Білген Шайыр айтады

Қисса Шаһизинда

Алғаш рет 1898 жылы Қазан қаласында араб әрпімен басылып, дастанды жариялаған – Жүсіпбек Шайхысламұлы.

Бисмиллаһи рахман ир-рахим

 

Бисмилла деп қаламды ұстайын да,

Жаман сөз күнә болар тастайын да.

Әуелінде Құдайға хамду айтып,

Андан соң бір қиссаны бастайын да.

 

Өтіпті Қатыран деген бір падиша,

Айтайын бір қиссаны жұрт ұнатса.

Бұ қиссаға құлағың құрышы қанар,

Естіген ғашық болар дәмін татса.

 

Бұл өзі – өлең қылған кітап сөзі,

10      Шаhарын Самарқанның биледі өзі.

Бек палуан, сұлулығы туған айдай,

Бар еді Дариға атты жалғыз қызы.

 

Қаратты палуандықпен тірі жанды,

Сол қыздың қайратына жұрт таң қалды.

“Бар ма екен ерге тиер көңілің”, – деп,

Қызына Қатыран патша кісі салды.

 

– Бір іске жазған шығар Ием, – деді,

Ойланып Дариға қыз именбеді.

“Теңін тапқан кісі азбас” деген сөз бар,

20      Өзімдей палуан болса тием, – деді.

 

Осындай жауап берді ол адамға,

Бұл хабар есітілді Қатыранға.

Дариға жар шақыртты шартарапқа,

“Өзімді тиемін, – деп, – жыққан жанға”.

 

Бір күні қаза жетіп атасы өлді,

Дариға тақта отырып патша болды.

Алысып дәу, перінің халі келмей,

Биледі қайратымен оңды-солды.

 

Тием деп жыққан жанға хабар берді,

30      Әр жерден мұны естіп палуан келді.

Күресіп Дариғаға халі жетпей,

Келгеннің менменсініп бәрі де өлді.

 

Таудай боп зәңгі келді пілге мініп,

Аяғы піл үстінен сүйретіліп.

Дариға қаhарланып лақтырса,

Сүйегі күл болады күйретіліп.

 

Мұнан соң күресуге жан келмеді,

Күресемін деп келгеннің бәрі де өлді.

Іздеп келген жан болса күресем деп,

40      Дариға түзеттірді майдан жерді.

 

Алысып кім пар келер мұндай ерге,

Айбатты жұрт билеген кемеңгерге.

Іздеп келген палуанның орыны деп,

Алтын діңгек орнатты майдан жерге.

 

– Палуандарға бұл белгі болсын, – деді,

Көрген адам тамаша қылсын, – деді.

Кімде-кім күресем деп келген болса,

Алтын діңгек түбінде тұрсын, – деді.

 

Сейіл қып мен һәр жерде жүрем, – деді,

50      Мұнарадан көз салып көрем, – деді.

Алтын діңгек түбіне барып тұрса,

Күрескелі келгенін білем, – деді.

 

Түбіне алтын діңгек палуан барды,

Дариға мұнарадан көзін салды.

Жұртын жиып Дариға тамашаға,

Күресіп набуд қылды талайларды.

 

Жайылды осы хабар шартарапқа,

Дариға отырады алтын таққа.

Дариғаның осындай шаhараты

60      Естілді Мәдине, Мекке жаққа.

 

Дариға бәле болды палуандарға,

Күресем деп құмар боп барғандарға.

Бұл хабарды есітіп хазірет Әли,

Рұқсат тілеп барады пайғамбарға.

 

– Рұқсат тілеп сізден келдім, – деді,

Естіп Дариғаны білдім, – деді.

Мен барып сол қызбенен күресемін,

Иә, баба, маған бата бергіл, – деді.

 

Пайғамбар айтады: – Барма, тілімді алсаң,

70      Ар болар өзі келмей іздеп барсаң.

Ойлаған тәкаппарлық жарамайды,

һәр жерде менменсіген болар сарсаң.

 

Көңіліне Пайғамбардың қайғы түсті,

– Қой, балам, мақтаншылық мұндай істі.

Арнайы іздеп барған соң, жықсаң жақсы,

Ойлаңыз, жыға алмасаң бұл намыс-ты.

 

“Барма”  деп жауап берді Хақ Пайғамбар,

Арыслан “барайын” деп қылады зар.

– Иә, тақсыр, көңілім кетті, бата бер, – деп,

80     Сұрады мұнтазар боп Әли Хайдар.

 

– Иә, тақсыр, жүруші едім қалқаңызда,

Жүһүдті қойдай қырдым арқаңызда.

Күресіп көрмей қыздың күшін,

Құры даңқын естіп қорқамыз ба?

 

Күресіп мен көрейін қыздың күшін,

Өртенді естіген соң есі-түсім.

Иә, баба, сабыр-тағат қыла алмадым,

Барайын, бата бергіл Құдай үшін.

 

Ер Әли “бата бергіл” деп жылады,

90      “Барма” деп балалары көп жылады.

Әлидің тоқтамасын білгеннен соң,

Пайғамбар мойнын салып қайғы ойлады.

 

Отырды Хақ Пайғамбар мойнын салып,

Әлидің бұл сапарын көңіліне алып.

“Қыз жықса, балаларым не болар” деп,

Тұрады сол себепті қайғыланып.

 

Сескенді естіген жан жалғыз қыздан,

Не іс болса махфузда Құдай жазған.

Әлидің тоқтамасын білгеннен соң,

100   Пайғамбар бата берді амалсыздан.

 

Оқыды нәфіл намаз Пайғамбары,

Дұғаға қол көтерді шаhариары.

Бір Құдаға тапсырып, зары қылып,

“Иә, Алла, өзің бол, – деп, – медеткері”.

 

– Иә, Алла, жәрдем бергіл, Рахманы сен,

Хауаһласаң пендеңді жарылқарсың.

Үшбу сапар жәрдем бер ғарібіңе,

Пендеңе ата-анадан мейірбансың.

 

Мойнына фута салды Хақ Пайғамбар,

110    Қол жайды қойдай шулап сахабалар.

Хасен менен Хұсайын “әумин” деп,

Фатима бір Құдайға қылады зар.

 

Он жеті – ер Әлидің балалары,

Бәрі де жылап тұрды, халал жары.

Баршасы “әумин” деп қолын жайып,

Мүбәрак дұға қылды Пайғамбары.

 

Қол жайды отыз үш мың сахабасы,

Әбубәкір, Омар мен Ғұсман – басы.

