Жарық нұрдың сәулесі

Ұмытылған мектептің соңғы шәкірті  

Мұхамедия Байменов (Баймұхамедұлы) туралы естелік

Қазіргі күнгі теолог-ғалымдардың зерттеулерін оқи отырып, кеңес кезінде құлағымызға құйып тастаған қазақтың түгел дерлік «сауатсыздығы» сұрқия-тұжырымының қаншалықты қиянат болғанына енді көз жеткізудеміз. Тіпті оның шегеленіп қалғаны соншалықты, тың деректерге күмәнмен қарамасақ та, оның ауқымын елестету де санамызға салмақ болғандай. Жаңа зерттеулерге қарасақ, «…қазақтарда әрбір 10000 адамға бір мешіттен келетіндігі» тарихшы ғалым А.Махаеваның да қазақтарда «отар болудың қарсаңында Түркістанда 20 мешіт, Шымкентте 16 мешіт, 8 медресе, Сайрамда 15 мешіт, 10 медресе, Қарамұртта 6 мешіт, 3 медресе болса, Әулиеатада ХХ ғасыр басында 21 мешіт болғандығы» жайындағы мәліметі сол кезеңдегі қазақтың діни тыныс-тіршілік ахуалын тануға мүмкіндік береді.

Жақында осы тақырыпты тарқататын «Ясауи феномені» деген авторлық жинақ жарық көрді. Жинақтағы мына деректер іргелі білім ордасы барынан тағы хабардар етеді. «19-ғасыр аяғы мен 20-ғасыр басында Қазақ даласындағы исламды Алма Қыраубайқызы «Қазақ ренессансының қайнары» деп атаған. Себебі 1912 жылы бір ғана Алматының маңында 288 мешіт, 175 имам, 14 молда, 84 қадым медресесі, 27 жәдиттік медресе болған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жойылған мешіт-медреселер қалпына келіп, қайта жандана бастаған кез еді. Мұны «Сопылық өрлеу» кезеңі деп те атайды. Себебі әрбір мешіт-медресенің діни сауаты өте жоғары ишан, ахундар отыратын. Кейбір қазақ ишандарының мүриді 10-15 мыңға дейін жеткен. Ишандардың бәрі де медреселерде білім алатын» деп айтады.

Н.Остроумов 1912 жылы Түркістан өңірінде 7290 мектеп, 376 медресе болған дейді. Ал өлкелік әкімшіліктің 1912 жылғы есебі Түркістанда 6022 мектеп, 445 медресе болғанын көрсетеді. Оның әрқайсысында жыл сайын 200-ге жуық шәкірт оқып шығатын болған. 1917 жылы «Қазақ» газеті Уфадағы «Ғалия» медресесін 154 қазақ бітіріп шықты деп жар салған. Медреседе білім алып шыққандарға ахун, ишан, абыз, дамолла, қалпе, молда сияқты діни атақ беретін. Медреседе дін ілімімен қатар, астрономия, химия, география, физика, математика, биология, медицина пәндерін де оқытатын. Білім алып шыққан молда арабша сауат ашумен қатар, жұртты емдеп, жұлдызға қарап күн райын болжай беретін» дейді.

Осы еңбекте «Қазан, Ташкент, Омбы, Орынбор баспаларынан діни қиссаларды, аңыз-хикаяларды назира дәстүрімен қайта жырлау дәстүрі қарқын алғанын айтады. Сол заманда кітаптардың 90 пайызы діни қисса түрінде болған. Тарихшы Ж.Шалғынбаевтың дерегінше, революцияға дейін 854 кітап басылып шыққан. Жалпы тиражының өзі 2251840 кітапты құраған. Оның өзі цензурадан өткендері ғана, әйтпесе Қазан қаласындағы баспаханаларға 2259 қолжазба түссе, соның 563-ін ғана басуға рұқсат берген» деген дерек береді.

«1925 жылға дейін Қазақстанда діни жандану шыңына жеткен. Сол кезде қазақтардың 90 пайыздан астамы діни сауатты еді» деген дерек қызылдардың қызыл сөзін мүлдем жоққа шығарады. («Ясауи феномені» кітабынан алынды).

