтан  бұл факт жазушының рухани іздеушілерінің де көңілінен таса болмауы тиіс деп ойлаймыз. Өзі жақсы білетін әрі шығармасын қазақ тіліне аударып жүрген жазушысы Джек Лондонның тағдыры туралы қарт ақынның әңгімесін толық жазып алуға тырысқан: «Өзі Джек Лондон сияқты- өмірі соған келеді. Менің көзіме Дж.Лондонның қартайып келген тұс-қалпы көрінгендей. Дж.Лондон 42 жаста өлген. Ішкілік жеңді, көп жасағысы келмеді, әдейі уланып өтті дейді. Бұл шын дос.» (201 б). Міне, бұл жолдар очеркте жоқ. Сондай-ақ, мына жолдарды да кеңейтіп жазуға жазушының алтын уақыты жете қоймады, әйтпесе оқырманына көп ой салар бейнелі ойлар баршылық: «Бұндай зор әлем -жалпы адамзат тарихының техникалы, ғылымды, өнерлі іздену- жеңістерінің балғын ескерткіші, мәңгіге қалатын тозбас тастан соғылған, аспанға жазылған, іргесі тасқа қазылған жартас поэма дер едім.

Әрине біреулерге Нью-Йорк қатты ұнаса, көп жандарға тіпті америка өз халқының талайына қатты ұнамайтын ең даулы қала. Мен өзіме еткен әсерін айттым.

Есіме дүниелік үлкеннен, ұлыдан, адамзат қуанарлық ұлыдан ұлалар түседі. Адамда Ленин, ғылымда ракеталарымыз, сөз өнерінде «Манас» (Манасты қалай құрметтеген десеңізші, қазақ жырларын емес оны атаған, неге, себеп, ойланарлық жәйт екен), алып қол өнерінде Нью-Йорк деуге болады.

Ой қуатын айтқанда, Э.Хемингуэйдің «Старик и моредагі» шалы. Бізде Коненковтың өз портреті- екеуі де шал, кеудедегі жалынды жап-жалпы адамзат жаны, рухы неге құдіреті жетерлік, түп жоқ қажыр-қуат, қанатты, шабытты қуат иесі екенін танытады. Бұндай жайлар: биік асқарлардың бастарындай-жолдағы қатпар-жоталардан қарлы мұз мәңгілерден көп-көп жолдағы әр саты орта таулар, сеңгірлерден аса-аса бір-біріне атой берісіп тұрған асқарлардай жайлар дер едім»,- деп шабыттана жазады (202 б). Жолжазбада әр күн белгіленіп, ол күнгі күн тәртібіндегі кездесулер, ондағы болған жайлардың бәрі егжей-тегжейлі ерінбей қағазға түссе, очеркте олар бөлшектенбей тек екі тарауға, яғни «Вашингтон» мен «Нью-Йорк»деп алынып, сол қалалардағы болған жәйттер жалпылама ортақ бір мақсатқа, сапардың міндеті не деген сауал төңірегіне топтастырылып, ой өрбітеді. Кейде жазушының болған оқиға мен кездесулердегі сұхбаттарға байланысты жеке пікірлері жолжазбада ғана қалып қояды. Алыс сапарларда байқалатын кейбір кірбіңжілдер мен сыртта жүргенде байқалатын адамның жұмбақ әлемі жайындағы ойларын да очеркке енгізбеген сыңайлы. Мәселен, Колумбия университетіндегі студенттермен кездесулеріндегі Леоновтың өзін нашар ұстауы, Белинскийдің Гогольге хатын сынауы, Щипачевтің ренжіп, залды тастап кетуін айта келіп: «..Өте бестактный мінез, осындай ұшырасу көптің ұшырасуы емес. Өзінің бір кітабы жөнінде бір ғана аумақ сұрақ бергенге елігіп қайда отырғандығын, неге бас қосқандығын ұмытып, эмпирик мылжың сөз, мінездемеге кетті. Мен пропагандист емеспін, қайта мені Одақта еретик деп біледі деп, өзін нашар түрде бар Одақтан бөлшектей сөйледі»,-деп өзінің сыни пікірін білдіріп, өзіне бәсекелес әрі сын көзқараспен қарайтын елге сыр алдырып қойған әріптестеріне деген ренішін осылай бірде орысша ,бірде қазақша сөзбен айтып біраз сыбап та алады (205 б). Одан әрі өзі туралы да тура сөзді айтады: «2) Бұл күн бір ерекше оқиғасы пен-клубтағы ұшырасу болды. Мені көп жазушылар қамап алып, көп сұрақтар берді. Көп-көп әңгімелестік  (Шіркін соның бәрі қағазға түскенде әдебиет туралы қаншама құнды мәліметтерге кезігер едік). Бір үлкен қартаң жазушы менімен әңгімеден кейін: «90 пайыз қанағаттандым, әңгімеңізге»- деді. Осында негр жазушысы Ленгстон Хьюз да болды. Ол Союзда болған, жақсы әңгімелестік. Жазушылар көп, ірі сыншылар көп. Үлкен газеттердің сын бөлімдерінің ірі бастықтары болды. Бәріміз де көп, жақсы әңгімелестік»,- деп аса ризашылықпен, шығармашылық қуат ала қуана баяндайды (205 б). Сондай-ақ 50-60 мемлекетте бар пен-клубтың мұнда да бар екендігін, оларда тек әдебиеттің өзінің ғана мәселелері көтерілетінін, ондағы бір кездесуде  біздің әдебиетте психология бар ма деген сұрақ болғандығын, әдебиет, адам жаны, сезімдері қозғалар жерде психологиясыз болудың мүмкін еместігін сөз етсе, енді бір сауалда саяси репрессияға ұшыраған жазушылардың тағдыры мен шығармашылығы, жазалануы (осы ретте Борис Пастернакқа байланысты әр жерде көп сауалдар қойылған. Тіпті бір капиталист оның шығармасын 1 миллион тиражбен шығарған екен) ,т.б жайлы сауалдардың көп болғандығын айтады. Бұл факт-бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылықтардың қайда да қадірлі, қызықты екендігін, оның шекарасы мен ұлты болмайтынын дәлелдесе керек. Осы реттегі ойын бір баяндамасында : «..Все, что составляет наилучшие достижения современного человечества  в середине двадцатого столетия как воплощение передовой цивилизации, как мирное творческое создания ума, познания, умения людей, народов нашего века, бескорыстно одобряется народами всего мира, простым человеком земли..»,-деп түйіндейді  (М.Әуезов.Шығармаларының елу томдық толық жинағы.Алматы: «Жібек жолы».2011-456 бет-35 б).

