Білген Шайыр айтады

Хәзіреті Омардың шаһид болғаны

Икрам ишан Қасымұлы (1860-1923ж.ж.)

Отырып Әзірет Омар хилафатқа,
Хамиша машғұл болған әділетке.
Бір араб құлыменен жанжалдасып,
Алдына кіріп келді айтысуға.
Екеуі айтысуға болып машғұл,
Араб айтты: «Бұл өзі құлым дур бұл.
Әр күні меніменен жанжал қылар,
Сөзімді менің айтқан қылмай қабыл.
Сөзіме менің айтқан құлақ салмай,
Жүреді өз бетімен олай-бұлай.
Болады бұл бадбахқа қандай лаж,
Әр күні қапа қылар тілімді алмай».
«Құл айтқан емес сөзі жалған мұның,
Құл қылып алып еді беріп пұлын.
Әр күнде жалғыз тенге таптырады,
Қызметкер әркім жұмсап мұндай құлын».
Деп айтқан Әзірет Омар ай наинсап,
Бехуда сөздер айтып ұрмағыл лап.
Аллаға қайсы бір құл асы болар,
Әміріне қожайынның қылса хилаф.
Ол құлға және айтты ай бад афъал,
Сөзіме менің айтқан құлағың сал.
Дүремен шариғатқа жатқырамын,
Екінші қожайынмен қылсаң жанжал.
Қожайын шариғатпен құлды жығып,
Алдынан патшасының берді жығып.
Омарды лаж тауып өлтірсем деп,
Көңіліне құл һәм кетті кінә қылып.
Арада күндер өтіп бір күні баз,
Аллаға Әзірет Омар айлабан раз.

Мешітте тұрған уақытта жалғыз өзі,
Ақиқат ышқыменен оқып намаз.
Мойнына бадбахт құлдың шайтан мініп,
Мешітте жалғыз өзін қалды біліп.
Омардың сол уақытта қасына,
Қолына қанжар алып келді жүріп.
Намаздың нұрыменен көңілі еріп,
Білмеді тұрғандығын құлдың келіп.
Мүбәрак ішегі мен қарындары,
Үстіне жайнамаздың түсті бәрі.
Қасына хабарланып келіп қалды,
Баласы Абдулла мен асхабтары.
Үстіне баршамыз кілем салып,
Көтеріп үйлеріне барды алып.
Көтеріп үйлеріне барған уақытта,
Бехуш боп естерінен қалды талып.
Бар еді сол уақытта бір дана хәкім,
Жараһат келтірерді болса әркім.
Абдулла атасына алып келіп,
Тіктіріп жарақатын қылдылар ем.
Ол хәкім қызмет етіп сол уақыт,
Орады латтаменен неше қабат.
Жатсаңыз қимылдамай бірнеше күн,
Танаңыз иншалла болар сахат.
Мақұл деп Әзірет Омар қалды жатып,
Жарақат жандарына қатты батып.
Намаздың уақыт болып сол уақыт,
Жіберді муазиндер азан айтып.
Есітіп азан үнін Әзірет Омар,
Жатпаққа сабыр тақат қылмадылар.

Сөгілер табиб айтты тіккендерім,
Я Амирил муъминин тұрсаң егер.
Тоқталып Әзірет Омар тұрып біраз,
Тұрмағына дауа айлады баз.
Жақсы дур жыртылғаны қарынымның,
Бір өзім оқығанша үйде намаз.
Алла деп, тұрмағына талап етті,
Сөгіліп тіккендердің бәрі кетіп.
Мүбәрак қарындары жерге түсіп,
Ажалдың Хақ әмірімен уақыты жетті.
Отырған көп сөз айтты асхабына,
Баршаңыз шықсаңыз деп тысқарыға.
Олардың әр қайсысына ризаласып,
Құрайш аһлібайт әулетіме.
Ризаласып перзент пен әйеліне,
Келді деп аһлі жақын қиялына.
Сөздерін мүддәғалы сөйлескелі,
Кірсін деп хабар берді жаранына.
Баршасы кіріп келіп көрді хәлін,
Пәс болған бұрынғыдан һәм мажалын.
Жарандар афсус қылды ай дариға деп,
Сол (жол) дур деп пәни дүние ақуалың.
Омардың қапалықпен матамын жеп,
Бәріде келгендердің жылады көп.
Сұрады асхабтардың бағзылары,
Болады қандай жерден жайыңыз деп.
Мүбәрак жасын алып көздеріне,
Қарады асхабтардың жүздеріне.