Алайда жетпіс жыл жасаған құдайсыздар заманы дегенін істеді. Халық ағартушыларын қудалап, мешіт-медреселерді жермен-жексен етті. Әйтсе де, осыншама зор ілімнің қайнарынан сусындағандардың қуғын-сүргіннен аманы болды ма, әлде осыншама өркениет түгелдей жойылып кетті ме деген ой жадымда жүретін.

Осыдан біраз жыл бұрын астаналық мешіттердің бірінің бас имамы Яхия қажы Исмаиловпен кездескенімде, «Ташкентте діни оқу бітіріп келген бетімде жолдамамен Жезқазған қаласындағы мешітке қызметке кірдім. Мешітті ашқан әрі алғашқы имамы да Мұхамедия ақсақалдың дүниеден өктеніне бес жылдай болған екен. Ол кісінің отбасында болып, атамыздан қалған көп кітаптарды оқып, имамның үлкен ілім иесі екенін білдім» деді. Сөз арасында Мұхамедия Байменовтің құдайсыздардың дәуірлеп тұрған заманында кеңестік одақтың кедергілерінен аттап өтіп, Жезқазғанда тұңғыш рет мешіт ашқанын әңгімелеп берді. Есімі ел аузында жүрген тұлғаның әкесінің ерлікке балауға болатын тағдырына біздің қызығушылығымыз осылай басталып еді.

Мұхамедияр Байменов немересімен бірге

Мұхамедия Байменов (Баймұхамедұлы)

«1902 жылы Орынбор облысы Торғай уезі Қызылжыңғыл болысы Білеуті өзені бойында дүниеге келіп, 1984 жылы Жезқазған облысы, Жезқазған қаласында қайтыс болды. Дін қайраткері. Әкесі Уайсұлы Баймұхаммед (Баймен аталып кеткен) арабша білімі бар кісі болған. Шешесі Достәуірқызы Рахия да арабша білімді болған. Мұхамедия 14 жасына дейін ауылда өз атасы Уайс қажыдан, Әубәкір қажыдан, әкесі Баймұхамед молдадан арабша білім алған. 14 жасынан 22 жасына дейін Қарнақ медресесінде, Жаңақорғанның Ақтас мешітіндегі медреседе оқып, оларды үздік бітірген. Араб, парсы, шағатай тілдерін білген. 1937 жылға дейін ауылы Өзгентте араб тілінен сабақ берген. 1937-1941 жылдары Жезқазған ауданы төлқұжат столының бастығы, 1941 жылы Ұлытау ауданы қаржы бөлімінің бастығы, 1944-1949 жылдары осы ауданда тұтынушылар қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарған. 1949 жылы Қарсақбай темір жол стансасында еңбек етті. Сол жерден зейнеткерлікке шықты. Ендігі өмірін Алланың ақ жолын, мұсылмандықты, ислам өркениетін түсіндіріп, насихаттауға арнады. Мұсылман жамағатының қасиетті Құранға көзін ашып, ораза ұстауға, намазға, шариғат жолына ұйытты. Атеистердің айла-шарғы, қитұрқы әрекеттеріне қарамастан, сенімінен қайтпады. Өмірінде бес уақыт намазын қаза етпеген. Төрт жыл бойы партия, кеңес органдарына хат жазып, босағасын тоздырып, кеңес заңына сәйкес Жезқазғанда мешіт ашуға рұқсат сұраумен болды. Нәтижесінде 1983 жылы 6 мамырда Жезқазған топырағында алғашқы мешіт ашылды. Мұхамедия қожа діни бірлестіктің жиналысында тұңғыш ашылған Жезқазған мешітінің имамдығына сайланды. Осы шағын діни-рухани шаңырақтың негізінде Жезқазғанда қазіргі мешіт құрылды». Ұлытау энциклопедиясында жазылған Мұхамедия (Баймұхамедұлы) Байменов туралы қысқаша жазба осы ғана.