Жолжазбада жазушының әрбір күнгі күн тәртібі тізбектеліп түгел түскен және олардың әрқайсысына деген өзінің көзқарасы бар. Кітапхана, ЖОО, шақырылған мемлекеттік мекемелер, ауруханалар, жеке адамдардың үйлері, тұрмыстары, олардың үйлерінің қандай құрылыс материалдарынан бастап, бөлмелерінің тазалығы мен ұқыптылығына дейін, жалақылары, кіріс-шығыс мәселелері, қарсы алған адамдардың қас қабағынан бастап, қонақ күту, сөйлеу,т.б секілді әрбір деталына дейін сол сәтте қағазға түсірілуі тек суреткерлік кәсіби машығы ғана емес, өзге өңірден келген басқа құрлық адамының аса қызығушылығынан туған ынта-талап та болса керек. Оған асқан ыждаһаттылық пен табандылық , тынымсыз еңбек те керек. Жазуға жағдай таңдамайтын жазушы көлікте де, ұшақта да, поезда да жаза берген. Өзі де : «машинада отырып жазып келемін, сілкінбейді»,-деп олардың  жолдары мен көліктерінің жоғары сапасына сүйсінгенін жасырмайды да (213 б).

«Мұхтар Әуезов.1) г.Фресно (Калифорния). отель (9) аты «Насиенда». 2) Лос-Анджелес.»Чайман парк» (532).3)Феникс, отель «Весвард Хо» (на западе) (812). Осы қалаларда болғанда байқаған жақсы бір дәстүр жер сілкінісі жиі болатындықтан бір-екі қабаттан аспайтын үйлер, халық көбіне қала шетінде тұратынын, және қалада кедей болмайтынын, ең нашар дегенінің өзінде жеке машина болатынын, үйлері жалдамалы болатынын, бірақ үнемі мемлекеттен көмек алып тұратыны, мектептен бастап барлық ЖОО-да оқу тегін екендігі, қалада қанша мектеп, қанша өніріс орындары бар , оларда кімдер, қалай жұмыс істейтіндігі, тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, олардың демалыс орындары, қандай жеміс-жидектер, ағаштар, т.б өсетіні, дүкендерінің сатушысыз жұмыс істейтіндігі, азық-түлік алатын адам керегін алып арнаулы арбамен алып, шығарда ғана кассирге төлейтінін, киноны машина ішінде ғана көретінін, айтып, бізде жоқ қызықты жайларды жазады. Калифорнияның ұлттық паркіндегі хайуанаттар мен ағаштардың түр түрі туралы толық мәліметтер берілген. Жазушы, студент, ғалымдармен кездесулерде : «жазушы міндетіне қалай қарайсыздар, америка жазушыларынан айырмаларыңыз неде, не туралы жазу қалай бағаланады, индувидуумның орны сіздің жазушыларыныз үшін қандайлық» деген сауалдар болғандығын, «Абай жолы» романын оқыған бір әйелдің «Чудесная книга» деп баға бергеніне көңілі марқайғанын, сол күні Уилкстан хат алып, оның «Көксеректі» баспадан шығаратынын, 300 долларға чек жібергенін , өзінен Абай жайын сұрағанын айта келіп: « …-мен Жамбыл жөнін де айттым»,- дейді (228 б). Жазушының жолжазбасын оқып отырып, тап бір сол жерде өзің де бірге жүргендей, әлгі әңгімені өз көзіңмен көргендей әсерде боласың. Өйткені, ол жердің ауасынан бастап, жеп отырған дәмнің исіне дейін сезіп, дәмін татып отырғандай боласың. Атақты Том Сойер атындағы аралда болып, М.Твен атындағы кемеде жүзгендей де боласың, бірде. Диснейлендте болғанда американың атақты драматургы Артур Мюллер мен оның әйелі атақты киножұлдызы Мерилин Монроның үйінде қонақта болғанын, оның қазақ театры туралы түсінігі бар екендігін, Алматыда болғанын, ұлттық театрдың жағдайына байланысты көптеген сұрақтар қойғанын, өзінің жауап беріп, жақсы сұхбаттасқанын, Хемингуэйдің неге қадірлі екендігін сұрағанда Леоновтың индивидуальный, субьективный, формалистический жауап бергенін, керісінше оның соғысқа қарсылығын, жалпы адам үшін оптимизмі зор жазушы екендігін айта алмады деп айып тағады (230 б). Колорадо өзенінің жағалауында тұратын индеецтердің өмірімен танысқанын айта келіп, өзінің қарапайым пенде ретіндегі сезімін береді: «Индеецтер зергерлері істейтін күміс, ағаш, былғары заттардың магазинінде болдық. Аса жақсы білезіктер бар. 15 долларға бирюза орнатқан әдемі жүзік алдым. Үйге аман-есен жетіп, Валя көріп күлгенше киемін. Ол мақұлдаса, қолымда жүре берсін, мақұлдамаса, өзі алып қолына салсын дедім жолдастарға» (231 б). Осы шағын штрихта ұлы адамның жұбайын соншалықты сыйлап, пікірімен санасатынын, өзінің бирюзаға көңілі бұратынын байқаймыз. Қай елде жүрсе де сол елдің символын танытатын естелік сыйлықтар алу кез-келген адамның әдеті емес пе?. 1918 жылы ашылған Каньонға жылына 1 млн 200 мың адам келетінін, мұндағы құрғақ, қарағайлы ауаның адам денсаулығына жақсы әсері де естен шықпаған. Ал, 250 мыңнан аса халқы бар Феникс штаты негізінен ауыл шаруашылығымен, әсіресе мақта мен жүгері егумен айналысады екен. Қаланың сұлулығымен тазалығына тәнті болған суреткер: «Бұнда да америкада бар жерде сондай адам жағдайы. Қызметкер, байлар да лыпып тұрады. Бір үлгімен пішкендей біркелкі жанға жайлы өмір. Бұнысына, цивилизациялық, жалпы адамдық жайлы жағдайына еріксіз сүйсінесің. Ол жағынан қарағанда, бұнда, Америкада қала мен деревня айырмасы жағы былай тұрсын, тіпті столица мен провинция деген, орталық пен аудан деген арасындағы айырмыс мүлде жойылған»,-деген таңданысын жасырмайды.Жазушы осында 1939 жылы келіп, 59 жасында қайтыс болған американың ең атақты архитекторы Франк Ллойд Райтпен танысады, оның мұнда тек жаңа стильмен жұмыс істеп, оқытатын архитектор мектебі бар екен. Ол жер сілкінісіне бой бермейтін Жапонияда биік үй салған екен. Әлемнің әр түкпірінен оның атағын естіп келіп   осында оқитын студенттер үйді өздері салады екен, ішіндегі мебелді де ,тоқу (кілем), ағаш ісмерлігі, тас өнері ,т.б студенттер өз чертежі бойынша құрастырады. Тіпті тамақты да студенттер өздері жасайды. Райттың жобасы бойынша Гавайский аралдың зәулім бір сарайы, Сан-Францискодағы өкімет үйінің ештеңеге ұқсамайтындығы айтылып, аңызға айналған жастар мекені жайлы Лаотценің сөзінен сілтеме келтіреді: «Эффективность здания зависит не от стен или потолка, но от пространства, которое внутри, где надо жить» (236 б). Ұлгі аларлық-ақ тәжірибе екен. Қолдау білдіретін қоғам болса.