Сөздерге мүддағалы машғул болды,
Қуатын жиып алып өздеріне.
Дүниеге әр қалайша келген адам,
Қалмайды ақыретке қоймай қадам.
Баршаңыз көргенсіздер қайда кетті,
Саруары Расул Құда екі әлем.
Көбейіп күннен-күнге аһзары,
Сарып болған Құдай үшін әрне бәрі.
Көшкен дур пәни дүние сарайынан,
Расулдың Әбу Бәкір яры ғары.
Бейкуман өлім хақ дур бәрімізге,
Хусусан ажал жақын келді бізге.
Ақыреттерден айтты екен деп,
Келмейді олай-былай көңілімізге.
Қасында Ән Әзіреттің раузасының,
Бар еді бір кісілік жайы аның.
Әзіреті Бибі Айша жауап берсе,
Сол жерде болар еді жайым менің.
Отырмай тездікпенен бірің барып,
Келсеңіз Бибі Айшадан жауап алып.
Бейжауап ажал жетіп бара қалсақ,
Мүбәда қалмағайлар қапаланып.
Омардың бұл сөздерін Айшаға,
Батамам біреу барып айтты аңа.
Бибі Айша қабыл алмай жауап айтты,
Бұл дүние бейопадан кетер әмме.
Омардың қабыл алмай айтқан сөзін,
Жоқ дейді мұнан бөтен айтар сөзім.
Бір күні ажал жетіп бара қойсам,
Мақсатым сол жерден жатсам өзім.

Айшаға барған адам келді қайтып,
Омарға бастан-аяқ келді айтып.
Есітіп Бибі Айшаның айтқандарын,
Қалдылар бинихаят қапа тартып.
Деп айтты: «Ажал жетіп қылсам сапар,
Көтеріп ән Әзіретке барыңыздар.
Әдеппен қол құсырып сәлем беріп,
Деңіздер Я Хабиби Хаий Холиқ.
Омарды қызметіңе келдік алып,
Бұл ғәріп дүниеде һәм ақыретте.
………………………………………………..
Тұрмаққа құзырыңда болды талиб.
Құдайдан үмітім бар сол сағат,
Расулдан бола ма деп бір башарат.
Мүбәрак қастарына қойыңыздар,
Болсалар мархаматпен бір ишарат.
Келді деп ажал жақын бастарына,
Толтырып екі көзін жастарына.
Болмаса Ән Әзіреттен бір мархамат,
Қойыңдар бір ғәріптің қастарына.
Басқа һәм «амру мағруф» айттылар көп,
Есіткендер баршасы деділар құп.
Жарылқа я Раббана Омарды деп,
Илтимас бір Аллаға айлады көп.
Құданың Рахметіне көңілі толып,
Тұрдылар иманына машғұл болып.
Танадан әруақтар паруаз етті,
Мүбәрак иллинге барып қонып.
Жамиғ аһлібайт әулеттері,
Уа, дариға Омар деп қылды зары.
Омардың тұр уафатына матам тұтып,
Отырған жыладылар халықтың бәрі.