“Әлидің халі нешік болады”, – деп,

120    Мүбәрак көздерінен ақты жасы.

 

Пайғамбар қол көтеріп қылды дұға:

– Тапсырдым бір өзіңе, Қадір Құда.

Рахима, Рахман атты бар Құдайым,

Үстем қыл ер Әлиді Дариғаға.

 

Дүлдүлге Әли сонда мініп алды,

Ел-жұрты амандасып бәрі қалды.

Көргенше Дариғаны құмар болып,

Самарқан шаhарына шыға салды.

 

Ер Әли Самарқанға кетіп қалды,

130    Жад етіп сиынады Пайғамбарды.

Алты айшылық жол екен екі арасы,

Дүлдүлмен алты күнде жетіп барды.

 

Ер Әли Самарқанға ізденеді,

Дүниеде есіткенді көз көреді.

Самарқан шаhарына барып тұрса,

Бір кемпір сиыр сауған кез келеді.

 

Кемпірге сөйлесуге Әли келді,

Осылайша келді де жауап берді:

– Атағы жерді жарған Дариға қыз

140     Үйде ме, осы күнде білдің бе енді?

 

Тиді ме Дариға қыз байға, – дейді,

Көрді ме палуандықтан пайда? – дейді.

Мен дағы күрескелі келіп едім,

Дариға осы күнде қайда? – дейді.

 

– Сен сұрап Дариғаны не қыласың,

Жүзін көрсең есіңнен жаңыласың.

Күресем деп келгендер жығамын деп,

Артына тастап кетті мал мен басын.

 

– Сөзіңе таң қаламын, кемпір,сенің,

150     Күшімді көріп пе едің бұрын менің?!

Күреспестен мақтадың Дариғаны,

Құдай білер кім артық, кімнің кемін.

 

– Сен түгіл, мұнарадай зәңгі келген,

Күресем деп келгеннің бәрі де өлген.

Адамзаттың күресіп күші жетпес,

Қайратын Дариғаның көзім көрген.

 

– Адамға бермек-алмақ бір Құдайдан,

Ер емес бір айтқан соң сөзден тайған.

Өлгенше сен мақтайсың Дариғаны,

160     Менің қандай екенімді білдің қайдан?

 

– Қазір әуре болмағын, тілімді алсаң,

Күресем деп көп адам болған сарсаң.

Сен сондай боларсың, жарықтығым,

Қайтеді тек үйіңе қайтып барсаң.

 

– Енді келер ашуым, кемпір, саған,

Ашулансам боларсың иттен жаман.

Әуелі Дариғаның жайы қалай,

Ертерек өлмей тұрып, айтшы маған.

 

– Ендеше, бері таман мойныңды бұр,

170     Өз обалың өзіңе, айтайын сыр.

Шаhардың ортасында үлкен майдан,

Алтын діңгек түбіне бар дағы тұр.

 

Дариға тамаша қып күнде келер,

Мұнараның басында ойнап-күлер.

Алтын діңгек түбіне барып тұрсаң,

Күресуге келгенін айтпай білер.

 

Кемпірден Әли сұрап білді сырды,

Дүниеде көріп пе едің мұндай ерді.

Дүлдүлін бір ағашқа байлай салып,

180     Алтын діңгек түбіне барып тұрды.

 

Дариға мұнараға шығып барды,

Алтын діңгек түбіне көзін салды.

Күресуге жан келмей қойып еді,

“Бұл кім?” деп ер Әлиге қайран қалды.

 

Дариға айтушы еді кәрі-жасқа,

Бір жүрген өзіменен ақылдасқа:

– Меніменен күреспеген Әли қалды,

Палуанның бәрін жықтым онан басқа.

 

Бар дейді Мәдинеде Әли палуан,

190     Менімен күреспеген сол-ақ қалған.

Күресіп сол Әлидің жығып өзін,

Шаhарын ойран қылсам, жоқ менде арман.

 

Солай деп отырғанда Әли келді,

Түбінде діңгегінің көзі көрді.

“Анау тұрған кім екен, біліп кел”, – деп,

Дариға жарлық қылды біреуге енді.

 

Әлиге сөйлескелі біреу келді,

Патшасы бұйырған соң дереу келді.

Әлидің айбат түсін көргеннен соң,

200    Қалтырап тұла бойы дірілдеді.

 

Жөнелді сөйлеспестен қайта қашып,

Білмеді не істерін қатты сасып

Дариғаның алдына кіріп барып,

Кете жазды патшаның өзін басып.

 

– Сен қорқып бүйтіп келдің, кімнен қашып,

Көзіңе не көрінді мұнша сасып?!

Қалтырап өне бойы жын ұрғандай,

Отыр ма бұл шіркінді қара басып.

 

– Түбінде отыр бір кісі діңгегіңнің,

210    Соған халі жете алмас кімде-кімнің.

Түсі суық жан екен, бек айбатты,

Сұрауға мен қорықтым кім екенін.

 

– Сені де еркек деп тапты-ау анаң, – дейді,

Ұялмай не деп айттың маған, – дейді.

Ол өзі адам ба екен, пері ме екен,

Көрінген әлдеқандай саған, – дейді.

 

Ендеше, ол кісіге мен барайын,

Палуанның жоғалтып ем бірталайын.

Пері болса, дәу болса – сөз сенікі,

220     Адам болса, табылар сенің жайың.

 

Дариға ашуланып өзі келді,

Әлидің айбат түсін көзі көрді.

“Айтқанындай кісі екен түсі суық”

Деп ойлап, ер Әлиге: “кімсің?” деді.

 

– Кім едің, қайдан жүрсің, айтшы маған,

Атың кім, қай нәсілді ата-бабаң?

Бұл елден түрің бөлек –  Әлимісің,

Көрмедім түсі суық сендей адам.

 

– Бабам менің – Мұхаммед Хақ Пайғамбар,

230     Жолдасым, дұғагөйім – шаhариарлар.

Тұрған жерім – Мәдине  Мұнаууара,

Сұрасаң, менім атым – Әли Хайдар.

 

– Сен рас Әлимісің енді, – дейді,

Әли болсаң, тілегімді берді, – дейді.

Өзім іздеп барғалы жүруші едім,

Құдай айдап өзіңді келді, – дейді.

 

Құдай айдап өзіңді маған берді,

Пасықсың деп қырыпсың тамам елді.

Нағып жүрсің, жайыңды айтшы жылдам,

240     Өз қылғаның алдыңа келер енді.

