Әуелі сөзім бисмилла,
«Бисмилла» демей, іс қылма.
Жалғыз Алла қамқорың,
Жадыңнан сірә тыс қылма.
Қалендір көрсең қадір тұт,
Қалжың ғып, салма мысқылға.
Қыл көпірден өткенше,
Уақытынды күліп, хош қылма.
Қоғамды болғын, қонысыңа,
Жыландай шағып, ысқырма.
Пейішті көңілің сағынса,
Рахатқа жаның бағынса,
Тағаттың болғын ғашқында.
Тәуба қылсаң, сап болар,
Таудай кінә мүшкіл де.
«Жаз өтпес» деп жалқау боп,
Қыс қалтырап, қысылма.
Алланың берген хақ дінін,
Алтынды кір ғып, мыс қылма.
Бұл бір дүния кіміне,
Қылмайды опа ешкімге.
Келсең, қайтып кету бар,
Бұл жаһанның үстіне.
Тірлікт(егі) шарбағын,
Қатын менен балаң-ды.
Қатын-бала жау қылар,
Іні менен ағаңды.
Парыздай білгін, айтқанын,
Ата менен анаңды.
Парыздың бірі пәк сақта,
Таһаратпен денеңді.
Тазалығың тастырар,
Көңілдегі санаңды.
Сақилығың келтірер,
Оң жағыңнан намаңды.
Құран оқып, атасаң,
Қырық жылғы табар бабаңды.
Шариғат жолын берік тұтсаң,
Тайдырмас отқа табанды.
Алла Тағала дос тұтар,
Халалы, мөмін адамды.
Ғалымдарға ілессең,
Ұғарсың халал-харамды.
Залымдарға ілессең,
Көрерсің ақыр залалды.
Жаманға жолдас болғанша,
Жая бер, айдап падаңды.
Сөзді тыңла қариядан,
Насихат тыңла молдадан.
Бұлбұл торғай жарасар,
Сәріде тұрып сайраған.
Шапса тасты кеседі,
Асылын тауып қайраған.
Олар енді өкінер,
Һәркімге сенім байлаған.
Аусыз балық ала алмас,
Айдынды көлді лайлаған.
Суретіңді көресің,
Қарасаң су мен айнадан.
Жақсылық жетер Тәңірінен,
Ғасылық өтер һәркімнен.
Жаратқанға жалбарып,
Жалына бергін, жан-ділмен.
Жайшылықта ойыңа ал,
Басыңа келер тар күннен.
Өтірік, жалған сөйлесең,
Өлгенде иман, жан күйген.
Қанағат, нысап келтіріп,
Көп жылап, жақсы көп күлген.
Төңіректі болжарсың,
Төбенің шықсаң басына.
Әдеп, тағылым аларсың,
Жақсының ерсең қасына.
Қырғауыл құс пен қоңыр қаз,
Жан сүйсінер даусынан.
Өзіңе де сауда бар,
Өлгенге жылап, жасыма.
Ің еңбек қылып шық,
Өрге итерген тасыңа.
Басыңнан дәулет кеткен соң,
Намард дос келмес қасыңа.
Ағайын келер алданып,
Қайнаған қазан, асыңа.
Мезгілінде қонақтар,
Дәулет құс ұшқан қаршыға.
Заты жоқ жерден қыз алсаң,
Перзентің толмас аршынға.
Дәурен екі келмейді,
Шапқанда атың қамшыла.
Қазынасы кең Алланың,
Өз үйіңдей тарсынба.
Шарбақтың көркі талсың да,
Соймаққа біткен малсың да.
Кәрі-жасты өтілер,
Иманын Құдай алсын да!
Әуелгі парыз бұл болар,
«Алланы бір» деп білмесең,
Кәлима айтсаң шындықпен,
Хақ дініне кіргенің.
Арабы аят-хадисті,
Ғалымдардан естісең,
«Құлаққа құйған нұр» дегін.
Жүз жылдық жастан ілгері,
Ғалымдардың алдында,
Сұқпат боп өткен бірдемің.
Тұрады екен маған деп,
Дүнияны көңілің сүймеген.
Ғұмыр ада болғанға,
Өтуі оңай дүниенің.
Ғасылық сөздің арты шақ,
Ғасылық қылсаң, тұрмас бақ.
Артынан өкініп, күймегін,
Аузыңнан шыққан жаман сөз,
Көкірегіңе салар дақ.
Алдыңнан тосар күнбе-күн,
Киім шешіп, кешпесең,
Теңізге тәнің салмағын.
