Жарық нұрдың сәулесі

Әдебиетке еккен бақшасы жайқалып тұр

Әдіһам Шілтерханов - 100 жыл

Нұрлан інім қоңыраулатты. Әке тапсырмасымен жиі хабарласып жүрген інінің жараулы әке жарық дүниеден көшкен соң хабарсыз кеткені алаңдатушы еді. Енді келіп, кездейсоқ хабарласып қоңыраулатып жатқаны тағы да елең еткізгені.  Қимас ағаның қымбат көзі санайтын іні үні «Әкейдің туғанына жүз жыл толғалы тұр…» болып басталды. Қимас інінің қымбат сөзі мені сағынышты жылдарға бастай жөнелді…

…Сөмке сүйретіп мектепте жүрген кезіміз. «Ауылға жаңа басшы келіпті. Ауылды көгалдандыруға кірісіпті. Жаппай ағаш отырғызуға шығарады»  екен десті жұрт. Ақ тұзы топырағын айғыздап, жер бетін ақ қыраулатып  жатқан Отырардың сортекті топырағына жеміс ағашы шыға қояр ма, тамырын тереңге жіберетін қарағаш болмаса өзге ағаш өспейді ғой.  Бұл қожа баланікі  бос әурешілік қой десті үлкендер жағы. Балалар жағы әрі-сәрі… Айтқанындай-ақ, күллі мектеп оқушылары тайлы-таяғымыз қалмай ағаш отырғызуға кірісіп кеттік. Беті қабарып, сорланып жатқан көне Отырар жерін ұзамай бақшалық қаптады да кетті. Райдан қайтқан ауыл ақсақалдары «өркенің өссін, Әдіһәм!» десті.

Әдіһәм атты арабы есім біздің бала санамызға осылай мектепте жүрген кезімізде сіңген еді.  Айтуға келгенде алдына жан салмайтын, бірақ жасауға келгенде кежегесі кейін тарта беретін ауылда сөйтіп  Әдіһам арқасында бір жақсы іс басталып еді.

Біз мектеп бітіріп, Алматыға аттандық. Дәм бұйырып астанада қалып қойдық. Уақыт шіркін дегенін істейді, Отырар жерін бақшалыққа айналдырып жіберген сырттан келген ақсары жігіт аудан басшысының бірі, совхоз директоры дегендей бірсыпыра қызмет атқарып, ауылда із қалдырып, құрметті демалысқа шығып,  «сыртқа» қайтып кетіпті.

Зейнеткерлікке шыққан кісі әртүрлі іспен айналысады ғой. Бір күні қолыма «Үш бәйтерек» аталатын проза кітабы тиді. Авторына көз жіберсем – баяғы ауылды гүлдендірген агроном кісі.

Газетте қызмет істеген кездері зейнеткерлердің «өлеңін» көп оқып жүрек шайлыққан басым «Е-е, бұл да жазуды ермек еткен еріккен шалдардың бірі болды ғой» деп ойладым. Оқып қарадым. Жо-жоқ. Сақал сатқан кәрі  өзімен кетсін. Мынау қара сөздің қадірін білетін, қастерлейтін кісінің қалам сілтесі. Әдіһәм Шілтерхановпен екінші рет осылай кездестім.

Әрі қарай іздеп бардым. Ағалы-інілі болып араласып кеттік. Бірсыпыра уақыт көріспесек сағынатын әдет таптым.

Шығармашылық қадірі кеткен кейінгі  күнде кімді-кім қадағалап, кім нендей туынды берді? – деп іздеп оқитын жан қалмады-ау. Әйтпесе, Әдіһәм Шілтерханов санаулы жыл ішінде «Үш бәйтерек», «Аталы сөздер», «Саттар Ерубаев», «Ақжалдың ақыры» аталатын көлемі де, көркемдігі де көңіл толтыратын үш кітап,  «Алпамыс батыр», «Мұңлық-зарлық», «Қамбар батыр» эпостары жөнінде, Мұхтар Әуезов хақында, ел-жер тарихына қатысты жүздеген мақала жазып, жариялатты. Аяулы аға қолынан шыққан осынау үлкенді-кішілі еңбектердің қайсысын да қолжазбасынан бастап оқып жүрдім. Аға еңбегіне ықыласты болып, жүрген бір мен емес, уақытында қолжазбасын оқып, «Жалын» журналына қуана жариялаған жақсы інісінің бірі – қайраткер ақын Мұхтар Шаханов.