 

– Күрескелі мен іздеп келем саған,

Сен мені аямағыл, келсе шамаң.

Жықпай тұрып, лепіріп мақтанасың,

Қайдан білдің жетерін күшің маған?

 

– Жайымды менің, сірә, білемісің,

Ерегіспей жөніңе жүремісің.

Мені жықсаң, тиемін енді саған,

Мен жықсам, сен дініме кіремісің?

 

Жаратқан Құдай артық Әли Шерді,

250     Бұл сөзін Дариғаның қабыл көрді.

Оларда қашатұғын мінез бар ма,

“Құп, болады” деді де жауап берді.

 

Сонда қыз тамам жұртын жиып алды,

Сауыт-сайман құралын киіп алды.

“Бұ сапар Дариғаға қор қылма” деп,

Ер Әли бір Аллаға сиынады.

 

Келеді жабдықтанып Дариға қыз,

Ер Әли тәуекел қып отыр жалғыз.

Күресін тамаша қып көреміз деп,

260     Жиылды шаhар халқы неше мың жүз.

 

Әли айтты: – Бола көр, Тәңірім, панаһ,

Жаралған құдіретіңмен арду-самаh.

Қашыртып Дариғаның хал-шамасын,

Ақырды айбаттанып үш мәртебе.

 

Ақырды қайраттанып Әли батыр,

Болғандай жер қозғалды заманақыр.

Зілзала жердің жүзі, зұлмат болып,

Жүректері жарылып өліп жатыр.

Бір түгі Дариғаның қимылдамай,

270     Қауіпсіз һеш нәрседен келе жатыр.

 

Жүһүдтің тамы құлап, қирады елі,

Сонда да босанбайды қыздың белі.

Әли мінді Дүлдүлге, қыз – керікке,

Тартысты ат үстінен екі шері.

 

Тартысып бірін-бірі ала алмады,

Ат жүріп адым жерге бара алмады.

Екеуінің қуаты бірдей болып,

Ер Әли жад етеді бір Алланы.

 

Кетпейді бұрынғы айтқан сөз есінен,

280     Қысылып жаңылмайды қыз есінен.

Екеуі шіренісіп тартысқанда,

Аттары жерге кірді тізесінен.

 

Ақырып бірін-бірі тартады енді,

Көңілі күштерінен қайтады енді.

“Кел, күрес аттан түсіп салайық”, – деп,

Екі шері бір-біріне айтады енді.

 

Осылай бір-біріне ақыл салды,

Бұ сөзді екеуі де қабыл алды.

“Ал, күрес аттан түсіп саламыз”, – деп,

290     Сол жерде екі палуан түсе қалды.

 

Болған жоқ біреуінен біреуі артық,

Тұрар емес бірінен-бірі қорқып.

Дүлдүл менен керіктен түсті дағы,

Ұстасты екі палуан қолма-қолтық.

 

Тастайды бірін-бірі кезек-кезек,

Тұрған жоқ аянысып бойын тежеп.

Алысқан екеуінің зардабымен

Қыр сай болып, қыр болып терең өзек.

 

Жиылды тамаша қып тамам халық,

300    Қайсысы жығылад деп қайран қалып.

Тірі жан қызығынан тамақ ішпей,

Шам жағып қарап тұрды бәрі барып.

 

Алысты тыным алмай күні-түні,

Тілеулес Дариғаға ағайыны.

Сиынып бір Құдайға хазірет Әли,

Алысты бір дамылсыз он бес күні.

 

Бұрын Әли көрмеген бұндай істі,

Адамзатта кім шығар қыздан күшті.

Он бес күнгі намазы қаза болып,

310     Ойына ер Әлидің сонда түсті.

 

Намаз қаза болғанын Әли білді,

“Намазым қаза болған он бес күнгі

Оқып, өтеп келейін, рұқсат бер”, – деп,

Ер Әли Дариғадан жауап сұрды.

 

– Күрескен Дариға қыз, қолыңды жаз,

Оқиын тауға барып қаза намаз.

Намазым қаза болған себебінен,

Жығуға енді сені болмас мазаж.

 

Қыз айтты: – Әли, саған құмар едім,

320     Ас ішпей тағы біраз шыдар едім.

Арманда болады деп жіберемін,

Болмаса қоя бермей жығар едім.

 

Мен де барып келейін тамақтанып,

Он бес күн ұйықтамадым мейірім қанып.

Оқы да намазыңды, жылдам келгіл,

Қорқып, қашып кетпеңіз сөзден танып.

 

Солай деп ер Әлиді қоя берді,

Әли жалғыз бір үлкен тауға келді.

Намазын ада қылып болғаннан соң,

330     Аллаға мінәжат қып зар еңіреді.

 

– Құдай-а, Ахад, Самад, Кәрім едің,

Пақырды өзің сүйіп “шерім” дедің,

Үстем қыл Дариғаға мерейімді,

һәр жерде-ақ мұратымды беріп едің.

 

Медет бер ғарібіңе, Зұлжалалым,

Өзің жәрдем бермесең бар ма амалым?!

“Арысланым” деп едің Әуел, Ақыр,

Бір қызға не себептен келмеді халім?!

 

Құдай-а, Қади хажат, тілегім бер,

340     Жар болып, құдіретіңмен қолтықтай көр.

Бермесең өзің медет, иә, Иләһым,

Жолдассыз, өзі жалғыз қысылды Шер.

 

Әуелі, жад етемін, Тәңірім, сені,

Пендеңнің сен ерүрсің қадірданы.

Иә, Рахман, рахматыңнан үмітім көп,

Хақы үшін ұлық затың, қолда мені.

 

Жәрдем қыл, барша әнбия, мұрсал нәби,

Бұл сапар рәсуа қылма мен пендені.

Жылаймын құдіретіңе мұқтажданып,

350    Медет бер, Нұрмұхаммед хақ Сәруары.

 

Сәруары, екі дүниеде бабам едің,

Жар болған қысылғанда панам едің.

Иә, тақсыр, Әбубәкір, Омар, Оспан,

Жәрдем бер, жаннан ғазиз ағам едің.

 

Фатима, шын сүйікті халал жарым,

Хұсайын, Хасен менен балаларым,

Енді маған жәрдемші болмасаңдар,

Келмеді палуанға шамаларым.

 

Сахаба отыз үш мың жолдастарым,

360     Біреуі мың кісілік жолбарыстарым,

Менен болдың бейхабар не себептен,

Біреуің осындайда жолғаспадың.