– Әкем кеңес заманының қыспағын көрген қайраткер болды. Ғұмырында екі рет репресияға ұшыраған екен. Оның біз біреуін ғана білдік, – деп еске алды Алихан Мұхамедияұлы Байменов. Ол өмірінде көп оқыған, қазақ, орыс, араб, парсы, шағатай тілдерін білген еді. 20-жылдардың ортасына дейін оқумен айналысқан. Отызыншы жылдары ірі байлар кәнпескеленіп, үкімет орташаларды құрығына ала бастаған кезде Мұхамедия қуғынға ұшырайды. Кейінен іс-қағаздарды көтерткенде, орташа дәулеттілердің дүние-мүлкін  тәркілерде  (өзіне, отбасына жететін азық-түлігін өздеріне қалдыру керек деп айтқаны үшін жазықты болады. Ал 1949 жылы аудандық тұтынушылар одағының басшысы қызметінде жүріп, ауданның бірінші хатшысының жұмысын сынайды. Өз ойын айтып, әділетсіздікті көрсеткені үшін тағы да қуғындалады. Хатшы да қарап қалмай, бір күннің ішінде арыз ұйымдастырып, партиядан шығарып, үстінен іс қозғап қызметтен айырады. Бір жыл ақиқат іздеп жүргенмен әкемді еш жерге жұмысқа алмай, ақыры Қарсақпайда теміржол жұмысшысы болып жұмысқа кіріседі.

Енді бір қызығы, сол жолы әкемнің үстінен арыз жазған адам сексенінші жылдың басында дүниеден өтті. Өтерінен бір ай бұрын әкемнен сіздің үстіңізден арызды мен жазып едім деп кешірім сұрап, хат жазып баласын жібереді. Және «өлгенімде жаназамды шығарыңыз» деп өтінішін айтады. Әкем: «Алла берген жасын жасасын, жағдай болып жатса, өтінішін орындаймын. Бірақ мен сол отызыншы жылды сол кездері-ақ кешіргенмін» деп жауап береді. «Кісінің қатесін кешіру – біздің парызымыз, біреуге қайырымдылық таныту да терең парыз» деген еді.

Кешірімдіктің тағы белгісі дейін, сол кісінің балаларын біздер таныдық, бірге өстік. Сонда қиянаттың кімнен келгенін біліп тұрса да отыз жыл бойында әкем біздерді оның балаларына қарсы қоймай, арамыз бұзылмасын деп тіс жарып ештеңе айтпағандығы еді. Ең бастысы, бір әрекеті сонша жыл бойына жанын жеген арыз иесінің жағдайына қарағанда, оның ауыртпалығын отыз жыл бойына арқалап жүрмеген әкемнің ірілігіне таң қаламын.

Мешіт қалай ашылды?

-Әкем мешіт ашуға дайындық ісін 1976-77 жылдары бастады. Кейін қарасам, шіркеу ашу үшін тек республика деңгейінде рұқсат алып аша береді екен. Ал ислам орталығын ашу үшін Мәскеудегі КСРО-ның Орталық комитетінің рұқсаты қажет болған. Бұл дегеніміз бүкіл облыстың, қаланың коммунистік партия ұйымының идеологиясына нұсқан келтіретін қара таңба, үлкен кемшілік болып саналған.

Осы оқиғадан отыз жыл өткенде жекжатымыз облыстың идеологиялық комитетін басқарған Сағындық Сүйінұлы: «Әкең хатын алып келеді облыстан, бізге «29 күн қарайсыңдар, отызыншы күні бір үтір, нүктесінен қате тауып қайтарасыңдар» деген жоғарыдан пәрмен келеді. Сөйтіп бір жарым жылда 15-16 рет қайтарған болармыз» деп еді. Оған әкей ашуланбай, шамданбай, ертесіне қатесін түзетіп тағы алып келеді ғой. Ақыры не істерін білмей, Қауіпсіздік комитетіне тапсырма беріп, бұған қарсы шығатын адам табыңдар деп әкеме қарсы әрекет ұйымдастырған-ды» деп Әлихан Мұхамедияұлы еске алады. -Менің есімде қалғаны, арадағы хат-қағаздардың бәрі әпкем Зейнураның қолымен жазылатын. Жазуы жақсы еді. Алайда әкейдің сауатты әрі табанды әрекетіне қарсы тұруға өкіметтің қауқары қалмайды.

