Майлықожа

Майлықожа – әулие ақын

Ассалаумуғалейкум, құрметті бауырлар!

 Танымыйтын адамдарда: «Мінберге шыққан кім, бұл азамат не тындырды? Көпке әңгіме айтуға қаншылықты құқығы бар» деген сауалдың тууы – заңды құбылыс.

Өзім туралы айта кетейін.

Аты-жөнім – Үсен Асқаров. Мен Өзбекстанның Ташкент облысында орналасқан Бостандық ауданының тумасы, «Қаңлы сейітпін». Мен – 7 жыл бойы Британияның Би-Би-Си радиосының Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ қызметінің тілшісі, 2006-2008 жылдары Өзбекстандағы 1,5 миллиондық қазақ қауымының төрағысы болдым. Ал бүгінде Шымкент қаласында тұрамын.

Би-Би-Си радиосының Орталық Азия және Кавказ бойынша тілшісі ретінде қашанда Қазақстанның мүдделерін ілгерілетуге күш салғанымды, саясатшылар – Борис Ельцин, Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов, АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд, Израильдің 12-і Премьер-министрі Эхуд Ольмертке – ұлт мүддесі  және діндестеріме араша тұрғысында сауалдар қойғанымды мақтан тұтамын, ал  Лондонда продюсерлік қызметте жүргенімде – Гайд паркте қазақ тілінде бірінші рет христиан әлемінің мұсылмандарға жасаған озбырлығы туралы сөз сөйлеген азамат болғанымды – өзіме үлкен мәртебе санаймын.

Кезінде Шымкентте «Қазақ-өзбек университетінің» ашылуына себепші болдым.

Төрағалық миссиям кезінде мыңдаған студенттерді Қазақстанға оқуға жіберіп, Атажұртқа қарай бет алған толыққанды білім миграциясын қалыптастырған азаматпын.

Басқа да талай шаруа атқарылды…

 Құрметті бауырлар!

 Бүгін Сыр бойының әуле-ешандары туралы айтылып жатыр. Алла оларды өз рахметіне алған болсын! 

Мен Сырдың жоғарғы ағысындағы Әулие дәрежесіне жеткен ұлы ақынымыз – Майлықожа Сұлтанқожа туралы ой қозғамақпын. Қожада – Аллаға шексіз шүкір – әулиелер де, ғұламалар да, би-болыстар да, батырлар да көп. Бірақ – Майлықожа біреу. Өз заманында оған тең келер ақын болған жоқ.

 Құрметті қауым!

 Майлықожа – рулық деңгейден ұлттық деңгейге көтерілген тұлға. Майлықожа – біздің  идентификациялық кодымыз, рухани таңбамыз, яғни тектік болмысымыздың негізі, тірегі, қайнар көзі. Қазақ топырағында Майлықожадай Алланы дәріптеген, Оның сүйікті әрі соңғы пайғамбары екі әлемнің сардары – Мұхаммед с.а.с. поэзиялық тұрғыдан  сипаттай білген, дін мен иманды сол ұлы бабамыздай насихаттаған данышпан  ақын жоқ. Жәннәттің кіліті аяғының астында болған аяулы  Аналар жайлы Майлықожадан артық  әлі ешкім айта алмады.

Айта кетейін – менің Майлы атама деген құрметім мен махаббатым шексіз – Майлықожаның кітабын дәретсіз қолға алмаймын.

Биыл ұлы ақынның 195 жылдығы аталып өтеді. Үстіміздегі жылдың 17 мамыр күні Ташкент облысының Жоғары Шыршық ауданында – Сексената ауылында Қаңлы сейіттер ас береді. Сол Аста Майлықожа бабамыздың термелерінің Фестивалі болып өтеді. Уақтыларыңыз, шақтыларыңыз болып жатса – барыңыздар!

 Енді ұсынысым жайлы

Біз міндетті түрде немістің Гете немесе орыстың Пушкин институты сияқты «Майлықожа институтын» құруымыз керек. Институт дегенде студенттер оқитын мекеме емес, әулие дәрежесіндегі ұлы ақын әрі ұлы ұстаздың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ұлы бабамыздың қазақ қоғамы мен әдебиетінде лайықты орнын иелеуіне күш салып,  өз деңгейінде насихаттауды, ең бастысы – ұлы бабамыздың хикметтерін жас ұрпаққа жеткізуді қолға алатын ұйым болуы керек.

Құрметті мырзалар мен ханымдар!