«Мұхтар Әуезов.1960, март (9.ІІІ). 1) Феникс, «Вествард Хо» (на западе) (812).

2).Вашингтон. «Стэтлер» (847). 3) Бостон, «Шератон плаза! (аса жақсы) отель (478). 4) Нью-Йорк парк, «Шератон плаза» отель (767).

Феникстен Вашингтонға наурыз айының 9-на ұшып келген жолаушылар –Леонов, Гончар, М.Әуезов сапардан алған әсерлерін айтып, ойларын түйіндейді. «Екі халық арасын жақындату үшін көп жан көп жақсы, дұрыс, өнімді әрекет ету керек. Біріне бірін дұрыс, кең әділ танытуға талаптану керек»,-деген қорытындыға келеді (242 б).   «Есте болсын», «есте боларлық жайлар» деген сөздерді жиі қолданып, кейін соған кеңірек тоқталуды ойлайтын болу керек. Вашингтонға қонар сәтінде самолетте бір жайсыз жағдай болып, Филадельфияға қонамыз деп, кейін стюардессалар тыныштандырып, қайтадан Вашингтонға қонамыз, деп қаланы бірнеше рет айналып қонғанда жазушы «Есте болсын» деп жазыпты. Не ойлағанын кім білсін, әйтеуір аман қонғандарына қуанып, ұшаққа ұшарда ендігәрі есте болып жүрсін бұл оқиға дегісі келді ме екен?

Осы жолжазбада тағы бір кеңінен тоқталатын жай-М.Әуезовтің көңілі толған телевидениедегі пікірталас, сұхбат. Совет Одағынан келген өкілдерді  Американың 45 станциясы көретін сан миллиондаған көрермені бар Питтсбург компаниясы телевидениесі шақырып, сыншы, атақты журналист, Бостондағы үлкен журналдың редакторы Уикс жүргізген. Елге келген соң да журнал редакторы, сыншы, Бостон қаласының тұрғыны Уикспен шығармашылық байланысын үзбеген.Оған Уикс жетекшілік ететін журналға оның өтініші бойынша «Слушая Гомеров нашего времени» – қырғыз халқының «Манас» эпосын айтушылары туралы мақала» деген еңбегін  жолдаған хаты куә: «М.Ауэзов-м-р Уиксу   №155    3 апреля 1960 г.

Глубокоуважаемый м-р Уикс!

Из всех многочисленных встреч наших с людми США одной из самых памятных, содержательных и интересных была встреча с Вами.

Все члены нашей делегации уехали из Бостона с искренним чувством признательности Вам за Ваше добродушие, гостоприимство и самое главное, за Ваше желание и стремление к созданию добрых отношений между писателями и всеми людьми доброй воли, наших двух стран.

Я надеюсь об этом поведать полнее в своих очерках в дальнейшем.

Сейчас, исполняя Вашу просьбу написать немного об эпосе народов нашей страны, я посылаю статейку под условным заголовком «Слушая Гомеров нашего времени». Я бы был бы очень рад, если бы эта статья ответила требованиям вашей редакции.

