Ғалымның хаты

Оспан қожа әулие

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ профессоры  

Кезінде Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы, «Марал ишан» мешітінің хатиб-имамы болған абзал азамат, марқұм Ертай қажы Балахметовтың «Оспан қожа әулие» атты мақаласын зерттеушілер назардан тыс қалдырмағандары жөн.

«Бисмиллаһир рахманир рахим.

Ерен дарып ер болған, қыдыр дарып ел болған, шілтеннің шылауы шалған қазақ елінің айтулы бір перзенті, ғұлама ғалым, ересен керемет иесі әулие, жабыққанды жұбатқан, тарыққанға дем берген, шалдыққанға қол созған, еліне сүйеу, жұртына демеу, ғасырға жуық халқын киелі рухымен алқаған, текті атаның тегеруінді ұрпағы аруағы асқар, рухы шалқар – Оспанқожа атамыздың асыл нәмінің ұлтымыздың ұясы, халқымыздың бірегей қонысы тарихи қарт Торғайдағы мұсылмандар мешітіне берілгенінен мұсылман жұртшылығы хабардар болар.

Біз бүгін Торғай елінде осынау қуанышқа байланысты 2005 жылғы 17 шілдеде болып өткен салтанатты мәжілістен кейін Оспанқожа атамыз жайлы оқырманға бірер сөз арнауды жөн көрдік.

Бар саналы ғұмырын халқының тәнін де, рухын да саламаттандыруға бағыштап, Алланың хақ жолынан айнымай, дерттің дауасын, шипасын бір Алладан сұраңдар, дертті берген Тәңірім, шифасын да жаратқан, әулиеге тән кішілікпен өзін жай ғана себепкер деп ұғындырған Оспанқожа атамыз айтып кеткен зұлмат кезең жетпіс жылдан астам халқымыздың асқақ рухын күйретіп жеңімпаз жасампаздық тұлғасын жасытып, жақсылар мен жайсаңдарды, ұлт зиялыларын баудай түсіріп, жоқ қылып отырды. Сол жылдарда жоғарыда айтқанымыздай, Оспанқожаның асыл рухы халқын алқап, әулиеден медет тілеп басына барғандардың езілген еңсесі тіктеліп, дертінен айығып, бір сәтке болса да жан дүниесі нұрланып, құр атқа мінгендей сауығып, серпіліп қайтып жатты.

Сол үшін де елі, халқы оны еш уақыт жадынан шығармай, оның есімі аңыз болып, ұрпақтар жүрегінде сақталды. Асыл рухының алқағаны емей немене зұлмат дәуірді тірісінде болжап кетсе, сол қандықол кеңес заманының 70 жыл бойы мызғымастан өктемдік құратынын өзінің сүйікті перзенті Хамзаға аян арқылы білдірді. Бұл жөнінде қадірменді қарт Жұмабай ақсақал былайша тебіренеді:

– «Бұл неткен ғажап, әлі күнге дейін қайран қаламын. Қонайдағы қариялар кей кездері өзара бас қоса қалса, өткен-кеткенді еске алысып, қауқылдасып қалатын. Оның ішінде өзімнің әкем мархұм да бар. Бір жолы әңгіме Абыз, Оспанқожа турасында өрбіп, Бәкей ағамыздың әкесі Сауда марқұм тосын әңгіменің шетін шығарды. Асылдың сынығы Оспанқожаның болашағынан көп үміт күттірген перзенті Хамза ағасы Әмірханмен жазықсыз жалаға ұшырап ұсталғанда мен де істі болып солармен бірге кете бардым. Біз барғанда семейлік біраз ақсақалдар да сол өңірлердің дәмін татып жүр екен.