Егер Ә.Шілтерханов жазған дүниелер шын шығармашылық еңбек болмай, қиюы қашқан, зорланған бірдеңелер болса, біз бүгін қолға қалам алып, жақсы ағаның шотын шаппай-ақ үндемей қала берер едік. Мұқаң – Мұхтар Шахановтан бастап бәрімізді иіп жүрген мәселе – Әдіһәм ағайдың шын жазушылығы. Ә.Шілтерханов шығармалары өзінің табиғи болмысымен, ішкі ағын, иірімдерімен әдебиетке қоятын талаптардың қандайына да толық жауап беретін шын шырайлы шығармашылық болатын. Мәселеге нақтырақ келейік.

«Үш бәйтерек» – Қажымұқан, Мұхтар Әуезов, Саттар Ерубаев жөнінде деректі толғаныстардан тұрады. Оңтүстік өңірінде агроном болып қызмет атқарған автор ерінбей-жалықпай көнекөз қариялардан естелік-әңгімелерді жазып ала беріпті. Олардың бірі күш атасы – Қажекеңнің ат арбасын айдаған, бірі қоңсы тұрған, бірі – қыршын классик Саттар Ерубаевтың туысы, мектепте бірге оқыған дегендей жақын жүрген жандар. Ал, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовті «Өскен өркенді» жазу үшін Оңтүстік өңіріне келген сәтте көзімен көріп, қасында болып ұзақ сырласқан, алған әсерін қойын кітабына түсіре қойған. Көп кісі ескере бермейтін ұқыптылық, өнерге деген ықыласты жүректің ыждағаттылығы. Нәтижесінде әдебиетке, ғылымға көптеген жаңа дерек келіп қосылды. Жәй дерек қана ма? Жоқ. Әдекеңде көрген, білгенін, естігенін ой қорытпасында балқытып, қиялымен жебелеп, тілін әрлеп жазатын әп-әдемі әдет бар. «Үш бәйтеректегі» қай туындыны оқысаңыз да өмірлік дерек пен өнерлік қиялдың жымы білінбес, шындыққа нұқсан келмес әдемі жарасымын көресіз. Бірін-бірі қайталамайтын үш аяулы тұлғаны Әдіһәм Шілтерханов туындылары қазақ әдебиетінде ешкім айтпаған тың қырынан ашты деп білемін. Қазақ деректі прозасында туындыгердің бұл шығармаларының орны оқшау тұрады… Қайталап оқыған сайын осы ойға беки түсемін.

Ә.Шілтерханов «Аталы сөздер» аталатын өлең жинағын шығарды. Әуелі қолжазбасынан оқыған сәтте бұл өлеңдерге «мақұл екен» дегенім болмаса, оның прозасын оқығандай елп ете қоймадым. Өмір бойы өлең жазып келе жатқан ақынжанды ақылды кісі тым елпілдемегенімді аңғарып, өзіне-өзі сын көзбен қарап, ол өлеңдерге қайта оралды. Жылдар бойы бауырына басып жан беріп жылытты, нәр беріп қайта туғандай түлетті. Өлеңдердің кітаптық қалыпқа түскен нұсқасын оқып, тағы да елпілдеп, тағы да қуанған күндер, қимас сәттер есіме түсіп отыр.