Одновременно я продолжаю верить и надеяться на то, что «Серый лютый» выйдет в «Атлантик» в должной художественной форме.  С приветом-Мухтар Ауэзов.» (50 том.370 б).

Хат мазмұнынан белгілі болғандай М.Әуезов пен өзге де топ мүшелерінің ондағы ыстық ықыласты қабылдауларға риза болғандығы, сол сәттің өзінде-ақ екі ел әдебиеті арасындағы біраз шығармашылық байланыстың бекіп, орныққаны айқындалады.

Жазушы сапарнамасында осы кездесулердегі көптеген жәйттерге сын көзбен қарап, орынды баға бергені белгілі. Щипачев пен Леоновтың теледидардан тайсақтап, кең көсіліп сөйлей алмағанына кейіген кемеңгер жазушы өзіне берілген 8 минутта фольклор мен «Абай жолы» романы жөніндегі сауалға сауатты жауп бергенін, қай халықтың қазіргі әдебиетінің алдында бай фольклоры болатынын, ол дәстүрді білмей жаңа әдебиеттің болмайтынын, соны меңгерудің нәтижесінде өмірге келген 4 томдық «Абайды» 15 жыл жазғанын, оның 26 тілде шыққанын, Парижде Луи Арагон аударғанын, кейін «Манасты», 25 конгрестің жайы ,т.б туралы 6 минуттан аса уақытта толық әрі жан-жақты мәлімет бергенін қуанышпен айтады: «Жалпы екі рет мен сөйледім, азырақ Щипачев сөйледі, тағы да ортаға шықты. Менің екінші сөзім де ұзақ, салмақты шықты десті. Жұрт жақсы бағалады. Бұл жазу ең үлкен мәнді жазу еді. Тек осы үшін ғана келуге болушы еді. Оның аса жақсы өткеніне қуанамыз. Көлденең қарап тұрған американ кісілері бізге қалжыңдап, сіздердің әрі жақсы киноартистер екеніңізді жаңа таныдық деп әзілдеді» (244 б). Шығармашылық тұлға үшін өзінің еңбегінің бағаланып, насихатталып жатқанынан артық қандай бақыт бар дейсіз. «Ертөстіктегі» Ерназардың»тоғыз балам бір төбе, ертөстігім бір төбе» дегеніндей М.Әуезов үшін Америкадағы отыз күннен осы  бір күннің орны  бөлек болғаны осы жолдардан белгілі.12 мартта қолдары бос болып, кино көргендерін оның теріс тәрбие беретінін қатты сынға алады. 13 мартта Уикстың Американың ең атақты романисі Джон Маркингпен таныстыруы, оның «Вашингтон» деген кітабын 1 млн.300 мың тиражбен таратылғанын, өзі арнайы пьеса жазбаса да романын пьесаға аударуға араласқанын, Әуезовтің соңғы 5 жыл ішіндегі ең жақсы пьесаны атасаңыз деген сауалына Оноллдің «Путешествие в ночь» дегенін атауы, бұл есімді осымен 2-ші рет естігенін айтады.Уикстің осы жолы айтатын ой, ұсыныс, пікірлерің болса жазып , айтып кетіңдер деген өтінішіне орай көп ұлтты елдер әдебиетін көбейту үшін аударма мәселесін жолға қою,сонда олардың классикасы, эпосы жаңа Гайаваталар берер еді.Азияны Америка жағасынан  ашу,жаңа Американы ашқанмен бірдей американдықтар үшін деген жақсы ой, тың пікір айтады (246 б).

Қай жерде жүрсе де табиғатын терең танып, жергілікті жердегі табиғат байлықтарын,жеміс-жидек, тал-ағаш түрлерін,т.б түгел білуге тырысатын М.Әуезов Щипачевтің Россияда өсетін қайың туралы тым өзінше айтсақ «орташалау»,тіпті жұпыны жауап бергеніне қынжылыс білдіреді. Ақын емес, прозаик болса да табиғат туралы төгілтіп сөйлеп, төгіліп жазатын, білімдар М.Әуезовке қандай сауал берілсе де нақты әрі асқан поэтикалық пафоста шабыттана жауап беретіні қасындағы Одақ көлеміне танымал таланттардың өзін таңғалдырып, тәнті еткеніне куә етеді, бұл жолжазбалар.

Әрине,мұндай абырой мен құрмет тегін келмесі анық. Ол табанды еңбектің, іркіліссіз ізденістің, терең білімнің нәтижесінде қол жеткізілетін биіктік. Қай ортада да, қай тақырыпта да тайсалмай тарихынан толғап әлемдік руханиятқа еркін еніп, емін-еркін көсіліп , көркем тілмен ойын  көріктендіріп кестелейтін кемеңгер ойшыл М.Әуезовтің  баяндамаларын  дүние жүзінің небір ғұлама ғалымдары бар ынтасымен тыңдап, ырза болған. Оған Мұхтардың Америкаға,Үндістанға,Жапонияға барған сапарларында бүкіл кеңестер Одағы атынан сөйлеген сөздері айғақсыз  дәлел бола алады.  Оны жазушының өзі де мойындап:

«- В США меня нарекли мудрецом,…В Японии тоже. Я приписываю это тому, что я учусь больше и охотней, чем учу»,-деген екен әріптестерімен бір әңгімесінде А.Пантилеев («М.Ауэзов и современников воспоминаниях»  116 б).