Болар деп қандай заман қайран қалып,
Омардың матамымен қапаланып.
Мүбәрәк намаз оқып жасадларын,
Расулдың рұқсатына тұрды апарып.
Әзіреті сол уақытта шер Құда,
Расулдың рұқсатына қылды нида.
Келдірдік қызметіңе Омарыңды,
Қоюға қасыңызға жауап бар ма?.
Омарды сол уақытта көтеріп баз,
Жамағат тоқтадылар әнда біраз.
Қасыма Омар досым келсін деген,
Расулдың раузасынан келді ауаз.
Бибі Айша бермеп еді қимағаннан,
Алланың басқа болмас фарманынан.
Әзіреті Омарға нәсіп болды,
Расулдың раузасының сол жағынан.
Іззетпен тағызымменен қылып лахд,
Омарды кіргізділар ушал сағат.
Әзіреті Шер Құда ішке кіріп,
Тұрдылар тысқарыда көп жамағат.
Құдайым сол уақытта әмір қылып,
Расулдың раузасынан жол ашылып.
Тұрдылар ән Әзіреттің сол қолдары,
Омардың мойнына қошақтанып.
Аямай тәнде жанын бинихаят,
Расулға қылып еді көп химаят.
Исламның дәрежесін тауып еді,
Омардың қолдарынан көп уалаят.
Намазға қайсы біреу жүрсе бармай,
Әдеті қоймас еді дүре ұрмай.
Осындай ер дүниеден пәни болды,
Үкімге Хақтан келген лаж болмай.

Бір адам раузада жүрсе ашық,
Қыздырып құм құяды аузын ашып.
Ол ердің һәм жәнеде саясына,
Түскенде кетер еді шайтан қашып.
Кірген соң Омар дінге көп ғажайып,
Расулдың кетіп еді қолы узайып.
Омардай шариғаттың туған айы,
Ажалдың бұлтына болды ғайып.
Атыңнан айналайын Әзірет Омар,
Ықыласпен аузыма алып қылдым такрар.
Қиямет майданына барған уақытта,
Ғаріптен біз сықылды алғыл хабар.
Исламның болып еді қаласындай,
Мысалы барша мүмин баласындай.
Бейхисаб болып еді мархаматлы,
Пақырдың міскін менен анасындай.
Түн болса жүрер еді шаһар кезіп,
Бастарын мұнафиқтың тастай езіп.
Омардың мұндай болған айбатынан,
Көрінбей бейнамаздар кетер безіп.
Құдайым әр бендеге тауфиқ беріп,
Тыңдаса ықыласымен көңілі еріп.
Мәжіліске ғажап емес хазыр болса,
Құданың достарынан пайзы келіп.
Қайсы бір тыңдасалар дін қарындас,
Көңілі еріп көздеріне толтырып жас.
Құдайым ғажап емес қабыл қылса,
Сауабының қырманы болсалар шат.
Адамдар мухабатты қолына алып,
Оқыды жақсы көріп назар салып.
Адамның бимухаббат қарсы алдына,
Қойсалар һәм оқымас құрсантланып.

Біреудің көрсе біреу өзін жақсы,
Әлбетте көрсе керек сөзін жақсы.
Халықтың жақсы көрген рәсім жолы,
Әр жерде бола берер сөз қылмақшы.
Жақсылар айтқанменен хикаятын,
Шама жоқ жеткізуге нихаятын.
Құдайым ғашық қылар достарына,
Әр кімге нәсіп қылса инаятын.
Кітапта бұл дүниеде көрді көзім,
Көрсеткей қияметте Алла өзін
Қайран боп сол тұрған уақытта,
Үмітім мархаметпен салғай көзін.
Әділ Омар
Жаһанның тарлығына көзім салдым.
Қолыма қалам хатты жазғалы алдым.
Пайғамбар шапағатын есіме алып,
Қиссасын Абу Шахма жаттап алдым.
Шахмаға көрік берген Алла тағала,
Сыпаты хор қызындай жақсы бала.
Ішінде Рухы махфуз нұр сыпатты,
Құдайым артық қылған шаһизада.
Шахманың он екіге келген жасы,
Шахманың Хасан, Хусайн жан жолдасы.
Бір күні Шахма бас боп сейіл құрып,
Далада ауырыпты оның басы.
Еш айла Абу Шахма қыла алмады,
Болғанын әлі нешік біле алмады.
Тамаша қыламын деп басы ауырып,
Атына Абу Шахма міне алмады.