Аяқ-қолың босанар,
Жазым боп, шаршап қалмағын.
Тайып кетсең құлайсың,
Түбі терең құдыққа.
Ғадет қып, аяқ салмағын,
Балдақты сойыл басқа еңбек,
Арқалап, шаршап қалмағын.
Ас қайырың болмаса,
Азар боп жүрер жан-жағың.
Әділетің тайғанда,
Әркімнен қайтар аруағың.
Әулиелердің алдында,
Арам ниет алмағын.
Үлкен ісің болмаса,
Ұлық алдына бармағын.
Ғалым алдында аузың тый,
Бейәдеп сөйлеп қалмағын.
Күшіңе көңілің сенбесе,
Көтерме көптің салмағын.
Дұшманның зоры – тұщы ұйқы,
«Тәтті екен» деп нанбағын.
Қалыптан артық ұйықтасаң,
Ғаплетке басың қалғаның.
Тілеуін Тәңірім тез берер,
Саһарда тұрған пенденің.
Ғапылда өтер дүния,
Қана алмай қалар арманың.
Қанағатсыз ас жесең,
Хайуандай тоят қанғаның.
Аш сұңқармен ойнайды,
Ажалы жетсе қарғаның.
Көз құмары – сұлу қыз,
Қадала қарап қалғаның.
Қолыңа жетер күн болса,
Көрінбес көзге бар малың.
Жаз бенен күзге сенбе(гін),
Қаңтары күшті, қар қалың.
Ақыреттің берсе дәулетін,
Қайырылғаны Алланың.
Тәңірім дана, білікті,
Ойлаңыз тәуір қылықты.
Жақын жерде ажал тұр,
Жағаңа салып ілікті.
Аспан, жерлер, ай мен күн,
Ашық көзін жұмылтты.
Дариялар, теңіздер,
Қыла алмас, толқын қылықты.
Таулар лаж қыла алмас,
Бастарын шалған бұлтты.
Ажалдың әйбат реңі,
Періштелерді жығылтты.
Жетпіс мың жыл есі ауып,
Тәсбихларын ұмытты.
Ажал жеткен уақытта,
Ерлердің халі мұңлықты.
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Лаж таппай тұрыпты.
Ажалдың ащы тырнағы,
Жаһанның бәрін бүріпті.
Қайнап жатқан қазанға,
Қар менен мұзды құйылтты.
Қызып тұрған дүкенді,
Құйын ұрып жылытты,
Атадан ұлды суытты,
Анадан қызды түңілтті.
Қай патша бұл, қай заман?
Теңестірер биікті.
Қай кедей бол, қай бай бол?
Қайсысын қор қылыпты.
Келіншек, кемпір – өтілер,
Аямас қыз бен жігітті.
Қол жетпес аспан, биікті,
Жер бауыры суық-ты.
Хүкіміне көндірген,
Тәңірім ісі ұлық-ты.
Алланы қазір біліңіз,
Тәсбих айтып, зікір қылыңыз.
Өтірік, жалған сөйлесең,
Қысқарар халыққа тіліңіз.
Бас кетсе де, шын сөйле,
Бәрінен артық шыныңыз.
Шын сөйлесең, артық сол,
Қуатты болар дініңіз.
Кісінің айыбы алдында,
Артында тұрар мініңіз.
Тарыдан кіші ас болса,
Тәңірден деп біліңіз.
Қысасына разы боп,
Бәлеге сабыр қылыңыз.
Пайғамбардың үмбеті,
Құдайдың болсақ, құлы біз.
Әдеп, тағылым, үлгі алып,
Ғалымдармен жүріңіз.
Зікір, тәсбих, таһлилдің,
Сұқпатын тауып кіріңіз.
Аһил әйел, мал, перзент,
Аға менен ініңіз.
Ара тұрар заман жоқ,
Біріңізге біріңіз.
Алладан пәрмен болмаса,
Тұта алмас қолдан піріңіз.
Алладан ғапу жетіліп,
Хұрсанд боп кешкей күніміз.
Шаршағандар тыңайған,
Шат болады мұңайған.
Ықтияр жоқ пенде еді,
Әр іс болса Құдайдан.
Жылағандар жұбанған,
Қапа болған қуанған.
Қарайлаушы қамқорым,
Жарылқай көр, бір Аллам!
Ғұламалар мән айтар,
Аяти хадис Құраннан.
Опа қылмас ешкімге,
Өте шығар бұ жалған.