Көп оқып, көп білген жазушы сырт адамдарына ғана емес, өз серіктерінің сөз саптаулары мен сын сағаттардағы жауаптарына да сергек көңілмен қарап, сыни пікірлерін білдіріп отырған. Жалпы жолжазбадағы көптеген ойлар мен жазушы көзімен берілген көріністер, тарихи, әдеби фактілер, очертктен орын алмаған. Бәлкім, оны жазушы орынды деп ойламаған болар, мүмкін асығыстықпен кеңірек жазуға мүмкіндігі де болмаған болар, әйтеуір «Америка әсерлері» «Америка күнделігіндегі» барлық деректерді қамтымаған және оларды тереңдетіп талдап, сұрыптап, жан-жақты баяндауды мақұл да санамаған сияқты. Қалай десек те «Америка күнделігі» өз жанрына тән тарихи дерегін сақтаған, жолжазбалық міндетін өте жоғары деңгейде орындаған жұмыс деп толық бағалауға болады. Оның жас ұрпаққа жалпы қазақ оқырмандарына берері әлі де көп ондағы қызықты фактілерді интерпретациялап, жаңаша көзқараспен тың пікірлер айтуға да болады. Әр кезең өзінің  кеңістігімен, мәдениетімен, өзіндік ерекшелігімен есте қалары сөзсіз. М.Әуезов өз көзімен көрген, көңіліне тоқыған жайларды ғана жолжазбасына қалдырды, енді оны оқушысы қалай қабылдап, қалай талдайды, қалай бағалайды , уақыттың еншісіндегі жәйттер.

ХХ ғасыр басында-ақ «Япония»(«Абай» журналы.1918 ж) деген мақала жазып, біз үшін мүлдем бейтаныс жұрт Жапонияның тарихын зерттеп, оның әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін, білім мен ғылым салаларындағы жетістіктерін, оларға жету жолдарын талдап, түсіндірген. Ондағы басты мұраты «ескіден шығып, жаңаға түсініп кетудің ауырлығын, алайда ізденген жұрттың алдындағы өркениеті өскен, тәжірибесі озғын елдерден үйренудің жолын табуды ұсынған еді. ( М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы, Алматы, Ғылым, 1997, -472 б. 82б).

Ал, 1957 жылы атом мен сутегі бомбасын қолдануға қарсы Жапонияда өткен халықаралық ІІІ конгрестің жұмысына қатысуға сәті түскен сапарында өзінің жас кезінен бастап зерттеп, салт-дәстүрінен, ұлттық табиғатынан әсте танбайтын ішкі рухани діңгегінің мықтылығына мейлінше тәнтілік танытқан жапон жұртының атом бомбасынан кейінгі қиын тағдырына бей-жай қарай алмаған (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 36-т.-Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2009.-408 бет). М.Әуезов сол жолы өмір мен өлім арасындағы мәңгілік сауалдарға жауап іздеуіне мүмкіндік бергеніне, адамзат ақыл-ойының тек бейбіт мақсатта ғана жұмсалуына өзіндік үлес-үнін қосқанына аса ризашылықпен көңілі толып қайтады. Дүние жүзілік деңгейдегі маңызды мәжілістерге Кеңестер Одағынан, оның ішінде Орта Азия халықтарының атынан жалғыз барып сөз сөйлеуі мол шығармашылық шабыт пен қайраткерлік қуат сыйлайды. Сол әсерді «Индия әсерлері» мен «Америка әсерлері» сияқты өзінше ой қорытып, суреткерлік көзқараспен кәсіби машығы мәнеріндегідей кең көсіліп, тереңнен толғап, өзінің түйінді ой-тұжырымдарын сол кезеңдегі көп шаруаның килігінен жаза алмаса да өз қолтаңбасымен түсірген «Жапония күнделіктерінің» қағазға түскен нұсқасы барына шүкіршілік етеміз. Өйткені, жоғарыдағы күнделіктердің жолжазбалары мен сол сапар әсерлерінен туған публицистикалық туындыларын салыстыра талдау барысында көз жеткізгеніміздей соншалықты көп айырмашылық бола қоймайтынын еске алсақ, бұл еңбектің құндылығы кеми қоймас. 3 баспа табаққа жуық күнделікте жапон елінің ядролық қарудан кейінгі тағдыры, оның жер мен елге әкелген алапат зардаптары жазушының көзқарасы бойынша өз қолтаңбасымен түсірілген. Ол ойлардың бәрі жазушы мұрағатындағы қолжазба қорында (533-бума, бірінші дәптер,1-40-бб, екінші дәптер, 40-93-бб) сақтаулы. Сол дәптердің негізінде өзінің үйреншікті орыс және қазақ әріптерін кезектесіп пайдалану арқылы асығыс ойларын қағазға түсіргенін кейін мұрағат қызметкерлері жүйелеп, қазіргі криллица әрпіне түсіріп, жариялауының нәтижесінде халыққа ортақ рухани құндылыққа айналғаны мәлім. Әсерлерін өзі ойлағандай деңгейде түсіріп үлгермесе де жазушы өзінің жүрген, сөйлеген кездесулерін тілінен бал тамызып жұртқа жеткізіп отырғанын 1958 жылы Ташкентте өткен Азия, Африка елдері жазушыларының конференциясында («Сен Никконы көрмеген болсаң, онда «ғажап» деген сөзді қолданба»деген жапон нақылын еске алуы) , Оңтүстік сапарларындағы кездесулерде, елдегі әр түрлі деңгейде жүріп жатқан мәжіліс-отырыстарда , т.б сөйлеген сөздері растайды.