 Қысқаша айтқанда бұл «Майлықожа институтының» миссиясы, ақынның өз сөзімен айтқанда үддесі – ұлы бабамыздың мол мұрасын қазіргі заманның талабына сай насихаттау, тәрбиелік маңызы мен рухани қуаты ерекше мұраны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру болуы керек. Бұл институт ұдайы жұмыс істейтін, толыққанды мекеме болуы керек.

Құрылуы ұсынылып отырған Майлықожа институты ұлы бабамыздың қағазға түспеген өлеңдерін тауып, зерттеп, қайта шығарып, ғылыми және мәдени айналымға қосуы керек.

Майлықожа бабамыз өз шығармашылығымен орыс отаршыларына қарсы күресті. Орыс билеушілерінің алдында исі қазақпен қоса өз руластарының да мүддесін қорғады. Елді орыс билеген кезде қазақтар рулық жүйе бойынша  басқарылатын. Әр рудың өз би-болысы болатын. Ал қожалардың саны аз болғандықтан олар «үй», яғни басқару құрылымы ретінде танылмады. Сол кездің жандарал-билеушісі, яғни генерал-губернаторы Василий Перовскийге (1795-1857) жолығып, Майлықожа атамыз өз өтінішін өлеңмен жеткізеді. Ұлы бабамыз генерал-губернаторға былай деген екен:

                    Генерал-губернатор Перовский,

                   Бұрында жүруші едік көзге түспей.

                   Көп қазақ аз қожаға зорлық қып тұр,

                   Құдай үшін кірісші бұл бір іскей.

                   Қожаны өз алдына «үй» қылып бер,

Ішінен Қожабекті би қылып бер.

Көп қазақ аз қожаға зорлық қып тұр,

Бұл іске Құдай үшін килігіп көр.

 Ал генерал-губернатор Перовскийдің тілмашы, яғни аудармашысы болған татар діндесіне:

          Сен жүрсің мұсылманның біреуінде,

         Сен де бол бұл жұмыстың тіреуінде.

         Егерде бұл жұмысқа қараспасаң,

         Сені де қоса салам біреуіне» деген екен.

Майлықожа әлігі тілмаш татарға «Сен де мұсылмансың, егер тілегімізді генерал-губернаторға жеткізбесең, сені де сол отаршы орыстардың бірі деймін» деп отыр.

Бұл өтініш өлең – руаралық тартыстың немесе қожалардың дүйім елден бөлінгісі келетінінің көрінісі емес, бұл сол кезде қалыптасқан рулық басқарудан туындаған кемшіліктердің, белгілі бір ру санының аздығына орай оның мүдделерінің ескерілмей  қалатынын ақынның ұлыққа – генерал-губернаторға базына ретінде жеткізуі.

Бұл шумақтарды менің немере ағам, үлкен ғұлама, марқұм Абдулла қажы Жолдасұлы Павлодар облысының Шідерті деген жерінің тұрғыны – марқұм Әбубакрқожа деген кісіден есіткен екен.

Құдалықтарда ақынның термелері, келін түсіру тойларында Майлы ақынның теңдессіз беташарлары пайдаланылса құба-құп болар еді.

Келін түсіргенімде Майлықожаның беташарын бүгінгі күнмен  ұшастырып тамадаға алдын-ала дайындап бердім…

Насихаттаудың әдісі, жолы, түрі көп. Мысалы Варшаваның аялдамаларында Фредерик Шопеннің музыкасы ойнап тұрады…

Әзірге бабамызды ұлықтау, атын беру,  мектептермен ғана шектеліп отыр. Өткен жылы Сарыағаш ауданының «Жаңа тұрмыс» деген ауылына Ұлы ақынның атын беру ұсынысы көтерілген екен. Ол ауылда Майлықожаның руластары – саяқтар мен сол саяқтармен бабалас – гүрлер тұрады. Гүрлер ауылдың атын Майлықожаға қимай, ұлы ақынның аты ауылға берілмей қалыпты. Қазақ бұны: «Өзіңдегі жоқ көтен боғыменен қайнасын» дейді…

Осы жиынға демеушілік жасаған бауырларға, атап айтқанда – Талғат Әзімханұлы Әшімовқа тілерім – Алла өмірлеріңізе, дастарқандарыңызға, кәсіптеріңізге береке берсін!

Қайырлы істерге жасар жомарттықтарыңыз жалғаса берсін! Данышпандар: «Шынайы жомартқа ақшаны Алланың Өзі жеткізеді» деген екен. Алла дәулеттеріңізді арттыра берсін!

Баршаға Алла жар болсын!

  Қожекеңдер бар болсын!

«Елім» деген бауырлар –

Қайыспайтын нар болсын!

 

Назарларыңызға рахмет.

                                                                  Жаңақорған, 19/04/2025 ж.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button