«Жалын» баспасы арқылы 1993 жылы  жарыққа шығарған кітабы – «Ақжалдың ақыры»  аталады. Бұл – көркем проза кітабы. Өмір бойы шаруашылықта істеп, әдебиетке кеш келген Әдекеңдей жанның деректі прозаға шамасы келгенімен, көркем прозаға келгенде қиналар-ау, босқа арамтер болады ғой деп ойланып, күдіктеніп оқып едім. Жоқ. Күдігім бекер болып шықты. «Атақоныс» повесі, «Ақжалдың ақыры», «Қабылдың әңгелегі» әңгімелері кәнігі қаламгердің кәдімгі прозасындай әсер етті. Сұлу мүсінді шығармалар.  «Атақоныс»  Әмір, Әсем, Таңат, Қанат, Сұраншыл секілді өз өмірлерін елмен, жермен етене бауырластырған, Жер-Ананың қиналыс-күрсінісін өзгеден терең түсінетін ауыл азаматтары бейнесін даралай тұлғалауымен, Сыр өңіріндегі экологиялық қасіретті характерлер арқылы ашынып айта алуымен талғамнан шығады. Автордың: «Ол кезде дария таситын. Бура тасу, тайлақ тасу дейтін неше түрлі тасулар болады» (22-бет) – деген бір-екі сөйлемінің өзінен күрсініс, бақытты Сырға деген бағзы  сағыныш аңғарылады. Сусора, алабота, ақсары, қарабарқын  секілді шөптің неше атасы, басыбалды, әңгелек, торлама дегендей қауынның неше түрі атауы алдыңнан шығады андыздап. Әдекең әңгіме, повестерінде көркемдікке құнар болып жолығар, тіл үйірер қауынның неше атасы да, ойыңа ономастикалық білім, табиғи нәр берер Сыр шөбі, Қызылқұм шөбі де көзден ғайып болғалы қашан?!  Мұның бәрі өмір көргендік. Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» балладасы өне бойы толы,  Алатаудан құлап аққан өзендер өрнектеген ғажайып көркем  өлкенің жер, су аттарынан құралмайтын ба еді?! Сол секілді. Қайран табиғат. Табиғаттың ең жетілген перзенті саналатын Адамзат Табиғат-Ананың  бауырында өсетін небір ғажайыптарды  талмап тауысуға беттеп барады. Талмаса мейлі-ау, жер қыртысын қопарып, емдік өсімдіктердің баршасын тамырымен қазып алып, Қытай асырып, тұқымын құртуға айналды. Осындайда, Әдіһәм Шілтерхановтың көркем шығармаларын сағынышпен ғана емес, өкінішпен отырып оқисың бүгінде…

«Ақжалдың ақыры» – Тәкен Әлімқұловтай тәлімді жазушының «Ақ боз ат» романымен іштей үндесіп жататын әңгіме. Өткен ғасырдың елуінші жылдары қазақ жылқысына жау тиді. Бала да болсақ, көзіміз көрді. Көргеніміз көңілде ішкі ыза болып жатталып қалды. Кеудемсоқ Хрущевтің көркеуде пәрменімен қазақ жылқысы қан-қасап қасапханаға айдалды. Аттан түскен қазақ жаяу қазақ. Жаяу қазақ жетім қазақ. Жанына балаған жүйрігінен айырылған шын қазақ өзін өлдіге балаған.  Біздің туған жеріміз өзі кішкентай қаракөл (көне, терең мағынада), тарихы мейлінше бай Көксарайда (Ақынтоғай елді мекені) да болып еді осындай асыра сілтеушілік. Әкей өзінің Бәйгеторысын Алпамыс атты жетім балаға мінгізіп, Қызылқұм асырып жібергенін көзіміз көрген. Мың болғыр Жұмабек Тәшенев келіп қалып, ауылдың қылқұйрық атаулысын құтқарып қалып еді…  Әдекең жарықтық, біздің ауылдағы осындай келеңсіздікті көзімен көргендей, жүрегінен өткізіп керемет көркем шығарма жазыпты.  Тәкендей тәлімгер жазушы қолына қаламын ұстап жүріп өткен жерден өзінше келіп, шығармашылық өнім алуы – Әдіһәм ағаның шын дарын екенін көрсетеді-ақ. Ал, «Қабылдың әңгелегі» – өмір бойы қауын еккен диқанның дүние-жиһан, ұрпақтар сабақтастығы жайлы толғанысы, қауын ұрығы жайында әңгімелеп отырып та жазушы өмір сырына бойлап, оқушысын дүние тереңіне үйіріп алып бара жатады. Экология. Әңгімені оқып отырып, қыбың қанады.

Автордың ағымдағы баспасөзде жариялаған көптеген мақалалары  тарих, этнография, фольклор, шежірені байланыстыра  әңгімелеуімен, оңтайлы тың шешімдерімен, тым болмағанда ойландырарлық  гипотезасымен   назар аударарлық. Әттең-ай, әлі күнге журналистер, ғалымдар Әдіһәм ағаның көзбен көріп, қолмен ұстағандай, көзкөргендер әңгімесі арқылы әдіптеген жаңалықты мақалаларын ғылымда пайдаланбай келеді. Таң қалып, тән болып біз

жүрміз.