Аттанып Хасан,Хусейн жүре берді,
Шахма біраз жатып түрегелді.
Бар екен бір жүһіттің жалғыз ұлы,
Есікті көріп Абу Шахма соған келді.
Баланы жүһіт көріп қайран қалды,
Бұл бала мұсылман деп ойына алды.
Омардың баласымын дегеннен соң,
Үйіне бері жүр деп ертіп барды.
Ойлады кәпір қастық қылайын деп,
Осы жерде бір құмардан шығайын деп.
Үйіне Шахманы келді ертіп,
Қулық пен жас баланы құрмет етіп.
Басыңыз мұны ішсеңіз қояды деп,
Бір кесе шарап алып келді жетіп.
Шарапты сусап келген салды жұтып,
Шахма мас болады есі кетіп.
Біле алмай ессіз-түссіз сандалады,
Жас көдек әлі кеткен арақ ішіп.
Бар екен сол жүһіттің жалғыз қызы,
Ержеткен адам екен оның өзі.
Сол жүһіт тез жүгіріп қызға келіп,
Залымның кәпірлікпен айтқан сөзі;
Кәпір жүһіт сөйледі,
Айналайын жан балам,
Бұл сарайға кір дейді.
Ішінде бір жігіт бар,
Нұр сипатын көр дейді.
Әдейі іздеп әпкелдім,
Күйеулікке мен дейді.
Бұл сөзіме не дейді,
Күйеулікке жарайма,
Өз көзіңмен көр дейді.
Күйеулікке жараса ,
Сұрағанын бер дейді.

Мойынынан құшақтап,
Үйір қылып көр дейді.
Өмірің өтіп барады,
Айналайын жан балам,
Азырақ ойнап,күл дейді.
Қыз ақымақ мұны есітіп келді кіріп,
Көрген соң қуанады іші жылып.
Сол жерде кәпір қызын зінә қылды,
Мастықпен Абу Шахма шайтанға еріп.
Бір екі кәпір қызын зінә қылды,
Мастықпен Абу Шахма шайтанға еріп.
Сол жерде біраздан соң есін жиып,
Аттанып Абу Шахма жүре берді,
Ойына қылған ісі келіп түсті,
Түршігіп тула бойы зәресі ұшты.
Мүбәрәк екі көзі қанға толып,
Құрметін бұл дүниенің жеріп шықты.
Жат етіп Жаббар құдайды,
Абу Шахма жылайды,
Маған түсті уайым,
Жиырмаға жетпей-ақ,
Таудай болды күнәйым.
Қапыда кез болып,
Таудай үлкен бәлеге,
Қандай ылаж қылайын.
Мендей кінә қылмасты,
Тұрып тәубе қылайын,
Тәңірім кабыл көрместі.
Жас күнімнен ұрындым,
Жанып тұрған шалаға,
Білсе мұны атамыз,
Қалдық үлкен жазаға.
Екіншіден мен сорлы,
Неғып шықтым далаға.
Атам білсе өлтірер,
Кешіре көр күнәмды,
Жаратқан Жаббар жан Алла.