 

Тілеулес болды жылап көк пенен жер,

Қол жайып “әумин” деді періштелер.

Айтады мінәжат қып баршалары:

“Құдай-а, ер Әлидің тілегін бер”.

 

Әлидің қысылғанын Расул білді,

Қол жайып тақсыр сонда дұға қылды.

“Дұғасын қабыл қылдым, достыма айт”, – деп,

370     Жіберді Пайғамбарға Жәбірейілді.

 

– Хабибім, қысылғанға жарсың, – деді,

Әли қайтып майданға барсын, – деді.

Енді барса жығады Дариғаны,

Өлтірмей, неке қиып алсын, – деді.

 

Ер Әли бір зар берсін ол майданда,

Тамаша құдіретімді көрсін анда.

Ол Дариға алғаннан соң ұғыл табар,

Баланың атын қойсын – Шаhизинда.

 

Жәбірейіл Пайғамбарға хабар берді,

380     Қуанып Расул Алла түрегелді.

Құданың бұл пәрменін естіген соң,

Шат болып Пайғамбарым қуанды енді.

 

Ер Әли жатыр еді зарлық қылып,

Аз ғана нәпіс алды көзін жұмып.

Жарлығын бір Алланың бастан-аяқ

Пайғамбар мағлұм қылды түсіне еніп.

 

Қуанып хазірет Әли түрегелді,

Майдан жерге қарата жүре берді.

Ішіп-жеп, күліп-ойнап, қайраттанып,

390     Майданға қыз да келіп отыр еді.

 

– Күшімді әбден кіргіздім мен тойғызып,

Сен іштің қайдан тамақ, шай қойғызып?

Бойыңда арман кетпес, керегіңді айт,

Берейін қарның ашса, мал сойғызып.

 

– Айтасың мұны неден, ақылы кем,

Дүниеге қуаттанған ақымақсың сен.

Дінімнің шын хақтығын мұнан білгіл,

Тамақты жемегенім – жегенмен тең.

 

Дегенге “сен ақымақсың” ашуланды,

400     Қып-қызыл екі көзі оттай жанды.

“Ғапыл болмай, ендеше, берік бол”, – деп,

Дариға ер Әлиге жетіп барды.

 

Беліне бір-бірінің қолын салды,

Мықтасып екеуі де ұстап алды.

Екі аждаhа кәдімгі жұлысқандай,

Жер қозғалып, ел қорқып қайран қалды.

 

Екі ер бір зар беріп қаhарланды,

“Иә, Ханнан, иә, Маннан” деп айғай салды.

Қуанып періштелер тәкбир айтып,

410      Доптай қып Дариғаны жұлып алды.

 

Көтеріп лақтырды үш мәртебе,

Көзінен халайықтың болды жүдә.

Сүйегі жерге түссе күл болар деп,

Қолымен қағып алды Шері Құда.

 

Дариға сонда айтады: – Иә, Арыслан,

Түсімде сізді маған Құдай қосқан.

Мен сіздік болдым енді, жай қоя бер,

Жығылды деп айтпасын көрген дұшпан.

 

Кәлима шаhадатты жары қылды,

420     Исламның шын хақтығын енді білді.

“Құдай бір, Құран шын, Пайғамбар хақ”,

Деді де, Дариға қыз дінге кірді.

 

Үйретті иман ислам хазірет Әли,

Жиылды Самарқанның күллі шәрі.

Дариға жар шақыртты “иман айт”  деп,

Сонан соң иман айтты жанның бәрі.

 

Тамам кәпір мұсылман болып қалды.

Ер Әли Дариғаны некаһланды.

Құрметтеп Арысланды жанның бәрі

430     Үйіне патшасының алып барды.

 

Жүһүдтің пұтханасын сындырады,

Медресе, мешіт бина қылдырады.

Шариғат жолын айтып тағылым беріп,

Көңілін батыр Әли тындырады.

 

Тірі жан иман айтып таупиқтанды,

Үйреніп кәлим Алла, сабақ алды.

Дариға бір уәзірін патша қылып,

Көндірді хүкіміне тамам елді.

 

Ер Әли алты ай тұрды Самарқанда,

440     Үйретіп иман ислам барша жанға.

Алты айда Дариға қыз жүкті болды,

Бір күні мағлұм болды Арысланға.

 

Жүктісін Дариғаның Әли білді,

“Құдай-а, бергеніңе шүкір”, – деді.

Бір күні Әли ұйықтап жатыр еді,

Түсінде Расул Алла хабар берді.

 

– Иә, балам, Мәдинені ұмыттың ба,

Көңіліңді Фатимадан суыттың ба?

Келмесін Дариға қыз, сонда тұрсын,

450     Иә, Әли, көп кешікпе, қайтқын мұнда.

 

Құданың әмірі осы, мұны тыңда,

Дариға келмей, тұрсын, – дейді, – сонда.

Алты айлық құрсағында ұғыл бала бар,

Туған соң атын қойсын – Шаhизинда.

 

Әли ұйқыдан оянып түрегелді,

Көргенін Дариғаға айтады енді.

Түсінде Пайғамбарды көргеннен соң,

Сағынып балаларын зар еңіреді.

 

Айтады Дариғаға Әли Хайдар:

460    – Қайтқыл деп бабам маған берді хабар.

“Кетемін, сен қаласың” дегеннен соң,

Дариға күйіп-жанып қылады зар.

 

Көргенін Әли айтады бастан-аяқ,

Бір ауыз сөзін бүгіп тастамай-ақ.

Бұйрықсыз амалы жоқ ап кетерге,

Тұрады Дариғаны қатты-ақ аяп.

 

Құданың әмірі деп Әли батыр,

Тоқтау қып Дариғаға айтады ақыл.

– Жылағанмен пайда жоқ, қой, Дариға,

470    Алланың тағдыры сол әуел-ақыр.

 

– Бай едім, бұрын патша, болдым жарлы,

Деп жылап, Дариға қыз қылды зарды.

– Тұрмасам да сізбенен бірге барып,

Зиярат қып келейін Пайғамбарды.

 

Хасен мен Хұсайынның нұрлы жүзін,

Халалыңыз Фатима Расул қызын,

Шапағат махшар күні қыла көр деп,

Тауап қылып келейін басқан ізін.

 

Көрейін Мәдинені Мұнаууара,

480     Жүрегім сіз кеткен соң болар жара.