«Жапония күнделіктерінде» 10 -ынан басталып, 26 тамыз айына дейінгі аралықтағы Жапония елінде өткен оқиғалар мен кездесулер қамтылған. Австралия елінен келген әйел-өкіл Гер труда Мервилл төрағалық еткен делегация құрамында көрнекті ғалым Капров («Өскен өркен» романындағы облыс хатшысы Карповтың жақсы қасиеттері осы кісіден алынуы да мүмкін)  басқарған кеңестер Одағының қонақтары да бар.  Осы жиынға жиналған әлем халықтарының әйгілі ғалымдары мен әр ұлттың басты идеология қызметкерлері – жазушылар, журналистер  ,т.б зиялы қауым өкілдері қосылып, әлемді дүр сілкіндірген Хиросимадағы жағдайды талдай келе, атом мен сутегі бомбасын қолдануға қарсы екендіктерін, ол тек бір ғана елге емес, жел, су, ауамен бүкіл жер жаһанды жайлап, ертедегі әбжыландай бар құрылықты жұтып жіберетінін, оның салдарынан ел естімееген неше түрлі жұқпалы сырқаттар мен қатерлі ісіктердің ілгерілеп, дамуына дәнекер болатынын, сөйтіп бүкіл адамзатты ешқандай соғыссыз-ақ мына тіршіліктен сызып тастай алатынын ғылыми- теориялық негіздемелерге сүйеніп, талай деректерді келтіре отырып, құнды ойларын ортаға салады. Ал, 11-ші  тамыздағы таңертеңгі аста М.Әуезовтің аса құрметті қонаққа ұсынылар төрде отыруы, алғашқылардың бірі болып сөз алуы, әдемі қытай қызының үш тілде (ағылшын, қытай, орыс) қызмет көрсетуі, жас күнінде миллиардтан аса халықтармен сөйлесе алатын аруға «сіз байсыз» деп қалжыңдауы, ризашылығы т.б өте жоғары көңілде баяндалады. Азиялықтардың  қонақжайлылығына толық сипаттама берген автор бұл жұрттың  дәстүрі бойынша қонақтар да кимоно киіп, жалаңаяқ жүретіндігін, қонақ күтісі тіпті таңғаларлық екендігін: «Қызмет етулері ғажап. Есік алдына жүгініп отыра қалып, басын жерге шейін иеді . Бірақ күліп, Сатумен еркін сөйлеседі»,- деп имандылық танытып, иіліп тұрса да өздерін лайықты ұстап, сыйлай білетіндігіне деген сүйсінісін де жасырмайды (301 б). Және кешкілікте осы көркем қыздардың қазақтың келіншектеріндей төсекті өздері салатынына қаламгер қайран қалады  (301 б). Сол күні 20 мың кісі сиятын үлкен залда митинг болып 10 пунктен тұратын шараның көрсетілгенін және «Атом базасына қарсылық» деген ұранмен залдағы 2 мыңға жуық жастардың ән салғанын терең тебіреніспен баяндайды. 12 тамызда жазушы жолда суық тиіп, сырқаттанғанын сезеді, түнімен көз шырымсын ала алмаса да таңертеңгі атқару комитетінің жиналысына 8-де келеді, бірақ жиналыстың 9-да басталуы , кешегі митингінің де орынсыз кеш басталуы көңіліне кикілжің орнатып, оған бүгінгі бейберекетсіздік қосылып, қатты қапаланады. Өз басы мемлекеттік шаралар-мәжіліс, кездесу, жиналыстардан тіпті  кішігірім қонаққа кешікпей баруды, өзін де өзгені де сыйлаудың, әсіресе олардың да өзінің алтын уақытысын  дұрыс пайладануды берік ұстанған жазушы үшін мұның бәрі дөрекесіздік, жауапсыздық болып көрінеді . «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» (Алматы. «Білім». 2007-288 бет) деген еңбекте ұлы тұлғаның шақырылған жерге дәл уақытында баратынын, ал өзіне кешігіп келген кісілерді қабылдамай жіберетіні жөнінде тағлымды-тәрбиелі әңгімелер баршылық. Бұл-данышпанның өзін де өзгені де, уақытты да бағалай білетіндігін көрсетеді. Күнделігінде де ол туралы сын пікірлер жетерлік. Бұл ойды Константин Алтайскийдің «Всречом с Ауэзовым» деген естелігіндегі мына сөзі айғақтайды: «…Люди, работавшие вместе с ним, свидетельствуют: он был исключительно точным, пунктуальным человеком. Пообещал-сделал. Взялся-выполнил. Записал в свой календарь день заседания- прибыл минута в минуту. В этой подчеркнутой  скрупулезной аккуратности таилось большое уважение к чужому времени и труду…..Ауэзов глубоко ценил, уважал и любил труд, и потому тема труда, тема деятельности человека, украшающего мир, является одной из ведущих тем его творчества.» («М.Ауэзова и современиков воспоминаниях …..С.75). Күнделіктегі  барлық кездесулер мен мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі мәжілістердің бәрі Жапониядағы Хиросима, Нагасакидағы атом сынағының әлем халқына әкелген зердабы, соның құрбаны болған жандардың жақындары мен перзенттерінің жан айғайы, соның салдарынан сырқаттың түрлері көбейіп, адам шошырлық сәбилердің, мүгедек ұрпақтардың көбеюі, т.б секілді бейбіт жолды аңсаған адамдардың ,ірі мемлекет өкілдерінің, әрбір ұлт зиялыларының, әлем ғалымдарының сөздері әр жерде жалындап жатса, бәрінің арманы бір жерге тоғысып, бейбітшілік үшін күресейік, бәрімізде бауыр да, бала да бар, сондықтан жер жаһанның жұрты жұдырықтай жұмылып, жұмақ өмірге ұмтылайық. Шеттен келген қонақтар, қоғамдық ұйымдардың бәрі қолдан келген сөз жәрдемін, материалдық көмек қолдарын созып, түрлі сый-сыяпаттар жасап жатты. Сондықтан  күнделіктегі ойларды түйіндеп айтар болсақ, әлем халықтары соғыс атаулыға қарсылық білдіріп, ешқандай ел өзге ұлттың ауасын ластауға моралдық құқығы жоқтығын айтып, ұсыныстар айтылғанын жазушы толық мазмұнда баяндайды. 600 мың адамның аты жазылған қара тақта, тас қабірге: «Тыныш ұйықтаңдар. Бұл қаталық енді қайталанбайды» деп жазылған. Бұл ұстаным осы конференцияға келген әлем халықтарының да ұсыныс-ұраны болды. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» дегендей  атом зардабын өз көзімен көріп, сезінгендегі қарсылық  ала бөтен болатынын қаламгерлік қырағылықпен танып-білген