Өзін не жазушы, не ғалыммын деп есептей бермеген Әдіһәм Шілтерханов жарықтықтың  деректі, көркем дүниелері – әдебиетте, мақалалары – ғылымда салмақты қаламгерлікті толық ақтайтын туындылар екеніне еш күмән жоқ.

Әдебиетке біреу кеш келеді, біреу ерте келеді. Алайда, мәселе – үзер жемісте. Ә.Шілтерханов әдебиетке кеш келді деп біз көкірегінен итерген емеспіз, өзі де өкінбей өтті. Өз бағасын өзі білетін кісі еді, жарықтық. Біз де бағасын беріп, насихаттай мақала жазумен жүрдік.

Ә.Шілтерхановтың шығармаларын оқып отырғанда менің көз алдыма Құдайдың рахымы түскенімен, құдайсыған басшылар рахымсыздығынан тозып кеткен тарихи Отырар жерін бақшалыққа айналдырсам деп армандай келген ақсары жігіт ағасы бейнесі келе қалады. Елге, туған жерге  барған сайын көретінім: Әдекең ХХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары еккізген қурап кеткен бақшалық, тандыры кепкен тозған жер…  Ұқыпсыздық. Аудан басқарған жылдары Қанжігіт Сыздықов 7 гектар жерге «Бақшалық жасасайшы, кейінге керек болады. Сенің де туған жерге пайдаң тисін дә…» деп намысыма тиіп жүріп, шешім шығарып берген. Тәуекелім бармады. Әдекең еккен бақшалық тозып кетті. Тәуекелі бармай біз сырттадық. Ойланып бел сыбанған бүгінгі ұрпақты көре алмайтының тағы өкініш…

…Иә, Нұрлан інім телефондады.  Ұлы қозғау салған соң жүз жылдығы таяп келіп қалған Әдіһәм Шілтерхановтың үш томдығын қайыра оқып шықтым. Оқыған дүниелер. Сыдыртып шығармын деген едім. Сыдыртып оқи алмадым.  Әрбір жаңа сөз, тың ойларын, жаңалықты ғылымын ойыма қондыра, бойыма сіңіре ойланып оқыдым. Кітаптың әр бетін ойланып оқып, толғанып жаптым. Сөмке  сүйретіп мектепте жүрген кезімізде үйдің іргесінен бастап, кеңшар жерін, тіпті ауданды алып бақшалыққа айналдырып жібере жаздаған ақсары жігіт ағасы ойыма оралды. Ол бақшалық жоқ бүгінде.  «Диқанның ол иығы болмаса, бұл иіні…» деген сөз есіме түсті. Өйткені, Отырарда имани адам, жетелі басшы жанашырлықпен еккізген  бақшалық қурап кеткенімен Әдіһәм Шілтерхановтың  әдебиеттегі бақшасы жемісті екен деп түйдім.

Әдекең шығармаларын қайталап оқуым көзкөргендік шығар-ау. Кітап әлеміне қайта оралар ұрпақ аталар жолын, елін, жерін тану, көркем ләззат алу үшін әлі-ақ оқитынына сенемін жазушы шығармаларын. Оңтүстік жұртын Балтайдай жар сүйіп, ұл, қыз өсіріп, немере, шөбере көріп бақыт биігінде тіршілік кешкен ардақты адам, көркем қиялды жазушы болып шығармашылық әлемінде абыройлы  жасаған Әдіһәм Шілтерхановтың жүз жылдығына атсалысуға шақырамын…  Көзкөрген кісілер естелік жазар, жастар шығармасын оқып, әсерін ортаға салар. Азаматтық парызымыз өтеуі үшін!

Жүз жылдық биігінен өткен күндерге көз салсам дырдай жазушы атанған талай жазушы көзге ілінбей қалды. Есесіне Әдіһәм аға тірі кісідей жоталанып, тұлғаланып көрінеді көзіме…

Құлбек Ергөбек, ҚР  Мемлееттік сыйлығының  лауреаты

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button