Мүбәрак Пайғамбардың жүзін көріп,

Келейін армансыз боп мен бейшара.

 

Әли айтты: – Әй, Дариға, болма сарсаң,

Сабыр қыл, шүкірлік ет, тілімді алсаң.

Әмірін Пайғамбардың тәрік қылып,

Күнәға ғарық боласың, онда барсаң.

 

Алладан Пайғамбарға хабар келген,

Сол үшін бабам бізге хабар берген.

Қасында ғазиздердің тұрғандайсың,

490     Сиынсаң ықыласпенен алыс жерден.

 

Халал жүрсең, бізбен бір тұрғандайсың,

Онда барсаң, қарсылық қылғандайсың.

Құданың бұйырғанын махкам тұтсаң,

Пайғамбар шапағатынан құр қалмайсың.

 

Халалдықпен болып ең маған қатын,

Пайғамбар сенен үзбес шапағатын.

Алты айлық құрсағыңда аманат бар,

Туған соң Шаhизинда қойғын атын.

 

Дариға, рұқсат бер, разы бол,

500     Халал жүрсең, дүниеде болмайсың қор.

Шариғат бұйрығын тұт, дініңді күт,

Насихат бізден сізге – айтқаным сол.

 

Дариға сабыр қылып тұрды сонда,

Разылық бір-біріне берді сонда.

“Махшар күні болғанда қосылайық”, –

Деді де Әли Хайдар түсті жолға.

 

Разылық Дариғаға Әли берді,

Насихат жиып айтты тамам елді.

Қоштасып, баршасымен амандасып,

510     Ер Әли Мәдинеге жөнелді енді.

 

Көп халық амандасты зарлық айтып,

Жөнелді амандасып Әли кетіп.

Шариғат жолын махкам тапсырды да,

Ер Әли Мәдинеге келді жетіп.

 

Мүбәрак амандасты Пайғамбары,

Фатима қарсы шықты халал жары.

Сахаба отыз үш мың, төрт жарменен,

Көрісті қойдай шулап балалары.

 

Жаратқан Құдай артық Әли Шерді,

520    Ел-жұртын сау-саламат, аман көрді.

Самарқан қазынасынан хараж ап кеп,

Мәдине ғарібіне үлестірді.

 

Халайық жиылысып үйге толды,

Әли айтты хикаят қып сапар жолды.

Есітіп Дариғаның күш-қуатын

Тірі жан таңырқанып, аң-таң болды.

 

Дариға Самарқанда жалғыз жатты,

Көз жасы Әлиді ойлап көл боп ақты.

Кейде жылап қалады, кейде шүкір,

530     Күні толып Дариға бір ұғыл тапты.

 

Той қылып хабар берді барша жанға,

Бір жан қалмай жиылды Самарқанда.

Қуанып көп халайық жиылысып,

Баланың атын қойды Шаhизинда.

 

Тірі жан жас баланы құрметтеді,

Әлиден бізге қалған “белгі” деді.

Жеті жасқа келгенде Шаhизинда,

Оқысын деп молдаға әкеп берді.

 

Молдаға Шаhизинда оқыды енді,

540     Көңіліне ақыл, өнер тоқыды енді.

Жеті жаста баланың бой-денесі

Он бес жасар жігіттен артық еді.

 

Қай жерде ойын болса іздеп барды,

Асық ойнап балаға ұпай салды.

Ашуланып бір қойса Шаhизинда,

Балалар көшедегі өліп қалды.

 

Көздері балалардың жәудіреді,

Кез келсе Шаhизинда зар еңіреді.

Қойып барып бір шертсе маңдайына,

550    Сүйегі балалардың саудырады.

 

Баласын бағып алды тамам халық,

Көшеге шығармайды ойбай салып.

Арыслан ер Әлидің құрметі үшін

Ешбіреу сөйлемейді ашуланып.

 

Тірі жан кеп жылайды анасына,

Дариға ақыл айтады баласына.

Баласын жанның бәрі бағып алды,

Шығармай Самарқанның даласына.

 

Шаhизинда жалғыз жүрді сабақ оқып,

560     Қасына жоламайды бала қорқып.

Көшеде Шаhизинда келе жатса,

Бір кемпір отырады өрмек тоқып.

 

Кемпірдің тағы болды тамашасы,

Қасында отыр еді бір баласы.

Келгенін Шаhизинданың көргеннен соң,

Баланың қорқып ақты көзден жасы.

 

– Сен неге жылайсың? – деп ашуланды,

Жүгіріп Шаhизинда жетіп барды.

Маңдайына бір шертіп қалып еді,

570    Баласы өліп, сол кемпір ойбай салды.

 

Кемпір жылап шығарды қайғы-дертін:

– Елге қарар болмады, – деді, – бетім.

Жас баланы шаhарда түк қоймадың,

Әкеңді іздеп тапсаңшы, тірі жетім.

 

Солай деп кемпір зарлап жылайды енді,

Шаhизинда құлақ салып тыңдайды енді.

– Тірі жетім дегенің не дегенің,

Менің әкем қайда? – деп сұрайды енді.

 

– Баланы қыра беріп сенің нең бар,

580      Сен болдың жас басыңнан пейілі тар.

Тұрған жері – Мәдине Мұнаууара,

Сенің әкең, сұрасаң – Әли Хайдар.

 

Шаhизинда мұны естіп қайран қалды,

Тез үйіне жүгіріп жетіп барды.

– Иә, ана, әкем қайда, кім еді? – деп,

Барды да Дариғаға азап салды.

 

Дариға қайғыланды сонда тұрып:

“Қандай кісі айтты, – деп, – Құдай ұрып”.

“Балама ата жөнін білдірме” деп,

590    Көп елге айтқан екен жар шақырып.

 

Айтпады балам іздеп кетеді деп,

Тағы қайғы көңіліме бітеді деп.

“Әкең жоқ”  деп жасырды баласынан,

Іздеп кетіп түбіме жетеді деп.

 

Жылады екі көзі баласының,

Біледі бұрылғанын санасының.

– Айтпасаң да, қаңғырып кетемін, – деп,

Зарланып тынышын алды анасының.

 

Анасы амалсыздан жауап берді:

600     – Арыслан сенің әкең – Әли, – деді.

Тірі жүрсең көресің ержеткен соң,

Сен кетсең, не болам?! – деп еңіреді.

 

– Құданың Арысланы атаң – Әли,

Мәдине Мұнаууара тұрған шәрі.

Қасында төрт жары бар – асхабина,

Мұхаммед бабаң еді хақ Сәруары.