М.Әуезов оның келешек ұрпақ денсаулығына тигізер залалын мыңдаған мәліметтер негізіндегі теориялық та тәжірибелік те мысалдарға сүйене отырып ой қозғайды. Әрине, атом бомбасының құрбаны болған әр адамның өмірі жеке тағдыр, жеке трагедия. Олардың сөйлеген сөздерін қысқаша түрде түртіп отырған жазушы ол адамның бүкіл өміріне, сырқат түріне, оның ұрпақтарының тағдыры мен денсаулығына дейін қалт жібермей, ұқыптылықпен баяндайды. Жазушының бір ай шамасында болып, көзбен көріп, көңіліне ұялаған барлық фактілерін тізіп отырған «Жапония күнделіктерінде» бірнеше көркем шығармаға арқау боларлық тағдырлар, образдар, портреттік штрихтар, есте қаларлық детальдар, мәліметі мол мағыналы мәтіндер мол-ақ. Жазушының көкейінде не болғанын кім білсін, әйтеуір өзі куә болған өмір көріністері мен тарихи фактілердің бәрі күнделікке  сол қалпы емес, жазушының көзімен, қабылдауымен, өзіндік ой-пікірлерімен, бағалауымен түсіп, нақыт да нанымды баяндалған.Ондағы кездесулердің көбі орыс тілінде жүргізілгендіктен болу керек, жазушының орысшасы жылдам жүріпті. Және жүрген, аралаған жерлеріндегі бүкіл ескерткіштер мен мәдени, тарихи мұраларға да мән беріп, олар туралы мәліметтерді де жолжазбасына мұқият түсіріп отырған. Мәселен,Нара қаласында көне ескерткіштердің көп екендігін, әсіресе 1200 жыл бұрын салынған аспалы фонарлар, Синтоист храмы, көне қоңырау, барабандар, ағаш қорғандар, атақты 16 метрлік ұлы Будда храмы, т.б келген қонақтардың бәрін қайран қалдырған. «Көне мұра көп болғандықтан тарихымызды өшірер соғыс атаулыны қалаймаймыз» деген қала мэрінің сөзіне бейбіт өмірді насихаттап келген әрбір ұлт өкілдері жан-жақтан қостап, қолдау көрсетеді. Сол кездесу, сұхбаттасуларда шеттен келген өкілдердің ішінде атақты ақын-жазушылар бар екенінен хабардар жапондықтар  сан алуан сұрақтар қойып, кеңестер Одағындағы әдебиет, мәдениет, өнер мәселелеріне де қызығушылық танытқан. Айталық, Шолоховтың «Тынық Донын» оқып, әдебиетке, күрделі жанр романға деген қызығушылығы туған бір жапондықтың «Абай жолы» аударылса міндетті түрде бас алмай оқитынын , ал оның қаламақысын Цуругаға, яғни бейбітшілік жолына аударылса деген  өтінішін құптағаны жөнінде жазады (330 б). Халықаралық достықта тек материалдық қана емес, рухани байлықтан да көмек беру керектігін, әлем жұрты арасында әдеби, мәдени диалогтардың жүйелі жүргізілуі орасан сан байлыққа кенелтетінін қаперде ұстау керектігін ескертеді, жазушы. Өз кезегінде жапон әдебиеті туралы мәліметін де толықтыра жүреді. Өзінің: «соңғы жылдардағы жапонның ең жақсы романы?» деген сауалға: «Синхей»(тарихи роман), авторы Кемуногатори, алайда «Тынық Донмен» сапасы жағынан еш салыстыруға келмейді» деген жауап алады. Одан арғы асығыс жазылған  қолтаңбадан сөздердің соңы сұйылып, түсініксіз болғанын бұл жолжазбаларды қазіргі қаріпке түсірген мұрағаттанушы Талат Әкім («түсініксіз») деп түсіндіріп кетеді. Отыз күннің бәрінде де қаламы қолынан түспей, не көрді, не есітті, жанын толқытқан, есінде қалған әрбір құбылыс сәттерді суреткерлік зердемен көріп, зерделей білген М.Әуезов күн тәртібіндегі ресми жұмыстары тәмәмдалған соңғы түнде соңғы кездері жазылмай қалған аз жайларды асықпай мазмұн-мәнімен қағазға түсіреді. Оны « Қосымшылар» деп қара шрифпен ерекшелеп таңбалайды: «Соңғы күндерде біз Токионың синерамасын көрдік. Самолетпен өзіміз көріп келген аралды, шөлді, таулы, тоғайлы, әсіресе мол мұхитты, көк теңізді, дүниелерді ілгері қарай соза түскендей әсерлер алдық»,- дей келе сонда көрсеткен бір фильмдегі «Жеті ғажап» әлемін, осынау бүкіл адамзаттық рухани құндылықтарды жоюдан тайсалмайтын тажал-атоммен сутегі бомбасын қолданудағы қатыгездік  жөніндегі көңіл-күйін береді ( 36 том.342 б.). Және «Кабуки» театрында болып, көрген екі спектаклінің мазмұнын баяндап, олардың театр өнеріндегі жетістіктері мен ерекшеліктеріне тоқталады: «..Музыкасы жай, салмақты қозғалыстар…Көп үнсіз паузалар – баяу ритм. Бірақ әсерлі, есте қалғыш қозғалыстар-бұл театрдың ерекшелігі…Адам жүзі бояу арқылы ішкі мінез, жаратылыс өзгерістері ерекше жат құбылыстарын танытып отырады. Маска тәрізді»,- дегенсөздері даңқты драматургтың кәсіби білімпаздығын, байқағыштық танытады (343 б). Және бір күнді, яғни 26 наурызды Жапонияның коммунистік газеті «Акакатидың» екі қызметкерімен ұзақ сұхбаттасып, баспасөз конференциясын жүргізгенін, онда басты мәселелер сөз болып, бірнеше сауал болып жауап бергенін айтады: «1)Советтегі жазушылар одақтарының достық қарым-қатынасы арқылы көрінетін әдебиеттегі достық жайы.

