Майлықожаның кіндік қаны тамған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Қожатоғай ауылының оңтүстік шығысындағы Қызылжар. Қызылжар – Сырдария өзенінің оң жағындағы биік жағалаудан мүйіс жасап, содан соң құрлыққа қарай иіліп барып, 7-8 шақырымнан соң дарияға қайта тірелген, қазіргі Қожатоғай ауылын қоршап жатқан жер бетінің қорған тәрізді рельефі. Майлықожа Сұлтанқожаұлының тірісіндегі тұрғынжайы Қызылжардың мүйісіне тақау, оның жоғарғы жиегіне орналасқан. «Майлықожа төбесі» деген төбе де – мүйістің үстіндегі төбелердің ең биігі. Майлықожа қаздырды деген арық осы мүйістегі дария ернеуінен басталып, Қызылжардың етегімен Қожатоғай ауылының солтүстік батысындағы Саяқ тоғайына жеткен.
Майлықожа ақынның шығармашылығын зерттеуші ғалым Әсілхан Оспанұлының ғылыми-зерттеу деректемелері бойынша 1984 жылы шілде айында сол кездегі Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстандағы кешенді археологиялық экспедициясымен бірлесе отырып, ақынның Қызылжардағы мекен-жай тұрағына белгілі әдебиетші, жазушы Әдіһам Шілтерхановтың демеушілігімен, археолог-ғалым К.М. Байпақовтың басшылығымен археологиялық-топографиялық, этнографиялық зерттеулер жүргізілді. Зерттеулерге қарағанда, тұрғын үй сыртқы қабырғасы-40 см, ішкі қабырғасы-20см қалыңдықта, өлшемі-32-30×20-18×8см келетін қам кесектен қаланып, қары, парауаздан тұратын төбесіне ши, қамыс, жем төселіп, бұғат шығарылып, балшықпен сыланатын қазақтың өте ерте заманнан келе жатқан бастырмалы қоржын үй үлгісінде тұрғызылған. Үйдің жалпы өлшемі-12,7х4,25м. Ал, жатақ бөлменің (жатақ үй) өлшемі- 5,9х4,25м, қонақ бөлменің (қонақ үй) өлшемі-6,8х4,25м. Тұрғын бөлменің кіреберіс бұрышына қам кесектен үш бұрышты текше қаланған. Қазба кезінде текшенің үстінен металл тасымалдықтың қалдығы табылды. Текше қасында ұра болған. Қонақ бөлменің оңтүстік жақ қабырғасын ала ені1,5м сыпа салыныпты. Архологиялық қазба кезінде сыпаның бастапқы қалпында сақталғандығы анықталды. Жалпы, үй қабырғаларының – 0,5 м биіктігі сақталған. Қазба кезінде шыны қалдықтарының табылуына қарағанда, тұрғынжай бөлмелері шынылы тереземен жарықтандырылған. Үйдің батыс жағынан жапсарлас қора-қопсы салынған.
Майлықожа қаздырған арық
«Сырдан қаздық арықты, Азықтан халық тарықты» деп Майлықожа жырлағандай бұл арықтың да орыны бар. Қазіргі күнде арықтың 4 шақырымы сақталған. Арық қазірге дейін пайдаланылып келгендіктен, оның бастапқы ауқымын білу мүмкін болмады. Дегенмен, арықтың сол жағындағы атыздар мен соқа аударған жердің сілеміне қарағанда, мұнда ХІХ ғасырда көлемді егістік пен бау-бақша болғаны байқалады. Майлықожа ақынның Қожатоғайдағы мекен-жайына жүргізілген археологиялық-топографиялық зерттеу нәтижелері біздің білімімізді қазақтардың ХІХ ғасырдағы егін шаруашылығы мен тұрғын үй құрылысы туралы қызықты да бағалы тың деректермен толықтырары сөзсіз.
Әдебиеттер: Отырар энциклопедия. – Алматы, 2005;Балтабай шығармалары. Жинап зерттеп құрастырып шығарған Жұмашев Абдулла. – Шымкент, 2010; Жұмашев А. Отырар алқабындағы қолөнер қолөнер. – Алматы, 2017;Айтаханов Қ, Жұмашев А. Отырар жәдігерлері. – Алматы, 2004.Шымкент, 2018; Жұмашев А. Отырар алқабының ақындары. – Шымкент, 2011, 2019.
дайындаған Сейітомар Саттарұлы