 

Есітіп анасынан бала білді:

– Иә, ана, рұқсат бергін маған, – деді.

Сабыр-тағат қылмаймын іздемесем,

610     Атама зияратқа барам, – деді.

 

– Қарағым, не боламын сен кеткен соң,

Тұра тұрып іздегін, ержеткен соң.

Жалғызым, қабағыма кім қарайды,

Өзің мені аямай еңіреткен соң.

 

– Тоқтамай рұқсат бер, анатайым,

Атамды іздемесем кетер жайым.

Кешікпей тірі болсам мен келермін,

Ажалға сабыр берсе бір Құдайым.

 

– Атыңнан айналайын, Шаhизинда,

620     Қайғылы-қасіретті мені қылма.

Нәсіп болса бір барып көрісерсің,

Зарлатпай мені біраз тұрғын мұнда.

 

– Іздемей мен атамды тұра алмаймын,

Мойнымды бөтен жаққа бұра алмаймын.

Есіркесең, рұқсат, бата бергіл,

Тоқтарға сабыр-қарар қыла алмаймын.

 

– Сен едің ұғыл мен қыздан көрген бізден,

Қайтейін, hәрне болса Тәңірім жазған.

Баланың тоқтамасын  білгеннен соң,

630     Анасы рұқсат берді амалсыздан.

 

– Тапсырдым бір Құдайға, барғыл, балам,

Не болар келгеніңше ғаріп анаң.

Мен үшін басқан ізін зиярат қып,

Атаңа сәлемімді айт, барсаң аман.

 

Ынтызар анам дегін өзіңізге,

Мүбәрак басып кеткен ізіңізге.

Болғанда махшар күні ұмытпасын,

Шапағат мақрұм қоймай қылсын бізге.

 

Атаңа айт: біз ғаріпті ұмытпасын,

640    Не боларсың келгенше мұңлы басым.

Ғарасат майданында медет қылсын, –

Деп айтып, зар-гөриан төкті жасын.

 

– Қош енді, аман-есен бол, құлыным,

Жалғызымнан айырып қор қылуын.

Аман болсаң, кешікпей қайтқын, балам,

Тұрайын тілекте боп мен мұңлығың.

 

Не болар келгеніңше ғаріп басым,

Сенсіз маған қан болар ішкен асым.

Ақырет майданында жолығарсың,

650     Тірілікте жүзіңді көре алмасам.

 

Әуелі атаң кетті жалғыз тастап,

Заман жоқ мені тірі оған қоспақ.

Сен туған соң шүкірлік қылып едім,

Айырылып тағы сенен, қалдым қаңырап.

 

Сен едің айым, күнім, көрер көзім,

Сарғаясың кеткен соң нұрлы жүзім.

Тірілікте көремін бе, көрмеймін бе,

Парасы бауырымның, жалғыз қозым.

 

Қарағым, кешікпей қайт, болсаң аман,

660     Басыма туды менің ақырзаман.

Құдай нәсіп қылмаса көрісуге,

Тағы да таудай қайғы түсті маған.

Қор-зар боп дүниеден өтемін де,

Ісіне Құдіреттің бар ма шарам.

 

– Қош, ана, мен келгенше болғын аман,

Бәддұға қыла көрме, десең балам.

Анажан, ақ сүтіңе разы болғыл,

Жүзіңді көре алмасам келіп hәман.

 

Өлермін ажал жетсе, мұнда келмей,

670     Менде арман көп болар, өлсем көрмей.

Иә, ана, мен келгенше сабырлық қыл,

Сарғайып зағыпырандай жылай бермей.

 

Амандасып жас бала түсті жолға,

Анасы амалы жоқ қалды зорға.

Қаңғырып жапан түзге шығып кетті,

Жылады “Иә, бабам, – деп, – өзің қолда”.

 

Жас бала кейде шаршап қысылады,

Тәуекел, мойнын Хаққа ұсынады.

Жолменен бет алдына келе жатса,

680    Бір адам ақ сақалды ұшырады.

 

Ол адам ақ сақалды Қызыр еді,

Келді де Шаhизинда сәлем берді.

– Барамын Мәдинеге мен мүсәпір,

Иә, баба, жол көрсеткіл маған, – деді.

 

Көрсетті жол төтесін Қызыр бабам:

“Бір Алла қуат берсін, ғаріп балам”.

Тартты да қара жердің танабына,

Жеткізді Мәдинеге есен-аман.

 

Баланы Қызыр баба жолға салды,

690     Жас бала кім екенін білмей қалды.

Көзінен сол арада ғайып болды,

Шаhизинда Мәдинеге жетіп барды.

 

Жериді Шаhизинда ойнап-күлмей,

Адамның жауаптасқан тілін білмей.

Қаңғырды Мәдиненің көшесінде,

Сөйлемей бір кісімен неше күндей.

 

Көшеде Пайғамбарым душар келді,

Баланы қарап тұрған көзі көрді.

Пайғамбар мойнын бұрып қарады да,

700     “Мынау кім, біздің затқа ұқсар”, – деді.

 

Пайғамбар осылай деп кетті жүріп,

Қарады мойнын бұрып, аз кідіріп.

Артынан Пайғамбардың Шаhизинда

Жөнелді көшеменен зыр жүгіріп.

 

Көшеде Шаhизинда қылады зар,

“Атама жолықтыр, – деп, – мені, Жаппар”.

Он жеті балаларын күрестіріп,

Төрт шаhариар мен жиылған Әли Хайдар.

 

Күрестіріп жатқанын бала көрді,

710     Қасына көңілі ауып тұрады енді.

Әкесі мен танымай ағаларын,

“Күрессем қалай болар мен де”, – деді.

 

– Күресіп болар ма екен мен де көрсем,

Балалар қашар еді елде көрсем.

Біреуімен баланың күресейін,

Иә, ата, маған дағы рұқсат берсең.

 

– Күресе ғой, ендеше, балам, – деді,

Күреспе деп айтпайын саған, – деді.

Өзің келіп тіледің, қой демейін,

720     Сен ренжіп кетерсің маған, – деді.

 

– Күрессең, кел бері, – деп Хасен барды,

Мықтасып белбеуінен ұстап алды.

Қолына тиісімен Шаhизинда

Көтеріп ер Хасенді жерге салды.

 

Хұсайын тағы ұстасты жетіп барып:

– Менің ағам жығылды сенен нағып?