Зар жылап Абу Шахма келе жатыр,
Білмейді не боларын бенде ғапыл.
Оқытқанда молласы Молла Ғусман,
Балалар Мәдинада оқып жатыр.
Шахма Мәдинеге келді кіріп,
Зар жылап еңірейді өткен әлін біліп.
Шахма атасына көрінбестен,
Мәдина мешітінде қалды тұрып.
Бендеге әрне түрлі қылар Алла,
Алланың салғанына не дер бәндә.
Тоғыз ай он күн тамам болған күні,
Туыпты кәпір қызы бір ер бала.
Баланы көріп жүһід қайран қалды,
Бұл бала мұсылман деп ойына алды.
Баланы етегіне орап алып,
Патшаға әділ Омар алып барды.
Ойлады кәпір жүһід келе жатып,
Әуелден мұсылманға қылдық қастық.
Алдына әділ Омар келді дағы,
Тастады жас баланы шырылдатып.
Кәпір жүһід сөйледі,
Шақырып алды көп жұртты.
Әділ Омар жақсы атың,
Жұрт билеген падиша.
Әділ Омар бекзатым,
Балаңызға айтыппең,
Діні бөлек болсада,
Кәпірлерден ал қатын.
Сейіл құрып балаңыз,
Шыққан екен далаға,
Басы ауырып кез болды,
Біз отырған қалаға.
Қылыпты зінә қызымды

Қылғаны анық болмаса,
Бұйырмағын жалаға.
Бұл сұмдықтың тусына,
Көзіңді салып қарашы,
Мұсылманның барына.
Иілмеспе еді данасы
Қара қылды қақ жарған,
Әділдікке қарашы.
Есінен кетпес шарасы,
Қатын қылды қызымды,
Құда қылды өзімді.
Тыңлаусыз қылды сөзімді,
Осынша қылық қылама,
Бірғалының ағасы,
Әділ Омар падшаның
Шахма деген баласы.
Әділ Омар мұны есітіп қылды қаһар,
Тітреді қаһарынан Азаһ шаһар.
Аплатон құлына қаһар етіп,
Алдына Шахманы келтірділар.
Кәпірдің Шахма қорықты қарасынан,
Осындай қастық қылған бәлесінен.
Алдына Шахманы алып келіп,
Сұрады Әділ Омар баласынан.
Бұл іске Шахманың іші күйді,
Келдіме жас басыма ажал деді.
Омардың қаһарынан есі кетіп,
Жас бала бүк-шік деп айта алмады.
Келгенде Әзірейіл жанды алады,
Біз түгіл алтын тақтан ханды алады.
Омардың қаһарынан іші күйіп,
Жас бала Шахмадай сандалады.
Қашқанда қара киік зырқырайды,
Жаратқан жанның бәрін бір құдайды.

Омардың қаһарына шыдай алмай,
Тау мен тас қорғасындай былқылдайды.
Патша Омар қылды қаһар баласына,
Шахардың берді хабар арасына.
Ұрғын деп Аплатонға әмір қылды,
Ішінің қамшы суын жарасына.
Баланың қол аяғын байлап алып
Аплатон қамшы салып ұрды енді.
Шахма шыдай алмай зарлық етті,
Шырылдап жас баланың әлі кетті.
Омардан Шахманы сұрайын деп,
Алдына Хазіреті Осман жетіп кепті.
Осман жылап сұрайды,
Зүннұрайн атанған.
Оспан едім мен деді.
Қалған жастар біздерді,
Пайғамбардай көреді.
Жүктемегін балаңның,
Мәртебесі үшін бабаңның,
Тәубе қылса кешірер,
Тақсыр маған бер деді.
Сөзіңе жаным пида Оспан жаным,
Болды осындай пәрманы бір Алланың.
Бұл істі енді менен сұрамаңыз,
Қан төкпей кешірмеймін кінәларын.
Омардан Осман жылап сұрайды енді,
Жалынып сұрасада бермейді енді.
Баланың қол аяғын байлап тұрып,
Ұрғын деп Аплатонға бұйрық берді.
Баланы Аплатон кеп ұрды және,
Қиналды Шахманың шыбын жаны.
Бір мәрте қамшы менен ұрған сәтте,
Алдына жетіп келді Хазірет Али.