Ол үшін сол уақыттағы заң бойынша 100 адамды мұсылман қауымы ретінде тіркеуі тиіс. Заң бойынша бірінші рұқсатты қалалық атқару комитетінде береді. Одан облыстағы дін істері жөніндегі уәкіл, одан облыстағы атқару комитеті шешімі шығады екен. Одан кейін Қазақстан дін істері уәкілінің рұқсатын алып, Ташкенттегі мүфтияттың оң шешімінен соң КСРО дін істері уәкілінің соңғы кесімі керек. Оның шешімі шыққан соң Өзбекстандағы мүфтият мөр дайындап, рұқсат береді. Оған тағы төрт жылы кетті.

Мешіт тіркелгеннен кейін жамағатымен бірге арнайы қор ашқызып, орталай жинаған қаражат жинап Дайрабай деген кісінің үйін сатып алып, әкем азан шақырып, жамағатын намазға ұйытты. Бұл – теңдесі жоқ оқиға. Кеңес дәуірінде барлық мешіттер жабылып болғанда, табаны күректей төрт жыл күресіп жүріп, қайраткерлігінің арқасында жаңа мешіт ашуға қол жеткізді.

Қарамолданың шәкірті

– Әрине, әкенің өнегесі мәңгіге қалады ғой. Оның тағдырына тағы бір айналып соққаным мына оқиғаға байланысты еді. 60-жылдары менен үлкен ағаларым Алматыға оқуға кеткенде, әкем марқұмның: «Қалтай деген ағаларың бар, реті келгенде, амандасып тұрыңдар. Әкесі мен оқыған медреседе сабақ берген» деп айтып отыратын. Араға біраз жыл салғанда «Ақжолтай Ағыбай» деп атап кеткен батыр бабамыздың 190 жылдығына орай Қарағанды облысы Шет ауданының Таятқаншұнақ деген жерінде үлкен ас берілетін болып, ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүрген кезім. Тойдан кейін Қалтай Мұхамеджанов ағамызбен Жезқазған қаласына дейін бірге келіп, жол-жөнекей сұхбаттас болдым. Қалағаң ата-тегімді біліп, әкем жайлы мағлұматтарды қызыға сұрап: «Мұхамедия ағамыздың көзі тірісінде кездеспегеніміз-ай» деп өкініш білдірді. Әкеміз 1914 жылдардан бастап біраз жыл Қарнақ, Шорнақ және Ақтаста оқыған болса керек, сол тұстарда Қалағаңның әкесі «Қарамолда» аталып кеткен Мұхамеджан Нұрекеұлы (1988-1937) Жаңақорғандағы Айқожа ишанға салдырған «Ақтас» мешітінің бас имамы болғанын, шәкірттерге дәріс бергенінің шет жағасын білуші едім.

Діни білімнің орталығы болған қазіргі Жаңақорғандағы Ақтас мешіті 1882-1884 жылдары салынған. Оны Айқожа ишан дүниеден өткен соң 25 жылдан кейін Атамағзұм салдырыпты. Ақтас мешіт-медресінде Абдірасул дамулла, Айтжан дамулла «Әбубакір қарының әкесі, Мұхамеджан дамулла (белгілі жазушы Қалтай Мұхамеджановтың әкесі) дәріс берген».

Әкейдің парсы, араб, шағатай тілдерін жақсы білетінін байқау үшін 1984 жылы Мәскеуден арнайы араб-парсы тілдеріндегі газеттерді ала келгенде, «Мені тексеріп отырсың ба?» деп күлген. Қарнақ, Ақтас медреселерінде және Бұхарада оқып келген әкей шариғат пен ғылымды араб тілінде, әдебиетті парсы тілінде, сопылық ілімді және жергілікті ғылымға байланысты еңбектерді шағатай тілінде оқыдық деп айтатын.

Былтыр Ұлттық кітапханаға әкейдің кітаптарынан біреуін алып тапсырдым. Ол былайша айтқанда осы өңірдегі биология сияқты оқулық екен. Әрбір жануар мен жәндіктің, өсімдіктердің сипаттамасы мен оларды қандай жағдайда ем ретінде пайдаланатыны, қандай қасиеті бары жазылған екен-деп ойына алды асылдың сынығындай Алихан ағамыз.