Көтеріп Шаhизинда тағы жықты,

Әли тұр ыза болып қайран қалып.

 

Ыза боп ер Ханифа қарап тұрды,

730    “Екі ағам жығылды”, – деп намыс қылды.

Ұстасып ары-бері жүрді дағы,

Көтеріп Ханифаны айналдырды.

 

Сол жерде Әли Хайдар жетіп барды,

Бек қатты ашуы кеп қаhарланды.

“Бәрін де балалардың жықты ғой”, – деп,

Қолынан Ханифаны жұлып алды.

 

– Жықтым деп балаларды сен есірме,

Бұлардың кім екенін білесің бе?

Күресіп бәрін жықтың осы жерде,

740     Менімен көңілің бар ма күресуге?

 

– Жығылды балаңыздың бәрі бізден,

Қан кетер ашуланса қызыл жүзден.

Күрестен сіз қашпасаң, мен қашпаймын,

Жығылсам ұяты жоқ, ата, сізден.

 

Ер Әли ызаланып кетеді енді,

“Қайтсем де саған күшім жетер”, – деді.

Ер Әли қаhарланып сілтеп еді,

Табанын қара жерден көтермеді.

 

Ер Әли көрген емес мұндай істі,

750     Ойлайды неткен жан деп мұндай күшті.

Кезекпен Шаhизинда тастап еді,

Арыслан қырық қадам жерге түсті.

 

Бұл іске Әли Хайдар қайран қалған,

Мұндайлық көрген емес тірі жаннан.

Қаhары Арысланның қатты келіп,

Деп айтты ұстарында: – Уа, иә, Ханнан!

 

Бала айтты: – Медет бергін, маған, – деді,

Мұхаммед Расул Алла – бабам, – деді.

Хасен мен Хұсайын ағаларым,

760     Сиындым, атам Әли, саған, – деді.

 

Қолдай көр, Нұрмұхаммед, тақсыр бабам,

Жәрдем бер, атам Әли Шаhимардан.

Сүйікті Пайғамбардың перзенті едің,

Фатима, жәрдем бергін, мұшапақ анам.

 

Мұхаммед, Құдай досты бабам едің,

Жар болған қысылғанда панам едің.

Күрескен Арысланмен он жеті күн

Қолдай көр, кел, Дариға анам едің.

 

Ер Әли мұны естіп қайран қалды,

770     Баланың келбетіне көзін салды.

Шаhизинда екенін таныған соң,

“Әй, балам, атаң – мен”, – деп сүйіп алды.

 

– Есен-сау, ер жеттің бе, ғаріп балам,

Сау-саламат отыр ма  Дариға анаң?

Аллаға мың шүкіршілік қылдым енді,

Тіріде көрдім сені есен-аман.

 

Өз атасы екенін бала білді,

Ұстаған қолын жазып қоя берді.

“Танымай әдепсіздік іс қылдым”, – деп,

780     Сол жерде Шаhизинда зар иледі.

 

Зарланып Шаhизинда қатты күйді,

Бетінен “қой, балам” деп Әли сүйді.

– Не бетіммен жүрем, – деп, – ұялмастан,

Атам менен ағама қолым тиді.

 

Көзінен Шаhизинда төкті жасты,

Зарлығы сол арада жаннан асты.

“Не бетіммен сіздерді көремін”, – деп,

Жұлқынып ұстатпастан тұра қашты.

 

Тұрмады шақырса да Шаhизинда,

790     Ер Әли арт жағынан қуды сонда.

Қуса дағы Әлиге жеткізбестен,

Бір үлкен тауға қарай түсті жолға.

 

Жете алмай хазірет Әли қайтып келді,

Қуғалы Дүлдүліне келіп мінді.

Дүлдүлімен қуса да жете алмады,

Бір үлкен Шаhизинда тауға кірді.

 

Сол тауды хазірет Әли аралады,

Дерегін баласының таба алмады.

“Бір көріп перзентімнен айырылдым”, – деп,

800     Әли кеп Пайғамбарға зар жылады.

 

Пайғамбар жиып алды елдің бәрін,

Әлидің баласы үшін көңілі жарым.

Тірі жан қарағалы жатыр еді,

Расулға хабар берді Жаппар, Кәрім.

 

Ер Әли баласы үшін зар жылады,

Әр істі өзі қылған бір Құдай-ды.

Жәбірейіл Пайғамбарға хабар берді:

– Баласын іздемесін, таба алмайды.

 

Бір ғарде мекен қылып тұрар, – деді,

810     Ақырзаман болғанда шығар, – деді.

Оған шейін оқ жонар ғар ішінде,

Ғазатты мәжусиге қылар, – деді.

 

Іздеп барса, ол ғарды Әли көрер,

Көрген соң көзіменен өзі білер.

Ықылас-көңілімен барған жанға

Ол оқтың жонған дауысы есітілер.

 

Осылайша Жәбірейіл хабар берді,

Тоқтатты Пайғамбарым Әли Шерді.

Шаһизинда ғайып боп кірген жерін

820     Әли мен көп халайық барып көрді.

 

Бұл жақтан қытай барар Самарқанға,

Көк тасқа харуж қылар тірі пенде.

Көктен Иса түседі, жерден – Маhди,

Шығады сол мезгілде Шаhизинда.

 

Біздерге жәрдем берген патша Құдай,

Қиссаны мұнан басқа біттім талай.

Оқығандар бір дұға қылар ма деп,

Аяғын тамам қылсам, дерсіз қалай.

 

Кітаптан тасниф қылдым мұның өзін,

830     Өлең қып бір нұсқадан жаздым сөзін.

Қазанға бастыруға үміт етіп,

Қата болып кете ме деп талды көзім.

 

Молдалар, назарың сал жазған хатқа,

Алмаңыз қата болса мәләматқа.

Қатасыз бір Алланың жалғыз өзі,

Күнәсіз пенде болмас адамзатта.

 

Тұтыңыз тірілікте діннің жолын,

Алдайды “дін күтпе” деп мал мен пұлың.

Шайхысламұғлы Жүсіпбек деп,

840     Қағазға мағлұм үшін қойдым қолым.

 

Атым мәшhүр әр жерде, кітаптарда,

Қағазбен таныс болдым ғылым-халға.

Дүниеде ғасы болған мен құлыңды

Жеткергіл мұратына, Раббым Алла.

 

Иә, Раббым, жеткергейсің мұратыма,

Мендей боп, сірә, пендең жылады ма?