2) Жапон-совет әдебиетінің қатынасы туралы

3) Совет әдебиетіндегі соңғы жаңалық жайлар жөні…» (344 б). Осы сұхбатта жапон тіліне аударылған 176 кітаптың ішінде бірде-бір ұлт әдебиет үлгісі аударылмағанына мән бере сөйлейді. Өйткені, әрбір ұлттың жан дүниесін, тарихын, ішкі әлемін, салт-дәстүрін білгің келсе әдебиетке жүгіну керектігін, осы сөз өнерінің құдіреті ғана әлем халықтарын жақындастыра алатынын ескертеді. Ал, 25-і күні бұрыннан таныс, дос, көрнекті ғалым Ояманың жұбайын Харис екеуі барып, дәстүр бойынша дос пейілдерін көрсетіп қайтады. Сонда жатсынбай жарқын жүзбен қарсы алған профессордың жұбайын жазушы өзінің сүйікті кейіпкері Ұлжанға ұқсатуы да қызықты дерек.(344 б) Ояманың отбасымен жақын танысқан жазушы олардың ата сыйлаған тәрбиесіне ризашылықтарын білдіріп: «Аса жақсы, мәнді, көңілге сондай әсерлі сәт болды. Әркімнің артында осындай тәрбиелі, сезімді, үлгілі достары, жақындары қалғаны қандай бір қымбат ескерткіштей жұбанышты, мерейлі және өзі келісті бір кезеңдей-тағдыр дейтіннің ұнамды бір сағасындай сезілді»,- деп сүйсініс білдіруі әрбір әке , әрбір шығармашылық тұлғаның арманы екенін айтады (345 б) . Осы «…Сапар барысында Аоно,Токунага, Танабэ Койтиро, Исинно Кэйтиро, симото Масатциогу, Хино Асихей, Эгуси Кан,Исидзаки Тахудзо, Ясунари Кавата (кейін Нобель сыйлығын алған) сияқты көптеген ақын-жазушылармен, ғылым,өнер, мәдениет қайраткерлерімен кездесіп, әңгіме-сұхбат құрды» ,-деп толық ақпарат беріледі ,Т.Әкімнің осы күнделікке жазған ғылыми түсініктемесінде (406 б).

27-28 күндердегі ұзақ ұшу сарапындағы әсерлер, жолбойы көрген көркем көріністер жазушының шабытын оятып, шұрайлы сөз кестесін құрайды. Оған жолжазбаның  347-350 беттеріндегі шын көңілден төгілген қара сөздің поэзиясы куә бола алады. М.Әуезовтің Жапон елінен алған әсері осылай күнделік күйінде қалғанымен, жүрек жарды сөздері әр кезеңдегі оқушысына жаңа әсер, жаңа сыр болып жанын байыта береді Өзі де бұл сапарының сәтті болғанына ризашылық білдіріп: «…Бар жүріс, жолға дән ырзамын, көрген мен білген, сезген мен түйген баршасы қосылып, өзінше бір алуан байытып қайтарған тәрізді»-деп аяқтайды күнделігін (350 б).

Сонымен соңғы тарауда қарастырылған М.Әуезовтің үш ірі мемлекетте-Америка, Жапония, Индия болған сапарлары суреткердің өмірінің соңғы жылдары жазған және көңіл-күйі орныққан , атақ-даңқы әлемге танылған тұсындағы әдемі әсермен  жазылған әдеби, ғылыми публицистикалық дүниелері тынымсыз творчестволық ізденісте болғанын танытады .

М.Әуезовтің шығармаларының елу томдық толық жинақтарында (34 том- «Индия очерктері», «Индия күнделіктері», 36 том -«Жапония күнделіктері», 38 том- «Америка әсерлері», «Америка сапары (Жолжазбалар)») жарияланып, әдеби, ғылыми айналымға түскен шетелдерге сапарлары жөніндегі жолжазбаларын, күнделіктерін, сапарнамаларын зерттеудің, оның мазмұн-мәнімен оқырман қауымды оқтын-оқтын  таныстырып, ой қозғап отырудың маңызы зор. Біз көбінде жазушы күнделіктеріндегі әдебиетке қатысты деген құнды ой-пікірлерге көбірек жүгінуге тырыстық. Егерде бұл жазбалардағы қоғамдық, саяси, мәдени, ұлттар достығы, өлкентану мен көркем аударма мәселесі, т.б сынды келелі мәселелердің бәріне көңіл бөлсек, үлкен ғылыми зерттеулер туғалы тұр. Ол, мүмкін келешектегі ізденушілердің жеке тақырыптарына айналуы да мүмкін.

Қорыта айтқанда,    М.Әуезовтің өмір тарихының, шығармашылық өмірбаяның соңғы жылдарындағы биік белестерін танытып, сол кезеңдегі көркемдік-эстетикалық көзқарастарынан құнды деректер беретін  шетел сапарлары, сөз жоқ, ойлы дүниелер.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button