Кемел парасаттың иесі

Исламда ахлақи тәрбие туралы көп айтылады. Білуімізше, ахлақи тәрбиені алған кісілер барынша кішік жүрсе де, шоқтығы биік қалпында көрінеді екен. Олардың діндар, тақуалығына қоса өз сеніміне берік, құлшылығына аса құнтты келеді. Ахлақты кісілерде жауапкершілік, әділдік сезімі басым болады. Жүрегі кең, бауырмал, дінге, елге, жерге және отанға жанашыр болады. Кемел жаратылысынан да, алған білімінен де Мұхаммедия Баймұхамедұлы ақырғы демі біткенше сол қалпынан ажырамағанына, өз биігінен төмендемегеніне көзіміз жетті.

– Мешіт ашылып, жамағаты жиып, рухани орталыққа қолы жеткенде әкем өзін бақытты сезініп жүрді. Қатарластары Әбілқасым, Иманәлі деген замандастары бастаған өз ортасы болды. Олардың өздері жария болмаса да намазын қаза етпегендер, ораза тұтып, айтта құрбан шалып, бір-бірлеріне мейман болып сыйласқан үзеңгілестері еді. Әкем басқалардан діни білім артық болса да алға шықпаған жан. Бірақ айналасындағы болып жатқан өзгерістерге шариғатқа сүйене, атеистерді де қарсы қоймай алтын ортасын тауып шешім шығаратын. Соның бір мысалы, алпысыншы жылдары Жезді Қарсақпайда үлкен айтыс болып, ет комбинатында сойылған малдың етін жеу керек пе, жоқ па деген сұрақ елді екіге бөлді. Әкей олардың бәрін басып, «Көбіңіз ауылда тұратындарыңыз бар, мал ұстайтындарыңыз бар, алайда қалада шахтерлер, жұмысшылардың қолында ұстайтын малы жоқ, ондаған мың адамдар, оларға адал бауыздалған етті кім әкеліп береді? Одан да біз сұрақты басқаша қоялық. Комбинатта ірі қара мен ұсақ малдардан басқа  ол жерде бөтен жануар сойылмасын деген талап қоялық» деген шешімге тоқтады.

Әрине, халық арасынан шыққан беделді адамдар үнемі өкіметтің назарында жүреді. Бір-біріне айдап салу арқылы да қысып, екінші жағынан діни қайраткерлерді жолынан айнытамыз деген оймен философия, тарих саласының мамандарын облыстық партия комитетінің лекторларын жіберіп, пікірталас жүргізетін. Олар бір, бір жарым сағаттай әңгімелескеннен кейін өз сөздерінен жаңылып, әкемізге тәнті болып кететін.

Әкем діндарлығы үшін көрсетілген қысымды күшейткісі келмеді ме, әлде ағынға қарсы жүзгісі келмеді ме, өмірінде дем салып, ішірткі жазып кісі емдеген емес. Тек бір рет баласы ауырған ананың сөзін қимай емдегені есімде бар. Кейіннен естіп жатырмын, әлде әзілдеп пе, не басқа ойы болды ма, әлдебіреулер ішімдіктен ауырған адамды әкеме жіберіпті. Әкем үндемей, қағазға арабша жазып, әлгінің тісіне бастырып жібереді ғой. Артынан сауаттылары оқып қараса, «неден ауырдың – содан жазыл» деген сөзді араб қарпімен жазған екен. Тағы бір қасиеті – жай қарап отырмайтын. Қолынан кітабы не газеті түспейтін.

Бірде дәліздің шамы жанып тұр, түн ортасында ұйқымнан оянсам, дәлізде әкем кітап оқып отыр екен. Екі көзінен парлап аққан жасты көріп, сұрасам: «Пайғамбарымызға қандай қиянат көрсеткен деп жүрегімен тебіреніп отыр. Бұл бірінші рет оқып отырған кітабы емес. Сонда мені таңғалдырғаны, қайта-қайта оқыса да пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген шексіз құрметі мен шынайы сүйіспеншілігінің көзінен жас болып ағып бетін жуып жатқаны еді. Әншейінде діні қатты ішкі сезімін сыртқа білдіре бермейтін жанның пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ауыр тағдырын оқығанда жүрегі қиналып, бар мейірімі көздің тамшысына айналуы үшін оны бар жан дүниесімен түсіне білуі үшін қаншалықты ілім мен сенім керек.