Рахман Алла, жарылқа мен ғасыны,

Жасымнан салдың талай сынағыңа.

 

Иә, Алла, иә, Рахман, ұлық есімің,

850     Бәрі оңай өзіңе барша істің.

Иә, Рахим, иә, Мәлік, иә, Құдыс, иә, Сәлам,

Ізгі қып, қабыл әйла әр кәсібім.

 

Қылмаған құлдық, тағат мен бір ғасы,

Көп ақты қайғыменен көзім жасы.

Тоқсан тоғыз есіміңнің құрметі үшін

Жеткізіп мен құлыңды жарылқашы.

 

Жарылқа мен құлыңды мұнан былай,

Қарайып кетті көңілім жылай-жылай.

Жамиғы Пайғамбарлар хақы үшін

860     Жеткергіл мұратыма, Қадір Құдай.

 

Мінәжат Жүсіпбек

 

Бисмиллаhи Рахман ир-Рахим.

Хамду бейхад ғадат,

Жаратқан Хақтың санасы.

Би мекен, би мысал,

Хамдының үшбу сарасы.

һешкімнен Алла тумаған,

Жоқ-дүр ата-анасы,

Тудырмады, жоқ-дүр баласы.

Зин, перзент бар деп Құдайға,

870     Хауариждер қылар таласы.

Аузына тас хауариждің,

Ол қылған бекер жаласы.

Әуелінің басы жоқ,

Ақырының шамасы.

Бір өзінің мүлкі-дүр

Аспан, жер, мақұлық hәммасы.

Әуелі Алла жаратты

Нұрхайрулла наманы,

Ошал нұрдан халик етті

880     Он сегіз мың ғаламды.

 

Қисса Шаһизинда

Алғаш рет 1898 жылы Қазан қаласында араб әрпімен басылды. Дастанды жариялаған – Жүсіпбек Шайхысламұлы. Бұл шығарманың мазмұны “Дариға қыз” дастанына өте жақын.

Алайда, шығарманың да, кейіпкерінің де аты өзгерген.

Шаһизинда – парсы тілінен аударғанда “тірі патша” деген ұғымды білдіреді.

Кейбір тарихи деректерде Шаһизинда – Қусам ибн Аббас деген адамның лақаб есімі екені айтылады. Ол VІІ ғасырда араб басқыншыларымен бірге Орта Азияға келген Пайғамбар ұрпақтарының бірі сияқты. Аңыздың баяндауынша, ол намаз кезінде қарсыластарының шабуылына ұшырап, жасырынуға мәжбүр болады. Бір әңгімелерде Қусам ибн Аббас жер асты құдығы арқылы баққа барып жасырынады және күні бүгінге шейін сол жерде өмір сүреді-міс. Бұл жер орта ғасырлардың өзінде-ақ самарқандық мұсылмандар табынатын әулиелі мекенге айналған. Әйгілі Ақсақ Темір Шаһизиндаға арнап әсем де күмбезді мазар салдырған.

Жоғарыда баяндалған аңыз қиямет-қайымда қайта оралуға тиіс ғайып болған “жасырын имам” туралы хикаяларға тікелей қатысты. Демек, жер астына кіріп кетсе де, халық “имам тірі, ол өлген жоқ, әлі қайтып келеді” деп сеніп, оны тірі патша, яғни Шаһизинда деп атаған.

“Шаһизинда” мен “Дариға қыз” дастандарының сюжеттік желісі бір болғанымен, екі нұсқаның арасында елеулі ерекшеліктер барлығы да анықталды.

Біріншіден, “Дариға қызда” (Мәулекей нұсқасы) Қатыран – қала атауы болса, “Шаһизинда” (Жүсіпбек нұсқасы) дастанында ол – патшаның есімі. Мұнда қаланың аты – Самарқан.

Екіншіден, шығарманың кіріспесі бірінші нұсқада тым қысқа жазылған. Сондай-ақ Әли батырға жолығатын кісі – кемпір болса, екінші нұсқада ол – қарауыл.

Алғашқы вариантта Дариға алтын діңгекке өзі келсе, екіншісінде қызметкерлері кілемге отырғызып әкеледі. Мәулекейде – қыздың әкесі бар болса, Жүсіпбекте – қайтыс болған. Бірінші нұсқада Әли хазірет пен Дариға он төрт күн күрессе, Жүсіпбекте он бес күн алысады.

Үшіншіден, Шаһизинда “әкесінің Әли екенін” балалардың аузынан естісе, Жүсіпбекте – кемпірден естиді. Мәулекейде Шаһизинда Мекке-Мәдинеге керуенге ілесіп барса, Жүсіпбек нұсқасында “Қызыр бабаның жол сілтеуімен” тез жетеді.

Дегенмен дастанның негізгі сюжеттік фабуласы толық сақталған. Оқиғалардың мекендік, мерзімдік орналасуы да үндесіп тұр. Алайда кісі есімдері (мысалы: Маһди-Шаһизинда) мен жер-су аттарында, сондай-ақ  жекелеген мотивтік өзгерістер, стильдік, көркемдік айырмашылықтар бар екенін айтқан абзал. Мұнымен қатар, Жүсіпбек пен Мәулекейдің жыршылық деңгейі, сөз қолданыстары да әр түрлі екенін ескермеуге болмайды.

Мәулекей нұсқасының көлемі – 580 жол болса, Жүсіпбек варианты – 860 жолды құраған.

Жоғарыдағы айтылған ұқсастықтар мен айырмашылықтарды ескере отырып, жүз жыл бойына жарияланбай келген Жүсіпбек варианты да томға енгізіліп отыр.

Сондай-ақ Жүсіпбек жырлаған дастанның ел арасынан табылған көшірмесін 1995 жылы Ш.Әлдибекұлы деген азамат жеке кітап етіп шығарғанын (Алматы: Шабыт, 1995. – 44б.) атап айтқан жөн. Басылымда дастанның түпнұсқасы жайында еш мәлімет жоқ. Дегенмен шығарушы кітапшаның 5-бетінде: “Бұл кімнің қолжазбасы екенінен бейхабармын. Әйтсе де, “өлең ғып бір нұсқадан жаздым сөзін” деген адам Шайхытұлы Юсінбек деп қисса соңында аты-жөнін қалдырған екен” – деп жазыпты. Біздіңше, құрастырушының Шайқытұлы Юсінбек деп отырғаны – Жүсіпбек Шайхысламұлы.

Томға ұсынылып отырған мәтін 1899 жылғы басылымнан әзірленді.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button