Күндіз-түні істейтініміз бейнет. Қайтсек қарақан басымызды аман сақтап, елге жетер ме екенбіз деген үмітпен күн өткізіп жаттық. Хамза болса сол кездің өзінде бес уақыт намазын үзбейді, қашан көрсең де жайнамаз үстінде отырғаны. Қариялар таң болып, бұл өзі өрімдей жап-жас жігіт, неғылған жан, деп бір күні менен сыр тартты. Мен оның әулие Оспанқожаның баласы екенін, әкесінің елді тәнті еткен қадыр–қасиетін айтып бердім. Әңгімемді үнсіз тыңдаған олар маған өтініш айтысты. Әулиенің баласы болса өзі де құралақан емес шығар, бізге елге баратын күн болар ма екен, соны сұрап білсеңші, деді. Мен олардың сәлемін Хамзаға жеткізгенімде ол өзіне тән сабырлылықпен: «Қасиет атамда еді ғой, құлшылық қылсам өзім үшін ғой», – деп жауап берді. Арада бірнеше күн өткенде Хамза: Аға, мен бүгін таң алдында түс көрдім. Түсімде атамды көрдім.

Атамның екі көзі қып-қызыл, қолындағы аса таяғы жеті бунақ, бұл үкімет жетпіс жылға дейін мызғымайды, тағдырдың жазуын көріп алсын, деді де құбыланы бетке алып жүріп кетті, осы көргенімді ақсақалдарға айтарсың, –деді. Хамзаның түсін, Қожекеңнің аянын шалдарға жеткізгенімде: «Е, біздерге елді көру жоқ екен ғой» – деп бәрі шуылдасып, жылап қоя берді. Ақыры бәрі де жат жерде қала берді, – деп әңгімесін аяқтаған. Сөйтіп кеңес үкіметі өздігінен іргесі шайқалып, шаңырағы ортасына түскенде, Оспанқожа атамның әулиелігіне еріксіз тәнті болып, айран-асыр қалғаным бар».

Аһли-сүнна уәл-жамағат ақидасы әулиені, әулиеге тән кереметті жоққа шығармайды. Ислам дінінің Иһтиқод-сенімі бойынша Пайғамбарлар мұғжизасымен ерекшеленсе, керемет – тек әулиелерге тән. Керемет – таза ниет, ыстық ықылас, тағат-ибадатпен келетін Иләһи қасиет. Алланың әмірімен беріледі. Түркі халықтарының ұлы ойшылы А.Науаий «Насоймуд мухаббат» атты еңбегінде: «Әулиелерде пайда болатын табиғаттан тыс әдеттер мен кереметтер баяны мен әулиелердің мәртебелері көп болғанындай бұлар да көп.

Солардың біразын санап өтейін: бар болып тұрып, жоқ болып кету, жоқ жерде пайда болу, жасырын өмірдің дыбысы, көрініп тұрған өмірдің жасырынып қалуы, дұға-тілектің қабыл болуы, аз уақыт ішінде ұзақ жерге жетіп бару, сезім жүйелері (есту, көру) сезбейтін істердің хабарын білу, өсімдік, тау-тас, хайуандардың тілін білу, олардың Аллаға айтқан тәспихтарын білу, ас-суға қажеттілік болғанда ғайыптан болдыру, су үстінде жүру мен ауада ұшып жүру, адамдардың жеуіне жарамсыз өсімдіктермен қоректену, хайуандармен достасу, денеде шамадан тыс қуат пайда болып, дарақты тамырымен жұлып алу, қабырғаны бармақ ишаратымен тесу, дұшпанның басын саусақ қимылымен ұшырып түсіру. Адамдар тілейтін істерді орындау, мәселен, жаңбыр жауғызу, жел тұрғызу, сел жүргізу, болмаса селді тоқтату, шегіртке апатынан сақтау, әр түрлі бейнеде көріну. Шөл далада, елсізде әуре-сарсаң болғандарға жолбасшы болу және жәрдем беру», деп жазады.

Әулие, уәли дегендер нақтылы өмірде болған, Алланың басқа жұрттан артық берген мәртебесі арқылы халыққа өз уақытында тұрақ, тұтқа болған, ел бастаған көсем, ілім таратқан ғалым, елін жаудан қорғаған батыр болуы мүмкін.