Қырық парызын қаза етпеген

– Әкемнің 82 жасында қайтыс боларына дейін маңдайы сәждеде болды. Осы күнгі молдалардан бала кезімізден таныс «қырық парыз» деген сөздің мағынасын сұрасам көбі хабарсыз. Ондай жоқ дейді. Құранда жазылмағанмен, халыққа негізгі ислам қағидаларын жеткізуге бағытталған, рухани кемелденуіне, ұлттық дәстүрімен ұштастырған бұл ережелердің артығы жоқ еді. Айтпағым, парыздың бесеуі исламда, жетеуі иманда, он екісі намазда тағы санамалап келіп, енді бірінде парыз өмір бойы оқып үйрену деп көрсеткен. Адамгершілік, ізгілік, жауапкершілік, адалдық бастауларына құранмен ұштастырып, қарапайым адамға түсінікті ережелер жинағы деуге де болады. Бұл дін үшін жаңалық емес, тарихтан белгілі Мартен Лютер христиан дінінде жалпыға түсінікті болу үшін өзінің тезистерін жазғаны белгілі. Біздің бабаларымыз да дініміздің қырық парызын халыққа жеткізуге талпынған. Менің айтпағым, 19-ғасырдағы білім беру жүйесі зерттелуі керек.

ХХ ғасырдың басындағы білім беру жүйесі, қандай пәндерді оқытылғанын, олардың дәрежесі мен деңгейі толық зерттеліп арнайы басылым етіп шығарылса, сонда ол ортаның алаш қозғалысына, халықтың дүниетанымына қосқан үлесі мен сол кездегі қоғамдағы маңызына баға берілер еді.

Қазақ жеріндегі медреселердің ішінде Шаяндағы Аппақ ишан мешіт-медресесі, Айқожа ишан мешіт-медресесі Сыр бойындағы Қалжан ахун медресесінің бағыты да, орны да ерекше. Мұнда дінтану, дүниетану, өзін тану біртұтас оқытылған. Түркіиман – шағатай тілінде Ясауи жолының әдебі оқытылуының сыры сонда. Математика, жағрапия, ботаника мен зоология, жұлдызнама дүниетануға біріктірілсе, діндердің тарихы – «тарауих аднан» оқытылып, шәкірттерді жоғары деңгейде даярлаған екен. Мұны теолог-ғалымдар растап отыр. Осы жүйені жоққа шығару үшін «қараңғы болды» деген тезисті енгізді ғой. Ол қарағылықты арба қарпінен латынға ауыстырып «жылдамдатты». Сол тезисті ақтап алу үшін үйінен бір бет арабша жазылған қағаз табылғандар қуғындалды. Отбасымызда төрт сандық кітапты Білеуті жақтағы бір жерге көмуге мәжбүр болады. Нағашы атам да білімді кісі болған, әкем екеуі отыз шақты аса құнды деп тапқан кітапты жасырып пайдаланып, білімнен қол үзбеген» дейді жақсының жалғасы.

Отбасымен бірге

Өлімде де ғибрат бар. Ерекше жаратылған жан бақилыққа аттанарында да асқан сабырлылық танытты. Өсиет айтып, айналасын жинамайды, жақындарының дегбірін алып, о дүниелік сапарды өзі үшін де, жақындары үшін де қияметке айналдырмады. Сол кезде Мәскеудің аспирантурасына жолдама алып келген Алихан баласының қуанышына көлеңке түсірмей, оның нашарлап жатқан әкесіне қарайлағанын қаламай:«мен үшін өмірдің қызығынан өз тірліктеріңнен қалмаңдар» деп, соңғы деміне дейін жақындарының тілегін тілеп жатыпты. «Алланың бұйрығы келген күні бәрі болады. Екі келтіріп әурелемеңдер» деп, алыстағы ағайындары хал сұрағанда «жағдайы жақсы» деп айтуды тапсырыпты. Осылайша жақының жанына қаяу түсірмей көне мектептің ақырғы шәкірті, ұмытылған құндылықтарымыздың соңғы шырақшысындай болған Мұхамедия (Баймұхамедұлы) Байменов ешкімге салмақ салмай, жаны қиналғанын да тірі жанға  сездірмей, Алланың дидарына аттанып кетеді.