Хазреті Али жылайды,
Үзір айтып тілейді,
Атам болса бұл іске,
Бір айланы қыларды.
Пайғамбарды сағынсақ,
Оқысып құран тілесек,
Енді Сізден патшаһым,
Шахмадай бала тумайды.
Өзінен өткен жүһіттің,
Болмаса жүһід қылмайды.
Кетпесін өліп бала деп,
Рахым қылғыл маған деп.
Шахманың анасы,
Асхабтының бәрін жинайды.
Қабатында Алидің,
Тәзілім қылып сахабалар,
Омарға қарап сөйлейді.
Әділдік қатты ұстадың;
Көзінен аққан жасына,
Дұшпан рахым қылмайды.
Асхабтарға бас болып,
Жылады Али хакімге.
Қиямет қайым болғанша,
Шахмадай бала тумайды.
Өзінен өткен жүһідтің,
Болмаса жүһіт қылмайды.
Менің атым Алишер,
Жылаған халықтың хәлін көр.
Бұл кінәсын баланың,
Тәубе қылса кешірер.
Үзір айтып тілеймін,
Тақсыр-ау енді маған бер.
Сөзіңе жаным пида Хазірет Әлі,
Алланаң бұл ісіне қылар қари,
Күнәкар Сізбенен біз пендеміз ғой,
Біздерді алып кетер күнәлары,

Бұл іске Алишердің ашуы келді
Жалынып сұрасада болмайды енді
Омардың ашуы келіп баласына,
Тағыда оны ұрып бұрқырады.
Аплатон сонда келіп ұрды енді,
Шахмаға ұрған қамшы өтті енді.
Тақсыр-ай бір кінәсын маған бер деп,
Алдына бибі Фатима жетіп келді.
Сағынсақ естен шыға дүр
Пайғамбардың заманын
Осы қылған ісіңе,
Құриды менің амалым.
Асхабтар тілер Алладан,
Шахманың аманын.
Бір кінәсын маған бер,
Тәубе қылса кешірер,
Жастай өліп қалмасын.
Данышпан тұғын жабағым,
Бұл сөзіме қулақ сал,
Әділ Омар падиша,
Пана болсын жанабым.
Омар жылап сөйлейді,
Қабірінен қорыққан,
Жаратқан егем мүрдені,
Құдіретіңмен жараттың,
Арыстан мына Алишер.
Анбарды амал қыласың,
Бибі Фатима өкпелер,
Ерлі-зайып екеуің,
Пайғамбардың перзенті,
Қылмаған мұндай пата бер.
Керек болса өз басын ,
Кесіп алда жата бер.
Мұны ешкімге бермеймін,
Күдеріңді үзе бер.
Омардың бұл үкімі болды мықты,

Бір мыстан Фатиманың сөзін жықты
Тағыда он ұр деген бұрынғыдан,
Аплатон Шахмаға ұрды қырықты.
Сұраған бибі Фатимаға бермеді деп,
Қалдырды ғажап хайран барлық жұртты.
Сол уақта Айша күйіп барады деп,
Баланың Абу Шахма тілі шықты.
Абу Шахма жылады,
Айналайын жан атам,
Таудан үлкен көп қатам,
Маһшар күні болғанда,
Атасы мен араз деп,
Маһшар халқы күлмесін.
Әуелі берші оң батаң,
Рахым ата қылмасаң,
Жалғыз өлмек тірі ауыр,
Алла деген адамға.
Анықтаушы дұшман кез келер,
Қол аяғымды байлады,
Қолымнан менің не келер,
Құдай үшін балаңа,
Бір жүһіттей сусын бер.
Бермесең сусын не етейін,
Сусын берсең жан ата
Разы болып кетейін.
Жан балам Абу Шахма ақылың зерек
Шырағым сусын ішпе күнәң көбірек.
Ішерсің Абу Кушр шарабынан,
Алагөр кұлым мұны жеделірек.
Аплатон сонда келіп және соқты,
Ішіне қамшы дағы елу бопты,
Дауысын баласының есіткен соң,
Анасы шыдай алмай жақын кепті.