Бұлардың бәрі халық үшін тер төгіп, еңбек етеді. Отан үшін қанын төгіп, жанын қиған жандар болғандықтан ұрпақ күйзеліске ұшырағанда, көзі қарайған жанның жәрдем сұрап баруы заңды құбылыс. Барлық іс – әрекет тұрмақ, көңілден өткен ойды да білуші ұлы Алла өзі дәреже берген сол ұлық заттың құрметі үшін тілегін береді. Әулиелік мақам Алла құдіретімен келетін керемет болғандықтан әулиені кемсіту, жоққа шығару өте қатерлі. Біз сөз етіп отырған Оспанқожа атамыз да әулиелік кереметтің шыңына шыққан, бойында Алла берген қуатын, ілім-білігін халқының рухын сауықтыруға бағыштап, мешіт ашып, медіресе ұстап, дін –мүбиннің, өркендеп қанат жаюына арнаған адам.

Сол еңбегі үшін де халқы оның әулиелік есімін, даңқын құрмет тұтады. Оспанқожа атамыздың Әмірхан, Хамза есімді балалары жазықсыз жазаланып, сол жолдан оралмады. Мұхаммедуәли атамыз өмірдің талай қиын-қыстау соқпағынан өтсе де мойымай, ата жолын ұстанып, 78 жасында дүниеден өтті.

Бабалы шаңырақта дүниеге келіп, Оспанқожадай әз атаның мейріміне бөленген, Сарықожам деп еміренген сәби Ғазиз бұл күндері Ғазиз қажы атанып ақсақалдық дәрежеге жетіп, жұртты аузына қаратқан ата-бабаларының батагөй, абыздық жолын ұстанған ел құрметіне бөленген абзал жан. Мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жіберген өнегелі ұрпақтың ұйтқысы һәм ақылшысы. Талай жылдар ағарту саласында қажымай-талмай еңбек етіп, талай ұрпақ өкілін білім нәрінен сусындатып, қанаттандырып ұшырды, бұл күні олардың арасынан мемлекет кайраткерін де, жазушы мен ғалымды да, елжанды, ұлтжанды азаматтарды да, қарапайым еңбеккерлерді де кездестіруге болады. Қанды қол Кеңес заманында талай теперішті басынан өткерсе де Аллаға деген сенімі, бабалар рухына деген адалдығы оның қайсар рухын мұқалтпады, қайта шынығып, қайраттануына кең жол ашты. Азаттықтың арайлап атқан ақ таңы Оспанқожа ұрпақтарына әсіресе, Ғазиз қажыға бұла күш, тың қуат үстемелегендей болды. Мұның арты қалай болар екен деп жұртшылық тайсақтап, әліптің артын бағып, тосырқап тұрған сәтінде перзенті Шоқанды қолынан жетектеп әкеліп, дін жолына бағыттады. Әке сенімі алданбады. Шоқан алған діни білімін ел кәдесіне жаратып, Торғайдағы мешітке имамдық қызметке кірісті. Алдынан шәкірттер тәлім алды. Ғазиз қажының тағылымын, Шоқанның дәрісін тыңдаған жауқазын жастар бүгінгі күннің салихалы азаматтары республикамыздың түкпір-түкпірінде дін ісін алға бастырамыз деп кешенді еңбек етуде. Ғазекең Торғай өңірінен бірінші болып қажылыққа аттанып, республикамыздың тұңғыш президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолынан құжат алып, Елбасының батасымен Мәкка-Мадинаға барып қайтты.

Қасиетті сапардан кейінгі он жылдан астам уақыт ішінде әрқайсысы нар түйенің белін қайыстырар дін, жастар, ұрпақ тәрбиесі, ел мүддесі жолында қаншама жұмыстар тындырды. Сексеннің сеңгіріне қадам басса да ойы сергек, ақылы зерек, ширақ та қуатты. Өткен жылы Ғазекеңнің тікелей басшылығымен көп жылдардан бері жөндеу көрмей, қиюы қашып жүдеп тұрған мешітіміз күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай болып жаңаша тұрпатқа ие болды.

