
Айуанның сыртта аласы,
Адамзаттың ішінде,
Белгісіз дағы қарасы.
Бір-ақ қарыс жер дейді,
Өтірік-шынның арасы.
Пайым қылмай болмайды,
Жақсы менен жаманды.
Құлак салсаң, жақсылар,
Айтайын біраз хабарды.
Жолдас болсаң, жақсымен
Көңілің қарар табады.
Қоңсылас болсаң, жаманмен
Көнілді қара жабады.
Күміспен мысты қаптасаң
Сыртына зәңі шабады.
Шөп үстіне шоқ түссе,
Қыза-қыза жанады.
Зейініңмен пайымда,
Қарадан қанша ағарды?
Бұрынғы істі нақыл кып,
Пайымда сонғы адамды.
Көлеңкесі түспейді,
Паналасаң наданды.
Тебініп талар аяғың,
Сұлу деп мінсең шабанды.
Дастарқаның байланар,
Қасыңа алсаң сараңды.
Етексізге дес тисе –
Айырмас сауап-обалды.
Өсекке бейім боласың,
Жолдас кылсаң, шоғалды.
Әнгімеге қанбайсың –
Үлпетке алсаң доғалды.
Жақсы деп мақтап болмайды,
Әуелден заты жаманды.
Дән мазасын бермейді –
Қаптағанмен сабанды.
Қаріпке қылған қайырдың –
Көп болады сауабы.
Кісіге қылсаң қиянат –
Ансан болмас жауабы!
Комментарий
Майлы атамыздың бұл өлеңі – тұла бойы тұнып тұрған философия, әділетті, тақуылы өмірдің нұсқаулығы, әрбір шумағы – ғасырлар бойы екшелген халық даналығының маржан сөздері.
Бұл өлең – діни насихаттың нәдірі, яғни шынайы классикасы.
Ұлы бабамыз:
Қаріпке қылған қайырдың –
Көп болады сауабы.
Кісіге қылсаң қиянат –
Ансан болмас жауабы! – дейді.
…Ташкентте бабамыз «Қожа Ахрор Вали» атындағы мешіттің әрі қаланың бас имамы, марқұм Анвар қари Турсунов ораза айындағы уағыздарының бірінде былай деді: «Бір танысымыз ауызашар істеп жатырмын, қалусыз келіңіз, қаланың түзу, мәртебелі адамдары келеді – әкім, прокурор, милиция бастығы болады, міндетті түрде келіңіз деп өтініш айтты» – деді. «Сонда әкім, прокурор емес адамдар – түзу адамдар емес пе, бұл ай – жетім-жесір, кедей-кепшік, қалаға алыс аймақтардан келген қаріптерге қайрымдылық жасап, сол адамдарды да ауызашар дастарқанына шақырып, сауап алатын ай емес пе?» – деді.
Ташкентте балалары қаланы тіреп тұрған, өте бір дәулетті адам ауызашарына базарда арба тартатын, алыс аудандардан келіп, нәпақа табатын қаріптеге ауызашар береді екен.
Ия, бір әкімге жазылатын дастарқанның қаржысына он қарапайым адамға дәм беруге болады. Әрине, бұл – «әкімді қонаққа шақырма» деген сөз емес…
Дастарқан демекші Майлы атамыз:
«Дастарқаның байланар,
Қасына алсаң сараңды» – дейді.
Кейде адамның кедейленіп кетуіне үйіне қонақ келмеуі себеп болады-ау деп ойлаймын.
Ел «Хужжат-әл ислам» – Исламның дәлелі, дәйегі – деп атап кеткен имам Ғазали р.а.: «Келген қонақ – өзімен он несібе алып келеді, біреуін жеп немесе алып кетеді, ал қалған тоғызы – сол үйге қалады» деген екен. Ал қытайлар: «Жағдайың нашарлап, тұрмысың төмендеп кетсе – қарыз ал да, қонақ шақыр» дейді екен…
Құрметті бауырлар!
«МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» атты Жобама арасында пікір білдіріп, рулас, әулеттес, бауырластарыңыздың чаттарына салып отырыңыздар. Пендеміз ғой, Ұлы Бабамыздың ойларын жеткізе комментарилей алмай жатқан кездеріміз болады. Оған кешіріммен қарап, ұнамаған комментариді алып тастап, Баба даналығымен ниеттес, мақсаттас, мүдделес бауырларыңызбен бөлісе отырыңыздар. Бауырларымыздың барлығының үйінде Майлы атамыздың кітабы жоқ қой.
Мақсатым – осы Ұлы бабамыздың сөздері – мүмкіндігінше – көпшілікке жете берсе екен.
Құрметпен «МАЙЛЫҚОЖА – ӘУЛИЕ АҚЫН» атты Жобаның авторы – Үсен Асқаров