Анасы келіп салды қол,
Өсірген сипап қолына,
Қамшы үстінен болды жол.
Бір күн өстіп жүргенде,
Сыры өшті қызыл гүл.
Ылажым жоқ кайтейін,
Уа, Дариға балбала,
Атаңа қарсы кім келер ,
Арашалап алуға.
Құлыным енді аман бол,
Жолығамыз ақыретте.
Патша Омар үкім қылды анасына,
Бір жұтым су берместен баласына.
Тағыда онды ұр деп үкім қылды,
Ішінің қамшы кірсін арасына.
Аплатон сонда келіп онды соқты,
Етіне қамшы дағы алпыс бопты.
Сол күнде қамшы дағы ішке түсіп,
Денесі кимылдаудан әзір бопты.
Сөндірді Шахизада қызыл гүлді,
Өлмекке Шахма бала жақын келді.
Омардың баласына іші күйіп,
Тағыда онды ұр деп үкім қылды.
Аплатон тағы келіп онды соқты,
Ішіне қамшы дағы тесіп өтті.
Сол күнде қамшы дағы ішке түсіп,
Сөйлеуге тілі келмей байланыпты.
Патша Омар бұл жерде сабыр қылды,
Балаға кәпір жүһід жәбір қылды,
Омардың баласына іші күйіп,
Тағыда онды ұр деп әмір қылды.

Аплатон сонда келіп салды сексен
Баланың қимылдаудан әлі кеткен.
Сол күнде қимылдауға шамасы жоқ,
Жас бала болып жатты жермен-жексен.
Солдырды шаһзада қызыл гүлді,
Баланың өлмектігін кәміл білді.
Омардың баласын іші күйіп,
Жәнеде онды ұр деп әмір қылды.
Аплатын сонда келіп онды соқты,
Ішіне қамшы дағы тоқсан болды.
Тағдырдың әзелдегі жазуымен,
Ішінде сол дүренің жаны шықты.
Қолына әділ Омар қамшыны алып,
Жаны жоқ сүйегіне ұрды барып.
Он қамшы әділ Омар ұрғаннан соң.
Күнәсін Хақ тағала кешірді енді.
Құшақтап баласына жылап еді,
Күн тұтылып Мәдине болды ғарып.
Аспаннан періштелер жерге түсіп,
Баршасы Шахманы қылды зарлық.
Бұлардың наласына шыдай алмай,
Жиылып Хушы Тайма тұрды барып.
Ғарақпен Жарма дейді иша жүзі,
Есепсіз ақыретте көрер жүзі.
Дұға қыл есіткенде қолың жайып,
Аяғы шаһзаданың болды ада.
Омардай бұл уақытта әділ қайда,
Османдай жер жүзінде ғалым қайда.
Бұл уақытта тентекті мақұлдайды,
Жазасын көрер олар ана жайда.

Ақ қағазды сөйлеткен қолым болды,
Адамы бұл уақыттың надан болды.
Жер жұтуға пейліміз жақын боп тұр,
Сыяғы бұл күндердің жаман боп тұр.
Жүрмесін молдамын деп қиялында,
Зәредей дін кетіріп тиярыңа.
Мысқалдай Құранда хабар берді,
Зулзалаты сүренің аяғында.
Сенбе молдамын деп молдалыққа,
Ғазиздіктен көрмеген жол қалыппа.
Тағдырдың не боларын білмейді ешкім
Тоқтықта түсірейін ойланбаққа.
Молдалықта молданың көрдің дәмі,
Оннан-мұннан көңіліңді қалдырмағын.
Арабтан да білемін, Парсы ,Түркі,
Азырақ орысшада былдыраймын.

Икрам ишан назымдары. Құрастырып аударған: С.Саттаров, Қ.Абытов, Шымкент 2023. 304 б. алынды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button