Үкілеп бәйгеге қосқан тұлпары Шоқанды Алматы қаласындағы екі ел Президентінің нәмін иеленген «Нұр-Мүбарак» Ислам Египет мәдениеті Университетіне оқуға түсіріп, міне, биыл Шоқан бауырымыз осы жоғары діни оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, арамызға келіп отыр. Бұл да болса Ғазекеңнің көрегендігі, қайсыбір қазымыр шалдардай осы оқуың да жетеді, қолымда бол, ешқайда бармайсың деп, адымын аштырмаса, Шоқан одан кете алар ма, жоқ па, әрине шідер үзіп кете алмасы анық. Биылғы жылы Алла сәтін салып оқу бітіру қарсаңында Шоқан бауырымыз әр мұсылманның арманы болған қасиетті Мәккә -Мәдинаға аттанып, қажылық зияратын өтеп қайтты.

Осынау қуаныштар ұзағынан болып, Ғазекең шаңырығында той тойға ұласып, көп жамағаттың бүгінгі тілек дұғалары қабыл болып, Шоқан қажы оқуының жемісін көріп, ата-бабалары әуелеткен имандылық, парасаттылық, кісілік туын одан әрі асқақтатып, Дін-Исламға қалтықсыз қызмет етуіне тілектеспіз.

Бүгінгі күн біздер құттыхана мешітімізге Оспанқожа әулиенің есімі беріліп, даңқты атамыздың аруағы алдында перзенттік, ұрпақтық борышымызды өтеп, бір жеңілденіп қалғандаймыз.

Торғай мұсылмандарының ыстық ықыласын қабыл алған Бас Мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлі 2005 жылғы 18 сәуірде осынау мешітке әулие Оспанқожаның есімі берілуі жайлы шешімге қол қойды. Бас Мүфтиіміздің шешім алуына қолдау көрсетіп, қуаттаған аудан әкімі Батырбек Ахметовке, барша жанашыр азаматтарға, ата аруағын қастерлеген торғайлық мұсылмандарға, текті атаның жақсы ұрпағы Ғазиз қажыға Алланың ризалығы болып, ата рухы біздерден шат болғай. Аруағы асқар, рухы шалқар Оспанқожа әулие есімін иеленген құттыхана мешітіміздің ажары кемелденіп, айбыны асқақтап, киесі арта бергей, келуші жамағаттарымыз көп болғай!

Аллаһтағала Елбасымызға амандық, халқымызға тыныштық, ел қамындағы азаматтарға зор денсаулық беріп, еліміз марқайып, дініміз көркейе бергей, баршаңыздың тілектеріңіз қабыл, мұраттарыңыз хасыл болғай, Әмин!».

(«Ғазиз қажы». Қостанай – 2007 жыл, 29-41бб.).

Соңғысөз

Бұдан 16 жыл бұрын жарық көрген аталмыш мақаладағы деректер Хамитбек Мұсабай қажы мен Шоқан қажы Әмірханов құрастырған «Ғазиз қажы» кітабынан алынды.

Осы ретте қазақ даласында рухани ілім-білімнің таралу тарихын зерттеушілер мына мәселелерге назар аударулары қажет, деген пікірдемін.

– Торғай өңіріндегі ағарту тарихын зерделеу әзірге баяндау сипатында.

Келесі саты – деректеуге көшу үшін облыстағы жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінің оқытушы-профессорлар құрамының көмегі қажет;

– Бірқатар торғайлық өлкетанушылар өңірге Хаши Хатаның сапарын және Азына Абыздың келуін 1730-1740 жылдарға телиді. Бұл кезеңде қазақтар жоңғар шапқыншылығын тойтарған болатын;

– Ғылыми-зерттеу жұмыстарының Түркістан, Бұхара мен Ташкент,

Орынбор қалаларының архивтерін, сондай-ақ шетелдік қорларды қамтығаны абзал. Мәселен, Азына Абыздың Торғайға келіп, орнығуына бірден-бір себепкер болған Шақшақ Жәнібекке қатысты деректердің көбі Орынбор архивінен алынған. Ал, Бұхара мен Ташкент әзірге назардан тыс қалып тұр.

АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН  «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button