Дайындаған Айгүл УАЙСОВА

Естеліктер: Алихан Бәйменовтің ФБ парақшасынан алынды.

Батырбек Айтжанов: Ескішеде, жаңаша да,орысшада,қазақшада өте жетік сөйлейтін , сауатты кісі болатын.Әзіл сөздерінің өзі өте астарлы,мағыналы келетін.Жаны жаннатта ,иманы саламат болсын.Алла алдынан жарылқап,рахымына алсын.

Какімжан Сарханов: Иә, Мұхамедия әкемізді көріп өстік, Мен Мухамедия әкемнің баласы Қазыханмен жиі араласып жүрдік, сонда бара қалғанымда Мұхаңның жанында Правда, Известия, Социалистік Қазақстан т.б. ресми газеттерді көріп жүрдім, демек оларды оқиды деген сөз, әлі есімде, сонда бір барғанымда , «Кәкімжан, Пентагон деген не» деп сұрақ қойып, мен білмегесін жауабын өзі айтып еді, бұл кісінің бір кереметі бүгінгідей, діни жолға ешкімді үгіттемейтін, тек өз болмысымен, ісімен,жүріс тұрысымен тартатындай, ынтазар ететіндей еді, үгіттер айтқанын мен естімеппін. Бірде дастарханға отыра бастағанда, бір кісіні қолыңды жуып кел деп ескерту жасағанын да көрдім,, тазалыққа қатты қарайтын кісі еді.Ертеректе, Қарсақбайда, бүгінгідей жеке ағымдар болмағанмен,, діни мәселелерде,үлкендер арасында. жік-жікке бөлініп, келіспеушіліктер, не болса соған дауласатындар және олардың «ұйымдастырушылары » де болды, яғни сол кезде шабармандар менің әкем Азметжанға келіп, «кімді қолдайсын» дегенде, әкем: «Мұхаң қай жақта болса, мен сол жақтамын» дегені есімде! Әрине, түсіне білсе ол кісінің бүгінгі діндарларға тастап кеткен қазынасы мол деп ойлаймын! Мұхамедия әкемнің иманы жолдас, жаны жаннатта болсын!

Мүталап Әбсаттаров:Әкеміздің көзін көрдім, бала кезімде “ассалаумағалейкүм” деп қолын алып “ғұмырлы бол балам” деген шапағатына бөлендім, Әбсаттар атамның сыйластықтары жарасқан өмірдегі рухани үндес досы болды, бала кезімде біздің үйде ауылдың үлкен қариялары жиі бас қосып шариғат айтып тарауық оқып таң атқанша әңгіме дүкен құратын, иманды болғыр әкеміздің діни шежіре аңыз ұлағатты әңгімелері бізге ертегідей болып естіліп қоңыр дауыс күмбір үні құлақтың құрышын қандыратын…, әкеміздің қолына талай рет шәйнекпен су құйып ақ батасын алып едім… Алла жарықтық әкеміздің рухы Жәннаттың төрінде жүруін нәсіп етсін!

Медет Естауов: Алла рахымына бөлеп, жаннаттық еткей! Біздің, Жезқазған өңірінде, дәстүрлі Ислам дінін насихаттауда өшпес із қалдырған ақсақалдарымыз, әкелеріміздің бірі, бірегейі десе қателік болмас. Әлі күнге дейін Мұхамедияр қожа әр тақырыптарда олай деген еді бұлай деген еді деп өңір ақсақалдары айтып отыратынын өзім жиі естимін. Қазіргідей сөз бостандығы, дін бостандығы емес, Атеиизм дәуірінде тайсалмаған Аңыз тұлғаларымыз ғой…

Камила Ағайдарова: Әкеміз мектебімізге , класымызға Ата – аналар жиналысына келеді . Менің Анаммен сөйлесіп , қауышып қалатын . Класымызға кіріп келгенде , бетінде НҰРЫ бар , көркем мінезді , білімді екенін бала жүрегіміз сезетін . Жаны Фердаус жаннатында болсын !!!

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button